Мұхтар Мағауин. Бір ағашта екі алма...

ӘДЕБИЕТ
2838

1947 жылы, қоңыр күзде шалғай, алыс жайлау – Қара-Үңгір, Жорғадан аудан орталығы Баршатасқа көшіп келдік. Мен жеті жасқа толғам, оқуға баруым керек екен. Аға, яғни әкем – орта мектепте мұғалім, сабақ басталып кетсе де партаға отыруым қажет. Жазғам, мұның өзі бір хикая.

Сонымен, маған үлкен қала болып көрінген әйдік қыстақта өзгеше бір өмір басталған. Аудандық әрқилы мекеме кеңселері, сығылыса орналасқан тұрғын үйлер, арлы-берлі сапырылысқан, абыр-дұбыр жұрт. Анығы – бұл Баршатас ол кезде тұтас бір ауданның әкімшілік және өз дәрежесіндегі мәдени ұйытқысы. Соның әуелгі бір айғағы – радио болды. Самбырлап тұрған кәдімгі радио. Қоныстанған соң, екі-үш күн өтпей, бізбен бірге тұратын Кенже ағам тауып әкелген. Қақ ортасында жұдырықтай бітеу тетігі бар, қатырма, қоңыр қағазды табақша. Ауызғы үйдің жоғарғы қабырғасына ілінді.

Сұраусыз, тынымсыз сөйлей бастады. Кейінгі замандағы төртбұрыш текше сияқты, қырылдамайды, қақалмайды, бар әуезі анық, тап-таза. Таң бозынан түн ортасына дейін тынымсыз. Бастан-аяқ қазақша. Арғы-бергіден әрқилы хабар, күнделікті ақпар. Кейде тым мыжыңдап кететіні бар. Қайткенде қызық. Ең қызығы – ән мен күй. Атам мен әжем таңғы шайдан бастап, кешкі асқа дейін, тіпті, жатар жатқанша тыңдайды. Сонау Алматыдан келіп тұр, сым арқылы, неткен ғажап деседі. Бірде атамның қайран қалғаны бар. «Мынау ән біздің бала кезімізде айтылатын еді. Ұмытылмапты, – деді. – Бірақ сөзі бұзылған екен: «Бір ағашта бес алма...» Бесеу емес, «екі алма» болатын...»

Көп ұзамай, бәлкім қыс ортасы, жазға салым тағы шыққанда, қайтара, мұқият тыңдадым: «Бір ағашта бес алма, – Мен де алмайын, сен де алма...» Мен үшін атамның сөзі заң есепті, «екі алма» дұрысырақ көрінді. Кейінде ойлана талдасам керек. «Бір ағашта екі алма» – жұптасқан ұғым. Бесеу емес. Айтушы, әлде нұсқаушы «екі алманы» азырқанған, онда, бес емес, жүз алма болуға керек еді ғой. Жоқ. Айна қатесіз «екі алма». Қыз бен жігіттің жарасты, ортақ көңілі. Екеуіміз. Қашанда бірге болайық, айрылмайық, дегені. «Бір ағашта екі алма, – Мен де алмайын сен де алма...» Осы жұптық тұрғыдағы «Жан қалтамда екі өрік» те бар ғой. «...Сәулем, саған мен серік...» дейді. Күні бүгінде солай айтылып жүр. Сондай-ақ, «Екі жирен». Иә. «...Жалын түйген, – Жалғанда жақынымсың жаным сүйген...» Екі жирен, екі өрік. Және екі алма. Қатесіз, нақты. Атам айтса да, мен ойласам да, тақау жылдарда, бір, екі, бес-он, емес, алпыс, жетпіс бес жылда өзгермепті. «Екі алма» емес. Күні бүгінде сол қалпында. «Бір ағашта бес алма...» Мүмкін, кейінгі бір заманда сөз білетін жаңа бір әнші түзетіп айтар.

Ойластыра қарасаңыз, осындай, аяқ астынан бұзылған ән мәтіндері бірталай екен. Мысал жетіп артылады. Соның бірі – Балуан Шолақтың «Ғалиясы». Біз естіген әу бастан емес, кейінгі жылдар жетістігі. Әйгілі әннің алғашқы бір қайырымы былайша айтылып жүр:

  «Бір күн ауру, бір күн сау,

 Жазылдың ба, ау, дертіңнен...»

Яғни, Балуанның ғашығы Ғалия – сырқатты, дімкәс әйел екен. «Дерт» рас, ғашықтық дерті, бірақ бұл кесел әзірше жігітіміздің ғана басына түскен. Ал дені-қары сау Ғалия сұлудың еркелігі басым, қызықтырады, назданады, иіле бере, кері серпеді, қайткенде тым жақын жібермейді. «Менің көңілім, Ғалия-ау, дауаласын-ай, – Ауған түйе секілді бейімделсең...» – дейді ғой ынтызар жігітіміз. Сондықтан, сұлудың дімкәс ахуалы, тіпті ғашықтық дерті туралы сөз болуы мүмкін емес. Аталмыс үзіктің нақты таңбасы:

 «Ойпыр-ай, Ғалия-ай, бетіңнен,

 Әппақ қардай етіңнен,

 Бір күн ауру, бір күн сау,

 Жазылмадым-ау дертіңнен...»

Шын дертті, яғни ғашық жігітіміз Балуан Шолақ, ақыры бар мұратына жетеді, әуелден-ақ оң ыңғай танытқан, десе де әйгілі азаматтың шын пейіліне күмәнданған Ғалия сұлу да өзінің шын сүйгенімен қалтқысыз табысады. Ақиқат негізі жалпыға белгілі әннің шығу тарихы осындай екен.

Тере түгендесек, әлгіндей қисынсыз бұрмалау аяқ басқан сайын ұшырасып жатады. Көбіне бүгінгі әншінің шалағай сауаты мен түйте ұғымының нәтижесі. Біз барлы-жоқтыны тауыса айтып, қатарынан оңдай алмаспыз, әйткенмен, дәп қазір ойға ілінген кейбірін ескерте кетейік. Рухани мәдениетке қатысты лепестің елеусізі жоқ. Қашанда үлкен олқылық атаулы кішкентай кінәраттан бастау алмақ.

Бүгінде кеңінен таралған, бірақ болмашыдан бұзылған әндердің бірі – «Аулың сенің іргелі».

 «Аулың сенің іргелі,

 Шәй көйлегің бүрмелі,

 Айтарыңды айтсаңшы,

 Отырмын ғой жүргелі...»

Іңкәр жігіттің қалаулысына қиылып тұрған сәті. Алыс, әлде жақын, бірақ қыз ауылынан сыртқары өз жұртына аттанар алдында үзіліп шыққан көңіл ауаны. Қандай сөз күтіп еді? Махаббат лебізін. Мен де сені ұнатам деген емеурін. Бәлкім, бар пейілім өзіңде, сүйемін дейтіндей, жарқын лепес. Қайткенде, оң қабақ, ыстық ықылас. Ал қазіргі әнші, немесе ансамбль орындауында мүлде басқаша. Елбіремейді, үздікпейді, төбеден ұрғандай тарс еткізеді:

 «Айтарыңды айтып қал!..»

Баяғы қиыншылық жылдары, біздің бала кезімізде, тар дүниеде әлденеден түңілген колхозшы қатындар ұрсысып жатар еді; қыза келе: «Айтарыңды айтып қал!» – дейтін, әбден ашынып. Біздің сырбаз жігітіміз өзінің құштар қызымен қимай қосштасқан жоқ, енді көрместей ұрсысып, біржола араздасып кетіп барады:

 «Айтарыңды айтып қал,

 Отырмын ғой жүргелі.»

Жігіттің ғана емес, қыздың да ақырғы, қайрылмас сөздері сияқты.

Айттық, мұндай кінәраттан басым көпшілігі – әншінің, нұсқаушының сөз танымас тасырлығының нәтижесі. Әйтсе де, ең қиыны ол емес екен. Опырылған олқылық, қисынсыз бұрмалау – көбіне көп қазақ өмірінің барлық саласына теріс ықпал етіп отырған советтік саясаттан бастау алады. Тыпыр етпейсің, бар сөзің, бар ісің бақылауда, жансыз көлеңкеңе дейін күмәнді тексеріс үстінде. Жекелеген әнші мен әкімдер түзетуі өз алдына, аяқ асты, жоқ жерден саясат араласады.

Мәселен, әйгілі «Құдаша» әні. Бастауы бар жағынан бейбіт.

 «Келші, келші, бермен келші, құдаша,

 Айтқан сөзім көңіліңе ұнаса,

 «Қойшы әрмен» деп айта ма деп зәрем жоқ,

 Не де болса, кезі келді оңаша...»

Құда бала – жас жігіт құдаша қыздың өзіне теріс қарамайтынын сезеді, әйтсе де, дәп осы, оңаша, қолайлы сәтте толық ашылмай, «қойшы әрмен» деп жасқай ма деген қауібі бар. Шындығында бұл «қойшы әрмен» – күмәнді наз, теріс емес, оңды жауап, еркелікке, келісімге тақау сөз. «Қойшы әрмен деп айта ма деп зәрем жоқ...» Жігітіміз осының өзіне тоқтамақ емес. Алайда, кейінгі түзеуден соң, біржола үміт үзуге тиіс. Міне, қараңыз: 

 «Кет әрмен! – деп айта ма деп зәрем жоқ...» 

Құдашамыз құда баланы ұнатпағаны өз алдына, долаң, дөкір, тәрбиесіз қыз болып шықты. Бір-ақ сөз, әйтсе де негізгі мағынасы кереғар. Бұл – мана айтқанымыздай, бар зардаптың ең жеңілі.

Ән мәтіні бұдан әрі былай жалғасатын:

 «Дедімдағы қысып қалдым көзімді,

 Жерге тастап кете ме деп сөзімді, 

 Елбіреген жас жүрегім лүпілдеп,

 Сабыр етіп тоқтатамын өзімді...»

Бәрі жөн. Бозбала құдаша қыздың райын аңдап, біршама еркінсіді. Бұдан соң екеу-ара наз қалай жалғасты? Жалғаспады, шорт үзілді. Әніміз де, көңіл толқыны да осымен бітті. Аяқталмаған, дүбара жағдай. Бүгінгі мәтін бойынша. Анығы – ең соңғы шумақ – сәтті шешім тәрік етілді. Әуелде, тәрізі 50-жылдарда қатардан шықты, советтік саясатқа қайшы келеді деген тұрпайы долбармен. Бүгінде мүлде ұмытылған. 1948, әлде 49-жылғы, сырты қызыл-ала өрнек, шағын кесімді әндер жинағында совет заманынан елу, әлде жүз жыл бұрын айтылып жүрген «Құдашаның» бұрмаланбаған, толық мәтіні бар еді. Бастапқы тармағынан жаңылмасақ, ең соңғы шумақ мынау:

 «Келші, сәулем, кермаралдай керілген,

 Екі аяғың бір басуға ерінген,

 Алдымызда әлдеқандай заман бар,

 Келші, қысып құшақтайын беліңнен!...»

Құда бала мен құдаша толық түсініс тапты. Бүгінгі күн қызық. Алда әрқайсын қандай тағдыр күтіп тұр. Қандай заман. Әлде жау шабады. Әлде жұт болады. Тіпті, бейбіт жағдайдың өзінде тілектері қосылмай, айрылысуы мүмкін. Қайткенде «әлдеқандай заман» – бүгінгі коммунистік, советтік идеологиямен қабыспайды екен. Қабыспайды емес, мүлде қайшы. Қайшы ғана емес, жау, жат сарын! «Алдымызда әлдеқандай заман бар...» – дейді ғой. Анығы – алдымызда әлдеқандай заман емес, адамзаттың нұрлы болашағы коммунизм тұр емес пе?! Әрине, әншінің аузына тосқауыл қойылады. Үйреншікті, табиғи мәтін қысқартылады. Сөйтіп, бар лепесі тиянақталмаған, бастауының өзі бұрмаланған «Құдаша» бүгінгі күнге жетті. Бүгіннен соң да осы жарымжан қалпында айтыла бермек.

Енді, елеусіз көрінсе де, тұтас бір әнді бүлдірген, нақтылап айтсақ, мәтін шоқаң етіп, әуен жұтыла салатын, таң қаларлық кінәрат – «Беу, қыздар-ай» әніне қатысты. Екі-үш мәрте қайталанатын қайырмада. Соңғы жетпіс жылда айтылып, қалыптасқан сұрқы:

 «Ей, қыздар-ай, 

 Қатарымсың, теңімсің,

 Арғы жағын айтпаймын,

 Ішің білсін алуай...»

Біздің бала кезімізден, көбіне алтыбақанда айтылатын, ақсақ, тоқсақ емес, түпкі нұсқасы:

 «Беу, қыздар-ай,

 Қатарымсың, теңімсің,

 Кербезімсің, керімсің,

 Арғы жағын айтпаймын,

 Ішің білсін, әлу-ай...»

Бір заман, тәрізі 50-жылдар ішінде, әлдебір жетекші жасаған түзету. «Керім» сөзі ұнамаған. Бұл сөз қазақтың әлдебір түкпірінде онша тәуір естілмесе керек. Шын мәнісінде, әдеби тіл ғана емес, жалпы жұрт ұғымында өзгеше көркем сыпат: әдемі, әсем мағнасында. Тіпті, Абайдың өзінде. Енді «керіммен» қоса, бүткіл мәтін ғана емес, тұтас әннің мән-мағнасы жоққа сайды. Және сол беті айтыла келе, біржола қалыптасып кетті. Бұрнағы бір жинақтардан ұшырасар, ұшыраспас, біздің түзетуіміз, шын мәнісінде қалпына келтірген ескертпемізге тоқтауға тура келеді:

 «Қатарымсың, теңімсің,

 Кербезімсің, керімсің...»

Айтпақшы, бүгінгі нұсқадағы «алуай», бәлкім, «Алуа-ай» деген не пәле? Айттық, көрсеттік, кәдімгі «әлу-ай». «Алуайға» айналуының ешқандай сиқыры жоқ. Ол заманда жаңадан ұйыстырылған «Қазақ ән капелласы» құрамындағы қырық-елу, бәлкім, алпыс әнші қыз-қатын түгелге жуық орыс тілділер, анығы – ұлы халық бастаған көлденең жұрт өкілдері болатын. Мен 1957, әлде 58-жылы алғаш рет тікелей тыңдағанда, біздің ауылдағы Дәрмырза ұстаның Майсекен дейтін қызы және қазақ түсті тағы екі-үш әйел заты ғана бар еді. Филармониядағы капелла концертіне осы Майсекен әпкемізді көру үшін барсам керек. Ұмытылмас сабақ. Түгел орыс. Қазақшаға титтей икемі жоқ. Ал міндетті программада бастан-аяқ қазақша әндер. Жинақтап келгенде, концерт не қазақ, не орыс, тіпті, шүршіт емес, белгісіз әлемдегі жабайы бір халықтың балдыр-батпақ тілінде өтетін. Тек «алуай» ғана емес. Қазақтың бар әуезі. Кезінде ұлттық баспасөзде айтылып, сыналып жататын. Мәселен, жаңадан шыға бастаған «Қазақ әдебиеті» газетінде «Алуай мен саулемай» дейтін реплика да болып еді. Одан ештеңе өзгерген жоқ. Бүткіл капелланы таратып, қайтадан құрмайсың ғой. Кейінгісін білмеймін, қайткенде «Алуай» біржола тұрақтады. Тіпті, жекелеген қазақ әншілері айтқанда да «Алуай». Осымен коммунизмнен өтіп, тәуелсіз бүгінгі күнге жетіппіз.

Байқап тұрсақ, ең асыл сөз, ең жақсы ән мәтіндері міндетті түрде бұзылады екен. Мұның айқын бір мысалы – Естайдың атақты «Қорланы».

 «Бір қыз бар Маралдыда Қорланғайын...»

Мұндай есім қазақта жоқ. Қорланғайын емес, Қорлығайын. Ықшамдап, еркелетіп айтқанда – Қорлан, немесе бүгінгі дыбысталуында Хорлан. Ән мәтінінің келесі тармағы:

 «Табиғат берген екен күн мен айын...»

Қайдағы табиғат? Бұл – ана тілімізде кейінде орныққан кітәби сөз. Анығында және біздің бұрнада естуімізше және талай рет таңбаға түскен – Тәңірім... Сонымен:

 «Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,

 Тәңірім берген екен күн мен айын...»

Бұл Тәңірі, Құдай, кейінде кіріккен Алла – советтік идеологиямен жанаспайтын ұғым. Сондықтан бадырайтып айтылмауы керек. Сөйтіп, осындай ән сөздерінде ғана емес, ескілікті ақындық мұра атаулыда жаппай түзетіле бастады. Біз білгенде, сырттай аңдағанда, «Жазушы» нәшіриятын 1970-1984 – тұтас он бес жыл бойы тұншықтырып ұстаған құбыжық монстр Есет Әукебаев қатаң талап қойып, «оңдап» отырған; әлдеқалай өтіп кеткен жағдайда кітаптың күнәкар беттерін қайта жұлғызып, кінәлі редакторға қатаң сөгіс арқалатып, ақшалай айып салып, Жаратқан есімін барлық жерде «Табиғатқа» өзгертті. Жекелеген ескілікті мұра атаулыда ғана емес, өткен заманның әйгілі ақындарының өлең-жырларына дейін. (Және бұл жағдаят – ежелгі нұсқаларды ғана емес, заманауи әдебиетті де идеялық тұрғыда тазартудың бір ғана тармағы болатын.) Енді сол бұзылған, қисынсыз қапында қайыра басылып жатса таң емес.

Сонымен, Қорлан сұлу – әлдебір, дерексіз «табиғаттың» емес, Тәңірінің өзінің ықыласымен жаралған жан екен. Ақынның асқақ сөзін қабыл көрмедік, Тәңіріні тәрік қылдық. Саяси тұрғыдағы түзету деп қоялық. Алайда, бар қызық мұнымен шектелмепті. Естай ақын Хорлан сұлуға қосыла алмады ғой. Осы орайда, бастапқы шумақтың соңғы тармақтары:

 «Мұратқа іздеген жан бәрі-ау жетпес,

 Дариға-ай, арманым көп не қылайын...»

Әдепкі, адами өкініш. Бірақ бұл да саяси қате болып шықты. Өткен, кеткен заманда айтылғаны есеп емес. Бұрын шықса да күні бүгінде самбырлап тұр ғой. Совет адамы, жалпы, прогресшіл жұртшылық атаулы өршіл, ақырына дейін арпалысып өледі. Іздеген жанның арманына жетпеуі мүмкін емес. Ендеше:

 «Мұратқа іздеген жан бәрі-ау жеткен...»

Дәп солай өзгертілді. Мұнымен жетіліп кеткен ештеңе жоқ. Іздеген жанның бәрі мұратына жетіп жатса... әлгі Естай деген заржақ сүйген ғашығына неге қосылмаған? Яғни, ізденбеген, талап қылмаған. Сондықтан әлі күнге:

 «Мұратқа іздеген жан бәрі-ау жеткен...»

Тек жігерсіз, талапсыз Естай әнші ғана мақсатына жете алмай, далада қалыпты. Қазір дәп солай айтылып жүр және тақаудағы отыз, қырық, елу жылда айтыла бермек.

Кейде оңдаймыз деп біржола бүлдіретіні тағы бар. Мәселен, әйгілі «Мәриям Жәгөр қызы»:

 «Дудар-ай ақбоз атты жемдедің бе,

 Жеріңе уағда айтқан келмедің бе,

 Жеріңе уағда айтқан келмей қалып

 Елдегі жүзіқара мен дедің бе?..»

Яғни, қазақ жігітіне ғашық болған және алдымен көңіл білдірген орыс қызының ұятты күмәні. Мені жеңілтек деп ойлап қалдың ба деген кінәмшіл наз. Алайда, шынайы сөз кейінгі сарапшыларға ұнамапты. Орыс қызы туралы, сырттай болса да, жаманат айтылмауға тиіс. Сондықтан да:

 «...Жеріңе уағда айтқан келмей қалып,

 Мәриям заты орыс деп сенбедің бе?..»

Сорақының көкесі енді шықты. Неге біздің жігіт өзіне ынтызар қызға «заты орыс деп» сенбеуі керек? Нағыз идеялық және мейлінше сұмдық қателік осы емес пе! Жоқ, қыздың оғаш мінезі, «заты орыс» болғандықтан тіпті сенімсіз шығып отыр. Бірақ дәл осылай өтіп кетті. Ешбір бөгетсіз, зырлап. Және өткен елу-алпыс жыл бойы, бәлкім, қазір де солай айтылып келеді.

Енді осы әндегі, саяси, әлеуметтік емес, таза сауатсыздықтан шыққан және бір кілтипан.

 «Дудар-ай, келер болсаң, тезірек кел,

 Орныңа орыс, қазақ таласып жүр...»

Ол заманда орыс қызына ұмтылу қазаққа жат жағдай. Тіпті, біздің Дудардың өзі де орыс қызының ақ ниетіне әрең илікті. Яғни, Мәриямға таласып жүрген жігіттер қатарында тағы қаншама қазақ жоқ. Тіпті, бір қазақ. Анығы:

  «Орныңа қазақ-орыс таласып жүр...»

Есебі, қазақ емес, орыстың казагы. Бүгінде үнемі «казак» деп жазамыз. Арғы заманда күнделікті тұрмыста, ауызекі сөзде, өзара араласта тек қана «қазақ-орыс». ХХ ғасырда қалам тартқан Сәбит Мұқанов және басқа да жазушыларға назар салыңыз. «Казак» жоқ, «қазақ-орыс» қана бар!

Міне, осындай көр-жер, ұсақ-түйек. Шын мәнісінде, оңды теріске бұрған қиқалақ. Мұндай, өз орнында тұрған сөздерді жай ғана бұрмалау емес, мүлде кері мағнаға көшірген тағы қаншама мысал табуға болар еді. Термелеп тізе беру қажет емес, әрі түгендеп тауыса алмайсың.

Әйткенмен, тағы бір-екі мысал. Бұл ретте сөз ғана бұзылмаған, сазгердің есім-жөні де басқаша болып шығыпты. Мәселен, сырлы әндеріміздің бірі «Майдақоңыр». Әйгілі әншінің айтуында:

 «...Кешегі бес болыстың сыязында,

 Әні екен Ақан-серінің, ай, ау, «Майдақоңыр...»

Сөзінің қиыспай, ұйқас пен ырғақ ақсап жатқаны өз алдына, Ақан-сері ешқашан «бес болыстың сыязы», немесе басқадай әкімшілік жиында ән айтпаған. Тәкаппар, сырдан сері атаулының табиғатына жат, өзгеше ұстаным. Анығы:

 «Жігіттің падишасы Әмір-Темір,

 Бозбала, өлең айтсаң, ахау, қайғың кемір.

 Кешегі бес болыстың сыязында,

 Әні екен Біржан салған, ахау, Майдақоңыр...»

Сал атаулы халыққа жақынырақ, дырду-думанға бейім. Және той-томалақ қана емес, патша әкімшілігіне қатысты жиын, кеңестерде тартынбай шырқамақ. Яғни, Біржан. Оның үстіне, Біржан-салдың өзіндік әуезі дәп осындай. Ал Ақан-сері мүлде басқаша сарында: «Құлагер», «Сырымбет...»

(Орайы келген соң, осы әндегі «Әмір-Темірдің» жөнін айта кетелік. Көпшілік ұғымында Ақсақ Темір. Ешбір қисыны жоқ. Мұндағы Әмір-Темір – тарихтағы әйгілі жихангер емес, небәрі «жігіттің падишасы». Кейінгі зерттеушілердің айтуынша, сондай бір сырбаз екен.)

Авторы ауысып кеткен әндер біршама болған сияқты. Мұның заңдылық жағы да бар. Ол заманда радио, теледидар тұрыпты, жазба атаулы жоқ, мәтін де, әуен де ауыздан ауызға көшіп таралған, сондықтан кейде ең соңғы бір айтушының есіміне тіркелуі де ықтимал. Бүгінде түп негізін ажыратып тану қиын.

Біздің осы реттегі азғана лепесіміз – көпе-көрнеу ауысып кеткен бір ән туралы ғана. Көпке белгілі «Қалқаның әні». Өткен ғасырдың 40-жылдарында біршама танымал болған халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың атына тіркелген.

 «Бұл әннің кім біледі аты Қалқа,

 Қалқаны сағындым ғой, айта-айта,

 Қолға алып домбыраны шырқағанда

 Тырнақтан сау қалмады, тарта-тарта...»

Әдемі. Десе де, бажайлап қаралық. Егер бұл ән шынымен-ақ ақын Қалқаға тиесілі болса, онда... онда бұл Қалқа өзін-өзі сағынған болып шықпақ. Иә. Өзін-өзі. Қисынсыз. Демек, бұл «қалқа» – атаулы бір кісінің есімі емес. Кәдімгі «қалқа» – яғни, сүйікті, аяулы қыз болып шығады. Әнші, сазгер – осы қалқатайын сағынып отыр.

Келесі шумақ тіпті қызық. Бастан-аяқ үшінші жақтан.

 «Қалқаның сағынғанда салған әні...»

Кімді сағынған? Неге ғана қатар тұрған екі ауыз өлеңнің алғашқы шумағы – бірінші жақтан, ал келесі, жалғас шумағы екінші жақпен берілген? Анығы – бұл ән көзі тірі ақынның атына көшірілгеннен соң, екінші шумақ та тиесілі өзгеріске түскен. Бастапқы нұсқасы былай болуға тиіс:

 «Қалқаны сағынғанда салған әнім,

 Үзілтіп, елжіретіп толғағаным,

 Сүйінген, сүйгенімді есіме алып,

 Ән салсам, жай табады менің жаным...»

Бастан-аяқ бір сарын. Және халықтық поэзия үлгісінен тыс, жазба әдебиет нұсқасы. Қайткенде, мәтіні көркем, әуезі сұлу, тамаша ән. Және Жетісу емес, Арқа сарыны. Әлбетте, алғаш сүргінге түскен кезінде авторының есімі анық, бәлкім, ұмытылған, яғни халық әндері қатарында. Бір-ақ күнде радио, концерт залдары арқылы дабылдап халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың әні болды да шықты. Бұл ретте Қалқа ақынның ешқандай кінәсі жоқ. 30-жылдардың екінші жарымында Жамбылдың атағы дабылдауына байланысты, дәстүрлі халық ақындарын көтермелеу басталады. Бұл, тұтастай алғанда жағымды жағдаят, әсіресе қырғын соғыс жылдарында кеңінен өріс тапты. Әуелден-ақ даңғыл Нұрпейіс пен Шашубай Жамбылға тетелес, жаңа бір биікке жетсе, әр аймақ, әр обылыста жергілікті ақындар дараланып шығады. Осы ретте, аймағынан озған ақындарды әспеттеу кезінде бұрнадан мағлұм, сырлы, сұлу «Қалқа» әні көзі тірі қарт ақын атына жапсырылған. Сол беті бүгінгі күнге өтіпті. (Иә, айтпақшы, «Қалқа» бүгінде бізге белгілі екі шумақ өлеңмен бітпесе керек. Жеке, басқа бір әнші-ақынның атына көшкен кезінде соңғы бір, немесе екі шумақ жаңаша жіктеуге кіріге алмаған. Ақыры, ұмытылды.) 

Қаншама әннің сөзі бұзылды, арзандады дедік. Және осы бұрмаланған қалпында сақталып тұр. Біз ойға оралған, көрнекі үш-төрт мысалмен ғана шектелдік.

Жалпы, көпке таралған ән мәтіндерінің құлаққа ғана емес, жүрекке де жетер тағлымы мол. Өйткені, кітап бетіндегі поэзиядан басқаша тағдыр. Радиодан, теледидардан самбырлап тұрады. Өнерпаз концерттері ғана емес, әдепкі той-томалақ, тіпті, аралық қонақтасу, отырыстар кезінде де айтылып жатады. Және көп ретте манағы, бұзылған, бұрмаланған қалпында.

Осы орайда, қолдан жасалған терісті оңға бұрып, әуелгі нұсқасына келтіру өз алдына, советтер заманында шыққан, халық арасына кеңінен тараған жақсы әндердің біразының жарамсыз мәтіндері тағы бар. Кейде тұтасымен, кейде жекелеген сөз, шумақтарымен. Музыкасы құнды, өз биігінде, алайда, өлеңдері ескірген – коммунизм жаршысы, немесе осы орайдағы сырқатты санаға жалғас. Бажайлап қарасақ, совет заманында кең өріске шыққан бірталай жақсы әуездің бүгінде мүлде қатардан шығып қалғанын көзбен көріп отырмыз. Қолапайсыз сөзінің кесірінен қаншама жақсы әннен айрылып біттік. Егер сөзін оңдасақ, кейде тұтас мәтін, көбіне-көп атаулы шумақ немесе жекелеген тіркестерін түзетсек, ән қазынамыз қайтадан молығар еді.

Өз кезіндегі атаулы мәтінге міндетті тұздықтар қосылған және ол заманда тым қатты байқалмаса, енді тәуелсіздік дәуірде мүлде қораш естілетін, парықсыз, тіпті, жиренішті көрінетін жамау-жасқаулар кесірінен жап-жақсы, сазды әндеріміздің бірталайы мүлде қатардан шықты немесе, үзіп-жұлып айтылады. Алғашқы үш-төрт жылда ешқандай түйсіксіз сол қалпында сарнап жатты. Мен «Жұлдызда» отырған кезімде, шамасы 1993 жылы, «Коммунизмды көксеген Қазақ радиосы» дейтін, кекетінді мысқыл реплика беріп едік. Одан бері, уақыт оза келе, мұндай балдыр-батпақ сөздер қатардан шығарылды. Жақсылы-жаманды ән әуезімен қоса. Енді олқы қалған оңды әндерімізді жоқтауға тура келеді.

Мәселен, «Жетісу» дейтін тамаша ән болды. Жеңіл, ойнақы және мән-мазмұнды.

 «Шығысында Отанның гүлге оранған,

 Көңілі толып, көрген жан

 Мейірі қанған, Жетісу!..»

40-жылдардың соңында шығып, концерт сахналары ғана емес, жұрт аузынан да түспей жүрді. Еліміздің көрікті, әрі бай өлкелерінің бірін әспеттеумен қатар, бар қазақтың көңіл ауаны, ұлттық мақтанышы есепті. Жөн-ақ. Енді бірер шумақтан соң:

 Риза болып, күлімдеп тұр Сталин,

 Бүгінгі өскен қазақтың даласына,

 Жетісу!..»

Кейін, культ әшкересінен соң:

 «Риза болып күлімдеп тұр партия...»

Нақты кісі есімі шартты ұғымға алмасқанымен, мән-мағнасы өзгерген жоқ. Ал ән әуезі сол, құнды қалпында. Енді қайттік? Дәп осы ретте аталмыс қиғаш шумақты аттап өтуге мүмкін. Әніміз өз орнында қалады.

Әйткенмен, мұндай жеңіл хирургия ем болмайтын жағдайлар да ұшырасады. Мәселен, біршама әуезді, асқақ сырлы «Қазақстан» дейтін ән болды. Жекелей де, хормен айтса да келісті. Міне, былай басталатын:

 «Ұлы Союз халқымен бір туысқан,

 Дауыс қосып, ән шырқап Күншығыстан,

 Коммунизм шыңына путевка алып,

 Алтын тулы ел атанған Қазақстан!»

Келесі қайырымда:

 «Ахау, жер мен аспан,

 Даңқың асқан,

 Күн сәулелі Қазақстан!...» –

дейтіні бар. Міне, сөз мәйегі қайда. «Алтын тулы, Күн сәулелі Қазақстан!»

Әрине, бүгінде Ұлы Союз бен Коммунизм шыңы бірден көзге шалынады. Шалағай, құрама тіл өз алдына. Ал бұрнағы заманда ең алдымен назар түсетіні – «Алтын тулы Қазақстан» болатын.

«Жетісу» – қазақ жерін тамашалаудың әсем бір айғағы десек, «Қазақстан» – қайткенде жеке республика атанып отырған ұлттық Отанды ардақтаудың өзіндік бір көрінісі деп танысақ керек.

Жалпы, Советтік қызыл Орыс отарлық қыспағының заманында, тіпті, 32-жылғы ауыр геноцид, бұған дейінгі және кейінгі жаппай репрессия, осыдан соңғы, қайткенде жалпыға ортақ қырғын соғыстың өзі қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан өр кеудесін баса алмаған еді. Табанға түсіп, біржола жанышталуымыз 1955-56 жылдары басталған Целина топаны және осыған орай, байырғы ұлт есімін жер бетінен мүлде өшіру науқанына тікелей қатысты. Яғни, әлгі балдыр-батпақ мәтінді «Қазақстан» да өз кезінде елдің ежелгі рухын сақтауға қызмет етті. Әуезінің көтеріңкі, әсемдігін айтпағанда. Енді осы «Қазақстанның» ескірген сөздерін қайтадан қалыптасақ несі бар.

Тек «Жетісу» мен «Қазақстан» ғана емес. Біз түгел санап, нақты айғақтап бітіре алмаспыз. Өз заманында жұрт көңілінен шығып, еркін шырқалған тағы ондаған ән. Бүлінген мәтін өзімен бірге ала кеткен қаншама құнды әуез. Ең аяғы, бейкүнә «Маржан қызға» дейін.

 «Асқақтата салғаным – 

 Жайлау әні,

 Баққан малың жайлаудың

 Болған сәні, Маржан-ай...»

Жөн-ақ. Малды, берекелі ауыл, сезімтал, еңбекшіл жастар.

Кенет, әрине, бүгінгі көзбен қарағанда, бәрі де аяқ астынан бұзылады:

 «Шығасың ба алдымнен,

 Шықпайсың ба,

 Москвадан жұлдыз ап, 

 Келген күні, Маржан-ай...»

Енді: «Ақмоладан жұлдыз ап, келген күні...» – деп түзете алмайсың. Аттап өтерсің, бірақ «Маржан қыз» әнінің бір бүйірі опырылып түсті дей беріңіз.

Міне, осындай қаншама хикмет. Көптеген әндердің сырлы әуезі бүгінгі заманға еркін өтер еді, алайда, советтік сорақы саясат ықпалымен мәтіндері бұзылған. Яғни, ендігіге жарамсыз. Сонымен қатар, біржола тәрік ету қисынсыз. Қаншама бай болсақ та, арғы жетпіс жылда жасалған ұлтық мұрамызды біржола қатардан шығарудың жөні жоқ. Бұл мәселеге ерте ме, кеш пе қазақ қоғамы қайта оралуы күмәнсіз десек те, бүгінгі бейтарап, сүлесоқ жағдайды ақтап алу қиын. Сірә, тым көп ұзатпай, Мәдениет министрлігі тарабынан арнайы комиссия құрылып, өткендегі бардың жақсысы іріктеліп, ондағы жылбысқы, жалған мәтіндер түзетіліп, анығы – қайтадан жазылып, ән қазынамыз мүмкіндігінше қалпына келуі шарт. Қазақ мәдениеті үшін орны толмас олқылықтың алдын алып, тезінен қам жасамай болмас.

Осы ретте, мына қызықты қараңыз. Өткеннің қайсы бірі жадыңда тұрады. Манағы «Жетісу» мен «Қазақстанның» әуездерін кімдер шығарғанын есіме түсіре алмадым. Әмбебап интернетте тағы жоқ. Әрине, Алматыда отырсам сол кездегі ән жинақтары мен концерттік программа, немесе күйтабақтар арқылы оп-оңай айқындар едім. Яғни, мүлде ұмытылған жағдай емес. Мен қазақ әні туралы зерттеу жазып отырғам жоқ. Яғни, жетпей қалсақ, айып емес. Ең бастысы – өзіндік сорабы бар. Қажет тапса, кейінгі зерттеушілер айқындай жатар. Әйткенмен, біржола ұмытылуы да мүмкін екен. Аталмыш екі-үш ән емес, мен атын да, мәтінін де еске түсірмеген тағы қаншама әуез. Тіпті, оп-оңай қатардан шығуы мүмкін екен. Жай ғана жақсы емес, кейбір классиканың өзі.

Мәселен, қазірде орынсыз ұмытылған дарынды сазгердің бірі Бақытжан Байқадамовтың есіміне байланысты «Теміртау жастарының маршы». Өршіл және өміршең музыка. Бірақ қазір шет қалған. Кілтипан – осы тамаша әннің бүгінгі заманға сәйкеспейтін қосалқы мәтінінде тұр.

 «Нұрлы Нұра даласы,

 Міне, бүгін қарашы,

 Жас ұландай жайнап өскен

 Теміртаудың қаласы!..»

Сөз жоқ, өз тұсында белгілі композитор бұл әнді Теміртауға арнамаса керек. Қабылдау немесе қалыптау кезеңінде жоғарыдан түскен нұсқау бойынша, жаңадан көтеріліп жатқан «Қазақстан Магниткасына» қарай бұрылды. Соған орай, тиесілі мәтін жазылды. Жаңа бір тұрғыдағы жаңа өлеңмен алмастырыңыз – тамаша марш қайта туғандай болар еді. Қазақ жастарының, немесе Қазақстан жастарының маршы. Ел аман, жұрт тынышта екпінді, жігерлі сарыннан айрылып қалуымыз жөн емес. Мүлде қисынсыз, дер едім.

Орайы келген соң айта кетейік. Б.Байқадамовтың сонау 40-жылдардың соңында Ілияс Есенберлиннің сөзіне жазылған «Домбыра» және бұдан бұрын немесе кейінде шығарған, халық арасына кеңінен тараған басқа да әндері бар. Енді мүлде атаусыз, көлеңкеде қалыпты. Тіпті, ғаламат бай болсақ та, шашау шығаратын дүниелер емес.

Бүгінде ұмытыла бастаған жалғыз Бақытжан Байқадамов қана емес. Тіпті, заманында дабыралы, даңқты тұлғаларымыздың кейбірі көмескі тартып бара жатқаны байқалады. Мәселен, білімдар, шыншыл, қарт әдебиетші Зәкір Асабаев осыдан біраз бұрын жарыққа шыққан естелік мақаласында өз кезінде кеңінен танымал, тіпті, атақты сазгер Бекен Жамақаевтың (1931-1972) бүгінгі күні мүлде дерлік ұмытылғанын қынжыла жазыпты. Шынында да. 50-60-жылдарда даңқы дабылдап тұрған. Қаншама сырлы, үйірімді ән. Әсем сазына қарай, ән мәтіндері де ерекше болатын.

Бекен көркем сөз ғана емес, асқақ әннің де ордасы Шыңғыстауда туып өскен. Жастық, бозбалалық ғұмыры Семей қаласында өтеді. Ең алғашқы әндерінің бірі «Махаббат вальсін» жиырма бір жасында шығарыпты. Жеке басының сезім толқыны және жалпы адамзаттық сарын. Жергілікті ортада сүйініш тұрыпты, жан адам мақұл көрмейді. Содан 1954 жылы Семейге жолы түскен ақын Нүтфолла Шәкенов, жеке бір үй, қонақта ерекше әуезді бірден танып, қолма-қол ән мәтінін жазып береді. Ән әуеніне парапар, толқымалы, сырлы сөздер. Міне қызық, бұдан соң да жергілікті әншілердің ешқайсы қабыл алмапты.

Ақыры, 1955, арада тағы бір жыл өткенде концерттік сапармен Семейге келген Роза Бағланова асылдың құнын бірден аңдайды. Әуезін көңілге түйіп, нотасымен қоса, ән мәтінін де Алматыға алып кетіпті. Көп ұзатпай, бірер ай мұғдарында Қазақ радиосына шығарады. Онсыз да аңыз деңгейіндегі Роза Бағланованың атағын асқақтатқан, ешкімге белгісіз жас композитордың даңқын дабылдатқан «Махаббат вальсі» бірден-ақ жалпы жұрттың көкейінен шығып, бүткіл халықтың сүйікті әніне айналыпты.

Ғажайып Роза Бағланова бұдан кейін, 1957 жылы Ташкентте, Азия және Африка елдері композиторларының халықаралық конференциясында шырқайды. Ең алғашқы үлкен сахна. Ал келесі жылы Брюссельде, әлемдік «ЭКСПО-58» көрмесінде зор табыспен орындайды. Әншінің ғана емес, сазгердің де салтанаты. Бельгия королевасының бастап, қаншама шетелдік алпауыттар мен мамандар қайран қалған екен.

Осыдан соң-ақ «Махаббат вальсі» жарым әлемге мағлұм болады. Ол кездегі шеткері Қытай мен Үндістан, тіпті, бұйығы жатқан араб елдерінде.

Міне, арада төрт-бес жыл өткенде Мысырда шыққан әлдебір ортақол кинофильмде бір қайырым әуезін пайдаланған екен. Ешбір рұқсат, сілтемесіз. Совет пен Египет аралығында жақсы қатынас орнаған заман, Қазақстанға 1961, әлде 62-жылы жетті. Біз студентпіз, жастар ғана емес, үлкен-кіші барлық жұрт қайран қалып, міне, біздің ән шырқай ұшып, дүниенің түкпіріне дейін барды, деп, мейлінше риза болған еді. Мына сорақыны қараңыз, дәп осы кезде кейбір көре-алмас, арам ниетті ағайындар Жамақаев «Махаббат вальсін» осы араб киносынан көшіріп алды деген қаңқу таратады. Бұл шалағай фильмнің советке жаңа ғана жеткені, әннің одан әлдеқайда бұрын шығып, көрме мен концерт, ашық эфир арқылы әлемдік кеңістікке тарағаны есеп емес. Әйтеуір қисынсыздан жала жауып, етектен тартып қалу. Шын мәнісінде, ол заманда Совет одағы әлемдік авторлық құқұқ заңдарын қабылдаған ел болса, Б.Жамақаев Мысыр киностудиясын халықаралық сот арқылы әлденеше миллион долларлық айыпқа жығар еді.

Біз қолда жоқ миллиондар туралы айтып отырмыз, бұл кезде атағы аспандап шыққан жас композитор астана Алматыдан тыс, облыстық қала Семейде біршама құбатөбел тіршілік кешіп жатқан екен. Аста-төк қаламақы жоқ. Сонымен қатар, Шашубай ақын айтқандай, әнге бай. Басқа да жақсы әуездерімен қатар, қазақ классикасы болып саналуға тиіс «Ертіс вальсі», «Сен ғана» әндері тағы бар. Бекен Жамақаев сол қалпы, небәрі қырық жылдық қысқа ғұмырын жұпыны тіршілік үстінде өткереді. Атақ-даңқ та туған өлкесі Семейден тыс, жалпы қазақ аспанында.

Қайткенде, біз Бекен Жамақаевтың тағдыры жолсыз болды деп айта алмас едік. Кездейсоқ дерлік сәтті жағдайлар нәтижесінде Роза Бағланованың назарына ілінді. Әуелгі «Махаббат вальсінен» кейін «Сен ғана» әні де осы ұлы әншінің орындауында өзінің көркемдік биігіне шықты. Екінші бір сәтті жағдай – Бекеннің ғажайып әндерінің тамаша мәтін табуы. 

Міне, бүгінде ұмытылуға жақын «Махаббат вальсі»:

 Таң атқанда гүл бағын суарамын,

 Күнде ертемен өзеннен су аламын,

 Алтын сәуле көремін сол бір шақта,

 Сенің нұрың болар деп қуанамын.

       Жаным деп маған үн қатқан,

       Жүректен сүйіп ұнатқан, 

       Бақытым менің, таппаспын теңің,

       Махаббат гүл атқан!..»

Енді «Сен ғана», соңғы шумақ, қайырмасымен:

 «Кезсем дағы қай өлке, қай қаланы,

 Самал желі сені аңсап, аймалады,

 Махаббаттың көрдің бе құдіретін,

 Жердің жүзі бір сен деп айналады.

     Аялап тербеткен,

      Сұрашы жер, көктен,

     Әлемнің сенде қызығы,

     Күннің де сенде қызуы,

     Бір өзің аңсарым,

     Бір өзің жан жарым!»

Тыңдаушының жан-дүниесін тебірентіп, қалай толқыған. Әуез бен сөздің ғажайып ұнасымы. Ән тербеген – Бекен Жамақаев болса, мәтін иесі – күні бүгінде жете бағаланбай келе жатқан ақын Нүтфолла Шәкенов.

Тағы бір ғажайып, бүгінде атаусыз қалған «Ертіс вальсінің» мәтінін жазған – әйгілі Қадыр Мырзалиев болатын. Мұнда да сырлы әуез бен көркем сөздің жарасымы айрықша бірлік тапқан.

Бекен Жамақаевтың шырғасы шықпай сақталып, бүгінгі күнге жеткен қырыққа тарта әнінің нота жазбалары мен тиесілі мәтіндері жеке кітап болып басылды деп естідік. Әлдебір ұйым, қоғам емес, артындағы балаларының еңбегі. Әрине, кезінде кеңінен таралып, ел-жұртқа әйгілі болған төрт-бес әннен басқа әуездер де тереңінен байыпталып, зерттелуге тиіс. Жаңа бір қазынаға ұшырасуымыз анық. Бекен Жамақаевтың қазақ классикасы саналуға тиіс әйгілі әндерін қатарға қосу бүгінгі ұлттық музыка мамандары ғана емес, кәдімгі радио мен теледидар басшылары, басшы да емес, қатардағы режиссер, жүргізушілердің қолында тұрған іс және кім үшін болса да абыройлы міндет дер едік.

Ал арғы-бергідегі тағы қаншама жақсы әннің бүгінде жарамсыз, көбіне-көп бұралқы мәтіндері, ондағы жекелеген сөздер мен тіркестердің түзетіліп, оңдалуы да тым күрделі мәселе емес. Тек мәдениет министрлігінің арнайы шешімі арқылы жүзеге асуға тиіс. Ниет пен ынта болса жетіп жатыр.

Сөз басына қайтып оралсақ, совет заманында дүниеге келген құнды мұраның ешқайсы назардан тыс қалмауға тиіс. Қазіргі қазақ сахнасында кәкір-шүкір, жадағай әндер өріс алып тұрған заманда бар асылымызды жоғалтып алмайық. Жоғалмас та. Әйткенмен біз басын шалған жекелеген жағдаяттар көңілге қатер ұялатады.

Хош. Басымыз ауырғаннан бастап, жүрегіміз сырқыраған ерекше жағдайға дейін жетіппіз. Қазақтың арғы, бергідегі ән қазынасы – шалқыған дария есепті. Әрбір тармақ, кіші-кірім салалары тұрыпты, татымды тамшысына дейін рәсуаға түспеуге тиіс.


26-29.ХІІ.2023,

Кемер, Түркия.

Материалды қолданған жағдайда, бастапқы 1 немесе 2-сөйлемде madeniportal.kz сайтына гиперсілтеме беруіңізді сұраймыз. Авторлық құқықты құрметтегеніңізге алғыс айтамыз.

https://madeniportal.kz/article/8848

 

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...