Бауыржан Қарағызұлы: «Бәрі ақылдының рөлін ойнайды...»

ӘДЕБИЕТ
899
Бауыржан Қарағызұлы. Осыдан небары он бес-он алты жыл бұрын ғана ол азамат ел ішіндегі көп талапты балалардың бірі еді. Өлеңдері де балауса-тын. Айналдырған аз жыл ішінде айбынды ақынға айналды.
Бауыржан поэзиясы қазір қазақстандық жырқұмарларға ғана емес, шетелдік қазақтарға да, өзге жұрт оқырмандарына да таныс бола бастады. Олардың сүйікті шайырына айналып үлгерді.
Оның құпиясы неде?
Менімше, онда тұрған еш құпия жоқ. Бес фактор бар. Біріншісі – өзіне Табиғат берген тамаша талант. Екіншісі – қайсар азаматтығы. Үшіншісі – үздіксіз оқып-үйрену, талмай жан-жақты іздену, еңбекқорлық. Төртіншісі – қазақ поэзиясындағы жаңастилді ақындар мектебінен алған мықты білім. Бесіншісі – Қазақ Поэзиясы ірі өкілдерінің өзіне деген ерекше қамқорлығы мен берген тәлімі. Сол себепті де, ол еліктеп-солықтау кезеңінен де өте жылдам өтіп, Сөз Өнерінде өзіндік үн мен мәнерге ие болған аз ғана таңдаулылардың қатарына қосылды.
Ең бастысы, Бауыржан ақын ой ойлауда өзіндік дара жол тауып, соны барған сайын кеңейту үстінде. Ол жол – ақ өлең (верлибр) мен қара өлең һәм қасиетті қара сөз синтезі түріндегі ерекше стиль. Оның кез келген өлеңінде сол ерекшелік үнемі алабөтен жарқырап, анық көрініп тұрады. Мысалға «Шын. Дық» атты шығармасын алайық. Әрине, ондағы айтылар мәністің «Ауа – мұхит» түсінігі көптеген ақындар санасында да елес берген идея десек, қателесе қоймаспыз. Мәселен, кезінде біз де «Аспан – мұхит, оның түбіндегі адамдардың балық» екенін, «қайтыс кезінде, сол балықтарды Жаратушы өзінің тылсым қармағымен аулап алатыны» сияқты қиялилыққа берілгенбіз. Алайда, олайша ой өрбіту – өлеңнің болмашы бір арзан деталі сияқты болып қана қала береді. Ал, Бауыржанның аталмыш өлеңінде ондай қиялдың поэтикалық ауқымы Тәңірінің Өзіне дейін «жетіп», мәні мен мәнісі һәм маңызы космостық көркем ұғым деңгейіне бір-ақ көтеріледі. Сенбейтіндер оқып көрсін сол Өлеңді.Төрт-ақ шумақпен ақындық рух көзі ғана көре алатын тылсым көріністі бере білу – шеберлік:

«Өзінің аспанында балықтар ұшып жүр...»
Ал, кәні, осы сөйлемді түзеңіз.
Біз ауа мұхитында балықтай жүземіз.
Құс та жүзіп жүр ауада.

«Тасбақа» дегенге шамдандық.
Таңдандық құстарға...
Өйткені, төбеңде!
Құстар да жүзеді ауада.
Бірақ, Тәңірден төменде.

Ұмыттық ұятты.
Қош. Уақытша.
Бізден ақылды сияқты, дельфин.
Нақылды судай сапырдық.
Тірі су жаратады жанар.
Судай сапырдық сөзді.
Балыққа обал.

Ғарышта жұлдыздар жүзіп жүр.
Ойланшы дельфиндей... жүзіп... былай...
Уақыт та жүзіп жүр, ойнап...
Кеңістік – ағын.
Ұшып жүр Құдай!


Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Бауыржан ҚарағызұлыБауыржан Қарағызұлы

Сенім

«Мемлекет деген – бос елес,
бизнес» – деді, жел маған.
«Құдайдың қолы бос емес,
молдалар сені алдаған.
Жылт болса егер санаңда,
көресің өзің, көкешім.
Алданған кезде адамға,
Құдайға сеніп кетесің...»
...Сенемін ғой.

ГАЛСТУК

Түн іші. Жоқ, мүмкін таң алды,
немесе түстегі асынан,
бір адам табылмай қасынан,
бастығы, досынан, қасынан,
қиянат көргенде, сыпырып басынан,
қанша адам асылып өлді екен осыған?!

3018 жыл. Құрбан Айт.

Электронды қалада
қып-қызыл күн батқанда,
ақ пен қара таласып,
жоқ пен бары жарасып
жатқанда,
Өлім келді алаңға.
Келді Өлім
ал қызыл гүл ұстап,
жөткірініп сөйледі,
галустугін дұрыстап:
"Менің атым Құрбан" деді.
"Сен" деді.
Ешкім сенбеді.

«Арман»

Бәрі ақылдының рөлін ойнайды,
жаттанды. Нанымсыз. Зерігіп кетесің.
Мен де ойнаймын, сәтсіз ойнаймын,
ол да сенімсіз. Не етесің?
Уай, бәрі – жаттанды.
Кейде, ойлаймын: шын өмір –
жапалақтың көзінде аққан түн.
Енді қарашы,
қандай адаммын, мен осы?
Адасып пенделік жолымнан,
болсам ба әулие, ғайыпты
«Құдай» деп, өзіне табынған.
Шіркін-ай, ақымақ болу да – ұлы өнер,
ол да келмеді қолымнан.

Құрмет

Құдайға тиіспейікші,
ол бір – көркем қиял ғой.
Сүйіспейікші сөзбен.
Жалықтық емес пе,
өзімізден?
Жасырмайық.
Ақмақ емес қой – бәрі.
Кәрі тарихты көрдік – әбден қартайған.
Құдайға тиіспейікші.
Ұят болды өзі.
Өзіміздің ақкөңіл Құдай ғой.
Жаратылыс туралы,
ойлардың тізесі шығып кетті.
Қойлардың маңырағаны секілді сөзіміз,
ұят болды. Сол ұят бар болса,
сатып алайық.

Ұят болды-ау, желден, ауадан, судан.
Ұят болды-ау, залымнан,
саудагер бетсізден, қудан.
Саудалас – сауап. Соғыс – сауап.
Әйелдермен... Ол да – сауап.
Обал қайда?!
Сайда шығар.

Өзіміз ойдан, жоқтан, бардан,
мынау жалған дүниеден тауып алған
көркем, сұлу, жарық, нұрлы, қаһарлы,
үйбәй-ау,
мейірміді, қайырымды, кешірімді...
Құдайдан ұят болды.

Құнсыз

Қарадан-қарап, айқай салғың келгені –
үміттіңнің өлгені. Сенен бұрын...
Де-е-еп, ақыл айтып кетсем бе екен
мен саған? Қанша адам, жалықты екен
ақылдан? Осы тегін ақылдан.

Қанша адам көрініп қалу үшін көздерге,
көз алдыңда өзгерген – тәп-тәтті зауал.
Қаншама жүгіріп жүрген дауыстың
маңдайын сүрттім. Обал.

Өйткені, осының бәрі – тегін.
Қиянаттың бәрі – тегін.
Негізі, бар ғой, өлім де – тегін.

Дежавю

Алақаныма қараймын,
өткен күн қайырылып келердей...
Шыным, түсін, ұғын,
мас болдым өмірге өлердей.

Іштім, кәйіп боп, шерлендім,
Не таптым?!
Ап-ащы өмірді
қалай іше бергенмін?
...
Іштім бәрін,
Не көрдім?!
Ойлашы.
Уақытпен ойнаған бала күндерім -
дана күндерім, қайдасың?!
Іштім,
Қайғы татыған көз жасымды іштім,
бақытымның тәтті сілекейін іштім,
жасыл қанат бітіріп көңілге.
Міне,
әбден салынып кеттім өмірге,
жалығып кеттім,
сендерден
және
ұятсыз сөздерден.
Ештеңе жоқ өзгерген.

Ішуді қойдым.
Болашағымды басымдағы үлкен без көрген.

Жазылу

Жазған,
баяндаудан шаршадым,
өмірімнің көз жасын,
онысыз да аз «досым»,
Қош. Жаным нені аңсады,
Жазған?
Жазылған баршасы,
Жапырақтың жасымен,
Топырақтың қанымен
Өзің жаздың емес пе,
Жазған?!

Күн тамшылап сағатттың
цифирларынан – иллюзия.
Көк тозаңның ішінен,
ғалам жайлы айқай салдым – күлкілі.
Күлкім – бір түрлі, Жазған.

Баяндаудан шаршадым,
Өлімімнің ғажаптығын,
және оның
ойхой, азаттығын мақтай-мақтай,
мақтаменен бауыздалып,
қына бітті жағыма.
Көздерімнен қызыл гүлдер
өсіп шықты күбірлеп...

«Өлім деген – судыраған Сөз ғана...
Ойлан, бала, аз ғана...», – дейді тағы,
ішімдегі Бауыржан – түсімдегі әуре.
Содан кейін ауырғам.
Енді жазылдым.
Жазған.

ЕШКІМГЕ

Енді өлең жазбайтын шығармын.
Не керегі бар осының?!
Оданда, шегіне жетіп құмардың,
ұлып алмаймын ба жасырын.
Ешкімге көрсетпей...
Ешкімге естіртпей... Жалғыз.
Рахат емес пе? Ойлашы.
Ешкім...
Жаныңды ауыртпа босқа,
Жабықсаң,
жаныңнан Ешкім ғана табылған.
Қолыңдағы темекіңнен басқа,
Ешкім қалмайды жаныңда.
Сондықтан, мен де қояын жазуды,
Сен де оқыма – дұрысы.
...қып-қызыл таң атып келеді азулы,
қой, ұйықтайық, құрысын.

ҚАТЕ ҚОЙЫЛҒАН ТЫРНАҚША

Ақымақ отырды Ары қиналып,
махаббат тілеп молдаға.
Ақылды адамның бәрі жиналып,
қол шапалақтады, «Аллаға».
Паңданды «Алла»,
бәрі таңданды,
есінен танып құлады.
Ақымақ байғұс, тағы да алданды,
өкіріп, өксіп жылады.
Осының бәрін Аспан көрген жоқ,
люстра көрген сияқты.
Ақылды тірі.
Ақмақ өлді,
құшақтап жатып... Ұят-ты.

СЕЛК ЕТУ

Қолым қан-қан...
Сөздің қып-қызыл қаны.
Өлтірдім қаншама сөзді.
Жек көрем өзімді. Шыным.
Міне,
түк болмағандай – Күн шықпағандай,
өзімнің өтірігіме өзім сеніп,
қолымды құстың үніне жуып отырмын,
неткен қорықынышты еді,
Құдай-ай...

Күн шығып келеді,
Жерге кіріп кетсемші, дәл қазір...
Өзімен-өзі өмірді шынайы сүйетін,
неткен сұлу, неткен көркем,
неткен кербез
мынау бір жыбырлаған тарақан.

ӨТІНІШ

Осы өлеңді оқымай-ақ қойыңыз
бөлінеді ойыңыз.
Сіз одан да уақыт сатып алыңыз
өзіңізден. Сосын өзіңізбен қалыңыз.
Мен де сөйттім.
Алла келді қасыма,
кәдімгі Алла!
Рас, басында шошығам,
кейін қатты ұялдым.
(Оны несін жасырам.)

Бекер екен шошуым,
керісінше, жетіп келді ашуым
әлгі ашу екеумізді алдады...
Менің жанымда ешкім қалмады,
қалдым басып төбемді.

Айттым ғой,
бекер оқыдыңыз өлеңді.

НЕСІБЕ

Оны таңнан кешке дейін
кеңсенің бұрышында отырып күтті.
Келеріне Құдайдан артық сенді.
30 күн күтті. Келді.
Құшақтады. Сүйді.
Сол сәтте мөлт етті көздері.
Таңдайына байғыздың үні келді,
дәмі – ауылдың дәмі. Сезбеді.

Ауыл. Ескі үй. Түн.
Ештеңе есіне түскен жоқ.
Банктың алдында ерсілі-қарсы жүрді.
«Маңдай теріммен таптым...» деді.
Жазмыш мырс етіп күлді.

ЕСІК

Осы Есікті ашатын Уақыт келер.
Келер Уақыт алдағы,
немесе арттағы.
Дәл қазір, жарытпады
тірлік. Мүмкін, мен тірлікті...
Қалғаны, аз ғана шыдамсыздық,
не
кеңістіктегі бейберекет ұшып жүрген
көпірік сөз ғана - бәрі.

Сөзден жалықтым
ал, Есік жабық тұр әлі.
Өзімді тану үшін,
қалу үшін өзімде,
бес сезім мүшесінің
күректей табанын тоздырдым.
Тек Сезік қана.
Арман. Аңсар. ...Зарық.
Енді,
ой, Ой қиянаттын қайтемін?
Көз қиянатын не қылам?!
Жарық!

Осы Есіктің кілтін таппадым,
Есік пе, мынау шынымен?
шынымен?
шынымен?
...Айна. Есік дегенім - айна екен!
Өзім екенмін, өзіме үңілген,
шошып кеттім түрімнен.

УАҚЫТ

Қатты жақсы көремін Оны,
бәрін содан көремін,
көрермін әлі... Көрешегімді...
Менің күнәһар әулием ғой,
басқа не дейін?

Жүрісінен қанның исі естіледі,
ойыңмен таңдасаң.
Көрген сайын құшақтап,
күліп тұрады,
жылап тұрады,
қойынында ұзын қара пышақ бар.
Мен,
білмеген,
сезбеген бола саламын ылғи.
Қашан сұғып алар екен,
білдіртпей,
сездірмей,
әлгі ұзын қара пышақты?

"0"

О, бүгін,
кітаптармен суретке түсті.
Кітаптар миығынан күліп тұрды.
О-ның оқымайтынын біліп тұрды.
О, өзінің нөл екенін білдіргісі келмеді,
О-ған Сенгісі келді. Сенбеді.

АЖЫРАСҚАНДАР. МОНОЛОГ.

Қандай жақсы өлмегенім,
келмегенің жөн болған.
Сенбегенің қандай жақсы,
сен, маған.
Сен де, мен де, өзін-өзі алдаған,
сүйінерге еш әсері қалмаған,
жүректерміз,
сүп-сүйкімді. Бәріне.
Таң қалмаймын әлі де.

Ғашықтарға ақыл айтып,
бақырайтып, аңғал, аңқау көздерін,
өткен шақты жылатамыз
құлатамыз көңілді.
Оның несі көңілді?

Мені қойшы, басқа - басқа, сенікі не?
Сондағы - ? Сезімімді... Сезіміңді
өлтіргенің болмады, дей салайын,
о, пәлі!

Күлген сайын іштен жылап,
жылағанда жұбанып,
отырамын, өзіңді ойлап,
қателессең қуанып.
Сағынып.

Күндер, күндер – мағанасыз,
ағып жатыр қанымда.
Бетімен.

Мына біреу неғып жатыр,
неғып жатыр жанымда?
Өкінем...

Шын. Дық.

«Өзінің аспанында балықтар ұшып жүр...»
Ал, кәні, осы сөйлемді түзеңіз.
Біз ауа мұхитында балықтай жүземіз.
Құс та жүзіп жүр ауада.

«Тасбақа» дегенге шамдандық.
Таңдандық құстарға...
Өйткені, төбеңде!
Құстар да жүзеді ауада.
Бірақ, Тәңірден төменде.

Ұмыттық ұятты.
Қош. Уақытша.
Бізден ақылды сияқты, дельфин.
Нақылды судай сапырдық.
Тірі су жаратады жанар.
Судай сапырдық сөзді.
Балыққа обал.

Ғарышта жұлдыздар жүзіп жүр.
Ойланшы дельфиндей... жүзіп... былай...
Уақыт та жүзіп жүр, ойнап...
Кеңістік – ағын.
Ұшып жүр Құдай!

КҮЗ

Қайдан келді?
Белгісіз, жылап келді.
Жылап келді, жүзінде сұрақ белгі.
Көрмегенсіп қараймын телефонға,
телефоным дірілдеп алақанда.
Есеңгіреп артында жолы жатыр,
мүсіркейді барлығы. Бәрі - батыр.
Бет-ауызы байғұстың сатпақ-сатпақ,
есігімнің алдында не қып отыр?
Есігімнің алдында толған көлік,
Баяғыдан тас жүрек болған ба едік?
Жан-дүнием құрғыр-ай, астаң-кестең,
жоқ нәрсені - бар дедік, жалған дедік.
Жарты сағат болды ма, болмады ма?
Жалтақ-жалтақ қараймын жан-жағыма.
Ұмтыламын, өзімді тоқтатамын,
жетіп барғым келеді дәл жанына.
Он күн өтті... Жанына бара алмадым,
міне бүгін, өзімді тағы алдадым.
Есігімнің алдында жылап отыр,
Құдай-ай, бір ретін таба алмадым.



Өлеңдер adebiportal.kz көшірілді
author

Бауыржан Қарағызұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...