Күн батып бара жатты. Сыбызғының сазын тыңдап отырмын. Далада үп еткен жел жоқ. Терезе алдындағы тал...
Жадыра Шамұратова. Оң жақтан санағанда үшінші... (әңгіме)
Қою қара шай құйылған стаканын алып терезе алдына жақындады. Тек осындай қою шайдан кейін ғана нағыз шай ішкендей болады. Қызмет жылдарынан қалған әдет. Пәтерінің ең жоғары қабатта болғаны, осы терезеден күннің шыққаны мен батқанын көре алатыны қандай жақсы. Айнала дүние жер бетін жапқан үлбіреген жамылғы әппақ қар мен әртүрлі шамдардың әсерінен миллиондаған жарқырауық қымбат тастарды аямай шашып тастаған секілді құбылады, күн көкжиекке тырмысқандағы осынау сұлулықты көру Аянды ерекше сезімге бөлейді. Соңғы кезде жүрегі шаншып, мазасы болмай жүргендікі ме, өмірдің тым тәтті екенін сезіне түскендей. Шайын ішіп отырып, ұлының бүгін де жұмыстан тым жай келетінін болжады. Өзі шаршап, ұйқысы қанбай сілелеп жүрсе де, тынымсыз қызметіне көңілі толмаушылық білдіргенін не қабақ шытқанын көрген емес, баяғыдағы өзі секілді бар ынта-шынтасымен жүреді. Айбын алтыншы әлде жетінші оқып жүрген кезінде ме келіп, «пап, мен де сен сияқты полиция болғым келеді» деген кезде бұл өзінің салмақты қалпын бұзбастан «полиция саған компьютердегі ойындардағыдай неше түрлі трюк жасап, көзге көрінбей жүріп оқ ату емес, қылмыскердің ішінде де миы компьютердей жасайтындары, енді ұстадым ба дегенде шаң қаптырып кететіндері жетерлік, сондықтан сен одан үш есе ақылды болуың керек» деген, ал өзі ішінен ұлының әке жолын қуатын ниетіне марқайып қалған. Мектеп бітірген кезде Айбын өзге балалар секілді біресе ананы айтып, біресе мынау жақсы деп алаңдаған емес, бала кезіндегі көңіл қалауымен таңдаған жолға түсті. Ұлының тергеуші болуға құштарлығы әкені риза қылатын.
- Сен асықпа, балам. Тергеушілікті детектив кітаптары арқылы елестетсең, ол, әрине, қызықтырақ. Бірақ, іс жүзінде бұл нағыз бас қатырғыш, кейде өнбейтін шаруа болып шығатыны бар.
- Папа, сіз тергеуші болып көрген жоқсыз ғой.
- Әлбетте, сен әкеңнің жазасын өтеушілермен жұмыс жасағанын, сол жерден демалысқа кеткенін ғана білесің. Оның алдында алты жылдай парақорларды ауладық. Бұл онша ұнамады, абырой бермегені өз алдына тіпті жүйкені жұқартатын қадірсіз қызмет екен. Өзіңе жау тауып бергеннен басқа пайдасы жоқ.
- Біздің жұмыс сонысымен қызық. Әлде сенің заманыңда басқашалау болды ма?
- Біздің заман сәбет кезі ғой, сенен сәл ғана ересек тартқан шағымда сол кездегі ауыл шаруашылығы және алыпсатарлық бөліміне жіберді. Бұған анау-мынауға бұрыла қоймайтын бірбеткей, мықшеге болмасаң қосақ арасында күйіп кету оңай. Біреулерді құрту үшін өзіңді көсеу ретінде пайдалануы да, қарадан қарап арандап қалуың мүмкін. Олардың біреуін, әрі кетсе екеуін қағып тастарсың, үшіншісінде қолдан жол апатын ұйымдастырып өзіңді жоқ қылуы әбден мүмкін.
- О-о, сіздің кезде де оңай болмаған екен ғой, – баласы ықыласпен тыңдап отыр.
- Енді қалай деп едің, жұмыс қай кезде де оңай емес.
- Дегенмен, пап, сен сақтануды бірінші орынға қойған екенсің! Ха-ха-ха. Ұлы мен әкесі қосыла күлді.
- Сақтанбасаң болмайды. Сені қартайғанда көрдім емес пе, мен сақтанбасам сен де жоқ едің бұл өмірде.
- Пап, сен өлген адамдарды көрген кезде қандай сезімде боласың?
- Мен теміржолда жасаған кезімде ол жерден өлген адамдардың сүйегін жинайтынбыз, суретке түсіреміз. Кейде адамның шашылып қалған миын, денесінің бөлшектерін жинап алатынбыз. Сол кезде бұл өзі қандай адам болған, арманы қандай болды, өстіп сүйегім шашылып жатады деп ойламаған шығар дегендей көңілсіз ойлар болатыны рас.
- Ия, пап, кей адамның өмірі қиын, мысалы, мен кеше жол бойында тұрған шетелдік көліктен бір әйелдің мүрдесі табылған кезде түршігіп кеттім. Ол орта жастағы әйелді бәтеңкенің бауымен буындырып өлтіріп кетіпті, балалары қатты қиналған шығар. Көлік ішін тексерген кезде екі кішкентай баланың суретін таптық.
- Қиын жағдай. Бірақ, сен салқынқанды болуға тиіссің, бұл қызметің. Тезірек қылмыскердің табылуына күш салыңдар, олар қатаң жазалануы керек.
Әкесімен емен-жарқын сөйлесіп отырса да жас жігіттің жүзінде мұң бар еді, әрі шаршағаннан көзі де кіртиіп кетіпті. Әлде осыдан бес жыл бұрын марқұм болған анасын есіне алды ма... Ұлы демалуға өз бөлмесіне кіріп, әкесі теледидардың дауысын бәсеңдетіп арнасын ауыстырды. Онда Еңбекшіқазақ ауданында болған оқиға туралы айтып жатты. «Алматы-Көкпек, Көктал жолында тұрған қымбат көлік ішінен өлі табылған әйел адам кісі қолынан қаза болған болуы мүмкін», деді оқиға орнынан тілші.
***
Аян бүгін де ұйықтай алмай шықты, тілінің астына салған дәрісі де онша әсер етпей ме, немене. Ұлын ертеңінде де, арғы күні де көрмеді, кеш оралып, ерте кетеді. Әкесі пісіріп қойған тамақты ысытып ішсе ішеді, болмаса оған да мұрғасы жоқ, келеді де жуынып-шайынып төсегіне жата кетеді. Өткендегі шетелдік көліктен табылған әйелдің ісі не болды деп сұраудың реті келмей жүр. Жарты ай өткенде барып әкелі-балалы екеуі бірге отырып ыстық ас ішті. Ұлы мұның өзіндей емес, мінезі жағынан марқұм шешесіне тартқан, адаммен шүйіркелесуі де, тіл табысуы да оңай.
- Оқиға былай болған. Еңбекшіқазақ ауданында Алматы-Көкпек, Көктал жолында бір қымбат көлік тұрады, күндіз де, түнде де сол тұрған орнынан қозғалмай тұрғасын жергілікті адамдар «апыр ау, бұл не көлік, бұзылып қалған ба, әлде жол апатына түскен бе?» деп келіп қараса, рульде әйел адам бір жағына қисайыңқырап отырғанын көреді де оның қайтыс болып кеткеніне көз жеткізіп, дереу бізге хабар берді, – деп бастады ұлы әңгімесін
- Сонда бірнеше күн тұрғанда сендерге осындай көлік жоғалды, осындай адам жоқ деген хабар келмеді ме?
- Жоқ. Біз келдік, әйел адамды әуелі жүрегі тоқтап қалған шығар деп ойлағанбыз, өзіне қол салған шығар деген жорамал да болды, бірақ ол жерден ер адамның бәтеңкесінің бауын тауып алдық. Қайтыс болған адамның қолының қимылы да оның соңғы сәтте кісі өлтірушімен біразға дейін қарсыласқанын білдіреді. Артынша жүргізілген сот-медициналық сараптамасы да әйелді бәтеңкенің бауымен буындырып өлтіргенін растады.
- Тергеуді бастады ма?
- Ия, біздің Жедел-тергеу тобына ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жігіттерін қосып берді.
- Әйелдің кім екені анықталды ма? – деді біраз үнсіздіктен соң әкесі өзіне кофе құйып жатып.
- Ия, ол жылжымайтын мүлікпен айналысатын бизнесмен әйел екен. Қысқасы маклер.
- Қайтыс болар алдында қандай да бір келісім жасаған ба?
- Оны білмедік.
- Бұл тапсырыс болуы мүмкін,– деді әкесі ыстық кофенің буынан буланып кеткен көзілдірігін сүртіп жатып.
Сол қолымен басын сүйеп отырған жігіт оң қолымен үстелді тықылдатып ойланып кетті. Осындай жауапты істі қашан сеніп тапсырар екен деп күткенімен, дәл қазір бұл қылмысты ашу үшін қандай да бір дәлел де, айғақ та жоқтың қасы еді. Жіптің ұшын ұстау керек, бірақ ол жіптің өзі қайда? Белгісіз біреудің қолынан қаза болған әйелдің жаңа әрі қымбат көлігін іші-сыртын мұқият қарап шықты, көзге шалынған ештеңе байқалмады, сызат түскен де жері жоқ. Іші де мұнтаздай, әйелдерге тән жинақылық байқалады. Қысқасы, күдік туғызатын ештеңе жоқ. Мәшиненің құжат салатын қобдишасынан бірі он жасар, бірі сегіз жасар ұл мен қыздың суреті табылды. Бірде тауда сейілдеп жүрсе, бірде аттракциондарда көңіл көтерген балалардың екі езуі құлақтарына ілініп қалған.
***
Жас тергеушінің бірнеше күндер бойғы тынымсыз әрекеті өз жемісін бере бастады. Байланыс қызмет орталығы арқылы телефон қоңырауларының кіріс, шығыс номерлерін тексерді, ол номерлер бірі әйелдің туысы, бірі құрбысыныкы болып шықты. Тек бір белгісіз номердің оқиға болатын күннен бірер күн бұрын қайтыс болған әйелге хабарласқаны мұның назарын аударды. Бірақ, қанша телефон шалса да, ол номер жабық тұрды. Ақыры бұл номердің кімнің атына тіркелгені де анықталды.
Жігіт қайтыс болған әйелдің құрбысына қоңырау шалып, оны кездесуге шақырды. Марқұмның қайтыс болар алдында кіммен кездесіп-сөйлескені туралы айта алса жақсы болар еді. Дәл қазір тергеуші үшін кез келген мәлімет маңызды. Жас шамасы отыздан асқан ұзын бойлы қараторы келіншек именшектей басып келіп отырды. Даусы бәсең шығады. Өз ойымен болып отырып, оның алдыңғы айтқанын онша аңғармай қалған жігіт оған көз алмастан қарап отыр.
- Сіз Айнұрмен қашаннан бері таныссыз?
- Екеуміз бірге жұмыс істейміз. Ол менің бастығым.
- Фирма немен айналысады?
- Біздің фирма жылжымайтын мүлікпен айналысады. Сатып береміз, сатып алуға көмектесеміз, пәтер жалдағысы келетіндер де бізге хабарласады.
- Екеуара қарым-қатынастарыңыз қалай? Жұмыс барысында келіспеушіліктер болып тұра ма?
Осы кезде жауап беруші жүзі бозарып кеткендей болды.
- Жоға, о не дегеніңіз. Біз бір жағы жұмыстаспыз дегенмен құрбылармыз ғой.
- Соңғы рет Айнұрды қашан көрдіңіз?
- Ақпанның 2-сінде жұмыста көрдік, ал 3-і күні ол маған хабарласып «құжаттармен жұмысты жасай бер, мен маңызды жұмыспен кетіп бара жатырмын» деп телефон шалды.
- Ал, содан соң...
- Хабарласпады.
- Сіз ше?
- Мен ол күні жұмыс көп болып хабарласуға мүмкіндігім болмады.
-Ертеңінде ше?
- Жауап беруші төмен қарап кетті.
- Ертеңінде... өзім ауырып қалдым. Тұмауратып, қызуым көтеріліп.
– Сонда мүлдем хабарсыз қалдыңыз ба? Құрбыңызға не жағдай болды деп білгіңіз келмеді ме?
- Ауырсам қатты ауыратыным бар.
- Мына номерді танисыз ба?
- Неге үндемейсіз, егер номер таныс болса жасырып қалмай шындығын айтыңыз, бұл арқылы бізге көмектесесіз. Сіздің құрбыңызға жақсылығыңыз болады, жасырмаңыз. Тергеуші бастырмалата сөйлеп кетті.
- Сізге таныс қой, танитын сияқтысыз.
- Ия...
- Таныс па?
- Таныс. Қазір...
- Бұл аты Рита ма еді, әйтеуір, ол да риэлтор екенін білем.
- Кездесіп пе едіңіз?
- Жоқ.
- Ал, номерді қайдан білесіз?
- Бұл кісі шаруалармен хабарласқан болатын.
- Қандай шаруа екенін айта аласыз ба?
Айнұрдың құрбысы манағыдай емес, даусын шығарып, сенімді сөйлей бастады. Оның айтуынша, бұл фирманың ашылғанына көп бола қоймаған. Жұмысшылары да шағын, отыратын кеңселері де екі бөлмелі пәтерден қайта жасақталған. О баста Айнұр өзі басқа бір риэлтор компаниясында менеджер болған, келе келе өз алдына бөлек фирма ашады, қарамағына жастарды алады, бұл кәсіптің пайдасы да тәп-тәуір көрінген. Бірақ, адамның болған үстіне бола түссін дейтін әдеті емес пе, Айнұр қайткенде көбірек пайда табуға болатынын о ойлайды. Бірде ол өзінің сенімді адамдарынан мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспананы сатып, пайдаға кенелуге болатынын біледі, қасындағы құрбысына да жалға берілетін пәтерлерді сатуға болатындай рәсімдеп, көп ақша жасау туралы сыр қып айтады. Бұл оңай шаруа емес, бәрін заңға сәйкес жүргізу үшін бұл жерде ықпалды адамдар керек еді. Оларға қалай шығуға, қалай тиімді келісуге болады? Өстіп жүргенде іздегенге сұраған, осы Рита хабарласады. Ол өзінің мемлекеттік органдармен байланысы барын, шаруаны шешуге болатынын айтып Айнұрды сендіреді. Олар өзара кездесіп, осы шаруаға қатысты талқылап, ақыры келісімге келгендей. Айнұр өзіндегі бар қаражаттан бөлек ірі сомада қарыз алады. Егер пәтерлерге қол жетіп, оны жақсы сатса, көмектескендердің үлесін беріп, қарызын қайтарғанның өзінде біраз олжалы болатынын болжаған еді Айнұр.
- Сонымен ақшаны Ритаға жеткізіп берді ме?
- Ия, берді. Бірақ...
- Бірақ, Рита оның ақшасын да қайтармады, пәтерлер мәселесі де шешілмеді, солай ма?
- Сіз қайдан білесіз? –деді таңғалған сыңаймен Айнұрдың құрбысы.
- Білеміз, әдеттегі жағдай. Жас жігіт өзінен өзі масаттанып кеткендей болды. Тіпті ол өзін бейтаныстың алдында тәжірибелі тергеуші ретінде көрсеткісі келді ме, немене...
- Рита ақшаны алды, басында «керек адамдармен сөйлесіп жатырмын, өзің білесің, бұл майда-шүйде шаруа емес қой, менің сөйлескен адамымнан да жоғары тұрғандар бар, олар да өзара келіссөз жүргізуі керек» деп сендіріп бақты, деп сөзін жалғады Айнұрдың құрбысы.
- Екі арада шамамен қанша уақыт өтті.?
- Шамамен екі айдай уақыт шығар. Соңғы жағында Айнұрдың шыдамы таусылып, Ритаға ренжіп жүрді.
- Сіздіңше ең бірінші күдікті Рита ма?
- Солай ойлаймын.
- Рита Айнұрды өлтіруге тапсырыс берді деп ойлайсыз ба?
- Меніңше, ол ақшаны қайырмау үшін Айнұрды оңаша шақыруы мүмкін ғой. Сіз білмейсіз, бұл жерде мәселе ақшада.
- Сонда қанша сома?
- Көп. Келіншек басын шайқады.
- Мысалы, күйеуінен күдіктенсек ше.
- Жоқ, ол ажырасқан. Екі баласы мамасында қалды. Айнұрдың құрбысы мұңайып қалды.
***
Бұдан әрі жас тергеуші үшін мазасыз шақ басталған еді. Айнұрдың анасының үйіне барғанымен көзі бұлаудай болған қарт адам ештеңе айтып жарытпады. Айбын Сағатов Ритаға қатысты мәліметтер жинай келе оның бұдан бұрын да алаяқтығы үшін істі болғанына көз жеткізді. Ритаға іздестіру жарияланып, теледидар, газет арқылы хабар таралғанымен ешқандай мәлімет түспеді. Тіпті көрдік, білдік деген бір жан болсашы. Ізім-қайым жоғалған ба дерсің.
Бұл кезде дактилоскоп-сарапшылар көлік ішінен тапқан, құрылғылармен әрең-әрең байқалатын саусақ ізі мен табан ізінің иесін анықтау үстінде еді, саусақ іздері марқұм болған көлік иесінің саусақ ізіне де, оның айналасындағылардың біріне де келмейтін. Жас тергеуші, полиция капитаны Айбын Сағатов ғылымның кез келген жетістігі үшін қуанатын, осы жолы да автоматтандырылған дактилоскопиялық «Папилон» ақпарат жүйесінің электронды картотекасынан табылған саусақ ізінің көліктен табылған саусақ ізіне қатты ұқсайтынын білгенде көңілі көтеріліп кетті. , «Міне, жіптің ұшы да табылды емес пе»! деді ол ішінен. Бұл оған өзінің жұмысындағы жетістікке әкелетін жаңалықтай көрінді. Бірақ, қуануға ерте екенін іші сезеді. Із кесіп, Қарағанды облысына шыққан сақшылар отыздан асқан дөңмаңдайлы, бойы сырықтай ер адамды ұстады, азамат Саидов деген жігіт бастапқыда ештеңе мойындамағанымен өзінен өзі дірілдеп, біресе сұрланып, біресе қызарып, күмәнді қоюлата түсті. Ал, қайтыс болған әйелдің суреті мен оны қылғындырған бәтеңкенің бауын көрсеткен кезде көзі ойнақшып, жүзі қабарып кетті. Ештеңе көрмедім, білмедім деген сөзінен камерадағы жауаптау кезінде де танбады. Бірақ, Айнұр марқұмның тырнағының арасында қалып қойған адам терісінің сыдырылған қабаты мен Саидовтың терісі сәйкес шықты, шамасы марқұм соңғы сәтінде арпалысып жатып Саидовты тырнаса керек. Риэлтор әйелдің оқиғасына байланысты тергеу басталғанына 58 күн өткен кезде Рита есімді бір әйелдің бұрын Алматыдағы бір мектепте математикадан мұғалім болғаны, қазіргі уақытта балабақшада еден жуушы ретінде тіркелгені туралы дерек шықты. Ал, көп ұзамай Рита табылып, оны жауаптаған кезде ол өзінің бұл іске қатысы барын жасырмады. Қасы қиғаш біткен, көзі үлкен, жанары жарқыраған, қыр мұрынды, ашаң жүзді көрікті әйелдің даусы да жағымды екен.
- Тапсырма солай еді, Айнұр есімді келіншектің сеніміне кіруім керек болды.
- Ол тапсырманы кім берді сізге?
- Фамилиясын білмеймін.
- Сонымен фамилиясын айта алмайсыз ба?
- Жоқ.
- Ал, Айнұрдан алған ақшаны қайырмау үшін оның өзін жоқ қылдыңыздар, солай ма
- Менің бұған қатысым жоқ, мен тек тапсырманы орындадым, ақша жеткізілді, ар жағында не болғанынан хабарсызбын.
- Ал, Саидовты танисыз ба?
- Жо-оқ, ол кім? Саидовты танымаймын.
Рита ойланып қалды.
- Біз бір-бірімізді танымаймыз.
- Сіз риэлторсыз ба?
-Ия, сізге пәтер керек пе?
- Жоқ, рахмет.
Тергеуші жігіт мұның өзін баласынып отырған әйелдің көзін төмен салғандағы әдемі жүзіне қарап «Мұндай адамдар өзгенің сеніміне оп-оңай кіре алады, тек табиғат берген көрікті алаяқтыққа арнағаны өкінішті» дегенді ойлады.
***
Ол айнаға өзін-өзі зерттей қарады. Кең маңдайы, ұзынша біткен қыр мұрны, әжім түсіп үлгермеген сопақша жүзі әлі бірталай қыз-келіншектің назарын аударатынына сенімді. Соңғы кездері сиреп, арасына ақ талдар араласа бастаған қоңырқай шашын жатқыза тарады. Сосын қалтасынан пышақ алып жүзін бармағымен басып көрді. Оның көкшіл көздері салқынқанды қарайды. Айнадағы өзінің көзіне өзі үңілді, тек ессіздерде ғана осындай суық көзқарас болатын шығар. Пышақты қойнына тығып, бір жаққа асығыс жинала бастады.
Бес қабатты үйдің ауласы қашанғыдай тыныш қалпы. Әріректе тұрған бірлі-жарым көліктер болмаса, бұл уақытта елдің бәрі жұмыста, сабақта екені байқалады. Ауладағы әткеншекте баласын алдына алып жаймен тербеліп отырған келіншек те, подьездің есігіне жақын жердегі орындықтағы орта жастар шамасындағы қызыл күртелі әйел де телефонға шұқшиып отыр. Олар қастарынан жел сияқты дыбыссыз өте шыққан адамның есікті жапқан дыбысын да естімей қалды. Бір кезде іштен «А-а-а!» жанұшыра шыққан үрейлі дауыс естілді. Дауыстың қатты шыққаны соншалық, ол тіпті сыртқа да анық естілді. Іле-шала 4-қабаттың терезесінен бір ер адам жерге ұшып түсті. Ол қан-жоса болып, көзі ашылған күйі жатты. Оның айналасына жайылған қан бірте-бірте ұлғайып бара жатты. «Жедел жәрдем» келіп жеткенде оның әлі тірі екені, бірақ көп қан жоғалтқаны белгілі болды. Артынша полиция келіп жеткенімен, ер адамға пышақ сұққан белгісіз біреу табанын жалтыратып үлгеріпті. Сұрастыра келгенде қолы-басына қан жұққан күдікті адамды көрген ешкім болмай шықты. Қанша түртінектесе де полиция оқиға орнынан айғақ та, белгі де таппады. Тіпті жапа шеккен ер адамды байқаусызда өзі терезеден құлап кетті деп ойлауға болатындай. Полиция әзірге терезеден құлаған ер адамның ес жинап, өзіне келуін күткеннен өзге амалды көре алмады. Бірнеше күнде ол да есін жиды ау, пышақ ішкі мүшелерін жарақаттамаса да омыртқадан тиіп, соның кесірінен қол-аяғы сал болып қалған жәбірленуші ептеп тілдесуге жарады.
- Сіз оны танисыз ба?
- Жоқ.
- Түр әлпетін суреттеп бере аласыз ба?
- Ол... славян тектес, ұзын бойлы...
- Мұрты бар ма?
- Мұрты... жоқ секілді.
- Тағы?
Жәбірленуші үзік-үзік тіл қатып, есінде қалған белгілерді айта бастады. Ал, артынша күдіктінің фоторобот бейнесі жасалды. Бұл кезде құрбандығының өлмей қалғанынан бейхабар «Коммерсант» қаланың қалтарыстау жеріндегі сыраханада отыр еді. Фотороботты көрген Рита да, Айнұрдың құрбысы да бұған ұқсас адамды танымайтынын айтты. Тек Саидов қана бұрынғысынша жақ ашпады.
***
Өзінің Курбановпен танысқанына жыл да толмаған екен ау. Самал-1, № 23 шағынаудандағы тәуір пәтері бар тұрғынмен танысып, оған балық кәсіпорынында серіктес болу туралы ұсынысын айтқан кезі былтырғы көктем еді. Бастапқыда балық өндіріп байып кетеміз дегенге иланып қалған Курбанов жеме-жемге келгенде тоғыз миллион теңге алу үшін пәтерін кепілдікке қоюға келіспеді. Пәтер иесі қарсылық білдірген кезде Сюткин құжатты қолдан жасап, ал пәтер иесінің жанын жаһаннамға аттандыру туралы ойлады. Бұл шаруа «Коммерсантқа» тапсырылды. Енді қалғаны – пәтерге жалған құжат жасап оны сату ғана, пәтер кемінде тәп-тәуір бағаға өткелі тұр.
«Коммерсанттың» шаруаны тастай қылғанына күмәні болмаса да оқиға орнын бір тексеріп қою керектігін естен шығармады. Әсіресе, көмекшісінің «өлік сол жерде қалды, өзім қашып үлгердім» дегені мазасын май ішкендей етті. Бүкіл жағдайды біліп қайтуға «Жазуды» жібермек. Ол жазбаса да барлық жағдайды біліп, хабар әкеледі. Ал, «Жазу» деп аталғаны үсті-басы татуаждан көрінбейтін. Жазу «Коммерсант» шаруасын бітірдім деген адамның тірі қалғанын, ауруханада екенін жеткізді, бұл хабар Сюткиннің жүйкесіне қамшы тигендей әсер етті, тапсырманы дұрыс орындамаған «Коммерсант» сазайын тартады әлі...
Сюткин блакнотын алып, жоспар құра бастады. Ол жазбайтын, өзінің жоспарын геометриялық фигуралар, сызықтар, таңбалар арқылы беретін. Өзіне ғана түсінікті бұл әдісі қауіпсіздік үшін де таптырмас тәсіл. Соңғы күндері Станиславский көшесіндегі үй көзіне түсіп жүр, шешесі мен қызы ғана тұрады. Бірінші жұмыс – өзінің қол астындағы сымбатты жігіт «Коммерсантты» жиырмадағы қыздың басын айналдыруға жібереді. Жастар махаббатқа мас бола тұрсын, әңгіме әбден пісті-ау дегенде некеге тіркейді. Одан кейін «Коммерсанттың» да үйге үлесі бар болып шыға келеді. Одан әрі жас жұбайларға және олардың мамасына, болашақ сәбилерге үйді кеңейту мәселесін желеу етіп, шаруаны өзі қолға алады. Үй сатылған соң шешесі мен қызынан құтылу қиын емес. Оның тәсілі де жетерлік. Сюткин көңілденіп кетті. Оның жоспары көп еді. Жалғыз қызы Ресейде, өзі жалғыз тұратын оқымысты шалдың кезінде милиция болып жасағанын естігенде қаны басына шапшыды, ол милицияны жек көретін. Оның үстіне қарт милицияның антиквариат жинайтынын айтсаңшы! Сюткин жұдырығын жұдырығының үстіне қойып ұзақ отырды. Кезекті жорыққа шығарда өстетін әдеті еді.
***
Телефоны қоймастан дыңылдады, түн жарымында ерігіп жүрген қайсысы екен ей. Ар жағынан ер адам әуелі күркілдеп ұзақ жөтеліп тұрып алды.
- Ау, Аян шал, ассалау, таныдың ба?
- Саламалейкум, аа, Замир дос, қалай жағдай?
- Норма. Бір жағдай болып қалды.
- Құлағым сенде.
- Саған көңіл айтам, шал. Досың Коляға жағдай болды.
- Не-ме-не? Қалай?
- Анау бірге тұратын екінші ме, үшінші ме, жастау әйелі бар еді ғой, сол үйге кірсе, Коля соның алдында жүріп кетіпті дейді. Жүрегі ұстаған сияқты.
Аянның есіне Колямен үш күн бұрын сөйлескені түсті. Не айтып еді екеуі? Е-е, есіне түсті, бұл сол күні әлдебір кинофильм көріп шығып, әсерінен арыла алмай, оған телефон шалған екен ғой. Жобасында мұның ойындағы сұраққа тек Коля ғана дұрыс жауап береді деп есептейді. Оның үстіне Колядай білімпаз адам да сирек.
- Коля, сенен сұрайын дегенім... осы жаза кесіліп түрмеге түскендерді жазалаған кезде әдейі подставамен бе, болмаса құжаттары ауысып кетіп қылмыскердің өзін емес, оның орнына жазықсыз басқа адамды жазаға кескен оқиға болған ба?
- Біздің елде ме?
- Жоға, жалпы әлемде деймін.
- Оны қайтесің, шал.
- Жай керек болып тұр еді.
- Ол жағын білмедім. Менің білетінім – соңғы жүз жылда АҚШ-тағы электр орындық бар емес пе, соның үстінде қателікпен 25 адам жазаланған. Естисің бе, 25 адам. Ол деген сұмдық қой, – деген ол.
Сөйткен Коля, зейінді де зерек Коля өлді дей ме. Аянның жүрегі төмен тартып кеткендей болды. Сол күні де Аянның ұйқысы қашып таңға дейін ойланып шыққаны. Адамның ойы мұншама шексіз болар ма... Өмір деген есікті ашып-жапқандай ақ екен ау, бір кезде Коля да, мұның өзі де қылшылдаған жігіт еді, тіпті шаршауды білді ме? Неге екенін, Аянның есіне өзінің құпия қызметте болған үш жылы орала берді. Ол жерде адам ұзақ уақыт жасай алмайтын. Өзіне дейін жұмыс жасаған адамның жүйке ауруына шалдыққанын да естіген. Өзінің шыдамы үш жылға ғана жетті. Ол кездегі жарлық бойынша кім де кім бұл жерде бес жылдан артық қызмет етсе, оған полковник шені берілетін, демалыс үйлеріне де жіберілетін. Бірақ, Аян оған жете алмады, бес жылды айтасың, ол өзінің әбден тозып, үзілерге шақ тұрған ескі арқандай төзімін үш жылға әрең жеткізді. Түрмеде жендет болу үшін о бастан қаныпезер болып жаратылу керек шығар. Бірақ, Жаратушы адамды жаратқан кезде күнәдан пәк сәби етіп жаратады емес пе деп ойлады біресе. Ол кезде Аян өмір, Құдай жайлы, адамдық борыш туралы ойлап жатпайтын, оған уақыты болмады ма әлде мұршасы келмеді ме. Бірақ, соңғы жағында осы жасап жүргенінің бәрі, өзінің айлық алып жүрген жұмысының адам өлтіру екенін түсінген кезде өзін қоярға жер таппай кеткендей күйге түсетін болды. Айырмашылығы – барлығы да заң жүзінде. Заңмен қаралған, қорғалған, заңдастырылған, қолдар, мөрлер... Ал, егер сол қылмыс жасады деп үкім кесілген адамның орнында басқа бір кінәсіз адам жазаланса ше? Аян үшін мұндай мәліметті табу әрі қызықты әрі қорқынышты көрінді. Қызықты болатыны – ол әлі күнге қылмыс пен жазалауға қатысты әдебиеттер оқитын. Ал, қорқынышты болатыны... Расында құжаттан қате кетіп не жоғарыдан әдейі ұйымдастырылған болып, шын қылмыскердің орнына жазықсыз біреу жазаға кесілген болса ше, онда жазықсыз адамның қанын мойынына жүктегеннің бірі өзі болып шықпай ма?
Аян түрме туралы кинофильмдер қарағанды ұнататын. Кейде ондағы бояма көріністерді көріп ішек-сілесі қатып күліп те алатын. Мысалы, жазаны орындау алдында яғни қылмыскердің соңғы сәтінде пірадармен кездесетін жерін өз басы режиссердің тым аңғал шешімі деп ұғатын. Психиатрлар төрт рет адам өлтіргеннен кейін де өзгермей, ақыл-есінде ауытқу болмай, жүйкесі сол қалпы қалатын адам сирек екенін айтады.
***
Коляның ауырмай-сырқамай жүріп кеткеніне көңілі бар болғыр иланар емес. Бір қарағанда өте қарапайым жағдай болғанымен Аян досының өз ажалынан қайтыс болғанына бәрібір сенбеді. Бұл мүмкін, ежелден бірге келе жатқан, жас кезінен бірге қызметтес болып, пікір-көзқарастарын бөлісіп жүрген жолдасын қимағандықтан да шығар. Адам баласы жасы ұлғайған сайын уақыттың да, достың да қадірін біле түсетініне өзінің де көзі жетіп келеді.
Оқиғаның ұзын-ырғасы былай болған. Отставкадағы милиция подполковнигі, 72 жастағы зейнеткер өзінің пәтерінде қайтыс болды. Сол ауданға қарасты шұғыл тергеу тобы пәтерге келіп, «жасы келген адам жүрек талмасынан қайтыс болған» деген тұжырым жасап, тергеуші мүрдені мәйітханаға жіберіп, ал пәтерді мөр басып жауып қоюға шешім шығарған. Бұл істе күдікті көрінбейді, Істің осылайша тез аяқталуы Аянның көңілін көншітпеді. Оған себеп те бар еді. Досының азаматтық некедегі әйелімен сөйлесе келе Аянның білгені – үй иесін өлі күйде тауып алған кезде пәтердің астаң-кестеңі шығып жатқан. Әсіресе, қонақ бөлмеде кітаптар шашылып, шкафтардың есігі ашылып, киімдер қалай болса солай лақтырылып, тіпті төсек-орынға дейін умаждалған. Ол жерде біреулер төбелесуі мүмкін бе, болмаса Коляның өзі дүниенің бәрін шашып, астын үстіне шығарып, әптер-тәптер қылып барып өлген бе, белгісіз. Әлде пәтерге ұры кіріп ақша не қымбат дүние іздеп жатқан жерінен үй иесі үстінен түсіп қалып, ұрлығымды жасырам деген ұры шалдың өзін абайсыз өлтіріп алды ма? Оның үстіне... Коля буда-буда көрпелердің арасында әлдекімнен тығылып қалғандай бүктетіліп, ыңғайсыз жатқан күйі көз жұмыпты. Әлде бұл қарақшылардың ісі ме? Құрманғазы мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында, ыңғайлы жерде орналасқан пәтер ойы арамдардың көңіліне құрт түсіруі де мүмкін ау. Бірақ, бұл детальдерге бұдан өзге назар аударған ешкім болмады. Тек Аянның өз ішіндегі күмәні мен күдігі ғана ұлғая берді. Сот-медициналық сараптама нәтижесі де подполковникті жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігінен қайтыс болған деп ұйғарса да, Аян өзі танитын тәжірибелі сарапшыларды шақырып, істің мән-жайын түсіндіруді сұрады. Обалы не керек, тәжірибелі сарапшылар подполковниктің жерлеуіне келіп, оның денесін қарап шығып, марқұмның жүрек тұсынан оқыс қатты соққы тигеннен жүрегі тоқтап қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның үстіне сол жерде бұлардың тағы бір досы Руслан Савичев те бір әңгіменің ұшын шығарды емес пе. «Сен өзің де білесің ғой, Аян, біздің Коля досымыз орден-медальдарды, ескі монеталарды жинағанды жақсы көретін еді ғой. Соңғы кездері олары көбейіп, «анау монета ана жылы шыққан, мына орденнің мынадай тарихы бар» деп әңгіме айтып отыратын. Кітапханасы да бай еді, мен өзім көзім нашарлап жүргесін онша мән бермеймін, бірақ, ол ширақ еді ғой, ескі-құсқы заттар сататын базарға барып, ескі кітаптар әкеліп, және сонысына өзі қуанып жүретінін білетінмін. Енді есіме түсіп отыр, Коля қайтыс боларының алдында белгісіз біреулердің оның пәтерін тартып алмақшы екенін айтып қалған болатын. Мен оны соншалықты сеніп қабылдағаным жоқ, дегенмен «сақтық үшін жекешелендіру келісім-шартын маған бере тұр, үйіміз жақын, керек кезде аларсың» дедім». Жасы Коля екеуінен үлкен ол шалдың басы бар да, аяғы жоқ әңгімесін қапергАян ж алмас та еді.
«Марқұм пәтерді өзінің Ресейде тұратын қызының атына рәсімдемекші болып, бірақ жылжымайтын мүлікті жекешелендіру туралы құжатты таппай қалып, осы құжатты қалпына келтіруге қызына өз атынан сенімхат беріпті, ол сенімхатты біреулердің пайдаланып кетуі де мүмкін», деген қалалық коллегия адвокатының сөзі ғана Аянның өз ішіндегі күдігін еселей түсті. Бұл жерде бір кілтипан бар ау деген оймен күндері өтіп жатқан еді. Оның үстіне шалдың қан қысымы да қырық түрленіп, саулығы алаңдата бастаған. Бірақ, әйтеуір күндердің күні осының түбінің шикілігі анықталар деп үміттенген күйі Аян ақырын күтті. Тіпті әлдебір әрекет қыла қояйын десе де тап қазір ойына ештеңе келмеген, өзі жұмысбасты болып жүрген ұлының да басын қатырғысы келмеді. Коля марқұмның қайтыс болғанына төрт ай өткенде оның азаматтық некедегі әйелі Аянға телефон шалды. Оның асығып-үсігіп жеткізген сөзінен жеке меншік пәтерлер кооперативінен әлдебіреудің телефон шалғанын, мөр басылған Коляның пәтерін әлдекімдердің тонап жатқанын түсінді. Аян Коляның әйелімен екеуі келген кезде денелері мығым жігіттер үйден заттарды шығарып жатыр еді. Тіпті рояльге дейін шығып қалыпты. Коля досы отырып алып күнұзаққа кітап оқитын ағаш жақтаулы креслоны да қағілез жігіттер көтеріп барады. Мұны көріп тұрған Аянның көңілі алабөтен бұзылғандай. Жастау кездерінде талай рет осы креслода отырып әңгіме-дүкен құрысатын, Коляның саясат туралы әңгімесін сағаттап тыңдайтын.
Үстіндегі былғары сәнді курткасы бойына қонып, өзін маңғаз ұстайтын ұзын бойлы, шашын жылмитып артына қайырып тараған, көзілдірікті жігіт өзін осы пәтердің жаңа иесімін деп таныстырды.
- Балам, бұл үйдің иесі бар ғой.
- Қалай? Оны мен сатып алғам.
Қызу істің үстінде мазасын алған «шақырусыз қонақтарға» деген ашуын әрең тежеп тұрғаны байқалған жігіт сызданып тұрып сату-сатып алу туралы келісім шартты көрсетті. Аян өз көзіне өзі сенбегендей қолындағы құжатқа қайта-қайта қарады, қол Коляныкыне ұқсайтын, ия, ия, Колянікі, нотариуспен де куәландырылған, бірақ әлі БТИ-да тіркелмеген болып шықты.
- Сіз пәтерді қалай аштыңыз?
- Кәдімгідей кілтпен. Қалай ашушы еді?
- Ал, кілтті қайдан алдыңыз?
- Қайдан алғаны қалай, бұрынғы үй иесі өзі берген. Ол кісі жарты жыл бұрын келісім-шартқа қол қойылған бойда осы кілтті тапсырды.
Енді Коляның әйелі қолындағы ескі кілтке қарап ойланып қалды. Ол марқұм күйеуінің қайтыс боларынан біраз күн бұрын есіктің кілтін ауыстырғанын есіне түсірді, сондықтан ескі кілтпен есікті ашу мүмкін емес еді. Онда жаңадан пайда болған үй иесі пәтерге қалай кірген? Әйел осы күдігін Аянға айтты. Бұл жайт Аянның ойын сан-саққа жүгіртті. Үйіне келіп ұлының алдынан ас боларлық бірдеңе пісірмек болған кезде де, кешкі жаңалықтар көріп отырған кезде де Коляның үйінің кілті есінен шықпады.
«Демек, ол кілт Коля қайтыс болмастан бұрын немесе қайтыс болған күні әлдекімдердің қолына түскен. Егер әлдекім кілтті қолына түсірген болса онда сол кілтпен есікті ашқан да, үйдегі Коляны өлтірген де сол болып шығады, бірақ, Коля бөтен біреуге кілт бермейді. Ал, егер екінші жорамалға келсек... Коля қайтыс болған күні үйге кім келді? Әрине, полиция бірінші жетті. Онда солардың бірінің кілтті алып кетуі мүмкін. Ал, мына жігіт кім? Оған Коляның пәтерді сатпағаны анық. Егер ол пәтерін сатқан болса оны мен неге білмеймін, әйелі неге білмейді? Демек, құжат жалған деген сөз. Әйтпесе, көзі тірі отырып, ақыл есі түзу Коля ешкімге су тегінге пәтер сатпайды. Ал, бұл жігіт... не шынымен де бар ақшасына құжаты жалған пәтер сатып алған яғни «қара маклерлерге» алданып сорлап қалған біреу, немесе солардың сыбайласы. Ал, бірақ, ол неге тым суық, ашулы? Коляның жанындай жақсы көріп, ынта-шынтасымен жинаған көне ақшалардың, медаль-ордендердің, әлемнің жауһар шығармаларынан тұратын бай кітапхананың қайда кеткенін сұраған кезде мені ұрып жібере жаздағанын көрмеймісің... Бұл жерде бір гәп бар» деп ойлады Аян темекісін сорып тұрып. «Не болса да Коляның денесін қайта аштырып, тексерту керек, сонда ғана бір шындық шығуы мүмкін».
Адам бір нәрсені мақсат етсе бойына күш қосылып, оны-мұны ауруларын да ұмытып кетеді екен. Аян да сөйтті. Ол досының әруағы алдында шындыққа көз жеткізіп, досының өліміне кінәлі қаскөйлердің кім екеніне көз жеткізуді өзінің борышы деп есептеді. Отставкадағы милиция полковнигінің денесін қайта ашып, тексеру туралы бір емес, бірнеше рет өтініш жазды, бірнеше есікті қақты. Ақыры 2007 жылы прокуратура қайтыс болған адамның денесін эксгумациялау және қайтадан сот-медициналық сараптама жасау туралы шешім шығарды. Сараптама қорытындысы шыққан кезде бәрі айтарға сөз таппай қалды, марқұм тұншықтыру нәтижесінде жантәсілім еткен болып шықты. Іс жаңаша бағыт алып, қылмыстық іс қозғалды. Алматы ішкі істер департаменті тергеу басқармасының тәжірибелі қызметкері тергеу жүргізді. Графолог-мамандар келісім-шартқа кімнің қол қойғанын анықтау кезінде марқұмның өзінің жазуымен салыстыра келіп, құжаттағы қолдың жалған екеніне көз жеткізді. Барлық үш құжаттың үшеуінде де қойылған қол бірдей болып шықты, тіпті әрбір миллиметріне дейін ұқсас, дәлме-дәл еді. Аянның пайымдауынша, өмірде олай болуы еш мүмкін емес, өйткені ешбір адам бір сөзді сол күйі аудырмай жазбақ түгілі бір әріптің өзін алдыңғысынан дәлме-дәл айнытпай салуы қиын. Енді бұл жазудың иесін, жалған құжат жасағандардың кімдер екенін анықтау қалды. Аян бұл істе өзін жас жігіттердей сезінді, Коля досы да кінәлілердің тезірек табылғанын күтіп жатқан шығар ау. Бірақ, жап-жақсы басталып келе жатқан іс орта жолдан тоқтап қалды, оған себеп – күдіктілердің өзі қазымыр тергеушінің үстінен шағым түсіргендігі еді. Олардың талабы ескеріліп, істі келесі тергеушіге берді. Ол да жазу тану сараптамасы мен екінші мәрте эксгумацияға қол жеткізді. Бірақ, бұл сараптама нәтижесі бір-біріне қарама-қайшы болып шыққаны Аянды аз күнде қажытып жіберді. Ызасы келді. Осыған дейінгі қадамы, әрекеті бекер болғаны ма? Бірақ, не істейсің, графолог-сарапшы өзінің әріптестерінің қорытындысын жоққа шығарып, жазудың қайтыс болған адамға тиесілі екенін айтып, ал, қайта жасалған сот-сараптамалық қорытынды нәтижесі марқұмда ешқандай да зорлық белгілері болмағанын алға тартқан кезде... Осы уақыт ішінде Аян өзінің бірнеше жасқа қартайып кеткенін де байқады. Ол досының алдында іштей берген уәдесін орындай алмайтынына өкінген еді. Бұл кезде қалай екені түсініксіз, марқұмның қан үлгілері де жоғалып кетті. Сарапшылардың қорытындысы осындай болғаннан кейін тергеуші қылмыстық істі одан әрі соза берудің қажеті жоқ деп шешті. Ештеңеден үміт етпесе де, қай жерге дейін ерік-күші жетеді, сол жерге дейін тоқтамауға бел буған Аян Прокуратураға қайта жазды, «Отыз бес жылын құқық қорғау органдарына берген қызметкердің жұмбақ өлімін аяқсыз қалдыру бәріміз үшін сын» деді ол хатында.
***
- Жұмысың қалай, ұлым.
- Жаман емес, пап. Өзің ше? Саған көңіл бөле алмай жүрмін, түсінесің ғой, жұмыс көп. Екеуміз осылай отырмағалы да біраз болыпты.
- Ия, бөлмеңе кірсем аузың үшбұрыш болып ұйықтап жатасың. Мына түріңмен қызға баратын да уақытың жоқ ау деймін. Екеуі де күлді. Осы отырыстары екеуінің де көңілдеріне шам жаққандай, сол шамнан түскен сәуленің әсерінен жүздері арайланып отырғандай.
- Әкең болса ауру, сонда мен немерені қашан көреді екенмін? Шал мұңайып қалды.
- Пап, сәл шыдай тұр, енді бірер жылда тамақ жасаудан да құтыласың, немереңді де бағасың.
- Қой, ей, сен келінді немеремен бірге әкелейін деп жатқан жоқпысың? Шал шошынайын деді ме, немене....
- Коля әкейдің өліміне қатысты істі тағы қалдырыпты деп естідім, – деді ұлы әңгіменің ауанын өзгертіп.
- Ия, нәтиже шамалы.
- Жауып тастайтын шығар.
- Оған жеткізбеуіміз керек. Меніңше, бұл жерде жалғызбасты адамдардың үйіне көз салып, оларды қорқытып не өлтіріп баспанасын тартып алатындар тұр. Бұл қылмыстық топтың ісі.
Баласы да, әкесі де үндемей қалды.
- Ондайлар көп болып кетті. Олар қорқаулар, қарт адамдардың үйін иеленіп кеткенімен қоймай, қолдарын қанға бояйды. Кейде мен ойлаймын, пап, біз өлім жазасынан бас тарттық, бірақ, одан ұттық па? Кейбір қылмыскерлердің бір емес, екі емес, қайта-қайта қылмыс жасауы олардың ештеңеден қорықпайтынын, түзелуге, адам болуға тырыспайтынын көрсетпей ме?
Әкесі ұлының өзімен әңгімелескісі келіп отырған ниетін байқады. Шағын диваннан тұрып келіп, ас үстеліне ұлына қарама-қарсы жайғасты. Әйелі қайтыс болғалы Аянның бар ойы Айбыны, бар ермегі өзінің ойлары. Қартайғаны ма, осыкүні ұлының көңілін аулайтын сөз айтқысы келеді, бірақ, әдетінде болмағасын, оның да ретін таппайды.
- Айта бер, бір тәуір пікірталас болайын деп тұр-ау.
- Мысалы, біз бір адамның ізіне түстік, бірнеше рет отырып шыққан, бірнеше кісі өліміне қатысы бар, қылмыстың топтың басшысы. Және бәрінде де жылжымайтын мүлікті алып, иемденіп, сату үшін адам өлтіріп отырған.
Аян елең етті.
- Сонымен ұстадыңдар ма?
- Жақында қолға түсіп, қылмыстарын мойындарына қойып береміз деп ойлаймын. Айтайын дегенім, бәрін емес, ең көп қылмыс жасағандарды, қолы қанға әбден малшынған аяусыз қылмыскерлерді өлім жазасына кесу керек, олардан қоғамға да, басқаға да пайда жоқ. Пап, сен қалай ойлайсың? Мен оларды ойланып жатпай ақ атып тастар едім.
- Адамды ату оңай деймісің? Аян қатуланып қалды.
Ұлы әкесіне бір жағы таңғалып, бір жағы барлай қарады.
- Сонда сен бірнеше рет адам өлтірген, сәбилерге зорлық қылған қаныпезерлерді аяймысың?
- Жәә, қоя бер, ол басқа әңгіме, одан да жаңағы бірнеше адамның өліміне қатысты күдікті туралы, кәне, басынан айтып берші.
- Пап, саған осындай әңгіме қатты ұнайтынын білем. Кітап жазайын деп жүрген жоқпысың?
- Жазса несі бар екен, өмірді көрдік, көз жеткіздік. Тек Коляның өліміне қатысты істің ұзап кеткені қиын болып тұр маған...
Тергеуші Сағатов үшін нағыз жұмыс енді басталғандай. Ең әуелі қылмыстың сценарийін түсінгісі келеді, бұл жерде күдікті көп еді, бірінші күдікті – Рита, марқұм Айнұрмен келіссөз жүргізген Рита болатын, екінші күдікті Саидов, сараптама қорытындысы да солай дейді, бірақ олар бір-бірін танымайды, оларды жұмсап отырған біреу бар, ол үшінші күдікті. Яғни ең бірінші күдікті сол, бірақ оның өзі қайда?
****
Ұлының «кейбір қаны бұзылған қылмыскерлерді атып тастау керек» дегені ойынан шықпады. Бұл күні Аяннан ұйқы безді ме, әлде өзі әрнені ойлап, миын ширықтырып қойды ма, әйтеуір, кірпігі ілінбеді. Жасы шау тартқан сайын ұйқының азая беретіні бар. Ұлы да, әйелі де мұның құқық қорғау орындарында қызмет еткенін білетін. Жазалау орындары күзетінде жасағанын да шамалайтын. Бірақ, үш жыл бойына құпия қызметте болғанын білмейтін. Бұл өзі де ешкімге тіс жармаған. Ұлына айтқысы келгенімен батылы бармайтындай. Не деп айтады? Мақтана ма? Әлде солай болып еді деп ақтала ма?
***
- Сен ол жерге барудан қорықпайсың ба? –деп сұраған сонда жоғары шенді басшы.
- Мен теміржолда жасаған кезімде ол жерден өлген адамдардың сүйегін жинайтынбыз. Оларды суретке түсіреміз. Кейде адамның шашылып қалған миын, денесінің бөлшектерін жинап алатынбыз.
- Олар өмірде жоқ, қайтыс болған адамдар ғой. Ал, бұл жерде қылмыскер болса да тірі адамдар. Оларға тағайындалған жазаны орындауға тиіссің. Сен оған жассың.
- Онда тұрған не бар? Жаза болса, ол заңдық негізде болса оны орындауға тиіссің.
Аян өткенді ойлаған сайын өзін-өзі ақтай бастайтынын байқайды. Бұл мұның еркінсіз-ақ жүретін. «Ату жазасын алғандар соған лайық еді. Олардың солай көзін құртпасаң одан сайын есіріп, жазықсыз қан төгетін азғындықтарын жасай бермей ме? Ия, олар сөйтер еді. Сондықтан да мен қолын қанға бояған ол кісәпірлерді жазалауды іске асырдым» деп ойлайды.
Аянның көз алдынан суреттер тізбектеліп өте берді.
- Мені аяңызшы, аяңыз. Осыны айтқан қылмыскер өзі қалш-қалш етіп тұрды.
- Сен ағаң екеуің мал ұрлығымен ұсталғанда екі милицияны өлтірген жоқ па едің? Оның біреуінің өзінің үш баласы және қайтыс болған ағасынан қалған тағы екі баласы бар еді. Сонда не ойладың? Ол саған жалынды ғой. Тірі қалдыра көр деп жалбарыныпты. Сонда да аямапсыңдар.
- Ол мен емес, оны істеген ағам.
- Мен сен сияқтыларды адам демес едім.
Қара түн. Небір сұмдықтарға куә болып, сұрланып кеткен бойы демін ішіне тартып тына қалғандай тыныштық сәтінде. Осы қалпында сырын ішіне бүккен түрме де, бүкіл камералар да мүлгіп тұрғандай көрінер еді. Бірақ, олай емес. Түрмедегі тіршілік қалғымайды. Үміт адам баласының ауадан да қажетті оттегісі. Үмітің болмаса әрі қарай күн кешуің неғайбіл. Сүлдеңді сүйретіп, үмітсіз кешкен күнін адам тірлік кештім деп есептемейтіні тағы бар. Тіпті мойнына адам қанын жүктеп қапаста отырғандардың өзі әлденеден үміттеніп, сарыла күткен бойы санасымен сарғаяр еді. Өзіне кесілген ату жазасын жұмсарту жөнінде жоғары жақтарға жазған өтінішінің жауабын күтуге кеткен уақыттары оларды өзгертіп жіберетін. Үш ай... Алты ай... Кейде бір жыл күтуге тура келетін. Олардың көбі осы жердің есігін ашқан кезде жүздеріндегі ыза, өшпенділігін жасыра алмай тұрғанымен, уақыт өте келе дыбыссыз жылжыған уақыттың мысы олардың о бастағы жігерін жаншып, үгіп тастайтын. Кейбіреуі айнала дүниеге қарағандағы өшпенділігі мен жеккөрініші тілмен жеткізіп айту мүмкін емес өкініштің батпағына батқан міскінге айналдырар еді. Ия, рас, бейшараларды бастапқы қалпынан танымай қалар едің. Олар әрбір қадамды айыратын. Шағын түрмеде «Аса құпия» аталған арнайы жарлық бойынша сол кездегі заң бойынша ауыр жазаға кесілгендерді жеке-жеке камераларға отырғызатын. Кейде ғана адам сыймай қалғанда екеуден отырғызуға тура келеді. Бесінші корпуста бақылаушылардың тұтқындағылармен сөйлеспеуі, ауыз жаласпауы үшін арнайы іріктеуден өткізіп отыратын. Ешқандай ақпарат таратылмауы тиіс, Аян және басқа да қызметкерлер әр іс-қимылдың алдында өз тарапыңнан ешқандай ақпарат таратпау туралы қолхат беретін.
Бұл жерде тағдыр деген ұғым туралы ойлап жататын мұрша да жоқ. Тек осы жерде ғана бұл жұмыс болып есептеледі. Осы жерде ғана адам өлтіргені үшін айлық төленеді. Сағат 12-ден асқанда небір жан шошитын күнә жасаған, жазықсыз адамның қанын жүктеген қолы қанды қылмыскердің өзінің мазасы кетер еді. Мазасы кетеді дегеніңіз не, «бүгін бе, әлде ертең... жоқ арғы күнге қалса екен...» деп өзіне сор болған немесе өзі сорға батырған күндерін тағы бірнеше сағаттарға созғысы келер еді. Бұл жерде ағыңнан жарылып емен-жарқын әңгіме айтып отыру мүмкін емес. Суық қалыптан таймай сараң сөздермен ғана тіл қатысады. Қылмыскерлердің жағдайын біліп тұруға міндеттісің. Сотталса да ол – адам, біреудің баласы, біреудің әкесі, кейде бір жері ауырады, ондайда дәрігер шақырасың. Бірақ, оның өмір тарихын, мұң-шерін тыңдап отырмасың белгілі. Және олардың арасында адамдықтан кеткен, айуаннан да тым төмен жандар барын көргенде адам атаулыға сену, сенім білдіру де оңай болмайды. Бұл жердің тұтқындарына сырттан ештеңе кіргізілмейді, сыртқы әлеммен ешқандай байланыс жоқ, олар серуенге де шықпайды, ал әжетханаға тәулігіне бір ақ рет апарылады. Бір оқиға есінде. Жасы алпыстың үшеуіне шыққан ер адам өзінің отбасын тастап, басқа бір әйелге үйленген. Ол әйелдің жас қызы бар екен. Әйел мен қыздың сеніміне кіріп алған өгей әке уақыт өте қызды қорлап, артынша тұншықтырып өлтіреді. Қылмыстың үстіне келіп қалған әйелді де аямайды, оның да түбіне жетеді. Ал, өзін жазалайтын кезде сол еркектің аласұрып, даусы жер астынан шыққандай қатты аласұрғанын көрді.
Жазаны орындау алдында Аян бұйрықпен танысады. Онда қылмыскердің не үшін жазаланып жатқаны, қылмыстық іс бүге-шүгесіне дейін баяндалады. Бұл сананы тұманытып жіберетін. Егер осы қылмыскердің қолына менің ағам түссе не қарындасым түссе не болар еді дегенді ойлатады. Сондай өмірі оңбай қалған және өзгенің де өмірін қиған нақұрыс қалайша жер басып жүруі тиіс дейтін. Аян сол құпия қызметінен кеткен күнін есіне алды. Сағат 12-ден асты. Түрме бастығы да, тергеу прокуроры да осында. Оларсыз күні бұрын жазасы кесілген қылмыскердің өзін жазалауға рұқсат жоқ. Өйткені, нағыз қылмыскердің өзін бірнеше миллиондарға босатып жіберіп, оның орнына сатып алынған біреуді атып жіберуі мүмкін болмауы үшін олар осы жағын қадағалауы тиіс. Көзінің алды көгіс тартқан, өзі де дімкәс көрінетін медициналық экспертиза бастығы, дәрігер де орнында. Есеп-қисап жүргізумен айналысатын ақпараттық орталықтың өкілі оқиға тезірек бітсе екен дегендей қаламын сыртылдата береді. Аян қасындағы адаммен бірге акт толтыруға кіріскен. Өзін қанша қолға алайын десе де қолы еріксіз дірілдей бастайды. Ылғи осылай. Басқалары байқап қояр ма екен деп ойлаған сайын арқа тұсынан ыстық тер шығып жатқанын байқайды. Осы арнайы құпия топтағы оншақты адамның ішіндегі басшысы болғанына да үш жыл. Екі орынбасары болғанымен оның бірі, көзілдірікті үрпек бас жігіт жазаны орындауды жүргізбейді. Қаннан қатты қорқатын ол қан көрсе болды көзі алақтап, қарап тұрған адамның өзін састыратын. Ал, екінші орынбасары көп ұзамай қайтыс болып кетті. Шамасы жазаны орындау деп аталатын адам өлтіру тапсырмасына жүрегі шыдас бермесе керек. Ол кеткелі Аян да қиналып жүр. Ол болғанда квартал ішінде мұнымен орын алмастыратын.. Сол кезде Аян да еңсесін езіп тастайтын, санасын тұмшалайтын осы жағдайдан сәл де болса алшақтап, өз-өзіне келіп үлгеретін. Ойлап отырса осы жерге келген үш жылда жиырмаға жуық қылмыскердің жазасын орындауына көмектесіпті. Аса ауыр қылмыспен отырғандарды жазасын орындауға әкетіп бара жатқанда оларға қайда апара жатқанын айтпайды. Бар болғаны – «Жоғары кеңестің президиумының жарлығымен рақымшылық жасалмайтын болды» дегенді ғана айтады. Заң солай. Әлі есінде. 37 камерадағы кавказдық жігітке ату жазасын орындау өзіне жүктелген болатын. Екі иығына екі жігіт еркін мінгендей алып денелі, тұрқы биік тұтқын осы мерзім ішінде сұсты кейпінен бірде бір өзгерген емес. Осы қалпында оның өмірінде бір жадырап күлгеніне күмәнданар едің. Ал, кезектің өзіне де келіп жеткенін естіген бойда алпамсадай жігіттің көрер көзге кішірейіп, шөгіп кеткенін көрді. Көрді де таңғалды. Ішкі ерік-күші мықты деген адамның бар-жоғы бірнеше минуттар ішінде тіршілікпен қоштасар сәтте сынып кетерін көзімен көргені алғашқы рет.
- Кабинетке бар.
Бұл жердегі кабинеттің не екенін қылмыскерлер біледі. Бұл замануи жиһазбен жасақталып, мәжіліс құрып отыратын жер емес.
- Кабинетке бар! – деді, тағы бұйрықты қайталап.
Осы кезде ышқынған, адамның зәресін алардай сұмдық үрейлі дауыс естілді.
- Бауырлар! Қош болыңдар!
Осылай деген қылмыскер аяғын адымдай басып келді де, кабинеттің есігінің алдына келгенде алға баспай қойды. Бұл есікке кірсе қайтып шықпасын біледі. Тіршілік тәтті. Олай екенін осы қылмыскер жазықсыз қыз-келіншектерді зорлап, өлтіріп кеткен кезде ойламағаны анық. Қылмыскер есіктің алдына келіп аяғы жабысып қалғандай қалшиып қатып қалған сәт Аян үшін де оңай емес. Ішінің аумағы 3х3 болатын шағын кабинеттің қабырғалары резинадан жасалған. Есігі мықты жабылған. Тек алақандай желдеткіш қана сыртқы дүние туралы ұғымды береді. Ұйықтап жатқан жерінен оятып әкелсе де қылмыскер өзін бұл жерге неге әкелгенін түсіне қоятын. Мал соятын қазақтар қой екеш қойдың да сояр алдында сезетінін айтады. Ал, адамдар ақырғы сәтін әртүрлі қарсы алады. Еркі жоқ, табиғатынан қорқақ, ерік-күші әлсіздерінің жаза орындалмай жатып жүректері жарылып кеткенін көрді. Соңғы сәтке дейін қарсыласып, тістесіп, әбден шиыршық ата айқасқандары да кездесті. Жан беру оңай емес. Жазаға кесілген қылмыскерлер біреудің өмірін қияр кезде салқынқандылығынан айырылмаған болса, өз өміріне келгенде ерекше күш бітіп, ертегідегі дәулер секілді күш бітіп, қуаттанып кететінін көзімен көрген. Оларды аяғынан шалып құлатып, қолын артына қайырып, бұғау салады. Аянға мұндай кезде өзінің жан-жаққа шашыраған ойларын әлсін-әлсін жинақтап отырмаса болмайды. Соңғы кезде шынымен қажығаны ма, әрнәрсені ойлап кете беретін болыпты. Мұндай қызметте өмірдің құны туралы ойларға ерік берудің соңы нәтижесіз аяқталады. Ондайда өз еркің өзіңе бағынбай, қолыңдағы күшің қайтып кетеді. Ал, қаруды кезенген бойда адам тез өліп кететіндей ату керек. Бұл да болса адамды қинамай аттандыратын ең соңғы құрмет есебінде. «Наган» тапаншасы бастың сол жақ шекесіне қарай бағытталып, сол жақ құлақ тұсына тірелген бойы шүріппені басып қалды. Сол жақ құлақтың қасы адамның ең жанды жері. Қылмыскер тіл тартпай кетті. Өзінің де ішінде бірдеңе үзіліп кеткендей болды. Ертеңінде жұмыстан кету туралы өтінішін әкелгенде үлкен бастық та артық ештеңе демей қолын қоя салды. Бұл да кейде өзінің ұлы секілді сол ең қатал жазаны қайта қолдануды енгізу керек шығар дегенді ойлап қоятыны бар. Өйткені, бірнеше рет адам өлтірген баскесердің түзелетініне сенбейді. Оларды өмір бойы ұстап отырғанның мәні бар ма өзі? Бірақ, қайтадан сол лас жұмысқа бармас еді, тіпті қалтасына сыймайтын айлық берсе де бармас еді. Өлім жазасын қолдап отырған ұлын да жібермес еді...
***
Аян Коляның өліміне қатысты істің қайта ашылуына бар күшін салды. Үстел үстіне бірінші картаны қойды. Бұл бірінші күдікті – Коляның үйін иемденген жігіт. Екінші картаны қойды, марқұмның әйелі емес пе? Жоқ, мүмкін емес, оның пәтерден үлесі жоқ. Марқұмның қызы деуге... ол Ресейде, әкесі өлгенде келді де кетті. Оның үстіне ол мұрасыз қалды. Екінші картаны ұзақ ұстап отырды, ең алғаш оқиға орнына келіп жеткендердің арасындағы біреу... Ол кім? Үшінші картаны қойып жатып, «Оң жақтан санағанда үшінші күдікті» деді.
*** Күндер өтіп жатты. Әзірге ешқандай іздеу мен тергеу нәтиже беретін түрі жоқ. Полиция капитаны Айбын Сағатов жай киім киіп алып қаланың адам көп жиналатын жеріне шықты. Көптен демалыс алмаған адам үшін тауға барып, сейілдеп қайтса да болатын еді. бірақ, ойындағы шаруасы арқа-басының кеңуіне мүмкіндік бермесін Айбынның өзі де сезеді. 85 номерлі автобуспен Айнабұлақ базарына жеткенде күн түске тырмысып қалған еді. Ығы-жығы адамдар, сапырылысқан тірліктің ортасында өз ойымен өзі болған жігіт екі қолын қалтасына салып жүре берді. Базардан бес минуттық жердегі кафеге кіріп тапсырысын күтіп отырғанда өзіне таныс біреуді көргендей болды. Шынына келгенде бұл оны танымайтын. Бірақ, бәрібір шырамытты, сопақша жүзді, шашы қоңыр, ұзынша біткен құр мұрыны фотороботтағы адамға келетін. Айбынның өзіне қайта-қайта қарағыштағанын байқап қойған жігіт қасындағы серігіне әлдене деп сыбырлады да, алдындағы тамағын тауыспастан жинала бастады. Ол орнына тұрған кезде жігіттің бойы да ұзын екенін көрді. Олардың соңынан Айбын да ілесе шықты. Бірақ, соңынан әлдекімнің ілескенінен секем алған көк көз жігіт жалт-жалт бұрылып, қара үзіп кетпекке жанталасып, аяғын әне жер, мына жерден басып барады. Бұл да қалысар емес. Бірақ, қарсы алдынан кездескен арба сүйреген әйелге көмектесем деп бөгелген кезде олардан көз жазып қалды. Барын сала жүгіріп аялдама бағытына шыққанда жігіттердің әлдебір көлікке мініп жатқанын ғана көріп үлгерді. Айбын телефонын асығыс теріп жатты.
***
Өзінің құлағы болған «Жазудан» Курбановты жарақаттап жаңсақ кеткен «Коммерсанттың» ұсталғаны туралы естігенде өзіне де бір тықырдың таянғанын сезді. Мұның ізіне ежелгі жауы – қызыл жағалылардың түскен кезде ең әуелгі әрекетті неден бастау керектігін ойластыра берді. Дереу мұның қоылнан мерт болғандардың бірінің телефонына жаңа сим-карт салып, «Жазуға» телефон шалды. Не болса да шекарадан шығып үлгеру керек. Үлгеру керек! Енді жарты күн кешіксе «Коммерсанттың» орашолақтығын кешіре алмайтыны секілді өзінің жайбарақаттығын да кешіре алмас. Қаладан шығып кеткенше таксиді пайдаланғанды дұрыс деп шешті.
Сюткинді көрген, танысқан адам оны оқымысты біреу деп қабылдар еді. Кезінде милиция болған оның 1982 жылы пара алғаны үшін сотталғаны, 8 жыл мерзімін өтеп шыққан соң 1998 жылы қасақана кісі өлтірді деген күдікке ілінгенімен, түптің түбінде жазадан құтылып кеткені, 2001 жылы ҚК 363 бабы бойынша қылмысты бүркемелегені үшін жауапқа тартылғанымен рақымшылыққа ілігіп, темір тордан аман қалғаны оның өзіне ғана аян. Тіпті қасындағылар да оның шын сырын біле бермейтін. Ол түрмеде отырған кезінде психиатрия бойынша оқулықтарды тауысқан, босап шыққан соң педагогикалық және ғылыми қызметпен айналысып, тіпті кандидаттық диссертация қорғаған. Балық өңдейтін шағын кәсіпорын ашып алған кездегі мақсаты да әшейін бүркеме болатын, жалғызбасты адамдардың пәтерін иелену туралы жоспарды іске асыруға көмегі тиетін адамдар да табыла кетті. Бұрынғы милиционер қылмысты ашудың неше алуан әдіс-тәсілдерін меңгергендіктен өзін де, банданың мүшелерінің де барынша қауіпсіздік жағын ойластырып отырды, оларды бір-бірімен таныстырмады да.
***
Жалғызбастылар мен аңқауларды тұзаққа түсіріп дәніккен топтың басшысы бастапқыда алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынған еді, бірақ, тергеу кезінде олар кінәні бір-біріне артып, «осы кезде орын алған бірнеше кісі өлімі туралы шындық шыға келді. Бұл қылмыстық топтың 2006-2012 жылдар аралығында тоғыз адамның өмірін қиып, олардың баспанасын сатып жібергені белгілі болды.
Тергеу барысында «Коммерсант» та, осыған дейін жақ ашпаған Саидов та, үсті-басы татуаждан көрінбейтін «Жазу» да, барлық қылмыста құрбандықтың көңілін аулап, іші-бауырына кіретін рольді орындаған Рита да Сюткинді көрсетті. Риэлтор Айнұрды олжаға кенелтеміз деп алдап ақшасын алып, өзін буындырып өлтіргенде де, Аянның досы Коляның түбіне жетіп, үйін жалған құжатпен сатып жібергенде де, Курбановтың үйін қолды қылғанда да, одан өзге барлық қылмыста Сюткиннің жоспары бойынша қимылдағандарын жайып салды. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің барлығы жазаға тартылды, Сюткинге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал, жас тергеуші Айбын Сағатов олардың ең ауыр жаза – ату жазасына тартылғанын қалаған еді.
Жадыра Шамұратова
2017ж.