Аида Балаева алматылықтар жиі көтеретін мəселелерді атады

Жаңалықтар
1292

Жер телімдеріне қатысты сот істері Алматының инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Бұл туралы Алматыны дамыту жөніндегі кеңесте ҚР Президентінің көмекшісі — ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң Өтiнiштердi қарауды бақылау бөлiмiнiң меңгерушiсi Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«Алматы – ол әрбір қазақстандық үшін ерекше қала, яғни азаматтық бастамалардың әрі жарқын, креативті адамдардың шаһары. Алматылықтар дәстүрлі түрде өтінімдердің жалпы статистикасында ең белсенділердің бірі. Жыл басынан бері еліміз бойынша тіркелген 19 мың өтінімнің арасында Алматының үлесіне әрбір бесіншісі немесе 4 мыңға жуығы тиесілі. Олардың құрылымы да басқа қалаларға қарағанда өзгеше. Еліміздің басқа өңірлеріндегі сияқты өтінімдердің басым бөлігі сот шешімдеріне көңіл толмауына қатысты, сондай-ақ әлеуметтік қолдау мәселесіне, үлестік құрылыс және өзге де проблемаларға байланысты», - деді А. Балаева. 

Оның сөзіне қарағанда, шағымдардың біразы кәсіпкерлік пен жер қатынастары мәселесін қамтып отыр. Сонымен бірге, оның көбісі түрлі сот инстанцияларының қарауында тұрған көрінеді. Бұл өз кезегінде қаланың инвестициялық тартымдылығына теріс әсер етеді. Сондықтан да Алматы әкімдігіне бұл саланы ерекше бақылауға алғаны жөн. Бұдан бөлек, Президент көмекшісі алматылықтар жиі көтеретін басқа да тақырыптарға жекелей тоқталды. Осы орайда қаладағы және оның маңындағы экологиялық жағдай ерекше назарда тұр. Мұнымен қоса, тұрғындарды медициналық қызмет көрсетудің сапасы алаңдатады, яғни емханалардағы ұзын-сонар кезек пен медициналық инфрақұрылымның қолжетімдігі мәселесі бар. Бұл тұрғыда медициналық қызмет сапасы барлық талаптарға сәйкес болуы керектігі айтылды. 

Сонымен қатар, А. Балаева қоғамдық көлік жүргізушілерінің тәртібі, ауаны ластайтын автомашиналарды пайдалану проблемаларын шешу керектігін атап өтті. Кеңес барысында қаладағы криминогендік жағдайға назар аудару мәселесі қозғалды. А. Балаева қала аумағында құрылыс жүргізу кезінде туындайтын проблемаларға жеке тоқталды. Бұл тұрғыда қалалық орта сапасының нашарлауына алып келетін келеңсіз жағдайларға жол бермеу керектігі мәселесі көтерілді. Президент көмекшісі шаһардағы жарнамаларды ілу кезінде мемлекеттік тілдегі мәтіндердің сауатты жазылуы тақырыбына екпін қойды. Себебі мәтіндегі қателіктер, аударманың дұрыс болмауы секілді жағдайлар кездесуде. А Балаева қала аумағының кеңеюіне байланысты проблемаларға да тоқталды. Бірқатар азаматтар облыстық бағыныста болған кезінде алынған өздерінің жер телімдерін рәсімдеумен қиындықтарға тап болуда. Қалаға қосылған аумақтар даму мен абаттандыру жағынан қалыс қалып жатыр. Бұл жерлерде кәріз жүйесі жұмыс істемейді, ал кейбір жерлерде су құбыры мен жол сапасы тиісті деңгейде емес. Қала аумағын кеңейту кезінде орын алған есепсіздік салдарынан, қалалық қызметтер жаңа аумақтарға тиісті деңгейде қызмет көрсетпеуде. 

Президент көмекшісі осындай проблемаларды Алматы билігі орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл арқылы белсенді түрде шешуі керектігін атап өтті.


author

Аида Балаева

ҚАЙРАТКЕР

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...