Мағжан ЖұмабаевШолпан Сәрсенбайға шыққан жылы өзіндей жас келіншектермен аулақта кеңескенде: «...
Сәуле Отарбаева. Рахымжан екеумізді қосқан рухани жақындық, жан жақындығы
– Рахымжандай асыл ағамыздың алды – сағым, арты – сағыныш мынау жалған дүниеден өтіп кеткеніне де бір жыл толып қалыпты-ау... Өкінеміз, сағынамыз... Алайда, тағдырдың ісіне шара бар ма? Алла жүрегіңізге сабыр берсін, Сәуле жеңге!
Рахымжан аға Алла берген санасы – биік, тіл бояуы – өзгеше, айрықша дарын иесі еді. Артында қалған қазына мұрасы – прозасы мен драматургиясы қазақ оқырманына жақсы таныс һәм халықаралық деңгейде де жүйелі насихатталған, көптеген әлем тілдеріне аударылғанын білеміз. Жазушының жауһар дүниелерінің ендігі тағдыры қалай болмақ? Аяқталмаған дүниелері қалды ма?
– Сен жыл болды дейсің, Анар, ал мен үшін уақыт тоқтап қалғандай...әлі де отбасының ортасында жүргендей... телефон соғып, хабарлама келіп қалатындай... әлі де қайтып оралатындай көрінеді де тұрады... Балалары да қатты сағынышта жүр. Өткенде Ермерейінің түсіне еніпті... Жазу үстелінен тұрып, темекі шегуге шығып барады екен дейді. «Папа, мен сені алып келгенде... ана жақтан сұрап алып келген екенмін дейді... папа, мен сені алып келгенде, сен маған уәде бердің ғой... сені «бұдан былай темекі шекпейді, күтінеді» деп, о жақтағыларға уәде беріп, алып келдім ғой десем, үндемейді, жәй жымияды дейді... Қаракөзіне қырқы өткенше күнде бір ғана түс енді. Қызының түсінде папасы біздің жанымызда әрлі-берлі жүріпті де қойыпты... Санаң біліп тұрған нәрсеге көңілің сенбейді...
Рахымжан саналы өмірінде өлермендікпен жұмыс жасаған адам, әдебиетке, өз бойына туа біткен талантына, қазақтың қара сөзіне адал болды. Ешқашан жазуына немқұрайлы қараған емес. Мүмкін киіміне, денсаулығына қарамаса, қарамаған шығар, бірақ жазуының әр сөзіне мән бере жазды, ол сөз киесіне сенетін. Бұл орайда өзіне Әбдіжәміл аға Нұрпейісовты үлгі тұтатын. Жас күнінен бастап қаламынан шыққан, баспасөз бетін көрген барлық публицистикалары, барлық көркем дүниелері үйде қолжазба күйінде қатталып, сақтаулы тұр.
Қаламсаппен жазатын әкелеріне кезінде балалары компьютерді де, электронды кітапты да алып берді, бірақ «техникадан хабарым жоқ» деп, өмірінің соңына шейін қаламмен жазып кетті. Онда да «жай қаламсап қол жүргізбейді» деп, гель сиямен жазатын. Гель сиялы қаламды қорап-қорабымен алып қоямын. Соңғы жылдары үстінен қарағанға ыңғайлы деп, қызыл, жасыл сиялы қаламдарды да сатып алып қоюымды тапсырушы еді. Жазып жатқан дүниесі «аяқталмай қалады» деп қорықты ма, бірдеңені сезгендей, тым асығып жазды. Жұмыс үстелінен бас көтермей отыра бергісі келетін. Бірақ біреу садақаға, біреу тойға шақырады, біреулер пікір, алғысөз жазып бер, бір нәрсемді қарап бер дейді, сондай нәрселерге көңілі бөлінсе, ренжитін еді. «Үйге кісі шақырмай-ақ қойшы» деп, соңғы кездері көп кісінің келгенін қаламады. 2017-нің желтоқсанында Германиядан Өмірхан Алтай келіпті. Хабарласқан соң, «Атырауға келіп тұрып, қалай келмей кетесіз, Өмеке, үйге келіңіз»,- деп шақырдым. Сол кезде Рахымжан «жазуым бұзылып қалатын болды ғой»,- деп аздап ренжігендей болды. «Қойшы енді, папасы, шақырып қойдым », - деп ақталып жатырмын... Өмекең келген соң, үй-іші ән-күйге толып, домбыра тартылып, әңгіме айтылып, өте жақсы отырыс болды. Артынан: «Шақырғаның жақсы болды, демалып, сергіп қалдым, ойым бөлініп жақсы болдым», - деп қуанып қалды. Өмекеңді қатты сыйлайтын. Мюнхенде болғанымызда ол кісінің де отбасында болғанбыз. Жанұямызбен жақсы көреміз.
Жазу үстелінде «Қыз Данайдың қырғыны» атты аяқталмаған романы қалды. Сол романның бітпей қалғаны бүгін мен үшін қатты өкініш. Бірақ сонда да, аяқталмаған романды жылына қарай, баспадан шығарып жатырмыз. Өмірінің соңғы жылдары: «оқырманды алаңдатпай, шығарманың басты идеясы, мақсатынан басқа нәрсеге көңілін аудартқызбай, оқиға шешіміне тікелей алып келетін шығарманың қалай жазылу керек екенін мен енді түсіндім, бұдан былай жазған шығармам қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеретін болады», - дегенді жиі айтатын. Мені өкіндіретін нәрсе де осы: жазушылығы әбден кемеліне келген кезде, жазам деген дүниелерінің жазылмай қалып кеткендігі. Осындай оймен ол «Босқындар» романын бастамақшы еді. Барлық материалдарын жинақтап, жоспарын жасап, бір бума күйі қалдырды да кетті... Бұл әлемдік деңгейдегі проблеманы көтеруге тиіс шығарма болуы керек болатын. Әлемдік масштабта босқынға ұшыраған мұсылман-араб елдерінің хал-күйі, оны ұйымдастырып отырғандар кімдер, себебі неде, «Босқындар» шығармасы көтеретін мәселе осы жөнінде еді. «Тәуелсіз қазақ әдебиетінің қорын байытатын, кейінгіге өлмес мұра болып қалатын тағы бір шығармасы болар еді-ау», - деп, өзекті өртейтін үлкен өкініштің бірі осы. Алайда, «Босқындар» жазылар, оны әкесі болашағынан көп үміт күткен талантты қызы Қаракөз жазар деген үмітім де жоқ емес. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының сұранысымен жазылмақ болған Әлия Молдағұлова апамыз туралы драмасы да жоспарланып, бірақ жазылып үлгермеген күйі үстелінде қалды...Түріктердің өтінішімен Ататүрік туралы жазбақшы еді. Оспан батыр жөнінде және «Алтын адамның оянуы» деген шығармалары жоспар күйінде қалды.
Рахаң жас кезінен Лев Толстой шығармашылығына жақын болған. Толстой жайлы жазам деген шығармасына өмір бойы қаншама мәлімет жинады. Әттең, сәті түспей, жазылмай қалды. Жазу үстелінде жоспары құрулы осындай шығармалары қалды...
– Әрине, ағамыз өмірден мезгілсіз, тым ерте кетті, бұл күллі қазақты есеңгіреткен, күтпеген ауыр қаза болғаны рас... Сізге, отбасыңызға, тек қана сабыр тілеймін, жеңге... Ағаның өмірінің соңғы сәттерінде қасында өзіңіз болдыңыз ғой...
– Өмірінің соңғы кездері ол күрт қартайып кеткендей болды... Күнделігінде өмірдің барлық жақсы сәттері артында қалып қойған адамның өзіне айнадан қарап тұратыны бар еді ғой?.. Соңғы кездері: «маған не болған, түріме не болып кетті? Қатты қартайып кеттім» - дегенді жиі айтатын. Қыздары, бәріміз: «Қайдағыны айтпашы», - деп, шу ете қалатынбыз.
Дүниеден өткеніне біраз болып, абыр-сабыр басылған соң, қасында Атырау сыйлайтын Амангелді Селбаев деген аяулы ағамыз бар, Әбдіжәміл Нұрпейісов аға арнайы көңіл айта келді. Сол жолы да: «Рахымжанды соңғы көргенімде «қарағым, сен қаралып жүрсің бе, ауырып қалған жоқсың ба?», - деп алаңдаушылық айтып едік, мән бермеді», - деп, сол екі аға айтып отырды. Рас, соңғы жылдары аса бір жанкештілікпен жұмыс жасады, 2017 жылдың желтоқсанынан «екі жылдық еңбек демалысын аламын, жазуға отырамын» деп жоспарлады, сен сенсең, Анар, үйден шыққан жоқ. Үй түгіл, Атырауға сыймай аптасына Астана, я болмаса, Түркия, Мәскеуге бір-екі күнге ұшып барып келетін адам үйден шықпай жұмыс істеді, күні-түні жазумен болды. Сосын Жаһангиріне бар аталық махаббатын төгіп кеткендей. Бұл өмірдегі соңғы жазуы «Рахымжан Жаһангир» екен. Бір бетке толтырып жазып тастапты.
Мен кешке жұмыстан келгенде, «сені күтіп отырмын, шәй ішейік», - дейтін. Сонда: «бүгін даланың бетін көрмедім»,- деуші еді. Негізі, үйде теледидар қоспаймыз, шаршаған кезде, анда-санда жан-жануарлар әлемін көрсететін каналдарды қарайтын. Қазір балалар айтады: «осы каналдың дауысын естісек, папа төрде теледидар қарап отырғандай», - деп. Не істейсің?! 2018 жылды қарсы алар кеште Сұңғат бажасы шақырған, бірақ түнгі екілерге дейін жазу үстелінен тұрмады. Жүрегі сезді ме?! Түннің біраз уақыты болса да Жаһангирін құшақтап барып, бажа балдызының дастарханында өте көңілді отырды. Бажаларымен қосылып, таңға карта ойнады. Жалпы, жұма сайын біздің үйде бажалардың басы қосылатын. Ет асылады, шай ішіледі, ешқайда асықпай, кең отырып,әңгіме дүкен болады, бұл кәдімгі дәстүрге айналған басқосулар еді. Қаңтардағы менің туған күнімде, түнгі он екіден кейін, Жансая ғана оқуда, басқа балаларымен құттықтап, у-шу болып жатқанда, өзін біртүрлі артық адамдай сезінді. Артынан ойлап қарасам, келген қонақтармен сөйлесіп отырып, қоштасатын адамның әңгімесін айтыпты. Сосын қоймай жоспарларын айтқаны есімде. «Астанаға, одан Пекинге, Пекиннен Алматыға келемін, ақпанның 12-14-терінде Бішкекке ұшамын, одан Астанаға, Астанадан Қарағандыда қойылғалы жатқан «Мұқағали-Фариза» пьесасының премьерасына қатысамын, одан кейін он алтысы үйге ұшамын», - деді. Сонда мен: «Түу, папасы, «бұйыртса» деп айтшы», - деппін, ойымда ештеме жоқ...
Күнделігі өмірлік серігі болды ғой, «16.02.17. – Үйге ұшу» деп жазып қойыпты... Содан он алтысы емес, он жетісі атар таңда кетіп қалды ...
Сол жоспарымен ақпанның бірі Астанаға ұшты, «аман жеттім» деп хабарласты, ертеңіне №54 мектепте кездесуі болды. Сол кездесуден кейін қатты қуанып телефон соқты. «Мен Жаһангирімді, жаманымды сағынып жатырмын, Бішкекке бармаймын, артынан барармын. Пекиннен Алматы арқылы үйге ұшамын», - деді. Пекинде бес күн болып, үйге келді. Ермерейі аэропорттан қарсы алған. Мен жұмыстан келсем, қағаз қарап отыр екен, мені көріп «Осындай делегациямен керемет барып қайттық, келісімшартқа тұрдық», - деп сапары туралы әңгімесін айтып жатты... Көп уақытын алған, ұзақ жылғы жобасы сәтті шешімін табарына қуанған еді...Қызығын бала шағасы көреді деп ойлаймын.
Содан екі-үш күн өткен соң, денсаулығы сыр берді. Астрахандағы бір жеке клиникаға хабарластық, қаражатына қарамай сол жақтан дәрігер шақырттық. Қыс қатты, боран, тайғақ. Сонда да, бес-алты сағаттық жолды еңсеріп, жедел жәрдеммен келіп жетті, қасында болды, сенбі-жексенбі ағаңның халі өте жақсы болды, бірақ ұйқысыздыққа ұрынды. Дүйсенбі күні мені жұмысқа жеткізіп салып, өзі театрға кетті. Он екілерде маған қоңырау шалып: «Қарағандыда ел күтіп отыр екен», - деп барғысы келді. Денсаулығының әлі орнына келмегенін айтып, мен қарсы болдым. Сол күні билетті тапсырыпты. Дүйсенбінің кешінен қатты мазасызданып кетті, мен жұмысқа бармай жанында болдым. Көңіл-күйі күрт өзгеріп, ұйықтай алмай қалды. Біреулерге телефон шалып, үйге шақырды. Кірді-шықты, шықты-кірді, киімдерін, заттарын қарады. Бала-шағаны басқа үйге жіберіп, Қаракөз екеуміз жанында болдық, кешке Ермерей де қасымызға келді. Бір психологиялық өзгеріске ұшырады. Жанын жай тапқызбай, тынышын алған не екенін кейін түсіндік қой... Сәрсенбі күні облыстық ауруханаға жатқызып, жігіттерге телефон шалып, тапсырдым. Жиырма жеті жылда өмірдің ащысын да, тәттісін де бірге көрдік қой, Анар, бірақ дәл сол сәтте, сол кезде кетіп қалады деп ойламаппын... Ажал да алдап алып кетеді деуші еді, алданып қалдық па?!
Негізі соңғы айларда «Мына көкемді қиып қалай кетем» деп, Айжамалына көп алаңдады, бірде қарап отырып: «Сен төрт баланы өзің асырайтын жағдайың бар екен, сен жоқ болсаң мен төртеуін төрт жаққа бытыратып алам-ау», - деді.
«Менен бір мүшелдей кіші болсаң да, жанымды сен түсіндің» деген папасы күнделігіне: «Сен мені осы күнге шейін сақтадың, Сәуле, саған рахмет» деп жазып кетіпті...
Қазір ойлап отырсам, шынында да, бала-шағасын аманаттап отырған екен ғой. Нағашы апам айтады: «саған бәрін айтыпты ғой, ойланбадың ба», - деп. Кетіп қалады деген ешқандай ой болған жоқ... алда қанша жоспарымыз бар еді...
– Рахымжан аға көпшіл адам болғанын білеміз. Қашан да ол кісінің айналасында адам көп болатын. Өнерге, әдебиетке жақын адамдар ғана емес, ел сыйлайтын игі-жақсылардың өздері де ағаның қасына магнитше тартылды. Аға, шынымен, көпшіл болды ма? Ендеше, жазбаларынан жалғыздық лебі есіп тұратынын қалай түсінсек екен?
– Мінезі туралы айтсам, мінезі ауыр, тік болатын, бірақ солай бола тұра, жібектей жұмсақ та еді. Оның көпшілдігі танымалдылығынан, қоғамдағы орнынан, белсенділігінен болса керек, қасында үнемі адамдар жүретін, жеке шаруаларын айтып көп келетін. Бірақ «кіндігіңді кескеннен кейін адам басына – бір жалғыздық», - деп, өзі жиі айтатыны сияқты, Рахымжанның жалғыздық тақырыбы, жалғыздық күйі, мұңы, сонау балалық шақтан, анасы Шәмсия Дәулетқызы қайтыс болған кезден бастап ажырамаған екен. Анасы кеткеннен кейін ата-әжесі бетінен қақпай, еркелетіп өсірген. Алайда, ананың жөні бөлек. Ана құшағын сезінбей өскен ол анасын керемет аңсайтын. Анасы бар адамдарға қызығатын. Түр-сипаты туралы: «су астындағы елестей еміс-еміс есімде, күлімдеп қарайтыны есімде, Ермерейдің көзі Шәмен апаға тартқан (анасын солай атайтын)», - дейтін. Анасы мен Бекежан інісі , қарындасы Райса кетіп қалғаннан кейін, екінші анасынан бауырлары болса да, барлық сұхбаттарында өзін «жалғызбын» дейтін, Ермерейін «жалғызым» деп өтті. 4-курста оқып жүрген мені Каз-МУ-де алғаш көргенде түрімді анасына ұқсатыпты. «Шәмен апа сияқты сарысың», - дейтін. Негізі, біздің әжеміз апалы-сіңлілі екі қыз болған. Соғыстан кейінгі жылдары өгей шешенің мінезіне шыдамай, апасы қалаға кетіп қалған да, Шәмен апа ауылда қалып қойған. Мені алғашқыда сол нағашы апасының қызы ма деп те ойлапты, бірақ іштей: «туыс болып шықпасақ екен», - деп тіледім дейді кейін. Бала кезден «тілші болам» деп өскен мен үйге келетін «Пионер», «Ақ желкен», кейін «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын, «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерін жібермей оқитынмын. Өлең жаздым, соларды жіберіп тұратынмын. Рахымжанның «Қазақ әдебиеті», «Жалынға» шыққан бүкіл шығармасымен таныспын, шығармашылығын жақсы білетінмін. Жерлес ағам деп араласып жүргенде, маған жігіт ретінде көңілін білдірген болатын. Дипломымды алар кезде Алматыға алып қалуға жұмыстанды. Мен өте ақылды, сабырлы ананың қызы едім. Папам мені қатты жақсы көретін. «Қызым келе жатыр», - деп, той жасауға дайындалып жатқан. «Үйде ата-анам күтіп отыр», - деп, Атырауға кетіп қалдым.Сөйтсем, Рахымжан артымнан ұшып келіп, екі-үш ай жатып алды. Ішкі сырын, шерін айтып, алып келген күнделіктерін оқып бергені де сол кез. «Алдайын деген ойым жоқ, мен шынымен де жалғызбын . Мұндағы екі-үш жыл бұрынғы жазбалар саған өтірік айту үшін жазылмаған», - деді. Сол күнделіктер үйде әлі тұр. Маған үлкен ой да салған, оның тағдырына деген аяушылығымды оятқан осы күнделіктегі жазбалар еді. «Бас» романындағы кейіпкерінің: «Алғаш құрған некем сәтсіз болды», - дегені – сондағы маған айтқан сөзі еді.
«Ер-азаматының намысына тиюі, сыйлай алмауы өзі сезімтал адамды жүрек талмасына алып келіп, ашуымды жазудан алдым, ауруханадан босасам архив пен кітапханадан шықпадым»,- деген еді сол кезде.
Ішкі жалғыздығы, рухани жалғыздығы өз-өзіне қол жұмсауға дейін алып барған. « Көрген баққанында» жазып еді ғой... Сондай бір жеке өміріндегі ауыр кезеңде оған кездескен екем. Оны жүрегімнің тұнығымен жақсы көрдім. Алғаш қосылған жылдары іші толып қалғандай көп сөйлейтін. Жалпы, көп әңгімелесетінбіз. Ермерейі де, Қаракөзі де жазбаларында жазды ғой, үстел басында екеуден-екеу отырып, ол шәй ішіп, мен әңгіме тыңдайтынмын.
– Ол рас, «Қаз-МУ-дегі он екі мың қыздың ішінен таңдап алдым», - деген жан жары – өзіңізге де нәзік пейілі ерекше екенін әр сұхбаттарынан білеміз ғой. Жалпы, барлық сұхбаттарын қайталап оқып шықтым. Отбасына деген асқан сүйіспеншілігі білінеді. Әр баласының атын аялай атайды. Болашақтарынан үлкен үміт күтеді...
Аға отбасында қандай еді? Ол кісінің өзі «отбасында қандай қожайынсыз?» деген тілші сұрағына: «Қателеспесем, әжептәуір қожайынмын-ау деймін», - деп жауап беріпті.
– Өзі балаға қаттымын дейді, бірақ ол олай емес. Ермерей дүниеге келгенде, өмірімнің жалғасы, ер бала дүниеге келді деп қатты қуанды. Күнделікті күнде суға түсіруді міндетті түрде бірге түсіреміз. Таңғы төртте тұрып, далаға алып кететін, себебі, шілдеде Алматыдағы жалдамалы пәтеріміз күн шықпай ысып кететін. Қатты сыйласып, бір-бірімізге түсіністікпен қарап өмір сүрдік. Үй шаруасына қолғабыс тигізуден қашпайтын еді, бірде мен дүкенге кеткенде, жеңін қайырып алып, балалардың киімін жуып жатса, Мұхтар аға Шаханов үйге кіріп келіп, қатты сасып қалыпты.
Өзім қаланың қазақы отбасында өскен қызбын ғой, үй тірлігі әйелдің міндеті деп ойлаймын. Мамам қазақы жөн-жосықты, тәрбиенің дұрыс-бұрысын санамызға қатты сіңіріп өсірді. Папамыз жұмыстан келгенде, үйге киетін аяқ киімі, тақиясы, сүлгісі бәрі дайын тұратын. Сосын үйде көп бала болсақ та, шыбынның ұшқаны білінетін, біз әкені сыйлау дегенді солай болуға тиісті қағида деп өстік. Өзім құрған отбасында осы тәртіпті сақтауға тырыстым. Рахымжанмен папамның мінездері ұқсайды. 90-шы жылдары қиын кез болды ғой, ол сүтсіз шай іше алмайды, мен үнем жасап, «сүтпен ішкім келмейді» деп, оған ғана құятынмын. Сол кездерден бастап, үйдің тіршілігін толықтай маған сеніп кетті. Ол тек жұмысын, алаңсыз жазуын білді.
Біз үлкен сыйластықпен өмір кештік. Барлық отбасында болатын тұрмыстық қиындықтар үшін ренжіспейтінбіз, өзі «Дара жолда» «жеке бас қиындығым бар, Сәуле соның бәрін көтерді», - деп айтып еді ғой. Көп нәрсесіне, асаулығына, тентектігіне кешіріммен қарадым. Жалынан сипап, жәйлап айтсам, жұп-жұмсақ қалпына түсетін. Анасынан ерте айрылғандығы бар, кейінгі көрген қиындықтары бар, жазушылық әлемі мен өмірдің екі басқалығы да оның ішкі күйзелісін ұлғайта түсті деп ойлаймын. Алланың берген бойындағы ерекше таланты да оны қалып пен шеңберге сыйғызбады...
Рахымжанның мінезінде шығармашылық адамына тән бір нәзіктік, жұмсақтық болды. Сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрсеге ренжіп қалатын еді. Ешқашан «жоқ» деп, алдына келіп тұрған адамның меселін қайтармайтын. Біреуге ренжісе, онысын білдіртпейтін. Кейінгі кезде мазасын алатын жұрттан мезі болып, телефонын сөндіріп қоятын болды. Керек адамдарына артынан өзі қоңырау шалып жатады. Жоғарыда айтып кеттім, біз о бастан күйлі, дәулетті тұрған жоқпыз. Жас кезіміздегі жоқтықты солай болуы керек деп қабылдадым, кейін жағдай түзелген кезде асып-таспадым. Оның материалдық игілік емес, бастысы – рухани байлық, жан тазалығы деген ойын хош көрдім.
Мен оның публицистикасын, тілшілік жазбаларын сондай жақсы көремін. Өзі болса, көп уақытымды алды, одан да жазушылығымды құнттауым керек еді дейтін. Бірақ осы өсу жолы, табысты қадамдары туралы айтқанда , үйге келетін жақын туыстар арасында әзілдеп, сол жолда сенің еңбегің осынша пайыз дей келе 99 пайызға жеткізетін. Мені сөйтіп «алдап» қоятын. Жалпы, жеке өмірімізді жабық ұстадық. Ешқашан ел алдында артыққа жол бермедік.
Ер адамның жағдайын жасау – әйелдің міндеті. «Отбасында бақытты адам ғана бақытты» дейді ғой, ол бала-шағасының ортасында, ол шынымен де, бақытты еді. Елдің адамының, танымал азаматтың жары болу үлкен еңбек. Қазақтарда бір ұғым бар, ондай адамның жеке өмірі, бала-шағасы жоқтай көреді. Кейде сені итеріп тастағысы кеп тұратындар көп. Ол тек бір оның ғана емес, жұбайының да бірге өткен жолы екенін көп адам түсінбейді, «танымал еркектің артында ақылды әйел тұрады» деп орыстар айтпақшы, өмір жолымызда үйсіздікті де, жоқтықты да, ағайын-достың сатқындығын да бірге көрдік. Қазір ол кеткен соң біреулер бірдеңе дегісі келеді, ондайларға күлкім келеді.
Балаларын өте жақсы көрді, қатты еркелетті. Сырт көзге балаға мән бермейтін сияқты, бірақ солардың әрбір сөзін, әрбір қылығын іштей ескеріп жүретін. Қаракөз жасөспірім кезінде «барабан тартқым келеді» дегенде, Түркиядан нән дауылпазды көтеріп те келген. Қыздарының қызығып, алғысы келген интернет-тапсырыстарын маған айтпай төлеп беріп жүреді екен. Күнделіктерінде балаларының құйттай-құйттай суреттері, шатпақ шимайлары жапсырылып тұр. Алыс сапарларынан бәрімізге сыйлықтарын алып келетін. Жалпы қазақ әйелінің бақытын басымнан Рахымжандай азаматпен бірге өткізгенім қиындықпен келген бақыт. Көп әйел түсінбейтін бақыт. Бір көңіл шәйда Дариға деген нағашы апасының айтқаны бар: «Кімнен айырылғаныңды емес, кіммен бірге өмір сүрдің, кімді бақытты еттің, соны ойла, соны ойласаң қайғың жеңілдейді», - деп.
Жоғарыда айтқанымдай, қосылған жылдары тұрмысымыз өте қарапайым болды, пәтер жалдап тұрдық. Ауылға өзіміз барып қайтатынбыз. Араласатын адамдарымыз да жоқтың қасы болды. Кейіннен айналасында адам қарасы көбейіп , өз жұмысымен маңайынан үйіріліп шықпайтын солардың көпшілігі Рахымжанның да отбасы, бала-шағасы бар екен-ау, жеке өмірі, жеке уақыты болуы керек екен-ау деп, санасқан жоқ. Тіпті демалыс күндері де мазаны алып бітетін. Тек солардың шығармашылығына кесірі қатты тигенін айтқым келеді...Кейде өзіміз үйде отырсақ та, есік сыртына біз анда кеттік, мында кеттік деп өтірік жазып қоятынбыз.
– Жазушылық шеберханасы туралы айтып берсеңіз. Жұмыс істеу тәсілі қандай еді? Үлкен тақырыпқа кірісер алдында, жұмыс үстінде өзін қалай ұстады? Үлкен бап қажет ететін бе еді? «Көп нәрсе жазушының өмірлік жарына байланысты» деген шындыққа жақын сөз бар, сол сөзді тірілтсек, жазушыға қалай қолдау білдіретін едіңіз?
– Жазушылық шеберханасы десеңіз, оның өзін бір «көшпенді шеберхана» деп атауға әбден болатын шығар. Ол шығармашылығына келгенде үлкен бап таңдамайтын. Біз көп көшкен адамбыз. Алматыда үй жалдағаннан бастап көштік, одан Бішкекке жұмыс сапарымен кетіп, сол жерде бес жыл тұрдық. Жұмыстан келіп, тамақтанып алып, балалар ұйықтағаннан кейін жазуға отыратын. Шаршаса да, өмір бойы осы тәртіппен жұмыс жасады. Жұмыстан шаршап шығып, бірде автобуста қалғып кетсе, басынан бөркін шешіп әкеткенін білмей қалыпты. Әдебиеттің «қара жұмысына» барлық қалам иелері сияқты түнгі мезгілін арнайтын. Тақырып таңдағанда, ұзақ ойланбайтын. Сүйікті кейіпкерлері – тарихи тұлғалар, қарапайым ауыл адамдары еді. Жәңгір хан, Исатай мен Махамбетті жақсы көрді, Сырым батырды, Мұстафа Шоқайды, Бейбарысты, Әмірені, Ғабит атамызды, Сәкен Сейфуллинді, Темірбек Жүргеновті жазды. Жалпы, не жазса да, зерттеп алмай, жазуға кіріспейтін. «Басымда пісіріп аламын» дейтін, ондай кезде, жаныңда отырып та, ол сені тыңдамай отыруы мүмкін, өз әлеміндегі геройларымен отыратын еді. Алғашқы тұрмысқа шыққан жылдары бірде жуынуға кіріп кетіп, өз-өзімен рахаттанып әңгіме айтып жатқанын естіп, шошып кеткенмін. Енді бір қызығы, қазір Қаракөзі сондай. Бұл да шығармашылық ойда жүретін адамдардың бір ерекшелігі болса керек. Көкейіндегі нәрсе әбден «піскен» кезінде ғана жазуға отыратын. Жазуға отырғанда, ешкім мазасын алмағанды жақсы көреді. Жазу деген кейде лық етіп төгіліп кетуі мүмкін. Сол төгілгенде, жазып алуға тырысады. Балалар өсіп, мазасын алмайтын жасқа жеткенде, күндіз де жазуға көшті. Түскі мезгілде «бір сөйлем болсын жазып тастайыншы» деп отырады кейде. Көбінесе, бір жазғанын қайтып түзетпеуші еді. Бап дегенде, өзі жылқышының баласы , болмыс-мінезі таза қазақи, жылқының етін жақсы көрді, міндетті түрде соғым соямыз, сол соғымды маусым айындағы Ермерейдің туған күніне дейін жеткізуге тырысамын. Жылқының еті үнемі алдында болатын, сол сияқты, сүт қатқан шайды ерекше жақсы көрді, шайсыз ғұмырын елестету қиын. Әсіресе, жазу жазғанда. «Сен таңдаған шайдың дәміне ештеме жетпейді» деп, үйдегі шайдан жұмысына да алып кететін еді. Шұбат, құрт-ірімшік, балды жақсы көрді. Оның ауылы балыққа, әсіресе сазанға бай сулы жер. Сазанды ерекше жақсы көруші еді.
Жалпы, қай-қай азаматтың да өмір жолы алған жарына байланысты деп ойлаймын. Әйел болып қателескен де жерлерім болған шығар, бірақ, менде сол адамда бәрі дұрыс болсыншы деген ой ғана болғаны Аллаға аян. Қиындығын бірге көремін деп қосылған соң, әрине, мен әйелдің міндетін орындауға тырыстым. Өмір болған соң, ауыртпалығын көтердім, көп нәрсесіне көз жұмдым. Ол да мені түсінуге, көмектесуге, еркелетуге тырысатын. Әр нәрсе тергеліп, сөз қуып, жұрттың сөзіне еріп кетсең отбасы құруың қиын. Маған дейін ол осындай нәрселердің бәрінен өткен, азап шеккен. Кездескен кездері өз өмірінен, ақын жазушылар өмірінен көп мысал, әңгімелер айтатын. Солардан өмірлік сабақ алдым десе де болады. Жиырма жеті жыл бір шаңырақ астында өмір кешкеннен кейін оның әрбір әдеті, әрбір әрекеті «солай болуы тиіс» сияқты болып кетті. Бірге өмір сүрген сол ғұмырдың тез өтіп кеткеніне мен қазір таң қаламын. Өмірімізде ащы да, тәтті де нәрсе болды. Қай кезде де оның дұшпаны – менің дұшпаным еді, оның досы – төрімізден орын алатын. Қашан да ер-азаматымды қолдап, тілеуін тілеп, қиналса бірге қиналдым. Рахымжандай жаратылысы бөлек адамның, бала кезінен қиындық көрген адамның тағдыры үшін үлкен жауапкершілікті өз мойныма артқаным рас. Ол қарны тойғанға мәз болып өмір сүретін көптің бірі емес еді, сондықтан оның тұлғасына лайықты жар болу керек екенімді мен жақсы сезіндім. Бет-аузыңды бояп, әдемі киім киініп, қасында қуыршақтай болып тұру бөлек те, жанын түсініп, кешірімшіл болып, талантты адамның жары болу мүлдем бөлек. Балаларды да солай тәрбиеледім. Қазақ әйелі баласын әкеңе сөз келтірме деп тәрбиелейді емес пе?
– Бала-шағаны, қара шаңырақты, мәңгі өлмейтін киелі туындыларын бір өзіңізге қалдырды да жүре берді... Мұның барлығы нәзік болмысыңызға аса ауыр салмақ екенін, әрине, сеземіз...
– Қара шаңырақ деген киелі ұғым . 2017-нің қарашасында жер учаскесін алып, «Жаһангиріме үй саламын» деп, сол жерден үй жоспарлап жатқан. Бірақ оған Құдай жеткізбеді... бірақ сол мақсаты, жоспары бізге аманат, Ермерейі, Қаракөзі бар, жанының саясы болған Жансаясы, Жамалы бар, сол тілегіне бізді жеткізсе деп армандаймын.
Туындыларын көп жинамайтын, шашып жүре беретін. Алматыдан Бішкекке көшкенде, тез буынып-түйініп, көшіп кеттік. Заттарымызды сонда тұратын ағайынымыздың үйіне қойып кеткенбіз, бір-екі жыл өтіп, сол үйдегі жеңгеміз ренжігеннен кейін, Алматыға барып, екі-үш үлкен сөмкеге салып, тек қана Рахымжанның қағаздарын алдым да, қалған заттарды сол күйі қалдырып кеттім. Сол қағаздарды Бішкектен Ақтауға, одан Атырауға көшкенде бірге алып жүрдім. Ақыры, жинала-жинала келгенде, бір бөлме толды. Өзі өмірден өткеннен кейін Астанадағы үйде қалған қағаздарын поезбен алып келдік. Артында қалған жазба мұраларын жинақтап, жоғалтпай реттеп, болашаққа алып бару – біздің міндетіміз деп есептеймін.
Әрине, өзі кеткеннен кейін, артында қалған отбасына деген ел-жұрттың сын сөзі болады екен. Қасындағы адамың кеткен кезде, бұл «Алланың ісі емес, әйелінен болды» деп қарайтындар да болады екен. «Неге уақытында қаратпады, неге сақ болмады, неге алдын алмады?», - деген сөздер 70-80-ге келген ел ақсақалдардың аузынан шыққаны, Алланың ісіне шек келтіргендері өкінішті, әрине. Бұл заманда жесір болу да , адамының артын күту де сын емес, сынақ екен. Сенің қайғыңмен көбінің ісі болмайды екен. Осылай өмір сүріп жатырмыз, Анар... Кейбір адамдардың қолдан жасаған қиындығымен күресіп өмір сүріп жатырмыз... Кейбір досым деген адамдардың өзі айтқандай иттің дос болғаны жақсы, достың ит болғанын көріп те өмір сүріп жатырмыз, кейбір ағайын-туғандарының сатқындық жасап, өзгерген мінездеріне таң қалып өмір сүріп жатырмыз...
Бұл да Алланың берген сынағы шығар. Сол сынақты, сол жолды менің өтуім керек болған шығар деп ойлаймын. Біріншіден, өз-өзіме сабыр тілеймін, балапандары санасыз емес, ол үлкен қуат маған, әкесі әрқайсысына сеніп кеткенін түсінеді. Бұлар аман жүргенде, оның ұрпағы аман жүргенде, Рахымжанның мұрасы да, аты да өлмейді дегенге сенемін. Алдағы уақытта осы мақсатта жұмыс істеймін.
– Күнделігінде: «Өмір сүргім келмейді. Тап осы сәт Аллекем ақ мылтығын кезесе, «атқан қолдан айналдым» дер ем...» - депті...
– Бұл соңғы жылдардағы көңіл-күйінің бір сәттері еді. Атырау облыстық теледидарына берген сұхбатында ашылып, көсіліп сөйлеп, ең сәтті сұхбатының бірі сол болды деп ойлаймын. Сонда елдің, ұлттың мәселелерін ашық айтты. Әркез қазаққа төнген қауіпті өзіне келген кесапаттай қабылдады. Қоғамдағы кейбір мәселелер жанын жегідей жеді. Жан дерті меңдеген сәтте, осындай сөздерді айтқызды. Оны қинаған нәрсе, осы келеңсіздіктерге қарсы тұра алмағандығы. Өз пікір, ойын ашық айтып жүргенімен тоқтау қоя алмағандығы, өзінің шарасыз күйі жанына қатты батты. «Ойлы адамға қызық жоқ» деп данышпан Абайдан артық айту қиын. Ол ақша шашып, думандатып, серілік құрып жүретін адамдардың қатарынан емес еді. Миында сан мыңдаған ойлары, жоспарлары тұрады, елдің басына түскен небір қиын жағдайларды естігенде, торығып, тіпті ұйқысыздыққа да ұрынатын. Киімі жоқ, не бір, қарны аш емес, осындай ойлар оған маза бермеді. Әсіресе, соңғы екі-үш жыл. Бұрын болашаққа деген үміті, сенімі болатын. Торығып, қиналып кетті. Ешкімді көргісі келмейтін кейде. Өзің мен төрт бала, әйтпесе бұл дүниеде қимайтын ештеңе жоқ деп, мен жақсы көретін адамдардың көбі кетіп қалды деп соңғы кездері жиі айтып кетті. Сондай сәттерде рахатты жазудан тапты деп ойлаймын. Шіркін жазып қиналғаның емес, бітіріп рахаттанған сезімді айт деуші еді.
– Ағаның мәңгілік мекенін ертерек, көзі тірісінде сайлап қойғаны рас па?
– Атыраудың шетінде «Томарлы» деген ауыл бар. Сол маңда екі үлкен қорым бар. Бір кездері Кіші жүзде Құныскерей деген күрескер, Совет үкіметі банда атаған мықты атамыз өткен, сүйегі Түркменстан жерінде қалып кеткен, 1995-98 жылдары сол атамыздың сүйегін әкелеміз деп көп жұмыстанған. Жалғыз өзі емес, ағайындармен бірге. Екі мемлекеттің ортасындағы мәселе шешілмей, ол аяқсыз қалды. Бірақ, сол кезден бастап, әзіл-шыны аралас жиі айтатын болды. Баласына да тапсырып кетіпті.
– «Қызмет – қолдың кірі, саясат – беттің кірі, осы екеуінен де тазардым-ау», - деген Рахымжан ағамыздың біржолата шығармашылыққа бет бұрған кезі қай уақыт еді? Қызметті қойған соң, жазушылыққа біржолата бет бұра алды ма? Өндіртіп жазғаны қай уақыт еді? Жазғанына көңілі толатын ба еді?
– Ұлттық Академиялық кітапхана басшылығынан кеткеннен кейін «Ақ Жайық» журналын ашты. Содан кейін өмірінің соңына дейін Махамбет атындағы Атырау қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі болды. Сол жұмысын өте жақсы көрді. Сол театрды көтерем деп, ауырып жүрсе де, қолынан келгенінің бәрін жасады. Өмірінің соңында істеген қызметі – «Академиялық театр» атағын алып беріп кетті. Сол «Рахымжан Отарбаев атындағы халықаралық театр фестивалі» дүркіреп өткен, қаламынан туған сүйекті пьесалары қойылған сахнада сүйегі қойылып, ақтық сапарына сол киелі сахнадан аттанды...
Театр Бассыз қалды...
Рахымжан мемлекеттік қызметтен кетіп, қанша жерден «тазардым» дегенмен де, ол ортадан кете алмады. Барлығын тастап, бірыңғай шығармашылықпен отырған жоқ. Бірақ «үш жыл жазамын, үш жылдан кейін жазуды қоямын» деді. Ендігі жоспары – Атыраудан «Рахымжан Отарбаевтың әдебиет үйін» ашу еді. Оған лайықты ғимаратты да қарап қойған болатын. Талантты жастарға шеберлік класын өткізу, жастарды қамқорлыққа алуды ойлады. «Өзім Алматыға алғаш барғанда, көше орындығында ұйықтап жүрген күндерім сияқты, Атырауға ауылдан, шеттен келген жас таланттар қаңғып жүрмесін» -, деп. Әсіресе, оралман жігіттерге қатты жаны ашитын, солардың жайын көп ойлады, қолынан келген көмегін аямады. Баспанаға зәру болса, біраз уақыт тұрып кететін, іштегі шері барлар пікірталасып, аз уақыт әңгімелесіп кететін, жастардың жып-жылы бір ұясын құруды алдына мақсат етіп қойды.Кемеліне келіп, шеберлігі шыңдалған кезде қазақтың жас таланттарына жол көрсетуді, жөн көрсетуді ойлады. Өзі айтқандай, әлем тағдырына алаңдайтын жағдайға келген, «жазушы боп уайымсыз, мұңсыз жүру мүмкін емес» дейтін Рахымжан шәкірт тәрбиелеуді мақсат етті. Өз шығармашылығына шек қойған себебі сол. Соңғы төрт-бес жылда қатты өндіртіп жазды. 2018 жылы жоспарлаған шаралары бір-екі жыл кешігер, мүмкін, бала-шағасы, жоқтаушы елі, әдебиет пен өнер жанашырлары Рахымжан арманы әлі жүзеге асады деп ойлаймын. Осы сәтті пайдаланып, облыс басшысы Нұрлан Асқарұлына отбасы атынан Алла разы болғай деймін. Өнерді, сөзді, әдебиетті түсінетін тұлға екендігін фестиваль кезінде ел таныды. Рахымжан кеткенде де анық сезіндік. Ел үшін істеген ісіне еңбегіне сәттілік тілейміз.
Әрине, ағаңның өз жазғанына көңілі толатын, бірақ өзіне қатты сын көзбен қарайтын.
– Әдебиеттанушы ретінде Рахымжан ағаның прозасының біразын талдадым. Соның ішінде айтары астарында жұмбақ боп жасырынған, ең терең я ең тылсым шығармасы – «Шыңғысханның көз жасы» екен. Жазушының бұл шығармасын түсіну үшін том-том монографиялар аздық етері анық. Көзі барда түсінбедік, сол өкініш...
Ол аздай, о бастан бұл кітаптың тағдыры ауыр болғанын білеміз. «Аты-жөні жоқ біреулер кітабымды өртеп жатыр. Қорқақ, қорқау бір мүскін менің өмірбаянымды қазып отыр... Өртемек тұрмақ, елден шығарып жіберсін. Пікірімнен қайту жоқ. Көзіміз тар екен. Көңіліміз мешеу екен. Әулиедей Әбіш ағаның (Кекілбаев) тірлігіндегі бір осалдығын кешіре алмай тап осылай шулап ек. Аға құсадан қаза болған. Әй, ел емес екенбіз ғой» , - деп қайысқанда, қасында болдыңыз ғой...
– Әр саналы адам өз істеген ісіне жауап бере алу керек қой? «Шыңғыс ханның көз жасын» өртегендер не үшін сол әрекетке барғандарына жауап бере ала ма екен? Мен мұндай жағдайдың болғанын Рахымжан естімесе екен деп қорғаштап, соншалық тырысқанымды қайтейін, осы жердегі бір «жанашырлары» компьютерден басып шығарып тұрып алып келіпті. Ол кезде бұл шығармасы «Мемлекеттік сыйлыққа» ұсынылып, соның шешімін күтіп жүрген. Дәл сол уақытта осы кітаптың өртелгені өзіне қатты әсер етті, іштен шыққан баласын біреу қорлап жатқаннан кем қиналмаған шығар. Әрине, бейшаралықтан жасалған әрекет екенін жақсы түсінді, бірақ нәзік жаны, сонда да, қатты жараланды. Ермерейі: «Папам өз отына өзі күйіп кеткендей» десе, сол рас. Оны мынау қоғамда жеке басын ғана күйттеген адамдар қатты шаршатып жіберді. Әбіш аға Кекілбаевты қатты сыйлайтын, аға кеткенде ол үйде отырып, үнсіз жылады.
– Ең үлкен арманы не еді?
– Ең бірінші әке ретінде перзенттерінің бақытты болуын армандайтын. Ал тұлға ретіндегі негізгі арманы – қазақтың тағдырымен, әдебиетімен тікелей байланысты. «Біз әлі ұлт болып қалыптаспаған, көбіне рудың деңгейінде қалып қойған, сәби секілді алданып қалатын ұлтпыз», - дейтін. Ол қазағын рухы мықты, мәдениеті биік дәрежедегі ұлт ретінде көргісі келді. Екінші бір арманы – тіл мәселесі. Өз жазушылық қуатына аса сенімді болғандығынан шығар: «Мен қазақтың сөзін қойша айдаймын», - дегені. Жазған кезде арқасы ұстап, тылсым дүниемен байланысқа түсетіндей еді. Шығармашылық үстінде сөздің теңіз толқынындай лықсып,төгіліп түсіп жататынын бейнелі түрде «қойша айдаймын» десе, сөз киесінің өзіне жақындығын меңзегені болуы да мүмкін. «Қыз Данайдың қырғынын» жазу үстінде біраз қиналыңқырап жүрді. «Аузыма сөз түспейді, әлде менен сөз қашты ма?» - дейтін...Сөздің киесінен қорқатын. Ондайда шаршағанын басып, баласымен бильярдқа барып, миын тынықтыруға тырысатын.
– «Бас» романының алғашқы қолжазбасын өз қолымен өртеп жібергені рас па? Екінші нұсқасы қай уақытта жазылды? Бұл кітап неге оқырманға жетпей жатыр?
– Анар, бір қолжазбасын өзі жойып жібергені рас. Себебі, ескіліктің көзқарасымен жазылған шығарма деп, көңілі толмағаннан өртегені рас. Өзі бір сұхбатында айтады ғой: «Жас кезде жазған роман еді. Социалистік реализмнің даңғылына түсіп кетіппін. Исатай мен Махамбет – ұлттық батыр ғой. Ал Жәңгірді надан, хан иіс алмас ит-шошқа деппін. Фатима тоташты көрсеқызар, ақылынан тақымы жүйрік біреу деппін. Тұқым-жұрағатының бәрі қанаушы, қаскөй деппін. Кейін мұрағатқа кірейін... Ескі қолжазбаларды қазайын. Өткен дәуірдің шаңын жұтайын. Қайран қалдым. Бақсам, солай деп жазған жазушы ағаларым да, мен де надан екем», - деп. Басқа бағытқа кетіп бара жатқанына көзі жеткен соң, сол әрекетке барды. Кейін романды қайта жазып шықты. Сол сияқты, «Жәңгір хан» деген пьеса жазды. Сахнада жақсы қойылып жатыр. Әсіресе, Орал театрына қатты ризамын. Кейінгі «Бас» романын еліміздің ешбір баспасы шығаруға жүректері дауаламаған соң, шетелде бастырып жатырмыз. Біраз інілері, нағашылары бар, қазірде үлкен бір топ жылдық асына дайындық үстіндеміз.
– «Бас» пьесасы сахналанып жатыр ма?
– «Бас» пьесасы сахналанған, Махамбет атындағы Атырау театры қойған, «Рахымжан Отарбаевтың 2 Халықаралық театр фестивалінде» сәтті қойылып, 1 жүлде алған. Әзірге театр репертуарында.
– «Рахымжан Отарбаев атындағы халықаралық театр фестивалін» дүркіретіп өткізген Атырау елінде бұл үрдіс жалғасын таба ма? Бұдан кейін жазушы, драматург мұрасы қалай дәріптелмек?
– Фестивалдің Атырауда қайта-қайта өткені рас. Бұл жауапкершілігі өте үлкен шара болғандықтан, Рахымжан үшін салмағы ауыр болды, үлкен мазасыздық туғызды. Үлкен шараның дайындығы барысында болатын ұсақ-түйектердің бәріне алаңдағаннан кейін, әрине, үлкен салмақ болды. Сондай ақ, қатты қуантты да оны, рахат сезімге бөледі. Соңғы жылдары бірнәрсеге қатты алаңдаса, ауырып қалатын. « Маған ренжуге болмайды екен» дейтін. Дейтін де дәріні қос қостан ішетін. Ол дәрісі үйде, тоңазытқышта қорабымен тұратын. Оны жанында жүрген көп адам сезбеді де. Театр басшылығына телефон шалып: «Ұсақ-түйекпен мазаламаңдаршы, қазақта «азамат, сені сақтадым» деген бар емес пе еді», - деген едім. Түсінді ме, түсінбеді ме? Түсінбеген сияқты. Өз сұхбаттарында «өнер мерекесі» деп баға берген бұл игілікті үрдіс ел қолдаса, әкімшілік қолдаса, болашақта да жалғасын табар деп ойлаймын. Болашақта «Рахымжан Отарбаевтың руханият қоры» жұмыс жасайтын болады. Біз, отбасы, бала-шағасы қазір алда келе жатқан 63 жасына орай нендей мақсатта, қандай бағытта жұмыс жасаймыз деп ойластырып отырмыз. Сол кезде Каракөз де магистратурасын бітіріп елге келеді. Ермерей де өзінің бір жеке жұмысын жүргізіп, бағытын айқындап алса деймін. Алып бәйтерегіміз құлап, есеңгіреп қалған мына күйімізден еңсе тіктеген соң, отбасылық алып кемеміз өз бағытын алып, болашаққа қарай еркін жүзе бастаған кезде, Рахымжанның қалдырған мол мұрасын зерттеу, насихаттау, оқырманына жеткізу, бұл – менің, менен кейін балаларымның міндеті .Одан кейін қалың оқырманы қолдайды, күш береді деген үміттемін, себебі, Рахымжан ел сөзін сөйлеген, жоғын жоқтаған азамат. Ойға алған мақсаттарымызды жүзеге асыруға Алла тағала мүмкіндік бергей деп тілеймін.
– Рахымжан аға қалың оқырманы бар бақытты жазушы еді, аға кеткенде барша қазақ елі күңіреніп, қабырғасы қайыса қайғырғаны рас. Ендігі насихат жұмыстары қалай жүргізілмек? Оқырман сүйікті жазушысын жоғалтып алмай ма?
– Рахымжан: «Мен кетсем, бүкіл ел күңіренеді», - дегенді соңғы кездері көп айтатын. Сол өзі айтқанындай, өзі кеткенде солай болды, шынымен де. Қарапайым халықтың, өзінің оқырмандарының махаббатын, қолдауын біз сезіндік сол кезде. Шынымен де, елі оны оқитынын, кеткеніне өзегі өртене өкінгенін біз, оның отбасы жақсы сезіндік. 2018 жылы өзі көп жұмыс жоспарлағанын айтып өттім ғой. Сол жұмыс міне-міне басталғалы жатыр. Содан кейін насихат жұмыстарын қолдан келгенше қаржылай да қолдап, барынша жолға қоямыз деп ойлаймын. Көзі тірісінде айтып кеткен, жазып кеткендерінің барлығын жинақтап бір жүйеге түсіру де ертеңгі күннің ісі. Соңғы сұхбаттарының бірін Атырау теледидарына бергенін айтып кеттім ғой, өте бір сәтті сұхбат болды. Өзі жазған Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов, Мұстафа Шоқай сынды тұлғалардың қиын тағдырын жүрегінен өткізіп барып жазғаны рас. «Осының бәрін мен жанымды жеп жаздым», - деп өзі де айтатын. Кейбіреулер айтып жүргендей, ешкімнен ұрлап-жырламаған. Қазақтың өзінің тарихын, ұлтшыл, қайраткер тұлғалардың өмір шындығын киелі сахнадан көрсетуді мақсат етті. Болашақ ұрпақ ұмытпасын деп армандады. Кешегі тарихын ұмытқан елдің ертеңі бұлыңғыр деп сұхбатында айтып кетті емес пе? Елдің өзекті проблемасын көтерді. Атырау әуежайына Хиуаз Доспанова апамыздың атын сол кездегі облыс басшылығына айтып бергізген де өзі еді. Қазақ радиосында оның апамен жасалған сұхбаты Алтын қорда сақтаулы. Ел тұлғаларына ескерткіш қою, балық музейін ашу, мұнай музейін ашу, Атырау-Астрахань тас жолын «Бөкей жолы» деп атау т.б жұмыстар Рахымжан бастамасын көтеріп, әзірге жүзеге аспай тұрған болашақтың мәселелері. Екеуара әңгімеде де, ел болашағына қатысты осындай өзекті жайттарды да көп айтатын едік. Интернеттен ел тағдырына байланысты нәрселерді айтсам, «мұндайды көп айтып, менің жүрегімді ауырта бермеші», - деп, орнынан тұрып кететін. Сол желтоқсан, қаңтар айларында ұйқысы қашқаннан, түнімен жұмыс істеді, мені де ұйықтатпай, қасына отырғызып, екеуіміз Димашты қараймыз, көңілі көтерілсін деп, балалардың қызықты сюжеттерін қараймыз. Содан бір-екілерде «ертең жұмыс» деп, тұрып кетемін... менің білмегенім ғой, бір үлкен адам болса, мүмкін, сезер ме еді... бірақ ондай еш нәрсе сезген жоқпын, шыны керек...
– Ағаның жылдық асы Атырауда 16 наурыз берілмек... шегертуіңізге не себеп болғанын айтып өтсеңіз, жеңге?
– Мұны шегерту дегеніміз дұрыс болмас. Бұл бір календармен белгілеп қойған қызыл дата емес қой. Алла сәтін салып, шаңырағының бүткіл жұмысын үйлестірген күні осы болып тұр. Рахымжанның өзі жиі айтып отыратын бұрынғы ата-бабаларымыз жақсы адамның асын бір жыл емес, кейіндетіп өткізетін болған деп... өмірден өтуін күтіп отырғандай болмай, уақытынан асырып барып беретін болған деп...ол кез енді ат шаптырып, балуан күрестіріп ас берілер кез ғой. Рахымжан Құран бағыштап одан дәм ауыз тиіп кете беретін көптің бірі емес, өзі жоспарлаған жұмыстың бір бөлігі біткендігін елге көрсетейік, екінші өмірі басталып жатқандығын халық білуі тиіс деген ниетпен кітаптарын шығарып жатырмыз дедім ғой. Сол Берлиннен, Ұлан Батордан баспа бетін көріп жатқан екі аударма кітабы кешігіп жатыр. Отбасымыз қайғыдан есеңгіреп, бес-алты ай есімізді жия алмай қалғанымыз рас. Үзіліп қалған байланыстарды жалғап, аудармашылармен сөйлесіп, қаражат мәселесін шешем дегенше уақыт осылай болды. Моңғол және неміс тілдеріндегі кітаптары наурыздың жиырмасынан кейін шығуы мүмкін. Бірақ бір данасы болсын ағаңның асы берілетін уақытта жеткізіледі деп уәде беріп отыр жігіттер. Немісше «Бас» романы Лейпцигте жылда өткізілетін халықаралық көрмеге қатысады. Қаракөзі мен Жансаясы сонда оқуда ғой. Барып көреміз деп жоспарлап жатыр бұйыртса. Одан басқа да жұмыстар Мәскеу әдебиетшілерімен, Алматы баспагерлерімен бірге жүріп жатыр. Туған ауылымен де тығыз байланыстамыз. Онда да үлкен жұмыс басталғалы тұр. Бәріне 16 наурызда жұртшылық куә болмақ.
Содан кейін ағаң өмірден кеткеннен тура бір жыл өткенде шаңыраққа Данай есімді балапан келді. Қыз Данай туралы жазып атын да өзі қойып кеткендей... Қара шаңырағына рухы оралғандай сезімдеміз.
– Мағыналы сұхбатыңызға рахмет, Сәуле ханым! Ағамыздың жасамаған жасын артында қалған ұрпағы жасасын... Жалы биік жазушы еді, артта қалған мұрасы – көңілге медет, шығармаларының ғұмыры мәңгілік болсын деп тілейік...
– Саған да , рахмет, Анар, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып кезінде жанымызда болған, жылы сөз айтқан адамдарға, Рахымжанның қалың еліне алғыс айтқым келеді. Әңгімеміз аяқталмағай...
Сұхбаттасқан Анар Қабылқақ