Рухани арылу - мақсатымыз болсын

ТЕАТР
2011

Атырау қаласында өткен бір апталық театр фестивалінің ыстық-суығы да басылған сыңайлы. Бұл – соңғы жылдары жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі өнер сайысы. Биылғы фестиваль - өмірден мезгілсіз өткен жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың III-ші Республикалық театр фестивалі деп аталды. Тоғыз театр сахналық шеберліктерін көрермен мен қазылар алқасы зердесіне ұсынды. Әрине лайықты бағалары мен тиісті қошаметтерін де алды деп есептейміз. Күніне қос қабат ұсынылған спектакльдер аншлагпен өтті деуге болады. Қала мен облыс жұртшылығының да өнерге сусап қалғаны анық байқалады. Фестиваль туралы, қайнап тұрған дер кезінде көптеген ақпараттар таралды. Тіпті, «Атырау фестивалінің күнделігі» деп «Мәдениет порталы» тілшісі бір-жар мақала да салды. Басты назар: қазылар алқасы тарапынан айтылған пікірлерді беруге ауды. Соның біразын еске сала кетсек жөн болар:

«Түнек торы» атауымен сахналанған пьесаны Жетісай қалалық Қ.Жандарбеков атындағы драма театры қалай шығарғаны туралы талдау сөз кезегін Қазақстанның халық артисі, Есмұхан Обаев алды:

- Жалпы алып қарағанда менің көңілімнен шықты дейтіндей ештеңені көре алмадым. Былай қарасаң сахнада режиссердің, суретшінің жұмыстары көрініп тұр. Образды арқандар, торлар, жыландар, сосын «мәңгілік ескерткіш» сынды бейнелерді айтуға болады. Бір қызығы осы қойылымдағы басты рөлдерге анау қараңғыда жүрген нашақорлар ие сияқты. Жаңағы айтқан «мәңгілік ескерткіш те» соларға қойылған ба деп қалдым. Өйткені сол қараңғылықтағы нәрселер - көрерменге ұсынылған басты көрініс және осы қойылымның іліп алары ма деп қалдым. Негізінде біраз жұмыстар жасалған. Дейтұрғанмен, режиссерлардың арасында: «өзім білем» деген кереғарлық бар. Соның кесірінен пьесаға қайшыны қаттырақ салып, келген жерінен де келмеген жерінен де кесе береді».

Бұл пікірге қосылмау мүмкін емес тәрізді. Себебі, әр қойылған спектакльдің соңынан кейін қазылар тарапынан сын мен ескертпелер айтылып жатты. Драма текстінде жоқ сөздер де өріп жүр. «Фариза мен Мұқағали» спектаклінде болуы керек: «Социалистік Қазақстан» газетін «Егемен Қазақстан» деп атап қалады. Сондай-ақ, кейінгі кезде ғана қолданысқа енген «солақай саясат» деген сөздер де құлаққа жағымсыз естіліп жатты. Бұл дегеніңіз – драматургтің еңбегіне немқұрайлылық танытып, жоғарыда айтылған «өзімбілемдіктің» кесірі болар. Әрине, режиссерлік тың шешім қабылданып, спектакль көркі гүлденіп жатса ешкімінің дауы жоқ. 

Қазылар алқасының мүшесі, театртанушы Айзат Қадыралиева әр қойылымнан соң «Апырау, мына әртістер неге қарапайым адамдар құсап сөйлемейді?» деп таңдана берді. Сахнадағы жасандылық жанына батқан сияқты. Бұрыннан қалыптасып, бойға сіңіп қалған пафостық сөйлеу мәнерінен арылу керектігі айтылды. Мысалы, Түркістаннан келген театр ұжымының кәсіби біліктілігі туралы ащы сын болды. Ол сын - тек осы ұжымның кемшілігі емес, жалпы театрға қатысты кемшілік екенін ұмытпау керек. Яғни ол: кадр тұрақсыздығы, олардың жалақысының мардымсыздығы, жалпы мемлекет тарапынан осы өнерге ескен елеусіздік дерсің. Қазылар алқасы түркістандықтарды сынай отырып, жылай да отырды. Арнайы білімдері болмаса да, азын-аулақ тиын-тебенге күндерін әрең көріп жүріп, сахна атты киелі орынды шама-шарықтарынша қастерлегендері үшін алдарында бас июге болады. 

Фестиваль барысында айтылған ескертулер мен сыни пікірлер әртістер мен режиссерларды қамшылап, жаңа ізденістерге жетелейді деп түсінгіміз келеді. Осы орайда үшінші қабат өткізіліп отырған фестивальдің жалғасы болады деген үмітпен өзім де: сондағы көрген-білгенімді түйіндеп, ой топшылағым келді. 

Республикалық фестиваль аталуына байланысты - оны бір өңірдің мойнына арта салуға болмас.  Ұйымдастыру шаралары ішіндегі: жолақысы, жатынақысы, тамақтандыру сияқты түрлерін қайта қарастырса. Демек, әр үміткер ұжым бұндай шығынды өз тарапынан көтерсе деген ой бар. Ол үшін олардың жергілікті әкімшіліктері өз театрының дамуына мүдделі болуы тиіс.  Осындай сайысқа, әр театр жыл бойғы шымырланған үздік туындысын ғана әкелуі керек болса, яғни оған жергілікті жерінен қажетті жағдай да жасалуы керек. Фестивальді жыл сайын емес, үш жылда бір ұйымдастырып, шынайы саңлақтарды тануға жол ашса. Сосын, тек қазылар алқасының пікірлерін ғана тыңдап, ат-үсті шешіммен тұра қашпай, шеберлік сабақтары секілді - тәжірибе алмасу бойынша бас қосулар ұйымдастырылса. Сонымен қатар Республикалық деген атына сай, салиқалы өнер додасын дүниеге әкеліп, жаңа форматтағы тәжірибелік Өнер мектебінің ірге тасы қаланса. Сөйтіп, Рахымжан Отарбаев атындағы театр фестивалі тек бір ғана автордың шығармашылығын насихаттайтын емес, жалпы қазақ драматургиясы мен театрының шамын жарқырататын киелі ошаққа айналса деген тілек бар. 

Сондай-ақ, қандай да байқау, конкурстарда қазылар алқасы сапында сол жанрдың сүйегін шағып, майын ішкен майталман мамандары (жасының үлкен-кішісіне, атағының бар-жоғына қарамай) ғана болуы тиіс. Сонда ғана берілген баға орынды болып, айтылған сын діттеген жеріне жетер деп үміттенеміз. «Жаманын жасырып, жақсысын асырып» деген мақалдың күні өтіп бара жатқанын мойындаумыз керек. «Жауырды жаба тоқу» - көзбояу. Рухани арылу - мақсатымыз болсын.      

Заман Төлеуов

madeniportal.kz

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Астана тұрғындары интернет-алаяқтарға 3 млрд теңгеден астам ақша берген, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...