Елордада Үш Арыс ескерткіші мен Жазушылар үйі ашылды

ӘДЕБИЕТ
6286

Елордада қазақтың үш бәйтерегі Сәкен, Бейімбет, Ілиясқа арналған ескерткіш ашылды. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының жаңа ғимараты да пайдалануға берілді.

Алаш арыстарының мүсіні оң жағалаудағы қаламгерлер аллеясында бой көтерді. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері және ұлы тұлғалардың ұрпақтары қатысты. Бастама Абайдың 175 жылдығы аясында қолға алынып отыр.

Шараға Елорда әкімі Алтай Көлгінов те қатысып, биыл кұзде ашылған Жазушылар аллеясының болашақта да абаттандырыла беретінін атап өтті.

- Бүгінгі шаралар біздің рухани жаңғыру жолындағы жасап жатқан жұмыстарымыздың бір парасын көрсетеді. Тәуелсіздік қарсаңында осындай үш алыбымыздың ескерткішін ашу жастар үшін өнегелі іс деп ойлаймыз. Жұмыс бұнымен тоқтап қалмайды, болашақта Қаламгерлер аллеясын абаттандыруды жалғастырамыз, - деп атап өтті қала әкімі. 

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиндердің есімі білім мен ғылым ошақтарына беріледі. 

Жаңадан ашылған Қазақстан жазушылар одағының елордадағы филиалының жаңа ғимараты үш қабаттан тұрады. Еңселі нысан сол жағалаудағы Шұбар ауданында ашылды. Мұнда ақын-жазушылар қауымы шығармашылықпен шұғылданып, аударма жұмыстарымен де айналыса алады. Ал ғимаратты ұстап тұру шығындарын әкімдік өтейді. Айта кетейік, шаһарда Қазақстан жазушылар одағының 150-ден аса мүшесі бар. 

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, ғимарат елордалық қаламгерлердің бас қосатын қарашаңырағы болмақ.

- Бұрын облыс орталығында бөлімше болған. Дәл осындай лайықты ғимараты болған жоқ еді. Бүгін тұсауы кесілді. Жазушылар пікірлесіп, бос уақыттарын өткізуіне, болмаса кітапхананы пайдаланса да, керекті ғимарат болып тұр, - деп атап өтті ҚЖО төрағасы.

Қазақстан Жазушылар одағының елордалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында жалпы руханият үшін сүйіншілі шара болды. 

- Қыркүйек айында Қазақстан Жазушылар одағы Тәуелсіздік алғаннан бері Тұңғыш Азия қаламгерлерінің форумын өткізді. Сол шара аясында Абай көшесінің бойынша Қаламгерлер аллеясын ашқан болатынбыз. Бүгін міне сол аллеяда биыл 125 жылдық мерейтойлары болып жатқан Сәкен, Ілияс, Бейімбетке қалалық әкімдіктің қаржыландыруымен, қала әкімінің ұйымдастыруымен үлкен ескерткіш қойылды. 

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында 150-ден астам Жазушылар одағының мүшесі тұрады. Сондықтан бізге де бас қосатын үлкен шаңырақтың қажет екені уақыт талабынан туған дүние. Соған да қала әкімдігі осы жеке ғимаратты бізге беріп отыр. Бұл да қаламгерлерге билік тарапынан, соның ішінде қала әкімігі тарапынан жасалып жатқан қамқорлық деп ойлаймын, - деді филиал басшысы.  


madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Продюсер Жан Мұқанов Қазақстанда ең көп гонорар алатын әншілерді атады, деп хабарлайды madenipor...

Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...