Саттар Ерубаев: ӨМІР КӨРКЕМДІГІ

ӘДЕБИЕТ
6643


Біз бақытты едік. Өмірде жоқшылық, тарығушылық бар дейтін, бірақ оны біз көрмеген едік. Өмірде еріксіздік, езушілік бар дейтін, біз оны да көрмеп едік. Біздің өмір – бақытты өмір еді. Біз тек бақытты, қуанышты өмірдің аясында өскен едік. Сондықтан да біз өміріміздің бұл қасиеттерін жақсы білетін едік. Бірақ біз өмірдің сұлу, көркем екенін білмейтін едік. «Біздің өмір көркемнен де көркем, сұлудан да сұлу ғой», – деген ақын сөзін бақытты, қуанышты айтады ғой деп түсінетін едік.Ал, айтайық: құралай көзді қыздың көркемдігі мен өмірдің көркемдігін ешқандай жанастығы, жақындығы жоқ қой деп ойлаушы едік. Өмір деген еркек емес, қыз емес, жер-су емес, қала емес, оның сымбатты денесі, оймақтай аузы, ойнақшыған көзі жоқ. Бұл өмірдің жақсы, бақытты, қуанышты екені рас, ал сұлулығы түсініксіз деуші едік. Бірақ, естеріңізде болсын, өмір туралы ұшқалақ ойдың, қатенің барлығын өмірдің өзі ашып береді. Бұл жөнінде де солай болды. Біз өмірдің көркемдігін көзімізбен көрдік. Оның суретін де салып алдық. Бұл былай болған еді.

Қала қалың көк ағаштарға бөленіп, үйлерінің мұржалары да жапырақтар арасына жасырынып көрінбей, тау етегінде жататын. Біз сол тау етегіне қарай шығатын оқтай түзу көшеде тұратынбыз. Менің бір суретші жолдасым болды. Екеуіміз күн сайын оның болашақ суретіне сұлу қыз іздейтінбіз. Біз тұрған көше бірте-бірте жоғарылап, беткейді өрмелеп, көтеріліп барып алдында кесе-көлденең жатқан тауға иек арта бітетін. Көшенің шетінде тау беткейіне өрмелей біткен қалың жемісті бақша болатын. Біз жолдасымыз екеуіміз күнде көшемен жоғары көтеріліп, осы қалың бақшаны аралап өтіп, тау төбесінде секіріп ағып жатқан өзеннің жағасына келіп, қалың ағаш көлеңкесінде жататынбыз. Төменде, беткейде қалың ағаш арасынан көрінбей, көк ағаштардан жасалған көрпесін айқара жамылып, жасыл жапырақтарды бүркеніп біздің қала жататын. Біз сол қалаға көз жіберіп, көңіліміз шалқып, тау суына шомылып, демалатынбыз. 

Əсіресе, кешке таман күн еңкейіп назарын басқа жаққа аударғанда, жел тыныс алып, табиғат көркемдігіне елтіп, мүлгігенде, осы беткей мен бақшалар үсті таудың салқын ауасына, неше түрлі гүлдердің жұпар иісіне толатын. Сол хош иіс, салқын ауа денеңді балқытып, буыныңа дейін түсіп, көңілді шалқытып, өзіңді бір кіршіксіз гүлдей таза етіп жіберетін. Табиғаттың əрбір қимылы – сұлу қыздың көз қарасы, сызылып шыққан музыка сияқты өте келісті де, əсерлі болатын. Не дегенмен мен онда ақын едім. Ақын болғанда өлең жазу емес, жанымның, сезімімнің нəзік музыкалық жағдайды шамалы болса да түсіне білгенін айтам-ау. Бір күні өзен жағасында жатқанымызда өзеннің төменгі жақ бойынан шыққан күлкі естідік. Күлкі – əйелдің күлкісі. Біз осы уақытқа дейін əйел даусының қандай екенін айтып бере алмаймыз. Күлкі тек шалқып шықты. Мынандай жағдайды көзіңізге елестетіңіз: Кешке жақын жел тынып, салқын ауа, түрлі гүл, шөптердің жұпар иісіне толып, ол иіс ағаштардың арасында қозғалмай тұрғанда, гүл арасында өмір сүретін əдемі көбелектер сол гүл үстінде орғи ұшып секектеп, əр жерге бір қонып жүреді. Сол уақытта бақшада жастықтан, бақыттан, шаттықтан, сұлулықтан тасып шыққан ешбір қайғы-уайымсыз, күмістей таза күлкі естіледі. Əрине, бұл жағдайлар адамға əсер етпей қоймайды. Қайғылы адамды шаттандырып, қуанышты адамды қайғыландырып жібереді. Бұндай күлкілер күлкі иесінің кім екенін толық ашып бермесе де, оның кіршіксіз табиғи қуанышын, баладай ақкөңіл таза жандылығын, сонымен қатар оның өте қызу жастығын, денесінің саулығына, өзінің ерекше көркем екендігіне сенімділігін, алғашқы таза табиғатпен араласып жатқандығын көрсетеді. Біз орнымыздан тұрдық. Сол уақытта беткейдегі бақша арасынан бір қыз, бір жігіт шыға келді. Біз дəл жаңағы күлкіні көзімізбен көргендей болдық. Қыз бір жерде тұрмайды, түлкі құсап, тау суы құсап, тастан-тасқа секіреді. Қыз бен жігіт суды жағалап біздің қасымызға келді. Жігіт тасқа отырды да, қыз түрегеліп тұрды. Күлкінің иесі – қызды біз енді жақсылап көрдік. Бұл он жеті-он сегіз жасар қыз еді. Қыз жалаң бас, үстінде белі қыналған, жеңсіз, жағасыз сары көйлегі бар. Білегінде кішкентай сағаты бар. – Мынау аса сұлу екен, – деді жолдасым. 

Тегінде, қыз аса сұлу еді. Бірақ біз қыздың иесі əдемі екенін біле алмадық. Біраздан соң қыз бен жігіт ойламаған жерде орындарынан тұрып, бақшаның ішіне қайтып кіріп кетті. Біз бір-бірімізге сөз қатпастан отырдық та қалдық. Бір уақытта жолдасым орнынан қарғып тұрды. – Барып танысам, – деді де, жүгіріп алып кетті. Мен артынан барғанда, бақшаның ішінде, кішкене кірпіш үйдің қасында қыз күнге кептіру үшін үлкен шидің үстіне өрік жайып жүр екен. Жолдасым қасында өрік ағашына сүйеніп тұр. – Қарындас, мен суретшімін, үлкен полотно етіп, портретін салуға сіз сияқты адамды іздеп жүр едім, – деді ол қызға. Осы уақытта қыз: – Қоян! Қоян! – деп айқай салды. Тау жақтан төмен қарай бір қоянды бір тазы бастырмалатып қуып келе жатыр екен. Қоян екпінімен келіп бақшаға қойып кетті. Біз үшеуіміз де тұра жүгірістік. Қыздың қуанышы қойнына сыймай, күміс күлкісін бақша ішіне сеуіп, құлашын жая қоянға ұмтылды. Қоян сескеніп, бұрыла қашып, бақшадан шығып кетті. Бір минут өтпей-ақ қоян да, тазы да тасаға түсіп, жоқ болды. – Міне, суретші болсаң, осындай сурет салшы: тазы ентелеп, аузын ашып тап басуға сəл-ақ қалып келе жатады. Қоянның көзі шарасынан шығып, өлім тырнағына ілінуге сəл-ақ қалып қашып келе жатады. Бұның өзі аса ерекше əсер ететін сурет емес пе? Осы суретшілердің барлығы да натюрморт деп, өлген қоян, құсты, үзілген алма, нəкті, жарылған қауынды көрсетеді. Шын суретші болсаң əлі үзілмеген, жарылмаған, ағашта тұрған жемісті, өлмеген, өмір сүргісі келетін, өліммен күрескен аңды көрсетші. Адамның өзі де өмірмен адам емес пе? Қыз сөйлеп болып, ағаштың көлеңкесіне тұрды. Біраздан соң, ойламаған жерден қыз: – Мақұл, көркемөнерге пайдам тиетін болса, мен қашпайын, бірақ сүйемін, құшағыңды ашшы деп мазамды алып жүрмеңдер. Ал ойнап-күлуді өзім де жақсы көремін, – деп күлді. Біз адресімізді беріп қош айтысып, үйге қарай кеттік. Біз ұзамай артымыздан қыздың айқайлаған даусы шықты. – Менің атым Дəмелі Тұрарова, – деді қыз. Жолдасым түнімен ұйықтамады. Палитрасын, кистасын қолға алып, үйдің ішінде жүрді де қойды. Қызды түсіретін поза іздеп əлденеше композициялар жасады. Ертеңіне қыз келді. Оның қандай сұлу екенін біз сонда білдік. 

Дəмелі комсомол мүшесі, дəрігерлік институттың студенткасы екен. Егер де Дəмелінің бет тұрпатын, денесін алатын болсақ, оның тек үлкен қара көздері ғана əдемі еді. Онан басқа қарапайым қыздардан асып тұрған ешқандай ерекшелігі жоқ еді. Дəмелінің сұлулығы да басқада еді. Дəмелі үйдің ортасында бір тыным таппай тұр. Əңгімелесіп тұрып бір маған, бір жолдасыма қарайды, сөйтеді де, басын кейін қарай бір сілкіп тастап, қолымен шаштарын түзейді, сипайды. Онан соң күледі, сөйтеді де бетіне, көзіне я күлкі, я қорқыныш жүгіреді; əйтеуір, Дəмелінің денесі, қолы бір минут та тыныш тұрмайды. Дəмелінің үлкен қара көздері де солай, бір тыным таппайды. Көз алдында көрінген нəрселердің барлығы басынан кешірген, үйреншікті, білетін нəрселер сияқты. Көз қарасы минут сайын құбылып тұрады. Біресе көздері терезеден көрініп тұрған сонау Алатаудың белгісіз бір жеріне қадалып, мөлдірей қалады. Біресе өзіне қымбат нəрсе тауып алғысы келгендей, көшеден өтіп жатқан адамдардың беттеріне қарайды, қасындағы суретшінің шашына қарайды. Сөйтеді де, бота көзі өзінің қарауына тұрарлық бір нəрсені тауып алғандай жайраңдап, ойнақтап, оймақ аузына күлімсіреу пайда болады. Біресе қараудан зерігіп, қара көзі төңкеріліп, бұлтқа жасырынған айдай, кірпіктің астына жасырынып жұмылады. Қыз көзін жұмып шалқаяды. Бетіне түскен бір топ шашы кейін қарай сырылады. Қыз кенет көзін ашады. Жолдасым күндікпен əуре болып, ешнəрсе шығара алмады. Оған себеп мынау екен: Қыздың сұлулығы – оның денесінің, қолының сансыз əдемі қозғалысында, бетінің, көзінің əр уақытта да құбылып, күлкіге шомылып тұруында екен. Көзінің ойнақшуы, денесінің, қолының тынбастан қимылдап тұруы оның жастығына, тазалығына, күмістей таза күлкісіне қосылып айрықша бір сұлулық туғызады екен. Оның сұлулығы – кербез, өте көркем қозғалысында, көз қарасының құбылысының құбылуында, күлкісінің тазалығында екен. Егер де құбылуында қозғалысын, құбылуын тоқтатып, бір қалыпта қозғалтпай суретін салғың келсе, түк шықпайды екен. Дəмелінің сансыз нəзік қимылдарын, тыныштық тапқызбайтын қуанышын портретінде көрсете білетін əдіс табу керек болды. Қозғалысты өзгертуді үзіп, нəрсені өзгермейтін бір қалыпта түсіретін фотография сурет əдісі Дəмеліге тура келмеді. 

Осыдан кейін жолдасым өте қызық творчестволық жұмысқа кірісіп, барлық дүниені ұмытқандай болды. Күздігүні үскірік жел көшені қуалай кезіп, қуарған ағаш жапырақтарын жерге түсіргенде, қара бұлт жемтік көрген қарақұстай тау төбесін айналып, кетпей қойғанда, əлсіз күн сəулесі түнд е түскен бозқырауды тоңазыған жерден бетін ғана жібітіп, ызғарлы суыққа төтеп бере алмаған уақытта Дəмелінің портреті де бітті. Бұл өте əдемі портрет болды. Сəулені, жарықты, бояуларды ерекше шеберлікпен пайдалана білгендіктен бе, əлде құлпырып, құбылып тұрған Дəмеліге біздің көзіміздің үйреніп қалғандығынан ба, əйтеуір, портрет мың құбылып, жайнап тұрушы еді. Дəмелінің портреттегі отырысы жайласып, бүлк етпей отырған адамның отырысы емес, қозғалып, құбылып, əлдебір əдемі қимылдар жасайын деп, жасап та отырған адамның отырысы сияқты. Бір шоқ шашы Дəмелінің маңдайы на түсіпті. Міне, Дəмелі басын бір сілкіп, шашын кейін қайырайын деп тұр. Əдемі қолы да омырауындағы көк лентаны ұстайын деп көтеріліп келеді. Үлкен қара көздері ойнақшып, қуанышқа шомылып, əлдебір нəрсеге балаша таң қалып, жайнап тұр. Бетіне,аузына күлкі жүгіріп, өзі де музыкадай жеп-жеңіл екенін көрсетіп, ұшып кетейін деп тұр. Дəмелі көкжиектен көрінген самолетке қарап тұр. Егер де бұл суретті Дəмелінің бар арманы летчик болу екенін білетін адам көрсе, бұл самолет көріп тұрған суреттен Дəмелінің жүрегінің соғуын да есіткен сияқты болар еді. Бір күні біздің үйге Дəмелі келді. Есіктен кіріп, əлсіз түрде: – Амансыңдар ма? – дегенде, біз тіпті шошынып кеттік. – Неге таң қалдыңдар. Дəмелімін ғой, – деді ол жай ғана. Бірақ біздің алдымызда баяғы құлпырған сұлу Дəмелі емес, ағаштай жансыз, сұп-сұр біреу тұр еді. Бұнда бұрынғы Дəмелі сұлулығының, тыным таппайтын құбылысының ізі де жоқ еді. – Мені əлдебіреулердің жапқан жаласы бойынша бай қызы деп мектептен, комсомолдан шығарды, мен бақытымнан, қуанышымнан айрылып далада қалдым, енді қайтем, қайда барам? – деп, Дəмелі орындыққа отыра кетті. Біз сонда білдік. Дəмеліні сұлу еткен оның денесінің, қолының кербез, өте көркем сансыз қозғалысы, көз қарасының құбылуы, күлкісінің күмістей тазалығы болса, сол сансыз көркем қозғалысты, құбылмалы оттай ыстық көз қарасты, таза күлкіні туғызған – Дəмелінің бақыттылығы, қуанышы, шаттық өмірі, уайымсыздығы екен. Қуанышты адам тынымды білмейді, оның секіргісі, билегісі келеді. Қуанышты адам тыныш жатқанымен оның жүрегі тулап, дүрсілдеп тұрады. Қуанышты жасыруға болмайды. Ол үлкен қара көздерді ойнақшытып, жайнатып, алма бетті күлкіге шомылдырады. Міне, Дəмелі қуаныш, бақыттан айрылып еді, солған гүлдей, көркемдігінен айрылды. Дəмелінің сүйкімділігі, көркемдігі – қуанышты өмір, бақыт екен. Былайша айтқанда, Дəмелінің көркемдігі – бақыт пен қуаныш тың көркемдігі екен. Мен өмір көркемдігі деп осыны айтам. Кейінірек іс анықталып, Дəмелі институтқа да, комсомолға да қайта кірді. Оның қуанышы, бақыты өзіне қайтты. Бірақ портретті біз осы уақытқа шейін жолдастарымызға көрсетіп, бұл – өмірдің көркемдігі дейміз. Жолдастарымыз түсінбей таң қалады. Таң қала берсін, біз өмірдің көркемдігін осылай көргенбіз. 

1936

author

Саттар Ерубаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...