Өзгеріс Шерікбайұлының орындауындағы Жарылғапбердінің әні «Шама»

ВИДЕО
4472

Шамаң келсе, «Шаманы» айт


Күн батар кешке жақын таудан асып,

Шапақтап, қызыл алтын нұрын шашып.

Ақшамның қараңғысы болған шақта,

Аһ ұрып, табысады өңшең ғашық, – деп басталатын, төрт шумақтан тұратын «Шама» әні «менмін» деген әншінің кез келгеніне қол емес. Әншіден асқан шеберлік пен талантты, жоғары диапазонды талап ететін, ең бастысы, айрықша актерлік қабілетсіз әрі кірмейтін «Шаманы», шынымен де, «шамасы келетін» әнші ғана шырқай алады. Қали Байжанов асқар асуына жеткізе орындаған «Шама» ереймендік Шама есімді әнші-ақынның әні екенін көпшілік білмейді.

Осы уақытқа дейін бұл ән Баянауылдың белді әншісі, ақын, балуаны Жарылқапбер­діге телініп келген. Қазақ энциклопедиясы мен осы уақытқа дейін шыққан ән жинақта­рында да солай берілген. Ал музыкатанушы академик Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» еңбегінде: «Жарылқапберді өзі ән шығармаған, бірақ қатарынан озған әнші-орындаушы болса керек», – депті.

Ән төңірегінде кереғар пікір көп. Бісміл­лә Балабеков «Ән сапары» кітабында «Шаманы» Жарылқапбердінікі дейді: «Машина-Шама» – Жарылғапбердінің әні, іс машинкасының елге тарамаған, техника өнерінің мешеу кезі. Сол кездің техника ұсталығын меңгеріп, жалғыз оқты шүріппелі шитіні қолдан жасайтын Сағынай ұста Жарылқапбердіден осы іс машинасына ән шығаруды сұрайды. Жарылқапберді келесі жәрмеңкеде дайын етуге уағда береді. Келесі боқырауда машинеше бүлкіл­детіп, қолындағы даяр өлеңмен ән шыға­рып әкелген… Сонда Баянауыл тауының күн­­шығыс жағындағы Қызылтау бауырын­дағы елдерді көп аралаған Сапарбек сол елдердің бір жерінен көрген Шаматай деген сұлу қызды естеріне салады. Сөйтіп, бұл әннің аты «Машина-Шама» болсын депті». Әннің сөзінің іс машинкасына еш қа­тысы жоқ, сүйген қызға арналғаны анық.

Өнер зерттеуші Зейнұр Қоспақов «Шаманың» Шама Нұрұлынікі екендігіне еш күмән келтірмейді.

«Шаманы» шалқыта орындаған, бүгінге жеткізген Қали туралы жаза келе, сол уақыттағы Ғалымжан Мұ­қат­­ов есімді журналистің «Шама» әні қалай туған?» атты мақаласындағы Қали Байжановпен әңгімесіне дәлелді дерек ретінде сүйенеді. Өйткені Қалидің өзі: «Мақтанғаным емес, оны мына мен ғана айтып бере аламын. Басқаның ешқайсы­сынан көкейіне қонақтар дерек таба ал­майсың… XIX ғасырдың екінші жартысында ереймендік Шама кейін Ақкөлдегі Естай өнер шыңына қырандай түлеп ұшқан. Өз тұсында құнарлы дарынымен елге таныл­ған, есімі Арқадағы әйгілі композиторлармен қатар аталатын сол Қанжығалы Шаманың өз аузынан бұл әнді алтыбақан түбінде ұғып алған Жарылқапбердіні мен 18 жасымнан ұстазым деймін», – дейді. Шамадан ән алған – Жарылқапберді, одан үйренген Қалидің бұл сөзіне қалай сенбейсің?!

Сонымен, тыңдағанның рухын көтеріп, тамырында жүгірген қанын бұлқынтатын «Шаманың» нақ авторы Шама қандай әнші болған? Тағы да Қалидің әңгімесіне көз тігелік: «Әнші Шаманың дауысы ашық, тілі өткір, тынысы кең, ән айтқанда сөздерін екпіндете созып бастайтын. Оның домбыраны билеп отырып шырқаған әнін естігенде құлақтың құрышы қанып, жүректен шерің тарап, сазы жан күйіңді тебірентер еді. Маған үйреткенде осы әнді Жәкең де Шаманың тап өзіндей шырқады-ау. Бұл әннің тарихын ұстазым былай шерткен еді: Суырыпсалма ақын, әнші, сері Шама бірде біздің Ақиректегі Қаржас руына келіп, Күлік ауылындағы әңгімешіл, сауықшыл байдың үйіне қонады. Бейтаныс әншіні үй иесі ағынан жарыла құрметтеп, оның өнерін өзінің ару қызы Сәулеге дарытсам деп ынтығады. Ал Сәуле болса оған іштей ғашық. Ауылда аңду көбейді. Қызға тежеу, жігітке тор құрылған. Шама тұлпар күреңі­мен бейуақытта қалай келсе де, қалыңды­ғын кездестіре алмай қиналады. Тек жаны ашыған жырынды жастардың көмегімен қотаннан оңашарақ алтыбақан басында жүздесіпті».

Ғашығымен алтыбақан тепкен сәтте шығып, «Шама әні» атанған әннің лапылдаған ынтықтықтан туғаны анық байқалады. Сәуле мен Шаманың шаңырақ көтеруі де – бұл әннің тек Шамаға тиесілі екендігіне бұлтартпас айғақ. Қазақ әнінің жанашыры А.Затаевич те әннің әділ бағасын берген.

P.S. Сүйіктісі Сәулеге арнап бір ғана «Шама» әнін көкірегінен ұшырған Шама Нұрұлының әніне қиянат жасау – өнерге қиянат жасау. Қаншама зерттеу мен айқын дәлелдердің арқасында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2010 жылы топтастырылған «Қазақтың 1000 әні» антологиясында «Шаманың әні» өз авторына қайтарылды.



Жадыра Жұмакүлбай, «Алаш айнасы».


author

​Жарылғапберді Жұмабайұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...