«Жусан» психологиялық драмасын тамашалағандардың пікірі

ТЕАТР
3555

Марлен ҒилымханМарлен Ғилымхан

 Марлен Ғилымханның «Жусан» психологиялық драмасын тамашалағандардың пікірін назарларыңызға ұсынамыз!

          Өзге түгілі өзіңе жатсың

"Жусан" спектаклінің тұсауы кесілді.

  "...Терезелерді түн сайын Ажал қағады,
  Ажардың - алаң, көңілдің - ғазал қонағы.
  Ауылымды еске салады, бауырымды еске,
  Жолдан адасқан адамның "азандағы әні".

  Отқа қарадым іңірде... шоққа қарадым,
  Сәл қателессем, кеудеме оқ қадалады.
  Міңгірлей бердім, бірдеңе бүлдіргендеймін,
  Сезініп тұрмын тірліктің тоқтамағанын.

  Жүректі патша қылғанмын, сананы - уәзір,
  Жауызға қарсы көтерер жалауым әзір!
  Ашуға булыққан біреу қинады көпті,
  Ашудан қорыққан біреу жаралы қазір!

  "Азандағы әннің" ойыма Ырғағы оралып,
  "Суда да - ғаріп, - деді, - жұрт құмда да - ғаріп!"
  Қараңғы қапас ішінде төзімді өлтіріп,
  Енді мен ғұмыр кешемін мұңға қамалып!"

  Жан азабы. Оның қасында тар қапас түрме - түрме ме... Сырттағы түрмеден құтыларсың, шығарсың, іштегі түрмеңді қайтерсің? Қайтіп шығарсың, қайтіп шығарарсың іштен мүжіген, жаныңды тажалдай жалмап, тауысып бара жатқан құбыжықты. Жатсың. Өзге түгілі өзіңе жатсың. Өшіріп тастағың келеді сол бір оңбай қателескен тұсты санаңнан. Шығарып тастағың келеді біржола. Жүйке. Жүйке шыдар ма бұған... Миы қайнап, миымен бірге соры қайнап азапқа түскен, білегінен қанға былғанған өз қолынан өзі қорқып, жеңіне тыққыштайды жас жігіт. Ауысып кеткен. Қайсысы шын, қайсысы елес екенін айыра алмайды айналасында - мынау сұрғылт камерада өтіп жатқан жағдайдың. Бәрі... Бәрі араласып кеткен.
Кім кінәлі? Жат жерге өз аяқтарымен апарып, пиғылы жаман адамдардың қолындағы ойыншыққа айналдырған нендей күш?
" Жусан" психологиялық драмасы осы сұрақтарға жауап іздейді. Бірге іздеттіреді көрерменге.
Азан шақырып қойған аттарынан да айрылып, абырой- армандарынан да жұрдай болған, қарап жүрмей, өз еріктерімен, жасырынып барып киліккен тұзақтан шыға алмай бұлқынған, жанталаса тұншыққан өрімдей жас қандастарыңның қандай пәлеге тап болғанын көріп жаның түршігеді. Олай да бұлай жүгіріп, қолжаулық болған қыздар... қашып жүріп оққа ұшқан жас бойжеткен... Көз жасы кеуіп, көңілі семіп, іші жанып құр қауаққа айналған, тағылардың талауына түскен жесір келіншек, жылаған бала, құлаған қала, безберекет атылған оқ, өз досына қанжар сілтетіп, малша бауыздауға мәжбүр қылған мәңгүрттік...
Әлі жалғаса берер ме еді, "Жусан" болмағанда. Қала берер ме еді қарға-құзғынға жем болып...
Қысқасы осы. Түсініксіз әлем. Түпсіз тұйық. Автор да, режиссер да, актерлар да, суретші де, дыбыс режиссері де, анау қорқынышты билерді қойған хореограф та (М. Ғилымхан, С. Абуов, М. Мамбетов, Е. Қажымов, Қ.Қадірбекова) осы түсініксіз әлемнің шым-шытырығын шешпекке ұмтылады. Жол іздейді бірге. Осал тұстары да бар. Мықты тұстары да, жан шошытарлық сұмдық тұстары да бар. Салмақ көрерменге түседі негізінен. Ауыр ойға, зіл батпан жұмбаққа тап болады " Жусанды" көргендер. Толғаныс, жан толғанысын, кейіпкер қорқынышын бірге алып шығады. Мақсат та сол. "Сақ болыңдар! Адаспаңдар, адамдар!" деп айғай салады "Жусан". Дала жусаны.
 Келіңіз. Көріңіз. Қол соғыңыз тың тақырыпқа түрен салған (Актерлар Қ.Қатшаев, С. Түменов, Д.Мұхтаров, Ә. Мәмбетова, Ж. Жұбатов, Н. Батанова, А. Жакин, Ж. Мамедова) шығармашылық ұжымға. Сәттілік тілейміз сізге де, патша көңілді көрермен, сізге де, жанкештілікпен тер төккен сахна сайыпқырандары.(Оның қаншалықты ауыр еңбек екенін бастан-аяққа әзірліктеріне қатысып, бірге қайнап, бірге уайымдап отырған адам ғана түсінеді...) Пікір күтеміз сосын...

 ***

"Жусан" психологиялық драмасы бүгінгі қоғамымыздың ең жанды жерін, жаралы тақырыбын қозғаған туынды. Өз-өзінен жат болып, елден, жерден, ата-анадан безіп, бөтен елдің , арам пиғылдың жетегінде кеткен адамдарды түсінбей, түсінгіміз де келмей, шошына қарап өмір сүріп келе жатқанымыз - шындық. Жік болмағанмен, қоғам пікіріне айтарлықтай сызат түсіретін, іріткі салмағанмен, әжептәуір алаңдаушылық туғызып отырған халифатшыл, әсіре діндар ағымның ушықтыра жаздап тұрғаны тағы да шындық.
Ел ішіндегі үрейлі әңгіме, баспасөз беттеріндегі оқшау хабарларға дүрлігісіп, бұрынғыдан бетер бұйыға, қорқа түсуліміз. Шырмауық торына шырмалған адасқақ пенделердің жанына кім үңіліп жатыр, себебін, салдарын, ендігі өмірін түгелдейтін кім бар? Шырқыраған жас, шырылдаған бала, зарлаған ана, миынан тұтылып, санасы уланған жігіттер мен қыздардың адам айтқысыз ащы тағдыры, сол қалың тор пердесін жыртып, жүйке шынжырын бырт- бырт үзіп, азаматтарын еліне, жеріне қайтарған - Отан ғана. Қандай болсаң да жоқтайтын, жинап алатын бөтен емес, өз елің.
Түршігіп отырып, қамығып отырып қарайсың бұл драманы. Таныс та, бейтаныс бейне - Жәдігердің (актер Қ.Қатшаев) жан азабын көріп отырып ішің жылайды. Бақыт іздеймін деп барып, бөгделердің қолжаулығына айналған қазақ қызы Қарақаттың (актриса Ж.Мамедова), сенген достарының біріне ілесем деп қатты адасып, екіншісінің қолынан жат жерде қаза тапқан жігіт, тобымен ары тапталып, жанұшыра жүгірген сорлы қыздар - қанша мойындағың келмесе де мойындап, білгің келмесе де, біліп шығасың осындай сұмдық ақиқаттың барын. Санаңа сілкініс түседі бір. Жүйке, мый, дағдарыспен көкке жайылған алақан... белгісіздік һәм сол белгісіз жаумен күрес. Сана текетіресі. Кім жеңеді? Есін жия алар ма сана тұтқынына түскендер? Азаттық ала алар ма?
 "Жусан" психологиялық драмасына келіңіз. Көріңіз. Жан-жағыңызға ойлана қарап шығарыңыз кәміл.

Дариға МұштановаДариға Мұштанова,
Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының  мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

Бір ғұмырдың құрдымнан шығу жолындағы жанталасы

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында жас та болса қоғамның отты тақырыбының біріне қалам қойып, «Жусан» психологиялық драмасын ұсынған дарынды жас Марлен Ғилымханның еңбегінің нәтижесін көру бұйырды. Спектакльді қоюшы режиссер – Самал Әбуов.
Жарық күннің жарығы жанарынан алаламай өтсе де, қарашығы қараңғыны көрген, санасы әлсіз, бойында қаралықпен күресер иммунитеті төмен, жат ағымның жетегіне ерген қандастарымыздың қасіретке толы ғұмыр кешкен, кеудесі запыранға толы өксікті тірлігін шебер ойнаушылардың орындауында көрдік, ой түйдік, күйіндік, кейіпкерлер жанкүйзелісімен бірге арпалыстық!
  Жас автор санасы мәңгүртке айналған сұлбалардың міскіндік кейпін көрсетуде ұсақ штрихтарға бармай, боямасыз сом детальдар жасауға тырысқан. Қарасынан адасқан қаңғыған қарабастың мән-мағынасыз жалған ұраны арқылы тұтас қоғам дертін көрсетеді, шығудың жолын іздейді, көрерменіне ой салады. Ми ішінде қайнаған қан емес, қара дерт - мәңгүрттік дерті адамдық келбетін оралтпау үшін арпалыса жеке басқа (ақи) санасын құл қылады. Қан тамырдағы құндылық уын жайған қара жыланға айналып, жат жердің беймәлім тозағына тартады. Көзсіз, бассыз дене отқа ұмтылған көбелекке айналып, жат жерде ұл да, қыз да қолжаулық болады. Күйеді, күйрейді, күйретеді! Ми түбінен сығалаған түйсіктің түйірі ақ-қараны ажырата алмай азып тынады. Құрдымға батқан жас ғұмыр психологиясы көрермен жүйкесіне бояу салады, санаға серпін береді. Бас кейіпкер Жәдігерді бірі аяса, бірі даттады. Бір ғұмырдың құрдымнан шығу жолындағы жанталасынан «Қазақ! Сақтан!» деген жанайқай естілді. Драма – драма! Өмір - одан өткен драма! Санаң мен рухың кемісе, кеміргіштер іргеңде жүреді. Драма экспозициялық желі бастауынан бастап, оқиғалық дамудың жолдарын сақтауға тырысқан. Оқиға шегіністер арқылы өрбіп отырады, түйін «саналық серпін» жасауды мақсат тұтады. Спектакль тілі жатық! Жазушы да, қоюшы да, суретші де, дыбыс өңдеуші, жарық берушілер де, хореграф та, ойнаушылар да шынай көрініс беру арқылы, көрерменін шандыра білді. Сәтті туынды жасаушыларға сәттілік тілейміз! Алғашқы қадам, Марленжан, қарымды қадамға ұлассын! Ұрпағымыз естіліктен ажырамасын!

 Талап ТаймасұлыТалап ТаймасұлыТалап Таймасұлы,
ақын, Жиембет жырау атындағы сыйлықтың иегері

 Адамның екіге жарылуы

Мен үшін бүгін бір жақсы күн болды. Иә. Театрға барып, ақын, драматургияға алғаш қадам басқан автор, сұмдық талант Марлен Ғилымханның қойылымына арнайы бардым. Тақырыптың күрделі қоғамдық мәселені көтерген өзектілігі айтпаса да белгілі. Автор қойылымында тақырыптың сыртқы қабатын ғана алып қоймаған, ішкі адамдық иірім, психологиялық ахуалға көңіл бөліп, тақырыптан адамды емес, адамның ішкі болмысын сөйлетуге күш салып, адамнан тақырыпты, яғни қоғамдық проблеманы жүйкеге әсер ету арқылы жеткізуге тырысқан. Бұл жерде автордың жазған көркем мәтінін қоюшы режиссер (Самал Абуов ағамыз) асқан шеберлікпен алып шыққан. Технология, адамның екіге жарылуы, сана ағымын сахналау оңай шаруа емес, ал соны сахналық шеберлікке ұластырғанда өңі құбылып шыққан. Автор мен қоюшы режиссердің, суретші, би композициялары бәрі-бәрі әдемі жымдасып, тұтас композияциялық дүние сахналанды. Әркім әртүрлі ойлар айтар, бірақ көп сөзді, ұзақ-сонар дидактика да болған жоқ, автор-мәтін-көрерменнің бірлесіп әрекет етуіне негізделген мәтіндік қабат. Иә, тақырып үлкен проблема, саяси, өте нәзік дүниені қозғап отыр. Діни тұрғыдан адасу, сауатсыздық мәселесі ушығып тұрған дүние. Ал, автор осы мәселеге жас болса да, тосылмай өзіндік шешім табуға тырысқан және сәтті қойылым нәтижесінде оң, тың, психологиялық әсерлі дүние туған. Әрине, автор Марлен көп оқитын, өзін-өзі үнемі қамшылайтын, өзін шығармашылық жолға арнаған жан. Сондықтан аталған қойылымда ақынның ақындық әлемі де сөйлемей қалмады. Өзіндік үні анық естілді. Алғашқы қадамға айтылар сын болар, бірақ, авторға сәтті қадам тілеймін, тынысың кең ашылып, осындай бастаулар Сен үшін тың жанрдың бастамасы болсын дейміз.
Сын - жанрдың ішкі әлеміне қатысты мәселені көру, мәтінді бірге сезіну. Құр дидактиканының түйінін күту... Болмайды. Қалай болса да, әркімнің өз шешімі, десек те, алғашқы қадамға шынайы, кәсіби ой айтқан дұрыс. Көрерменнің де түйіні болғаны жөн. Драматургияның негізіне сүйенсек, авторда ізденіс бар. Жалпы эмоция болғаны дұрыс, десек те, "Жусан" Марленнің алғашқы қадамы және батыл қадамы. Театр сынына көрермен ретінде қарау бір бөлек, ішкі мәселеге көңіл бөлген абзал!

Айдарбек АхметұлыАйдарбек АхметұлыАйдарбек Ахметұлы,
Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы



author

Марлен Ғилымхан

АҚЫН

Жаңалықтар

Мәдениет және ақпарат министрлігі монументалды өнер құрылымдарын құру ережелерін әзірледі, деп хабар...

Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық форумға қатысуды жоспарлап отыр деген бо...