Балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Ең бастысы – балалардың рухани...
Қазақ прозасының 100 жылдық жолына үңілгенде
- Жаңалық ашпаймыз. Сірә, аздап ұрлайтын шығармыз. Мейлі, мен қымқырғанмен, қазақ әдебиетінің ырысы кемімейді. Көбеймес те... Бұ күнге дейін өз жемісін артығымен берген «өз бидайын өзіне қуырып беру» әдісін басшылыққа ала отырып қағаз былғап көрейік. Бұл қазақ әдебиеті ғылымына мен енгізген жаңалық.
Жаңалық түгі жоқ, тек, арнайы айтылмаған. Кім жүрмеген жол, кім шиырламаған соқпақ, азар болса, өз қаламының ізін таныған кей ағаларым ренжір. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан өкпесі көпке бармауға тиіс.
Ал, кеттік. Ұлан-асыр, асып-тасып жатқан ырыс туралы айттық. Расында, заман жылдар... ғасырлар бойы қалыптасқан, дамыған, бүгінге жеткен, және қатарына тағы біраз таланттар, дарындарды қосып, ертеңге өтеді. Заманның түзелген, бір замандарда қожайын ұлт саналған орыстың өзімен тең дәрежеде, иықтаса тұрып тілдесер дәрежеге жеткеніміз өз алдына, тіпті, жол-жөнекей жөн сұрағандарына еріне жауап беретін әдет тауыппыз. Әлбетте, қайдағы бір келімсекке қор қылатындай қазақтың сөзі жерде жатыр ма? Мен жауап бермеуді шығарып жүрмін қазір. Міне, сізге заман керек болса. Қазір бізде рахат! Не жазғың келсе де бөгет болар, қой дер ешкім жоқ. Отыра қал да көйіте бер. Орысқа тиісесің бе, орманын өртейсің бе (ескерту: тек қана сөзбен), қытайды қыжыртасың ба... Қаламыңа тұсау жоқ. Қаншама заманнан бері көрсеткен құқайы аз ба еді? Ее, ендеше, қарымта қайтарар кез туды. Заман біздікі! Кейде, «ешкім оқымайды ғой бәрібір», - деп те шабыттанатыным бар. Ол да рас. Ал, бізден бұрынғылар ше? Атам заманында... Көкем кезінде... Не жазып еді, қалай жазып еді? Мына қаптап бір тұрған қалың томдықтардың (романдар) құдіреті неде?
Таптым! Қазақтың 2-ақ пайызы сауатты кезде тумағаны анық. Жазба әдебиет жел тиген өрттей қаулап қоя бергенде (орыстардың арқасында!) дүниеге келген дөйлер емес пе? Одан бұрын сауатсыз, әліпті таяқ деп білмейтін қазақта суырып салып, әләуләйін бос қарап жатқанша деп ел кезіп жүріп, көлденең кезіккенге жаттата берген ақындардан басқа әдебиет өкілі дейтіндей, іліп аларлық кім бар? Қазақ даласына орыстардың пушкасы ғана емес Пушкині де келгенін қалай ұмытуға болады? Пушкиннің соқа басы сопиып жетіп келмегені тағы рас. Қағаз-қаламы, жиып-терген кітабы, ғылымы... - мәдениеті ере келген жоқ па еді? Соның арқасында ғой, жазба әдебиеті, яғни прозаның (поэзия сұрап қол жайған жеріміз жоқ, құдайға шүкір) қазақты да құр ауыз қалдырмағаны.
Қанша жерден қыжыртсақ та бір нәрсе анық: Қазақ прозасы батыс әдебиеті негізінде өмірге келді һәм дамыды. Зеңбіректің ізін ала Пушкин бастаған орыс ақтаңдақтарының жеткені шындық. Тек, «екі пайыздық» көрсеткіш ауызды қышытып...
Қазақ прозасының басында кім тұр осы? Кейбір ғалымдарға айтқызсаң, сонааау бір замандарға апарып тірейді. Шығыс әдебиетінің алып өкілдерінің небір үлгілерін жіпке тізерліктей менде ондай сұрапыл, нор білім жоқ. Сондықтан беріден қайырам. Жұрт айтып жүрген, бір кездері бәріміз қол қойған - Ыбырай мен Абай. Абайдың қара сөздерін прозаның тұңғыш үлгілерінің бірі деп қарастырып жатырмыз. Тегін емес. Публицистика дәрежесінде бағалап жатқандар да бар. Дегенмен, осы екі жанрдың ортасындағы дүниелер. Ғақлия деп өзі атап еді ғой. Ендеше, ғақлияңыз екі заманның ара жігінде қалыптасқан, екі жаққа ортақ - проза. Бірақ, Абайдың ғақлиялары әбден кемелденген, толысқан шағында жазылған. Демек, сәл берірек. Ал, Абайдан ит жейдені сәл бұрын тоздырған Ыбырай алғашқыдан-ақ прозаны ақындықпен қатар ұстап отырғанын аңдау қиын емес. Ағартушылық жолын мықтап ұстанған, заманауи мектептер ашу үшін барын салған ұстаз ақын қазақ үшін тұңғыш оқулықтарды да өзі жазыпты. Тіл сындыру үшін, дүниетаным кеңейту үшін... Міне, осыдан келіп прозаға ойысады. Алдымен ақын, содан кейін жазушы. Мысал әңгімелерін тәуелсіздікпен тете туған біздің өзіміз бірінші сыныпта-ақ оқығамыз. Жеңіл оқылады, тез сіңеді. Оңай түсінесің. Ертегі, мысал, ел аузынан алынған аңыз түрінде баяндайды. Қазақ қана емес, орыс, қытай, еуропа халықтарынан алынған шағын сюжеттерді - сөзден жасалған көрнекі құрал деп бағалап жатады ғалымдар. Талассыз. Дегенмен, осы арада ағартушының бұл еңбектерін прозалық шығарма емес, авторды тек қана ел аузында айтылып келген аңыз әңгімелерді хатқа түсіруші деп бағалайтын күмілжі үн дыбыс беріп қалатыны бар. Шоқан әйгілі «Манас» жырын қағазға түсіріп алғаны үшін ақын атанған жоқ қой. Сондықтан, Ыбырай - хатқа түсіруші, ал автор - халық. Енді келіп біз күмілжиміз. Қалай болған күнде де осыншама дүниені көркем тілмен өрнектеп шығу оңай шаруа емес қой. Оның үстіне, тек болған күйінде емес, арасындағы түсіндірме абзацтарды есептей келгенде, диалог құру тәсілі бар, белгілі тәртіпке құрылған сюжеттік желіні тағы есептесеңіз... Ол ғана емес, ел аузынан алынғаннан бөлек, өз ойынан ұсынған мысал әңгімелері ше? Мысалы, «Өрмекші, құмырысқа, қарлығаш». Міне, енді Ыбырайды автор демей көр. Сөз жоқ нағыз прозашы.
Прозаның бастау алар тұсын Ыбырай мен Абай дедік. Өлең сөз емес, қара сөзбен әңгімелеу, сөз түзу одан бұрын хатқа түскен үлгіде бола қойды деудің орны жоқ. Демек, осы бір алғышарттар кейінгі толқын інілерге үлгі ғана емес, жолашар бастама болғандығы даусыз.
Долбар емес, нақты ғылымға сүйеніп, көлденең жұрт тегіс қоштаған прозаның өмірге келуін 1913 жылдан бастаймыз. С. Көбеев «Қалың мал». Роман деп оқығамыз. Повестьке жатқызады қазір. Көтерер жүгі сол. Демек, салтанатты түрде елді мойындатқан, «қазақ әдебиетінде проза өмірге келді» деген «эстафетаны» алып берген осы повесть. «Қалың малдың» жазылуы сол кезде елеулі оқиға болғаны хақ. Мазмұндап басыңызды ауыртпай-ақ қояйық, белгілі шығарма. Тұла бойы тұңғышымыз болғандықтан да бәрі біледі. Спандиярдың ізін ала Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Шәкәрім, Мағжан, т.б. қаламынан туған шығармалар қазақ прзасының қалыптасу кезеңінің сәтті туындылары есептеледі. Сұлтанмахмұт пен Шәкәрім қолтаңбасында ақындық леп аңқып тұр. Романтикалық сарынмен, сөзді ұйқасқа бөлеп, тақпақ қуалап кететін тұстары аз емес. Оған, жиі қосылып тұрар өлең шумақтарын қосыңыз. Ал, Мағжанның жетістігі - тұңғыш психологиялық повесть тудырғаны. «Шолпанның күнәсі» басқа қырын қоя тұрып, осы жағынан әлі күнге ерекше есепке алынып келеді. Зерттеушілер қазақ прозасының толыққанды туғанын - Жүсіпбекпен түйіндейді. «Ақбілек» пен «Қартқожа» роман талаптарына толықтай жауап бере аларлық шығарма екендігіне ешкім дау айта қоймас. Біз ары кеттік. Бізге керегі, жіпке тізу емес. Құдайға шүкір, жазылмай, аталмай жатқан жоқ.
Бізге керегі - қалыптасудан дамуға бет алған, қысқа уақыт ішінде-ақ зор табыстарға жеткен қазақ көркем прозасының кейіпкерлері кімдер болды? Олар қалай ойлайды, қалай қимылдайды? Жазушы идеясы нені көксейді?
Аумалы-төкпелі дәуірде енді ғана қанаты қатая бастаған қазақ прозасының кейіпкерлерін алыстан іздеп тіпті де керегі жоқ. Тың бағыттағы жаңа заман табалдырығын аттағалы тұрған қоғам өкілдерінің қимылы, күйініш-сүйініші, сезімі, ерлігі, жеңісі, жеңілісін суреттеу арқылы, өздеріне етене оқиғалардан құрылған сюжетті көркемдеп қағазға түсіреді. Идея айтпаса да түсінікті, заманның өзгергенін, «қазақ баласы енді не істеу керек?» деген сұрақ төңірегінде, әйел теңдігі, күні біткен керексіз салт-дәстүр, іріп-шіріген феодалдық қоғамның зардаптары... Сондай-ақ, патшалық Ресейдің қол астына қарағаннан бергі ел ішін жайлаған билікқұмарлық, шендіге деген жарамсақтық, жағымпаздық, сатқындық, алауыздық мәселелері, жік-жікке бөліну сияқты жағымсыз қылықтарды сынау бой көрсетеді. Бұл әсіресе, Шәкәрім қаламының ізінен анық байқалады.
Жалпы айтқанда, тап тартысы төңірегінде құрылған оқиғалар тізбегі еді бұлар. Кедей мен жалшыдан туған талапты жас өзіне берілген мүмкіндіктердің арқасында өсіп, жетіледі, байлардан кеткен есесін қайтару жолында күреске шығады. Және жеңеді. Жеңілсе де жаңа заман орнау үшін үлкен іс тындырып кетеді. Бай атаулы надан, кедей атаулы жаңашыл, тез бейімделгіш, білімді... Басқа тақырып қаузалмады деген сөз емес, бірақ, сол заманғы прозаға ортақ мазмұнды жиып-теріп осылай бағамдауға болады.
Жүсіпбек тұңғыш биік белеске көтеріп кеткен қазақ прозасын 30-шы жылдары Бейімбет бастаған топ өркендетті. Алдынғы толқын «жығылсаң нардан жығыл», - деп, романнан бастаса, Бейімбеттің ерекшелігі шағын жанрды дамытуында. «Шұғаның белгісі» қазақ қара сөзінің күні бүгінге дейін жұмбағын шеше алмаған көркемдік құпиясы. Мырқымбай, Азамат Азаматыч, Раушан сияқты кейіпкерлер сол кездегі әр типтегі жиынтық образдар. Өмірде болған, болмаса да болуы мүмкін оқиғалар адамды бірден баурап алады. Оған түйреп түсер сатиралық бай тілді қосыңыз. Осы өреден табыла білген Мұхтар, Сәбит, Сәкен, Саттар, Ілияс...
Тап тартысы туралы күресті, Қазан төңкерісін көтере, өр үнмен жырлаған романдарды 1938 жылы жарқ ете қалған «Жұмбақ жалаумен» бір қайырамыз. «Жұмбақ жалаумен» қатарлас шығармаларға да ортақ кейіп бар еді. Жаңа белеске ұмтылу басым болды, бұрынырақтағы жалаң баяндаудан саналы түрде бас тартушылық аңдалады. Бұл біздің сөз емес, Одақ тарамай тұрғанда-ақ бастап жазып кеткен үлкендердікі. Ұлттық мінездер даралығы, ой қазағы мен қыр қазағы арасындағы айырмашылық, жаңа заманды әлі толық байыптап болмаған жайбасарларды әжуаға айналдыру, ауыл, қала тіршілігін салыстыра, жарыстыра суреттеу, композициялық желіні ескі мен жаңа арасындағы тартысқа құру сияқты ортақ белгілер сол заман прозасын құрайды. С. Сейфуллин, С. Мұқанов, С. Ерубаевтар қала тіршілігін, жаңа заманға сай зиялы қауымның мәдени ортасына жетелесе, Ілияс, Бейімбеттер қырға сүйрелейді.
Заман тартысын, өкімет талабын ғана жазам деп құрғақ баяндауға ұрынған шығармалар қаншама. Шығармашылықтың, әдебиеттің заңына сәйкес уақыт өте келе архив сөрелерінен ғана орын алатын ондай туындылардың ғұмыры ұзаққа бармайтыны айтпаса да түсінікті.
О баста жаңа орнаған жас әрі екпіні қатты өкіметті көкке көтере дәріптеу мен жалаң ұранға негізделетін, не жазса да кеңестік идеологияны насихаттауды парыз санаған жазушы қауым 30-шы жылдарды орталай жаңа бір кептің шетін шығарды. Риза емес. Патшаны тақтан құлатқанда енді кеңиді деп сенген болат құрсаудың қыса түскенін тісінен шығармаса да, іштей тіксініп қалғандарын, сол тіксінуден келіп алғашқы риясыз көңілдерге қаяу түсе бастағанын аңғару қиын емес. Анық аңдалатыны - ашық айтпаса да кейбір келеңсіздіктерді шығармасына арқау еткені. Кейбір көлеңкелі тұстарға барғыштап жүрген Мұхтар (Қасеннің құбылуы), Сәкен (Біздің тұрмыс), Ғабиттер (Талпақ танау). Бейімбеттің ау-жайы әу бастан-ақ белгілі. Әуезов кейіпкері Қасен арқылы Кеңес үкіметі тудырған қоғамда қалыптасқан мінездерді мысқылдаса, Ғабит «бесінші түліктің» келуі қарсаңындағы «қызықтарды» астарлайды. Сәкен автобиографизмді одан ары дамытып, өзі жүрген ортаның күнгейі мен теріскейін қатар қамтуға ұмтылыпты. С. Ерубаевтың «Менің құрдастарымын» ерекше атайды ғалымдар. Ол заңды да. Себебі, тек идеология талабымен жазылып жатқан шығармалар арасында көзге шыққан сүйелдей болып адам бақыты, сезім шырғалаңы, өмірдің жарқын сәттері, табиғат көріністерін ешқандай ұранға салмай-ақ, қарапайым тілмен, жаңа леппен айтып тұрса ерекшеленбей қайтсін? Обьектіні салыстыра суреттеу осы шығарманың өн бойынан басталады дейді білетіндер.
1937 жыл болмаса... Деймін де... Жылағым келеді. Ахмет, Әлихан, Бейімбет, Мағжан, Ілияс, Жүсіпбек, Сәкен... Кете береді, кете береді. Тізбелеп келем де... Жылаймын. Құдай-ау, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жоқтан бар жасап, әрқайсысы әр жанрды жан-жақты дамытуға күш-жігерін аямаған, кей сәттерде Кеңестік үкіметтен үміттеніп, сеніп қалса да ұлттық бағыттан айнымаған, қазақ баласының санасынан өткенін өшірмеу жолында түн қатып жүріп түс қашқан қайран ерлер... Қазақтың әдебиетін осы буынсыз, осы бір ұлы шоғырсыз елестету мүмкін бе? Кілең шоқтықты шіркіндер бір заманда туып, ерлігі кетпесе де елдігі кеткен соң қожайын партияның бір сілкігенінен қалмай тегіс харап болыпты. Сол зобалаң болмаса ше? Егер... Шіркін-ай, «Абай жолымен» қатарласа менің сөремде тұруға тиіс қаншама ұлы томдарды жатырында тұншықтырған қарғыс атқан репрессия болмағанда... Талант, қарымы жетер биік өренің бір бөлшегіне ғана жетіп, беріп кетуге үлгеріпті. Қалғаны ішінде кетті. Тағдыр... Қазақтың, қазақ әдебиетінің тағдыры.
Жә, жылап-жылап болғамыз. «Қалың мал» өмірге келгеннен ширек ғасыр өткен уақыт аралығында жазылған шығармалардың кейіпкерлерінің кім екенін айттық қой деп ойлаймын. Жазу стилі туралы сөз қозғау үшін кеңірек көсілуге тура келеді. Ал, біздің қарым оған жетпейді әзірге. Бірақ, там-тұмдап сүзіп шыққанда байқағанымыз аталмыш аралықтың прозашыларына тән - ойды оқиғамен ұштастыра, ойға оқиғаны емес, оқиғаға ойды сыйдыру тәсіліне көбірек ден қойғанын аңдаймыз. Бір қарасаң жалаң ұран, арзан насихат, бір-бірімен қабаттасып, баттасып жатқан, тым ұқсас жайттар, оқиғалар қайталана беретіндей көрінгенмен әрқайсысы өзінше сол екі жүзді дәуірдің шежіресін көркем түрге салып, майын тамызып жазып кетіпті. Отызыншы жылдарды орталай жазылған шығармалар ұлы геноцидте көмусіз қарға-құзғынға жем болған қазақ баласын жоқтап, жылап тууға тиіс еді. Бірақ... Бұл кезде Сталиндік саясат көз жасыңды көрсетсең қанға бояйтынын дәлелдеп болған. Жоғарыда біз айтқан теріскей мен күнгей мәселесі осы кезде төбе көрсетті. Баяғы зар заман ағымы астарлы түрде жүргендігін байқауға болады. Оқу-ағарту, жастардың жарыққа ұмтылуы, қазақ қыздарының бостандығы, әйел теңдігі сияқты мәселелерді сөз етіп отырып, тұспалдап тықпаласа да қазақ халқының Ресей отарлау саясаты салдарынан ата қонысынан айрылуы, ұлттық ерекшелікті ешқандай ескерусіз, жүйесіз енгізілген сауда-саттық, ақша қатынастарының кері әсері, салт-дәстүрдің тамырына балта шабылуына әкеліп соққан жаңа заңдардың жағымсыз тұстарын ишаралап бағыпты. Сосын бір айта кетерлік жайт, бұл тұстағы (әсіресе алғашқы кезеңде) шығармаларда портрет аз кездеседі. Әрекет пен мінез-құлық та аз суреттеледі. Оқиғаны аша түсу үшін түрлі тәсілдерге (шегініс, авторлық баяндау, оқиғаға үшінші жақтан араласу, бағалау) барады. Автордың өзі эмоцияға беріліп, ара-тұра өз көңіл-күйін қосу сипаты басым. Бұл, сол заманға деген өкпе мен назаны жеткізудің бір көрінісі болса керек. Аңғалдық деп бағалар едім. Қанша астарлап баққанмен, саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қойған кезең үшін анау-мынау емес көркем шығармаға эмоцияңды қосу «өле алмай жүр едім» деп жар салумен тең. Осыдан келіп кезінде Ахмет, Міржақып, Мағжандар қалыптаған Алаш рухты әдебиет тұншықтырыла бастады. Анығырақ айтсақ, аяусыз жанышталды. Сонымен, қалыптасудан өтіп, болашағының зор екенін дәлелдеп қана қоймай, кейінгіге нақты бағдар сызып беріп кеткен алғашқы ширек ғасырлық кезең қанмен жуылып аяқталды.
Қазан төңкерісінен кейін өр үнмен басталған жазу ашаршылықта аузын ашып бір аңтарылып, қаймағы бұзылған, аң-таң қалыпта бері кібіртіктей жылжып, репрессияға маңдайын соға тоқтағанда ақтарыла төгіліп кетпесе де ырысы шайқалып, қазаны ортайған күйде Ұлы Отан соғысына келіп кіріпті. Аралықтағы үш жыл Сәбиттің «Жұмбақ жалауын» алға тартпасаң, дағдарыспен өткені байқалады. Тірі қалғандардың өзі қудалауда жүрсе кім жазып оңдырсын...
Осындай үзілістен кейін соғыс кезіндегі аласапыранда тізгінді сәл босатуға мәжбүр болған Сталиндік режим «Абай жолына» тосқауыл бола алмады. Ескі заманды көксейді, соншалық керемет заманда өмір сүрсеңдер неғып осынша «сорлы» болап қалдыңдар деген ләммен бір-екі ауыз сын айтылғаны болмаса, ұлы шығарманың алғашқы екі кітабы жылы қабылданады. Жылы қабылдамас еді, жау жағадан алғанда жан-жағын толық бақылауда ұстауға мүмкіндігі болмаған өкімет көп шұқшимаған секілді. Ал, әйгілі роман-эпопеяның қазақ прозасының әлемге көлденең тартар төлқұжаты болғанын айтып жату артық. Ойлы-қырлы деу аз, құзарлы-жартасты, кіл қатерге толы жолды жүріп өткен біздің проза жарты ғасырға жетер-жетпес уақытта қандай биікке жеткенін бағамдай беріңіз.
«Абай жолының» көркемдігі, кейіпкер жасау, сюжет құру, оқиға шиеленістіру сияқты қасиеттерін аттап өтуге мәжбүрміз. Қазақ прозасына әкелген жаңалығына да соқпаймыз. Ұшан-теңіз жаңалықтың ұшығына мен түгіл мүйізі қарағайдай ғалымдардың өзі жетіп бола алмай жатыр. Романға суреткерлік шеберлікті, табиғатты қаз-қалпында көшіру осы шығармадан басталады. Кейінгі буынның Әуезовке еліктемегені кемде-кем. Осының өзі біраз сырды аңғартып тастайды. Алғашқы кітабы шыққан тұстағы автордың аспандап кеткен даңқынан бастап әдебиетте «Әуезов дәуірі» атты ғылымға тіркелмесе де айналасы тегіс ден қойған жаңа ағым басталды. Қазақ әдебиеті менің бір досым әзілге сүйеп айтқандай «жапырақтың дірілінің өзін жарты беттен асыра суреттейтін» лирикалық прозаға қол артты. Оқиға мен табиғат көрінісі арасындағы бұрынырақта олқы соғып келген байланыс әлсіздігінің сеңі бұзылды. Құдай сыйлаған жазушылық өнердің хас үлгісін сырттан іздеп шарқ ұрған сорлы басымыз-ай. Және... Бүгінгі күнмен ғана күн кешуге көшкен, жаңа, жарқын заманды ғана жазуға машықтанып қалған жазушы қауымға қазақтың өткенін жазуға да болады екен-ау деген ой салғаны шүбәсіз. Тым тереңдемесе де бір ғасырға шегініс жасалған осы ұлы тетрология арқылы «қазақ - сайда саны, құмда ізі жоқ ел болған» дегенге илана бастаған қарапайым халықтың өзін дүр сілкіндіріп, «бізде де ғажайып дәуірлер болыпты-ау» деген өткеніне мақтан ғана емес, тарихының соншалық сорлы еместігіне сенім пайда бола бастады. Жазушылар арасында қазақта өткен тарихи, жеке тұлғалар туралы қалам тарту құлшынысы туды. Бұл құлшыныстың нәтижесін бүгінгі тарихи әдебиетке қарап білуге болады. Осы тұста жазылған өндірістік, техникалық тақырыпты арқау еткен романдардың өзінде алдымен жеке тұлғаларға, кейіпкерлерге, олардың бейнесі мен ой-танымына басымдық берілді. Осы уаққа дейін кейінгі планда қалып келген адам сезімі мәселесі алдынғы орынға шықты. Қазақ классикалық прозасының алғашқы үлгілері осы соғыс жылдарына тиесілі екенін айта кету керекпіз. «Абай жолының» әсерінің күшін Мұхтармен қатарлас, бірде ащы, бірде тұщы болып жүретін Сәбиттің Шоқан туралы «Аққан жұлдызға» қалам тербеуінің ұзақ жылғы үдерісі дәлел емес пе.
Классикалық шығармаға жету жолы - қалыптасу, өсу кезеңі аталса керек. Осы биікке жеткен соң толысу кезеңі басталмақ. Ендеше, Ұлы Отан соғысына дейінгі әдеби дәуірге алғашқысы тән. Жылнамалық есепке жүгінсек біразға бөлшектеп тастауға болады, бірақ, біз осы екі сипатын ескере отырып «соғысқа дейін» яки «Абай жолына» дейінгі және кейінгі деп үлкен екі кезеңге бөлгенді жөн көреміз. Ыбырайдың кейіпкерлері бай баласы мен жарлы баласы ұзақ та асулы жолдарды басып өтіп, ұлы Абай бейнесіне жеткенде классиканы қалыптапты.
Осы күрделі кезеңнің кейіпкерлерін, шығармалардың бағыт-бағдарына әсер етуші сыртқы күштер туралы аз да болса айтуға талпындық. Көркемдігін қоя тұрып, кейіпкерлердің өзгеруі, дамуы жағына шұқшиған болдық. Әуезов эпопеясынан кейін аяққа мықтап тұру аз, кез келген шет ел әдебиетімен иықтаса тұруға жеткен қазақ прозасының ендігі дамуы туралы келесіде әңгімелей жатармыз.
Айтары тілінің ұшында тұрса да төгіп-төгіп тастауға еркі болмаған, сонда да тілін тістеп қалмай сөзін астарға бөлеп жазуын тоқтатпаған ұлы шоғыр өкілдерінің еңбегін сөзден кісен алынған, цензура деген түсініктен ада күн кешіп жатқан біз бір үңіліп көрсек, артық-кемін ескере отырып, қостайсыз деп сенеміз.
Алмас Нүсіп