"Абай" трагедиясы қойылымына орай ой

ТЕАТР
4525

Талдықорған қаласында Б.Римова атындағы драма театры М.Әуезовтің «Абай» трагедиясынан сахналық қойылым көрсетті. Қоюшы режиссер Қуандық Қасымов бастаған театр ұжымының шығармашылық тобының жұмысы көрерменге эстетикалық ләззат сыйлай білді.

Абай шығармашылығының ең биік шыңы — оның поэзиясында. Ақынның терең де мазмұнды, көркем суретті, пәлсафалық ойға толы, сиқырлы ұйқаспен жазылған лирикалық туындылары халқына қатты ұнайтыны мәлім.

«Абай жолы» эпопеясы ішкі сарайы кең, образдары мен кейіпкерлері, психологиялық тереңдігін сақтаған саңлақ та, тұлғалы туынды болғандықтан, мұнда эпостың аясында шиеленістер мен монологтар, тербеністер мен толғаныстар, махаббат күйлері жарасымды бірлік тапқан. Бір жағынан, эпикалық кең жоспарда беташар той, ас, төбелес, сот ісі, сайлау, сатқындық сияқты ірі оқиғалар баяндалып жатса, екінші жағынан, солардың арасында бұрқ етіп шыққан дау, талас, тартыс, кісі өлімі сияқты драмалық және трагедиялық жайлар суреттеліп жатты. Үшінші жағынан, романның бас кейіпкері сүйікті ақын Абайдың көңіл-күйі, жан құбылысы, жарқын ақындық сезімге бөленген табиғат, махаббат сырлары оқырман жүрегіне мөлдір бұлақтай құйылып, адамның ең нәзік эстетикалық сезімдерін оятады.

Қойылым барысында, Абайды, айналасындағы ақын шәкірттеріне қарап отырып, Жанқұтты шешеннің Абайға: «Жанарыңның оты бар екен - ақылдығың болар, маңдайың жарық екен - ойлылығың шығар, сөзіңнің нәрі бар екен - елдің сусағанда шөлін қадырар бұлағы боларсың» деп бата беретіні орала берді. Сөз реті келген соң айтып жатырмын, осы тілде жыр жазған Абай, Абайды етіп жершарына танытқан Мұхтардың туындысы - шынымен сусаған елдің шөлін басар қасиетімен құнды. Халықтың «көргенге сен, естігенді тексерген жөн» дегенін ескеретін қазақтың баласы емеспіз бе! Қойылым басында, ә дегенде бірінші көріністе «Менсізбеуші ем наданды..,» өлең шумағымен ашылды. Ары қарай, оқиға байланыса, шиеленісе келе, «Жарлы емеспін, зарлымын...» деп күңіреніп барып бір тоқтады.

Абайдың рөліндегі актердің «Сұм дүние тонап жатыр» өлең жолдарын айта келе, «Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма?» дейтін жері бар. Бұл маржан сөзді қатарлар ақынның жан сыры, алға қойған мақсаты, бағыт-бағдары танылғандай әсерде болдық.

«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма,

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?» , деп тебіренген Абайдың азаматтық көңіл-күйі, жүрек лүпілі осылай соғады, егер де өзінен кейін жер бетінде жауыздық пен жамандықтар жойылатын болса, оның сол жолға жанын қиятынына еш күмән келтіруге болмайды. Қойылым барысында: әнші апа Зейнеп те, Абайды паналап келген ақын жігіт Айдар мен ғашығы, жастайынан жетім өскен сөз қадірін ұғатын аяуы жан Ажар арасындағы махаббат сезімінің көрінісі мен Нарымбеттің қарындасы мен жас талант Әбіштің ауруға душар боп, қалындығын кері қайтаруы екі руы ел арасындағы жағдайды ушықтырса, озбыр Оразбай мен ниеті бұзық Нарымбеттердің де образы мен Абайдың сенген шәкірті болған Керім де, Керімнің ақымақтығы да жақсы сахналанды.

— Әбішке барамын, дегенде Нарымбеттің жанындағы «заманауи» үлгіде былғары белдемше, тар шалбар, біз өкше туфли киінген тоқалдың аузынан «беттен алып, төске шауып» деген сөзі құлаққа түрпідей тигені бар. Анадай образдың айтатын сөзі емес еді, шынымды айтсам ұнамады.

Сосын, сотта: «жетім қозы түртіншек», «Қылша мойын - талша», «қолыңмен істегенді - мойыныңмен көтер», «Алмастан -түймедей, түйеден - тастай үлкен» деген сияқты мақал-мәтел, қанатты сөздер айту арқылы одан сайын көркемдік қуатын арттыра түсті. Осы көріністе Абай өткен күннің қаттылығы, қаталдығы қайта келгенін айта келе:

— «Еккенің тікен болса, оратының балауса болмас». Оразбай, өткен күнің қараңғы. Аямасаң, қанға жерік сен аямассың, дегенде, міне, Абай осылай сөйлеу керек деп елең етіп, қопаңдап мәз боп бір көтеріліп қалдым.

Бірақ, Абай образ сомдаушы актер көп сөйлегеннен шаршап тұтықты ма, тіл кемістігі бар ма, ..? «Саф сұлу өнер - пасық ойдан тумайды» деген сөзді «с», «ш», «б» деп қателесіп барып әзер айтты. Бастапқыда, желіп-жортып селтеңдеді де жүрді. Өзі шағын сахнаны екі аттап адымдап ана басына бір , мына басына бір шапанын желпілдетіп шауып жетеді. Шапан ішінен де кәдімгі мойыны бар жастар киетін кофта кие салған. Салмақты, жасы үлкендеу актер болмады ма? деп жаман боп қалдым. Не гримм жасамаған, не оймен олай етті? Ойлап-ойлап ақылым жетпеді. Ұлы Абай тұлғасын сомдау үшін, «ақын халық» атанған қазақ халқының өнерпаз бейнесін танытатын сан алуан өнер адамдарының галлереясын жасау керек.

Абай рухани мағынасында сыр мен сезімнен, ой мен санадан құйылып жасалған терең психологиялық образ. Бас кейіпкердің парасат пен пәлсапаға толы болмыс-бітіміндегі қайталанбас қадыр-қасиетінің бірі осында жатқан жоқ па?

Келесі айтқым келгені, Айдар мен Ажардың тағдырын бейнелейтін сюжеттің барлығы салт-дәстүрдің әдемі жиынтығы секілді әнмен көмкеріліп, жан-жақты ойластырылған шағын көрінісін көрсетті. Айдар Ажарға оңашада «Дүниеде маған сендей жар жоқ, сірә, Саған жар менен артық табылса да», деп сахнаны әнге орады. Сол көріністе бұл кейіпкерлермен қатар өнер көрсеткен өнерқұмар, әнші, сері, домбырашы жастар жайын да айтпасқа болмайды. Оларды: Айгерім, Әбдірахман, Әмір, Үмітей, Балбала, Керімбала, Оралбай, Сейіт, Мұхаметжан сықылды шетінен өнерпаз жастар болар деп топшаладым.

Бірақ, жап-жақсы көріністі тағы бұзды. Домбырамен сондай ашық, табиғи таза дауыспен беташар айтып, сәлем салу рәсімін көрсетіп жатса, массовкадағы бір жас жігіт қолын ербеңдетіп осы заманның заманауи биін билеп тұрды.

Жас ақын Айдар жазған «Еңлік- Кебек» дастаны - адам тағдыры, адал махаббат жолындағы күрес, рушылдық құрбаны болған екі жастың қайғылы тағдыры туралы баяндалады. Дастанының кейіпкерлері бірін-бірі ұнатқан, ғашық болған жастар Еңлік пен Кебек, бірақ дауласқан екі ру тобықты мен найман билері екеуін ат құйрығына сүйреп өлтіреді. Екі жастың төрт айлық баласы тау бөктерінде жылап жетім қалады.

Дұрыс қой, әрине, махаббат жолында құрбан болған, ерлікті аңсау мен зұлымдық қарсылысының бейнесі болған Еңлік пен Кебек есімдері ел есінде сақталды. Әл Фараби «Дән көтерген құмырсқаға тиіспеңдер, өмір ғой...», деген сөзі екі үш рет қайталанып айтылғанымен, ешбір оқиғамен байланыстыра алмай отырмын.  

Қойылымның соңына қарай :

Қалың елім қазағым, қайран жұртым.

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жасанды айырмадың,

Бірі қан бірі май боп енді екі ұртың, - деп тебіренген Абайдың азаматтық көңіл-күйі, жүрек лүпілі осылай соғады, егер де өзінен кейін жер бетінде жауыздық пен жамандықтар жойылатын болса, оның сол жолға жанын қиятынына еш күмән келтіруге болмайды.

«Мен ішпеген у бар ма?» өлеңінен үзінді оқып барып, «ауру жүрек ақырын соғады жайға» ауысады. Осы сәт - сәтті шыққан көрініс болды. Абайдың жолы – оның ақындық дарын-талантының үздіксіз шыңдалу жолы немесе күрескерлік, қайраткерлік тұлғасының ширығып, шыңдалу жолы ғана емес, бұл адамгершілік-имандылық келбетінің кемелденіп, кемеңгерлікпен ұштасуына дейінгі ұзақ та ұлағатты, қиын да қилы жол.

«Абай» трагедиясы қойылымының соңы, «Желсіз түнде жарық ай» мағынасын ашатын көрініспен бітті. Абай қазақтың көгіндегі жарық жұлдызы болып жарқырап тұрады деген ойдан болар. Абай образы, Абай сөзі ұлттық рухқа тәрбиелеуші күш екендігін айтып отырудың қажеті болмас. Көрермен біз де, театр әкімшілігі бұл пікірге қосыла, құптай отырып, бұл қойылым барысында еңбек еткен шығармашылық топқа алғысымызды айттық.

Дегенмен де, кемшіліксіз де болған жоқ. Абайды соққыға жығатын жерінде қызым:

— Мама, Абайдың заманында да ниндза болған ба? Ниндзаның маскасын, қара жамылғысын неге киіп алған? Бұл не төбелес? Қазақтар мен қытайлар соғысып жатыр ма? Ол кезде төбелеске шоқпар ұстамады ма, неге дубинка алып шықты? - деп сұрады. Тоғыз жасар кішкентай қызым да айтты-ау. Балаға не айтасың..? Өзім ұялып қалдым.

Абайдың 175 жылдық тойын тойлауға жазға дейін уақыт бар. Сахнаның декорациясын, актерлердің сахналық киімін қайта қарап жақсылап дайындауға болады. Күнделікті той-томалаққа киетін немесе көше киімдерін киіп, тізесі шыққан джинсы мен ақ жейде кие салғандары көңілге қонбайды. Абайдың өлеңі оқылып жатса, «пыс с-пы ыс с» етіп жасанды бу шашатын құрылғысы бұзылған ба, әлде ішінде газ біткен бе ..? күшпен әзер үрленеді. Ыза болдым, соны қоспай-ақ қоюға болар еді ғой. Бұны ұсақ-түйек деп жазбай-ақ қоюға юолушы еді, кешеден намыстанып «Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» боп кешеден ойланып жүрдім. Бірақ, алда ескерер деген ой. Мен де осы қаланың бір жаман аты шықса ұялатын, «табанына кірген тікен маңдайыма батсын» дейтін жанашырымын. 

Раушан Құрманғалиева

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...