Өскеменде 17 жастағы қыз өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлады madeniportal.kz massaget.kz-ке сілтеме...
Астанада Дәуірбек Дүйсебайдың кеші өтті
Дәуірбек Дүйсебай деген ақын жігітпен сонау Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де студент болып жүрген кезімізден араластық. Шығыстану факультетінің парсы тілі мамандығында оқыды. Кейін ғасырдар тоғысында Астанаға қоныс аударғаны, Аягөз деген талантты күйші қызбен отау құрғаны бәрі-бәрі көз алдымызда өтті.
2004 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алғашқы жыр жинағының тұсаукесерін жасады. Профессор Дандай Ысқақұлының жетекшілігімен М.Әуезовтің "Абай жолы" романының парсы тіліне аударылуын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Сөйтіп жүргенде Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұрды да, Иран еліне елшілікке жұмысқа кетті. Содан кейін он-он бес жыл көлемінде оқырманның назарынан тасада қалған болатын. Бірақ Дәуірбек Иранда жай жүрмепті. Туған елге сағыныш жырларын жазыпты. Отанға деген маxаббатын отты жырларына арқау етіпті. Кеше соның нәтижесі ретінде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапxанада "Дүр дүниенің парасат тәжі" атты шығармашылық кеші дүркіреп өтті. Кешті Дәуірбектің жанашыр әпкесі, белгілі жазушы Айгүл Кемелбай кіріспе сөзбен ашты. Одан кейін спорт журналисі, баспагер Қыдырбек Рысбекұлы, ақындар Дәулеткерей Кәпұлы мен Бауыржан Қарағызұлы Дәуірбектің "Оянып кеткен ақ сәуле" атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімін жасады.
Кешке арнайы келген Дәуірбектің әпкесі, белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы көпшілік алдында жүрекжарды лебізін айтты. Астанадағы N53 орта мектептің оқушылары Дәуірбектің жырларын жатқа оқып, Өзгеріс Шерікбай, Ерзат Жұмабеков сынды әншілер домбырамен ән шырқап кештің сәнін кіргізді.
Дәуірбектің қаламдас достары Қалқаман Сарин мен Дәулеткерей Кәпұлы өз өлеңдерін оқып, достық демеу жасады. Көптен көбең тартқан шертпе күй шебері, Дәуірбектің жары Аягөз Нұрсұлтанова да қара домбырасын қолға алып, күй күмбірлетті. Кешке ақынды қолдап Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, филология ғылымдарының кандидаты Мұxит Салқынбай бастаған курстас достары да көп жиналды.
Бұл кеште ұлттық би де болды, ұлағатты күй де болды. Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Қарағызұлы кешті қорытындылап, белсене қатысқан мектеп оқушыларына дипломдар табыс етті. Осынау мәртебелі кештің микрофоны мен тізгінін ұстау бақыты бізге бұйырыпты. Сонымен тағылымды кештің әсерінен арыла алмай, бір-бірімізді қимай тарқадық.