Ақынның жары

ӘДЕБИЕТ
941

Күн сайын төрімізде сөйлеп тұрған «Қоғам ТВ» телеарнасының түп негізін қалыптастырған ақын Шәһизада Әбдікәрімов екенін білеміз. Ал, осы шығармашылық ұжымда көбіне тасада қалып қоятын бір тұлға бар. Ол – осы телерадио компаниясының басқарушысы, ақынның жары Тұрсын Желдербаева.

Шәһизада ақынды аға тұтқандықтан журналистика саласындағы орта буын, кейінгі толқынның бәрі ру-туыстыққа қарамай-ақ Тұрсынды жеңеше дейміз. Ол кісі де қайным деп қабағындағы шуағын үйіре төгіп, жылы сөйлеседі. Қай-қайсымызды болсын туған қайнысындай көріп, «су сұрасақ, сүт беріп» төрге оздырып, төредей сыйлайтын мұндай жеңгелер де некен-саяқ қалды ғой, бұл заманда.

Біз мереке қарсаңында Тұрсекеңді көктем мерекесімен құттықтап, оқырман біле жүрсін деген екі-үш сауалымызды қойдық.

– Тұрсеке, сізді осы мерекелерде алғашқы болып құттықтайтын кім?

– Әрине, алдымен отбасым, жарым, балаларым. Бұл мереке біз үшін ерекше ыстық.  

Шаһизада ақынмен осы көктем айында танысып, табысып, 1983 жылы 7 наурызда шаңырақ көтердік. Алғашқы жүздесуде мен оның ақын екенін тіпті де білгенім жоқ. Қанасына сыймай, қолды-аяққа тұрмай, ширығып жүретін, кімді де болса ақ жарқын мінезімен иірімдей үйіріп алатын Шәкең Қармақшы ауданындағы мен физика пәнінен сабақ беретін №26-шы мектепті бітірген екен. Сыр сүлейлерінің сынығы, белгілі жырау, сатирик ақын, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қали Шыңғысов ағайымыз «келешегі зор ақын» деп үнемі мақтап отыратын.  

Міне, содан бері 37 жыл өтіпті. Толғауы тоқсан тіршіліктің ыстық-суығын, қызық-қуанышын бірге көріп келеміз.

– Шәһизада ағамыз елге белгілі кісі, елімізге ғана емес, түркі жұртына танылған ақын. Отбасыңызға қонақ көп келетін шығар?

– Біз шаңырақ көтергелі отбасы­мыздан кісі үзілген емес. Тіпті қонақ келмей қалса, өзіміз шақырып аламыз. «Қонақ бір нәрсеңді алып, тоғыз нәрсесін тастап кетеді» дейді ғой, дана қазақ. Қонақ демекші, баяғы жас отбасы кездеріміз еске түсіп отыр.

Ол кезде облыстық теледидардың ашылмаған кезі, аудандардан хабарға қатысуға келгендер қонаға жатады. Екі бөлмелі пәтеріміз айналуға келмейді. Тұңғышымыз Ғани аяғымен жүреді, үйелмелі-сүйелмелі Мұхтарымыз бен Фаризамызды жылы су толтырып, ваннаға отырғызып, алдарына ойын­шықтарын беріп алдарқатамын да, өзім қазан көтеруге кірісемін. Осы күні күлеміз-ау, сонда екеуі ваннада сағаттап отырады екен.

Үйімізден Қазақстанға белгілі азамат­тарымыздың көбі дерлік дәм татты, батасын берді. Солардың шапағаты бойымызға жұқты-ау деймін, өстік, өркендедік.

Жапонияның қосалқы ғарышкері, «Ти-би-эс» телекомпаниясының ком­ментаторы Рёко Кикутимен жүздесуіміз де бір жыр. Ғарыш алаңында онымен танысқан Шәкең «Мынау қазақтың кең даласы... Мұнда бір кездері киіктер миллиондап жортып жүрген» демей ме? «Киік, киік...ол қандай аң?» – дейді өз тегіне ұқсайтын атауға қызығушылық танытқан жапон қызы. «Қалай айтсам екен...антилопаны білесіз бе?» «Білем». «Соның арғы бабасы, мұз дәуірінен аман жеткен мақұлқат, тек біздің Қазақстанда мекендейді». Ғарышкер қыз шы­нымен таңғалады. Шәкең одан сайын төндіреді: «Киіктің етін жегің келе ме?» Кикути-сан шал­қасынан түсе жаздайды.

Сонымен, Шаһизада Төретам кентін адақтап жүріп, кәнігі аңшылардан бір киік сатып әкелді. Кешкілік сырттан келген біраз адамды қонақ қылдық. Қуырмашын мол турап, палау жасадым. Бір қызығы, ғарышкер қыз киіктің етін сүйсіне жеді, қызыл күрең коньяктан да тартынбады. Қазақша ән салсақ, ол ыңылдап қосылып отырды. Мен Кикутиге отбасымыздың атынан атақты жапон жазушысының қазақ тіліндегі «Мұғалім Мори» кітабы мен Шаһизаданың өлеңдер жинағын сыйға ұсындым. Әйгілі жерлесінің қазақша кітабын көргенде Рёконың таңданысында шек болмады.

– Ақынның жары болу да оңай емес шығар?

– Шәкеңнің шаруасы түзде, менің шаруам үйде. Соның қабағына кірбің түс­песін, абыройы асқақ жүрсін, шығар­машылығы шайлығып қалмасын деп шыр-пырым шығып жүретінім рас енді...

– Бала-шаға, бау-шарбақ жайлы айта кетесіз бе?

– Баяғы қонақ келгенде «ваннаға салып қоятын» ұл-қызымыз өз алдына «ваннасы бар» бір-бір отаудың иесі болып отыр. Ғаниымыз – «Қоғам ТВ» программисі, келініміз Ұлмекен терапевт-дәрігер, Нұр­зада есімді немереміз бірінші сыныпта оқиды. Мұхтарымыз – Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінде басқарма бас­тығы, Диана келініміз – қаржы маманы. Үл­кендері Ханзада бірінші сыныпта, кішісі Әлназар екі жаста. Фаризамыз – банк қыз­меткері, жұбайы Ермекпен баянды ғұмыр кешіп, Диляра, Жанзада, Алихан немерелерімізбен жиі-жиі қыдырып келіп, беттерінен сүйгізіп, алдарқатып қояды, әйтеуір!

Өз үрім-бұтағымызбен бірге ауыл­дас­тарымыздың да бүлдір­шіндерін тәрбиелеп жатырмыз. Қармақшы ауданының орта­лығында 60 орынды «Сардарбек» балалар бақшасын ашып, заманауи талаптарға сай жарақтап, пайдалануға берген едік. Міне, биыл сол балабақшадан оныншы рет бал­ғындар мектепке баратын жолға түседі.

Дүйсенбек БЕРКІНБАЕВ

author

Шаһизада Әбдікәрімов

АҚЫН

Қоғам

Астанада қонақүйден өрт шықты, деп хабарлады madeniportal.kz Ulysmedia.kz  сайтына сілте...

Ауа райы

Ауа райының бұзылуына байланысты Жамбыл, Түркістан облыстарында республикалық автожолдарда көлік қ...