Әнші Ақбота Керімбекова шоу-бизнесте жүрген танымал кей жанның өнерін мойындамайтынын айтты. Ол қазі...
Шәкәрім Құдайбердіұлы. ҮШ АНЫҚ
Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таңғаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен? Осы кезде жанның барлығына, өлген соң да жоғалмайтынына күндей жарық дәлелдер табылып тұрса да, нанып қалған, әдет алған шатақ діннен шыға алмаған молдаларша қатып қалу — ақыл ісі ме?
СӨЗ БАСЫ
Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді… өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс — ұждан. Ұждан дегеніміз — ынсап, әділет, мейірім.
Кетті, келді,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп өнді қайтадан.
Дөңгеленткен,
Өңгеленткен,
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз,
Есті қылған іс пе екен?
Жан деген не,
Мүлде еле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Дене жөн деп,
Жоғары өрлеп,
Жаның мен деп келе ме?
Осы дүниеде көзге ілінбейтін кішкентай жандылардан бастап адамдарға шейін бәрі өзі һәм нәсілдерінің жақсылықта болып өсіп-өнуіне қам қылады. Мұны — «барлық таласы» дейді. Бұл — жаратылыстың берік жолы. Сондықтан барша адам шамасына қарай қайбірі өзі үшін, қайбірі барша адам үшін жақсылық, бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады.
Тіршілік туралы адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар. Бірі, дене өлсе де, жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке, тіпті, ұқсамайтын бір түрлі өмір бар. Сондықтан жалғыз ғана дүние тіршілігінің қамын ойламай, сол соңғы өмірде жақсы болудың қамын қылу керек дейді. Мұны ақирет — өлгеннен соңғы өмір жолы дейді. Енді бірі, бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп жаратқан иесі жоқ, һәм өлген соң тірілетін жан жоқ дейді. Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу аңылы сау адамға катты міндет. Неге десең, адамды түпкілікті бақытқа жеткізбек болсаң, біліп жаратушы ие бар, өлген соң да бір түрлі өмір бар деген жолдың шын, өтірігін білуіміз керек. Егер шын болса, соның да қамын ойлап, адамдарды түпкілікті бақытқа жеткізу үшін, егер өтірік болса, оған әуреленбей, жалғыз ғана осы дүние қамын қылу үшін, олай болса, бұл екеуін қалай тексереміз? Оны тексерушінің әр түрлі діндер жайынан, әр түрлі ғылым жайынан, әрбір білімділердің сол туралы айтқан сөздерінен хабары болуы керек. Және қатты керек бір шарты — өзінің тұтқан діні, оқыған – ұғынғаны, қалыптанған әдеті, құмар ісі бәлендей жақсы кісі айтты деп нанып қалған сөзіне біржола байланып қалмай, ақылын әбден шын босатып, сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек. Әйтпесе, адам әдет, құмар нанымынан шыға алмай, арқандаулы ат сияқты болады. Және өзінің мынау жөн дегенін халық алдына салғаны жөн. Неге десең, қайсысы болса да әбден сыналып, тазарған соң шын болмақ.
ЕКІ ЖОЛДЫҢ ТҮБІ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН
Бұл екі жолдың түбі қайдан шыққанын тексерсе, адамдардың біз һәм әлемдегі барша нәрселер қайдан бар болған, мұны кім жаратқан деген ойынан шыққан. Неге десең, адамның ақылы оны ойламай тұра алмайды және адам жаңа бір нәрсені көрсе, мұны кім жасаған, бұл неге керек демей қоймайды? Сондықтан жаратушыны іздеп әркім әр түрлі ой жүргізген. Тіпті, ескі замандағылар жаратушы осы деп немесе осында жаратушының қасиеті бар деп күн, от, ағаш, тас сияқтыларға табынған. Немесе әр нәрсенің бір тәңірісі бар деп сурет жасап табынған. Онымен де тұрмай, адам қолынан келмейтін істерді істеген алдамшы жәдігөй, бақсы, дуана сияқтыларды да тәңірінің, орнын басады деп, сондайларға да табынған. Сөйтіп, соқыр кісіше сандалып жүргенде пайғамбар дегендер шығып, барлықтың бәрін жаратқан ие бар, өлген соң бір түрлі тіршілік бар, осы өмірде қылған ісіңе қарай ол өмірде де өлшеусіз бақ қиын азап бар, мұны бізге сол жаратушы ие білдіреді дейді. Сіздерге ұқтыруға бұйырды деген. Ол кездегі адамның бірқатары бұған нанып ерсе де, бірқатары нана алмай, бұрынғы қалып алып қалған әдетінен шыға алмаған.
Енді біліп жаратқан ие де жоқ өлген соң өмір де жоқ деген ойдың түбінде осы барлық әлем неден бар болды деген ойдан шыққаны төменгі сөзден мәлім болды.
ОТ. СУ. ТОПЫРАҚ. АУА
Ескі заманның білімділері әр нәрсенің түпкі негізі неден жаралғанын тексеріп, тамам нәрсенің негізі төрт нәрсе деп (имен. Онысы — от, су, топырақ, ауа. Олардан кейінгі білімділер төрт нәрсенің әрбіреуі әлденеше негізден жаралғанын таба-таба, жақынырақ кезде түп негізі сексен шамалы екенін тапты. Әр дененің, көзге ілінбейтін кішкентай тараулардан қосылып жаралғанын тауып, ол кішкентайды қанша ұсақтаса да, ақырында, тіпті, бөлуге келмейтін болады.
ATOM
Сол бөлінуге келмейтін түп негіздердің атын европаша атом деп атап, арабша мадда немесе әсер деп атады. Қазақша аты жоқ болған соң бұл кітапта біз оны атом, мадда деп атаймыз. Сөйтіп, барша нәрсе сол сексен шамалы атомдардың бір-біріне қосылғанынан дене жасап, әлденеше түрге түсіп, бір-бірінен өршіп, жаралып жатқанын тапқан.
Мұны алғашқы тапқан ион-грек жұртының Пифагор деген білімдісі. Кейбіреулердің сөзіне қарағанда, Пифагор оны Финикия жұртынан үйренді дейді. Олай болса, алғашқы тапқан Финкияның Садда деген қаласынан шыққан Моско деген адамы болады. Кім бұрын тапса да, бұл атомды басында не нәрседен жаралғанын, оның не іске жарайтынын білу үшін іздеп тапса да, гректің Эпикур және Демокрит деген білімділері сол атомды дәлел қылып, барлық, әлем атомнан өршіп жаралып жатыр, оны былай қылайыншы деп біліп жаратқан ие жоқ деген бір жолға негіз салды.
Араб жұртының патшалығы зорайып, әр елдерді қол астына қаратқан Аббас тұқымы патша болған кезде, ион-гректің білімділерінің жазған кітаптарын араб тіліне көшіргенде, осы атом туралы сөздерді араб тіліне көшіріп, мұсылман молдаларының ортасына: барлық әлем басынан бар ма еді, соңынан жаралды ма деген дау кіруіне осы атом себеп болды. Соңғы кезде Еуропаның Гасенди, Декарт, Ньютон, Линней сияқты ойшылдары бұрынғы Эпикур, Демокриттерден қалған жаратушы ие жоқ дегенді қайта жаңғыртып, Еуропа арасына сол ойдың жайылуына себеп болды. Және атомдар бір-бірін тартып қосылуына бір күшті дәлел табылды. Ол — әр нәрседе бірін-бірі тартатын қуат барлығы. Оны орысша притяжение деп, арабша тажазиб дейді. Мұны алғашқы тапқан Англияның Исаак Ньютон деген ойшылы.
XVII ғасырда Ньютон алманың үзіліп жерге түскенінен көріп қалған. Бұл біліп жаратқан ие жоқ, дегенді ұғымдырақ айтсақ, әлемдегі бар нәрсенің негізі сексен түрлі атом, солар бірін-бірі тартатын притяжение заңымен қосылып, дене жасап, бірінен-бірі өсіп, өзгеріп жатыр, оны былай қылайын деп әрқайсысын әр бөлек жаратып жатқан ие жоқ және жан деген өз алдына бір нәрсе емес, сол атомдардан жаралған дененің бір қозғалысы өзгерістерінен шыққан сипат.
Адам өлген соң дененің барша құраулары шіріп, шашылып, бытырап, әрқайсысы өз атомдарына қосылып кетеді де, жан дегенің біржола жоғалады. Сондықтан өлген соң тірілу жоқ дейді. Жақын кезде шыққан бір кітапта Еуропаның осы кездегі білімділері атомды электрия қуатымен әлденеше бөліп, ол ұсақтың атын электрон қойды дейді. Мұның арабша аты жоқ болса керек еді. Жақында бір оқыған кітапта «Хихату хахараба аиие» депті. Мағынасы электрия талқаны деген-ау деймін. Бұлай болғанда, атомдар да бөлінгені ғой. Осы кезде білімділер жоғарыда айтқан сексен шамалы негіздің бәрінің негізі бір нұр екен деп жүр дейді. Олай болса, барлың әлемнің түп негізі нұр болғаны дейді.
HҰP
Нұр — жарық. Нұр күннен не оттан шықса да, жан-жағының бәріне күлтеленіп шығады. Нұр бір секундта үш жүз мың шақырым жүреді. Күннің нұры жерге 8 минут, 17 секундта келіп жетеді. Күннен де алыс кейбір планета, жұлдыздың нұры жерге үш жүз жылда жететіні бар. Тіпті, алыстарының нұры жерге мың жылда азар жететіні бар. Нұрдың жүрісін білімділер орысша Юпитер, мұсылманша Муштари деген.
планетаның Пик деген төрт жолдасы Юпитерді айналғанда, көлеңке жағынан шыққаннан өлшеп тапқан. Ол Юпитер Күнді он екі жылға жақын мезгілде бір айналып шығады. Бұл нұрдың жайын жазғандағы мақсұтым мынау: нұр да өздігінен бар болмай, бір нәрседен шығатыны, о да қозғалып жүретіні ойда болсын. Және барлық әлемнің ұшы-қиыры жоқ зор екені белгілі. Осы үлкен білінген әлемге қарағанда, білінбегендердің есебін өлшеуге келмейтіндігі оқушының ойында болсын дедім.
Жоғарғы айтылған барлықтың бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп біліп жаратқан ие жоқ деген болжам әлдеқашаннан айтылып келе жатса да, әсіресе 17-18-19 ғасырларда Еуропа ішіне көбірек жайылды. Олардың дәлелдерінің күштірек дегендерін айталық.
ҚАЙТА АЙНАЛЫС ЖОЛЫ
(1-дәлел)
Барлық нәрсенің түп себебі бұрыннан бар қуатты дене (сила вещества) — атом. Әр нәрсені өсіп – өндіретін сол, дүниеде еш нәрсе жоғалмайды, бірақ өзгереді. Әр планета, Жер, Күн, Ай болсын басында газ, түтін, жалын сияқты болып, көп заманнан соң салқындап қатты дене болып, осы бір қалыбында қалмайды. Бірталайдан соң біріне-бірі соқтығу сияқты бір себептермен қайта газ болып, онан сұйық, онан тағы қатты дене болып, сол үш түрге түседі де жүреді. Қайта қатты дене болған кезде бұрынғысынан Жер де, басқалар да не үлкен, не кіші дегендей басқа түрде болуы мүмкін. Және ол қайта жаратылыста жер де, адам, хайуан, өсімдіктер де болады. Бірақ өлген соң бізден сезім кетіп, ол өзгерістен еш нәрсе сезбейміз. Ол қайта жаратылыста біздің білім, шаруа, байлық, дене сияқтыларымыз мұнан, тіпті, басқа түрде болады. Және барлық әлем біржола газ болмай, бір жағы газ болып жатқанда, бір жақтағылары қатайып, қайта жаралып жатса керек.
Мұның бәрін өзгертіп, өзінен не шығып, не болып жатқанын сезбейді дейді.
ЖАРАТЫЛЫС ЖОЛЫ
(2-дәлел)
Мұқым барлықтың бәрін бар қылып тұрған — жаратылыс жолы. Сондықтан біліп жаратушы ие деген бекер сөз, жаратылыс жолы осы жаралғандардың өзінен бөлек нәрсе емес, осыдан бөлінбейтін заң. Барлықтың бәрі сол заңнан еріксіз жаралып жатыр. Ол заң өсіп-өнуге, жоғарылауға ұмтылып, ең жақсыны сайлап алады. Сондықтан бүтін әлемдегі планета, жұлдыздардың жаралысы, жүрісі, адам, хайуан, өсімдіктердегі һәм басқа нәрселердің дене бітімі, жаралысы, реттері толың жарасымды мақсұтты жолмен жаратылған дейді. Бұл — философ Литерие сөзі.