Ершат Қайболдин. Ұлым тілін түсінер күн нұрының...

ӘДЕБИЕТ
7411

Ершат Қайболдин


ДОСЫМ

Досым, қашан келесің ауыл жаққа,

Әлде сенде дос жоқ па, бауыр жоқ па?

Кеудеңдегі жұмыр ет – жүрек емес,

Тастан қатты, темірден ауыр зат па?


Сол баяғы қалпында мектеп, көшең,

Келмей-ақ қой «қатыным көкбет» десең. 

Итке тастай саламын ойланбастан,

Сыбағаңды тезірек жеп кетпесең.


Келші, досым, сөйлесіп, сырласайық,

Бір жасарып қалайық, бір жасайық.

Көңіл – көйлек емес қой кірлегенде,

Аппақ қылып алатын суға шәйіп.


Досым, әлі дүние жаңарады,

Суымасын сыйластық арадағы.

Ауылдағы достарын ұмытпасын,

Достарыңа сәлем айт қаладағы.


Керім жұмыс қалада, керім ұйқың,

Ауылға кел, ер болсаң еңірейтін.

Көршілерден жуынды ішкенімен,

Үйшігіне қонады менің итім!

ҚУАНАМЫН

Фәниге сәби келсе қуанамын,

Табыңдар қуантудың бір амалын.

Әйтеуір, мен барымды шығарамын,

Сүйінші сұраңдаршы, сұранамын.


Бәрібір шығыстан ба, батыстан ба,

Не жетсін бесік тойға қатысқанға?

Шіркін-ай, ешкім зәру болмаса ғой,

Бір тұтам атқамінер, атұстарға!


Бар қазақ қыз ұзатып, келін алса,

Ұрпағы батыр болса, сері болса.

Мал мен тал қалмаса да атасынан,

Мал бағып, тал егетін жері қалса!


Мал бағып, тал егу де - ғылым-білім,

Ол бәлкім салты шығар бұрынғының?

Айдың-күннің, жұлдыздың болашақта,

Ұрпағымыз түсінер сырын-мұңын!


Ұлым тілін түсінер күн нұрының,

Қызым тілін түсінер қыр гүлінің.

Түсінбесе өкпе жоқ ұл-қызыма,

Тілін білсе болғаны болғаны бір-бірінің!

МЕН СЕНЕМІН

Мен сенемін, ертең бір күн келеді,

Сахаралар көктейді, гүлденеді.

Қулық-сұмдық жойылып, жер бетінің

Бос қалады қаңырап түрмелері.


Доңыздар да тиіспей қоңыздарға,

Бас иеді қыранға нағыз қарға.

Білесің бе, сол кезде жауыздар да,

Қойдың өзін аяйды бауыздауға.


Ұрылар да сол кезде, қарылар да,

Малын қосып қояды малы барға.

Бір-бірімен ағайын араласып,

Адам таппай жүреді сағынарға.


Жарылқайды байлар да көп кедейді,

Сұрай қалса бар дейді, жоқ демейді.

Бәрі жақсы болғасын барлық адам,

Өкпелейтін жан таппай өкпелейді.


Ертең-ертең керемет күн келеді,

Сеземін ғой, сеземін бірдеңені!

Гүлденеді дүние, түрленеді,

Мен білмеймін, ол күнді кім көреді?

АБАЙЛАҢДАР

Қыз-қырқынға қылмыңдап, қырындамай,

Қыбырламай жүрсем де, жыбырламай.

Қырдың қызыл түлкісі секілденіп,

Түсесіңдер көзіме, сұлулар-ай.


Сылаң қағып көзіме түсесіңдер,

Көздеріңмен жейсіңдер, ішесіңдер.

Тоқаштар-ау, әлі де шикісіңдер,

Ертең шоққа түскенде пісесіңдер!


Шоққа түсіп піссеңдер - киесіңдер,

Асықпаңдар, сүйгізіп, сүйесіңдер.

Абайлаңдар, байқаңдар, тоқаштар-ау,

Отқа түсіп кетпеңдер, күйесіңдер!


Кім алады тоқашты отқа күйген?

Домалама, тоқташы, тоқтап үйрен!

Обалына ешкімнің қалмау үшін,

Өзімді өзім тұсаулап, ноқта кигем.


Абайлаңдар, тоқаштар, абайлаңдар,

Ойнап жүріп от басқан талайлар бар.

Мен - отпын ғой лаулаған, жалындаған,

Өртеніп кетесіңдер, әрі ойнаңдар!

Құйсаңшы, бауырым!

Бұлдыр-бұлдыр болашақ беймағұлым,

Сезсеңдер ғой жанымның қиналуын.

Азан-қазан ойлардан құтылайын,

Қымызыңнан қанекей құй, бауырым!


Шайқап-шайқап құйсаңшы құтырғанын,

Құтырғаннан әйтпесе құтылмадым.

Құрып кеткір қулар-ай қара құрттай,

Жер-жаһанға жайыпты тұқымдарын.


Тостағыңды төңкеріп сімірейін,

Тәлтіректеп құлайын, сүрінейін.

Сілкінейін, қайтадан тірілейін,

Тіршіліктен қашаңғы түңілейін?!


Қымызыңның тәуірін татырмадың,

Ашығанын берсеңші, ақырғанын.

Ақыныңды азаптан құтқарып қал,

Ақылыңды қоя тұр, ақылманым!


Қылышыма қан жұғып, ұртыма май,

Қымыз ішсем оянар рухым оңай!

Менің рухым – Махамбет, ұлтым – Абай.

Батыр қылған қазақты, ақын қылған,

Жылқылар-ай, жылқылар, жылқылар-ай!

Өмір өтіп барады

Аңсаған арманына жетіп көппен,

Маңдай терін теңіздей етіп төккен.

«Өмір өтіп барады» дейтін атам,

Қолына ұстап алып кетік кетпен.

Бірақ, өмір өткен жоқ, өзгерген жоқ,

Атам өзі өмірден өтіп кеткен.


Беймәлім, қазір қайда жүр атамыз?

Атадан қалған сөзді ұнатамыз!

Таң атқанда таң атпай қуанамыз,

Күн батқанда жүректі жылатамыз.

"Өмір өтіп барады" деген сөзбен,

Өзімізді өзіміз жұбатамыз.


Өксітіп, өкіндіріп, еңіретіп,

Боздатып, маңыратып, мөңіретіп.

Өмір өтіп барады өмір өтіп,

Уақыттың азы қалды, көбі кетіп.

Өмірдің іші болса бір тебер ем,

Аяққа киіп алып темір етік!

Кешір, жүрек!

Жүрегім-ай, жүрегім-ай, жүрегім,

Соңғы кезде біртүрлісің, білемін!

Алжыдым ба? Жылап тұрып күлемін,

Өзімді өзім танымаймын, кім едім?


Білсең айтшы, кім екенім беймәлім,

Орта жолда атарбадай қирадым.

Өлең қылып шөңгені де, шөпті де,

Білем, жүрек, сені әбден қинадым.


Қиналсаң да ауыр-ауыр жүк арттым,

Жыла, жыла, келмейді енді жұбатқым.

Сен жылауға, мен жырлауға құмарттым!

Менен көмек күтпей-ақ қой, жүрегім,

Бір пайдам жоқ, күндіз жанған шырақпын.


Шарасызбын, не істе дейсің сен маған,

Айтшы саған немді берем, неңді алам?

Өмір, өмір, өмір деген әншейін,

Өлең, өлең, өлең сенің ем-дауаң!


Кешір, жүрек, қапаланба, шерленбе,

Жүз жыл соғып тұрсаң екен кеудемде.

Сені сонша қинамайтын едім ғой,

Құдай маған екі жүрек бергенде.

Қандай жақсы

Шаршасаң да тірліктен, ауырсаң да,

Бал күндерді баяғы сағынсаң да,

Айтпайсың-ау, айтпайсың жалынсам да.

Сосын, сосын мен сені одан сайын,

Жақсы көріп кетемін, жаным, сонда.


Шығып кетсем үйімнен, бір қысылмай

Сағындырып келемін жыл құсындай.

Кешірілмес бұл менің қылмысымдай.

Сен сонда да күлімдеп күтіп алып,

Маңдайымнан сүйесің тұңғышыңдай.


Әйел болып менімен керіспедің,

Мен істейтін тірлікті сен істедің,

Жүріп өткен жолымды тегістедің.

Құжатымда адам деп жазылса да,

Білем, білем сен үшін періштемін.


Түшкірсем де түршігіп ем іздедің,

Тамағыңды жылытпай жегізбедің.

Көл емес-ау көңілім - теңіз менің.

Келген қонақ үйімен күліп шықты,

«Қатыны жаман екен» дегізбедің.


Өзіңсіз жүрек жарты, көңіл жарым,

Белгісіз жалғыз жүрсем не қылмағым.

Бағыма, мұңыма да ортақтасар,

Қандай жақсы жанымда сенің барың!

Іздеу

Мимырт түнді қуалап миы ашыған,

Міне, тағы күн шықты ұясынан.

Бір ғажаптан құр қалып қоятындай,

Мен әйтеуір бір жаққа жиі асығам.


Жету үшін мұратқа күн нұрымен,

Бағыт-бағдар сұрадым қыр гүлінен.

Адастырып кетеді қайта-қайта,

Мынау жолдар аумайды бір-бірінен.


Өттім талай өткелсіз өзендерден,

Асулардан, таулардан, кезеңдерден.

Арманыма жеткенше тоқтамасыпын,

Жаным шығып кетпесе, төзер кеудем.


Айналама көз тігіп, құлақ түріп,

Құлап-тұрып келемін, жылап-күліп.

Жынды болып кететін шығармын мен,

Арман қуып, бақ қуып, мұрат қуып.


Қарайғанға қарайсың, ден қоясың!

Аямайды бұл өмір, неңді аясын?

Мұратыма жетем бе, мініп алсам

Асан қайғы атамның желмаясын?!

Апа

Апа, неге күрсіндің, күңірендің?

Сен түңілсең мен-дағы түңілермін!

Өсектерден өзегің өртенбесін,

Сол ғой тәтті тірлігі тірілердің.


Жорғалығым жақпайды есектерге,

Ту сыртымнан тас атып, кесектеуде.

Өкпелеме мен жайлы өсектерге!

Өсек деген өткінші жаңбырдай ғой,

Өтер-кетер, ешкімге есеп берме!


Жаңбырын да, бұршағын, ақ ұлпасын,

Сүйіп өтем, даламның тауын-тасын!

Ауыздарда жүрмін ғой аңыз болып,

Жүрегіңді несіне ауыртасың?


Жазығым жоқ, білесің, апа, мені,

Жазғаным сол туған жер, Отан еді.

Аруанам-ау, мұңайма, бәрін-бәрін

Көтереді ботаңның жота-белі.


Қиналмаймын, соңымнан өсек ерсін,

Күншілдерді Құдайым кеше көрсін.

“Өмірдің гүлі - өсек” деуші еді ғой,

Апа, гүлдер жайқалып өсе берсін!

Мұра

Уа, менің ұлан-ғайыр, Ұлы Далам,

Өзіңсіз кім-кімнің де күні қараң!

Отбасым, Отан-Анам, Туым аман,

Бір бақыт бұйырады түбі маған.


Айналған бүгін бір-бір кейіпкерге,

Қарыздармын мен анау бейіттерге!

Таудай-таудай баһадүр бабалар-ай,

Қалай жатыр, япыр-ау, сыйып көрге?


Анау аспан, мынау жер – тірі куә,

Бабам маған қалдырған ұлы мұра!

Дархан жерім, тау-тасым, шалқар көлім,

Жетеді ғой, жетеді ғұмырыма.


Бостандыққа мен жеттім, ел аңсаған,

Енді бодан болмауға келер шамам!

Аманатқа қиянат жасамассың,

Бәрін-бәрін, құлыным, берем саған!


Дәуірлерді дәуірлер алмастырып,

Сен кетерсің жолымды жалғастырып.

Дәстүріме қоймассың шаң бастырып.

Қазақ деген киелі шаңырақтың,

Отырарсың төрінде малдас құрып!


Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...