Батырхан Сәрсенхан. Мейірім ғаламшары

ӘДЕБИЕТ
5091


Бір сөзді бұл ғаламға бағыттадым,
құбылтып қырағатын, қағып шаңын,
хош келсін миуалы жаныңызға,
хош көрсін мейірімге жолыққанын.
Қара ағаш күн көзінсіз көктей ме екен,
түнекке нұры сіңіп кетпей ме екен,
бір уыс мейірім ғана қорек екен,
бір уыс мейірім ғана жетпейді екен.
Не қайғы?
қамыққанда, қара қайғы,
ақ үміт қайғысызды алалайды,
жыр екен дүниенің жолақтары,
жыр екен мейірімді бала жайлы.

Мейірімді баланың жан айнасы хақында ойлануы туралы баян

Қайтсе, қалай жуылар жан айнасы?!
бір қарашы көктерге, қарайлашы,
жанға сәуле, көңілге мұнтаз берер
не нәрсе еді?!
ойланшы, ал ойлашы:
дүние ме, дегбір ме, сараңдық па,
кісі жанын баулу ма адалдыққа,
кірлеген тән ішіне қонақтау ма,
кесірлік пе, көну ме, қараулық па,
Өзгелерді таңданту, қол ұрғызу,
жылым-жылым сапарлар жолын күту,
жек көру ме, жоқ әлде ұнату ма,
діңі осал тұтқаны сенім тұту
керек пе екен?!
Макбетті білесің бе,
орта жолда құлаған күресінге,
көп арманы, мақсаты, илегені,
орындалған тұсында
жан әлемі:
азан-қазан тулайды шор балықтай,
жалған екен жеткені, жебегені.
Бос қазықты біртұтас арман ету,
соныменен төмпешік құмға жету –
қасірет бұл. Қасиет қай қиырда,
қай мекенде кісінің шын медеті?!

Мейірімді баланың Ай мен ару туралы тебіренуі жайлы баян

Тамыз түні жаңа айға кез келіппін,
мәңгі досы болуға сөз беріппін.
Ол өзгерді, өзгерді деп ойлаймын,
шындығында, мен ғана өзгеріппін.
Махаббатқа келіппін, кез келіппін,
мәңгі бірге болуға сөз берппін.
Ол өзгерді, өзгерді деп ойлаймын,
шындығында, мен ғана өзгеріппін.
Туар айдың есебі болар еді,
тоғыс айдың есебі толар еді,
ай жүздесіп жұлдызбен қалар еді,
күн жүздесіп айменен қалар еді.
Тобылғысай өріліп түз кешінде,
бозқараған ағылған күз де есімде,
біз ғана ма, апыр-ай, біз ғана ма,
жалғыз себеп таппаған жүздесуге!..

Мейірімді баланың Тәңірсайға мұң шағуы туралы баян

Тәңірсай!.. Өзім қойған атым еді,
тірліктің күрмелгенде көкірегі,
өрмелеп төбел-төбел қыр басына,
жалбарып Жаратқаннан өтінерім:
Тәңірім, 
не етер екем, не етер екем,
қай шатқал алабынан өтер екем,
бұйығып қала берген бала жастан,
бұл басым қай мұзартқа жетер екен,
көрсоқыр, қатал жандар бей-берекет,
аяусыз сұққылайды инелерін,
айланың шеше алмаған түймелерін,
ақылым дәру екен кімге менің?!
Жабықтым жүрегімдей жан таба алмай,
Адамдар –
жаны семген қаңқалардай
шыдармын, шыдармын мен енді қанша,
нәурізек үмітімді саудалауға!
Тәңірім,
кінәлады әкем бүгін,
оқудың, жазудың да бекерлігін,
ойлану, назымның да бекерлігін,
қайталап тұрып алды. Бөтендігім,
білінді, білінді ме тағы менің,
тірлікте құр алақан көрінемін
ақтұма табиғаттың парағына,
қараңғы бояудайын төгілемін
білемін. Білсем егер, не білемін?

Мейірімді баланың түс көруі туралы баян

Түс көрдім, көрдім, көрдім, аман көрдім,
бұрынғыдан беймәлім заман көрдім,
Тау басынан тұс екен арқар ауған,
таң көзінен кез екен шаң таралған,
түнек басты айнала, апақ-сапақ,
жапырақтай жүрегім жаңқаланған.
Ай тұтылды. Сәулесі тас бетіне
өлімсіреп түскенде 
ес кетірген –
азан-қазан Қиямет күні туды,
опыр-топыр адамдар бет-бетімен
жөңкігенде,
мен тұрдым көп қадалып,
енді, деймін, мезгілім жеткені анық,
А, Тәңірім, көз берші көретұғын,
ғұмыр берші өзіңе аттанарлық.
Түбіртегі ғана бар қарағаймын,
әз ғұмырды зая еттім. Қаламаймын,
қаламаймын баянсыз босқа өтуді,
өкініштен санымды сабалаймын.
Тіршіліктің тезегі паршаланып,
сөндірді ғой жұпарлы жан самалын,
А, Тәңірім, жалғыз рет мүмкіндік бер,
сарайыңның ішіне жол саларлық.
Бір мезетте, ояндым. Түсім екен,
терезе алды сайраған құсым екен!
алабымда самсаған ғұмыр екен,
сахар ауған, білмеймін, тұсы ма екен,
іңкәрліктің отына күйе бердім,
қуаныштан көк жүзін сүйе бердім,
ізгі дүние ізінен мұнар кештім,
алты құрлық аспанын иелендім!
Ғафур-ғафур, мың мадақ ғашық жарға,
Шексіз-шексіз салауат Пайғамбарға,
бұл бір шырын емес пе, жүректерге,
бұл бір хикмет емес пе, ойланғанға!..

Мейірімді баланың Күнді іздеуге шығуы туралы баян 

Алакеуім. Қырқаға күн қонғанда,
бұлт мойыны алкүрең нұр болғанда,
Күн кекілі кеудеге төгілетін,
қыр үстінде тұрғандай көрінетін,
- ұстаймыз,– деп сол күнді, тары күнді,
жазық маңға жөнелдім талығулы,
жазық қырға жөнелдім жанығулы,
жол ортада асынып қаруымды.
Күн аулауға келемін, мен келемін,
Күн ауғанда келемін, жол көремін,
жаурауық күдігіммен тілдесемін,
жап-жарық үмітіммен емделемін.
Күн көзіне қараймын, көп қараймын,
құлан қырға батқанын құптамаймын,
алыс-алыс жолдардай күбірлеймін,
ауық-ауық көзімді шық қамайды.
...Батты, батты, күн батты. Мен адастым,
алқызыл үмітімді ала қаштым,
айғыз-айғыз ымырттай ыңырандым,
жалғыздықпен бейдауа жағаластым.
Жай оғындай жігерім еленбеді,
еленбеген жолдарым кемел ме еді,
содан бері келемін күнді іздеумен,
күнді іздеумен келемін содан бері..

Әлқисса, аспандағы шұғылалы Ай – мейірімді баланың ерте кезден қимас досы еді. Қою түндерде жалғыз қалған сәттерде бала айға қарайтын. Кейде көзіне жас алатын, кейде бұлғындай бұлқынып өзіне сыймайтын. Шыңылтыр аязда, қараша түнінде, сәуірдің іңірінде, тамыздың ыстық түнінде шұғылалы айға нәзік жанын жайып салар еді. Сол Айдың Мейірімді балаға шаққан сырлары екен.

ШҰҒЫЛАЛЫ АЙДЫҢ МЕЙІРІМДІ БАЛАҒА ҚАРАП АЙТҚАН СЫРЛАРЫ:

1.

Есімде әлі, қою түн. Мен қасыңда,
кісінеді бір құлын қыр басында,
дүниенің сұп-сұрғылт сұлбасындай,
сазарып тұман мініп тұрды ашуға.
Басып өтіп тобылғы, торғын белді,
басып өтіп қурайлы шалғын белді,
жануарды құшақтап алғың келді,
мүмкін оның барына сенгің келді.
Бәлкім оның өңің бе, түсің бе еді,
арманыңнан соғылған мүсін бе еді,
Үміт пе екен, сейіл ме, секем бе еді,
кісінеген өмір ме ішіңдегі!

2.

Көрдім бәрін, бәр-бәрін, көрдім бәрін,
қоңыр бақты түнгі екеу жол қылғанын,
жол ұшынан бөлінген лебіздерін,
қапияда төгілген тағдырларын.
Ақ түн іші, түн де түн, ақ түн іші,
қарағайлы бұралаң бақтың іші,
қонамыз,– деп ішіне осы араның,
ерке назға өтінім жасағаның,
ерке шақтың аралы, жас арманы,
Күлше қыздың көңілі босағаны,
Көрдім бәрін, бәр-бәрін сезінгемін,
құмбыл түні албырт ой көз ілгенін,
бүгін қайда, сол ару, қайда бүгін,
өзді-өзіңнен мүмкін бе безінбегің?
Өлтірдің бе өзіңді, өз жаныңды,
қалай ғана ұғамын саздарыңды,
қалай ғана, шіркін-ай, қалай ғана,
қидың екен, жүрекке жазғаныңды?..

3.

Жаз еді. Сілтідейін түн болатын,
маңында ауылыңның қыр болатын.
сол қырдай толқыны еді өмірдің де,
сол қырдай толқып еді көңіл, бірде.
беймаза шақтарыңнан, ақтарылған,
білмеймін жеңілдің бе, жеріндің бе,
үп-үнсіз қарай-қарай сай-салаға,
дүниеге көз жібердің ойша ғана:
«Адамдар келеді екен, кетеді екен,
ғаламға бір арызы өте ме екен,
көңіл де, дос та жалған,
ең жақынның
өзі де ойлы адамға бөтен екен.
Сонда кім,
кім сенерім,
кім өлшемім,
ащы мен тұщының да білем шегін,
тән – құмға,
жан – Құдайға қайтарында,
жеңіліп оймақ өмір, ой таным да,
сарқылар себезгі үміт, сарғалдақ күн,
жалғызбын!
жалғызбын ғой, байқадың ба?»
...Байқаймын,– дедім үнсіз, 
жан ыстығы,
кеудеңнен төгілердей бар ұшқыны,
қинаған білесің бе, сонда мені,
өзіңнен балалықтың алыстығы...

Эпилог орнына

Сол бала, аусар бала, қара бала,
есейді дақпырттана, даралана,
әрнеге қапияда жас аударып,
әрнеге тебірене, жаралана,
жалына,
жалбарына
Жасағанға,
табылып төбелерде, таса жолда,
дүние ақ сарайдай көрінетін,
құрқылтай кітабынан бас алғанда.
Ендеше қара кетіп, ақ қалғай ма,
қиырға ғылым көксеп аттанғай ма,
қиырға жалқы есімі жатталғай ма,
алапат Ұлы арманын атқарғай ма,
Көктерге көз сүзгей ме, қарағай ма,
Көк үнін сездіргей ме шалағайға,
күбірін қарақаттың, бөрте гүлдің,
естіге сыбырлауға жарағай ма,
Не қайғы?
қамыққанда қара қайғы,
ақ үміт қайғысызды алалайды,
Жыр екен дүниенің жолақтары,
Жыр екен мейірімді бала жайлы!

Құрметті оқырман, Батырхан Сәрсенханның дербес парақшасына өтіңіз, мархабат!



author

Батырхан Сәрсенхан

АҚЫН

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...