Мағауин Қадырдың тірі кезінде неге жазбады екен?

ӘДЕБИЕТ
28661

Алыптардың бірінің үстінен бірі айтқан сөздерінің дұрыс-бұрыстығына төрелік айтатын біз емес. Түптеп келгенде мықтының мықтылығы оның пенделік қалпымен емес, шығармашылымен өлшенеді емес пе. Әйтсе де, Мұқағалидың Қадыр туралы айтқанын Мұхаңның Мырза Әлінің тірі кезінде айтпай, ол өлген соң әлденеше жылдан кейін хатқа түсіргені несі екен, дейміз де. Менің қолыма қалам алдырған жай да осы еді.

Жаңа біразда Мұхтар Мағауиннің Мұқағали жайлы естелігінің толық нұсқасын оқып шықтым. Мұхаң бүй дейді: «...Кенет есік ашылды да, бет-аузы қызара бөрткен Мұқағали көрінді. Стол басына тақау келіп, менімен қол бермей, дауыстап амандасқан. Ал Қадырға ишарат жасамастан, түйіле қарады. «Мынау отыр екен ғой…» Содан соң төпелеп кеткен. Ауыр сөзінің ұзын ырғасы: Мұхтар, сен біліп қой, мына Қадыр – ақын емес, тінтінек көшірмеші; дарынсыздық үстіне, адам емес; сені жақсы көріп келді дейсің бе – отырған орныңа қарай, басыңды айналдырып алмақ; ақкөңіл, адал жігітсің, сақ бол, қажет тапса, бүгін пайдасына жаратады, ертеңіне кімді болмасын сатып кетеді; ішіңе кіргізбе, өкініште қаласың; мен бұл қызталақты жақсы білем… деген. Сыпайылап, ықшамдап айтқанда осы тұрғыда. Қадыр сөз қайырмай, ыржалақтап күле берді, ал мен аса бір қолайсыз жағдайға түскен едім. Алайда, Мұқағали көмейіне лықсып келген ашшы сөздерін түгел ақтарып салды да, еңсесін жазып, қалт бұрылып шығып кетті. Мен не айтарымды білмей, дағдарып қалған екем, Қадыр зорлана күлді. «Көріп тұрсың ғой, осындайы бар…» – деген де қойған. Тұтас бір заман – әлденеше жылдан кейін дүбара естелік кітаптарын жазды, сонда Мұқағали туралы қаншама қырыс сөз айтылыпты: алқаш, аферист, алдамшы, бұзақы, азған, тозған… Ақ қағаз бәрін де көтереді екен, соған орай, өзіміз нақты куә болған жағдайды біз де бүгіп қалмадық. Осыншама былғаныш лепеске жаңғырығып шыққан жауап ретінде».

Мұхаңның өзі де жоғарыда айтқандай, ауыр сөз. Оның үстіне бұл ауыр сөз әулие Мұқағалидың аузымен айтылып тұр. Оны жеткізіп отырған – Мағауин. Күнделікті өмірде Мұқағали мен Қадырдың қарым-қатынасы қалай болғанын біз, әрине, білмейміз, мүмкін екеуінің өмір сүру қағидалары үйлеспейтіндіктен, шынымен нашар да болған шығар. Біздің білетініміз Мұқағалидың Қадыр туралы «Қадыр Мырзалиев – найзағайлы ақын. Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы өзіміз өмір сүріп отырған дәуір мінездес» деп шығармашылығына жоғары бағасын беріп, тасқа таңбалап кеткені. Ал Мағауиннің Мұқағалидың аузымен жазғанына қарасақ, Қадыр ақын туралы оқырман басқаша ойлап қалуы мүмкін. «Бет-аузы қызара бөрткен» Мұқағали Қадыр ақынның бетіне бір сәттік көңіл күймен солай десе деген де шығар, бірақ соны естелікке кіргізу Мұхаңа не үшін қажет болды екен?

«Қарасандаршы,
Қаншама достан айрылдық...
Біріміз нағыз,
Біріміз жалған қайғырдық...
Тазалайықшы
Ынтымақ деген айдынды,
Қалыпқа түспей тұрғанымызда маймылдық!
Ойлаңдар, достар!
Өнерде «жарыс» болмайды!
Өресі жетпей,
Күндестік қылған оңбайды.
Өнерің жетіп,
Өсе алмай қалсаң, сол қайғы...
Күндес таласқан
Өнерің өнер болмайды»,-
деп кеткен жаны кіршіксіз таза Мұқағали көкірегіне кек жиып, кісінің артынан тас ататын адам ба?!

Білеміз, кезінде Мұхтар ағамыз бен Қадыр ағамыз баспасөзде қатты ұстасты. Қадыр Мырза Әлі «Жас Алаштың» бетінде ғой деймін, Мағауинге ащы сөзбен хат жазды. Мағауин ол хатқа сол бойы жауап жазған жоқ. Қадекең 2011 жылы қайтыс болып кетті. Ал Мағауиннің Мұқағали туралы естелігі жазбасының соңына 26-28. II. 2018 деген дата қойғанына қарағанда жазған уақыты болса керек.

2009 жылы мен Қадыр ағадан сұхбат алып, екеуінің «айтысы» жөнінде сұрақ қойдым. Ол сұхбат республикалық «Айқын» газетінің сол жылғы №232 нөмірінде жарияланған. Сол сұхбатта Қадыр аға: «Ол маған бір рет «бәрібір саған жауап жазамын» деп қоқан-лоқы көрсетті. Бірақ мен оның жаза алмайтынын білдім. Себебі мен ол жаза алмайтындай қылып жаздым. Мен оны жазайын деп те жазған жоқпын. Адамға тиісу менің мінезімде жоқ. Өзі ана бір жазушы жігітті маған қарсы салып қойып, «Жұлдыз» журналында иығыман екі жыл бойы түспей қойды. Мен тап бір әдебиетке тек зиянымды тигізіп жүрген адам сияқты. Мен басында «мынау әділетсіздікке біреу-міреу араша түсер» деп ойлағам. Ондай араша түсер ешкім шықпады. «Қадеке, өзіңіз жауап жазбай, бұл нәрсе бітпейді» деп біраз жігіттер ақыл айтты. Содан, жаздым. Қысқасы, кезінде Мағауин «менің Олжас ағам» дегенді екі-үш рет айтып жіберіпті. Жұмыстан шығарамыз дегенде, Олжасқа барған ғой. Олжас гуманист жігіт, көмектескен, сөйтіп, Мағауин орнында қалып қойған. Мағауин екеуміз көрші тұрдық. «Сенің қазір жамандап жүрген Олжас жөнінде кезінде айтқандарың есіңде ме, басқаға емес, мына маған» – дедім. «Соның бәрі менің күнделіктерімде жазулы тұр» – дедім. Түсінсін деп... ».

(Жалғасы республикалық «АНЫҚ» газетінде)

Төреғали Тәшенов

author

Төреғали Тәшенов

АҚЫН

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...