Өтен Ахмет. «Қауғашылар» қауіпті сөз бе?

ӘДЕБИЕТ
2214

                                                                                                        (Талдықорған дәптерінен)

13.03.07. Редактормен алдын ала келісіп, былтыр жыл аяғында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ алған әртіс Хазима Нұғыманова туралы мақала жазып тапсырған едім, соның жайын білейінші деп «Жетісу» газетінің редакциясына бас сұқтым. 

Айта кетейін, Хазиманың атақ алғаны театрдағы біраз адамға жақпады, алған атағын желкесінен шығарғандай етті. Қызғаншақ күншілдер топ құрып алып, қаншама жерге арыз жазды десеңізші. Үкімет, Парламент. Облысты босада шулатып қойды. 

У-шу біршама басылдыма дегенде, Президент жарлығымен атақ алған әртістің не жазығы бар, сіңірген еңбегін айтып, елге таныстырайын деп жазған едім. Жалпы, осы орайда, «Атақ, жүрген жері шатақ» деп, сөз ойнатып қойсақ та болады. Мысалы, халық жазушысы деген болды, оны да біреулер алды. Алмағандар мен де жазушымын, оның жазғанын мен де жаздым, тіпті асырып жаздым, мен неге алмаймын дейтін. Халық әртісі деген болды, оны да біреулер алды. Алмағандары ренжіді, мен одан кеммін бе деп.

Индия қайыршысы көп ел. Олардың қайыршыларының өзі сан жағынан Қазақстан халқын әлденеше орап алатын болар. Күніне бір тандыр нан жейтін ол елдегі кедейлер өзін бақытты санайды-мыс. Міне, осы Индияға сапар шығып бара жатқан адамға бірінші айтылар ескерту-жүрегің езіліп кеткелі тұрса да, ешкімге қайыр берме. Берсең, бәлеге қаласың. Бәрі саған жабыла кетіп күпінің битіндей талап жейді. Бұл жердегі философия өте қарапайым. Қайыршылар өздерін бір-бірімен тең санайды. Біреуіне қайыр бергеніңді көріп, қалғандары саған күпінің битіндей жабыла кетсе, бар болғаны сенен тең құқықтарын талап еткені. Неге алалайсың, мен анадан кем емеспін дегені.

Біздегі өнер төңірегінде жүргендердің ісі де Индия қайыршыларына айна қатесіз ұқсайды. Олар қандай қайыршы болса, біздегі өнер адамдары да тап сондай қайыршы. «Оған берсең, маған да бер!» Бітті...

Сонымен, редактор орнында болмай шықты. Мақаланы, фотосуреттерді жауапты хатшыға апарып тапсырғам. Ол ісініп отырып менімен зорға амандасты. Түсіндіріп жатырмын, бастығыңмен келіскен едім деп. Ол сызданған қалпы: «Сіздің «Жұлдызда» бірдеңеңіз шыққан дей ме?» деп сұрақ қойды. «Биыл жыл басталғалы ештеңем шыға қойған жоқ, кейінірек болмаса» деймін. «Жоқ, сол «Жұлдызда» деп тақымдап қояр емес. «А, иә, былтыр бір хикаятым жарияланған, сол болмаса, білгің келіп отырғаны». «Әйтеуір, ішінде «қауғашылар» деген сөз бар көрінеді», деді ол. «Бар болса бар шығар. Онда тұрған не бар. Балағат жаман сөз емес қой».

         -Сіз өзі қай елсіз?- деп сұрады ол кенет маған тіксіне қарап.

         -Қай елі қалай, қазақпын.

         -Жоқ, былай руың, туған жерің дегенім ғой.

         -Туған жерім Қазақстан, өзім қазақпын.

         -«Қауғашылар» деп неге жаздыңыз?

         -Өзің сол хикаятты оқып па едің?

         -Көргем жоқ, оқығам жоқ. Асқанбаев айтты.

         -Ол кім еді?

         -Осында, бізде қызмет істейді.

-Сталиннің заманында талай жазушы атылып, талайы итжеккенге айдалған ғой. Сонда «мен бұл пәленшенің шығармасын оқыған жоқпын, бірақ оның халық жауы екенін жақсы білемін» деп жалған куәлік бергендер болыпты. Сен сол зәлімдерді еске түсірдің. Менің хикаятымды өзің көрмесең, оқымасаң, бұл айтып тұрғандарың не сандырақ?

         -«Қауғашылар» деп неге жазасыз?

         -Кейіпкердің айтқаны шығар. Ол бұл сөзді қандай жағдайда айтты, күйініп пе, сүйініп пе, мен қайдан білейін. Оқысайшы, сонда өзің де түсінерсің.

         -Жоқ, сөз астарын ұғардай бізде де ақыл бар.

-Шырағым, «қауғашылар» деген сөзде қандай астар бар еді, сонша шошитындай. Не айтып мыңқылдап отырсың. Малшылар, сиыршылар, қойшылар, жылқышылар, түйешілер, құрылысшылар, жолшылар... Шошқа бағатындарды шошқашылар дейді. «Қауғашылар» да сол қатардағы қарапайым сөздің бірі ғой.

         -Жоқ, «қауғашылар» ауыр сөз.

         -Шырағым, менен жасың көп кіші екен. Мына айтып отырғаның оқыған адамға, газет қызметкеріне жараспайды. Провинциализм иісі шығып кетті сөзіңнен.

         -Провинция десеңіз бұл жерде неге жүрсіз? Кетіңіз.

         -Ойбой, жаным-ай, бәле іздеген бәлекет болдың ғой. Ұят-ай. Бұл қылығыңның елдікке де, кісілікке де жатпайтынын шынымен білмегенің бе?...


15.09.2007. Әрине, бұл болған жағдай маған ұнаған жоқ. Көңілім қобалжып, қатты мазасыздандым. Ішкі түйсігім сені редакцияға жолатпайық деп ұйғарған ғой мыналар дейді. Тапқан сылтауларының түрін-ай. Әлде, шынымен-ақ болып болғандары осы ма, өздерінше түсінік пайымдары, білік-білімдерінің жеткен жерлері ме. Мұның екеуі де болуы мүмкін. Қайсысы да мен үшін жақсы емес. Демек, бұдан былай материалдарымды жарияламайды.

Алматыдағы «Президент және халық» газетінің редакциясымен хабарластым. Факспен «Алдардың айласы» спектаклінің тұсаукесері жайында хабар бердім. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған әртіс туралы материалым барын, оқып көруге жіберсем, қалай болатынын айтып ем, жіберіңіз деді бірден.

Ертеңінде қайта хабарласып, шағын мақаламның газеттің кезекті нөміріне басуға жіберілгенін білдім. Айтпақшы, «Президент және халықпен» алғаш сөйлескеннен кейін, «Жетісу» редакциясына тағы келіп, жауапты хатшы Нүсіптен материалдарымды сұрасам, редактордың орынбасары Әміре Әрінге өткізіп қойғанмын дейді. Әміре орнында болмады. Оның өзі болмаса да, Нүсіппен екеулеп қарап ек, алдындағы үйілген көп қағаздың ең астынан менің материалым табыла кетті. Қызығы, театрда жаңа спектакль қойылғаны туралы шағын хабардың өзі де сол күйі қозғалмапты. Өзім де кезінде талай редакция басқарғам, білемін, жаңалық хабар ешуақыт тоқтатылмауы тиіс. Жауапты хатшының өзі көріп, бірден теруге жіберсе де, ешкім оған мұның не демесі анық. Қайта жедел қимылдағаны үшін рахмет айтады.

Материалды алып, редактор Жақыпжан Нұрқожаев іссапарда деп естігем, сонда да бар ма деп сұрай салғам, орнында екен. Мен оған:

         -Келінің туралы материал әкелген ем, қызметкерлерің біртүрлі мінез көрсетіп жатыр, - дедім амандық-саулықтан кейін.

         -Сен шығармаңда «қауғашылар» деп жазыпсың ғой, - деді ол менің бетіме бажырая қарап.

         -Немене, қолдануға тыйым салынған қауіпті сөз бе еді?

         -Маған ондайыңды айтпа. Ол сөздің астарында не тұрғанын біз жақсы білеміз.

-Астарлап жазу әдебиеттің ажырамас құралы, ежелден бар әдісі. Патшаны – арыстанға, прокурорды –аюға теңейді дегендей. Әлде сен оқымап па едің, білмеуші ме едің?

         -Ол аздай «Жетісу» газетіне зорлап жаздырады депсің.

         -Тура «Жетісу» газеті деп атап көрсетіппін бе?

         -Тұспалдапсың.

-Сталин заманында да болмаған әңгімені біріңнен соң бірің қайдан тауып алып көңірсітіп отырсыңдар. Мен жазсам, өзіміз өмір сүріп отырған қоғам жайында жаздым, оның өтпелі кезеңдегі қиындықтарын адам тағдыры арқылы көрсеттім. Хикаятымның көркемдік деңгейі қаншалықты сәтті шыққан, сыншылар айтсын. «Жұлдыз» секілді маңдайымыздағы жалғыз таза әдеби журналда басылды. «Түйені соқыр десең Құнанбайға тиеді» деген сияқты әңгіме ғой бұларың.

«Жұлдызыңмен» Жазушылар одағымен қоса құйрығымды сүрткенім бар, - деп салды замандасым әрі әріптесім Жақыпжан дос.

-Біздің қайсыбір қазақ әшейінде құйрық сүртпей-ақ жүре беретін болса да, осындайда тым кірпияз бола қалатын әдеті. Дегенмен, тым артық сілтеп жібердің-ау деймін.

-Өзіңді жақсы білетін болған соң, тартынып қалдым. Сенің орныңда басқа біреу болғанда, басын жұлып тастайтын едім.

         -Ол сенің қолыңнан келе қоймас. Өзіңдей мықтысымақтың талайы мені кезінде автоматпен атып, танкпен таптамақ болған. Бірақ өйту қолдарынан келмеген. Мені орталарыңдағы жат біреуге санап, білек сыбана күреске шыққан түрлерің құрысын сендердің. Мәлім болдыңдар, - дедім де, тұрған жерімде шалт бұрылып шығып кеттім.

Материалды суреттерімен қоса «Президент және халық» газетінің редакциясына жібердім...


18.03.2007. Қазіргі қазақ қоғамын корпорацияға теңейді. Егер шын солай болса, қоғамдық сатының төменіндегілерге ештеңе қалмайды, бәрі де жоғарыдан болады деген сөз. Демек, сенің ойың мен сөзіңнің адам-тұлға ретінде ешкімге керегі жоқ. Оларға сен тек пешка ретінде ғана керексің.

Алайда адамзат өркениеті тұрғысынан алып қарағанда, қазір адам құқы деген мәселенің алдыңғы шепке шығуы теген бе? Меніңше, тегін емес. Өйткені қазіргі өркениетке жеткен адамдар шындықты сырт көріністен емес, адамдардың ішкі жан дүниесінен іздейді. Мысалы, мен осы жасым ішінде, өзім қазақ болсам да, барлық теперішті тек қазақтардан көріп келем. Ұрлық жасағам жоқ, біреудің қақысын жегем жоқ, ешкімді тілдеп ғайбаттаған емеспін, ондай нәрселер басыма кіріп те шықпайды. Жұмысыма адалмын және кәсібимін. Сонда да жақпаймын. Жазығым қазақ болғаным. Иә, иә, қазақ болғаным.

Бізде жүзге, тайпаға, ру атаға бөліну егемендік алғалы қатты өрістеп тұр. Әдейі қасақана жүргізіліп жатқан кеңкелестік саясат екенін көбіміз ұқпаймыз. Бөлшекте де билей берге бұдан артық не керек? Рахат. Әр облыс халқының өз куәлігі бар. Басқа облысқа барсаң, бөтенсің. Басқа мемлекеттен қуылып келген адам сияқтысың. Бұлай бөлшектеу билікке ыңғайлы болған соң, олар адам дамыту саясатын қайтсін, құйрығына қыстырсын ба. Сондықтан бізде самосознание – өзін-өзі тану деген жоқ. Бұрын басымызда ерік болмады, соның кесірі дедік. Ендігімізге не жорық. Иә, бәрі іште жүргізілетін саясаттан. Біздегі өзін-өзі тану ру аталық, әрі кеткенде жүздік деңгейдегі ергежейлі қалыпта. Халық атанып әр жерде шашырап жүргеніміз болмаса, ұлт болып ұйып, басымызды біртұтас етіп біріктіре алмай жатқанымыз сондықтан.

         Ақырында қазір қандай күйге түсіп отырмыз? Тап қазір халық емес, құлмыз. Ұлт емес, ұлтанбыз. 

         Құлдың психологиясы: «Бәріне шыдаймын, тек ұрмаса болды».

         Қожайынның психологиясы: «Жазалау, жазаламау өз еркім, көңілімнің қалауы біледі».

         Баланы тәртіпке шақырмасаң, басыңа шығады. Сол секілді қожайындардың ырқына көне берсең, олар күн өткен сайын эгоист, деспот, диктатор бола түседі.

Әрине, шенеуніктер де адам баласы. Бірақ олар өзіне бағыныштылар мен қара халық алдында қожайын. «Жазалау, жазаламау өз еркінде, көңілінің қалауы біледі». Ал өзінен жоғары бастықтары алдында ол да құл, иесінің табанын жалайтын малайы. Білім саласының қызметкерлері оқушылары мен олардың ата-анасы алдында қожайын. Ал директорлары мен ОНО басшылары алдында құл, малай. Неге? Жүйе сондай.

Газет редакциясындағы журналистердің өздерінің қоғам алдындағы тікелей міндеттерін ұмытып, көркем әдебиетке саяси астар беріп, маған сорақы қылық көрсетулері құл екендіктерін айқайлап айтып тұрған жоқ па?

Иә, адам өзгермей мұндай қоғамнан жақсылық күту бос әурешілік болса керек. Белгілі бір қалыптың ішінде көт қысып қана күн көріп жүргенің.

Адам даму саясаты жүргізілмей қазақ өзгермейді. Қазақ өзгермесе, дария тасуынан бөлінген су сияқты басында жарқырап шалқып жатқанмен, ақырында сасып шіріп құриды.

                                               

20.03.2007. «Жұлдыз» журналының былтырғы №10 санында менің «Ауылдан безу» деген хикаятым жарияланған болатын. Арада бес айдай уақыт өткенде қызығушылық туғыза бастаған сияқты. Бізде, қазақтарда, қашаннан солай ғой. Елгезек біреу оқып, әдемілеп мақтап бергенше елеусіз жата береді.

Еркін сөз, еркін ой үшін күресуге тиісті жергілікті журналистердің сиқы анау.

Дегенмен, әуелі басымдағы басқа ойымды жазайын. Бүгін лездеме кезінде Мұрат Ахманов інім министрліктің грантына Өтен ағаның екі пьесасы кетті, Мәдениет басқармасы атынан деп айтып салды. «Бағдаршамға» біраз тоқталды. Көлік жол апатының зардабы адамдар үшін соғыстан да жаман болып тұр ғой деді. Бұл сөзге отырғандардың біразы қолдау көрсетті.

Мұны ол неге айтты? Жұрт құлағы үйрене берсін деді ме екен? Ұжымды алдын ала дайындағаны ма? Әрине, Мұраттың ниеті адал, оған еш күмәнім жоқ.

Басқа ру, атаның ортасында жүріп бәйге алу елдегі қазіргі қалыптасқан жағдайда еш мүмкін емес. Қазақ сен кім болсаң да сені ондай бәйге төріне ешқашан жібермейді. Ғайыптан ондай жағдай бола қалса, шешесін күң етіп, қызын зорлап кеткеннен де жаман бетер қорланады. Рулық намыс көп қазақтың адамдық болмысының шырқау шегі. Мұндайдан менің аузым талай рет оңбай күйген.

Лездемеден кейін әртістермен апталық шолуымыз бар. Алмахан, Халық әртісі:

-Өтеке, менің Мариям деген қызым сенің «Ауылдан безу» хикаятыңды оқып есінен танды, - деді отырған жұртқа жағалай бір қарап алып.- Ғажап. Керемет жазылған, шындықты шырылдатқан деп мақтады. Қолым тимей жүр еді, енді мен де оқиын деп шештім...


21.03.07. Екі-үш күннен бері естіп-біліп жатырмыз, 31 телеарнадан. Грюнберг деген сөзі орнықты журналистің «Точка над і» деген хабарынан. Депутат Серік Әбдірахмановты, шешен азаматы Ахмет дегенді сөйлетті. Оқиға анау-мынау дейтіндей емес. Үй өртенген, бизнес меншік өртенген. Бірнеше адам өлген.

Бізде жекешелендірудің қалай жүзеге асырылғанын көзбен көрген адаммын. Қудаланып, қашып-пысып, атылып, асылып, аштық пен соғыста қырылып, өмірдің тірі тозағын бастан кеше жүріп, аталар мен әкелердің жетпіс жылда жасаған орасан зор байлығының майлы, жілік басы деген бар жақсысы билік ұстағандар мен солардың жақындарының қолында кетті. Бүгінгі күні аяқ астынан шіріген байлар шығып жатса, сол ашкөздік қорқаулықпен өткізілген жекешелендірудің нәтижесі деп білгейсіз. Мен де ханталапайдан бірдеңе алып қалсам-ау деген сайдың тасындай небір мынау деген қазақ жігіттері топ-тобымен түрмелерге тоғытылды. Оны да көрдік. Атылды. Бауыздалды. Қаншамасы шетелге қашты. Ол жақтан да тауып алып жандарын жаһаннамға жіберді. Ортақ меншікті талапайлаудан қалған тәуірі пара төлей алған басқа ұлт өкілдерінің иелігіне айналды. Жерді де алпауыттар бөліп алды. Қара қазаққа не қалды? Базарларда арба сүйрету, жол шетіндегі шаңдақ астында шемішке, сигарет сату. Әрі кетсе ала қаппен қытай асып ұсақ-түйек бақалшы саудасымен айналысу. Бәрінен де сорақысы кең байтақ елдің барлық аймақтарында көп қазақ баспанасыз қалды.

Осы қалыппен кете берсек, аяғы жақсы болмайтынын көзі қарақты талайлар түсіндіріп айтқан, ескерткен. Қараңызшы, Батыста түріктермен жанжалдасты, мына жақта ұйғырмен, енді Алматының дәл түбінде шешенмен. Неге бұлай? Неге қазақ араласқан төбелес көбейіп кетті?

Билік өз қазағына өзі әлімжеттік жасап отыр. Елдік-бірлік деп айтып жатқандарының бәрі құр бос сөз. Айлыққа, зейнетақыға қосып бергендері –сорлының қолына ұстатқан қайырмен бірдей татымсыз бірдеңе. Қорлаушы мен қорланушы бір-біріне ұқсайды деген сөз бар. Бекер айтылмаған. Биліктің өз халқына әлі жетеді екен. Халық та өзінің күші жететін әлсізді іздей бастайды. Ол - Батыста түрік жұмысшылары болды. Мына жақта ұйғырлар, Алматының іргесінде шешендер. Ауруын жасырған өледі деуші еді. Соның кері келіп жүрмесе екен. Қорықса басын топыраққа тыға қоятын түйеқұс сияқтанудың арты жақсылыққа апара қоймас. Болған оқыс оқиғалар туралы газет дұрыстап жазбаса, теледидар анықтап көрсетпесе, түйеқұс құсап басымызды топыраққа тығып қала береміз бе. Өмірде бір философиялық ағым бар ғой, мен болсам, дүние бар, мен жоқ болсам, дүние де жоқ дейтін. Немесе жаулап алушылар айтатын «адам жоқ, проблема да жоқ» дейтін. Мысалы, әлгінде ғана «Хабар» жаңалықтарын көрген едім. Оның айтуынша елде бәрі айнадай. Бұл не? Қайда барамыз? Түсінбедім. Облыстық «Жетісу» газетінің журналистері, бас редакторы бастап, хикаятыңда «қауғашылар» деген сөз бар; әкімдер өз газеттеріне күштеп жаздырады дегенді тұспалдапсың деп, қандарына қарайғандары сонша, оңаша жерде кездестіре қалса, мені атып тастағылары келіп жүр. Ал мынадай қауға тиген өрттей өршіп кетер жаман оқиғалар жайында неге жұмған ауыздарын ашпайды? Неге журналистік зерттеу жүргізбейді? Себеп-салдарын ашып, дәлелдеп, қалғыған қоғамдық ойды оятпайды, билікке көмектеспейді? Төбелеске екі жақтан жүздеген адам қатысса, төбелес болатын жерге машиналар колоннасымен келсе, орган қызметкерлерінің оларды тоқтатуға шамалары жетпеген болса, екі жақтан да арыстай жас жігіттер өлім құшса, бұл не сонда, ойын ба?..


26.03.2007. Бүгін түс әлетінде Тұрсынмен кездесіп қалдым. Кезінде «Жетісу» газетінің бас редакторы болған. Қазір зейнеткер. Өмірбаяндық деректі дүниелер жазады. Жөн сұрастық.

-Алматыға барып қайтпақпын, - деді ол. –Тәнекеев деген ақсақалымыз бар еді, сол кісіге жолықпақпын. Осыдан екі жыл бұрын кел, әңгімелесейік деген еді. Сәлем бергенімде, көрінбей қайда жүрсің деп кейіген болатын.

         -Алдында кінәң бар шығар?

         -Жалайыр 12 ата деп шатасып жүрсіңдер дейді.

         -Ол кісі Жалайыр ма еді?

         -Иә, Жалайыр. 

         -Жалайырдың шежіресін жақсы білетін адам болды ғой.

         -Иә, солай, жақсы біледі. Он екі ата емес, 29 ата дейді.

         -Жалайырдың шежіресін толықтыра түспек екенсіңдер ғой.

         -Тап солай. Бізді аз деп айтады. Шынында өте көп екенбіз.

         -Қазақтан көп болып кетіп жүрмеңдер.

         Тұрсын жақтырмай бетіме бажырая қарады.

 Анда барсам Арғын, мұнда келсем Найман, Жалайыр, Албан мен Суан. Осылардың ішінде қазақпын деп жалғыз жүрген мені де біреу батыр десе, дегендей-ақ екенмін...

 «Президент және халық» газетінің өткен жұма күнгі санында Хазима Нұғыманова туралы мақалам ақыры жарық көрді. Мені тіпті «өнертанушы» деп көрсетіп, дәсірейтіп қойыпты...

                                               х х х

 P.S. Осыдан бақандай 13 жыл бұрын жазылған көңілдегі түйткілдер еді. Зерделі оқырман, жазбама көз қырыңыз түскендей болса, алған әсеріңізді бүгінгі күнмен салыстырып көрсеңіз. Одан бері қазақ қоғамы керемет өзгерді: жұмыс бар, жоғары айлық аламыз, үй, тұрмыс, молшылық, мінезіміз де басқаша, қайда барсақ әділдік – бәрі жақсарып кетті, сіздікі сандырақ екен десеңіз, өзімді бақытты сезініп, қатты қуанар едім...

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...