Этнография залы

МУЗЕЙ
4979

Этнография залы

Ұлттық музейдің үшінші қабатында орналасқан Этнография залы қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне арналған және экспозициялық кеңістіктен басты орын алады.

Зал экспозициясы қазақтардың көшпелі мал және отырықшы-егін шаруашылығымен қатар дәстүрлі материалдық һәм рухани мәдениетімен кешенді түрде таныстырады. Ал балық аулау мен аңшылық құралдарын паш ету арқылы қазақтардың көпқырлы шаруашылық және мәдени тұрмыс салтының ерекшеліктерін көрсетеді.

Экспозициядағы көшпелі қазақтардың киізден жасалған дәстүрлі жылжымалы баспанасы – киіз үй қоғамдағы әлеуметтік-мәдени, нормативтік-реттеуші және өмір салты аспектілерінің барлық жағын қамтитын мәдени доминанттың бірі болып табылады. Қазақ халқының рухани мәдениеті музыка өнерінің, тұрмыс-салт мәдениетінің құралдарымен, діни наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптардың ерекше белгілерімен көрсетілген.

Киізден, сүйектен, ағаштан, теріден жасалған бірегей бұйымдар мен кілем жасаудың, өрудің және кесте тігу мен тоқыма ісінің құралдары, сонымен қатар ұсталық кәсіптің және зергерлік өнердің туындылары қазақ шеберлерінің дүниетанымының тереңдігі мен пәлсапалық көзқарасын көрнекі түрде көрсетеді.

Этнография залы инновациялық техникамен жабдықталған. Залдың ортасындағы киіз үйдің төбесінде аспан бейнеленіп, оның айналасына айналмалы экран (Circle Vision) орнатылған. Осы экраннан дәстүрлі ауылды бейнелейтін бейнефильм көрсетіледі. Аудиовизуалды тәсілдер көрерменге дәстүрлі табиғи-ландшафты аймақта орналасқан қазақ ауылына шын мәнінде келгендей әсер қалдырады, сонымен бірге қазақ халқының баға жетпес мыңжылдық мәдениетіне ортақтастығын сезіндіреді.

Залда проектордың көмегімен қазақтардың мәдениеті мен тұрмысы туралы деректі фотосуреттер мен бейнематериалға негізделген бейнеқатар көрсетіледі. Сонымен қатар көрермен экраннан үлкейтіліп көрсетілетін (Glass Vision) бейнефильмнен дәстүрлі киіз үйдің құрылымы, оны құру мен орнату тәртібі туралы толық ақпарат алады.

Зал экспозициясынан қазақ шеберлері өнерінің бірегей туындыларымен таныстыратын голограмма жеке орын алады.

Залда орналасқан төрт ақпараттық дүңгіршек қазақ халқының дәстүрлі баспанасы – киіз үй, декоративтік-қолданбалы өнер, рухани мәдениет және дәстүрлі тағамдар туралы анықтамалық ақпарат ұсынады.

Осылайша, этнография залының экспозициясы қазақ халқының мыңжылдық материалдық және рухани құндылықтарында қазіргі заманға дейін сақталған  төл мәдениетін көрсетеді.

Жаңалықтар

Келесі жылдан бастап Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдердiң мөлш...

Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес т...