Бақытбек Бекмұратұлы. Ақмола жәдігерлері

МУЗЕЙ
1826

Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі қорында бүгінгі күнде он мыңнан астам жәдігер сақталуда. Олардың бір парасы қазақ халқы күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданған ұлттық ыдыс түрлері болып табылады. 

Түйенің жамбас сүйегінен жасалған қосбасты ожау


Байырғыдан мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы төрт-түліктің етін жеп, сүтін ішіп қана қоймай тері-терсек, сүйек-саяқ, ішек-қарынына дейін пайдаға жаратқан. "Мал ашуы - жан ашуы" деп білетін қазақ атамыз айдаған түлігін мейілінше қадірлеген, қыл аяғы тезегіне дейін теріп, түтінін түтеткен. Бүгінгі күнгі ғалымдар жаңалық қылып, жалаулатып жүрген "қалдықсыз технологияңызды" біздің бабаларымыз ежелден жүзеге асыра белген тәрізді. 

Бүгінгі дәрісте Әдебиет және өнер музейі қорындағы түйенің жамбас сүйегінен жасалған ожау жайында әңгіме өрбітпекпіз. Сүйекшілік өнерді не сүйектен бұйым жасауды халқымыз бұрынан білсе керек. Ел білмес ескі заманда, сонау қоланы қолға ұстап көрмеген, мысты қорыта білмеген, темір түске де кірмейтін ежелі уақытта ел біткеннің барлығы өзіне қажетті бұйымдарды не ағаштан не осы сүйектен жасаған дейді ғалымдар. Том-том кітап ақтарып, күн-түн демей ізденген оқымысты адамдармен таласа алмаймыз. Айтқандарына бас иізеп, келіспеске амалымыз жоқ.

Өзіміз бұл тақырыптың соныңа шырақ алып ізденген жоқпыз, бірақ жаңа ғасырға аяқ басар тұста, екі мыңыншы жылдарды айтамын, не одан сәл бұрын әжеміз бен шешеміздің қойдың сүйегінен жасалған бізбен қолғап пен байпақ тоқығанын көзіміз көрді. 

Малдың не аңның мүйізінен пышаққа сап жасайтынын барлығыңыз білесіздер. Еліктің аяғын қамшыға сап қылған. Түйме, тарақ, түйреуіштерді де сүйектен жасайтын болған екен. Сүйектен жасалған сырға, қапсырма, моншақтар бұрыңғының сұлуларына сән берген. Адалбақан (киім ілгіш) жасағанда арқар мен бұғының мүйізін де пайдаланған. Тіпті, домбыраның тиегін де сүйектен жасапты. 

Сүйектен жасалған бұйымдарды тізбелей берсек таңға дейін отырамыз, сондықтан музейдің көрме залына қайта оралсақ. Музейдегі сүйектен жасалған қосбасты ожау ХІХ ғасырдың жәдігері. Ел ішін аралап, ескі дүниені естелікке жинаған музей қызметкерлері бұл ожауды тоқсаныншы жылдардың басында Айыртау ауданы, қазіргі Қызыләскер ауылының тұрғыны Сәркен Әшімовадан аттай қалап алған екен. Әжеміздің ожауды бергісі келмеуінің бір себебі, бұл бұйым Сәркен қыздың жасауымен бірге келген екен. Сүйектен жасалған ожауды әр қолданғаннан кейін жуып, майлап отырыпты.

Қосбасты ожауды түйенің жамбас сүйегіннен ойып жасапты. Ожаудың қосбасты қылынып жасалуының өзіндік артықшылығы бар. Қосбасты ожаулар қымызға батпайды. Су бетінде жүзген құстың көрінісін береді. Ожаудың сабын түйенің қабырғасынан жасаған болу керек. Ожау сабының беріктігін артыру мақсатында екі жағынан қос тіреу бекітілген. Қабырға сүйегінен дөңгелетіліп, әр жеріне бунақ түсіріліп жасалған ожау сабының ұстауға ыңғайлы болуымен қатар сәнді болуына да мән берілген. Көп қолданылғандықтан ожау түбі тесіліп те қалғанға ұқсайды. Бірақ, сүйек ожаудың тегісін сүйекпен қайта бітепті. 

Фотода: Әдебиет және өнер музейі қорындағы түйенің жамбас сүйегінен жасалған қосбасты ожау. 

Мерзімделуі: ХІХ ғасыр
Материалы: сүйек

Техникасы: ыстау, ысқылау, бунақтау, ою
Қолданылуы: Көкшетау өңірі

Есептік белгісі: ӘӨМ НҚ 349

Көн теріден тігілген көнек


Кез келген халықтың әдет-ғұрпы мен өмір салтын, тарихына тану үшін бұрыңғылардан қалған сөзін оқу керек. Сөз адам жанының ғана көрнісі емес, сол тілде сөйлейтін халықтың төлқұжатты тәрізді. 

Бабалардан қалған ескі сөздерді оқып отырсаңыз, бүгінгінің баласына беймәлім қаншама атауларға тап боласыз. Заманның өзгеруіне қарай адамзат баласының аузындағы сөз де ескіріп, естен шығады. Орнын жаңа сөздер басады. Бағы жанған кейбір ескі сөздер қайта түлеп, жаңа сипатқа ие болып жататыны да бар. 

Музейде тек ескі заттар ғана сақталады деп ойласаңыз, қателесесіз. Музей қабырғаларында көне заттардың көнерген атаулары да жаңғырып тұратынын біліп жүргейсіз.

Әдебиет және өнер музейіндегі көне жәдігердің бірі көнек деп аталады. Атам қазақта «Көнектен шошыған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас» деген сөз бар. Мәтел сөзде айтылып тұрғандай көнек бие сауатын ыдыс. Теріден жасалған соң жеңіл, әрі металл ыдыстар сияқты даңғырлап дыбыс шығармайтындықтан сауын мал мазасызданбай жақсы иіп, сүтті мол береді. Көнекті көбінесе жылқының жон терісінен және түйенің мойнағынан бітеу сою арқылы жасайды.       Түгі түсірілген көн теріден тігілген соң, ыдыс көнек деп аталса керек. Ол үшін жас терісін түгінен арылтып, мойнақтың кең жағын түптеп тарамыспен тігеді. Көнектің ауыз жағына жас тобылғыдан иіп шеңбер салып, оны сыртына қарай терімен көмкереді.

Содан соң көнектің ішіне құм толтырып, жас тері көлеңкеде әбден кеуіп, көнге айналған соң ішіндегі құмды төгіп тастайды. Тері кепкенде мүйіз сызғышпен батыра өрнек салады. Іші-сыртына тұздалмаған жылқы майын сіңіре жағады да, тобылғы, арша тәрізді ағаштардың жас бұтақтарын жалындатпай бықсытып жағып, түтініне ыдыстың аузын төңкере іліп, бірнеше сағат ыстайды. Ыс сіңген соң тері қызыл қоңыр түске еніп, әрлене түседі, әрі құйылған астың иісі мұрныңды жарып бабына келеді. Көнектің екі бүйірінен (ауыз жағына таяу) металл шығырықтар орнатылады да, оған қайыстан өрілген бау тығылады.

Жақсы ысталған көнекке бір-екі күн ашыған айран құйып, шикі дәмін кетірген соң пайдалана беруге болады. Теріден жасалған ыдыстар өңезденіп, көгеріп кетпеуі үшін айына бір не екі рет майлап, ыстап отырған жөн.

Көне көнекті Әдебиет және өнер музейі қорына сол уақыттағы музей қызметкері әнші, сазгер Кәрім Ілиястегі 1990 жылдың 7 ақпанында тапсырыпты. Кәрім Ілиястегі көнекті Зеренді ауданы, Елтай ауылының тұрғыны Тауарих Жасауиевтен алыпты. Көнек әкесі Мұттағараға атасы Жасауидан қалған екен. 

Фотода: Әдебиет және өнер музейі қорындағы көнек ыдысы.
 Мерзімделуі: ХІХ ғасыр
 Материалы: тері

Техникасы: илеу, тігу, ыстау

Қолданылуы: Көкшетау өңірі
 Есептік белгісі: ӘӨМ НҚ 336

Ағаш табақ


Сона-а-ау ес білмес ескі заманнан бүгінгі қазақ жері аумағында өмір сүрген көшпенді халықтар табиғатпен біте қайнасып кеткен еді. Төрт түлік малын алдына салып айдаған дала халқы жыл құстары секілді мезгіл сайын мекендерін ауыстырып, көшіп-қонып күн кешкені бәріңізге мәлім. Сол көшпенді халықтар мөлдір бұлақтың көзін ашқан, жас бұтақты сындырмаған, көк шөпті жұлмаған. Өздерінің өмір салтына ыдымдар мен тыйымдар арқылы еш қағазға жазылмаған заңдылықтар енгізіп, үлкен мәдениет пен қоршаған ортаға деген қамқорлықтың негізін қалаған. ХХІ ғасырда жаһандық жылыну қаупі туындап, оның салдарын жою үшін қыруар қаржы шашып жатқан ақыл иелері көне тарих беттерін ақтарып, біздің ата-бабаларымыз салып кеткен даңғыл жолды көрсе еді. Әй, қайдам...

Қазақ халқы малдың терісі мен сүйегін пайдасына жаратуымен қатар, кей уақыттарда ағаштан да бұйымдар жасайтын болған. Бірақ, ол үшін "бір тал кессең, он тал ек" деген заңдылықты сақтаған. Қаншалық қалың орманның арасында отырса да бабаларымыз отын ретінде малының тезегін пайдаланатын болған. Себебі, әр нәрсенің қадір-қасиетін білген, обал болады деп санаған. 

Сөз арасында айта кетейін, балалық шақтың бал күндері қазіргі Біржан сал ауданы аумағындағы Қасқат деген кішкентай ауылда өтті. Айналасын ақ қайың көмкерген Қасқат ауылы да сол ауылдың жүздеген жылқысы, мыңдаған қой-сиыры да қазір жоқ. Қазақстандағы жадап-жүдеп жоқ болған мыңдаған ауылдардың тағдыры тәрізді жан-жақтан таланған, ұрланған. Менің жаныма қатты бататыны қалың ағашының арасында асыр салған, жидек терген, тығылып ойнаған қайыңдардың ел көшіп кеткен сол оталып кетуі еді. Ағаш сатып әккілегендер орманның бауырынан от қойып, келесі жылы жапырақ жаймаған қайыңдарды қағаздарында "қартайған" қылып көрсетіп жау тигендей жұлмалап тауысқан. Орыстың боданында болған елдің бойындағы бабаларынан қалған обал деген ұмғым да отталып кеткендей көрінеді де тұрады бүгінде маған. 

Ендігі кезекте сөзімізді ұзын шылбыр, кең тұсауға салмай тартыңқырап, әңгіме тақырыбына қарай ойыссақ. Әдебиет және өнер музейіндегі көне жәдігердің бірі ағаш табақ. Ағаш табақ – қоңыр түсті, салмағы жеңіл тұрмыстық бұйым. Дөңгелек пішінді ыдыс қарағай ағашынан жона отырып, ойып жасалған. Ернеуіне екі қатар сызық сызып, сән берген. 

Қазіргі уақытта асты көбінде астаумен тартып жатады, бұрыңғы уақыттарда етті табақпен тартқан болуы керек. Себебі, қазақ халық арасында табақ атауына қатысты әдет-ғұрыптар көптеп кездеседі. Кереке десеңіз, атам қазақ табақ тартуды өнер деп те білген. Табақ тартқанда оның құрмет дәрежесін қарай құда табақ, құдағи табақ, жеңге табақ,  беташар табақ, күйеу табақ,  қыз табақ, құрдас табақ, аяқ табақ, бала табақ деп атаған. 

Ағаш табақты қорға музейдің бүгінгі күнгі директоры Нұрбек Нұралы 1990 жылдың 19 қарашасы күні тапсырған екен. 

Фотода: Әдебиет және өнер музейі қорындағы ағаш табақ.
 Мерзімделуі: ХХ ғасыр
 Материалы: ағаш
 Техникасы: жону, ойып жасау.
 Қолданылуы: Көкшетау өңірі
 Есептік белгісі: ӘӨМ НҚ 827

Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...