Талғат Теменов: Әндерің де, сәндерің де – оттауизм

Жаңалықтар
6569
Туғанда дүние есігін ашады өлең...
Өлеңмен жер қойнына кірер денең...

Ән адамның серігі... Ажырамас бір бөлігі. Өмірде ән салмайтын адамдар болар, ал ән тыңдамайтындар жоқ. Жақсы ән өмірге келу үшін үш нәрсе қажет. Ол әннің әуездігі, мақамы, сазы, ритмі. Екінші - әннің сөзі. Үшінші - әрине орындаушысы. Бүгінгі менің көтеріп отырған проблемам Қазақ өнеріндегі, соның ішінде эстрадағы әннің сөзі, тексті.. Мен журналист, филолог болмаса өнертанушы ғалым емеспін... Мен тек қана тыңдаушымын... Радиодан, теледидардан, дискіден, ютубтан не берсе не көрсетсе – үнсіз, тілсіз соны көрем. Яғни қабылдаймын. Әрине ұнамаса басқа каналды, басқа сайтты, басқа клипті, көруге қақым да, құқым да бар. Оларды көрмей өшіріп тастауға да болады... Алайда...

Талғат ТеменовБәрін басынан бастайық... Қазақ өнерінің тарихында әндер – халық әні патриоттық әндер, лирикалық әндер, махаббат әндері, тапсырыспен шығарылған әндер (көбінде қалаларға, далаларға, партияларға арналған) және той әндері. Кез-келген әннің артында оның поэтикалық философиясы, драмасы лирикасы, мәні мен мағынасы жатыр. Яғни әннің алтын тәжі оның сөзінде, сөз құдіретінде. Сөзсіз ән - ескексіз қайық секілді, құр әуен есте ұзаққа сақталмайтын, әуез ғана болады. Ал сөзі жақсы әндер халық жадында мәңгі. Қазақ халқы көп нәубетті басынан өткізген. Ел кешегі «Ақтабан шұбырынды Алқа көл сұлмасы» жайлы бізде тарихи деректер, болмаса живопистік, яғни бейнелеу, не архитекторлық кешендер жоқ... Бар... Бірақ олардың бәрі кеше өзіміздің творчестволық адамдардың салған суреттері, жазушылардың жазған әдеби кітаптары. Ал шынайы бізге жеткен тек ол ән мен аңыздар.

Қаратаудың басынан көш келеді, 
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.

Қандай сурет... Қандай образ... Қар жамылған Қаратаудың бір беткейі... Оны-мұны артынған көш... Түйе үстінде отырған, көнетоз кимешегі көзіне түскен кәрі кемпір... Алдында қарны ашып зар жылаған кішкентай сәби. Суық желдің өтіні шыдамай қу сүйегі, қабырғасы ырсиған арық ат, көштің басында, соңында найза, шоқпар асынған сұсты сақал мұрты өсіп, көздері кіріңкілеген сарбаздар. Тау аңғарындағы желге қоса, үйткіп бораған қар. Міне бұл трагедияны әннің басындағы екі-ақ жол көрсетеді. Ән сөзінің құдіреті осы шығар.

Заманына қарай әнде, оның мәні де, мәтіні де өзгеріп отырғаны белгілі.. Мен қазір XX ғасырдағы Қазақ даласындағы революциялық, не партиялық, болмаса Ұлы Отан соғысы кезіндегі әндер емес, күні кешегі 50-жылдардан бергі 4 әнмен, қазіргі замануи 2-3 әнге тоқталғым келеді. Соғыстан соң қазақ даласын тың игеруге, яғни астық мәселесін шешуге Хрущев біраз әрекеттенді.

Қазіргі Елордамыз Целиноградқа 1,5 миллион тың игерушілер келді. Жастар... Комсомолдық шақыру. Романтика. Талай мыңдаған жастарды жылы орнынан қозғап Сарыарқаға қоныс аударды. Бұл кез Сталиннің орнына Хрущев келген «Оттепель» яғни «Жылымық» кез болатын. Тың игеруге өзіміздің Республиканың да түкпір-түкпірінен Қазақ жастары ағыла бастады. Осы кезде Қуандық Шаңғытбаев пен Сыдық Мұхмеджанов «Екі ғашық» әнін жазған.

Түнгі самал егін басын тербейді
Алыста қыр қарауытын көлбейді
Айдың нұры баяу ғана дірілдеп
Тың алқапты көкшіл шұғыла кернейді

Айлы дала салқын самал тамаша
Екі ғашық қол ұстасып келе жатыр оңаша

Қандай сурет! Бұл образға суретші Фридрих Каспардың «Ай тамашалаған екеу де», болмаса Иван Айвазовскийдің «Айлы түндері» де жетпейді. Екі суретте де қарабайыр іспетті. Ал ақын Қуандық Шаңғытбаев жастықты, екі жастың бір-біріне деген іңкәрлығын,сезімін, қыз жүрегінің дірілін қалай бере білген. Қыз жүрегінің Ай мен қоса діріл қаққаны, Ұлттық тәрбиені, қыз баланың нәзіктігін, тазалығын, ұяңдығын, әдептілігін, алайда сезім алдында, Махаббат – деген Құдіреттің алдында әлсіз екендігін есімізге салғандайын.

Екі ғашық қол ұстасып келеді
Айтылмақ сөз, ақтармақ сыр көп еді
Бар болғаны жүрек тулап, дем ысып
Әлсін-әлсін ерінге-ерін төнеді

Абай айтқандай ғашықтың сыры... Бұл ән мен алғаш тыңдағанда сол екі ғашық, тура менің туған ағам да, қыз жеңгем іспетті көрінген. Себебі өте таныс жайт. Көз көрген сурет. Ең бастысы нағыз лирикалық геройлар.

Бірін-бірі шын сүйген жандар. Иә, солай сүйген жандар дәл осылай болуы тиіс... Бір адамды құлай сүйген жан ертең Елін де, Жерін де, Отанын да, тілін де сүйе білетін азамат екені хақ. Бұл әннің шыққанына жарты ғасырдан асса да әлі күнге рахаттанып тыңдайтын, көзкөрген көне көршің келгендей балаша қуанасың. Әннің әр тактісіне, әр толқуына, тебірене теңіздің жағасына асыққан ақ көбіктей көтеріліп, болмаса жапыраққа тамған көктемнің тамшысындай, үзіліп кетердей діріл қаққанын жүрегіңмен, санаңмен, жан сарайыңмен қабыл аласың... «Екі ғашық» ғажап ән. Ескірмейтін, көнермейтін біздің құнды мұрағатымыз сияқты. Бұл дала суреті.

Қала суреті де ғажап. Ол «Қайықта» әні Шәмшінікі, ал сөзін жазған Нұрсұлтан Әлімқұлов. Бірінші куплетке емес, екінші куплетке тоқталайықшы. Бұл нағыз сурет, драматургия.

Көлдің жүзін нұрландырып,
Тұр ма сенің дидарың?
Сол бейнеңді тұрған күліп,
Су бетіне қимадым.
Ескегіңді берші маған,
Мен есейін, сен еспе.
Су күлкісі сылдырлаған
Сенің күлкің емес пе?

Ғашық жанға Кебектей күлімдеген Күн де дос, Жарқыраған Ай да дос.. Өйткені ол бар ғаламды жақсы көреді. Сондықтан болар көл беті нұрланып кеткендей... Көл бетіне түскен күн сәулесі көзге шағылып, аппақ бұлттар су бетіне ақ мақтадай көрінеді. Бәрі бәрі күліп тұрған мейірім төккен дүние.

Себебі қасындағы Арудың күлгені, қарағаны, сүйріктей саусақтары мен маңдайына түскен шашын артқа серпіп тастағаны... Жағадағы Ел-жұрттың осы Аруға сұқтанғаны, ұзақ-ұзақ қарағаны... Сондықтан да ол қызғанған.. Бәрінен –бәрінен... Сол бейнеңді тұрған күліп су бетіне қимадым...

Бұл осы сәттегі ХХ ғасырдың соңдарындағы Төлегеннің, болмаса Қозының Рухы, ойы, жүрек тебіренісіндей.

Ескегіңді берші маған,
Мен есейін, сен еспе.
Су күлкісі сылдырлаған
Сенің күлкің емес пе?

Бұл жерде Ару ескек есіп отырған жоқ... Ол тек осы орынға отырып қалған... Ұялғаннан, ұяңдықтан... қайық үстінде сатыр-гүтір жүрмей-ақ, лып етіп қана, байқалмай ғана отырған... Жігіттің ескек сұрағаны Арудың қасына отырайын дегеніндей. Бос ескекті Арудан сұрағаны әрине күлкілі. Сондықтан сұлу қыз күлген... Күлкісі қиялдай әдемі... Мынау Горький атындағы демалыс паркіндегі, Айдын көлде, Алматы да, тіпті ақ қарлы Алатау да Арумен бірге күлген сияқты. Сұлулыққа бәрі-бәрі үндесіп тұр. Тіпті көлдің суы да сыңғыр-сыңғыр еткендей.

Жылжы, қайық, осы көлде,
Жыр толтыршы жаныма.
Махаббаттың бесігінде,
Тербелейік тағы да.

Бұл қайықтың механикалық тербелуі емес, Бұл ғашықтардың жүрегінің лүпілі. Сондықтан қайық та, Әлем де бірге дірілдеп, бірге дүрсілдеп, бірге теңселіп тұр. Соңғы екі жол жігіттің қызға сөз айтуы. «Мәңгі бақи бірге болсақ» дегені... Әйтпесе, қазіргі Европа болмаса Ресейдің ел-жұртынан көргені істеген біздің жастардай, еңкейіп тұрып, бір тізесін бүгіп, қорабын ашып, жүзігін ашып, «Выйди за меня замуж» деуге де болар еді. Алайда ақын Әлімқұлов бұл әннің мәтініне қазақи тәрбие, ұлттық бояуға мән берген. Өлең осынысымен , образымен әдемі... Нағыз поэзия... Лирикалық өлең... Көз алдыңнан көпке дейін кетпейтін сурет.

Ендігі бір сала ол – Патриоттық әндер. Бұл әндердің көбі тапсырыспен жазылады. Қазір ойлап қарасам осы біздің Астанаға байланысты Қалалық Мәдениет басқармасы жыл сайынғы қала күніне орай ән байқауын өткізеді. Өкінішке орай сол бәйге алған әндердің бірде-бірін халық айтпайды. Неге? Өйткені жүректен шықпаған әндер жүрекке жетпейді. Осы орайда Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің орны ерекше. Сөзін жазған Қадыр Мырзалиев. Қадыр ағаның философиясы, оның өршілдігі, өміршеңділігі, асқақтығы, асылдығы, күш-жігері, қайраты, қайтпастығы – өлеңнің әр жолында мен мұндалап тұрғандай.

Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем
Көк кілемде көп аунаймын, көп күлем
Маңдайымнан сипап өткен самалды
Қазағымның алақаны-ау деп білем

Қайда жүрсем Атамекен
Көкейіңде жатады екен
Күннің өзі ұясына
Қимай оны-ай батады екен

Әнді тыңдағанда Алтайдан Атырауға дейінгі Ұлан Ғайып атырап қазақтың жері екенін... Оның әр тасы, әр бұтасы, әр төбесі, әр гүлі – сенің Туған жерің екендігін еске салады. Тіпті соққан салқын самалы да анаңның аялы алақаны іспетті... Мейірімді жұп-жұмсақ... Қашанда сағынатын, іздейтін, Анаңның алыстан арып-ашып келгендегі құшағына басқанда, маңдайына тиетін киелі алақан. Анаңның алақаны – даланың самалы. Сондықтан да сыртта жүргенде сен оны іздейсің. Сағынасың, жоқтайсың.. Түсіңе кіргенде шырт ұйқыдан оянасың. Бұл сенің Елің – бұл сенің жерің. Туған Ел –Алтын ұяң, Атамекенің. Дәл қазіргі кезде біздің Елден сыртқа қоныс аударған мыңдаған-жүздеген жастар бар... Бұл ән тек біздің ғана емес, бұл сол кеткен қара көз жастарымыздың оңашада өксігендей, көзінен ыстық жас боп төгілетін, сарала сағынышы.. Өйткені Күн екеш күнде - Атамекен қазағымның даласын қимай батып бара жатқанында. Бұл бүгінгі ПМЖ-ға яғни имиграцияда жүргендердің жоқтауы іспетті. Ән құдіреті де, ақын таланты да Қазақ өнеріне жасаған ескерткіші. Иә бұл Ескерткіш... Бұл таспен тұрғызған Ескерткіш емес, бұл жаспен жасалған Ескерткіш...Жатқан жерің жұмақ болсын. Қадыр аға... Сенімен аға –дос, іні-дос болып, талай-талай сырласып, қалжыңдасып, дастархандас болып жүргенмен, Сенің Ұлылығыңа тағы да бас идім. Тау алыстаған сайын айқындала түсетіндігі сияқты  сенің Ұлылығың, Дарының, Талантың – бізге қазір жетпей тұр-ау, қайтейін, Көке...

Күннің нұрын, айдың аппақ сәулесін
Қазағымның махаббаты-ау деп білем
Міне поэзияның інжу-маржаны осындай болу керек шығар.

Тағы бір ән... Ол Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молдағалиевтың құстар әні. Екі талант, екі генийдің шығармасы. Мен ол кезде 1984 жыл Москвада оқудамын. ВГИК-тің Б.Галушкина көшесіндегі жатақханасында тұрамыз. Қателеспесем бірінші курста оқитын Марат Иманбергенов жүгіріп келіп жаңалық айтты. «Ертең кешке Орталық концерт залында қазақша концерт болады екен. Ең негізгісі – «бесплатный» тегін» деген. Алматыға бармағалы жарты жылдан асқан. Елді де, жерді де, Алматыны да, қазақтың әнін де, күйін де сағынып жүрген біздерге бұл үлкен оқиға болды. «Барымызды киіп, бақанымызды асып» дегендей «Маяковский» метросына тарттық. Зал лық толы... Және көрерменнің көбі жастар... Қазақ жастары. Москвада Қазақ жастарының мұншама көп екеніне мен сонда риза болдым. Екі сағаттық концерт, екі минуттай зыр ете қалды. Әсіресе Нұрағаның үстіндегі су-су смокингін шешіп тастап «Әлқисса»мен «Балабишканы» ойнағанда көрермен орнынан тұрып кетті. Ең соңында осы «Құстар әні» кеткен.

 Жас өмірін, мәз өмірін қысқартып
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып
Зымырайды менің бала кезімдей
Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей

Алдымен сахнадағы артистер, сосын бірте-бірте көрермен қосыла бастады. Алдыңғы қатарда отырған сол кездегі СССР-дің композиторлар одағының бірінші хатшысы Тихон Хренников та мына әнге қосылып тұрды.

Бұл ән жастықпен махаббатпен, жалынмен  ес біліп, ержеткен туған жермен қоштасу әуезі болатын. Бұл ән Нұрағаңның «визитный карточкасы» деуге болады... Сондықтан да болар Жамбылдағы музейдегі Нұрағаның басындағы осы ескерткіште құстар бейнеленген... Бұл мүмкін Нұрғисаның Москвамен, ондағы достарымен соңғы қоштасуындай маған ерекше әсер еткен...

Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,
Тамаша әнмен келіп еді көктемде
Өскен жерге сыймай кетіп барады,
Өскен жерін қимай кетіп барады

Қазақ поэзиясы, қазақ әдебиетінде ақындар аз емес. Шүкір... Дегенмен Тұманбайдай лирик ақын әй, жоқ-ау... Тұмағаңның әр өлеңі, көктемдегі сауған салқын қымыздай сарайыңды ашады... Оның кез-келген шығармасында бір мұң бар. Өмірдің қысқалығы, оның жалған екендігін ақын жүрегінің сезуі... Сондықтан да үнсіз-түнсіз ойға шомып, мұңға батып тұрғандай. «Құстар әні» - күліп тұрып жылатқандай, жылап тұрып күлдіргендей қасиетті шығарма. Бұл екі Генидің «Реквиемі» іспетті. Иә... Қас таланттардың бүгін өздері жоқ, алайда олардың көздері қалды. Сондықтан да бұл шығарма «Құстар әні» деп аталады. Ян Френкель мен Расул Ғамзатов жазған Марк Бернес айтқан «Журавли» әні секілді. Тек «Құстар» қазақша...Біздің Ұлттың лирикалық Реквиемі.

Құстар, құстар сызылтып ән салады
Сол әнімен тербетеді даланы
Ал адамдар күліп бастап өмірін
Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалады...

«Ой бля бүйту керек еді, Ой бля үйту керек еді» кешіріңіздер, мен боқтайын  дегенім жоқ, бұл қазіргі әннің сөзі. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» дегендей енді қазіргі «хит» әндерге назар аударыңыз... Біріншісі өзіңіз талай тыңдаған, ырду-дырду тойда екі иығың жұлып-жеген жастарға «допинг» болған «Мария-Магдалена» әні... Осы Мария Магдалена - кім? Оның қазаққа қандай қатысы бар? Және бұл ән «Мария – Жагор қызы» емес... Ол Жагор қызы қазақтың «Дудар»- деген жігітіне ғашық болып шығарған әні. Яғни бұл өзіміздің Мария... Ал, мына Мария кім? Библиядағы (Новый завет) Мария Иисустың нақ сүйері... «көңілдесі» Заңды әйелі де емес... Библияға қарасаңыз былай дейді. Мария Иисустың жолын қуушы, оның ізбасары және Иисус қайтқандағы қасында болып, оны крестке таңғанда қатысқан әйел. «Новый Заветте» ол былайша суреттеледі... Библияны тәржімелемей сол қалпында келтірейін... «Единственное место в Новом завете, где Иисус и Мария Магдалина остаются наедине. Мария прикоснулась к Иисусу, но тот приказал ей не делать этого. Радость удивлений от явлений Иисуса заставила Марию прикоснуться его...» дей келіп ары қарай былай дейді: «Спаситель любил Марию Магдалину больше других учеников и часто целовал её в губы. Иисус любит Марию за глубокое понимание его учения. Ал, Асхат Тарғынов деген әнші осы Марияны енді қазаққа сөйлетіпті.
«Мaрия Мaгдaлeнa oxoxo
Тaлaйдың aрмaны eдің oxoxo
Жүрeктің бoлғaн eмі oxoxo
Өзіңсің жaным

Жeтeлeп aлғa мeні oxoxo
Тұрaтын жoлдaр eді oxoxo
Мeн үшін eң әдeмі
Өзіңсің жaным
Ай ай ай чип чип чип чип чип чип»

Бейшара Иисус жарықтық... Міне, сен шығара алмаған әнді, сен шығара алмаған поэзияны біздің қазақтың жігіттері қандай шығарған...Браво! Грацио! Беллисимо! Мен орысша айтқанда «ханжа» яғни поэзияны түсінбейтін дурак емеспін. Шын айтам... Жаныммен, тәніммен түсінуге тырысып көрейін. Бұл сонда Иисус байғұстың әні болғаны ма? Әлде біздің жігіттердің арманы ма? Мен оқыған Библияда Мария Магдалена ешкімге қарамаған. Сонда Мария Магдалена кімнің арманы? Тағы кеттік...

«Мaрия Мaгдaлeнa oxoxo
Тaмaшa тaңдaр eді oxoxo
Ғaшық бoп қaлғaн eдім oxoxo
Өзіңe жaным
Ұғыншы сeндe мeні oxoxo
Жaнымa eң кeрeгі
Сұлулық мәңгі әлeмі

Өзіңсің жaным» Тағы да охохо, тағы да чип-чип, чип-тип... Бұл не чип? Әлде автор мына короновирустан соңғы «чипизацияны» меңзеп тұр ма? Иә... Чип-чипті мен естігем. Қателеспесем Әзірбайжан тілінде «Чип-чип шөжелерім» деген ән бар. Ал мынау ше? Қайран Иисус байғұс... Міне көрдің бе? Ғашықтық мәңгі. Сенің қолың жетпеген поэзияны біздің жігіттер қалай өрнектеген... Абай айтпақшы «Қайнайды қаның, ашиды жаның...» Қайран Абай! Сенің ерте кеткенің қандай абырой болған... Әйтпесе мына «Чип-чиптен» кейін инфаркт алуың мүмкін болар ма еді... Онда мына бүткіл әлемге масқара боп, Абайды «Қазақтардың өздері  өлтірді» демеске кім кепіл? 

«Самарқанда бір әпкем бар – менен де өткен сорақы» демекші енді «Найнти Уан» яғни «91» - группасына Зер салайық...

Бұл әнді бір емес, бірнеше жігіт шығарыпты. Дәл айтсақ бес жігіт. Сөзін екі жігіт жазған... Бұл әлемде болмаған жаңалық. Бір әнді бес жігіттің шығаруы. Молодцы ребята!

Аш есікті, келдім ескертпей!
Жандырамын, дереу былай кет деймін!
Енді дайын бол! Енді дайын бол!
Баяу мен уақыттан озамын
Енді дайын бол! Енді дайын бол!
Таптаурындарыңды бұзамын
Шекарадан ассын миың!

Бұл не деген ой? Автор кімге ескертпей келіп отыр? Үйіне ме? Бұл кімге арналған сөз. Әйеліне ме? Әлде сүйген ғашығына ма?

Жандырамын, дереу былай кет деймін!
Енді дайын бол! Енді дайын бол!

Айналайын ағайын! Түсіндірші мен бейбаққа. Неге дайындалу керек? Баяғыда пионердегі жеткіншектердің ұйымы болған, Ондағы ұран... «Әрқашанда дайын бол!» дегенде «Әрқашан дайынбыз!» дейтін. Иә... Отан үшін, коммунистік идеяның күресі үшін пионерлер, әрқашанда дайынбыз дейтін. Оны түсінем. Ал мыналар нені меңзеп отыр?

«Ля! Миыңды дайында
Бұл эстрада сабағы
До ре ми фа соль ля си
If you can do it
If you can do it
DO IT!
AH! YAH MAH!
Бері жақында да, ыңғайлан
Демің жетпей жатса, мұңайма, ауа беремін!
Айналмасын басың мұндайдан
Мойында, бұл ойын ұнайды ма?
Жауап бер!
Буланады мына ара толықтай
Бойыңдағы уым тарамайды, таң атпай
Анықталып, шайқал аямай!
Қаламасаң, сені байламаймын
Бара бер!

Иә.. солай қазіргі әндердің сөзі.. Менің өз басым қашанда «Бұлақ көрсең көзін аш» дейтін принципті ұстанған жанмын. «Алдыңда жүрген ағаның – етегін баспа, жолын қу, артыңнан ерген інінің бетінен қақпа, белін бу» деген қағиданы бағдаршам еткен адаммын. Сондықтан да болар біраз жыл Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ректор болдым. Талант көрсем қолынан жетелеп оқуға түсірдім. Дәл сол кезеңдерде Қытайдан, Моңғолиядан, Ресейден, Қырғызстаннан келген балалардың көбіне қамқор болдым. Айтайын дегенім осы «Найнти Уан» группасының продюсері Ерболат Беделхан мырза тыңдаңыз. Сіздің Моңғолиядан Атамекенге келгендегі пайдаңыз осы ма? Сағынып келгендегі қазақ еліне алғысыңыз мынау ма? Үндемейсіз бе? Мен де солай... Ал естігіңіз келсе - әндерің де, сәндерің де – оттауизм. Әлде бұл ақша табудың жолы ма? Біле білсеңіз бұл сіздің – қазақ халқына, қазақ жастарына, олардың санасына жасаған қиянатыңыз. Америкада Збигнев Бжезинский деген идеолог, саяси консултант, Америка президентінің кеңесшісі болған. 

СССР-дың номері бірінші жауы. Оның басты принципі – «аморолизация общество».  Яғни жастарға секс, порнография, маскүнемдік, нашақорлықты енгізуді басты мақсат тұтты. Бұл соғыссыз мемлекетті құртудың жолы. Яғни іштен үнсіз кіріп ұлттық құндылықтарды жою жоспары. Бжезинский дегеніне жетті. Империя құлады. Мына сіздің ұстанған жолыңызда дәл солай сияқты. Ұлттық құндылықтар – инабаттылық, кісілік, кішілік, махаббатқа, адалдық тазалық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу – бұл адамдықтың белгісі. Ш.Айтматов айтқандай «Ең үлкен ерлік – бүгінгі күніңді адамшылықпен өткізу». Мен 70-тен асқан Мемлекетті көрген жанмын. Турист емес жұмыс бабы. Қай елдің мәдениеті қандай екенін – шама-шарқымша білем. Бірақ дәл мынандай сорақыны мен еш жерден, ешқандай елден көргем жоқ... «Ойнақтаған бала от басар» дегендей халықтың руханиятымен ойнамаңыз Ерболат Беделхан мырза. Тек айтарым «Сән бай ну» Моңғолша тәржімесі «Салаумалейкум!»

Дәл осындай сорақылық Кәмшат Жолдыбаеваның «Карамель» әнінде де кездеседі.

Талғамына таңдауын сай келмей кінәлама мені,
Мысырлық миықтарға ерме
Тарғыл мысығың мияулап келіп, тырмалайды сені
Тезірек кел мені терге
Карамель бар, әлем бара бер, тар әлем
Жаныңа беремін мен жаңа дем
Енді не боларын маған, параллель
Карамель, тілімнің ұшында карамель,
Тілінмен ұға бер, бері кел
Түнімен түнейді берілер
Күй отыма сен, сүйді ерінді ерін
Біз енді таптық ненің керегің
Жабыстыр жеңін, қолыма орал белін
Түсіне алмай неге себебін
Ай ай ай ай ай ай ай ай ай

Мынау қазіргі Қыз Жібек пен Баян Сұлудың, Ақжүніс пен Еңліктің түнгі ойы ма... Қолыңа орал белім... Нені меңзеп тұрсыз, қарындас? Кәмшат Жолдыбаева кинода да, эстрада да өз орны бар, әдемі, еңбекқор қыздардың бірі. Алайда «Хайп» қуам деп болмаса ақша табам деп мынандай әндерді айтуы Кәмшатты өзіне де өзгелерге де, абырой әпермесі хақ. 

«Құрттың ғо тағы» бұл да ән... Туфф.. Ары қарай айтуға менің арым да, тілім де келмейді. Масқаралық! Нағыз! Тағы сол «Найнти Уан» яғни «91» - группасының әні.

Жалпы ән таңдау, бұл сән таңдау емес, бұл – мән таңдау...Мәнділік таңдау...  Мәнділіктен Мәңгілікке апаратын тура жол... Ән таңдау үшін де ақыл керек. Қазақ халқы неге Мейрамбек Беспаевты жақсы көреді. Себебі Мейрамбек – эстет әнші. Талғампаз дарынды жігіт. Бізге жетпейтін осы қасиет. Иә тағы айтам. .. Мен әдебиетші емеспін. Цензураны қайта келсін деп жоқтау айтатын жанға да  ұқсағым келмейді. Алайда, мынандай арсыз, мағынасыз, мәнсіз ботқа әндерді естігенде үнсіз қалдым жөн көрмедім. Мүмкін біреу-міреу «Ұнамаса тыңдамай-ақ қойыңыз» дейтін болар. Жо-жоқ қымбаттым! Өнердегі – Кеңістік, Мәдениеттегі - ғарыш руханияттағы - Космос ешкімнің жеке меншігі емес. Ол Кеңістік - Елдің, Халықтың әсіресе, өскелең ұрпақ жастардың үлгі алатын орны. Жақсылықтан, сұлулықтан сусындайтын  бұлақтың  көзі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп  Әуезов айтқандай, сол тазалықтың бесігін, ар-ұяттың, тәрбиенің, ізгі дәстүрдің, моральдық құндылықтардың қайнар көзін былғамаған жөн. Анамның ақ жаулығындай, бізге аманат етіп қалдырған, осы бесігімізді кім көрінген ластап, былғап, қорлап сасытқанына қарным ашады. Өкінішке орай мұндай қойыртпақ сасық әндер аз емес. Менің көтергенім Айсбергтің ұшы ғана. Шығыста Тұт ағашы көп өседі. Және оны жейтін «Жібек құрты» дейтін қоңыз бар. Сол аты әдемі «Жібек құрты» зәулім биік ағашты шамалы ғана уақытта отап жоқ қылады екен. Сосын әлгі қоңыздар жейтінін жеп, жібегін толтырып тастап, ұшып кеткенде зәулім ағаш селдіреп, сиреп, солып қурап қалады... Айтайын  дегенім  Құдай  бізді орманның да, ортаның да, өмірдің де, өнердің де жылтыраған қоңыз құрттарынан сақтаса деймін.

Құрметпен, Қазақстанның  Халық  артисі, кино және театр режиссері Талғат ТЕМЕНОВ

P.S Құрметті Ағайын!!! Менің ойыма ой қосып, тілектеріңіз бен ниеттеріңізді білдіргендеріңізге мың алғыс!!! Егер маған арналған сұрақтарыңыз болса, пікірлеріңізбен бөлісем десеңіздер менің парақшама жазылар деп үміттенем... @talgat_temenov_official.

author

Талғат Теменов

АКТЕР

Қоғам

Астанада қонақүйден өрт шықты, деп хабарлады madeniportal.kz Ulysmedia.kz  сайтына сілте...

Ауа райы

Ауа райының бұзылуына байланысты Жамбыл, Түркістан облыстарында республикалық автожолдарда көлік қ...