Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы жұмыс сапары барысында халықпен кездесіп, ел...
Данияр БАРЫС, әнші: ӘМІРЕНІ ОЙНАМАҒАНЫМА БАРМАҚ ТІСТЕП ҚАЛДЫМ...
Көңіліңде із қалдырған адамдар болады. Сол жанды қайда жүрсең де іздейсің. Әнін, сәнін сағынасың. Мәдени экспансияның бағытын айқындай алмай жүрген заманда қазақы түрге, дауысқа құмбылсың. Сондайда Данияр Исмаилов ойға оралады. Өзімен бір жылдары сұқбаттасқанбыз. Барлық жерден жоғалтып алдық. Бізде бар нөмірін інісіне беріп тастапты. Інісін қу қыздар әбден мазалағанын күліп айтып жүр.
Данияр әншіні Пирамидада көріп қалдық. Әмірені көргендей жабыстық сосын. Сұқбатымыз да «Әміре» фильмінің айналасында өрбіді. Әншілігі де айтылды...
- Құдай-ау, қайдасыз?
-Жаныңнан басқасының бәрі табылатын Шымкент пен Алматының арасын жол қылып жүрмін. Аман-есенмін шүкір!
-Әскери оркестрде әлі әншісіз бе?
-ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі ән-би ансамблінде әскери оркестрде әнші болғанмын. Бірақ, бір жылдың көлемі болды, кеттім. Себебі, еркіндікті аңсадым, шығармашылыққа сусадым. Әскериде сықиған тәртіп.
-Продюсеріңіз бар ма?
-Әзірге жоқ. Жақында шығармашылық жөнінде келісімдер жасасақ па деп жатырмын жұмыс жөнінде. Меніңше, продюсер Эрик Тастамбеков, сынды сахнадан тыс адам болуы крек. Егер ол да ән айтса, жұмыс тоқтап қалады. Мен продюсерлікке таза коммерциялық жоба деп қараймын. Бұған дейін продюсерсіз жүргенімнің де себебі содан. Ағалы-інілі қатынас деген дұрыс емес түсінік. Себебі, ақша адамды ұрыстырмай, таластырмай қоймайды. Заңды жағынан келісім болғаны абзал. Сонда әркімнің құқықтары мен талаптары ескеріледі. Мен осыны талап етемін, болашақта да.
Бәлкім, ешкімге қызық емес шығармын...
-Медеу аға Арынбаев сізді алғаш көргенде: «Құдай-ау, мынау – Жұбаныш қой» деп еді. Еліктегенсіз бе?
-Медеу ағаға дейін де көп адам ұқсатты. Жұбанышқа ұқсасақ, жаман болмаспыз. Өзім құрмет тұтатын, қатты тыңдайтын әнші ағам сол кісі. Ұқсастығымыз бар шығар. Түріміз, ірілігіміз, ән таңдаудағы талғамымыз келетін шығар.
-Жаңа әндеріңіз неге жоқ? Сахнадан неге сізді сағына береміз?
-Жаңа әндер бар, бірақ насихаты жоқ. Былтырдан 4-5 ән жаздым. Тек продюсер, демеуші жоқ айналдыратын. Қадыр Мырзалиевтің Күләш Ахметоваға айтқан бір жақсы сөзі бар. «Біз – ұяты кедергі келтірген адамдармыз» деген. Содан біз де аса алмай жүрміз. Әрі техникаға жоқпын. Бірдеңені жүктеу миыма кіріп-шықпай-ақ қойды.
-Сіз туралы интернетте неге дерек аз?
-Менен екінші рет сұқбат алған сіз ғана. Ешкімге қызық емес шығармын, бәлкім. Алда шаруалар атқарылар. Сонда тағы іздерсіз. Негізі, сіздер Нұрлан Өнербаевтан гөрі Нұрлан Еспановты көбірек іздейсіздер. Шоу, сенсация керек. Саят Медеуов пен Мейрамбек аға халық әндерін терең біледі, сол бағытта ізденеді, шешен сөйлейді. Бірақ, сізге Сәкен ағамның «современный» әңгімесі керек. Мен осы дүниелерді аса түсіне қоймаймын.
Бәсекелісім Бауыржан ғана емес, Димаш та...
-Өз қатарыңызда кімдермен бәсекелессіз?
-Жақсы мағынада әрине. Ол әу бастан Димаш. Димаштай дүниені өзімізге қаратуымыз керек. Головкин құсап, рекорды күнде жаңарып жатыр. Одан кейін Рахат би Әбдісағин есімді қазақтың моцарты бар. 100-ге тарта музыкалық шығарманың авторы. Пианинода ойнағанда өз-өзін ұмытады. Сүндет Байғожин, Бауыржан Исаевтар болса, қанекей. Айқынның творчествосы ұнайды.
-Сіз Медеу мен Нұрланды, Ескендір аға мен Нұрғали ағаны бір планға қоя аласыз ба?
-Бәрі де танымал, өз деңгейіндегі адамдар. Медеу аға – қайталанбас дауыс иесі, кәсіби әнші, бірмінезді. Елге сүйкімі кетпеген екеудің бірі. Нұрекең рок стилінде қазақтың халық әндеріне халықты қайтарған адам. Ескендір ағам – аңыз әнші, композитор. Дарико жеңгемді жанынан тастамайтыны неге тұрады? Нұрғали Нүсіпжанов – өнерге қара тері сіңген кісі. Сондықтан оларды жарыстырып не шағыстырып айта алмаймын. Әрі ол деңгейге жеткен де жоқпын.
Шаршағанында «Ақмаралымды» айтып беремін...
-Сізді селт еткізген ән...
-Соңғы кезде мені селт еткізген ән – Мейрамбек Беспаев пен Медеу Арынбаевтың дуэт орындағаны. Қазақтың табиғатын көз алдыңа келтіреді. Сосын Есей Жеңісұлының сөзіне жазылған Гаухар Әлімбекованың «Ақмаралым» әні. Мейрамбек ағам мұңдана орындайды. Жақында бір жақынымнан Есей аға әйелімен алғаш танысқан күні бақты аралап жүріп, таң алдындағы кездесуден соң жазғанын білдім. Келіншегі неткен бақытты деймін да...
-Сағынатын адамыңыз үшін не істей алар едіңіз? Оған сіз ғана айтатын сөз...
-Жауап беру қиындау. Қыздардың көңілі аурып қалмасын. Сағынып жүретін адамдарым бар. Сүйіктімнің бейнесі көңілімде жүр. Ең бастысы – қарапайым болса. Мен істей алатын нәрсе – азаматтың қолынан келетіннің бәрі. Әрі сағынып күте аламын. Шаршағанында домбырамен «Ақмаралымды» айтып бере аламын.
-Жобада Мадина Сәдуақасованы неге қарата алмадыңыз?
-Оны Мадина әпкемнен сұрау керек. Бәлкім, селт еткізе алмаған шығармын! Талғамына тура келмедім, бәлкім. Бірақ кейін мені көргенде өкінді. Көзінен де, сөзінен де байқалып тұрды.
«Айкадағы» аруды кірлетіп алғандаймыз...
-Меншігіңізде не бар?
-10 әнім бар. Тәтті-тәтті сезімдерім бар. Анамның разылығы бар. Басқа не айтуға болады? Сіз күткендей тікұшағым жоқ. Пәтерім де әзірге болмай тұр. Ұшақпен емес, пойызбен жүремін. Қара бұқараның өз ішіндемін. Пойызда плацкарт қара базарға айналып кетті. Жеңгелерім ала дорба арқалап, сауда жасап жүр. Азаматтардың үйде ұйықтап жатқанына ұяламын.
-Сізді қажытқан нәрсе?
-Ашық-шашық қоғамнан шаршадым. Сез,імдер аласарып кетті. Еуропаланып кеттік. Шымкенттің шеңберінде ойлағым келеді. Еркін Нұржановтың орындауындағы «Қымбат» деген әнді әр қазақ күніне бір рет тыңдап тұрса екен. Сонда арзандамас едік. Өзім ылғи көзіме жас аламын. «Әкеңнің бұйрығы қымбат, анаңның мейірімі қымбат. Алланың сыйлығы қымбат, Жарыңның сенімі қымбат, Балаңның өмірі қымбат, Ауылдас ағайын достың, сүттен ақ көңілі қымбат» дегенде көңіл тамшысы тырс ете қалады. Сосын журналистердің кейде ізденбейтініне наразымын. Уақыттары тапшы шығар... Сізге тиіп кетпесін, бірақ оны кеше Каннның тұсында тағы бір байқаттық. «Айканы» ойнаған аруды ешбір журналист аша алмады. Баспасөз конференциясынан байқадым. Тым құрыса, осыған дейін ең мықты әйел образын алғандардың тізімін біліп барсашы. Фильмнің трейлерін көрсеші. «Инстаграмда неге жоқсыз, неге қызықсыз ба?» деп, Самал Еслямованың жанын жүдеттік. Киіміне тиістік. Қазақы ою емес деп шұқшидық. Кім қазақы киім киіп жүр күнделікті өмірде? Өзінің гардеробында бар ма?
-Киімге қарамайсыз-ау соған қарағанда...
-Бір данышпанның киім көрдім ішінде адамы жоқ деген сөзі бар. Мен осыған тоқтадым...
-«Әміредегі» Санжар Мәдиевтің рөлі, тіпті домбыра ұстасы көп сыналды. Өзіңіз ойнай алар ма едіңіз?
-«Әмірені» көрдім. Актер ағылшын тілін білгені үшін таңдалыпты, актерлігі де бар шығар. Ол жерде Әміренің даусына да, келбетіне де көңілім толды. Әмірені кадрдан тыс орындаған әншіге тәнтімін. Санжар тым сұлу. Қара дүрсіндік жетіспеді. Дегенмен, Санжар талаптарға сай келеді. Егер маған ұсыныс түссе, неге ойнамасқа? Әрі Парижді таңдандырған Әміре болса ол. Жалпы, болашақта актерлік қырымды дамытқым келеді. Асау, мінезді әншіні ойнауды ойлаймын. Әмірені өзім-ақ ойнағым келген кездер болғаны рас.
Қайрат жастарды «Иванушкиден» қайтарған адам...
-Интернеттен билеп айтқан әніңізді байқадым. Сахнаға неге солай еркін, билеп шықпасқа?
-Ютубтағы «Неге айтпадың?» деген ән шығар, айтып отырғаныңыз. Өзім де еркіндікті қалаймын, киімдерімді еркін стильде тіктіремін. Бірақ сахнада өзімді қалыпқа салып, қатайып кететінім бар. Ұялғаннан не, қатайғаннан емес, әйтеуір маған жараспай тұратын сыңайлы. Ол әннің табиғатына байланысты. Патриоттық ән айтып тұрып, тарсылдап билей алмайсың... Болашақта сізге ұнаса, ойда жүреді. Билейтін әншіне біртүрлі қарайтын көзқарас әлі де бар. Халық Төреғали мен Қайраттан гөрі Мейрамбек пен Саят, Тоқтар ағамды іш тартып тұрады. Бірақ, бәрібір мойындау керек, Қайрат пен Мейрамбектер қазақ жастарын «Иванушки» мен «Руки вверхтен» қайтарған әншілер. Мәдени экспанцияға ілесе бермеу керек. Қытайдағы қандастарымыз Майра Ілиясованы әлі отызда деп ойлайды екен. Өйткені, сол жастағы таспалары. Бұл жылайтын нәрсе. Сосын интернет сауттылықты арттыру керек. Миллиондаған пайда табатын Цукерберг не деген мықты деймін? Қазақта неге Сәттібек жоқ сондай? Күнұзын бойдақ әншінің суреттерін қарағанша, ойланатын жағдай.
-Шетелдің қай университетінде музыкалық біліміңізді жетілдіргіңіз келеді? Сіз бірге ән салғыңыз келетін ән жұлдызы?
-Ол жайлы ой басыма кіріп-шықпақты. Осы елде алған білімімді қажетке жеткізіп алсам деймін. Жұбаныш ағаммен ән айтуды ойлаймын. Әйтсе де кез келген эстрада әншісі Пласидо Дамингомен, Лара Фабианмен ән айтуға кез келген уақытта дайын болуы керек. Азаннан іңірге дейін халық әнін айту дұрыс. Заманауи әндер айтып та, шетелдік әншілерді тыңдап та, байланысып та тұрған абзал
Махаббаттың жетінші аспанын аңсаймын...
-Кімді зарығып, сағына бересіз?
-Ауылдағы аңқылдақ адамдарды сағына беремін, Қарлыға!
-Сізге ұнаған кітап, шығарма?
-Төрт жылдай бұрын Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» оқыдым. Ербол мен Меңтайдың кездесуінде, диалогтарында , сырласқандарында мен де қасында тұрғандай болдым. Нобель лауреаттарын оқып жүруді ойымда бар. Стефан Цвейгтың «Звездные часы человечествосын» бір қыз жігітінен сыйлыққа алған екен. Оқып жетінші аспанда болыпты. Ең жақсы сыйлық – кітап дейді білетіндер. Жақында Кадзуо Исигуроның «Не отпускай меня» романын оқығым келеді... Нобель иегері екен. Махаббат хикаялары көп ұнайды. Сондай махаббат мезеттерін бастан кешіп, мастанғым келеді.
Сұқбаттасқан Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ
-