Польшадағы тұз музейі (фото)

МУЗЕЙ
3582

Польшаның оңтүстігінде орналасқан Краков қаласына сапарымыз мәдени әрі тарихи сәттеріміздің бірі болды. Варшавадан Краковқа дейін ұшақпен де, темір жолы қатынасымен де, тіпті жеңіл көлікпен де бара аласыз. Польшаның көне қаласы аталып кеткен Краков тарихи әрі мәдени ескерткіштерге өте бай қала. Қаланың орталығы ЮНЕСКО бойынша әлемдік мұралар тізіміне енген.
          

Біз ат басын тіреген Величка Тұз шахтасы – тарихи дәуірлерден бастап қолданысқа енген көне орындардың бірі. Бұл тұзды шахтаның ерекшелігі – тұз өндірген әлемдегі ең көне орындардың бірі екендігінде.
           

Неолит дәуірінен басталған екен бұл жердің тарихы...
           

ХІІІ ғасырдан бастап, натрий хлориді жиналған аймақтан ас тұзы өңдіріліп, сол кезеңнен бастап, оның кей аумақты қамтыған шахталары қазыла бастайды. Сөйтіп, ХІІІ ғасырдың соңы - ХІҮ ғасырдың басында әлемге әйгілі "Тұз құлпы" бой көтерді.
           

Ас тұзы өндірілетін орын 2007 жылға дейін нарыққа үздіксіз тұз шығарды. Әйтсе де, кейбір су көздерінің ашылуына және тұз бағасының өзгеруіне байланысты бұл жер ХХ ғасырдың 96-жылдары жұмысын тоқтата бастаған. III Ұлы Казимир патша (1333-1370 жж. ) тұз өндірісінің дамуына көңіл бөліп, тұз шахтасында қызмет істейтіндерді өз қамқорлығына алып, көптеген зор мүмкіндіктер жасаған. 1363 жылы осы тұз өндіру орнының жанына арнайы емдік госпиталін салған екен. 
          

Тұзды шахтаның ерекшелігі – бұл әлемдегі ең көне тұзды шахталардың бірі.
 
Бұл жер осы Польшадағы әйгілі тұз өндіру орындарының бірі Бохня тұз шахтасымен бірге 1978 жылы дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген. 
         

Поляк тіліндегі атауы: Wieliczka Kopalnia Soli, яғни "Величка Тұз шахтасы" деп аталады. Краковтағы "Величка Тұз шахтасы" - әлемдегі тарихи әрі мәдени орындардың бірі. Шахта жұмысы қарқынды жүрген уақыттарда түрлі технологиялар іске қосылып, арнайы орындар қазылды. 
          

Ал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер әскери мақсаттағы өнім өндіру үшін жер асты объектісі ретінде пайдаланған екен.           


Мұнда тұз өндіру тарихы туралы баяндайтын "Wieliczka Kopalnia Soli" - "Величка Тұз шахтасы" тұз музейі орналасқан. 
         
Қазіргі уақытта бұл жер поляктардың ресми тарихи ескерткіш орны болып саналады.           


Тұз музейіне келушілер арнайы жеделсаты арқылы 135 метр тереңдіккке дейін түсіп, тұз әлемінен жасалған туындыларды тамашалай алады. 


Негізі мұнда жер асты жолдары 287 километрден артық созылады. Десек те, тарихи экспонаттар мен түрлі уақыттарда тұздан жасалған мүсіндерді тамашалау үшін үш жарым километрдей жүріп, 800 баспалдақты басып өтеріңіз даусыз.          

Музей келушілерге әлемнің бірнеше тілдерінде қызмет көрсетеді. Поляк, неміс, ағылшын, италян, француз, испан немесе орыс тілдерінің бірін таңдау арқылы сіз келушілермен бірге бұл орынның тарихы, ерекшелігімен таныса аласыз.
          

Ал поляк тілін таңдау арқылы музейдің көне тарихы мен жергілікті тұрмыстық ерекшеліктерін жете тани түсуіңізге болады.    


Әйгілі княз Краковқа тұрмысқа шыққысы келген венгр ханшайымының сақинасы туралы да сіз осы музей қызметкерлерінен ести аласыз.           

Тарихи дәуірден бастау алатын технологиялар көрмелері, тұздан өрнектелген мүсіндер, жер асты көлі, сондай-ақ қазіргі мүсіншілер мен суретшілердің тұз туындылары қойылған.            



Мұндағы мүсіндер мен шамдар тек тұздан жасалған.
 

Жер асты көліне кіруге бүгінде тиым салынған.
           

Қазіргі уақытта Польшаның ресми ұлттық тарихи ескерткіштерінің бірі болып саналатын орынға жыл сайын екі миллионға жуық адам барады екен.
           

Бұл жерге ат басын бұрып, тұз әлемін тамашалағандар қатарында Николай Коперник, Иоганн Вольфганг Гете, Александр Гумбольдт, Фредерик Шопен, Дмитрий Менделеев, АҚШ бұрынғы президенті Билл Клинтон сынды көптеген танымал ғалымдар, музыканттар мен өнер жұлдыздары, биліктегі тұлғалар бар. 
          

Тұз шахтасы музейін аралауға кемінде 3 сағаттай уақытыңыз кетеді. Аяққа ыңғайлы аяқ киім киіп, жеңіл киінуіңіз керек. Мұндағы температура 17-18ºC.          


Ал келген уақытыңызда қол жүгіңіз болса, жер астына түспей тұрып, касса жанындағы жүк сақтау орнына тапсырғаныңыз жөн болады.
 

Жүрек жалғап алғыңыз келсе, жер астынан 125 метр тереңдікте орналасқан поляк асханасынан тамақтана аласыз.
Арай Жүндібаева, әдебиет зерттеушісі, PhD докторы, 
 қауымдастырылған профессор

Фотосуреттер wikiway.com сайтынан алынды



author

Арай Қанапияқызы

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...