Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Астана Опера» театры мерекелік музыкалық бағдарлама...
Біздің мәдениет «өлдім» дегенді естімейтіндердің қолында
Театртанушы Айзат Қадыралиевамен Атырауда өткен театр фестивалінде бірге болып, Рахымжан Отарбаев драматургиясы бойынша сахналанған спектакльдерді тамашалаған едік. «Толқыннан толқын туады» демекші, ойды ой қозғап, тақырып аясы фестиваль ауқымынан асып, жалпы қазақ театрының хал-күйін зерделейтін, таза ауа іздеп тұншығу мен уланған ағзаның запыран құсуына ұқсас әңгіме-сұхбат түзілді.
- Мәдениет маңындағы қай саланы алмасаңызда: бәрін жалғандық, жасандылық, көзбояшылық, науқаншылдық сияқты дерт меңдеп кеткендей. Әйтеуір әлдекімнің алдында «есеп» беріп, бөлінген қаржыны «игеріп», шала-пұла іс бітіру ғадетке айналғандай. Ал сайып келгенде, осы мәдениеттің өзі ешкімге аса керек емес тәрізді. Артында іздеуші жоқ, жетім дерсің, сірә?!
- «Түрме азайсын десең, театрды көп сал» деп айтқан Ш.Мұртаза ағамыздың сөзінде үлкен мағына жатыр, түсіне білген жанға. Қазір ұрлық-зомбылық, кісі өлтіру, бала зорлау неге көбейіп кетті, соның бәрі мәдениеттің жадаулығы, тәрбиенің жұтаңдығы, адамның рухани мешеулігінен. Қауіп төндіретін өрескел қылықтардың алдын алып, рухани-эстетикалық тәрбие беретін орын ол – Театр. Театр мәдениеттің бір бөлігі болғандықтан, театрдың хал-күйіне тек театр адамдары ғана емес, мәдениет басшылары да алаңдауы керек. Алаңдау керек деп күнде зар илесек те, тірі өнерге жанталасып қызмет етіп жүрген жанкештілерге бәрібір де зәру болып жүрміз.
Шындығын айту керек, мәдениетіміздің басында өнерге жаны ашымайтын тоғышарлар отыр. Титтей де жандары ашыса неге театрға келмейді. Министрді де, не оның көмекшілерін де, басқарма басшыларын да, өнерге белгілі қайраткерлерді де көрмейміз. Кейбір азаматтар бар, өздерінің достарының, табақтас болған адамдарының ғана қойылымдарына барады. Одан қала берді, КВН, шоулардан қалмайды. Ойын-сауыққа құмар соларың неге ой салатын драма театрға келмейді. Олар келсе қарапайым халық та тартылар ма еді. Көрдіңіз бе, «театр – ұлттың тағдыры» деп қарамағандығынан, қоғамда болып жатқан толғақты жағдайларына бей-жай қарайтындардың қатары көбейгендігінен мәдениеттің, өнердің көсегесі көгермей тұр.
Жарайды, жасауға тиіс жақсылығын аяп қалды деп оларға қапа боламыз, ал бұдан да өткен сорақылық бар. Билік басындағылар бәз біреулердің өзінен асып түспеуі үшін яғни - өзіне жеткіздірмеу үшін бір-бірінің жолын торуылдап тұзақ құруда. Тіпті, «құздан» құлатуға дейін барып жатыр. Өз араларындағы түсінбеушілік, қызғаншақтық, күншілдік кеселдерімен өнерге кесапатын тигізуде. Жеке бастарындағы мәселелерінен өнер қиянат көруде. Іштарлық пен бақталастық ұлы адамдарға үйлеспейтін қасиет болса да, көп жағдайда осындай тексіз мінездері бой көрсетіп жатқаны ащы да болса шындық. Әр адам өзінің жеке басын күйттеп жүргенде, мәдениеттің де жағдайы мүгедек күйге түсіп үлгерді. Сіз қойған сұрақтай, жасандылық, көзбояшылық көбейді. Бұрын да әр жерде жымысқы саясатын жасырын түрде жасаушы еді, ал, қәзір бәрі ашық, кісінің ауызы бара бермейтін сұмдық істері тура көз алдыңда боямасыз өтіп жатыр. Ал мәдениеттің ішінде кезек күткізсіз қаншама іс бар. «Ұлт болып ұйыйықшы» дейтін кісілерге іс тындырудағы құлқылары пәлендей құнарлы болса, кім қой деп жатыр?! Біздің мәдениет – «Өлдім» дегеніңді естімейтін кереңдердің қолына түскен сорлы сияқты. Осыдан барып, аузың бармайтын ойға маңдайың тіреледі : «Ұлттық идеологияның әлі күнге дейін қалыптаспауына бірден бір себеп – мәдениетке деген немқұрайлылық. Рухани жұтаған жұртта мәдениетке деген қайбір талпыныс болсын. Егер оны шарлатан, халтурщиктер аздырған үстіне аздырып жатса!..»
- Немістің танымал режиссері Михаиль Тнельхаймер "The New Times" газетіне берген «Егер қоғамда жара болса...» деген сұхбатында: «Егер қоғамның жаны жаралы болса, театр оны «бəрі жақсы болады» деген желеумен емдеуге тиісті емес, керісінше, сол жараны нұқып көрсетуі керек, қаттырақ айтсам, сол жарасына саусағын батыру керек. Ауырту керек. Сол кезде ғана театр көрермен алдындағы өз борышын өтейтіні анық» - дейді. Біздің көрерменге ұсынылған спектаклдер осы үдеден шығып жатыр ма?
- Ортақол дүниенің беделін көтеріп, нашарын тау шыңына балап, бәйге алмас жабыны көмбеге тартып жүргендердің арқасында бізде бәрі жақсы, бәрі тамаша, бәрі керемет қой. Айтарға сөз жоқ. Сол керемет қойылымдардан кейде кірерге тесік таппай қиналасың. Сондықтан, үдеден шығып жатыр деп айта алмаймын. Шынымды айтайын, қазіргі таңдағы басты проблема - қазақ театрында режиссердің аздығы. Бұл мәселе жайында бұрынырақта айтқанбыз, тағы да айтайық. Қазақ болып туған соң, ұлттық дүниелерге көбірек көңіл бөлерің рас.
Расын айтқанда, біз əлі күнге дейін ұлы драматургтеріміздің пьесаларын өз дəрежесінде сахналай алмай келеміз. Классикалық дүниелерге тереңінен барып, оның күрделі мазмұнымен жеке-жеке жұмыс істеудің орнына, бертінгі "кіріспелерімен" ғана шектеліп, соны ғана қанағат тұтар кейбір режиссерлеріміз сахнада өзін де, өзгелерді де діңгелетіп жүргендері жасырын емес.Тіпті жас режиссерлер ұлттық дүниелерді бүгінгі заманға əкелеміз деп еуропаның əлеміне сүйреп апарып, қазақтың төлтума табиғатынан айырып барады. Қайтсек те жаңашыландырамыз деп халық тарихының негізінде жазылған шын асыл туындыларды тот бастырып жүрміз. Ұлттық мінез, ұлттық дəстүр, салт-сана деген қазақтың қағидаларын қаперге алмай, тек жаһандануға ұмтыла беру түбі жақсылыққа əкелмейді. Ол - шарасыздықтан, намыссыздықтан. Білімнің таяздығы мен рухтың күйреуінен! Өзінің ұлтын, тілін, ділін, тарихын, əдебиетін режиссер де, актерлер де жыға танымай, ойсыз қоя салу, құр ойнай салу əбестік. Өте ұят!
- Демек, бұрын жазылған шығармаларды, спектакльдерді сол қалпында қою керек деп ойлайсыз ғой.
- Әрбір режиссердің өзіндік шешімі, алға қойған мақсаты болғандықтан, бұрын қойылып жүрген спектакльдерді сол қалпында қайта ұсыну шарт емес, жұртшылық одан ойдағыдай әсер алмауы да мүмкін. Оның үстіне, сахнада жүріп жатқан оқиға мен біздің арамызды бір ғасырдай уақыт бөліп тұрғандықтан өткен өмір бейнесін неғұрлым жастар талғамына жақындатып, бүгінгі күн талабына да ойластыра бейнелесе, спектакльдің құндылығы да арта түсетіні түсінікті жағдай. Яғни, заман ағымына қарай жаңашылдық қажет. Бірақ, тыңдаса құлақ құрышы қанатын көркем тілмен суреттеген сүйекті шығармаларды сұйылтып, кейіпкерлердің мінез-құлқын мағынасыз мизансценаларға салып оңбай сүріндіру деген сөз емес шығар. «Былай қойып көрсем, қалай болар екен, а» деген эксперименттік көзқараспен қарау үшін жазбаған болар марқұмдар. Қай-қайсысы болса да, дәстүршілдік пен жаңашылдықтың ортасын тауып ұстай алмаса, онда ұстарамен сабынсыз қырып қан-жоса қылудың қажеті қанша? Ұлттық дүниелерге құрметпен қарап, ұлттық бояудың өңін кетірмеуге, семдіріп-солдырып алмауға күш салудың орнына, керісінше шекесінен қарайды. Ал, алған ұлттық дүниесінен қазақтың иісі аңқып тұрмаса, онда бәрі бекер.
- Оған не себеп?
- Себеп көп қой. Солардың ең бастысы, режиссерлер спектакльдің сыртқы формасына, сыртқы көрінісіне көңіл бөлері соншалық, мәтіннің мазмұнына мән беруді, кейіпкердің ішкі дүниесіне үңілуді ұмытып кетеді. Форма қуалау арқылы кейіпкердің рухани қуатын ашамын деу, ол құр әурешілік. Даңғазалық. Алған дүниенің таңғы шықтай мөлдір рухын түсіндіру барысында режиссер мен актерлердің арасындағы байланыстың әлсіздігі. Яғни, режиссердің актерлермен жұмыс жасамауында. Дұрыс мақсат қоя алмауында. Жалпы айтқанда, режиссерлердің ізденбеуінде жатыр. Сосын олардың қойған қойылымдарын көрсең, өлген кісіні күлдіреді. Ал актерлердің орындаушылық шеберліктері кісіні тұншықтырады. Бәр гәп осында ғана. Форма іздегіштерге айтарым, керемет болсаң автордың идеясынан шаңырақ, кейіпкердің сөзінен уық, актердің ойынынан кереге жасашы (бейнелі түрде). Осы үшеуін бүтін денеге айналдыра алсаң, форма өзінен өзі бөлініп шығады.
Себебін кейде өздерінен сұрасаң, сөзді бұрмалап, бүгінгі күннің пьесаларының жоқтығын алға тартады. Олардың жалықпай айтып келе жатқандары «Пьеса жоқ, Пьеса жоқ!». Осы жерде жазушы-драматург Әкім Таразиден артық айта алмаспын. Ол: "Режиссер өзі неғұрлым талантсыз болса, соғұрлым драматургтен көреді. Өзі іздеп табу орнына. Жақсы, талантты режиссер өзі не керек екенін біледі. Соны анық білетін адам - режиссер. Ал "Міне, мен отырмын ғой. Маған керемет драма әкеліңдер" деген - ол дарынсыздықтың, сорлылықтың белгісі. Қазақта драматургия бар, болады. Бірақ соның қыбын тауып, кілтін тауып қойып жатқан режиссерлер аз. Таба алмау деген де дерт. Диплом бар, талант жоқ деген сөз". Қалай әдемі айтқан. Сондықтан, кешке дейін жоқ дей бергенше тым болмаса жыл сайынғы академия мен университеттен бітіріп жатқан жастардың арасынан іздеу керек, қоймай жүріп талантты табу керек. Табылып жатса, бауырыңа тартып, шақыру керек. Осындай ұсыныстарды айта қалсаң: «Е, олардың жазғандарын көрдік қой! Ұнамайды бізге!» деп шалқасынан түседі. Міне біздегі тәкәппарлық қандай?! Қайта өзіңді толғандырып жүрген тақырыбыңды айтып, сонымен бөлісіп, оның да зердесіне жеткіз. Драматург те қолма-қол шедевр шығара алмайды ғой. Ол да тәжірибемен келетін нәрсе. Жай ғана мысал ретінде, ағылшын драматургі У.Шекспирді алайықшы. Ол да аяқ-асты классик бола қалған жоқ. Алдымен ат бағушы болды. Одан суфлер. Театр тынысын іштен қарап жүріп, бәрін бойына сіңіргеннен кейін барып, жаза бастады. Сондықтан жас драматургтерді театр маңына жақындатып, тарту керек. Оларға да тәжірибе ауадай қажет. Ал, тек дипломдық жұмыстарды шола салып, шолақ пікір білдіру ақымақтық болар. Осы бала драма теориясынан хабары бар-ау, жаза алады-ау деген қабілетін байқасаң, айырылма!
Осындай қаңқу сөздердің алдын алу үшін, театртанушы Амангелді Мұхан "пьеса оқылымы лабораториясын" ашты. Жаңа пьесаларды қабылдап отырады. Қабылдап қана қоймай соны бүге-шүгесіне дейін талқылап отырады. Керек еткен театрларға жілігі татитын туындыларды жібереді. Кешке дейін жоқ деушілерге сол жақтан барды тауып алуларына болады дер едім.
- Мұндай лабораторияның ашылғаны өте жақсы екен. Драманың заңдылықтарын білетін адамның жазғаны дұрыс қой.
- Әрине, драматургия теориясының өзінің принциптері мен криитерилері бар, соны ескеру керек. Біздіклер ешнәрсені қапеліне алмай ұра береді. Осыдан соң, драматургия жоқ деген жалаға ұрынамыз. Шындығына келсек, драматургияны осындай шалахаттар құртып жатыр. Мысалы Ахметті, Әлиханды «мен осылай көрем» деген өзінің тар түсінігімен бейне жасап жатқандар қаншама? Ал, ел аңсаған Ахмет, жұрт білетін Әлихан қайда қалды? Оқып көрсең, құрғақ баяндама. Шырағым-ау, пьеса деген - тартыс пен шиеленістен тұратын шытырман дүниеге толы болу керек қой! Әйтеуір бәрі шетінен Ахмет пен Әлиханды, Сәкен мен Абайды жазғыш...
- Жүктің ауырын режиссер көтеретін сияқты ғой. Егер солай болса, осы ауыр нәубетті кәсіпке кездейсоқтар неге әуес? «Әлін білмеген әлек» деген қайда?
- Режиссураның есігі – екінің бірі кіріп кете беретін, ашық-шашық жатқан аулаға айналды. Кейбір облыстық театрларда актерлердің өздері режиссер болып жүр. Болсын. Күрделі мамандыққа бас сұққан екенсің, онда оқы. Өз бетіңмен білгеніңді жасама. Осы жерде «Режиссер болып туылуы керек» десе, мен: «Туылмаса да оқуы керек» деп жаңашалар едім. Режиссер болғың келсе, осыған қатысты әлемдік театрдың тарихынан, теориясынан хабардар бол. Бірақ көбісі оқымайды, ізденбейді. Сосын жатта кеп ресейден, әлемнен көшіреді. Ұрланған дүниелерді еріксіз танисың. Адам өзінде жоқ болған соң, өзгенің дүниесі арқылы орнын толтыруға тырысады. Жиі өзіме сұрақ қоямын, жанр табиғаты терең ашылды ма? Режиссердің жаңаша ойлары қайда? Кең сахнада режиссердің көкжиегі неге тарылды? Қиялы неге жадау? Неге өнімсіз ойлар, сенімсіз әрекеттер көп? деп. Бұл спектакльдің иін, ебін келтіре алмай, шідері шешілмеген тас түйіннен туатын мазасыз ойлар. Жалпы, режиссердің білімі теңіз, ойы ұшқыр, қиялы құбылысқа толы болуы керек қой.
- Өткенде, Атырау театр фестивалі туралы жазайын десем, қаламым жүрмей қиналдым. Көмекейіме кілең қыжылдаған ойлар кеп тығыла береді деп қынжылғансыз. Осы сұхбаттың басты өзегі жалпы қазақ театры болса, соның қазіргі таңдағы дәрежесін айшықтайтын әлгіндей фестивальдер болар. Тоғыз театрдың қойылымын тамашаладық. Театр сыншысы ретінде өз пікіріңіз қалай?
- Иә, қынжылғаным рас. Көріп жатқан спектакльдердің сапасы бірінен соң бірі түсіп жатқан соң, толқын ұрған жар қабақтай үгіліп қалады екенсің. Жарайды, сонымен фествальдің шымылдығын Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры «Әміре» драмасымен ашты (режиссер Н.Жұманиязов). Қазақ театрының ірге тасын қалаушыларының бірі, ән өнеріндегі өзгеше талантымен сонау Кеңес заманында әлемдік сахнада ән шырқаған әнші Әмренің өкінішті өмірі театр алаңынан көрініс тапқаны қуанышты-ақ. Алайда, өнер аспанында қайталанбас тұлға Қашаубаевтың тұтас болмысы, арман, мұрат, мінезі ақтарыла ашылды деп айта алмаймыз. Өзі де сахнада талай рөлді сомдаған Әміренің жарқын бейнесінің сахнада көмескі тартуына бірінші себеп режиссердің тапқан шешімдері. Сонау Парижден келген Әмірені күтіп алып, қошемет көрсетіп тұрған жерінен тергеушілер алып кетеді. Не үшін кетіп бара жатқанынан бейхабар адамды бірден қанжоса ғып алып келеді. Мұндайда көрермен тергеу, тексеру арқылы себебін білгісі келіп отырады ғой. Себеп сол, Әміре Мұстафамен жолықты ма, жоқ па? Тағы да басқа сұрақтарға ойдағыдай жауап ала алмай ызаға булыққан тергеушілердің ұрып-соғуы біртіндеп күшейте түссе түсінікті болар еді. Ал басынан болған сол соққы соңынан дейін жалғасады, тіпті ұра бергеннен кісі жалықтырар бір сарындылық бой көтеріп сауалыңды ұмыт қалдырады. Иә, Әміре абақтыда азап көрді, батырға да жан керек, құтылудың жолын іздеп жалынуға дейін баруы адам табиғатында болатын дүние екенін бәріміз білеміз, алайда оны осыншалықты асыра сілтеп аянышты халде көрсетудің қажеттілігі қаншалықты болды екен? Сосын Әміренің әрбір сөзін, ізін аңдып отырған жандайшаптар дәрігер қызбен оңаша қалдырар ма екен? Бәрі мүмкін ғой. Олар қасында немесе сырттан бақылап тұрудың орнына, екеуіне еркін әңгімелесуіне жағдай жасап қоюуы да ақылға қонымсыз. Парижге келген Әміре-Қасымның бойында қобалжу, тебірену, қуану қасиеттер қатар жүру керек әсіресе Мұстафамен кездесу сәті бір құбылыс болу керек еді. Өйткені, сол бір кездесуден кейін әнші қуғынға ұшырып, өмірінің соңына дейін азап шекпей ме? Ал актер Парижге күнде келіп, Мұстафамен күнде кездесіп жүргендей әсер қалдырды. Қ.Бұғыбаевтың тәжірибелі актер екендігі оның басқа да рөлдерінен көріп жүрміз. Әміремен көрінуі Қасымханның басты рөлдегі алғашқы қадамы. Жауапты жолдан жаңылыс баспауға актер жанын салып-ақ жүр. Құптарлық іс. Бірақ, пьесадағы мәтінді сіңіріп, өзінше әрекет ету аз, кейіпкердің нақ өзіне айналу үшін бұдан да көбірек ізденіп зерттеу керек. Өзіне тән тапқырлығымен тәнті етіп жүрер Жанғалдыбек Мұстафа рөліндегі қолтаңбасы да айқын аңғарылмады. Иса-Ерболаттың орындауында да зіл жоқ. Қаншама алаш арыстарының әйелдері секілді Оразке де аз азап көрген жоқ. Өзгелердей оның да қасіреті мен аяулы жарының амандығын тілеген тіршілік мүддесі бар. Бірақ, актриса С.Тоқманғалиева ошақтың қасында бала-шағасын асырап, ажарына қиыншылықтың әжімі түскен, тағдырдың ащы дәмін тартқан жанның емес, бейне бір ақсүйектің жарын кескіндеп жүргендей әсер қалдырды. Абақтыдан үйіне келген Әмірені күтіп алуында да, шығарып салуында да актрисаның жан тебіренісі жетпей жатты. Б.Мақсұтованың билік өкілі рөлі алғашқы көргеннен әлдеқайда жақсы дәрежеге жеткен. Тек – демін ішіне қайта-қайта тарта беруін күлкі тудыру үшін емес, өз міндетін жүзеге асырудағы жоспарды таныта түссе тіптен жақсы болар еді. Спектакльдің өн бойына қан жүгіртіп жүрген бір кейіпкер бар. Ол «қызыл кілемді баспаймыз» деп жанұшыра шырылдап жүрген, байқаусызда біреу басып кетсе, жата қап жең ұшымен сүртіп жүрген Пионер бала. Көкейлеріне күлкі ұялаған көрермендерді талантты актер Д.Әлімов құйылған қорғасындай нанымды қимыл қозғалыстарымен мүлдем баурап алды. Ән ырғағымен теңселіп тұрар әрекетін титтей де бәсеңсітпей, біріне-бірін жалғастыра, кейіпкер жанын ұшқындата отыруы - өнерді шын сүйген шебердің ісі деп едік. Комиссар (Б.Молдабаев) мен тергеушілердің (Ж.Оспанов, Н.Есен) қимылдары орынсыз дөрекі. Саяси ахуалды ұғудан туған әркет емес, ұрынарға қара таппай қару кезенген қатігездің ісі секілді. Бірден жұдырық ала жүгірмей, жауабына қарай сөзге салмақ салып, сұсты ұсқынмен дауыс күшейтуге болады. Оның көрерменге әсері ескерілсе құр тепкіге орын алдырмас еді. Қысқасы, Әміре – сом тұлға болмаған соң бәрі бекер. Бұл спектакль жайлы мен ертеректе жазғанмын. Сол кезде де көңілім толмаған-ды. Ал, Атырауға барған кезде менде бір үміт болды. Қалай дегенмен фестиваль ғой. Қалың көрермен бар. Және сын сапысын қайрап, қазылар алқасы отырады дегендей. Өкінішке қарай, сол баяғы премьерадан көрген дәрежесінен де тым төмен түсіп кеткенін аңғардым.
Сосын бірінен кейін бірі - Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры «Мұстафа Шоқай» (режиссер А Наурызбаев) драмасын сахналады. Жетісай қалалық Қ.Жандарбеков атындағы драма театры «Түнек торын» (режиссері Е.Қабдыл) қойды. Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры Р.Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» (режиссер Н.Жұманиязов) поэтикалық драмасын көрдік. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры қойған «Темір Нарком» (режиссер М.Хабибуллин) драмасын да тамашаладық. «Бас» қойылымын Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы (режиссер Қ.Қасымов) ұсынды. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры «Фариза мен Мұқағали» (режиссер Н.Жұманиязов) лирикалық драмасын тағы да көрдік. М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры ұсынған «Жалғыздық» (режиссер М.Томанов) драмасымен аяқтадық.
Осы спектакльдер жайлы айтылған пікірлерімізді дер кезінде өзіңіз де сайтқа жариялап отырдыңыз. Қайталай берудің қажеті жоқ шығар.
- Тіл тазалығы деген ұғым бар. Ал таза сөйлеу актерге ғана емес, әрбір адамға қажет сияқты. Мәнерлеп оқу деген бар. Сөз құдіретінің мәртебесін қалай көтере аламыз?
- Сұрағыңыз орынды. Сөз құдіреті - сахна төрінен түсіп бара жатқандай әсерге қалып жүрмін, кейінгі кезде. Баса айта кететін нәрсе актерлердің тілінде кемшілік көп. Анық сөз, айшықты сөз аз. Сасқалақтау, ұмытып қалу басым. Ентігу көп... Бейнебір «сахна тілінен» мүлдем сабақ алмағандай. Мәтінді қалай мәнерлеп оқу, қалай таза да анық сөйлеу керектігін, айту кезінде қойылатын дауыс ырғағының қисынды (логическая), психологиялық (психологическая), грамматикалық кідірістерін (паузаларын) игерудегі түсінік қалып барардай. Осының барлығы әзірліктің әлсіздігі. Сахнаға дайындықсыз шыққандықтан да олардың еңсеңізді түсіріп жіберерліктей ерсіліктерге ұшырап жатулары әржолғы әдетке айналып барады. Бұрыңғылардың сыбырлаған сөздеріне дейін естуші едік деген естеліктерді жиі еститін болсақ. Ал, бүгінгілердің сөздерін ести алмай әбден әбігерге түсесің.
Осы орайда облыс театрларының біразы мамандар шақырып сахна тілінен, актерлік шеберліктен, сахна қозғалысынан сабақ алу керек екені аңғарылды. Кейіпкер табиғатын ашу, сөзін жеткізу дәрежесі төмен. Жаттанды. Жалаң. Айқай. Фестивальге келе жатырмыз деген жауапкершілікті сезіну жағы кемшін.
- Атырау театр фестивалінен алған әсерлеріңіз қандай болды? Ол жайында жүйелі ой қорытып та үлгерген шығарсыз?
- Бұл фестивальде бір режиссердің үш жұмысын көрдік. Ол Н.Жұманиязовтың «Әміресі», екіншісі Қарағандыға сосын Ақтауға барып қойған «Фариза мен Мұқағалиы». Осы қойлымды алғашқы көргенде-ақ айтқам: «Бұл - спектакль емес, поэзияға құрылған композициялық көрініс қана» деп. Оны талдаудың да қажеті шамалы. Ал енді Ақтау мен Қарағандыны салыстырған кезде - Ақтау театрында жинақылық бар. Ондағы Фариза мен Күшеншегі біршама жақсы шыққан. Осы жерде айтпасқа болмайтын бір ерсілік бар: қанша режиссерлерді көріп жүрмін, бір спектакльді алады да біраз театрларға қойып шығады. Онда да әрқайсысында өзіндік ерекшелігі болса құп дер едің-ау. Жай ғана көшірме жасай салады. Инкубатордан шыққан балапан тәрізді, бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Апырау, ақшаны да адалымен алу керек қой. Жоғарыда айтқандай, ең болмаса актерлермен жұмыс жасасайшы. Актердің сахналық бағының жануы көп жағдайда режиссерге байланысты екенін ұмытпасайшы дегің келеді. Негізі, бір спектакльді бір театрда қойды ма, келесіне жолатпау керек. Егер қоямын десе - оны басқа қырынан алып келсін. Бұл, театр басшылары тарапынан туындайтын талап болуы тиіс.
«Бас» спектаклін алғаш рет Шымкентте көрген едім. Деңгейі ол кездегіден әдәуір өсіпті. Дегенмен поэзияны оқу, жеткізу жолында актерлер әлі де жұмыс жасау керек сынды. Ноэлді ойнаған актер Р.Нұрман басты мүсіндеп жүрген маман ретіндегі қимылында шалалық байқалды. Сақалды жапсырғанда келе ме, келмей ме дегендей ары-бері қарап ойланатын сәттері солғын. Сосын ол басты кімге тапсырып кетуі туралы алаңдаушылық тапшы. Рас, талай адамға жолығады. Бірақ, оның аманаттап, тапсырайын деп жүргені малдың емес, Махамбеттің басы болғандықтан және аманат деген - қазақ ұғымындағы аса қастерлі парыздың бірі болып есептелгендіктен, оған ерекше құрмет тұтылуы керек. Актердің ойынында керісінше бұл жауапкершілігі мол бір адамға аманат тапсыруды көздеу емес, пәледен құтылудың жолын қуып жүргендей әсер қалдырды. Жалпы және жеке Махамбеттің өлеңдерін айтқан кезде абай болып, таза жеткізуді мақсат етсе оң болар еді. Құрақ бейнесінде талантты актер М.Илиясқаров сахнаға шыға келгенде көз алдыма С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаевтардың ғазиз бейнелері қаздай тізіліп өте шықты. Ол жай шықпайды, оймен шығады. «Басқа» қараған кездегі көзқарасы қандай? Бара салып басты құшақтай салмайды. Оған дейін талай орынды қимылдарды атқарды. Ол кісінің қынжылған кезіндегі көзіне үйірілген мөлтілдеген жасты көрдім. Ғажап ойын! Осы жолғы атап өтетін актерім - осы Мәжит Илиясқаров аға ғана.
Детальдер ішіндегі зонтик ұтымды алынған. Тек, оны ары қарай ойната түсу керек еді. Бір-бірінің басына ұстаған тұсы – жағымпаздықтың кейпін жақсы аңғартты. Соңына таман ол ұмытылып кетті.
«Жалғыздық» спектаклі. Р.Отарбаевтың үш беттік шағын әңгімесі желісінде - режиссер М.Томанов сахналық нұсқасын жақсы жасапты. Спектакль көргендей болдық. Дегенмен, бір ой келді. Пайдаланған детальдің көптігінен майдың үстіне май жаққандай жүректі айныта жаздады. Жалпы структурасы жаман емес: қайық ескегімен, анасының келуі, бәрі әрекетте. Актерлер түгелімен оқиғаға қатысып жүр. Музыкасы орынды. Бәрі жақсы. Бірақ, артық дүниелер аяқ бастырмады. Арасында ойнатылмаған детальдер де бар. Ол спектакльді қайта көруім керек сияқты. Ең бастысы спектакль ішінде болдым. Тарта білгені, ойланта алғаны, қайта көруге шақырғаны жетістік деп есептеймін.
- Осы айтып отырған әңгімеңізді біреуді мұқату, жасыту үшін айтып отырмағаныңызды мен түсінемін. Ал, сол өзгелер қалай қабылдайды деп ойлайсыз? Біз «Қайда барсаң - Қорқыттың көрі» демекші, «жоқ» деген сөзге тым бауыр басып кеткен сияқтымыз. Идеология жоқ, драма жоқ, режиссер жоқ... ал бізде сын бар ма? Әрине, ол да жоқ. Осылар неге жоқ деп ойлайсыз? Мүмкін, сол «жоқтарымыз» уақытын тосып, әлдебір жерде тұншығып жатқан жоқ па? «Жоқтан – бар пайда болмайды» демекші, соның бәрі бар шығар? Енді театр сыншысы ретінде бір «жоқ» туралы ой тарқатсаңыз.
- Жоқ дегеннен Барды біреу тауып бере ме? Бар ғой. «Жоқ» деп мен, сыншы мен актер және режиссердің арасындағы байланыстың жоқтығын айтар едім. Біткен дүниесіне бір нәрсе дей қалсаң, жеке қазынасына қол сұққан ұрыдай боласың. Ақырып шыға келеді. Өнер халыққа ортақ дүние. Ол ешкімнің еншілеп алған жекеменшігі емес. Ұстазым Әшірбек Сығай айтып отырушы еді, «Сонау 70 жылдары әр премьераға дейін керемет талқылаулар, өткір тартыстар, айтыстар болатын. Біз сонда жасырақпыз. Залға кіріп, талқылауға қатысайық десек, сыймайтынбыз. Сондай жақсы дәстүр болатын, қазір ол үрдіс жоғалды» деп. Жоғалуы жоғалды. Жоғалтпаған неміз қалды, өзі?
Егер дұрысына келер болсақ, сыншы тіпті үстел басындағы талқылауға да қатысуы керек. Мұны режиссердің идеясына, ойына кедергі жасау деп қарамаған жөн, қайта тың ұсыныстардың келуіне, көмектесу ниетіндегі ізгі қадам деп ұғу қажет. Талқылауы былай тұрсын, премьера алдындағы көрсетіліміне шақырмайды. Жасырары жоқ, түрлі жиылыстарда режиссураның кәсібилік деңгейінің төмендігі көп айтылады. Мойындау керек. Сондықтан, режиссерлер әр қойылымына сыншыларды іске қосып отырса, осындағы айтылған әңгіменің барлығы да айтылмас па еді. Сахнаға шығып кеткен соң құй қақса, құй қақсама... Мені бір таңқалдыратын нәрсе - олардың жеке бастарының амбициялары. Құдай-ау, тірлігің соған лайықты болса кім тиісер еді, тәйірі... Егер тәкаппарлығыңды жеңе алмасаң, онда сол көкірегіңе лайықты көркем дүние жасап әкел. Жасай алмасаң сыншыдан қашпа, тайсалмай шақыр. Сөйтіп сақтық шараңды алдын ала қамда.
Осы уақытқа дейін өз басым, әлдебір театр тарапынан сыншыларды шақыртып: «Келіңіздер, көріңіздер біздің тірлік осындай. Актерлеріміздің ахуалы мынау, осылармен келешекте қалай жұмыс жасасақ екен» деп шырылдаған ешкімді көрмедім. Керісінше, қайсыбіреулер «Қаптаған сыншылар қайда жүр, келіп зерттеп жазбай ма?» – деп айтып жүретін көрінеді. Мына нарық заманда өз қалтасынан ақша шығарып кім желкілдеп жетіп барады? Театрдың келешегін ойлайтын есті көркемдік жетекші болса, бір театртанушыны арнайы шақырып маман тұрғысынан шығармашылық мәселелерді шешкізіп алмай ма? Бұл жерде сол, сын-пікір естуден гөрі езбе мақтауларды сүйіп тұратын қасиеттеріне қарап, сауатты сынға жұмыс істеу əлдеқашан күн тəртібінен түсіп қалғанын байқайсың.
- Театрдың шашпауын көтеріп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын бізде шынайы орта бар ма? Әлде, бұл өнер де әлдекімдердің «бизнесойындарына» айналып кетті ме?
- Қазір, білім емес, білек мыңды жығатын болды. Кім күшті деген ойынмен, 2017 жылы құрылған Қазақстан Театрлар Ассоциациясының алдында Театр қайраткерлері Одағы тізе бүкті. Бұрынырақ та өткен өштерінің жалыны өздерін ғана шарпыса мейлі ғой, қазақ өнеріне де тиіп жатқаны кісіні мұңға бөлейді. Жарайды. Сол ашылған «Қазақстан Театрлар Ассоциациясы» әзірге марапаттау рәсімінен ары аса алмай тұр. Ұсыныс, алдағы уақытта сол Ассоциация тым құрығанда сыншылардың басын қосып, оларға тапсырма беріп төрт облысқа бөліп тастаса ғой. (Әрине гонорарын, жатын орны, жол шығындары қарастырылу тиісті). Сарапшылар тобы арқылы жергілікті жердегі театрлардың репертуарлары қаралып, сұрыпталар еді. Орын алған нақты жағдайға байланысты семинар-кеңестер жүргізіліп, шешім шығарылар еді. Өйткені, теория оқу, шеберлік сабақтарын өткізу, пікір алмасу, пікір таласу деген сияқты тірліктер кейбір театрларға ауадай қажет боп тұр. Барса, көрсе. Сол зерттеудің нәтижесі ретінде - әр театрдың жағдайын жария ететін сын материалдары жинақ болып шығып жатса, жаман ба? Мысалы, Қостанайдағы жағдай – Жезқазғанға беймәлім, Қарағандыдағы театр жаңалығын – Атырау білмейді. Ал біршама шығармашылық зерттеуден шыққан сол жинақты оқыса, бір-бірінің жетістіктерін біліп, кеткен кемшіліктерін қайталамаса, бұл, сәл болса да бұлақтың көзін ашып, көлеңкелі тұсқа саңлау түсіргенмен бірдей амал деп ойлаймын. Бірақ, бұл амалға басын ауыртып жатқан адам аз.
Енді қайтпек керек? деген сауал туындауы мүмкін. Театр өнерінің өсіп-өркендеуіне жағдай жасауға театр басшыларының өресі жетпей жүрсе, онда оны министрлік қолына алуы тиіс. Расын айту керек, бойымызды дендеген бір жаман масыл мінезіміз бар, жоғарыдан нұсқау келмей қозғалмайтын. Өз өнері сөз болып жатқанда өзегіне шоқ түспей, өзекті мәселеден тыс айналып жүре береді. Сондықтан, жоғары жақтан бақылап, қадағалап отыратын біреу болса, Министрліктің қарауындағы «театр бөліміне» ала-құлалғы жоқ, шын жаны ашитын адамды отырса, мүмкін сең бұзылар ма деген үміт бар. Мұны неге айтып отырмын, мақсат жабыла жұмылып, қазақ театр сынының абырой-мәртебесін асырар жол іздеу. Спектакльдер туралы болатын ұжымдық ашық талдаулар театрға ғана емес, сыншыға да берері мол. Спектакль қоюда, рөл шығаруда режиссер мен актерлер үшін қалай үлкен жауап жүктесе, сол спектакль хақындағы өз ойын ортаға салар сыншыға да соншама жауапкершілік артады. Театр өнеріне қатысты кез-келген мәселеге сыншыларды араластырып отыру, сол арқылы теар сынының белсенділік рөлін арттыру - Одақтың да, Ассоциацияның да толғантар жәй болу керек. Театр ішіндегі ірілі-ұсақты проблемаларына қоян-қолтық араласып, ол мәселелердің шешімін тез табуына ден қоятын, ұйтқы болатын бір ұйымның жоқтығы жанға батады.
- Қазір тағы да театр басшылары ауысып жатқан көрінеді? Қолтықтан демеу арқылы қортықтардың бағы жанған заман болған сыңайлы? Бұндай ауыс-түйістерден не күтуге болады? Бұндай жиі өзгерістер қаншалықты тиімді және кімдер үшін өзекті?
- Театр өнері - ғарыштап емес, адымдап дамуына кедергі болып жатқан кеселді дерттер тым көп. Бұл жөнінде алдыңғы сұхбатта айтқанбыз. Дәл қазір мені ашуландырып жүрген жағдай, ол өнерге береке əкелмейтін мінездегі жікшілдік, рушылдық, тантыма пенделік. Трайболизм дертіне оңбай ұрынған бастықтар, шабыты шала болса да айналасына жерлестерін жинайды, сосын қолда тұрғанда бір-бір орынға тағайындайды. Бұл не деген сұмдық! Қазіргі аласапыран заманда мына індет асқынып бара жатқандай. Өзінің əйелінен не сыйлас досынан басқаға бапшылдығы жоқ, əділетті сөзден гөрі əдемі сөзге қос бүйрегі бұрып тұратын кідішіл бастықтардың театрдың да, таланттың да жанашыры бола алмайды. Өз маңына көңілінен шыққанды ғана, жақындығы барды ғана іріктейтін адамдар кесек өнерге кесірін тигізіп болды. Бұл рушылдық деген аурудан қайтып құтыламыз өзі? Міне, содан барып Театр өнері – ұлттық мүддеге қызмет еткеннің орнына, білегі мықтылардың ойыншығына айналды.
- Тегі, басшылық қызметке басы істейтін, халқының бағына туған бағландар келуі тиіс қой. Мемлекетшіл тұлғаларсыз мемлекеттің өркені қалай өседі? «Қайда құлдырап бара жатырмыз?» деген алаң жоқ па көңіліңізде?
- Әрине, көңілде алаңдаушылық көп. Бүгінгі таңдағы «тұлға», «қайраткер» деп жүрген ағаларымыз қыранына көртышқан ілдіріп жүр. Олардың адами қадір-қасиеттерін емес, ашық айқасын көріп өскен ұрпақта ақымақтан безетіндей ақыл қайдан болсын. Үлгі тұтар кімі қалды? Іні-сіңлілеріме бірінің артын бір ашып, қырқысып жүргендерден өнеге ал деп айтамын ба?
Театр өнерін оңай кәсіпке айналдырып алған адамдарды қолдаймыз деп, санаулы таланттылардың, мазасыз жандардың өнер жолындағы толассыз бейнеттері, қарымтасыз еңбектері жалаң да жадағай салтанат құруда. Өз дәрежесіне тән бағасын ала алмай не қысқа жібі күрмеуге келмей налып жүрген артистердің мұңы – кімнің мойнында. Мұның бәрі тепе-теңдіктің жоқтығынан. Қоластындағыларға бірдей қарау, еңбектерінің жемісті болуын, олардың жоғын жоқтап, керегін табуға көмектесетін көркемдік жетекшінің, жанашыр басшының жоқтығынан артистердің мұңы – өнер мұңына айналып отыр. Толып жатқан басқа да кереғарлықты аңғармауға әддіңіз жетпейді. Күйініштен өзегің өртенеді.
- Хош делік, Айзат ханым! Сізді тыңдап отырып, әр ой-пікіріңіз менің төбемнен құйылған мұздай су секілденді. Осындай жанды күйдірген ашыныстан біздің өнер ширап, төрт аяғына тік тұрып шауып кетсе, бір ғанибет болар ма еді. Әлде, осы «мұздай сындардан» өзі әрең жүрген ілдәлдә өнер тұмауратып, мүлдем жатып қалмаса игі!?
Ендігі соңғы сұрағым: Рахымжан Отарбаев атындағы театр фестивалі былтыр үшінші қабат өткізілді. Жоғарыда сол фестивальге қатысқан театрлардың жұмыстарына шолу жасап өттік. Маған мынадай бір ой келді. Егер осы фестивальді жылда өткізе бермей, үш жылда бір қабат ұйымдастырса. Және келесі фестиваль Рахымжан Отарбаевтың есімін ұстай отырып, өзге де авторлардың шығармаларын сахналауға мүмкіндік берсе. Осы туралы ойыңыз қалай?
- Фестиваль ұйымдастырушылары тарапынан келешекте ондай ой бар секілді. Екі жылда бір бас қосуды көздеген дұрыс деп жатыр. Әрине, тек фестиваль иесінің шығармаларын ғана сахналамай, шараның аясын кеңіткен де жөн. «Рахымжан Отарбаевтың руханият қорының» мақсаты да сондай ауқымды істерді атқаруға арналған деп ойлаймын.
- Мағыналы әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан ЗАМАН ТӨЛЕУОВ