«Айгүлді білмейтін қазақ жоқ, бәріміз білеміз. Жазған дүниелерін қызыға, құныға оқимыз. Ол &nd...
Қумақ ғаламның жалқын тартылыстары - Сұраған Рахметұлы
3393
Фортепиано! «Жауын ырғағы» немесе вальс әуені – Шопендікі. «Гүлдер вальсі» – Чайковскийден. Арасында тағы бір әуендер... Фортепиано сонатасы секілді... Ғажап құмыраның гүлі... От секілді оның жалыны. Түз құдыретінің Ғұмырының үні Түн тылсымына малынған. Сығыраяды сөніп тынады бірі Мыжыраяды білтесі Шырақтар бәрін көріп тұрады Сезінеді ылғи, Жыпылықтайды, Қайта жанады, күледі, Көкжиектер де бұлт өсіп... Арыныменен, аласапыран түнегі Жұтып жатады бал шапақтағы күлтесін. Сонысымен анық бұл - өмір! Математикада синустар шебі Миы шеңберек ғалымдар Жұлдыз әлемі - дыбыстар шегі - Сан ымдар Бастайды тағы бұрыс бағытқа сағымдар Жарыққа сіңеді осылай түнгі Оқтарға байлайды мырыштар сені Қабырғаң мақұл көрмейді дұрыс нәрсені. Сосын Ай туды... Хрустал бұрыштары бар жарылған Ой шіркін пошымы-ай... Сұмдық-ай! Мың триллиондар шарда қыздырылады, Шыжғырылады Осылай Шындық, Оянып шырақтар кешкі Таңдарда бітеді мұздың ұраны бітер шағында; жымиған. Сұрақтар бейтаныс кескін, Оңалта алмайды жылап та ешкім, Мың имам. Сүгіреттер сызылып, Күннен жұғады бояулар түрлі миыңда!? Құстар кіжініп Құлағымен жүгіріп тиіндар тірі қояндар. Пілдер тышқанға мінеді Моцартың ызыңы... еседі нұрға боялған! Түсінемін! Жаңбырдың соңында нілдің лебі Паралель айшық Сағына біледі кіндігің енді... Бәрі де қарама-қайшы. Жараламайсың өзіңді Еге ешкімді Үстіне түнеп мың тонна төзімнің Ес білдің, Қалғың келеді осы жұмақта Алақанында көзіңнің Ол сәтпен жінігесің бе, аттап, жүре берсің бе... (Естірмін!?) Өзің біл!? Синдромдар үшін бас ауырмайды ылайым Қажет те емес... Кешкін күн? Асаның-Қайғың райың, Жұлының құрсау құрайды, ғұмырдың сыры тозып - тозыға-а-ар, Үскінің жылайды айқайлап, аһ ұрар ышқынып алар, Әр саусақтарыңда көзі бар, Сыналтылмаған сынық струналар, Сөзуә-ә-р! Құлжалар пысқырып алар, мүйізіне қонса боз ұлар. Ай туды міне албырап қайтты он бесің, Мұңайып бала ғашығың... Мәндерді өңдейді, көрмейді одан өңгесін, Баламасының Ай менен басталған кеңістік, шуақ көмбесі Сана басының Сондықтан оттың алауы мәңгі сөнбесін. Мен тағы менің маңайым - алаң-ашығым, Көл-гөсір... Мөп-мөлдір нұрға тұрған шомылып мама ағашының Тереңге сіңген тамыры, Атомдарының құрған шоғының әмірі, Тәңірің өзі жасаған заманды ұқпайды, Итпен достасып, қабылып кісіге. Қалшылдап мұңайды табанда қабынып амандық - қайғы, Сағынып түсіп ем. Сәлем деп келеді жайлауға жайлы Аттар кісінеп Таңертегі. Сәуір - пайғамбары айдың сынығын өткенде көріп ем, Құстар қонады қарашығыма Көк тереңінен. Көк тереңі мен аралықтардай жайлы, Сағыныш... от делеңіңде. Заматта жатқан түсіме, жылайды, өкпеледің бе?! Елестер қалады емес пе, сағынғаныңмен! Өткен өмірмен былайғы кектесе алмайсың, аттардың ізінде табылғаныңмен. Шөлдейсің құдыққа малынып құбылған тұныққа тұныған ымыртқа жалынып... Өтпелі өңірге! Фортепиано ырр етті, оқыранғаны!!! Сүгіреті келеді сәуірдің, ойыма. Отыра алмадым... Бұтақтан көремін бүрінің оты жанғанын. Сопрано дауыс күшіктен... Шыбыш күшенген... Қойыңа Бөрі келді ме? Сорғалап Бұлғынның сыңғыры... Алтайда өрік өнді ме, мойыл шыңғырып... Тезектің түтіні бұлтқа жүгіріп, аспанға ұласып, Көзіңнен сүйеді бұп-бұйра тастар қынасы. Ми сейіліп, тұмсығын қайрап торғайлар темірдегі үнге! Түйелер күйсейді... күйсандық кеңірдегінде. Көңілде мүлде сәлемім ойбайлап, бала күндерім қозы көгенде. Кім білсін!? Оздың ба, әлде шегінгенің бе? Басқаның сауалы, басқаның жауабы сынды Біреудей сөйлесіп келесің өзіңмен өңге. Фортепиано бақылы лақ текенің Өлең - өз көкірегің сөзіңмен өрген; Жылап кетеді бәрі осындай түні. Өкініш жаныңның қосылмайтыны, бұлақ кетеді кірпіктеріңде досыңдай тұнық! Сильва Плат та өтеді Әйнек тымақты... сосын қайта ұлып. Сағынған хаттар қайтады - жазу түс көрген, Махаббат құпиялары айтылып, Шағылған азу тістерден қайтыс болатындай түрі... Сағаттың тілімен алысу басылмайтындығы! Фортепиано үнін тәңір ести алар ма? Тыңдай ма екен, моносырнай тілін? Мұндайда аңырып ауыр роктар, жауыр агрессиялар да; жолы ашылмайтұғын... Солай; ішіңдегі өлшем, құтылтар текке жүруден, Соңғы нотаның үнін түсіңде көрсең бір сәт азат боларсың жек көрінуден. Ермен иісінде мөлтең шумақтар қияқ ұшында, Күн күркірей ме текте шетке еміренген. Кешкі тыныштық... Уә!? Ескі фортепиано қиял ұсынған! *** Сенен аққан үн, Жұлдыз шуағына аунап сағаттың тілінен көне қақпаға. Саулап ілгіп аяңдап келе жатқаны, ә?! Күртіктей жауған... Кірпіктей ойлар мыжылып сөнген тістерде, Жыртық заңдарың аунап, О, дүниенің хаты жегіліп... көрген түстерде. Жол кештің өрмекші өрген өлмес күндерге, Көзіңмен қорғалауларың. Өткен шақтардан күн санап, ғасырың ағып, тоңға жаурадың О, дүниенің хаты - көрген түстерің, өлуге әзірленуің. Боялып самайың аққа, Жолың бастайды сені басқа бір жаққа, Ғасыр лаңы. Бәрі темірге айналып әз үндеріңнің сұрақтар қарашығыңа жасырынады, Кәрі бетіңде жазу тұрады әжімдеріңнің. Сол жазу ойыңның нақты соңғы астарындай, Гүлдің жұғыны теңдессіз соңғы мағына! Ақ қарға арқаңмен жатып мөр басқаныңдай, Сезімдер кеудеңе жабысқан торғын омырау, Ауада елесің; Адасқан қаздың қалқыған денесі - соңғы қоңыра-а-у. Сау адам емессің... Оң құлағым-ау!? -!? Кешкі рең Шуберт – «Кешкі серенада! Жердегі суреттер. Жалқын аспан түсі құстардың қанатында. Өртенген бұлттар ішінде өлең жүр. Түн ауып барады құс жолы етпетеп елеңі ағарып, Жер шары секілді жадағай үстелің, Сыймайды көзіңе Ай нұры - күліктің табаны, Өзің мен өмірің түске еніп үш бөлік, Шырағдан білтесі қартайып өледі, көлгөсір шам әлі. Жұмбағың шырмалып, Өтеді жарықтық іңірдің шамалы бұлыңғыр заманы. Көшеде шүңірек жарықтар қаусаған түн кәрі, Үһілеп өмірдің дауысы желдеткіш кісінеп ішінен. Терезе бетінде сызылған аяздың аяныш қырбағы Көшеде өмірлер өңдері өртенген өлмелі кісілер. Түн деген алаудың тарихи аяғы, аяни жұрнағы... Түнменен табысқан мұратың, түнменен тынатын зауалың. Тырнаның үніне айналып түн ішін жарық қып тұрғаның, Бір тәулік есептің ең әділ шешуі, ең дұрыс жауабы. Түн ауып барады құлдырап, зымырап құс жолы... Жер шары секілді үстелің! Судағы әуен Гендельдің «Судағы музыка»-сы сылдырап ағып жатыр. Ағынның бір қанаты ария секілді. Көкте сарала қаз сорғалап... Қумақ ғаламның жалқын тартылыстары, Озаны қашады, сарынға ұласып, романстар ырғағы, Қанаттарымен жарық шашады мыңдаған, Өтеді күн шалып, ұларлар саулаған - қылаң шыңдары... Жарқабақ астында жасырынып өксіп, тұнық ағыстар, Көбік кемелер кезеді лағып жыра - жылғаны. Мейірін майға бөктіріп көкке көктейді сұлы бағыстар. Бұлттардың бұйдасы ирек жазудай қыраттың құлағындағы. Ұларлар қонады шулап сұңғақ шыңдарында жұп, Лақтың құлағын селтеңдетеді бұлғақ бұлақ айнағы. Бұқалар тамырын ойнатар жардың құмдағын қазып, Шегіртке шырылы маусымда шырақ айланып... Шабақтар ауада шыбын тереді бір сәт су бетіне ұшып, Өңірлер мөңіреп таңдар өреді жасқа боялып. Көктөбе көлге ұмсынып, көбік бұлттардың суретін ішіп... Заудан кілегей жауады таудан жартастар оянып. Құлаққа сіңер қобыздай еңіреп жылайтын Бұлғын өзені, Алтайдың иінін қымтап белінен жібек бөз ұлыған тұман. Қыран тәңірдің желінін жұлып жұлдызы күндіз емеді, Айғырдың арыны құлайды желіге құлын аңқыған.