Ақылбек Шаяхмет. Оңашадағы оқшау ойлар

ТАНЫМ
2000
Ақылбек ШаяхметАқылбек ШаяхметАдам анатомиясы

Бір көздің көргенін екінші көз де көреді. Бірақ, көргенін бір біріне айтпайды.
Көз аяғының астына қарамайды. Онысы жарамайды. Сондықтан да адам сүрінеді.
Бір құлақтың естігенін екінші құлақ та естиді.Бірақ, дауласпайды. Дауды екі езуі бар ауызға қалдырады.
Мұрын жақсы иісті сезсе қуанады. 
Қарын дәмді ас ішсе жұбанады.
Бір кісінің бергенін немесе алғанын екінші қол бірде байқаса, бірде байқамайды. 
Екі білек бірдей болса да, он саусақ бірдей емес.Бас бармақ – жуан, шынашақ – жіңішке. Ортаңғылары туралы айтпаса да түсінікті.
Бір аяғың ілгері басса, екінші аяғың соған ілеседі.Бір аяқ табан тіресе, екінші аяқ та тіреседі.
Бел де иіледі, тізе де бүгіледі. Кеуде де шіренеді. Бірақ, үнемі емес.
Өкпе реніштен қараятынын біліп тұрады. 
Бүйрек жақынға бұрып тұрады. 
Бауыр туыстығын қылып тұрады. 
Жүрек күндіз-түні тоқтамай соғып тұрады.
Адамның жаратылысы осындай. 
Жаратушыға тәуба де!

Кімдер кепіл?

Туғаннан да болды бізге жат ыстық,
Мағынасыз жиындарға қатыстық.
Айлакерді қайраткер деп, жазарманды жазушы деп,
өлерменді өлеңші деп шатыстық.
Қолдан келген қонышынан басып жүрген заман болды,
Жұртты алдаған аярларға күнің түскен қоғам болды.
Той-думан мен ойын-сауық айналдырып сау басыңды,
Елдің көбі надан болды. 
Ел үстінен ішіп-жеген,кердеңдеген мырза болды,
Алған, берген төрге шығып, дәуреніне ырза болды.
Тұнық сулар лайланып, аққу-қаздар қарға қонды,
Дымбілместер кеңесші боп, санасы кем тұлға болды.
Билік тиді қылмаңдаған, шашын жайған ұрғашыға,
Ат қойылды сарқырама деп жылжып аққан жылғасына.
Жорғалаған жылан шықты қыран қонған шың басына.
Кімдер кепіл бұл заманның ұзақ мерзім тұрмасына?!

Біледі

Шетке шыққан малды ит те қайыра біледі,
Қарны тоқ болса қасқыр да жайына жүреді,
Ақсап қалған қой да өрісте жайыла біледі,
Шөп пен сабанды сиыр да айыра біледі,
Астаудан жем жеген тауық та тойына біледі,
Соларды көргенде не істеп, не қойғанын білмейтін кісілер ойыма келеді.

Нәпақа

Кұрбақа мен Көлбақаның нәпақасы бірдей емес. Біреуі – жерде, екіншісі – көлде. 
Тасбақаның жерде де, көлде де нәпақасы бар. Сондықтан да ол ұзақ жасайды. Бірақ, ақырын жүреді. Асығатын не бар?! Баратын жеріне бәрібір жетеді.
Ара нәпақасын гүлден іздейді. Шыбын нәпақасын нәжістен іздейді. 
Осыларға ұқсас адамдарды да көріп жүрміз.

Қысыр сөз

- Көшпей қойыпты қыстаудан.
- Жайлауы тар емес пе?
- Жем жеп жүр екен астаудан.
- Мал емес пе?
- Жоқтан басқа сөз білмейді.
- Бар емес пе?
- Не десе де ел төзген дейді.
- Қор емес пе?
- Тоқал алам деп күпсініпті.
- Шал емес пе?
- Қырам, жоям деп тепсініпті.
- Хан емес пе?
Естігенде осындай қысыр сөзді,
Әр нәрсе келеді еске.

Болады

Кісілер көп жүретін ақыл айтып,
Тыңдайсың екі көзді бақырайтып.
Сүт болады бетінде қаймағы жоқ,
Саудада жан жоқ оны бақылайтын.
Арзан ғой деп алуға қызықпағын,
Ет болады жілігі татымайтын.
Айтсам ба, айтпасам ба атын айқын...
Болады кітаптар да
Ешкім де оқымайтын.

Теледидар және тоңазытқыш

«Теледидар мен тоңазытқыштың қайсысын жақсы көресің?» деген сауал қойыла қалса, екіншісін атар едім. Өйткені, Аллаға шүкір, табысың жетіп тұрса, тоңазытқыштан асқазанға қажеттінің барлығы табылады. Ал көк жәшіктен жанға қажетін таба алмайсың. 

Қайдағы?!

Сүттің бетке шығар қаймағы дейміз.
Қайдағы?!
Сорпаның бетке шығар майы дейміз.
Сөз бе ойдағы.
Еліне елеулі болған дейміз.
Белгісіз.
Халқына қалаулы болған дейміз.
Сенгісіз.
Таққа мінгендер, атқамінерлер,
Шөпке тышарлар, босқа жүргендер
Қабағын баққан қожаның 
Құл секілді.
Жанында жатқан жағаның
Құм секілді.

Шындық пен Сұмдық

Оннан кейін Он бір келеді.
Шындық!
Онның алдына Тоғыз шықса не болады?
Сұмдық!
Өмірде солай болуы да мүмкін.
Мұны да білдік.

Неге айтпайсың? 

«Ақ түйенің қарыны жарылды!» – дейсің.
Заман тарылды деп неге айтпайсың?
«Қазақтың аузынан ақ май ағылды!» – дейсің.
«Бір қарын майдан бр құмалақ табылды!» – деп неге айтпайсың?
Кейбіреулер жарымеске бағынды.
Кейбіреулер өткен күнін сағынды.
«Не қылды?» – деп неге айтпайсың?

Күпірлік пен шүкірлік

Адам баласының бұл жалғанда не тірлігі бар?
Мұсылманмын дегендердің де кейбірінің күпірлігі бар.
Кәпір ғой деп жаратпайтындардың да кейбірінің шүкірлігі бар.
Араға кірген, жаныңда жүрген, сырты бүтін, іші түтін шайтанға ерме.
Көзбен көрмей, ісін білмей, мұсылманмын деген сылдыр сөзге сенбе.

Қыз Құртқа

Қазіргі күні елге тұтқа болған Қыз Құртқалар неге жоқ?
Өйткені, олардың елін сүйген, жарын сүйген Қобыландыдай ері жоқ.
Әлпештеген Баянды Жантық алды.
Қыз Жібекті Бекежан тартып алды.
Бағып-қаққан қыздарың орыс пен қытайға тиіп кетті.
Шетте оқыған қыздарың кәпір мен зәңгіні сүйіп кетті.
Тайбурылды құлын күннен баптаған әйел де жоқ
Қыз Құртқаның сарқыты бар деп айтар дәлел де жоқ.

Отан – оттан да ыстық

Отан – оттан да ыстық. 
Отан деп отқа түстік. 
Күйдік, пістік. 
Қызуын білдірді. 
Шоқтай күйдірді. 
Ошағымның отын жандырды. 
Құмарымды қандырды. 
Қазанымды қайнатты. 
От басымды жайнатты. 
Шүкір!

Жолдас және шын дос

Жолдас деген сөз көп айтылады. Оның түпкі мағынасы жол дос дегенге саяды. Жолға бірге шыққан, қатар жүрген кісіні жолдас дейміз. Яғни, жолдас шын дос емес. Кейбіреуі жүре келе шын дос болып кетуі мүмкін.
Сондықтан өз әйелін жолдасым деп таныстыру дұрыс емес. Жұбайым десе – жұп екенін айтқаны, зайыбым десе – ерлі-зайыпты екенін білдіргені, қосағым десе – Құдай қосқан қосағы екенін дәлелдегені. Ал жолдасым деу ақылыма симайды.

Алғыс пен қарғыс

Келсе егер адам боп қалғысы білуге тиісті әр кісі:
Кісіні көркейтер жалғанда адамның алғысы.
Біреуге жамандық жасасаң, жылатсаң жазықсыз,
Ондайда тиеді саған да Құдайдың қарғысы.

Зұлымдық және ізгілік

Зұлымдық деген сөз ауыздан шыққанда қатқыл естіледі. 
Ізгілік деген сөз сондай жұмсақ, құлаққа жағымды.
Өйткені, зұлымдықтың бауыры қатып кеткен.
Ізгіліктің жүрегі мейірімге толы.

Тор және қоршау немесе адамдар мен маймылдар

Түрлі тор мен қоршау екі мақсатпен: сырттағы кісі ішке кірмеуі үшін немесе іштегі кісі сыртқа шықпауы үшін жасалады. Зообақтағы тор да аңдар мен жануарлар сыртқа шықпауы үшін және оларға адам жоламауы үшін жасалады.
Адамдар маймылдардың қылығын көріп мәз болады. Маймылдар да мәз. Неге дейсіз ғой? Маймылдар көргенін жасайтын адамның қылығына күледі екен. 
Сондайда Ахмет Байтұрсынұлының Крыловтан аударған «Айнаның қарсы алдына маймыл барып, қуанды өз суретін көре салып» деген жолдары еске түседі.

Жер-ананың көз жасы

Жер-ананың көз жасы
Қыста қабаққа қатқан қыраудай қатады,
Алты ай қыс мүз болып жатады.
Көктемде сел болып ағады.
Жазда көл болып ағады.
Күзде бу болып көкке көтеріліп, жауын болып жауады.
Аспанның көз жасы қосылып,
Қара бұлттан мөп-мөлдір тамшылар тамады.
Жер-ананың көз жасы
Топыраққа ылғал болып сінеді.
Сол емес пе өсімдікке керегі?!
Егілген дән қайта көктеп шықса егер,
Көз жасының құдіреті дер едім.

Сыртын көріп, ішін білмей... 

Көк теңізден көбінесе кеменің желкенін көреміз. 
Кеменің өзіне мән бере қоймаймыз.
Көк аспаннан көбінесе ұшақтың қанатын көреміз.
Ұшақтың өзіне мән бере қоймаймыз.
Адамдар да сол секілді. 
Жылтыраған бетін, әдемі киімін көріп мәз боламыз.
Санасында не бар, жүрегінде не бар, біле қоймаймыз.
Алғашқы көрініс алдамшы.
Сыртын көріп, ішін білмей, қорытынды жасауға асықпаңыз!

Не істеу керек?

Абай айтқан дүниеге дос сайран салып оңды-солды,
жиһазға жолдас, ақшаға ашына болды.
Мансапқа құмарлық, мал-мүлікке ынтықтық сорға айналды.
Мейірімді жүрекке шер байланды.
Алдау-арбау күндегі дағды болды.
Аққу жүзген көлдерге қарға қонды.
Дақпырт даңқтан асты. Елдің құты қашты.
Не істеу керек?

Алақан және жұдырық

Менің «Жүрек» деп аталатын өлеңім: «Жұрек – менің алақаным достарыма ашылған, Жүрек – менің жұдырығым қастарыма ашынған» деген жолдардан басталатын. 
Шынында да алақанның жұдырық болуы оп-оңай. Жұдырықтың алақанға айналуы сирек.
Екі қолдағы он саусақ алақан да, жұдырық та бола алады. Алақан қылатын – сүйініш, қуаныш, жұдырық қылатын – күйініш, ыза.

Әзірейіл мен Жебірейіл

Жаналғыш Әзірейілдің жазығы не?
Ол бар болғаны Алланың әмірін бұлжытпай орындаушы.
Жебірейілдің жасаған сауабы көп. Алла мен пайғамбар арасына дәнекер болған періште қандай алғысқа да лайықты.
Біздің қоғамда да Әзірейіл мен Жебірейілдің шәкірттері толып жүр. Алғашқылары – бұйрықты екі етпей орындаушылар, кейінгілері – елге шамасы келгенше жақсылық жасаушылар.
Кез келген шәкірт ұстазына ұқсағысы келеді. Әзірейіл мен Жебірейілдің қайсысының шәкірттері көп екен? Соны білмей далмын,


Бәрекелді!

Байлық бақталастыққа бастаса, бақыттың базарына баратын баспалдақ білімнен, берекеден, бірліктен басталады. Балалардың былдырын бағаласаң, бақыттың бақшасында бұлбұл болады. Бұға бермей, бұғанаңды бекітсең, барыңды баптай біл! Бабаларың бата берген босағаң баянды болсын! Бәрекелді!

Ақылбек Шаяхмет, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты. Мұхаммед Хайдар  Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және «Алтын қалам» сыйлығының иегері.

author

Ақылбек Шаяхмет

АҚЫН

Жаңалықтар

Ресейлік ұшақ Анталия әуежайына қонғаннан кейін өртенді, деп хабарлайды madeniportal.kz. Azimut әуе...

Жаңалықтар

Синоптиктер 25 қарашаға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Астанада...