Халықаралық Түркі академиясы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік у...
Сұраған Рахметұлы. Жанталасым
Кісінің тән мүгедектігінен – жан мүгедетігіне ұшырауы ауыр екен.Санасы ақсақ, сыңар санатты ақыннан ештеңе шықпайтынын сезіну керек секілді. Ештеңе! Жан асқақтығы мен сана ақсақтығы қайшыласқан кісі – өзін-өзі құртып жүрмек. Ерін-ауыздың есігі. Сезімнің астарына мезілік еніп алды. Ерінді теуіп шыққан мезі мезі сезіністен қатты сөз де, тәтті сөз де шығады.Себеп, сөздің тегі – тілден. Кейде досың мен қасыңды аяйтын сәттер де қатар келеді. Мазалайды. Менің қасым – досымның досы. Менің досым әрине – «өзім». Өкініші кешу өтінуді әр кісі өзгеше түсінеді.Кешу қиын. Әсіресе кісәпір, сатқындықты. Өз басым іштарлықты ерек түсінем! Оны тістеніп тұрып кешуге болар... Санасы мен ары өз түрмесінде азапты жазасын өтеп жүрген кісінің өзінде азаттық жоқ. Оның іш күйініші бұрынғы жандүниесі мен жүрегін қолдыратып өртеп кеткен. Қарсы жолдағы бөгеттер кесаппаттар мен кереғарлыққа тартады. Есіңде ескіден қалған жағасы жұлқым есалаң қағидаттар жүреді. Бөгесіндермен жетіскен өрескел қисындар өзіңді үнемі өлі жолға итереді.
Өртенген жүректің сөнген ошағында қоламта мен бықсық жатады. Сайтанкөбелек секілді отқа жүгіретін дүдәмәл жандар отқа үйір. Метаморфоза – жалын ұшында. Маңайындағыларды шоққа итеретін тәсілі күшті. Көңіліңдегі оның іңкәр кейіпін сақтап қалу үшін күдеріңді үзбейсің. Расымен оның шамалы «сауығып кетуін тілеп» үнсіз қаласың. Ол сенің үнсіздігіңді өзінің жеңісіне түзеді. Мейлі. Ақиқаттың түбінде де бір жалғандық бар секілді. Себебі, «жалған дүние...» деген өлі ұғым өзіңді өмір бойы өмірді шырмап алған.
Үнсіздік ең ауыр сөз екенін айтқым бар, алайда бүгін керек емес. Өмірге көзқарасым да өңге. Үнсіздіктен ешқашан өлең тумайды.
Менің өмірім – өз еншім емес. Оған оқталған, оқталып жүрген сан көздерден қорғануым керек. Менің өмірім өзімдікі емес баламдікі. Оның болашағы – өмірім.Сол үшін өз өмірімнің кілті өз қолымда емес. Өзіме өзім де жекедара өкім жүргізе алмаймын. Тәңіри күмәнсіз жайымыз осы.
Таң атса күн батпайтындай, күн батса таң атпайтындай жанталасты – тірлік дейік.Тірлік пен өлең екеуі біртұтас дүние емес.Өлең ғарыштың аяны.
Өлең – өмір емес. Өлең – мың жасты ғұмыр. Қиялға үміт артамыз. Бірақ, қиялдағы ақиқат жаңғырмайды. Шешімі жоқ есептер секілді. Мағыналар мүлдемге тұрақсыз.
Жарияланбай жүрген өлеңдерім өте көп. Қорқамын. Биліктен, заңдардан, қарар мен қаулыдан, азаттыққа құрылған ау, тұсамыс, тұзақтардан қорықпаймын. Өлеңдегі «өзімнен» сескенемін. Өлең мен өмірдің арасын жалған деп атайды. Жалған деген астральді (incidious) – бояу.
Жалғанды – бес күндік деп жұмбақ формулаға теңдеп берген ел – қазақ. Бала – дәурен, ара – дәурен, сана – дәурен, ата (кемел) – дәурен, өтпелі – дәурен. Барлығының шешуі – қара өлеңде тұр.
Сол тұрғыда адам жаны – қозғалыс пен құбылыстың сыпатындай. Жанның бес шеңбері де өз алдына бір ғалам. Жанын жеп, жанын сатып,жаны ашып, жанын қоярға жер таппай, жаны жай тауып жүрер біздің үйіміз бұ дүние! Бұ дүниеде не болмайды!?
Жүгенді, ауыздықты, үзеңгіні ойлап тапқан өркениеттің кіл ғұмыры бізден... Бұдан бұрынғы бес ірі өркениет һәм мың жылдық Ұрымдағы ампитеатрдағы гладиаторлардың қолының табы,осындағы төрт жүз жылғы дарақылық тақтың табанындағы қан, ханның сарайындағы тағдырдан не қалды? Бұ дүние – жан бағудың құралы. Әйгілі көнегректік Протагор (б.з.д.481-411) барлық өлшем адам ғана деген ғой. Протагор әуелі итті адамның анасы деген, оның күшігі сенің інің деген әулекі тұжырым жасап келген!?
Гректердің сілкінісі қарсаңындағы трагикомедия, қатігездіктің қамытынан қашқан еркіндік... Афина дәуірімен ұласып көнемысырлық пирамидаға дейін адамзаттың ғұмыры тірліктің азапты түрмесінде болыпты.
Бұ дүние дегеннің үлгісі осыда екен! Сілкініс пен сергудің түгелі топырақ қабаттарынан ескен тылсымдықтар. Өмір – өзі бөлек бейғайып дүние. Өнер мен өркен сол өмірдің тынысы ғана. Поэзия, көрем сурет, музыканың жетегіндегі.
Үндердің тамыры мен түбірі бір. Тәңірдің теософиялық (theosofia) кітаптарынан тәурат пен інжілде қандай хабар бар!? Лиро-эпостардан соны сезінуге бола ма? Адамзат поэзиясы прагматизмге бағынышты ма!?
Ал, эпостар ауыздан төгілген әдебиетке жата ма!?
Музыка дауысындағы әуендер дала бедерінен көрінеді. Сұры бұлттардан еңіреп құйылып тұрған сәтке қарайық. Шыңның басынан шым-шым мұң аунап келе жатқандай тосын дыбыс. Жауынның астында жұлым-жұлым көңіліңмен жыртық-жыртық болып тұрған кейіпің!? Кірпігіңді қағасың. Кірпігің жалғыз қаздың қанаты секілді. Шөмеле жинаған қораның үстінде бүрісіп отырған соқыр мысықтың тірілеу сұлбасы! Жанарың тұманданған терезедей бұлыңғыр! Аспан жақтан топ қоңырқаздың үні жауады.Сәуір айлардың тазасы – өліара ай. Үстелдің үстінде жатқан кітаптың бетіне жұққан жып-жылы шуақтарды көргенде ерекше бір күй кешесің. Терезедегі тершең ылғалдан таудың иісі аңқиды.
Қараөткелді ойладым. Таңның самалы мен кештің салқыны түйісер тұста күннің нұры бөктерге аунап жатады. Жағауды аралаған жанарың жас дәуренніңді іздейді. Сен екеуміз демалыста жүріп аттан түсіп отырған едік...Сен мойныңдағы шарқатыңмен менің көзімді таңып өзің жасырынуға кеттің. Көзімнің байлауын шешіп жан-жағыма қараймын. Білем! Сен бөлектеу өскен түп шиді бүркеніп отырсың! Таба алмағансимын! Сен келе жатасың! Мәз боласың!?
Өткен жылы сол жерге бардым... Жалғызбын! Сол кездегі топ шиге келдім, кілт тоқтадым! Себебі, сол жерде сен әлі жасырынып отырғандайсың әлі! «Отыра бер, үркітіп алмайын!!!»
Қараөткел! Алыстағы Алтай тауынан бұрқап келе жатқан қимақ бұлт биіктеп кеткен. Көктебе маңын сағым басқан. Теңіздің ортасындағы алып кит секілді жоны көрініп жатқан төбенің мұнарына телміріп отырудың бақыты!
Жазушылық пен авторлық екі өңге ұғым. Жазушы – сойы, авторлық оның – лақап аты. Автор өте көп. Жердүниеде авторсыз руһани еңбек жоқ.
Шетін кету – жазудан кетті деген сөз емес, керісінше оңашада өзіңе келу екен.
Біздің заманда өте орасан екшеу жүріліп жатыр. Жаппай майдан. Жаппай майданда поэзия һәм өлең ғана қалады, себебі ол – ғұмырият!
ЖҰЛДЫЗ ҒАЛАМЫ - ӨЛЕҢ
Аспан жаққа шақырады мені өлең!
Жұмекен
Ұлы Жұмекен ақынан осындай жұлдыз сөз қалды!
Галактика – сүт жолы, аспан жолағы. Білтелі көктен етпеттей құлап түсіп бара жататын құбылыс. Ғарыш ғаламатын қазақтар ұғымында құс жолы деп тергейді. Алып құстың қанаты секілді төбеңнен төніп тұрған жәуһер алып аспандағы 250 млрд жұлдыздардың ұясы. Тәңірдің фигурасы – аспан, түсі көк. Бояуы – жарық пен қараңғы. Қараңғы таңның атуымен бітеді. Ал, жарықта шек те, шеп те жоқ.
Маужырап тұр, тыныш-ақ қой түн біздің, Тыныштықты осы түнге мінгіздім. Жалғыз ғана... естіледі жыр жолы, Сәулесімен араласып жұлдыздың!
(Жұмекен Нәжмеден)
Өткен ескіше ай санауымен Ай он төртінде тоғайып, Күн жүйесіндегі барлық серіктер бір сызыққа келеді деп хабарланды. Бірінің артына бірі жасырынған жұмбақтың астында біздің ғаламшар тәж тажалмен алысып жаттыр.
Жүз жылда бір болатын тосындық. Он неше тәуліктің алдында Күн, екі үш күн бұрын Ай тұтылды дейді. Айдың күйген уақыты 9 сағат 41 минут, 14 секунт! Санның өрімі 41=14 цифрді көрсетеді. Галилей мен Кеплерден Омар Хайямға дейін өлең біткеннің шумақтарында жабысып тұратын жұлдыздар ақындар үшін ескі – «сырқаттың» тамыр бүлкілі. Күн жүйесіндегі галатикалар ішкі, сыртқы тарапқа бөлінеді.
Меркури (Merkury)-дің тасасындағы Сүмбіле (Сириус) құдайдың шамшырағы екен... Көне гректік әпсанада құдайдың қанатты елшісі туралы аңыз бар. Римдер де осы аңызды пір тұтады.Ұлы Жұмекен бүй дейді – «Сол аспаннан албырт сәуле себелеп, Жер төсіне құлап жатыр не керек!»
Ғаламшарды үстінен шуағын шашқан Күн шырағын көлегейлей алатын құдайдың жұлдызы – Сүмбіле. Енді ол Айдың тасасына тоғытылып барып шығады. Сүбілені ұлы Канис немесе «ең үлкен ит» деп аңыздайды. Тау төбеттерінің жаңғырыққан тау ішіндегі үргені құлаққа жылы еді. Аспаннан құлап түскендей естілетін ғарыштың дыбысы. Күн жүйесінің ішкі жағы – Біздің ғаламшар (Earth) солардың қатарындағы жұмақ. Жерге жарығы болмаса да жаңғырығы төгілген Шолпан (Venus). Шолпан махаббат тәңірісі, қасиетті Афродита күллі адамзат санасына шолпан таң елеңімен жеткен ғарыш.
Ең соңғы сөнетін жұлдыз һәм Мұқағали айтқан – «Алауын бақпай ақ таңның, жұлдыздар сөніп барады...»
Адамзаттың ғаламат ғұмырына ғарыштық қуатын сыйлайтын Марс (Mars)-ты қазақта – «Қызыл жұлдыз» дейді. Қазақ дасындағы Шарын шатқалына ұқсас «қызыл көз» жауһар ғарыш. Әлемдегі көшбашы елдер Марстан жұрт алуға таласып келді. Ресей 2011 жылдан аса жедел құлшына бастағанымен кемесі істен шығып жолда өртенген. Еуропаның Schiaparelli кемесінің тамтығы осы жұлдызда (2016) қалды. Талай жылдан бері НАСА (NASA) сандалып жүр. Араб Эмираты тағыда солай беттеп еді, Қытайлар да суыт жүк тиеген кемесін Хайнаньдағы Вэншань ғарыш айлағынан «Lang Marh» кемесін 5,5 тонна жүгімен жөнелтті. Межелі жеріне 2021 жылы ақпанда жетсе 2030 жылы топырақ артып оралмақ!
Сенбесең сенбе, Осыған, әйтеуір, мен сенем. Құлазып қалам, бір жұлдыз ағып сөнсе мен. Несі бар оның? Айып па адам тағдырын, Бүкіл ғаламның биіктігімен өлшеген?!
(Мұқағали)
Күн аясынан сыртқа шырқаған ғарыштың ең ірісі Юпитер (Jupiter) бізге – «Есекқырған». Ежелгі гректер Зевс құдайымен шендестіреді һәм Гера тәңірімен адамзат санасын әлдилеген құдырет. «Есекқырған» Ганимед, Каллисто, Ио, Еуропа секілді ең көп ергежейлі ғарыштарға «көшбасшы». Оның соңында 63 шағын ғарыштар. Сатурн (Saturn) кәдімгі «Қоңырқай жұлдыз». Уран ғарышы (Urans) жершарындағы барлық бастау, бұлақ, өзен, дария, теңіз, мұхиттың тәңірі.
Мұқағали Мақатаевтағы – «Аспанның лағыл маржаны, мұхитқа батып барады...»
Титания мен Оберон, Умбриел мен Ариел, Миранда секілді 27 жұлдызға қоңсы.Соңырадағы кейіпте Нептуне (Neptune) жұлдызшары, бұны да ежелгі римдіктер Посейдон мен махаббат тәңірі Медузаның аңызымен шендестіріп келген. Ең ақырғысы Плутон (Pluto) Hades секілді құдайлар тобына қарайды. Аспан төрінен жердегі егістікке шуағын төгетін тоқшылық құдыреті. Бұл да «Серес» секілді ергежейлі қортық ғарыштармен жұптас дүние. Алайда «Хаббл» телескоппен әрең байқалатын жұлдыздар өрісі.
Аспанда кейде, Бір жұлдыз ағып баратса, Тұрам да қалам, Бұралмай қалған сағатша. Керемет неткен! Адамның келте өмірін, Жұлдыз бен Жердің қашықтығынан жаратса.
(Мұқағали 1972 ж.)
Ең алыстағы Веганы гректер «Малшы» немесе «аю баққан» деп атайды. Жерден 36.7 жарық жылдамдығымен тең ғарыш... Ақындықтағы өлшем өте ұзақты болжайтын өте шексіз өлшем. Ақын деген жердегі жұлдызда болуы, немесе сол бір ғарыштың тірі жұлымы болуы мүмкін!? Адамзат санасын сілкіндіре алатын күш, жалпы сана өшемін билейтін ерекшелік тек қана ақынның құпия әлемінде болуы керек. Өлшем! Шексіз өлшем құдыреті. Аспанда неше жұлдыз болса бұл дүниеде сондай өлшем бар.
Бір адам өлсе, Бір жұлдыз қоса сөнеді, Бір кезде біреу осылай маған деп еді. Есімде әлі біреудің былай дегені: Бір адам туса, Бір жұлдыз бірге келеді.
(Мұқағали 1972 ж.)
КҮН ФИЛОСОФИЯСЫ
Дөңгеленген дүние!
Адамзат керемет интерференциялды шуақтар алдында іркіліп тұр.Шуақтар өз жарығының жылдамдығында өледі. Жылдамдық жылдамдықты жоя алмайды. Неге деген сауалдарға жауап беретін қауқар тек поэзияда ғана қалған секілді. Сезінесіз бе, құрметтім!? Лингвистикада тілдік қатынастарға ықпал етіп, психологиялық тербелістерге тірелді. Өте көп тілді, көп саналы жастар өсіп келеді. Сана – мәңгі! Біз емес Платон айтқан!
Керемет із қалдырған ғасырлар өзегіне көз жүгіртесің. Таңғайып ғасыр біздің ғұламалардың өткен дәуірі сүгірет секілді, қилы әрі сұсты. Кеплер, Галилей... Олар аспан жүйелерінде керағарлықты байқағысы келді. Бірақ, күллі аспанқұмарлардың түгелі іштей гиперқұса дертіне шалдықты.Олар аспаннан майдан формуласын іздеді. Майдан формуласы – өмір екенін білмеді. Бәрі де бір кезеңде қара нүкте (үңгірге) тап болды. Өмір көз алдыңда жоғалып кетті. Алайда өмір жоғалып кетпеп еді. Өмір ешқайда кетейді. Өмір – ағзасы.
Ғаламшар әлемі (галактикалардың) аласапыраны жердегі кіші декарттарды берді. Исаак Ньютоннің дәуірі ағылшындар төңкерісен дөп келген.Кеплердің жете алмаған аспан денелерінің қоғалысына басқа бір бұрыштан көз салды.
Рене Декарттар (1596-1650) математикалық мүлтіксіз ойланудың сызығында «ойнады». Геометриялық сараптар мен түйіндерді аналитикалық түрлі негіздер арқылы адамзат санасына ұсынды. Оның болмыстық сарындарының соңы қоснегізді ілімдерді жаңғыртты. Ойлау жүйесіндегі шүбәлі күңгіттікке шуақ шашу, ойлар арқылы өзінің бар екенін айтты. Қиял ғайыбының шексіздігіне сүңгіп өтті. Ой сана мен материяның ұштасуына қарай. Көне қытай дүниетанымының Күн жарығына себепкер болған б. э. б. VІІ ғасырдан б. э – дың ІІІ ғасыры «Ци» ілімі сәл өзгешелеу, «Инь» қараңғылықтың құдіреттерімен ойлау жүйесіне айрықша жаңғыртулар енгізді. Ал «Янь» жарығы шығыстан батысқа қарай сәуле шашты да француздар жандүниесінің құбылысы болған Декарттармен шағылысты. У-синьнің бес таған ілімінің ауа, су қасиеттері ақылы тұма, тұнық сана ағымдарының арасында Рене Декарт тағылымдары жүзіп жүрді. Бүгінгі адамзаттың көру, байқау, сезіну қабылеті, көздің көру шамасының түбегейлі өзгеруіне кім жол ашты?
Декарттың құдыреті Гюйгенс – Френель тағылымының физикалық негіздемелерін ұсынды. Кванттық физиканың заңы бойынша оның соңында қалатын энергиялық жарық фотондар (F=hv,) туралы. Алдыңда шағылған әйнек жарықтар, көзден тарқай жөнелетін интерференция (аралық жорық) шамаларына үміттер артты. Адамзат өзі жасаған айнасының ішіндегі сүгірет. Психотроптық елес тәрізді кейде!? Бүгінгі дәуір сол кереметтерді шешудің алдында тұр. Сауал көп... Исаак Ньютоннің (1693-1727) әлемдегі аласпыран жарқылдары, кванттық толқудың аз ғана алдында жатқан адамзат санасын сілкіндіріп өтті. Түрлі кванттық толқындар ішінде кісі санасы өмір сүрді. Ғылымның өзін ғылым екенін тани бастаған кезеңі келді. Исаак Ньютоннің дәуірі ағылшындар төңкерісімен дөп ұштасқан. Кеплердің жете алмаған аспан денелерінің қоғалысына ол – Күн көзімен қарады. Расында ғаламдық ғылыми төңкерістер жарысқа түсті. Математика, астрономия, алхимия, теология, табиғат философиясы, тартылыс заңы, классикалық механиканың негіздемесі дүниедегі ең керемет құбылыс дыбыс жылдамдығын адамзаттқа ұсынған. Жалпы дыбыс өлшемі жасалды деген сөз. Ендеше фотон (F=hv,) жарық жылдамдығы екен!? Жарық жылдамдығы – сана!
Ең бастысы табиғи философияның математикалық бастамаларын берді. Дүниедегі тұтас қуаттың күш құдыреті Күн (helios) гелиоцентризм ғылымның шексіздігі тіркелді.Дәл осы жерде Анта құдайы һәм шактизм уағыздары еске оралады.
Жанның дыбысы деген ерекше тосын сауал айналасындағы осындай сана жүр.
Жерді ең алып тамшы деп көретін осынау аз емес уағызда үлкен кереметтер тығылып жатыр. Жерде мүше бар ма? Ағза ше? Жердің жаны – су (varun), судың жаны – ну (өсімдік), нудың жаны – ым, ымның жаны – сөз, сөз – риг, риг – саман, саман – угита т с с.
Бұл ілімнің басы арғы ведалардың монотеистік қайнарына брахма (дүниенің жаратушысы), шива (қайта құрушы құдай), варуна (аспан) деп сіңіседі. Құдайдың бейнесін табиғаттың өңінен іздеуге барған варуна – су құдайы, сурья – Күн тәңірі, сома – Ай тәңірі. Еш нәрсеге бара алмайтынымызды, оның тек аспан жолы мен күн құдыретінен екенін баяғы Калидаса біздің дәуіріміздің V ғасырында өмір кешкен ақын ғана айта алды! Су құрлымына әсер етуші көркем сана тағы да.
Бұл ретте ілімнің іргесін көтеруге «Эмпиризим» еңбегі арқылы Френсис Бекон деген көсемсөз зергері, ағылшын төңкерістерін жан-тәнімен қолдаушысы, лорд-канцлері тіпті транссаяси ойын туралы тосын ой көседі. Сол бейғайып Бекон ғылымда ең қолайлы тәсіл индуктивизмнің әкесі деген дәрежеге дейін жетті. Ол бүткіл дүниедегі күш – тек білімде деп ескерткен тұтас тұлға. Беконның басты қағидаттарындағы әсіре болмашы жетіспеушіліті таныммен парастқа негізделген ілімнің рационалистік бағытын әкелген монист Бенедикт Спиноза Декарттің саналарын елей қоймады. Құдаймен шендесу субстанциялық қарасымен араздасып, шамалы алысып, жұлысты, дінді – «Көне өсиеті» арқылы надандыққа жекті. Алайда таным мен білім, сана мен пайым,білімнің түптөркінін уақыт һәм жарыққа тіреуі жағынан керативтік данышпандығы басым.
Көне жень яки шежіре, де-ли немесе әдет-ғұрып, жөн-жосық, этикалық ұстанымдар, ел басқарудағы әрекеттердің түгелі батыстан нәр тұтты. Қаншама ңасырлар тозды.
Сүн империясы кезеңінде күшті шыққан қытайлық ғылыми даналық сана 1800 жылға дейін еуропаның басқан ізіне де жете алмаған.
Табиғат философиясы көнеқытайдағы күң-фу-зы, дао ілімі, моизм, легизм, лаозы, минцзя, және натурпәлсафалық деңгейдің бәрінде осы күн шексіздігіне бағынатын ұқсас ойлар көп. Сананың түгел күйреген әйеңкі кезеңі (confirmation bias) ортағасырлық төңкерістердің ықпалымен қайта сергіген. Қанша ыбылжыған ғасыр өткенін кім білер содан кейін... Капитал ғасырына келген кезде (reneaissance) қайта қыбырлау көрініс берді.
Жан-жағына жауыға қарайтын қауым өз мінезі мен өз сеніміндегі «діннен» аулақтай жөнелді. Құдайдан, құдайшылдықтан (теофил) мүлде жеріді. Кейбірі туа санадан, кейбірі ақиқаттан да кетті. Ол сәтте ақиқаттқа жанашыр (филалет) іздеді.
Немістің Готфрид Лейбниц (1646-1716)-ін ерекше жақсы көруге тура келеді. Неміс дүниесінің көзін ашқан уақыт, шуақ. Тұрлаусыз, ынжық санаға қарсы шапты. Расында қарқынды екен! Ол тіпті математикалық дифференциалдық теңдеулерді ашты. Материализмді де атеизмді де, Декарттық білім мен дуализмді де аттап объективтік идеализмге беттеді. Бірақ, оның алдында Жорж Беркли (1685-1763) субъективтік идеализим ұсынысы даяр тұрған. Ол адамзат санасы тек құдайдың қиялынан деуден танбады!
Спинозаның таным қисынына қарсы шықты, қуаттың субстанциялық көзі, геология мен биологияны шашып, лейбництік жеке монадология (бөлінбейтін түпнегіздер) арқылы Аристотельдік сенімге шыншыл болғысы келді. Метафизиканы монадология һәм білімнің өте терең түрі деп ұқты. Саяси либериализмнің әкесі Жон Локке оның – «Адам түсінігі туралы тәжірибесі» (1690) еңбегіне жауап жазды. Ол тағы Томас Гоббс (1588-1679) «Адам туралы» еңбегіне қырын қарады.
Не қалуы мүмкін еді адамзаттан деген сауал тұрды тағы. Ғаламшардың шекесі қызған шақты адамдар тағы Күн шуағына қарады. Расы сол тағы да ХVШ ғасыр француз ғұламаларын айналып өтпеді. «Құдайға таласу» мен жаппай ағартушылық елесі келді. Франсуа Мари Аруа-Вольтер (1694-1778) соңынан Жан Руссо (1712-1778) өзіндік күшті эксперименттік ұсыныстарын енгізді. Вольтер ұлы жазушы болса да ішіне екі сенімді сақтады!? Кемеңгер монархияға өлердей беріліп, католицизмге қарсы келді. Адамның еркіндігі пенделер бірінен екіншісі тәуелді болмаған тұста жүзеге асады дейді. Ал, Жан Руссо болса аянға, елеске еліктеді де жеке тұлғаны жоққа шығарады да қарама-қайшы екі идеаның теке-тіресі басталады. Жаппай жан тану, жаппай құдайды еншілеу осы кезде аңызды қараңғы, құдайдың қалауы тозақ пен ұжымақ фатализмдік (fatalis) бейсана керемет көтерілді.Себеп пен салдардың тұйықталған тұсында мидың басқаруы туралы өзгеше ештеңе айтылмады.
Керісінше Жорж Берклиде тұрмыс тауқыметіне болмыс ілімі онтологиялық түр көрінді. Құлықсана сал тартып қаусай алжыды енді болмыспен бетпе-бет келуге тура келеді екен!? Жалпығаламдық осы ХХІ ғасырда ештеңе қала ма, жоқ па!? Біз бәрі бір құбылыстардың гносеологиялық шегіне жетеміз бе!? Бұл құнды ілімнің жаратылыстан бергі аксеологиясы...
Миды – дүниеуи құбылыстардың ең басына қоятын ұғыммен үндес. Орыстың ағартушылары да ХVШ ғасыр ширегінде Николай Иванович Новиков (1774-1818) құлықсаналық икемі, Дмитрий Сергеевич Аничков меңзеген құлықсананың басы таным – сана, таным – сезім деген идеаны көтерді. Сондай-ақ, Яков Павлович Козельский, Андрей Михайлович Брянцевтер үздік-создық натурпәлсафамен оқшауланған. Тек қана Александар Николаевич Радищев адам мен табиғат, өлі мен тірінің айырамасын талдап өзінен бұрынғы ғұламаларды қатаң сынға алған.Оның басты идеасы тән өледі, жан қалады!? Енді бірде фантазерлер жаза жөнелді. Мұнда фантазияның ең кереметі – мағынасыздықтың бетін ашу еді. Дүниеде себебі жоқ ұғымдар өте көп. Себебі жоқ болса дүниеде не болмақ? Себебі болмаса бұл өмірде нүкте болмас еді. Адамзат нүктені ойлап тапты. Нүкте тұрған жерде идеа туады. Идея адамзатты құтқарып келеді. Өкініштісі идеа жүйесіз ұғым. Нүкте саналмайтын инерциалдық шек.
Уақытты қатырып қойып пайдаланатын бір кепке де жеттік. Шамасы бұл қарадүрсіншілдікпен қоштасу дегенмен бірдей естіледі.
МЕТАМОДЕРНИЗМ
Қара түн бүркеген жаңбырлы іңірдің күбір, сыбырын тыңдап, Қараөткелдің сербегіне төніп көсіліп жататын көрпештің сеңсеңіндей бұлттардың сұсты сүгіретінде бір таңғажайып тұратын~ды. Іңір маған Тәңірдің ең жақын келетін мезеті секілденетін. Қалай дегенмен де бүткіл жұлдыздар жамырап біздің қоңыртабан күзеудің өңіріне түнейтін түндерді ұмыта алмаймын. Әсте...
Ат байлайтын айырдіңгекке Ай шуағы тұнып, құдайдың өзі келіп үзеңгі шіреп түсіп, шылбыр ілердей, тұрманды күліктің бүткіл Бөктерді дү-ү-ү-р-р еткізіп сілкінеріндей бейғайып сәттердің сүгіреті. Бұлттың жаураң жүзінде әжесінің иығына сүйеніп қамсыз тұрған балалық шағыңның тізесі жыртық тілкім бейнең! Құдырет шебердің шебері. Ай шомылған Қараөткелдің кәусәрінен уыстап ұрттап тұрып әлдебір өлеңнің иісін сезетін едік.Көктемгі түннің қылаң мұнарлы көгінде күндізгі құстың тырауы тұнып тұрар~ды. Енді бір ғана қадам аттасаң жұмақ ғаламға тура жетіп барадай ұмсынатынбыз.Баяғы төртқұлақты тамның төрткөз терезесіне жұққан сан жұмбақ қыраулары түгел өлеңнің құпия кілтіндей тұнған сілтідей! Ерікіңнен тысқары... Көмейіңде бір шөл бар секілді... Бір тылсым дүниенің уысындасың. Бостан емесің анық!
Өз деміңе тұншығасың,қарадай бірдеңе жетпейді! Осындайда ақ әженің қалтасынан табылатын бір шағым шағырмақтың дәміндей нәрді аңсайсың,ә!?
Бірдеңені өзгерткің келеді, содан қауқарсыз екеніңді мойындайсың! Бозалаң шағыңды өзіңнен жыртып алып қалған ғұмырыңды түрткің келеді. Өкініштісі тәңірің сені әлемдік әдебиеттен шетін аулақта туғызған...
Сенің үшін батыстың шегірен қалың мұқабасы жабық әрі бейтаныста ма?! Ғаламды төңкерер пәлсафалық бағыттар, күйтабақтағы Людвиг ван Бетховен өлген кездегі шырқау ~ «Реквием до-минор». Тіпті «Түрмеден қашқан» Құрманғазы да алыс па?! Алайда осы бір тылсымнан алған ішкі күшің өзіңді өзіңнен бөліп ХІХ ғасырға шегереді! Содан соңыра Марсель Прүст (1817-1922) жазбасына жапақтай бастайсың!? Жоғалтқан уақытыңды іздеп («A la recher-che du temps perdu») өз ішіңде бұралқы итше қаңғырып жүресің!? Неге осы бір қызтеке жебірей соншама қызықты!? Бір тақырыпты қамтыған 15 романы ма!? Олай емес секілді. Оның кісәпірлігінен рас пайымы таң райлы ма?! Алақаның қарайсың... Жалаңаяқ табаныңды сүйген қиыршық тастың еріні мен изеннің кірпіктері уақытыңды үзіп алып қалғанын соңынан сезесің!? Уақыттың өзіңе арнаған құдайдың ерекше қисыны екенін бәрібір кеш білесің.Өзіңде өз өлшемің болуын қиялдайсың!? Алайда өз өлшемің әлі де өспеген... Десе де құлықсанаңның ернеуінде бір ұя бар. Сол ұядан өзің көрген көшпелі өркениеттің сарынын естисің. Артық қасиетің ~ жүрегімен домбыра шертетін түземдік жүбің! Ээллирейдегі лағынды иен аралдан емессің, түйелер жүзген сағымды сары дала тән еншіңде! Көкірегіңде түйелі көштің үні бар. Төрткүл әлемдік өркениетте көштің үнін сезіну үшін төрт қабырғада туғандығың мүлдемге жетіспейді.
Өзіңнен көшіп құтыла алмайсың.
Себебі, алақаныңдағы сызықтың түгелі сені тапқан қаныңның төл сұлбасы.Әлемдік құндылыққа әзір қолжетімсіз болуың мүмкін. Әлемдік құндылық дегенің өзі екіұшты пышақ секілді Күлтегін бәдізін қашаған!
Метамодернизм жаңа ғасырдың босағасын аттады. Өркениеттер тоғысында қайнаған сананың өрт шалған бойына қарай өрмелеген ойдың жорығы. Соцконцлагерде соқыға жығылған еркіндіктің қайта өрлеуі секілді. Ми сіңді болған әлеуметке жұққан бірсыпыра қисындар бізді бірсыпыра титықтатқан еді. Өз санасынан адасқан құмыққан жандар үшін бұл метамодернизм қисыны мүлде бейтаныс болары хаһ. Сана мен сезімнің сан мың жылдық бұлқыныстары былайғы руһаният егелеріне тағы бір таңдауды ұсынды. Қазақ даласына кереге керген ақбөкен елге мұндай ұсыныс тәңір сыйы болуы да ғажап емес. Көркем сурет және әдебиет, музыка, сәулет өнерінен көрінетін өзгешелеу қисындардың бәрі бірі екіншісіне қатысты да болмаса керек. Бірі бір шекпеннің ішінен бір демде «бүрленіп» пайда болмасы да хаһ. Мысалы, қазақ әдебиетіне ағымдардан сәл бұрын енген сентиментальдық көрініс сұңғыла жазушы Бейімбет Майлиннің (1894~1938) «Шұғаның белгісі». Бұл жаңалық па, емес пе, өңге әңгімеге арқау дейік.
Бірақ, түп төркіні мен тамыры бір. Шарль Бодлердің (1821-1867) қиялы ХІХ ғасырдың соңында бір жаңалықтың бетін тырнап өткен! Бұл ширыққан құбылыстың шыққан жері байырғы Париж, туған жылы ХХ ғасырдың басы, есімі ~ модернизм. Кубизммен күндес туған ілім. Модернизмнің өмір сүрген шегі елу неше жыл ғана. Алпысыншы жылдың аяғына таяу, жетпісінші жылға жетер жетпесте жойылған. Модернизм, постмодернизм екеуі «ағайынды» ұғым тағы емес. Екі өңге ұғым, бөгде ілім мүлдемге. Модернизм руһаниятта анық көрінудің шебін құрды, постмодернизм шешен айтудың шегіне жетті. Біріншісі ~ кесек таным, екіншісі ~ майда шеберлікке жол ашты.
Мұндайда нені ойламайсың!? Оноре де Бальзактің (1799-1850) «Ібілістің мұрагері» (1835) өз шешімімен реализмнің қанжығасынан оқыстан түсіп қалған дүние секілді??? Жиырма неше жыл өткенде 1857 жылы Бодлердің «Шайтан гүл» жинағы дестесін жарды!?
Енді сол жерде метамодернизмнің орыны да көрініп, кеңістігі жайыла түсті. Бүткіл Еуропаға етегін жайған авангардтармен бірге тағы да импрессионизм ағымы қосарласты. Әлемнің жарты бөлігінің басын шырмаған Зороастризм сенімін ұштап құдайдың о дүниеге кеткенін зар етіп Ницше жетті. Ол кемелдікке қарай беттеген адамзат санасының жұртқа беймәлім тұстарын қопарды. Оның соңынан Стефан Малларме симболизмі, Зигмунд Фрейдтің (1856-1939) түс жорамалы, Павло Пикассоның кубист кескіндемелері бүр жарды. Ал, Жюль Лефевр (1836-1911) өзгеше кескінмен туды да өзгеше өмір сүрді. Бұлар тек бүткіл әлемдік шіркеуде күркіреу мен дүмпулердің алдында ғана тірілген. Тауарихтың қаламұшынан қанды сия ақты!
Осыдан кейін 1937 жылдары біздің тілге тиек еткен модернизм адамзат санасына әкелінген оба делініп «түрмеге» түскен. Дүниедегі әмбебап ақиқаттың аяғына нацистік тұсамыс салынды. Ал Кеңестік сталиншіл бөртпе тәртіпте Жданов деген әпербақан хайуан бұның тамырына балта шапқан болатын.
Енді міне постмодернизмнің ауаны қоғамның ақиқатты қабылдау пайымына австракциялық ұлығаусар серпілістер келді. Алайда метамодернизм қарапайым қазақы қисын аясында тіптен де нақты һәм Асқар Сүлейменовтың (1938-1992) пайымы бойынша ~ «шындық көп, ақиқат жалқы». Осылай дегенімен синкреттік ұлы сананы да ұсынды. Әлемнің нақты болмысын айпара ашу, ғаламдық биікте сергек оянудың басында (авангардтық) құбылыстарға үңілуді үйрете келді. Бұл құбылыс болғанымен құдыреттер жиыны емес еді. Мысалы, Итальяндық өзекті футуризм су жаңа замандық ағымды қиялдағы ғажайыптармен толысады деп болжады. Муссолинизм бөрілік салауаты осыған негізделе қалыптасқан болуы да мүмкін!?
ХІХ ғасыр түгелдей жаңалық ғасыры болды. Физикадағы кванттық есе-есе жаңалықпен қоса қаншама тірі серпіндер келді. Әуелгі аспанға шықау биіктегі сәулет, Эдисонның ашқан электрі, Вилгельмнің рентгені, Томсонның катод сәулесі, кинотоскоп, сымсыз байланыс құралы, ұшақтың дәуірі, Эйнштейннің салыстырмалық қисындары және пенициллинге дейінгі жүз жыл модернизммен шамалас! Испаниялық сюрреалист Салвадорь Дали (1904-1989) санасына дейін аяқтанып үлгерген бір неше кино күллі техникалық дәуірдің ең кемел тынысын ашты. Бейнетаспадағы ербең сүгіреттер адамзаттың кірбең санасына ең алдымен бұ дүниеде еш құпия қалмағанына куә болған.
Кеңестік Сергей Эйзенштейн «Сауытты Потёмкин» (1925) киносын берді. Алайда агитпроптық, Кеңестік әсіре ресми өнерге қарсы андеграундық тіпті идепенденттік (тәуелсіз) ағымдардың көзі осыдан кейін ашыла берген секілді!
Құдыретті әуен мен көркем сүгіреттің бояулары осы модернизм ауанында бірін бірі шүбәсіз толықтыра берді. Мұндағы есе бірегей керемет дүние сөз саптау шеберлігіне ерекше орын табылды. Жеймс Жойстың «Улисс» (Ulysses) 1922-1939 жарық көрген керемет романындағы ғарыши өрескел өрімдер оқырманды өзіне төте баурап алу жолында бұрынғыдан бөлек сұлбаны көрсетті. «Улисс» романы капиталистік қоғамның бетін тыранап (pasguil) ит сілікпесін шығарумен бірге,соңынан соншама еліктеушілерді ертті. Кітап толық жарияланбай жатып~ақ айтып жеткізгісіз дау туғызды.
Бұл аралықта американың төмен етекті жазушысы Гертруда Стайн (1874-1946) «Tender Buttons» (1914),«The Making of Americans» (1925) эксперименталистік бағыттағы романдарымен түрендетті.Осы модернизм ұлы төңкерісінің руһани көшбасшыларының ең ірісі Эзра Паунд (1885-1972) аламан төңкеріс жасай алды. Бірақ, өмірінің соңыра 12 жылғы «әуіре» өмірі жындыханаға байлатып, тірідей қорлықты басынан өткерген ақын өзінің жүрген жолының түзу екенін әдеби тәңірдің алдында дәлелдеп кетіпті.Паундның «Пизаның үні» бірегей құбылыс.
Осы кезеңдегі Лев Толстой (1820-1910) ғаламдық екі ірі туындысын ұсынған.
«Соғыс және бейбітшілік» (1869),«Анна Каренина» (1877) арқылы қоғам және жеке тұлға аралық қайшылықты айтады. Құлықсананы биік метадеңгейге дейін көтереді. Ескі пайымның өзгеруіне өзгеше шеберлікпен сипаттама орын алатынын меңзейді. Аласұрған көңіліңе жел берер,желбірек сезім ішінде пәлсафалық шүңет ой, өз әлемін айпаруға арнайы ішәрекеттің самалы бірден сезіледі! Ұлы жазушы Еуропалық жазармандар шиырлаған қопалы, қолатты жолдан мүлде өңге таза сүрлеу салған секілді.
Осындай романдар қатарында қазақтың ұлы классигі Мағауиннің «Мен» ғұмырнамалық хамса романы да (1996-1998) талай бүркеулі қоғамдағы сыңаржақ идеологиямен бүркенген ақиқаттың бетін ашуға ерекше рөл атқарды. Қазақ әдебиетін ең биікке сүйреген атышулы «Я идеал» роман осы ұлы талант Мағауиннің ~ «Мен»~і. Тіл деген - ойдың өрісі, ойдың өз өнімі екенін білдіретін саф тұмалық ~ тұншығып баражатқан ұлттың көкірегіне аруананың үніндей дәру~ауа (ауро) болған-ды.
Пайым яһи бейпайым теориясы арқылы өнер және әдебиеттің жілік майын кеміктеп шығарған Фрейдтің psychoanalyse қисыны бар.
Адамның тысқы пошымы ішкі пайымының далдасында тұратын құбылыс екенін Мағауин ағам да «Сары қазақ» бестселлер романында өткізе, жеткізе сырлайды. Тілдің су жаңа керемет лепесін, жантанудың жаңа тәсілін жасады!
Осылай миллион ғасырлық мидың шөкім өлшемімен адамзаттың ғұмырын нешеме жүздеген дециллион жылдарға сапар шегерміз. Масалардың ызыңы өлеңге айналар дәуірге дейін!
Метамодернизм табиғаты әлі де толық ашыла қойған жоқ. Тіптен біздің санадағы табиғи үдерістен де күрделі қисын секілді!? Стивен Хокингінің «Шексіздік» қисыны ауанында ұлы жарылыстар мен мәңгілік түнек, жасанды ес туралы долбарланады.
Алайда поэзияда осы қисының нақты белгілері де жоқ емес. Түс секілді ғұмырда құпия көп. Ал, түстің логикасы бола ма!? Осы саңғал сауал ғасырлар бойы әдебиетшілерді мазалап келді. Поэзияда ой мен тілдің нақты жүйесін үйлестіретін құдырет қазақ тілінде де бар. Тілсіз ~үн, үнсіз ~ тіл жоқ. Расы осы! Поэзия ~ адамның (текті оқырманның) ішкі ой, санасының қалтарысында пайда «тірі ағза». Оның өмір сүретін дәуірі ішкі және тысқы әлемге тіке шандулы. Әлем шексіз кеңістіктен тұрар болса ~ поэзия да соған ұқсас. Өлең ~ шаттану мен жабығудың жұғыны. Ақынның ішкі жандүниесінде жалғыздық «өмір сүреді».
«...Қаздар ұшып барады... Оралмайтын... Қанатына көктемді ілестіріп...» Мәңгілік аңсар аясында Тұманбай Молдағалиұлының метакеңісі, әлемдік зәу биігі көрінеді.«...Сары-ала жапырақтар жақсылықтың орынында жатқан балқып...» Сағыныш қой!
«Адамзаттың заңғар ұлылығын сағынышымен есепке алған...» Төлеген Айберген ақын (1937-1967) тағы да!
Егер қымбаттым сіз білетін батыста бұлардан өзгеше толерантылықтан тыс сызылған керемет келісімді назым, нәзиралар есіңізде болса бізге шамалы айтарсыз!?
Ғаламдық поэзиясы өз бағында гүлдеп келе жатқан рух. Мұндағы кілтипан әр елдің ақындары Елизабет Бишоп (1911-1979) қатарлы жаңашылдармен жолға таласпайды да. Осы кемеңгердің уақыт,кеңістік туралы өлшемі: «...көзімді жұмсам да көрем сені...» (Тұманбай).
Мінеки тағыда: «...Уақыттың өзін де дарға асқан...» (Ұлықбек Есдәулет). Бұлардың қай-қайсысы да шексіздіктің тәумені.
Метамодернизм ~ көшпенді сүгіреттер тізбегі бізге беттеп жөңкігені бар!
ОБА...
Альбер Камю (1913-1960) «Оба»-ны жазды, Орандық ойгер Albert Camus. Өлерінен үш жыл бұрын яки 1957 жылы Нобельге жеткен талант.Фашизмнің саяси індет секілді дертіне қарсы күшті түрен көтерген еңсегей дүлей күш иесі. Ол «Оба»-мен ең күрделі жол, шүңет иірімге сүңгіді. «Оба»-дағы ең сұрапыл кейіпкер Барнер Рейэнің бейнесі. Көше бойында көрген өлген егеуқұйрықтардың жемтігінен сескену, адам тағдырын ойран ететін кездейсоқтықты сезінген дәрігердің арпалысы. Рейэ өзінің үй қызметшісі өлімінен кейін алдағы қатерлі жұқпалы дерт жайлы әлеуметке жалбарынып айтпақ болған. Оны көпке танытқан осы абсурды. Бүгінгі тәжтажалдың лаңы секілді түгел парықсыз, райсыздыққа өте ұқсас...
Кәрентин, ем мен домның тапшылығы, адамдардың мінез-құлқындағы енжарлық әсіредәуірік парықсыздық. Қоғамдағы құлдық сана, ынжықтық,, құрғақ күйзеліс,титықтау, шаршау, ақырғы шарасыздықтар! Жау жағадан алғанда, бөрі етектен! Ұлтты, өзін жәбірлеуі немесе «иесін қапқан ит» секілді лағулар.Тұмылдың саудасы... Жемқорлық!
Оба келгеннен кейінгі жайлай бастаған бейберекетсіз әлектер. Егеуқұйрықтың (rats) жемтігіне бейғам қараған жұрттың әлсіздігі туралы ойлар тізбегі. Жазушы жандүниесімен абсурдтық қатал бөгесінге ұшырайды. Ол, соңында философиялық бірер байламға жегіледі. Жалпы есалаң басшылы өлмелі қоғамға сырттан келер қауіп-қатерлердің түпкіаяны осы жұқпалы дерт арқылы хабарланады екен!? Өкініштісі жандардың қамсыздығы мен салғырттығы, қырттығы, қырсыздығы өз-өзін қазылған көрдің ернеуіне сүйрейді. Күйреудің мақұрымы - «өркениеттің» өзінен екенін дәлелдеу. Шығармадағы бес, алты кейіпкердің шымбайлы бағыты осыған шырмалған.
Оған қоса биліктің құлдыққа бейім бәдіктігі, миғұла шенділердің сөз сүреңі. Жаныстырулар, дау жаңжал, ызың, шу тағы сондай бейдауа әбігерліктің келуі – болашақ обамен өзектес екен...
Қала тынысының бір сәттік тарихқа айналуы, обадан құтылуға әзірлік,бір пенденің екіншісін әурелеуі, дүкендерді тонау, өлгендерді өртеу, дүрбелең жаппай ортадан қашу хаосы секілді қираудың сойқандығы сомдалады.
ХІҮ ғасырдан бері тараған күллі індеттер қоғамды сонша сорлы ұмытшақ еткендігі емеуірінделеді. Енжарлыпен күресу үшін жазушы обаны таңдаса керек. Жақсы көру мен жек көрудің мағынасын ашу кереметтігі тағы да осында. Шығармаға қайта үңілсең – бүткіл тарихтар арасынан өз бейнеңді де байқайсың.
Қазақ қара өлеңінде – «бәрімізді жалмайды сұм қар жер...» дегенде кездейсоқ дерт ақпараттарын барлық кілттерді тек қарғысына сақтапты-ау, деп... Қарақұрт жегір, көкала келгір, көк шешек,басқын,марту т с с.
Обаны жеңу мүмкін емес. Оба өлмейді, адам оның баспанасы, ол сонымен мәңгі дейді. Адамзаттың тәубесін ескертетін кезінде бір аламан күш оны бізге жіберуі де мүмкін деген долбар. Бұл енді тағдырмен қарсы келудің ең бірінші күшті түрі болар!?
Жуықта неке тойын жасап жатқандар «тәртіп бұзды делініп шара қолданылды» дейді. Обаға күш бермейтін жалғыз құдырет болса – махаббат дейді!? Ол туралы Габриэл Гарсиа Маркес (Gabriel Garicia Markes) оба сәтіндегі махаббат әлегі немесе «love in the time of cholera» шығармасы арқылы обаның күші жетпейтін адамның ішкі сүйіспенші сезімі ғана!
Бүгінгі қоғамның ашу, ызасы өз тағдырын басқадан көретін қараңдығы туралы ерекше мысалдар беріледі.Өмірдің мән-мағынасын бағалау,қоғамның қырсыздығынан сақтану, күннің бетін таза ұстау, сұлулық пен мақаббатты құтқарудың әрекеттері. Ең басты тұжырым – төзімділік!
Мұнда діни қиғылықтар, құдайға қарсы пиғылдар легі,құдайдың зауалы ма, әлде құтқару ма?! «Оба»-дан осыны пайымдауға болатындай!
Бірақ... (harbingers)
Көк ит бір жақ, КОВИД бір жақ...
Ковид (COVID-19) деген жау келді. Жербетіндегі адам санынан неше млн есе көп дауасыз дерт. Оны өлтіруге адамзаттың күші жетпей жатыр! Ер төстік ертегісіндей Емао деген «лау нән рін хы» мен «лау нүй ріннің» бір жарғанаттың төстігін қуырып жеген күні жұққан індет. Есімі – тәждәһа 8 дицилион жанды жылбыр дейді. Адамның бойындағы бір клеткадан мың есе кіші дерт. Клетканың салмағы 27 пикограмм немесе 1 нанограмма, иеленетін орыны түйір тамшыдан 12 номлн есе кіші ноқат. Тәждәһаның осы клеткадан салмағы 18 квантилионге тең жеңіл болса керек.
Адамның денесінде 70 трлн клетка, 40 трлн бактерия өмір сүрмек керек. Солармен соғысуға, құртуға келген тәждәһа-әждәһа! Клеткалардың ішіне көзді ашып жұмғанша жылдамдықпен еніп орнығып,кеңсіріктен көмейге аялдап, ағзаның тәуелсіздігін ойрандап, бүлдіруге кірісетін бәле. Ойран саларға дейін екі апта қажет. Адамның денесінде онымен қарсы жағаласуға арналған даяр қасиеттер әзірге әлсіздігін ойланып жатса керек...
Сол тұрғыдан қарағанда әзірге ковидтің шабуылының қасында адамның бойындағы клеткалар «көк ит» болып тұрған секілді. Тек текті адамзатта оны жеңетін құдырет барына сенейік.
Ыстанбұл шәрі 2020.04.02.