Ақылбек Күрішбаев. Қиындықта демеу болайық!

Жаңалықтар
2260


Қазіргідей қиын әрі күрделі уақытта қандай мемлекет тез арада, барынша аз шығынмен дағдарыстан шыға алады? Ол үшін мемлекеттің тәжірибелі басшысы, мықты басқару жүйесі болуы керек. Мұндай төтенше жағдайда, ең бастысы, басқарушыны ел болып демеп, барынша қолдау маңызды. Былайша айтқанда: "Елім дейтін ерге, ерім дейтін ел" керек. 

Күні кеше ғана сайланған Президентіміздің қандай азамат екенін жұрт жақсыбіледі. 

Ол кісінің ел басқару кезеңімен аса күрделі оқиғалар тұспа-тұс келді. Айналасы бір жылдың ішінде елімізде нелер болмады?! 

Алдымен Арыс қаласында қойма жарылды, ұшақ апатқа ұшырады, Мақтааралды тасқын су басты, ал арты әлемді әлсіреткен коронавирус індетіне алып келді. Егеменді еліміздің тарихында болмаған төтенше жағдайға тап болдық

Осының бәрі Президентімізге оңай тиіп жатқан жоқ. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Оны түсінуіміз керек. Тағдыр сынағы шығар. "Жаратушы сынақты көтере алатын адамына ғана береді"- дейді. Еліміз үшін жанымен шырылдап, бар мүмкіндіктерді жасауда.

Оны барлығымыз көріп-біліп отырмыз. 

Заманауи білімі кемел, алысты болжай алатын халықаралық деңгейдегі басшы. Ең алдымен, таза адам. Мұны баса айту қажет.

Ал тазалық – қандай қоғамды болмасын тығырықтан алып шығар шуақты жол. 

Міне, осындай күрделі жағдайда елді қиындықтан алып шығатын мықты атқарушылар, қазіргі тілмен айтқанда Президенттің командасы болуы керек. Олар елге шын берілген, жанашыр жандар болуы тиіс. 

Бірақ, атқарушы билік осалдық танытып отыр. Күрделі кезде күре жол таба алмай абдырап қалды. Үкіметтің ұйытқы бола алмауынан қателіктер кетті. Бұл ескі жүйенің дәрменсіздігін дәлелдеп берді.

Президенттің өз сөзімен айтқанда: "Бізге мемлекеттік басқаруды қайта жасақтау қажет. Жаңаша бағытта ойлай алатын жаңа орындаушыларға мүмкіндік беріледі. Олар - білімді, белсенді, іскер және адал азаматтар".

Қазір көпшілік Үкімет пен биліктің барлық құрылымдарында тез арада өзгерістер енгізуді талап етуде. Дұрыс! Бірақ мұны тез жасай салу оңай шаруа емес. Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар жұмыс істеген адам ретінде айтатыным. Бізде тек теориялық қана емес, сонымен бірге, практикалық тәжірибесі бар дайын кадрлардың саны өте аз. Егер адам әдемі сөйлесе, ол оның кез келген саланы басқарып кете алатындығын білдірмейді. Тіпті, басшылық лауазымдарды айтпағанның өзінде, министрлікте қарапайым қызметке тиісті маман табу кейде өте қиын. 

Дегенмен, қалай болған жағдайда да мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру қажет және солай болады. Ол жүйе әділ және ашық болуы керек. Бұл жұмысты Президентіміз қазірдің өзінде бастап кетті.

Біздің елдің экономикасы көбінесе үлкен бизнесмендер мен алпауыт олигархтарға негізделген. Олардың көпшілігі өздерінің мүдделерін қорғайтыны жасырын емес. Егер өзге дамыған елдердегідей ел экономикасы шағын және орта бизнестің үлесінде болғанда, жағдай мүлде басқаша болар еді. Ал енді әлгі алпауыттардан қандай да бір күрделі өзгерістерді талап етер болсақ, онда олар ұшақтарына мініп, шет ел асып кетпейтініне кім кепіл?

Ашығын айту керек, қазіргі нарықтық заманда ондай ірі инвесторларға барлық мемлекеттер таласуға бар. Ал осыдан кейін ел экономикасы бір күннің ішінде құлдырап шыға келмей ме? Сондықтан да, араға алтын көпір сала отырып, бір жақты жағдай мен елге ұтымды шешім жасау ел Президентінің басты міндеті екенін түсінуіміз қажет. 

Бұл жұмыста Президентімізге күш пен қуат, жалынды жігер беретін халықтың өзіне деген риясыз сенімі мен Елбасының қолдауы. Сондықтан біз бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жақсы ниетпен басшымызды ел болып қолдап, жігерлендіріп демеу бергеніміз абзал.

Кейбіреуіміз өз отбасымызды басқара алмай отырып, мемлекет басшысына қисынсыз сөздер айтамыз. 

Президент – бір ғана қазақты емес, миллиондардан тұратын қазақ елін басқарып отырған тұлға. Осыны естен шығармасақ екен. 

Әрине, қоғамымызда өзгерістер болу керек. Болады да. Қазақстан дамыған демократиялық мемлекетке айналуы хақ. Бірақ біз оған революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен келуіміз керек. 

Егерде айтып отырған бітеу жараның беті ашылып кетсе, бұдан да қиын, бұдан да күрделі кезеңге тап боларымыз анық. Сарапшылардың бағамдауынша, егер де Қазақстанда жағдай ушығып кетер болса, еліміз кем дегенде 25 жылға кейін шегінеді. Демек, жақсы өмір де, біз армандаған әдемі заман да жоқ болады. Ал, билік дәрменсіздікке ұрынса, бізді жан-жақтан қоршап отырған алпауыт көршілеріміз шет облыстарымызды бөліп әкетпеуіне кім кепіл? Бұл – ащы шындық. Бізге, біздің балаларымызға бұл қажетпе? Әрине, жоқ. Сондықтан халықтың бірлігін бекем ұстап, мемлекеттілігімізді қалай да нығайтуымыз қажет.

"Мына заман той тойлатын емес, ой ойлайтын заман"-, деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткен болатын. Түсінген адамға расында да ой салар сөз. Әрқашан қазақ елінде жастарға ақыл беретін, елді біріктіретін зиялы қауым өкілдері мен абыз ақындар болатын. 

Ел басына күн туған уақытта, тән ауыруымен бірге жаны күйзелген елді сабырға шақырып, салиқалы сөз айтатын зиялы қауым, ғалымдар, өнер қайраткерлері емес пе еді. Жар астында жау барын алыстан болжап, елге ақыл айтатын сол зиялыларымыз осындайда ел шетіне шығып, ел басқару жолында салиқалы сөз айтса деймін. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған заманауи кешенді басқару жолын халыққа түсіндіруге атсалысатын ел ағалары көбейсе игі.

Қиын-қыстау заманнан еліміз аман шығып дамудың даңғыл жолында болайық, ағайын! Деніміз сау, басымыз аман, жүрегіміз таза болсын!

Ақылбек Күрішбаев,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, 
С Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...