Колхоз басқармасының бастығы Күлзайра дейтін әйел, қара, бөкебайды басына тұмшалап орап тымырайып от...
Ауысқан қыздардың тағдыры. (Деректі әңгіме)
АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ, жазушы-журналист.
Тәртіп бойынша, сәби туысымен жаңа босанған анаға баласын көрсетіп, «салмағы сонша, бойы мұнша, ұл я қыз» деп, айтуға тиіс. Үлкен қалалардағы пензентханаларда бір сәтте кейде бес-алтыға дейін сәбилер қатар туып жататын қарбалас кездер де көп болады.
Міне, қазіргі баяндамақ болған хикая да осындай жағдайдан бастау алған еді...
Есенгелді мен Шұғыла (әңгімедегі барлық есімдер мағынасына сәйкес өзгертіліп алынды) тұңғыш қыздары туғанына отыз жыл өткенде қанша ұмыт болса да, естен кетпей жүрген бір сырларын өзара ортаға салып, екеуі екіұдай болып қалған-ды.
Отағасы: «Өз туған қызымызды іздесек қайтеді?»
Әйелі: «Табыла ма? Табылса ол бізді таный ма? Ал, табылды дейік, сонда мына өз қызымызға не дейміз?!»
Отағасы ол жайлы ойламаған секілді:
«Оған ештеңе айтпаймыз ғой, өз қанымыздан шыққан қызымызды тауып алсақ болды емес пе!»
Әйелі: «Ибай-ау, ол қызды біз тауып алғанда, оның да әке-шешесі бұл жағдайды біледі емес пе? Олар да адам баласы ғой, бізге ауысып кеткен қызын олар іздемей қоя ма?» Отағасыны бұл уәж ойландырып тастады. «Иә, бәсе деші...» дегеннен басқа сөз айта алмай тарығып қалды.
Әйелі алдағы болатын оқиғаны одан әрі өрбітті. «Мына біздің қызымыздың да өз әке-шешесі баламызды көреміз деп, келсе оған не бетімізді айтамыз!? Сен моңғолдың қызы болатынсың десек, апасы дегенде жанын үзетін ол байқұсты тірідей өлтіреміз ғой!..»
Отағасы: «Иә, бәсе! Қиын болатын шығар!.. Бірақ, өз қанымыздан шыққан қызды бір іздемей, артынан жоқтамай, оған өзінің қазақ екенін айтпай, мына дүниеден кеткенім, менің көкірегімде көк мұз боп кететін сияқты...»
Ұлтшыл, қаншыл, намысшыл отағасының сөзі ақыры ерлі-зайыпты екеуінің «құпия диалогының» салмағын басып кетті. Ақырғы байлам мынау болды: Не де болса, ол моңғол болып кеткен қызды іздейік. Тапсақ, маңдайынан бір иіскеп, қазақтың қызы екенін айтып кетейік. Қазір ол да отыздан асқан, отбасы, балалы-шағалы болған шығар. Ал, мына қазақ боп кеткен өз қызымыздың суретін апарып оның да әке-шешесіне көрсетейік. Сонымен, іс тәмам болсын» дегенге келісті.
Екеуі шұғыл алыс жолға қамданды. Алматыдағы үйлі-баранды болған ұл-қыздарын, өздеріне жақын туған-туысқандарын өз шаңырақтарына шақырды. «Осылай да осылай, көп жылдан бері аяқ баспаған, жастық шағымыз өткен Уланбатырға сапарлап келмекші болып отырмыз.
Онда ескі дос-жарандар бар, көшпей қалған өзіміздің бірлі-жарым туған-туыстар да аз емес, соларға бір сәлемдесіп қайтсақ деген ниет бар...» Жиылған әулеттері жамырай «жөн, жөн!» десті. Екеуі бірақ, келіскен негізгі мақсаттарынан жылт шығармады.
Есенгелі арқа-жарқа болып дастарханда отырғандарды қолындағы «S0NI» видеокамераға жақсылап түсіріп отырды. Ара-арасында: «Кәне, туыстарға сәлемдеріңді айтып қойыңдар!» деп, қояды. Бәрі де кезек-кезек дастарханнан бас көтеріп, алыста, артта қалған туыстарға сағынышты сәлемдерін жолдауда.
Есенгелді дастарханға қызмет етіп жүрген өзінің тұңғышы қызына объектсін көбірек тоқтатып: «Айгерім, қызым! Кәне, Уланбатырдағы туыстарға сәлем айт!» десе, биязы мінезді сүйкімді «қара қызы» әдемі жымиып:
«Әкетай! Ол жақтағы туыстарды мен тіпті, танымаймын ғой... Сонда да, енді не дейін...» күліп алып: «Алматыдан сіздерге көп сәлем! Аман болыңыздар! Барғанда әкем мен шешемді жақсы қыдыртыңыздар!» деп, қойды.
Экранда, қызының қысықтау келген сүйкімді қарақат көзі, жылы жүзі жақыннан ап-айқын болып көрініп, айтқан сөзі де сыңғырай анық естіліп тұрды. Есенгелді отағасы да дәл осы сәтті күткен еді, іс бітті. Бәрі де еш сөкеттігі жоқ әдепкі тірліктің бірі болып, басқосу тарқады.
Есенгелді мен Шұғыла Уланбатырға жиырма жылға таяу уақытта барғанда қаланың қатты өзгеріп кеткеніне таңқалды. Социализм заманында ең биік үй саналатын он екі қабатты «Баянғол» қонақүйін екі-үш орайтын зәулім әйнек үйлер қала ортасына қаптап кетіпті. Сүхэбатыр алаңы деп аталатын қала орталығындағы бұрынғы сұп-сұр өкімет үйі де мүлде өзгерген. Кіре беріс алдыңғы жағы үлкейтіліп Шыңғысханның тақта отырған алып мүсіні, оң және сол жағында «Тоғыз тұғыр» деп даңқы шыққан ат үстіндегі атақты тоғыз уәзірдің айбынды мүсіндері көз тартады.
Уланбатырдың алдыңғы жағынан шығыстан батысқа қарай сылдырап ағып жататын Тула өзенінің бұрындары тал-қайың көмкеріп жататын табиғи жағалауын қазір элиталық деп аталатын биік үйлі аудандар иеленіп алған. Одан арырақтау қалаға қоңыр самал жолдап тұратын ну самырсын орманына көміліп жатқан аласа Боғда тауы, таудан бөлектеніп тұратын Зайсан төбе де өзгерген. (Бұған қазақтан шыққан атақты ұшқыш-генарал Жайсановтың аты берілген). Төбенің іргесіне «Дарь эх» (Әулие ана) деп аталатын өте биік пұт-мүсін тұрғызылыпты...
Шұғыланың жасы жиырмаға толмай тұңғышын босанған қалалық перзентхана көзіне оттай басылды. Ол да үлкейіп өзгеріпті. Ондағы архив бөліміне келіп өзімен қатар босанған Цэцэгманың тұрақ-жайын табуға кірісіп көрді. Алайда, мерзімі өткен құжаттар жойылып кеткен екен. Амалы таусылған Есенгелі мен Шұғыла отыз жыл бұрынғы өткен оқиғаны естеріне түсірді.
Шұғыла босанып бір аптадай уақыттан соң тұңғыш бөбегімен аман-есен үйіне келген-ді. Әке атанған жас жігіт Есенгелді де қуаныштан арқа-жарқа. Бірақ, ойламаған бір қызық болды. Қуаныштан көздері жарық-жұрқ етіп, тістері жалт-жұлт етіп, қара мұрты жылт-жылт етіп жүрген Есенгелді жаңа туған қызыл шақа сәбидің бетін ашып көре сала:
«Мынау менің балам емес қой!» деді. Шұғыла бұл сөзге алғашында селк ете таңданып, соңынан жігітінің сөзін басқа мағынада ұғып, көзінен жасын төгіп жылай жөнелді. «Мені қыздай алып ап, мұндай сөз айтуға дәтің қалай барып тұр, сенің!» Жігіті шарасыз үнсіз қалды.
Содан бірнеше күн өткен кезде үй телефоны шырылдады. Шұғыла өзімен бір сәтте қатар босанған Цэцэгманы дауысынан тани қойды. Ол да бір қызық жаңалық айтып күлді: «Шұғыла, менің жігітім қызымның бетін ашып көре салып, мына сап-сары бала қайдан шыққан?» деді.
Мен оған қатты ренжідім, немене сен мені біреудің баласын тапты деп, тұрсың ба!?» дедім, ол үндей алмай қалды» деді. Шұғыла да өздерінде дәл сондай жағдай болғанын айтып, біраз таңданысып тұрды. Содан, «Осы екеуіміздің баламыз ауысып кеткен жоқ па, өзі!?» деген, күмәнді де айтысып қалды. Бірақ, жас босанған балаң келіншектер бұл жағдайларын күлкіге айналырып одан әрі сөз қозғамай тоқтаған-ды.
Тұмса туған Шұғыланың омырау үрпі қиылып бөпесін емізу қиынға соқты. Қасында ақылын айтып, күтіп отырған апа, абысын-ажындары да жоқ, олар алыста болғандықтан әбден қиналды. Баян-Өлгейдегі шешесі бұл жағдайдан хабардар болған соң:
«Әй, сен қыз андағы баланы аштан өлтіреді екенсің! Бөпені сенімді кісіден Өлгейге ұшатын айырпланмен бізге салып жібер! Үш сағатта ештеңе ете қоймас, тосып алып өзім бағайын» деді. Бәрі айтқанындай болды.
Бір ай астам уақыт өткенде Цэгэгма тағы телефон соқты: «Шұғыла, мына менің қызымның өңі расында саған келетін секілді» деп, күлді, «Перзентханаға апарып тексертсек қайтеді?» Шұғыла да бұған келісіп, бөпесін Баян-Өлгейден алғызған соң өзі хабарласатынын айтты.
Есенгелді мен Шұғыла екеуі «Солай да, солай апа! Баламыз моңғол келіншектің баласына ауысып кеткен секілді, Айкерімді қайта салып жіберіңіз!» дейді, ғой. Тағы бірер аптада апасынан жауап келді: «Әй, не қыртып, тантып жүрсіңдер! Енді, бала менікі! Мен де, бөпе де бір-бірімізге әбден бауыр басып кеттік, басымды қатырмаңдар!» депті. Керей кемпірдің мінезі белгілі, айтты бітті, кесті үзілді...
Бұл хабарды естіген соң Цэцэгма да қайта қаузамады. Ол да сүйкімді тұңғыш бөпесіне бауыр басып кеткен болу керек...
Алдамшы күндер де зулап өтіп, бір-жарым жылда Есенгелді мен Шұғыла ұлды болды. Бастан кешкен қым-қуыт оқиғалар кешегіні ұмыттырып ертеңімен елтіткен қызықты жастық шақтары өтіп жатты. Екеуі жаз күндерінің бірінде Баян-Өлгей аймағындағы өз ауылдарына қыдырып барғанда Айкерім атты қарақат көз тұңғыш қыздарын танымай да қалды. «Апам баласымын! Апам баласымын!» деп тық-тық етіп, зыр жүгіріп жүр.
Тағы да айлар ауысып, жылдар жылжыды. Атақты тоқсаныншы жыл келіп жетті. Моңғолияда жетпіс жыл үстемдік еткен «Социализм» деген тот басқан рухани шынжырды «Демократия» деген жылпос қайшы келіп, қиып-қиып шашып жіберді. Алғашқы демократиялық ашық сайлаудан соң-ақ, «Адам құқы, эмиграциялық еркіндік» деген заң күшіне енді.
Моңғолиядағы этникалық қазақтардан тәрбиеленіп шыққан рухы мықты ұлтшыл зиялылар дүниені дүрліктіріп «еңбек шарты» деген желеумен Қазақстанға алғашқы көшті бастап та жіберді. Уланбатырда тұратын Есенгелді мен Шұғыла да елден қалмай көшті.
Баян-Өлгейдегі апасының қолында өсіп, он бес-он алтыға толып бойжетіп келе жатқан Айкерімді де ерте кетті. Бір жыл бұрын апасы бақилық болған-ды. Қазақстанға келген соң апа тәрбиесін көріп әрбір нәрсеге алғыр өскен қыз мектепте үздік оқып, мамандық иеленіп жоғарғы білім алды.
Қазақшасы апасының сөз әуенінен аумайды, мақалдап төгілдіріп сөйлейді. Ауыл әдебі бойына әбден сіңген, өте әдепті, ұяң-инабатты, мінезі де жібектей.
Жасы келген кезде әке-шешесі өзіне лайықты жігітке ұзатып, той-томалағын да жасады. Айкерім де аз жылда балалы-шағалы болып, өмір ағынымен бір қалыпты келе жатқанда, мынандай ойламаған бұралаң-бұрылыс алдынан шығар деп күтпеген еді...
Шұғыла бір палатада жатқан кезден бастап Цэцэгманың аты-жөнін, қаладағы тұрғылықты жерін есіне жақсы сақтап қалған болатын. Енді, олардың үй-жайын сол баяғыдағы «Дэнж мянга» деп аталатын қаланың батыс жағындағы маңайдан барып, шолып іздестіре бастады. Ол кездегі ескі құрылыстар атымен жоқ, ылғи жаңа үйлер.
Екеуі күні бойы өздері құралыптас егделеу адамдардан Цэцэгма мен оның күйеуінің атын атап жалықпай сұрастырды. Бәрі де, «Үгүй, мэдэхгүй» (жоқ, білмейміз) деп, қысқа қайырады. Мұндай шолақ жауап үміттерін үзе бастады. Әбден кешке таман енді жатқан үйлері жаққа кетуге қамдана бастағанда, қарсы жолыққан жайдары мінезді қария адам: «А, олардың меншік дүкендері бар ғой, анау маңда!» деп, жөн сілтегенде екеуі дүниеде қымбат қазына тапқаннан бетер қуанды.
Шұғыла жүрегі қобалжый әлгі дүкеннің табалдырығын аттағанда, елулерді еңсеріп қалған отыз жыл бұрынғы моңғол келіншектің мейірімді келген қоңыр көздерін Шұғыла жазбай таныды. «Цэцэгма!» деп, қуана айқайлап жіберді. Цэцэгма да: «О, Шұғыла, көктен түстің бе?!» деп, қуаныш пен таңданыс аралас дауыспен жауап қатып, құшақтаса амандасты.
Келесі сәтте Шұғыла: «Әлгі, тұңғыш қызың аман-есен бе?» деді. Цэцэгма: «Иә, менің қызымның түрі жас кезіңдегі сенен аумайды, екі баласы бар» деді де: «Иә, сенің қызың да аман-сау ма?» деді, көзінде жас мөлдіреп. Шұғыла да дауысы дірілдей: «Иә, менің қызым да аман-сау, оның да екі баласы бар. Ол да екеуміз босанып жатқан кездегі сенің жас күніңнен түрі аумайды!» деді.
Содан дереу қолдарында алып жүрген видеокамераны ашып, Айкерімнің сәлем жолаған сәтін Цэцэгмаға көрсетті. Ол өзі түсінбейтін мүлде бөтен тілде сөйлеп тұрған, жас шағындағы өзін көргенде бір күлді, бір кемсеңдеп жылады...
Шұғыла бұйымтайын айтты: «Өсірген қыздарымыз енді өзіміздікі болса да, бір-біріміздің қызымызда өз-өзіміздің қанымыз бар ғой, Цэцэгма. Бір көріп, маңдайынан иіскеп, танысып кетейік, деп келдік» деді.
Цэцэгма тығырыққа тірелгендей ойланып қалды. «Оған қалай айтсам екен?! Ол әлі күнге ештеңе де сезбейді ғой... бүгін үйіне барып жолығайын, кешке өзім сендерге не болғанын айтармын...» деді. Уәде осы болды.
Шұғылаға кешке соғылатын телефонды күткен бір күні бір жылдай көрінді, әбден түнге қарай Цэцэгма хабарласты, алдымен жұмсақ күліп алды.
«Шұғыла, Нараға бәрін айттым. Ол көздері дөңгеленіп қатты таңданды. Эже, сен маған киносериал айтып отырған жоқсың ба, деді. Сенетін емес. Содан сендердің жатқан үйлеріңнің әдресін бердім. Қызым, неде болса сол Қазақстаннан жүрген адамдармен жолығып қайт, дедім. Нара менен, ол кісілер ағылшын тілін біле ме, менімен қандай тілде сөйлеседі, деп сұрады. Жоқ, ол кісілер моңғолша жақсы біледі, деп едім, одан сайын таңданып қалды. Ертең кешке жұмыстан соң Нара өзі барып қалар, күтіңдер!» деді.
Мына хабардан кейін, сан-сапалақ оймен ерлі-зайыпты екеуі көрер таңды көзімен атырды. Келесі күні таңнан кешке дейін жатқан үйлерінің диванында Есенгелді мен Шұғыла отырғызып қойған жанды мүсіндей есік жаққа елеңдеумен жаздың ұзақ күнін әрең-әрең еңсеріп, күн ұясына таяй бере, батыс жақ терезеден күннің қызығылт шапағы ұйқықашты жүздеріне түскен кезде, дыз-дыз еткен қоңыраумен жарыса тұрған екеуі бір-бірімен соғылысып есікке қарай тұра ұмтылды.
Екеуі таласа жүріп сасқалақтай ашқан есіктен жүзінде қатты таңданыс шырайы айқын байқалған, шашын әдемілеп қырыққан, қалалық үлгіде киінген бидай өңді жас келіншек кіріп келе жатты.
Ерлі-зайыпты екеуінің көкірегінде отыз жыл бойы ұмыт болып, енді ғана қызу сағынышқа айналған қызық сезімдері бір сәтте басылып қалғандай болды. Өздеріне мүлде бейтаныс көзбен қарап тұрған қыздарын алдында ойлағандарындай жылап-сықтап бас салып құшақтай алмады.
«Сайн уу, охин минь!» (Сәлемет пе, қызым!) деп, әдеппен маңдайынан иіскеп қана амандасты. Келген қыз да шетелдік адамдармен амандасқандай салқын сәлемдесіп, бұрыштағы креслоға тізе бүкті.
Нара өз әке-шешесінің жас шамасындағы шетелдік екі кісінің моңғолша мүлтіксіз таза сөйлей бастағанына іші жылығандай ілезде моңғолдардың ашық-жарқын мінезіне көшті. Бірден, екі бейтаныс кісіге кеше кешкісін шешесі өзіне айтқан «киносериал» хикаясы туралы сұрағын қойды.
Есенгелді мен Шұғаның айтқаны, өз шешесінің айтқанына айна-қатесіз болғанына амалсыз иланғандай, иланса да бұған көне алмайтындай, көнсе де ешқандай мәні жоқ секілді бейтарап сезімде отырды.
«Жаңа әке-шешесінің» әңгімесіне әбден қанығып болған кезде ғана, күле отырып: «Өзім де ата-ана болып отызға келген кезде, Бұрхан (Құдай) маған тағы бір ата-ана сыйлап жатса, оған қуанбасам, ренжімеймін ғой!» деген шынайы сөзін айтты...
Есенгелі мен Шұғыла жаңа тапқан қыздарын Алматыға қонаққа шақырып, ойға алған істері сәтті болып үйлеріне қайтып келсе де, енді Айкерімге бұл хикаяны айту ең қиын болды. Айтпаса да болар еді, бірақ Цэцэгма «Мен де туған қызымды көріп қайтайын, оған да айтарсыңдар!» деген аманат сөзін, ескерусіз қалдыруға болмайтын еді...
Ақыры, алыс сапардан аман-есен келген Есенгелді мен Шұғыла тағы да бала-шаға, ағайын-туысты жиып, базарлықтарын тарата отырып, әңгімелерін шертті. Отыз жыл бұрын ауысып кеткен қыздарын тауып алғандарын айтты.
Дуылдап отырған туыстары мұны естігенде ауыздарын ашып, көздері шарадай боп таңырқап қалды. Келесі кезекте бәрі бірауыздан «Ол қай қыз ауысқан!?» деп, айтпасқа болмайтын, тығырыққа тіреген сұрақты қойды. Бәрі біріне-бірі қарады. Ұлдары қыздарына, қыздары ұлдарына көз тікті. Бәрінің көкейінде «Ол моңғол қыз кім!?» деген ғажап сұрақ.
Есенгелді тұңғыш қызы Айкерім жаққа бет бұрып: «Қызым!» деді, дауысы дірілдеп, «Кешір, айналайын! Сен біздің қызымызсың ғой! Бірақ...» ары айтуға жүрегі дауаламай тоқтап қалды.
Сол сәтте Айкерімнің көзі шарасынан шықты! Өңі аппақ қудай боп мүсінге ұқсап қалды. Сәл уақытта қазір бірге отырған өзінің ең жақын әулетінің жүрегін жарып жіберердей шыңғыра жылап жіберді:
«Не, деп отырсыңдар! Мені моңғолдың қызы деп отырсыңдар ма!? Апа! Апа! Апа! Сен өлген соң, мыналар мені басынып моңғолдың қызысың деп жатыр! Апа...а... а...а...!» деп, еңіреп жылады. Айкерімнің зарлы жылауы отырған туыстарының бәрінің көзінен жас сорғалатты...
Алайда, қу тағыр кімді көндірмеген дейсің! Ауысып кеткен Уланбатырлық Нара Алматыға қыдыра келіп, жаңа туыстарымен танысып, бөтенсімей үйір болып кетті. Өйткені, оның қазақстандық жаңа туыстары түгел моңғолша білетіндіктен, тіл табысу, танысу үйренісу қиынға соқпады.
Ал, Айкерімді шақырса да Уланбатырға бармайтыны белгілі еді. Өйткені, ол қаны моңғол болса да, жаны нағыз қазаққа айналған қыз еді. Оның үстіне керей қазақтарының салты болып кеткен «Апасының баласы, әжесінің қызы» деген «дәстүрлі статусы» оның жанынан да қымбат болатын.
Дегенмен, Уланбатырдан туған шешесі Цэцэгма Алматыға ізеп келгенде сәл жұмсарғандай болды. Өзіне бөтен анаға шатақ шығармай әдептілік сақтады. Маңдайынан иіскетті, күтіп құрметті қонақ етті. Бірақ, етене тіл табыса алмады. Өйткені, Цэцэгма қазақша да, орысша да білмейтін. Ал, Айкерім өз тапқан шешесімен тек, моңғолша білетін өзінің жақын адамдарының көмегімен аудармашы арқылы сөйлесуге тура келді...
«Ауысқан қыздар» хикаясын осылай тәмамдасақ та жететін сияқты. Ал, осы нақты оқиғаны оқырманға баяндаған журналист ретінде өзімнің бір қортынды пікірімді қоса кетсем, айып болмас деймін.
Өмірде болған осы мөлтек әңгімеден Қазақ еліне көшіп келген қандастарымыздың ешқашан да өз АНА ТІЛІН басқа тілге сатпайтын рухани ерік-жігерлі екенін байқайсыздар, мұндай жүздеген мысал айтар едім, оқырманды жалықтырмайын дедім.
18-02-2019
АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ, жазушы-журналист.