Қуыршақ деген кішкене кісі. Аяғы, қолы бар. Аузы, мұрны бар. Белі буулы, жеңі сұғулы, төсегі салулы....
Жүсіп Баласағұнның кітабы «Құтты білік» пе, әлде «Құтты билік» пе?
Елбасымыз жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи мұраларымызды ұлттық көзқараста зерделеуге соны қадамдар жасалуда. Осы бағыттағы қандай зерттеу жұмысы болса да, барлығы еліміздің тұғырын бекітіп, мемлекеттілігін нығайтып, мәңгілік ел болуымызға қызмет ету керек. Иә, осы тұста мынадай заңды сұрақтар туады: рухани мұраларымызды насихаттау арқылы мемлекетіміздің тұрақтылығын қалай сақтаймыз? Ұлттық кодымызды жаңғыртып, халқымыздың санасын қалай жаңғырта аламыз? Ең маңыздысы, мәңгілік ел болу үшін не істеуіміз керек?
Бұл сұрақтардың жауабын бабаларымыз он ғасыр бұрын жазып қалдырғанын біреу білсе, біреу білмес. Нақтырақ айтсақ, 1069 жылы қазақ топырағында туған Жүсіп Баласағұн бабамыз «Құтадғу білік» атты еңбегінде мұның барлығын егжей-тегжейлі баяндайды. Бүгінде мемлекеттік басқаруды жетілдіру, сапалы кадр дайындау, билік өкілдері мен қоғамның қарым-қатынасын реттеу, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау және сыртқы елдермен ынтымақтастық орнатуда бұл кітаптың алар орны ерекше. Алайда, бұған дейін «Құт әкелуші білім» және «Құтты білік» деген секілді атаулар беріліп, кітаптың білімге қатысты қырына көбірек назар аударылып келді. Енді «Құтадғу біліктің» билікке қатысты тұстарына басымдық беріп, бүгінгі мемлекетіміздің тамыры тереңде жатқанын ашып көрсетуіміз керек. Міне, біз он ғасыр бұрын бабаларымыз құрған мемлекетіміздің құрылымын, оның басқару жүйесін және қоғаммен қарым-қатынасын көре аламыз. Мемлекеттік лауазымдар мен олардың дәрежелерімен және ол лауазым иелеріне қойылатын талаптар мен жүктелген міндеттермен танысамыз. Сондай-ақ, адамның тұлға ретінде қалыптасып, кемелдік деңгейге жетуіне үйрететін ілімнің кілтін табамыз. Айталық, ел басқару ісіне араласқан кісінің шыққан тегі мен алған тәрбиесі, болмыс-бітімі, ақыл-парасаты, білімі, қабілеті, мінез-құлқы және сырт келбеті қандай болу керек? Олардың атқаратын қызметі, құқығы және ел алдындағы міндеттері қандай? Осының барлығы аталмыш кітапта кеңінен жазылған. Бір сөзбен айтқанда, құқықтық қоғам мен демократиялық мемлекеттің өлшемдері көрсетіледі. Жүсіп Баласағұн өз еңбегінде жазылып сақталған мәліметтің құнды екенін айта келе, «бізге дейінгі мәлімет жазылып сақталмағанда, біз олардың хабарын қайдан білер едік», – дейді. Демек, ол мемлекет басқару туралы идеяларында Қарахан мемлекетіне дейінгі бабаларымыз құрған қағанаттардың тәжірибелерінен үлгі алғаны байқалады.
Ертеден әлемде көптеген мемлекет қайраткерлері мен саяси тұлғалар бұл тақырыпта арнайы қалам тербеген. Кезінде утопия секілді көрінсе де грек ойшылдары Аристотель, Сократ, Платон және ежелгі Қытайда Конфуций секілді ойшылдар қоғамның, мемлекеттің ізгілікпен, біліммен, парасатпен басқарылу керектігін айтты. Қазақ даласынан шыққан Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактат жазды. 1091 жылы билік тақырыбын көтерген Селжұқ мемлекетінің бас уәзірі Низамүл Мүлк «Саясатнама» атты кітап жазып, оны Селжұқ сұлтаны Мәлікшахқа тарту етті. 1513 жылы Италияда Никколо Макиавелли «Il Principe» (Государь, The Prince) деген кітап жазып, король Лорензо до Медичиге сыйлады. Олар мемлекетті әділетті басқару, елдің жағдайын жақсарту секілді құқықтық-демократиялық мемлекеттің өлшемдерін көрсетті. Дәл осы еңбектер секілді Қарахан мемлекеті тұсында 1069 жылы Жүсіп Баласағұн «Құтадғу білік» атты кітап жазып, оны Табғаш Боғра ханға сыйға тартты. Шындығында, ол кітаптың жазылу мақсаты – мемлекетті нығайтып, ел басқаруды жетілдіріп, халықты сауаттандырып, құт-береке дарыған, бақыт қонған ізгі мемлекетке айналдыру болатын. Демек, Жүсіп Баласағұнның кітабы «Құтты білік» немесе «Құт әкелуші білімнен» гөрі, «Құтты билікке» жақынырақ деуге болады. Оның идеясы Сен Симон, Фурьё секілді Еуропа ойшылдары көтерген «әлеуметтік утопия» емес, өмірде қолданылған идеялар. Өйткені, Жүсіп әйгілі кітабын жазғаннан кейін ханның Бас уәзірі (қазіргіше Премьер-министр) болады. Мемлекет басқару туралы ойларын жазып қана қоймай, оны премьер-министр ретінде жүзеге асырады. 1074 жылы жазылған Мақмұт Қашқаридың «Түрк тілінің жинағы» атты сөздігінде Жүсіптің ойларын қуаттайтын мәліметтер жетерлік. Сондықтан ол, елімізде мемлекеттік және жергілікті басқару саласында, кадр даярлау мен саяси және идеологиялық мәселеде бірінші кезекте оқылып, қолданылуы керек нұсқаулық кітап. Арғы-бергі тарихымызда мұндай идеяны дәл осылай нақты көтерген еңбек жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан, бұл кітап мемлекетіміздің тарихын он ғасырдан да әріге апарады. Бұл мақалада тақырыпты тереңірек зерттеу үшін «Құтадғу біліктің» түпнұсқа мәтіндері (Ферғана және Каир варианттары) мен 1947 жылы Түркия ғалымы Р.Р.Арат жасаған латын әрпіндегі транкрипциясы қаралды. Сондай-ақ, жолма-жол мағыналық аудармасы жасалып, ол тақырыпты зерттеуде негізге алынды.
Кітаптың атауына қатысты пікірталас
Айта кету керек, ХХ ғасырдың басында әлемдік түрколог ғалымдар арасында кітаптың атауына қатысты ғылыми пікірталас болды. А.Н.Кононов «Благодатное знание» атты кітаптағы мақаласында ол туралы кеңінен түсіндіреді. Сондай-ақ, бұл мәселе 1825 жылдан бергі әлемдік түрколог ғалымдардың еңбегінде айтылған. Сондықтан, «Құтадғу білік» сөзінің этимологиясы мен семантикасына тоқталмай, кітаптың ішкі мазмұнына, онда не туралы жазылғанына тоқталуды жөн көрдік. Сол арқылы мың жыл бұрын бабаларымыз құрған мемлекетіміздің құрылымы қандай болғанын, оны қалай басқарғанын зерделейміз. Міне, осы сәтте ғана кітаптың мазмұны жалпы білім емес, билік туралы білім екенін аңғарамыз.
«Құтадғу білікте» көтерілген мәселелер
Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегі бүгінгі тілмен айтқанда Президент пен Премьер-министрдің сұхбатынан құралған. Ал, кітаптағы сұхбатқа дейінгі дін, білім, ғылым, адамның қадір-қасиеті және ізгілік қылудың пайдалары туралы бөлімдер негізгі туындыға дейінгі кіріспе ғана. Әрбір шығарманы Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтып бастап, адамды ізгілікке тәрбиелеу үшін насихат айту – сол кездегі қалыптасқан дәстүр. Яғни, жыраулар дастан жырламас бұрын халықтың назарын өзіне аударып, шабыт шақыру үшін әуелі жыр бастау, терме, толғау стилінде бірқанша туындылар орындағаны секілді. Бұл да сол үрдістің көрінісі және оның кіріспе мен қорытынды бөлімі «Құтадғу біліктің» 7,7%-ын ғана құрайды. Қалған 92,3%-ы мемлекеттік билік тақырыбын көтерген шығарманың өзі. Яғни, ел басқару, әділдік орнату, сауатты қоғам қалыптастыру, ең маңыздысы – мемлекетті ізгілендіру мәселелерін көтерген бәйіттер.
Мемлекет басқарудың заңдылығы
Туындыда мемлекет басшысы Күнтуды Еліг пен оның Бас уәзірі Айтолды сұхбат барысында ел басқарудың заңдылықтары жөнінде әңгіме өрбітеді. Мәңгілік ел болу үшін әділ заң орнату мен елді әділдікпен басқаруға басымдық беріп, халықтың жағдайын жақсартуды қозғайды.
Биліктің негізі әділдіктен тұрады; бектер әділ болса, әлемде бейбіт өмір болады (819-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Заң алдында барлық адам тең болу керек деген ой айтады. Сондай-ақ, билеушінің халық алдында орындауы тиіс негізгі мынадай үш міндеті бар дейді.
Біріншісі, мемлекетте ақша (күміс) таза болсын; әй, білімі көп кісі, жалған ақша жасалмауын қадағала. Екінші, халыққа әділ заң орнат; бірінің екіншісіне күш көрсетуіне жол берме, қорға. Үшінші, барлық жолдарды қауіпсіз қыл; қарақшылар мен тонаушылардан тазала (5575-5577 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Мұнан кейін халықтың көзқарасы мемлекеттің ұстанып отырған саясатымен бірдей болу керектігі айтылады. Яғни, мәңгілік ел болу үшін халық пен басшы бір ұстанымда болу керек. Мемлекет басшысының халық алдындағы міндеті секілді халықтың да оның алдындағы үш міндеті бар дейді.
Біріншіден, жарлығыңды құрметтесін; ол қандай болса да, орындасын. Екіншіден, қазынаға төлейтін салықтан бас тартпасын; уақытылы төлесін, әй жомарт адам. Үшіншіден, дұшпаныңды дұшпан деп білсін; досыңды дос деп танысын(5580-5582 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Бірінші міндет «Хан жарлығы екі болмайды» деген аталы сөз ретінде сан ғасырлардан бері халқымыздың қағидасына айналғаны жасырын емес. Ал, үшінші міндет Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтқан толғауында «Саған дұшпан – маған жау» деп кездеседі. «Құтадғу біліктің» айтуына қарағанда, Мемлекеттің маңызды істерінде басшыға адал, елге пайдалы, мемлекетке жаны ашитын қайраткер тұлғалар құрметтелген. Сұхбат барысында Бас уәзір әміршіге сондай пайдалы кісілермен ғана араласуға кеңес береді. Билікке қарсы пікір қалыптастырып, елді бүлікке бастайтын, мемлекетке зияны көп кісілерді елден аластату керектігін сөз етеді.
Шығармада мемлекеттің сол кездегі басшысы былайша сипатталады: «әділ, шыншыл, тура, мінезі жұмсақ, білімді, ақылды, парасатты, көзі ашық, көкірегі ояу, кеңпейіл, мәрт, батыр, жауына – қатал» (405-418 бәйіттер). Оның мемлекетті әділдікпен басқарғаны айтылады және сол кезеңдегі мамыражай, берекелі, бейбіт уақытты «бөрі мен қозы қатар жайылған» деп суреттейді.
Баласағұн қаласы – Қарахан мемлекетінің батысындағы, ал Қашқар шаһары – шығысындағы қос ордасы, яғни қос астанасы екені тарихтан белгілі. Ордада хан сарайы орналасқан. Онда ханның отыратын тағы үш аяқты және күміспен күптелген деп суреттеледі.
Тақ күміспен күптелген; бұл тақтың аяғы үш бөлек тұрады (771-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Хан мемлекетті әр саладағы жауапты қызметкерлері, яғни уәзірлері мен бектері және сарай қызметкерлері арқылы басқарады. Мемлекеттегі жоғары билік лауазымдары рет-ретімен айтылған. Оларды дәрежелеріне қарай еліміздегі қазіргі лауазымдарымен салыстырғанда төмендегідей:
– Еліг (Елбасы, Президент)
– Ұлық Хажып (Бас уәзір, Премьер-министр)
– Уәзірлер (министрлер)
– Беклер (облыс, қала, аудан әкімдері)
– Сүбашы (Әскербасы, Қорғаныс министрі, Ішкі істер министрі)
– Капык башлар ер (Сарай әмірі, Президент Әкімшілігінің жетекшісі)
– Иалвачлар немесе Елшілер (Сыртқы істер министрлігі, елшілер)
– Бітікші, ылымға (Хатшы, жылнамашы, Кеңсе қызметкерлері)
– Ағыжы (Қазынашы, қаржы және экономика министрі).
Бұдан басқа да кіші лауазымдар жетерлік. Ендігі мәселе – бұл лауазымдар кімге және қандай сипатына қарап беріледі? Оған ие болған кісілердің мемлекет алдындағы міндеті, құқығы, жауапкершілігі қандай? Оларға жеке-жеке тоқталып көрелік.
Еліг (Елбасы). Еліг пен Бас уәзір сұхбат барысында Қағанаттың билеушісі және оның құрамындағы кіші ордалардың (қазіргіше айтқанда облыстар мен аудандардың) басшылары қандай болу керектігі айтылады. Олардың болмысы, мінез-құлқы, сырт келбеті, білімі, қабілеті және оның атқаратын қызметі мен міндеттері баяндалады.
Облыс және кент (қала) басқарған билеушінің мінезі ізгі, қайырымы өте мол болу керек. Ол елді қайғыдан арылтсын(1981-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Бек болған адам қанағатшыл, ұятты және жүзі жайдары болу керек; оның сөзі мен мінезі ашық әрі жарқын болсын (2000-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Мемлекет құрамындағы кіші ордалардың басшысы жаны таза, қанағатшыл, құдайдан қорқатын, халыққа қайырымы мол, жомарт, білімді, ақылды, іскер, батыр адам болу керек. Оның мемлекет басшысына адал қызмет етіп, жанашыр болуы айтылады. Елге әділ заң орнату және мемлекет, облыс, қаланы әділ басқару – басшыларға ең басты талап ретінде қойылады.
Заңмен мемлекет жанданып, әлем түзеледі; зұлымдықтан мемлекет тозып, әлем бұзылады (2034-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Мемлекеттің бүтіндігі, тыныштығы және болашағының баянды болуы екі нәрсеге байланысты. Ол бәйітте былай делінеді.
Бірі – халыққа тиесілі болған заң, бірі – мемлекет қызметкерлеріне үлестірілетін еңбекақы.
Заңның саясында халық қуанышты өмір сүрсін; еңбекақысын көріп, мемлекет қызметкерлері жадырап жүрсін.
Бұл екі қауым басшыдан бақыт тапса, мемлекет билігі реттеледі, Басшысы да бақыт табады (2133-2135 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Бас уәзір (Премьер-министр). Бас уәзір мемлекет басынан кейінгі лауазым және оған ең жақын тұлға екені айтылады. Ол адами ізгі қасиеттерге бай, ең кемел адам болу керек.
«Тегі асыл, мінезі көркем, ізгі болса, халыққа пайдалы болып, күні мен айын оңынан туғызса» делінеді (2437-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Бас уәзірге әуелі мына он нәрсе керек; қырағы көз, сақ құлақ, кең көңіл керек. Жүзі, киім киісі, бойы, тілі, түсінігі, ақылы, білімі, мінезі де дұрыс болсын (2487-2488 бәйіттер, ауд.Б.Н.). (бәйіт, ауд. Б.Н.).
Бойында осы он жақсы қасиет болған кісіні Бас уәзір етіп тағайындауға болады деп тұжырым жасайды. Ол халықтың мұң-мұқтажын тыңдасын, зұлымдыққа ұшырап, әділдік сұрағандардың тілегін орындасын және халықтың әл-ауқатын жақсартсын дейді. Жүсіптің айтуынша, Мемлекет басшысының абырой-беделі Бас уәзірге тікелей қатысты. Ел басшысының жақсы аты шықса да, жаман аты шықса да, ол – Бас уәзірдің жасаған ісінің нәтижесі. Сол себепті оның жауапкершілігі жоғары.
Заң, қағида және ереже орнату өте қиын; Бас уәзір оны орындау арқылы жаңа есіктер мен жолдар ашады (2490-бәйіт, ауд.Б.Н.).
Бас уәзір басқа уәзірлердің, қала мен облыс басшыларының және қазынашының жұмысын қадағалап, сырттан келген елшілерді қабылдап отырады. Оның мемлекет басшысы алдындағы міндеттері былайша баяндалады.
Біріншіден, Ел басшысының сөзін берік ұстану керек; Екіншіден, жеке пікірі (амбициясы) мен ақылын тізгіндеу керек. Үшіншіден, Ел басшысының алдына кіргенде өзін дұрыс ұстай білсін, артық ауыз сөз айтпасын. Пара алмасын, жүктелген барлық жұмысты жасасын; Ел басшысынан жырақтаған ізгі кісілерді жақындатсын (2504-2506 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Одан кейін Бас уәзір жалған сөз сөйлемеуі және дұрыс жолдан тайдыратын теріс мінезді болмауы керек. Ең маңыздысы, ол мемлекетке және мемлекет басшысына қарсы әрекет етпеу керектігі баса айтылады. Бұл мәселеде ертедегі түрік қағандарының тәжірибесін мысалға келтіре отырып, мемлекеттің тұтастығын сақтауға көңіл бөледі.
Сарай әміршісі (Президент әкімшілігі жетекшісі). Мемлекет басшысы отырған сарайдың әміршісі туралы айтылады. Оның болмысы, ақылы, білімі, мінезі, қабілеті мен сыртқы келбетінен бастап, мемлекет алдындағы атқаратын міндеті, билік құзыреті және халық алдындағы хақысы баяндалады.
Сарай әміршісі мемлекет басшысына жаны ашитын, бауырмал және жан-тәнімен адал қызмет ететін болу керек (2529-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Бірі – азат рухты Бас уәзір; бірі – іскер, пайдалы Сарай әміршісі. Бұл екі кісімен хан сарайының ісі реттеледі және мемлекет басшысының аты ұлықталып баршаға жайылады (2555-2556 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
«Құтадғу білікте» айтылғандай, хан сарайында қызмет ететін әртүрлі лауазым иелері жетерлік. Айталық, ханның сөзін жазушы хатшы-жылнамашы, мөр басушы, туға жауапты тұлға, ханның жеке күзеті, оның ішінде садақшы, найзагер, құсшы деген секілді қызметтер. Одан бөлек, ханның аспазы, ыдысшы мен төсек салушысы да бар. Сарай әмірі бұлардың барлығының жағдайын біліп, берілген тапсырмасы бойынша қадағалап, олардың қызмет ақысын төлеумен қатар, жақсы мәміледе болуы керек. Осы мәліметтерге қарап Қарахан мемлекеті тұсында сарай қызметі едәуір жетілген деуге болады.
Уәзірлер (Министрлер). Қазақ халық ауыз әдебиетінде ханның қырық уәзірі болғаны туралы деректер көптеп кездеседі. Олар ханның халық арасынан шыққан ақылшы, кеңесшілері әрі әр рудың көсемі, рубасылар екені даусыз. «Құтадғу білікте» осы уәзірлердің (қазіргше министрлердің) сипатын айтады. «Уәзір – бектің қолы» дейді, сондықтан, ол текті, өнегелі отбасыдан шыққан тәрбиелі, қанағатшыл, арлы, ұятты, құдайдан қорқатын, әділ, ханға жанашыр, адал болуы керек. Ақылдылығымен қатар, оқу-жазу мен есепке жүйрік, терең білімді болуға тиіс.
Бұл жақсы қасиеттер мен білім кімде болса, Ел басшысы уәзірлікті оған беруіне болады. Бұл секілді кісі билеушіге уәзір болса, билеушімен бірге халық нағыз бақытқа қауышады. Ел басшысының ісі қалағанындай түгел жүзеге асады, мемлекет дамиды және халық байиды. Уәзір мемлекетке пайдасыз, жауыз болса, ол мемлекеттің халқы, тіпті кедейі мен байы да бұзылады (2238-2241 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Уәзір болған адам ашкөз, тойымсыз, мейірімсіз, сараң, ашушаң, сабырсыз, ұйқышыл, ақылы таяз, білімсіз надан болмауға тиіс. Сабырсыздық пен қырсық мінезден де алыс болуға міндетті.
Әскербасы. Билеуші мен Бас уәзірдің сұхбаты барысында көне түрік халықтарының соғыс өнері мен айла-тәсілдері баяндалып, әскербасының сипаттары айтылады. Ол кәсіби тұрғыдан соғыс өнерін жетік меңгерген, тәжірибелі, ержүрек батыр болу керек. Болмысы қарапайым, тәкәппар емес, жомарт, дастарханы кең болып, әскеріне көптеп мал-дүние үлестірсін дейді.
Жегізсе, ішкізсе, киім кидірсе; олжадан оларға ат, ер-тоқым, (күң және құл ретінде) ұл, қыз тарту етсін (2280-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Мемлекет басшысының намысы үшін әскербасы намысты болу керек; өшін алғанша жауымен қарсыласады (2290-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Жараланғандар болса, оларды емдет; тұтқынға түскендер болса, барып құтқар (2402-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Егер өлгендер болса, арулап жерле; артында қалған ұл-қызы болса, оларға қақысын бер (2403-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Жоғарыда келтірілген бәйіттерде әскербасының бойындағы адамгершілік қасиеттері айтылған. Ол өз әскерінің барлық жағдайын жасап, олжадан үлестіреді. Жараланғанын емдеп, дүниеден өткен сарбаздың отбасына қамқор болады. Тіпті, тұтқынға түскен жаулардың өзіне тамақ беріп, жылы қарайды.
Елшілер. Өзге елдерге барып, мемлекетаралық мәселелерді реттеуші елшілердің қызметі өте маңызды саналған. Кітапта елшінің тұлғалық болмысынан бастап, ақылы, білімі, қабілеті, мінезі және мемлекет үшін атқаратын қызметі сөз болады.
Елшілікке халық арасындағы таңдаулы, білімді, ақылды, таза және батыр кісі керек (2597-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Елшінің ішімдіктен, ашкөздіктен, нәпсіқұмарлықтан алыс, таза жүректі, қанағатшыл, сабырлы болуы басты міндет ретінде қойылады. Білімі жағынан көп кітап оқыған, есепке жүйрік, бірнеше тіл білетін, медицина, астрономия және геометрия ғылымдарын меңгерген болу керек. Мемлекетаралық мәселені шешу барысында сөз астарын түсінетін, тапқыр, шешен тілді болуы маңызды. Елшілермен сұхбаттасу үшін шахмат пен нард ойнай білуі қажет. Сапарда көп жүретін болғасын найзагер, садақшы мерген әрі құсбегі болу керек. Бұл қабілеттері жолаушылап шыққанда қауіп-қатерден қорғануға және аң аулап жеуге пайдасын тигізеді.
Елші зерек, білімді және ықтиятты болса, барлық жерде жақсы қарсы алады және мемлекет басшысы үшін пайдалы болады. Елші жауыз, ешкімге бағынбай босқа жүрген болса, күмәнсіз мемлекет басшысының қадірін кетіреді (2638-2639 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Елшінің ішімдікке әуес болмау керектігі ерекше айтылады. Арақ ішкен кісі ханның сырын ашып, мемлекеттің құпиясын жайып салуы мүмкін дейді.
Хатшы. Ертеде көптеген мемлекет басшылары жанына хатшы, жылнамашылар ұстаған. «Құтадғу білікте» олардың лауазымы «бітікші», «ылымға» деп аталады. Хатшы, жылнамашы ретінде сырға берік, шыншыл, ханға адал, жанашыр кісіні таңдау керек дейді. Өйткені, ол мемлекеттің, ханның сырын білетін адам.
Бұл сырды сақтау үшін ол шыншыл болу керек; дінге берік, иманы кәміл болу керек (2676-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Сырды сақтай алмай, өзгелерге айтса, әсіресе өзге елдің билеушілеріне айтса, оның жазасы ауыр. Кітапта сол туралы айта келе ежелгі түрік қағанаттары кезіндегі Өтүкен бегінің сөзін мысалға алады.
Әй, бектердің сеніміне кірген адам, сырды (мемлекеттік құпияны) берік сақта; сырды сақтамасаң, дереу басың кетеді(2683-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Хатшы болған адам ділмар, шешен, сөзге жүйрік болу керек. Өйткені, ол мемлекеттің жылнамасын, хандардың өмірбаянын және халықтың тарихын жазады.
Қазынашы. Хатшыдан кейін «Құтадғу білікте» қазынашы туралы бөлім келеді. Оны қазіргі экономика және қаржы министрліктерінің қызметін атқарған лауазым деуге болады. Жүсіптің айтуынша, «қазынашы ақылды, әділ, ізгі, ханға, мемлекетке адал, жанашыр, ұяты бар, ісіне жауапты, тиянақты, мемлекет қаржысына ұқыпты, тіпті аздап сараңдау адам болу керек». Қаржыны басқару үшін жастайынан молшылықта өскен, ақшаға құнықпайтын, құдайдан қорқатын, сауданың қыр-сырын меңгерген, тауарлардың арзан-қымбатын, құнды-құнсызын айыра білетін, кісімен жақсы тіл табысатын және қаржы саласының білгір маманы болуын талап етеді.
Есепші барлық кіріс пен шығысты жазу керек; және барлық мәлімет жазылып сақталу керек. Жыл, ай және күні жазылып, уақыты белгілі болсын; саны, айырмасы ашық әрі белгілі болады (2774-2775 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Қазынашы мемлекет басшысына жақын, сарайда жүреді. Ол сарайда өзін дұрыс ұстай білу керек дейді.
Аспаз бен ыдысшы. Сарайда билеушінің тамағы мен ыдысына жауапты аспаз бен ыдысшылар бар. Олардың ақылды, білімді, сыпайы, ұятты, қанағатшыл, өтірік айтпайтын, әділ болу керектігі айтылады. Билеушіге, мемлекетке адал қызмет етуі, мемлекет басшысының қауіпсіздігіне мұқият болуы керек. Сарайға кірген әрбір тағамды мұқият тексеріп, күмәнді және жарамсыздарын құртуға міндетті. Көптеген билеушілердің ажалы уланған астан келгенін айта келе, аспаз бен ыдысшының жауапкершілігі жоғары екеніне тоқталады.
Билеуші мен Бас уәзір арасында мұнан кейін мемлекет басшысының мойнындағы қызметкерлерінің хақысы қандай болатыны сөз етіледі. Олардың бірінші кезекте ішіп-жейтін асын беріп, жағдайы жақсаруына мүмкіндік жасалуы керек. Олар ыстық-суыққа шыдап, жан-тәнімен қызмет етіп, мемлекет үшін өзін пида қылады. Оның хақысын беру – билеушінің міндеті.
Қайырымдылық пен тамағын қызметіне қарай әділ бер; жалаңаш болса киіндір, аш болса тойдыр (2982-бәйіт, ауд. Б.Н.).
«Күлтегін жазба ескерткішінде» Қағанның: «аз халықты көп қылдым, аш халықты тойдырдым» деген сөзі бар. Ал, «Қоқыт Ата» жырында ханның «ашты тойдырып, жалаңашты киіндіріп, қарызға батқанды қарызынан құтқарғаны» жазылған. Бұл ортақ идея ертеден түрік халықтарының ел басқарудағы негізгі ұстанымы екені даусыз. Сондықтан, «Құтадғу білікте» елді қылышпен емес, біліммен, парасатпен басқаруды көрсетеді. Халықтың жүрегін мол қазына таратып, қайырымдылықпен, ізгілікпен жаулауды айтады. Бұған дәлел ретінде «Құтадғу білікте» мемлекет басшысының мынадай сөзі бар:
Енді тілегім мынау: маған келген адам байыса, менің саямда беделі артса. Бектердің қуанышы – ертеңінің пайдасы; нәтижесінде жақсы атым қалып, маған дұға жасағаны жеткілікті (3019-3020 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Осындай сұхбаттардан кейін елге әділ заң орнатылып, халыққа мал-дүние таратылғаны айтылады. Билеуші одан соң Бас уәзіріне елді аралатып, халықтың жағдайы қандай екенін біліп отырады. Әсіресе, билік лауазымына ие болған қызметкерлер өз ісіне лайықты ма, лайықсыз ба, соны қадағалатады. Нәтижесінде, ел билеуде мемлекет басшысына көмекшілердің пайдасы көптігі айтылады.
Мемлекет басшысы жалғыз өзі қанша күш жұмсағанмен, көмекші бомаса, ұзақ уақыт билік жүргізе алмас (3123-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Халықтың жағдайы жақсарған соң мемлекет басшысы ел үшін еңбек ететін адал, кәсіби білікті қызметкерлердің көп болғанын қалайды. Бас уәзірге тапсырма беріп, ақылды, білімді, қабілетті, мінезі дұрыс және адал қызметкерлер іздетеді. Одан кейінгі бәйіттерде мемлекет қызметкерінің этикасы, мемлекетке қызмет етудің қыр-сыры және билік өкілі ретінде халықпен дұрыс байланыс орнатудың маңызы айтылады.
Мемлекет қызметкерінің этикасы. Орта ғасырдың өзінде бабаларымыз құрған Қағанатта мемлекет қызметкерінің этикасы қалыптасқанын көреміз. Шығармада әртүрлі дәрежедегі лауазым иелерінің бір-бірімен қарым-қатынасы және мемлекет басшысының алдына кірген кездегі әдеп секілді қағидалары түгел баяндалады.
Егер сен мемлекет басшысының алдына барсаң, көзің жерде, құлағың төрде болсын. Қолыңды қусырып ұста, аяғың түзу тұрсын; оң қолың сол қолыңның үстінде тұрсын. Есіктен кірерде әуелі оң аяғыңмен атта; саған бұйрық бергенде мұқият тыңда (4055-4057 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Өзінен жоғары лауазым иесінің алдында аяғыңды айқастырып отырма, тырнақ алма, дауысыңды қатты шығарма, оған қарсы келме, құрмет көрсет деген секілді мемлекет қызметкеріне тән этикалық қағидалар айтылады. Сонымен қатар, қызметкер мемлекеттің заң, ереже, қағидаларын жетік біліп, әрбір ісін заңға сәйкес орындауы тиіс. Осындай әдеп-қағиданы бойына сіңірген, билеушіге деген адалдығымен танылған, ақылды, білімді, қабілетті және мінезі жақсы кісілердің лауазымын жоғарылатып отырған.
Кім ақылды болса, оны шақырды; кім білімді болса, оны жоғарылатты (416-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Көшпелі өмір сүрген көне түрік халықтарында тапқа бөліну үрдісі болмаған. Қол бастаған батыр да, төрелік айтқан би де, елге ақыл айтқан данышпан мен ханның кеңесшілері, сарай қызметкерлері де қарапайым халық арасынан шығып отырған. Рулық қауымның нәтижесінде әр рудың бетке ұстар беделді тұлғалары ханның жанынан орын алған. Яғни, халық пен оны басқарушы билік өкілдерінің арасында таптық бөлінушілік емес, адамгершілікке, ізгілікке, бауырмалдыққа, ынтымақ, бірлікке негізделген қарым-қатынас бар. Айталық, төмендегі бәйітте ел арасынан шыққан лайықты кісілерге берілген лауазымдар туралы айтылады.
Қайбірі Иабғу, Иүгрүш, Ел Бегі; қайбірі лауазымы теңдессіз Ер Өгі болады (4069-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты сөздігінде бұл лауазымдардың әрбіріне жеке-жеке анықтама берілген. Олардың ішіндегі ең үлкен лауазым «иүгрүш» деп аталады.
«Түріктерде қара халықтан шығып, уәзірлік дәрежеге көтерілген кісі. Парсы және басқа да қауымдар қанша үлкен, қанша көп әрі қанша күшті болса да бұл мәртебені ала алмайды. Бұл лауазым Қағаннан бір дәреже төмен. Оған жібектен бір отау беріледі. Ол жаңбыр, қар және ыстықта құрылады». Сөздікте бұдан басқа Қағаннан үш дәреже төмен «түгсин» деген лауазым бар. Халық арасындағы көпті көрген, дана қариялар билік өкілдері үшін ықпалды, қадірлі болған. Оларға «өге», «өге тігіт» деген лауазымдар берілген. Олар Қағанның ел билеуші ұлдарынан бір дәреже төмен.
«Құтадғу білікте» мемлекет ісіне, сарай қызметіне кейбір кісілер жас кезінде, енді бірі жасы ұлғайғанда араласады деп, екеуінің айырмашылығын айтады. Олардың ішіндегі жастардың мемлекет қызметіне келуіне ерекше мән береді.
Мемлекеттік қызмет қақпасын ашқысы келген адам, жас кезінен бастап, мемлекетке қызмет қылсын (4037-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Мемлекет қызметіне араласып, әртүрлі дәрежедегі лауазымға қол жеткізген кісілерге ел бірлігі үшін қызмет етуді міндеттейді. Билікке таласып, елді бүлікке бастауға немесе билікке қарсы бүлікті іске араласуына қатаң тиым салады.
Сен, мемлекет басшысына қарсы келіп өштеспе... (4086-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Жүсіптің жырлауынша, мемлекеттің тұтастығы, тыныштығы, дамуы және болашағы ынтымақ-бірлікке байланысты. Билікке талас болған жерде халық жапа шегеді, мемлекет әлсірейді, тіпті жойылуы мүмкін дейді.
Билік өкілінің халықпен қарым-қатынасы. Билеуші әулеттен немесе халық арасынан шықса да, мемлекет ісі тапсырылып, қолына билік берілген әрбір тұлғаға халықпен, оның ішіндегі әртүрлі саланың адамдарымен қалай қарым-қатынас жасау керектігі «Құтадғу білікте» егжей-тегжейлі баяндалады. Сондай-ақ, мемлекет басшысы мен халықтың ұстанымдарды көрсетіледі. Бұдан мемлекеттік басқарудың жетілгенін көруге болады. Әуелі қарапайым халық ішіндегі мінезі тұрпайы, білімсіз, төбелеске бейім адамдармен қарым-қатынас сөз етіледі. Ол «қара», «ғам» деп аталады. Қанша жерден мәдениеті төмен болса да, оларға жылы қара, ішіп-жеуіне тамақ бер. Алайда, ашылып сөйлеспе дейді. Сонымен қатар, қоғамның ең маңызды адамдарының бірі деп білімді ғалымдарды атайды. Олар халықтың сауатын ашып, білім береді.
Әлемде бұл ғалымдар мен білімділер жоқ болса, егілген нәрселер болса да, жерден жейтін ештеңе өнбейді (4048-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Бәйітте сондықтан, білімділер мен ғалымдарды құрметте, қажетін өте, оларға ізгілік жаса деп кеңес береді. Өйткені, білімділер мен ғалымдар елді адастырмай тура жолға салатын, елдің шамшырағы дейді. Ғалымдардан соң дәрігерлер туралы баяндалады. Олар халықты түрлі аурудан арнайы шөптен жасалған дәрілермен емдейді, олардың қоғамдағы құқығын қорғауды міндеттейді. Онымен қоса, ауруларды дұғамен дем салып емдеушілермен де дұрыс байланыста болуды сөз етеді. Мұнан соң түс жорушылар және астрономдармен де көркем мәміледе болуды тапсырады. Жүсіп Баласағұн билік өкілдеріне ақындармен қарым-қатынасқа ерекше мән бер дейді. Өйткені, олардың ауызынан шыққан бір ауыз сөз лезде бүкіл елге жайылады. Олардың сын сөзіне ұшырамауды ескертеді. Сонымен қатар, қоғамның еңбекші топтары: егіншілер, саудагерлер, малшылар және қолөнер шеберлерімен қарым-қатынасқа айрықша көңіл бөлуді айтады. Олардың ақ адал еңбегімен дайындаған тамақ өнімдерінің арқасында қаншама халық өмір сүріп жатыр. Олармен жақсы қарым-қатынаста болуды айтады.
Жүсіп Балағасұн «Құтадғу білік» еңбегінде «құт-берекеге кенелген билік қандай болады?» деген сұраққа жауап береді. Оны зерттеген әлемдік ғалымдар билікке қатысты кітап деп түсіндірген. Сондай-ақ, түрколог ғалым В.В.Радловтың жасаған сөздігінде «білік» сөзінің білім және билік (царство, правительство) деген екі мағынасы берілуі де көп жайды аңғартады. Анығында «Құтадғу білік» бүгінгі тұрғыдан бағаланып, зерделеніп «Құтты билік» деп аударылуы тиіс.
Осыдан он ғасыр бұрын жазылған Жүсіп Баласағұнның еңбегі елімізде жеке тұлғаны дамытуда, мемлекеттік басқаруды жетілдіруде, кадр дайындауда және идеология жұмыстарында таптырмас дереккөз. Ол әдеби көркем шығарма ғана емес, мәңгілік ел болу үшін мемлекеттік басқару тақырыбын көтерген құнды жәдігер. Ең маңыздысы, Елбасымыз жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мәселесі аясында халқымыздың рухын оятып, санасын жаңғыртуда маңызы зор. Сонымен қатар, тәуелсіз мемлекетіміздің тамыры тереңде жатқанын көрсететін тарихи факт, баға жетпес байлық.
Қасқабасов Сейіт Асқарұлы
ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор
Нұриманов Бекарыс Тілегенұлы
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің PhD докторанты