Ақын Саян Есжанның 7 өлеңі

7 ӨЛЕҢ
3486

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін өзіндік қолтаңбасы бар ақын Саян Есжанның 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!

Ақын Саян ЕсжанАқын Саян ЕсжанТОҚТАҒАНСАҒАТ. FELO-DE-SE.

Тоқтап қалған сағаттың «қылышынан»
Жер тоқтап қалмайды.
Өлмейді Уақыт ешқашан.
Ғасырлар сусып кетпейді уысынан
Сұрықсыз күндер бір сәттік сипатын сақтап қалмайды,
Сәт сайын құбылады кеш масаң.

Көлеңкелер көшеді қаланың қуыс-қуысынан.
Тоқтап қалған сағаттың дыбысынан;
Теңіз шайқалып кетпейді әлемнің анау алыс нүктесіндегі.
Күнді жапқан бұлт өртенбейді күн ұшынан,
Сұрланған атомдар жарылып кетпейді өздігінен бұлт көшіндегі.

Көшеді мезгіл.
Жер бетінде Ауа ғана алмасады.
Тән әлемінің тұрғындары Жан әлемінің мәңгілік мекенін бетке алып.
Көзге көрінбес жарды асады, тауды асады
Сәтте анық.

Тоқтап қалған сағаттың «жүрегінде»
Өткен шақтың естеліктері дүрсіл қағады соңғы рет.
...Үстел үстіндегі ақ қағаз бен мұңайған гүл өңінде
Жазбаның салқын сұлбасы тұнып тұрады –
«болды», - деп...

*** 

Қарашаның қабағында бір мұң бар,
Қара шалдың қасіретіндей тым қалың.
...Түсіне алмас бұл қалалық тұрғындар,
Ұғына алмас кіл баянсыз жылдарың.

Қоңыр түнде Күз күрсінер, түз емес,
Жапырақтар сыбырлайды нені осы?
...Бұл қалада адасқан жан біз емес –
Біздің өткен шағымыздың елесі.

Біздің өмір – сандырағы қаланың,
Сен бəрін де білесің ғой, Қараша?!
...Бір сауалдың табу үшін жауабын –
Жетіп жатыр шексіздікке қараса...

ҚАҢТАРДАҒЫ МОЗАИКА

Айдың әлсіз жарығы.
Қаңтар.
Соқпақ.
Күміс қар.
Қысқы тірлік сарыны –
Үнсіздік һәм дыбыстар.
Ұйықтамайды бұл қала
қақпас бір сәт кірпігін.
Асфальт жолдар сұрлана
Күтер Көктем «дүмпуін». 
Айдың әлсіз жарығы –
Түн жанары қыраулы.
Дүниенің қалыбы
Дүниедей тұманды. 
Мезі қылған мезеттен,
Уақыт та жалыққан.
Күн қайтады кезекпен
Күнделікті «сауықтан».
Айдың әлсіз жарығы.
Қаңтар.
Соқпақ.
Күміс қар.
Түн.
Уақыт үнсіз ағады,
Уыстан...

ТҮНГІ АБСУРД

Ақпан түні. 
Шамның жарық көз жасы құйылады әйнектен.
...Төрт қабырға төрткүл дүниеге ұмсынған.
Тереземнің түбіне қатқан суық ақ қар тірі –
Буланады даурыққан кіл қоғами былшылдан.
...оны мәңгі ұмыттырар қай Көктем?!

Жалыққандай Мезет Сәттің өзінен,
Ғасыр Жылдан шаршаған.
Ақ қар тілі ұшынған дертті қоғам Сөзінен...
Төртбұрышты ойлар жадын қоршаған -
Тереземнің көзімен.
Ақпан түні.

Ақпан түні.
Ақ кебіндей суық әрі ызғарлы.
Жалқы сәтте көрінді алғаш ақ қар кірі –
...Тереземде Қоғам кірі сіңіп кеткен із қалды. 
Әр тұрғынның жүрегіне қатқан түбі.

Ал не дейсіз, Сіз жарлы?!

КӨКТЕМНІҢ 35-ШІ КҮНІ

Көктем бізді көрмеді,
біз - көктемді.
Тағы бір күн басынан бізді өткерді.

Кешкі астана.
Көкжиек жалқынданып,
Бәрі жаһандағыдай –
"Салқын қалып".

Жалған сөзден тұншыққан ауа сынды
Білем,
Өз-өзінен жалықты қала сұрлы.

Қабырғалар күрсінді күбірі көп,
Көшелер де күрсінді дүбірі жоқ.

Ағылар рух секілді алаңға гөй
Сырт жаққа ұмтылады қамалған ой.

Бір үйде он жан шиша "қағып" алып,
Нотасыз ән қаңғиды ауық-ауық.

Көктемді ешкім көрмеді, биыл әлі,
Бедеу талдай сұр шаһар бұйығады.

Тарылған тынысындай ойлы әлемнің
Лебі де сезілмейді майда желдің. 

«Көктем» дедік бұл сәтті – сұрқы күз-ақ,
Кешкі астана.
Барады бір күн ұзап.

Күлімдеп ар жағынан бетперденің
Бізді алдап жүрсің бе әлде, Көктем керім?!

***

Түйісті екен жол қайдан?
Санамда сансыз фотолента көп сарғайған.
…Он Көктем, он Күз өтпестей болып көрінген —
өткінші екен ол да, айнам!

Он Көктем, он Күз!
Зымырап өтті, не керек…
Бақытқа сендік, Уақытқа сендік «төре» деп.
Сол шақта қалған сауалдың сансыз жауабы
Бүгінге жетіп, есіме түсті неге көп?!

…Телефон соққан әр сәтте іштей үздігіп,
От шарпып бойды, кей сәтте суық мұз қылып —
Талай шаншыды желікке толы жүректі,
Жетілді солай, дәл біздей қанша қыз, жігіт.

Аппақ көңілдей ақ хаттар сонда келетін,
Ақ жүрегің алғаусыз соған сенетін.
Он жылда енді кір шалды неге көңілді,
Он жыл ішінде өзгердік екен неге тым?

…Бүгінде сол шақ ертегідей боп көрінер,
Естелік қана — өткен күндердің көрігі ол.
Ең соңғы рет екіге бізді айырып,
Сықылықтап: «Баянсыз махаббат!», — деді Жол.

…Өшкендей едің мәңгі ойдан,
Санамда сансыз фотолента көп сарғайған.
…Дәл мына Жол — біз табысып, қоштасқан жол еді,
Кездестік бүгін неге бұл жерде енді, айнам?!

***

Менің қызым талдармен сөйлеседі,
«Әй» деседі, назданса, «өй» деседі.
Не дейді екен жарықтық,
періштеме,
Қандай ой кешеді?

Ыңылдайды.
Талдар да оны ұғады.
Бәрі жаңа.
Бәрі тың.
Бәрі-бәрі…
…Қалтыраған кәрі тал қолын жайып,
Күрең түспен қара ойға малынады.

Жел ғана тыныштықты бұзады кеп,
Тіршіліктің тынымсыз ұзаны боп.
…Сол тілді түсінер ек, шама келсе,
Ой шегінен алыстап біз әрірек.

Мына талдар – сыйлайды әр үйге құт,
Тілін бірақ, кете алмас жан игеріп.
Оны ұғынып, түсіну үшін бәлкім
Туу керек шығар-ау, сәби болып?!

Қызым күнде талдармен сөйлеседі,
«Әй» деседі, назданса, «өй» деседі.
…Не дейді екен жарықтық,
періштеме,
Қандай ой кешеді?!

Қызық…

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...

Жаңалықтар

“Көреміз” бағдарламасының журналисті Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасына виде...