Кеше, 6 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру кезінде өрт сөндіруші мерт...
Бауыржан Момышұлының поэзиясына арналған жинақ шықты
Биыл Совет одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл. Батырдың мерейтойына орай облыста түрлі шара ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тараздағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы Даңқ залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Тұлғасы - тұнған тәлім» атты кездесу өтті. Шара басталмас бұрын аймақ басшысы қонақтармен бірге Б.Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кездесу барысында Б.Момышұлы поэзиясына арналған «Сардардың жыр сарбаздары» атты жинағының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге жинақтың авторлары – Жуалы ауданының құрметті азаматы Сәбит Дүйсебаев және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова қатысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер ұмыт қалмау керек екендігін атап өтті.
«Биылғы жыл бірнеше ұлы тұлғаның мерейтойы аталып өтілуде. Әл-Фараби мен Абай ғылым мен мәдениетке үлес қосқан болса, Бауыржан Момышұлы Отанымызды қорғауға тікелей қатысқан. Ұлтымыздың батырлары туралы айтқанда ең алдымен, Момышұлы ойға оралады. Біздің міндетіміз – тұлғаның өмірі мен қызметі хақында жадымызда сақтап, бүгінгі ұрпақтың үлгі-өнегесіне айналдыруымыз керек. Қазақстандық мектептің әрбір түлегі Бауыржан Момышұлының кім болғанын біліп, түйсінуі тиіс», - деп санайды Бердібек Сапарбаев.
Әскери қайраткер, әскери ғылымдар полковнигі Ким Серікбаев мерейтойлық шараның маңыздылығына тоқталды. «Бұл мерейтой тек облыс пен қазақстандықтар үшін ғана емес, бұрынғы СССР елдерінің тұрғындары үшін де маңызды. Жерлесіміздің Жеңіске қосқан үлесін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - деп атап өтті К.Серікбаев.
Батырдың келіні, жазушы Зейнеп Ахметова аты аңызға айналған қолбасшы туралы естеліктермен бөлісті. «Өшкен жұлдыздардың жарқырауы миллион жылға дейін созылады» деген сөз бар. Бұл біздің бүгінгі кейіпкерімізге қатысты айтылғандай. Ол кісінің «намыс пен ар-ождан» секілді екі ауыз сөзбен суреттеуге болады. Мен осындай айтулы тұлғаның жанында өмір сүргеніме қуаныштымын», - деді ол.
Сондай-ақ Жуалы ауданының ардагері Әбілқасым Ергебеков, Б.Момышұлының жиені, журналистика ардагері Бекет Момынқұл мерейтой иесі туралы естеліктерімен бөліссе, ақын Маралтай Раймбекұлы арнауын оқыды.