Айнаш Есали: ЖЕТІМ СӨЗ, ЖҮЙЕСІЗ ТІРКЕС

ӘДЕБИЕТ
3296

Бекболат Әдетов,

Қазақстан Жазушылар 

одағының мүшесі,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Жасырып қайтеміз: қазір қазақ тілі ауыр халде, тіпті адам аярлық жағдайда десе де болатындай. Бір кезде келген, кеткен жиһанкездердің әмбесін таңдандырып, тамсандырған тіліміз шалқар байлығынан, кестелі келісімінен айрылып, қасаң қатынас тіліне, күнделікті отбасы, ошақ қасы құралына айналып барады деп қан жылаймыз ғой. Десек – дегендей. Жаны жәннатта болғыр Гер-ағаң Белгерше айтқанда, ол дәмі жоқ, татуы жоқ сылдыр су шалапқа ұқсағалы не заман. Әрі десе, осы жүрген бәріміз болып, әсіресе баспасөз бен бөспасөзіміз (теледидар мен радио), бірдеңеден құр қалатындай қараталасып, соған өлшеусіз үлес қосып жатқанымыз да өтірік емес. Марқұм Жарасқан айтпақшы, «қосып қалсаң да, басып қалсаң да» оның мың-сан мысалдары күн сайын андағайлап алдыңнан шығады. Осы жақында ғана (06.08.2015 ж.) «Түркістан» газеті еркектердің ішкиіміне жапсырылған сауда белгісіндегі «трусы мужские» деген сөздің қазақшасы «қорқақтар еркектер» деп аударылғанын жазып, жағасын ұстағандай болыпты. Кісі күлерлік пе? Жоқ, жыларлық! Ана тіліміздің көсегесін көгертеміз деп ұрандатып, неше түрлі бағдарламалар түзіп, олардың жүзеге асырылуын кезең-кезеңдерге бөліп, шала бүлінген боп жүріп, айналасы бірер жылда мұншама сорлы халге жеткенімізге не деп күлерсің?! Күлкіміз неге күл болып кетпейді осы біздің!

Бір ғажабы, осындай сорақылықтар айтылмай да жүрген жоқ. Бірақ тыңдар құлақ болса кәне. Кітап оқылмайды, жұрттың әдебиетке ықыласы жоқ деп екі күннің бірінде қақсап жатамыз ғой. Ал меніңше, қазір кітап қана емес, газет-журнал да оқылмайтынға ұқсайды. Басқа-басқа, әйтеуір журналистер қауымы газет оқудан аман ба деймін. «Ол кітап оқымайды, себебі ол – оқырман емес, жазарман» дейтін оқшау сөз болушы еді ғой, тура сол. Өзгені қайдам, жазғаным жетер жеріне (зерделі көңілге) жетпей, тыңдалмаған жетім сөз күйінде қалатын үрдіске менің әбден бойым үйренген. Сонда да жазасың. Көзі құрымағыр көреді, көрген соң, аузы жаман атансаң да, қайта-қайта айналып соғып айтасың. Бұл орайда әбден жауыр болуға айналған «пәленшенің құлағына алтын сырғаны» да, мақтау-мадақ орнына айтыла беретін «аузын ашса көмейі (көмекейі) көрінедіні» де, «туды» деудің орнын басып, тіпті тілдік нормаға айналып бара жатқан «туылдыны» да, «орта қол» мен «ортаң қолдың» аражігін парықтамайтын таяздықты да атаса жетіп жатыр. Қанша жазылды, қанша жерде айтылды – селт еткен біреуі болсашы. Қайта, қасарысып, өртше қаулап барады.

Өткенде Бердібек Соқпақбаев ағамыздың 90 жылдық мерейтойына арналған жиналысқа бардық (2014 жылы). Ел қатарлы кезек алып, замандасы туралы естеліктерін айтқан Мыңбай Рәш ақсақал сөзінің соңында «Нұрланның (Оразалиннің) құлағына алтын сырға» деп қойып, жазушылардың мұң-мұқтажы жайынан бірдеңелерді айтып жатты. Ал мен болсам: «Жасы тоқсанға келген жазушы ағамыз да мына сөздің парқын білмейді екен-ау. Сонда менікі не әурешілік?» деген ойдан арыла алмадым.

Оны айтасыз, осы «алтын сырғаны» тұрақты айдар сөзіне айналдырып алған газеттер де қылаң беріп жүр. Бүйте берсе, бұл сөз әуелгі астарлы мәнінен, ажарлы көркінен таза тақыр айрылып, кері мағынасындағы қарабайыр сөз тіркестерінің біріне айналарына күмәнім жоқ.

Бұрын да айттық: бүгінде «әкеледі» дейтін бір бұралқы сөз әбден етек алып барады. Түп төркіні орыс ағайындардың «приводит» деген сөзіне саяды. Енді екі күннің бірінде «қорытындыға саяды» (немесе соқтырады) дегеннің орнына «қорытындыға әкеледі», «жайсыздыққа ұрындырадының» орнына «жайсыздыққа әкеледі» дейтін болдық (әрі бұларды теледидардан күнде естиміз десек, асырып айтқан болмаспыз). Бұған әйелдердің «дүниеге бала әкелетінін» қосыңыз. Тіпті бұл кей-кейде келін-кепшіктердің төркінінен балалы болып келетіндей жайсыздықтарға ұласып, масқарамызды шығаратынын қайтерсің. Бара-бара бұған да құлақ үйреніп, қалыпты сөз саптауымызға айналып жүрмесіне кім кепіл. НТВ телеарнасында: «Өткір ауруларға әкелуі мүмкін» дейтін бір жарнама талай уақыт бойы көзге де, көңілге де күйік болғаны есіңізде шығар. Мұндағы «әкеледіні» қойшы, «өткір ауруларына» не дерсіз? Ойлап қарасаңыз, бұдан да сол орыс-екемнің «острые заболеваниясының» құлағы қылтиятынын аңдайсыз.

Осы тақтілес дәурені жүріп тұрған «жеткізді» деген сөз бар. Әлдебіреудің сәлем-сауқатын жеткізгенін білдірсе бір сәрі ғой, айтты, баяндады, мәлім етті, пікірін, ойын білдірді дейтіндердің барлығының орнына жүре береді. Белгілі бір жиындарда сөз сөйлеген, баяндама жасаған немесе сұрақтарға жауап берген адам міндетті түрде соны «жеткізіп-ақ» жатқаны. Әрине, сөздің реңкін жаңалап, құбылту үшін ара-арасында оны да пайдалануға болатын шығар, тек орынды-орынсыз, жөнді-жөнсіз тықпалай берген соң тілімізді қасаңдандыруға бұл да кәдімгідей үлес қосып келеді.

Онымен ағайындас «кәдік» дейтін сөз және бар. «Бірақ тып-типыл бізге қарағанда орыстардың тауар-өндірістік мүмкіндігі рубльді тұралатып тастамайтыны кәдік», «Болбырақ, босаң төл өсе келе арқарларға тән қасиеттен жұрдай болып, қорғаншақ көрбала боп қалуы кәдік», – деген секілді сөйлемдерден бүгінде әбден мезі болғанбыз. Тегі, осылар неғылған «кәдік»? Біз білгенде бұл өзі неғайбіл, күмән-күдікті, тіпті қауіп-қатерлі мағынада айтылатын сияқты еді, енді келіп «сөзсіз», «анық», «кәміл» дейтін сөздердің орнына жүретін болыпты. Мысалы, Гүлмира Тойболдина дейтін қаламгердің жазғанынан: «Ардагерлер соттасуға айдап салған ағайындар осындай иманды іске мұрындық болғанда, аға ұрпақ алдындағы парыздан бір мысқал құтылары кәдік-ті», – дегенді оқыдық. («Дат», 19.06.2014). Байқайсыз ба, иманды іске мұрындық болудың аяғы «кәдікпен» бітеді екен. Осы газеттің: «Телебайқаудың әділетсіз өткені қарусыз көзге көрініп тұрды», – деп жазғаны да бар (20.02.2014). Немесе: «Алматы қаласына салыстырмалы түрде жас жігіттің келуі мегаполистің дамуына басқаша, тосын қадамдар жасау қажет деген пікір басым» дейтін тәнтіректеп тұрған сөйлеміне (27.08.2015 ж.) не айтар едіңіз? Меніңше, мұны орысша ойлап, қазақша жазудың озық үлгісі десе болар еді, өйткені «салыстырмалы түрде жас жігіті» – орыстың «сравнительно молодой» дегенінің азғындаған аудармасы болса керек.

Бірде КТК телеарнасынан берілген хабардан: «Бір күнде жауған қардың биіктігі 30 см-дан асып кетті», – дегенді естігеніміз бар. Бұрын-соңды қазақ «жауған қардың қалыңдығы» деуші еді, бұл да жаңа өлшемге көшкен сыңайлы. Түрікпеннің ұлы ақыны Мақтымқұлының өзіндік сазымен айтылып, жиын-тойлардың сәнін келтіріп жүрген белгілі өлеңнің қазақша аудармасында «Асқар таулар, бойшаңмын деп шіренбе, – дейтін, жаңсақ кеткен тармақ болушы еді, мынау да соның бір парасындай. Шынында да, тау бойшаң болушы ма еді. Бойшаңдық өлшемі адамнан басқаға қисынбайтын болса керек қой.

Жазу-сызуда сөздердің орнын ауыстыру (инверсиялау) әдісі арқылы сөйлемді ширату, айқындай түсу дейтіннің болатынын әрі онсыз айтар ойдың өзі пышырап, кейде басқа мағынаға ауысып кететінін қолына қалам ұстаған жанның бәрі білсе керек. Тек мұны біздің журналистер қауымы мансұқтай беретіні өкінішті-ақ. Күнделікті газет-журналдардан осының мысалын қалағаныңызша табасыз. Айталық: «Төрт жасқа келген атақты футболшы Бекхэмнің қызы әлі күнге дейін емізік емеді» («Алматы ақшамы», 15.08.2015 ж.). Сонда төрт жасқа келген кім? Бекхэмнің өзі болып тұрған жоқ па! Ал шынтуайтында әңгіме «Бекхэмнің төрт жасқа келген қызы» туралы ғой.

Әнші қызымыз Ұлжан Айнақұлованың «Дала мен қала» газетіне берген сұхбатында: «Әлі сиясы кеппеген Ермек Елгезековтің «Менің әнім», Ғалия Өмірбаеваның «Іздерсің» әндерінің тұсауы да осы күні кесілді», – дегенін оқып едік. Әлдебір ісі шала жас туралы айтқанда қазекем «Басының суы кеппеген» деп жатушы еді ғой. Сөйтсек, «әлі сиясы кеппегендер» де жүр екен арамызда…

Енді көркем сөздің шеберлері делінетін әрі солай болуға да тиісті ағайындарға – жазушыларға келейік. «Егемен Қазақстан» газетінде (26.11.2014 ж.) жарияланған «Әулиелер әлемі» дейтін мақаласында Смағұл Елубаев құстарға байланысты бір тәмсілді мысалға келтіріпті. Бәтуалы бас қосуларына келмей қалған Самұрықты іздеп шығып, жер-көкті шарлап әбден діңкелеген, арып-ашқан құстардың делегациясын жазушымыз: «Алба-жұлба, азып-тозған. Қанаттары сынған. Көздері шүңірейген. Шаршап-шалдығып аяқ үстінде әрең тұр», – деп кейіптейді. Мидай жолда жүйткіп келе жатқан көлігіңіз ойқы-шойқы жолға кезігіп, оңқа-шоңқа болғандай күйге түсесіз. Себебі қандай қалаймақан жағдайды айтса да қазақтың «аяқ үстінде әрең тұр» дей қоюы неғайбіл нәрсе. Ал орыс айтады: «еле стоит на ногах» дейді.

Смағұлдың тағы да осы газетте жарияланған бір мақаласынан мынандай сөйлемдерді оқыдық: «Әрі қарай Бигелді және оның газетіне соттар тізбегі басталды… Бигелді және оның газетіне араша түсіп шетелдік құқық қорғау ұйымдары дабыл қаға бастады». Екі сөйлемнің де сиқын кетіріп тұрған бір ғана дүмбілездік әрі соны болдырмау үшін «жәненің» орнына «мен» дейтін жалғаулық шылауды пайдаланса жетіп жатыр еді. «Бигелді мен оның газетіне…» деп ешбір кінәрат-кедергісіз оқи бересіз. «Мен» мен «жәнені» қандай жағдайда да алмастырып қолдана беруге болмайтынының бір мысалы осы. Ал тым тәуір аталып жүрген жазушымыздың осыны ескермеуі – әбестік.

Келесі бірер мысалды Несіпбек Дәутаевтан келтірейік: «Қолыңдағы түрме күзетшісі жаңа әзірде алып келіп берген. «Рахмет, азамат, – деді күбірлеген. Құдайдан қайтсын». «Ит теріңді басыңа қаптайды». Бұлар – «Архитектор» дейтін әңгімеден. Енді «Құмға қашқан құйын» дейтін әңгімесінен: «Алба-жұлба сұлба құладүзді бетке алып безіп барады екен».

Тағы оқиық: «Қай кез екенін сүлдері мүлде құрыды». «Өздері немесе қайсы біреуге шақыртса әкесі кәдімгідей ренжіп, өкпелеп қалатын». «Сондағылары бұлар енді мұны жұмсағандай жұмсайтын, жұмсағанда бұл ұқсап жүгіре жөнелетін кім қалды?». «Байынан жастай жесір қалған жесір әйелдің қолына кіріп алған еді». «Бұрынғы күйеуінен бір бала, бұдан екі қыздың не болса соны жегісі келіп, қосыла қыңқылдайды», «…ескі екі бөлмелі үй алған». «Бүгінгі поколениенің дені сол. Не на что не способный. Только тілалшақ».

Бұлар – «Тілалшақ» дейтін әңгімесінен. Кілең бір сүреңсіз, күлдібадам, жансыз сөйлемдер. Әрі осы екі әңгіменің де кейіпкерлері жаңағыдай сауатсыз әрі қисынсыз қыстырылған орысшаға құмар.

Ақыр соңында Жабал Ерғалиевтің «Тұтқын» әңгімесінен бір ғана мысал келтірейін. Бұл азаматтың сөз қолданысындағы (демек, жазу мәнеріндегі) шалағайлықтарды бұрын да бір сынағаным бар-ды. Амал жоқ, тағы айтуға тура келіп отыр. Неге десеңіз, бұрынғы айтылғандар жеріне жетпегенге ұқсайды. Сонымен, «Тұтқындағы» бір-ақ сөйлем: «сол баяғы өткен күндерінің өкініші өзегін өртеп, тұла бойы күйіп-жанып жатқан қарттың жұмулы жатқан көздерінің айқаса қалған кірпігінің арасынан сығалап, тыйылмай ағып жатқан жас тамшылары іште жатқан қалың қайғының сыртқа тепкен бір белгісіндей еді». Сөйлемнің өзге кінәраттарын былай қойғанда,бұл неғылған өңкей бір «жатқандар» екеніне таңданбасқа шараң жоқ. Көздегенің көркем шығарма болған соң оны шамаңның келгенінше күлдібадамдамай, қайта-қайта оқып, пысықтап, ширата түсу дейтін болмас па. Ал қайталап оқыған адам, нақа бір иісалмас болмаса, жаңағы «жатқандарды» көрмеуі мүмкін емес қой, тегі.

«Айттық-айттық та қайттық» дейтін емес, адам болған соң сол айтқандарыңның ұрымтал зердеге қонақтап, там-тұмдап болса да нәтижесімен қуантарын қалайтының өтірік емес. Бірақ мына керенау-кердең заманда сөз қадірін білетін жандардың көрер көзге түгесіліп бара жатқанынан қорқасың. Тәуелсіздіктің сонау бір елең-алаңындағы масайраудың жалыны қайтып, өмірдің бар саласын енжарлық пен салғырттық жайлағанының куәсі болып отырмыз. Ілгері басқан талабың тасқа тигендей боп кері кете берсе солай болмағанда қайтсын-ай. Қайран Мөңке би бабамыздың: «Алашұбар тілің болады, дүдәмалдау дінің болады» дегені айна-қатесіз келіп тұр. Айтылған сөз бір құлағынан кірсе, екінші құлағынан шығатын ұрпақ өсіп келе ме дейтін дәркүман күндер туды. Тек ақырын берсін дейік.

Орайы келіп тұрғанда Бекболат Әдетов толайым публицистикалық туындыларынан бөлек, «Бәйшешек», «Алтынай», «Жердегі жұлдыздар», «Іңкәр көңіл» атты көркем шығармалардан тұратын төрт кітаптың авторы, 8 романды қазақ тілінде сөйлеткен тамаша аудармашы екенін айта кетелік. Қазақ журналистикасының академигі, 70-80-жылдардағы «Социалистік Қазақстан» басылымының белді журналисі, болмысы бөлек, жаратылысы жайсаң Бекболат Әдетов жайлы белгілі ақын Өтеген Оралбайұлы бір өлеңінде: 

Бір сөзді білмей қалсаң Бекеңе бар, 

Жатсынбас, жатырқамас жетеңе бар, 

Әлгі сөз құлын-тайдай құлдыраңдап, 

Өріске ойнақ салып кетеді олар... 

Бекеңе сәлем берем сағынып бір, 

Көп термин күтім таппай жабығып тұр. 

Қазақтың небір сөзі, тұман басып, 

Бекеңе жол таба алмай қамығып тұр, – дейтіні бекер емес. – Журналистикаға барғаныма, осы өмірді көргеніме өкінбеймін. Түбірлей алғанда, өз тағдырыма шынымен-ақ қызығамын. Небір жақсылар мен жайсаңдарды көрдік. Дәмдес-тұздас болдық. Том-том кітап жазбасақ та қырық жылдай елдің тарихын бірге жазыстық. «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» деп Қасым Аманжолов айтпақшы, ірілі-ұсақты газет-журнал беттерінде, әсіресе қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанда» қолтаңбамыз қалды. Қаламымыздың қарымы да жүрегіміздің жалыны да сонда жатыр, – дейтін ақжүрек ағаға табыстар жалғасын тапсын деп тілейміз.

Айнаш Есали, "Егемен Қазақстан"

author

Айнаш Есали

ЖУРНАЛИСТ

Шоу-бизнес

Айқын Төлепберген Youtube платформасындағы Зamandas подкастына берген сұхбатында Қанат Бейсекеевтің...

Ауа райы

Синоптиктер Қазақстандағы 2024 жылғы 8 желтоқсанға арналған синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа ра...