Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

ӘДЕБИЕТ
1760

Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында заңғар жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. 

 

 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын жеткізді. Онда былай жазылған:

«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды.

Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін».

Сондай-ақ, қаралы жиынға журналист, киносыншы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов, ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин сынды қаламгерлер де қатысып, қазақ еліне көңіл айтты. 

Талай жерде қазақтың мұңын мұңдап, сөзін сөйлеген Шерхан Мұртазаның қайтыс болуы бүкіл қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. «Қызыл жебе» атты өшпес туындыны жазған саңлақ сөз шебері биыл 86 жасқа толған еді. «Сталинге хат», «Бесеудіңхаты» атты пьесалары, «Ай мен Айша» сынды көптеген романдары мен әңгімелері қазақ әдебиетіндегі құнды қазына. Халық жазушысы соңғы жылдары Тараз қаласында тұрған екен.


 

auezov-theatre.kz

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...