«Көшпелі энциклопедия»

ӘДЕБИЕТ
2163

Қазақта атқан оғы мүлт кетпейтін тотияйын тілді, қырағы көзді саңлақ сатириктер қашанда саусақпен санарлықтай ғана. Бұл ақперен жанрда жазудың ауырлығына шыдамағандық па, әлде, атын атамай жазса да, танымайтын топ ішінен жау тауып алатын жауапкершілігінен қашқандық па, оны осы ауылға ат басын тіреп, кейін басқа жанрға ауысып, жан бағып жүргендердің өзі білер, сондықтан да қолдан келсе «Бас жағына барыспай-ақ қоялық».

Тізім жасап, жаман атты болып қайтейін, осы жанрдың бағын жандырып, бағасын қөтерген екі-ақ сықақшының атын атайын, олар – бүгінде арамызда жоқ Оспанхан Әубәкіров пен Сейіт Кенжеахметұлы.

Сейіт ағаны мен есімді білгеннен білемін. Қара танығаннан бастап сол кісінің жазған-сызғандарын оқып, шайымызға шашалып, көзімізден жас ағып, ішек-сілемізді қатырған шеберлігіне тәнті болатынбыз. Бір мектепте оқып, бесінші сыныптан бастап қолымызға қалам алған Марат Нұрқалиев, Аязбек Сәб­денов, мен үшеуміз Сейіт аға­мызға еліктеп, сықақ өлеңдер жаза бастадық. Бір ғажабы, сол «сарыауыз балапандардың» тырнақалды туындылары алды республикалық, соңы аудандық газеттер беттерінде үзбей жарық көре бастады. Облыстық «Коммунизм таңы» газетіне басылған сайын сол газеттің қызметкері Сейіт Кенжеахметұлының талабымызға риза болып, ақыл-кеңес берген хаттарын алып, төбеміз көкке тигендей болатын.

Ол кездері қандай газет-журнал болсын, олардың сықақ бұрыштары Сейіт ағамыздың әңгіме, өлеңінсіз шықпайтын. Әке баласына ұрысқанда, күйеуі әйелімен ренжіскенде, жас кәрінің, кәрі жастың бойынан кемшілік тапқанда Сейіттің өлеңіне жүгінетін. Өйткені Секеңнің тәрбие, өмірдегі жа­мандық пен жақсылық тақыры­бына қалам тартпаған кезі жоқ. Сондықтан да еңбектеген жас­тан еңкейген кәріге дейін сықақ­шының өлеңдерін жатқа білді десем, артық айтқандық емес. «Бесқарынның монологындағы»: «Қарынның болса түр-түрі, ол да спорттың бір түрі», «Бөлелердегі»: «Біреу малыңа дос, біреу жаныңа дос» немесе еріншек жеңгейлерге арналған: «Қымыз іш десең, аузын ашады, бие сау десең, тұра қашады» деген өткір егіз жолдары кезінде ел аузында мақалға айналып кеткен.

Сейіт Кенжеахметұлының «…Ыңқырап … іңкіреп…» атты өлеңі формасы, мазмұны, жазылу тәсілі жағынан да бөлек, қазақ сатирасындағы тосын жаңалық, толымды табыс болып табылады. Сондықтан да қол-аяғы жинақы, шып-шымыр дүниені бөліп-жармай тұтас күйінде назарларыңызға ұсыналық.

– Мен жасымда нетіңкіреп,
Айналайын өтіңкіреп,
Бетіммен кетіңкіреп,
Оқуды ұғыңқырамай,
Айтқаннан шығыңқырамай,
Жөнге жүріңкіремей,
Қатарға кіріңкіремей,
Басыма оқу қоныңқырамай,
Кейін ыңғайлы қызмет
болыңқырамай,
Анау-мынауға көңілім
толыңқырамай,
Сосын қарап жүруге бола ма?!
Ептеп ішіңкіреп,
Бет-аузым ісіңкіреп,
Аздап түрткіге түсіңкіреп…
Бір күні көзім атысыңқырап,
Біреумен шатысыңқырап,
Жұдырығым да қатысыңқырап,
Оған милиция араласыңқырап,
Онымен де жағаласыңқырап…
Ақыры түрмеде жатыңқырап,
Қолшасы қолыма батыңқырап,
Бұрынғы «ерлігім»
тоқталыңқырап,
Басыма «пәле» топталыңқырап,
Сол жерде сотталыңқырап…
Иә, қазір… ыңқырап, іңкіреп,
…іңкіреп, …ыңқырап…

Егер алда-жалда бүкіл әлемдегі әрбір талантты сатириктің бір-бірден ғана өлеңі енгізілетін таңдамалы жинақ шыға қалатын болса, Сейіт ағамыздың осы өлеңінің солардың ортасынан ойып орын алары сөзсіз.

Сейіт Кенжеахметұлының сати­ралық әңгімелері мен скетч­тері де – қазақ сатирасының алтын қорында қалатын қайта­ланбас туындылар. «Басқа бер­месін деңіз немесе алпыс салалы «ауру» әңгімесінде адам ағзасының әр бөлігінде кездесетін аурудың бәрін тізбелеп бергенде өмір бойы кісі емдеумен келе жатқан дәрігерлердің өзінің таң-тамаша қалары сөзсіз және де оны қандай тілмен жеткізеді десеңізші! Енді сырқаттың дәрі­герге айтып жатқан әңгімесіне құлақ түріңіз.

– Қарағым, осы алдыңда қал­қайып тұрған қазіргі жағдайымда табаным қышиды, алақаным ысиды, көзім іріңдейді, саусағым дірілдейді, ащы шегім тұшиды, тұщы шегім ашиды, желкем тартады, қаным артады, басым айналады, тілім байланады.. – деп шұбыртып ала жөнеледі. Осыны оқып шыққан қазақ сатирасының классигі Оспанхан Әубәкіров Секеңе телефон шалып:

– Әй Сейіт, сен мына түріңмен кісі өлтіресің, осы әңгімеңді оқып өзімнен-өзім күліп жүргеніме үш күн болды, – деген екен…

Сейіт Кенжеахметұлы – «майы тамған» нағыз таза сатирик. Сатира ауылына алдаспанын қолға алып, ақбоз ат мініп, атойлап кірсе, қазіргі кезде де сол қарқынынан танған жоқ. Ол кісінің қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, бет аузының қимылы, сөйлеген сөзі, айтқан әңгімесі, күлген күлкісі – бар-бәрісі де тұнып тұрған сатира. Қазақ сатирасында Кенжеахметтің кенжесінің ізі құс жолындай жарқырап жатса, жүздеген сатиралық шығармалар арасынан оның өзіндік қолтаңбасын адаспай танисыз.

Ол сықақ жанрына көптеген жаңалықтар әкелді. Оның формасын дамытты, мазмұнын тереңдетті, көркемдігін жетіл­дірді. Кезінде Секең жазған «Жетім бухгалтердің жемқор бастығын жоқтауы», «Әкем жоғалды» атты өлеңдерден кейін газет беттерінде түрлі «жоқтаулар» мен «іздеу салулардың» қаптап кеткені жасырын емес.

Сейіт ағамен жүзбе-жүз кездескенім 1971 жылдың тамыз айы болатын. Бір топ бала Алматыға оқуға барып, конкурс­тан өте алмай, байдан шық­қандай болып басымыз салбырап, елге оралдық. Арқалықта Зәкария Әбдірахманов деген досымызға еріп, Сағындық Мырқалиев есімді журналистің үйіне түстік. Бір мезетте біз отырған үйге көзінде шаңырақтай көзілдірігі бар, денесінде қырым артық ет жоқ, қимылы ширақ, мінезі ашық бір кісі кіріп келді. Кіре сала арнайы сол үшін келгендей бізді тергеп ала жөнелді. Оқудан құлап келе жатқанымызды естіген соң бетімізге қарап отырып:

– Сендер Қоныс Іскендіров деген баланы білесіңдер ме? – деп сұрады жұлып алғандай. Онсыз да оқуға түсе алмағаныма намыстанып, жерге кіруге тесік таба алмай отыр едім, амал жоқ, қисалаңдап орнымнан көтерілуге тура келді:

– Қоныс Іскендіров деген мен едім… (Шындығында, ол кезде менің аты-жөнім солай болатын).

Сол-ақ екен ағамыз жерден жеті қоян тапқандай жайраңдап сала берді. Мұңайып отырған бізді жұбатып, керісінше бір жыл еңбек етіп барып түскеніміз өзіміз үшін пайдалы екендігін, өзінің сырттай оқып бітірсе де қатардан алыстап, көштен қалып жүрмегендігін айтып, көңілімізді көтеріп тастады.

Міне, содан бері ағалы-інілі болып өмір кешкенімізге қырық жылдай уақыт өткен екен. 1980 жылы «Лениншіл жас» газетінің меншікті тілшісі болып Арқалыққа көшіп келгенімде Секең Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы бөлімшесін басқарып жүр екен. Екеуміз жаз айларында апталап ел аралап, көптеген кездесулер жасап, туған халқымызға еркелеп қайтушы едік.

С.Кенжахметұлы халыққа кеңі­нен танымал болып, көпшіліктің көзайымына айналған «Тамаша» әзіл-сықақ отауының белді авторларының бірі ретінде оның қалыптасуына, шығармашылық жағынан өсуіне қомақты үлес қосты. «Тамаша» тарландары Құдайберген Сұлтанбаев, Тұң­ғышбай Жаманқұлов, Лидия Кәденовалар Секеңнің сатиралық шығармаларын нәшіне келтіре оқып, көпшіліктен биік бағасын ала білді.

Секең – сырт көзге алғашқыда аңғалдығымен танылғанымен, тілдесе келгенде әзіл-қалжыңға дес бермейтін, атқан оғын мүлт жібермейтін мерген.

Мен сықақшы ағаммен көп жылдар көлемінде бірге жүріп, табан астында тауып айтқан талай тапқыр сөздеріне куә болдым. Оның бір жылғы төл болып табылатын құрдастары Қойшығара Салғараұлы, Қоғабай Сәрсекеев, Сабыржан Шүкіровтермен жарасымды әзілдері өз алдына жеке әңгіме етуге тұрарлықтай.

Бірде Секең көшеде келе жатса, ауылдас бір інісі кездесіп қалып, қай үйде тұратынын сұрады. «Рубиннің» (дүкеннің аты) үстінде екендігін естіген соң:

– Ә, Сабыржан аға тұратын үйде тұрады екенсіз ғой, – деуі мұң екен:

– Әй, қарағым, шатастырмай сөйле, Сабыржан мен тұратын үйде тұрады, – деп ағамыз шоршып түседі.

Секеңді замандастары «Көш­пелі энциклопедия» деп орынды мақтаныш етеді. Ол кісі тек шөптердің ғана қазақ тілін­­дегі мыңнан астам атау­ларын жинастырып, оларды өз шығар­маларында шебер қол­данды. Бұл еңбегі Қостанай ауыл шаруа­шылығы институтында кеңінен пайдаланылады. Сол секілді ел-жер аттарының да көпшілікке беймәлім тұстарын жазушының мұрағатынан табуға болады.

Еліміз тәуелсіздігін алып, ұлттық өнеріміз бен халықтық салт-дәстүрлеріміз ортамызға қайта оралып жатқанда С.Кен­жеахметұлы бұл іске бел шеше араласты. Этнограф ретінде жинастырған бай еңбектерін халық игілігіне жарату барысында ауқымды істер атқарды. Сол жинаған қазынасын том-том жинақ етіп шығарып, бала­бақшалардан бастап, мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие бағдарламаларына енгізді.

Оның еңбектеріне сыртта жүрген қандастарымыз да қызы­ғушылық танытуда. «Қазақ­тың дархан дастарханы» кітабы Стамбул қаласында үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) басылып шықса, «Қазақ халқының тұрмысы және мәдениеті» жинағы Қытайда араб тілінде жарық көрді.

Жігітке жеті өнер де аз» дегендей Секеңнің суретшілігі, сахнагерлік, зергерлік өнері – өз алдына бір төбе.

Ахаң шыққан Торғай топыра­ғынан қанат қаққан, Жақаңның кіндік қаны тамған «Қызбел» ауы­лында өмірге келген қаламгер ағамыз біраз жылдар бас қалада тұрып, елордадағы зиялы ортаның қалыптасуына еңбек сіңірді. Кеше ғана туғанына сексен жыл толған сатира сардарының есімі ел жадынан ешқашан өшпейді деп ойлаймын.

Қонысбай ӘБІЛ,
Қазақстанның халық ақыны

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...