Ал, сол кие дегеніміздің өзі не? Бар нәрсе ме ол өзі, жоқ нәрсе ме? Бар болса оны кие тұтуымыз керек...
Дәурен Мақсұтханұлы: Мына ескерткішті қайта жасау керек!
5627
ТҮГЕЛ ТҮРКІ ТҮБІ БІР, ТҮП АНАСЫ КӨК БӨРІ!
Халқымызда "Түгел сөздің түбі бір, түр атасы Майқы би, түгел түркі түбі бір, түп анасы Көк бөрі!" деген даналық сөз бар. Бала кезімізден осы сөзді оқып, миымызға тоқып өстік. Көлемі екі-ақ ауыз сөйлем болса да, мағынасы өте үлкен! Бұл тақырыпты жазуға себеп болған, өзім таныс болмасам да сыртынан сүйсініп жүретін ағам, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлының осы инстаграм мен фейсбуктағы бір посты болды.
Берік ағамыздың жазбасы бойынша, сол жақтың тумасы мүсінші ағамыз жақсы ниетпен жергілікті атымтай-жомарттардың көмегімен "Көкбөрінің" көлемі 9 метрлік алып ескерткішін орнатыпты...
"Біткен іске сыншы көп" десек те, "іште пікір өлгенше" деп, маман ретінде өз пікірімізді білдіруді азаматтық парыз санадық.
Плюстары: ескерткіштің көлемі үлкен, ол бір, екіншіден, жасалған материал ыстық-суыққа төзімді екен ол екі, түсі бауыры сұр, үсті көкшіл түске боялған екен, ол үш.
Минустары: Ескерткіштегі қасқырдың анотомиялық пропорциясы сақталмаған, ол бір. Мүсіннің композициясы толық ашылмаған, астындағы тұрғыртасы (постамент) да сәйкес келмейді, ол екі.
Композициялық образын алсақ, Қазақтан өзгені қызғандыратындай, ал барша түркіні рухтандыратындай рухы жоқ, жай ғана бір бұратылған аш қасқыр бейнеленген. Оның өзін "Маша мен Медведь" мультфильміндегі "медик қасқырлар" персонажынан ала салғаны бірден көзге, сосын еске түседі.
Ал, ең бастысы, "Көк бөрі" деген қазақ үшін, жалпы түркі жұрты үшін өте киелі, қасиетті тотемдік белгі болуы керек еді. Өкінішке орай оны көре алмадық. Бұл үшінші. Өкінішке орай, Амантай Мендіғалиев деген жергілікті мүсінші осы ескерткішті тұрғызу идеясын 40 жыл бойы ойлап, соңында бір жыл бұрын іске кірісіп, жасап шыққан екен... Есіл кеткен арам тер, күн-түн жүріп сомдағандағы қайран күш-жігер, барша қазақты қуантамын дегендегі қанат қақтырмас қиял, текке кеткен... Неге, тәжірибесі бар мүсіншілермен, сәулетшілермен, дизайнерлермен ақылдаспады екен. Неге тым болмаса оқыған мүсіншілерге жасатпады екен?! Сонда шынымен де шедевр шығар ма еді?! Онда біз де тек тамсанып отырар ек...
P.S:
Орнатылар ескерткіш орнатылып қойды, 2020 жылы желтоқсанның бірінде... Үкіметтен еш тиын бөлінбеді дер, әкімдіктегілер.
Жасаған адамның жігерін жер қылмай, Қазақтың рухын түсірмейміз десеңіздер, мына ескерткішті қайта жасау керек! Мүмкін бүкіл елге сауын айтып, Көкбөрінің ең үздік алып ескерткішіне байқау жариялау қажет шығар?!
Мен де Бекеңді сыйлап, үнсіз қоя салуға болушы еді. Бірақ ақпараттық кеңістікте жарнамасы күн өткен сайын үдеп бара жатыр. Өзге ұлттар, өзге елдер ескерткіштің суретін көріп, мырс-мырс етіп күлуде...
Берік Әбдіғалиұлы аға, алда қайта байқау жариялайтын болсаңыздар, мен өз тарапымнан атсалысуға әзірмін.