«ЖАУ ҚАТЫН»Өткен ғасырдың өзін енді – баяғы дейтін болдық қой. Иә, сол баяғыда Қаш...
Нұртас Тұрғанбекұлы: Бүгін сенің үйіңе қарап өттім...
***
Жүрегің сенің құстай жылады,
Көрмедім бірақ неге мен?
Қанаты бардың ұшпайды бəрі,
Əйтпесе ұшып келер ем.
Жанымнан ылғи жарылыс көрем,
Сезімге кейде ойым жау,
Əлдебіреуге сағыныш деген,
Əлсіздігіңді мойындау.
Көмейіңе өксік-оқ тұрған күні,
Мені айтшы неге мұңайтты?
Алаулап жанған оттың барлығы,
Күйдіреді деп кім айтты?!
Іштегі бұққан мұңды сез ұлы,
Айтпағаны үшін таңдай қақ,
Ай деген түннің сырлы сезімі,
Айта алмай жүрген айғайлап.
Көз жасы түннің тастанды жұлдыз,
Жұбатты оны кім ұғып?
Мəз болып жүрміз аспанның күндіз,
Жылтырағына жылынып.
Алдауға өзің иланып көптен,
Шын сүйем мəңгі деп кейде...
Шын сүйгені үшін сыйланып кеткен,
Гүлдер де қурап кетпей ме?!
Қалау ма сонда көңілден арсыз,
Негізге сендік сонда қай?
Күдік бар жерде сенім де əлсіз,
Сезім де əлсіз ол қалай?!
Сағындым сені...
Төзіммен жүргем,
Жаныма найза бойларда,
Барлығы сонда сезім деп жүрген,
Өзіңді ғана ойлау ма?..
***
Қар жауды деп қуандым, жыладың сен,
Кінәладың тапта деп, құла кіршең.
Кінәламас едің ғой, қымтамас та,
Жаурап біткен жанымды, сірә, білсең.
Несіне тұра ұмтылдым қар жауды деп,
Серпілсе деп ем көңіл қалған жүдеп.
Талай рет тапталған біле білсең
Ақ қарды ар деп ұққан аңғал жүрек.
Белгісіз баққа бір сәт батырардай,
Белгісіз біреу кейде шақырардай.
Бір кезде алақанда еріп кеткен
Жігерімді жүрмін мен қатыра алмай.
Бір кезде ол қуанған қыс келді деп,
Сол қыста тоңған жаным, үскен жүрек,
Мендік сезім қардан да ақ болатын
Ешкім тауыса алмайтын күшпен күреп.
Содан бері қыс келсе күзді айналып,
Кей кезде кеуде тұсым сыздайды анық.
Бір қыстың естелігі қайтем, күнім,
Сақталғандай мәңгілік мұзға айналып.
Алайда өткенімнен жерітпек кім?
Өткенім – өз ғұмырым, көніп кеттім.
Құдіретің жетсе егер ақ қар боп кеп
Ойланбай құшағымда еріп кеткін!
***
Бүгін сенің үйіңе қарап өттім,
Қарап өттім, жанымды жаралы еттім.
Күңіренген кеудемнің қобызына,
Шала жанған жүректі шанақ еттім.
Бүгін сенің аулаңа көңіл бөлдім,
Осы болды сезімім сөгілген күн.
Өзге біреу тұрды онда сені күтіп,
Мен не дейін, кінәлі өмір дермін.
Сонда да мен асықтым бір көруге,
Күлкің дауа болар деп мұң көңілге...
Мен көшеңнен зымырап бара жаттым,
Сен ештеңе білмейсің, білмегін де...
Бүгін сенің үйіңе қарап өттім,
Өткен сезім өртеді, тағы əлекпін!
Бір-ақ уыс жүректі сенде қалған,
Өкініш қып өзіммен ала кеттім.
***
Мен дұрыс жасамадым ештеңені,
Өкініш өзекті өртеп кеш келеді.
(Есікті күліп ашып тарс жапқаның,
Күткенім, қош дегенім, шаршатқаның)...
Есте ме еді.
Заңдылық қой мені де кешірмеуің,
Ілгегін есігіңнің кеш ілгенің...
Есігіңнің түбінде есті үмітті
Есімде кері итеріп өшіргенің.
Есімде көз жасына булыққаның
Есімде менің үнсіз мұң жұтқаным
Маған ешкім айтқан жоқ бұған дейін
Төгілген көз жасында шындық барын!
Есімде жүрегімнің шаншығаны,
Түні, сосын көктемнің таң шуағы.
Сезім үшін іркілген өкініштер,
Уақыттың кірпігінен тамшылады.
Есімде ішім ашып ішкенім де,
Бір биіктік табылмай құс көңілге.
Тісім сынып кеткен соң бірақ білдім,
Өмірге болмайтынын тістенуге.
Есімде менің сынық сағаттарым,
Есімде сенің күліп баратқаның.
Есімде, өзімдегі сəл бақытты,
Əркімге бөліп-бөлмей таратқаным.
Есімде, есімде жоқ дегенім де,
Болар ма бір сəт баққа бөленуге?!
Жыртылған жүрегімді ала келші,
Келеріңде!!!
Көп болды
Көп болды ауылға бет бұрмағалы,
Көп болды жанды жерді тырнағалы.
Жатқа тастап кетуге қимай жүрмін,
Жатырқай алмаған соң бұл қаланы.
Көп болды дос-жарандар келмегелі,
Көп болды ғашық жанды көрмегелі...
Ауылдың хат-хабарын жеткізуші ең,
Ұмытып кеттің бе екен сенде мені?!
Көп болды жар жағалап жүрмегелі,
Көп болды үйдің жайын білмегелі,
Қалада бұл хәл сұрар уақыт та жоқ,
Түсіндіріп жатасың кімге нені?!
Көп болды жетсем бе деп көп тілеп ем,
Көп болды жазбағалы өткір өлең.
Алдында ауылдасты көрген кезде,
Көршінің бәрі көшіп кетті деген...
Көп болды содан бері маза қашқан,
Көп болды бәлкім маған назалы аспан.
Ауылда әттеңің де әйбәт екен,
Қалада сәттерім көп жаза басқан.
Көп болды ауыл жақты ойлағалы,
Көп болды кеуде тұсым ойран әлі.
Арманым Астананы кезгенменен,
Көңілім кең далада қой бағады...
Көп болды ауыл күйі жетім бүгін,
Көп болды санағалы кетуді мін!
Соңғы рет ошаққа мен отынды емес,
Жанымды жағып кеткен секілдімін!
Солай
Ақша ұсынып бақыт келді алмадым,
Басқа ысырып уақыт көрді танбадым.
Адалдықты, адамдықты ойлаушы ем,
Қиналғанда сатып берді арманым.
Көз алдымда мұңды сезім жылады,
Жүрегінде сырлы сөзім жүр əлі.
Бəрі де сол жынды судың кесірі,
Бəріне сол жынды кезім кінəлі.
Пендешілік, тірлік болды баяғым,
Жылдар болып жылжып кетті ай ағын.
Жанарымда жалған тұрды мырс етіп,
Қайыр сұрап шындық келді аядым.
Ар төгілді, əр түн соны жасырды,
Қыздың жаны, бəлкім соры ашынды.
Менмін ғой деп мен де адасып кеткенмін,
Аңсап жүріп алтын толы ғасырды.
Бүгін міне ақыл күлді жынды боп,
Санасызда бақыр жүрді үлгі боп.
Мына жақта əпенделер əн айтты,
Анау жақта ақын тұрды тым жүдеп.
Заң өзгерді заман гүлдеп əр түрлі,
Бар жақсылық жаманмын деп ант ұрды.
Адам деген əр жақыным ит болды,
Иттің өзі адалмын деп шарқ ұрды...
Бағынбаған байлық керді кеудесін,
Алынбаған айлық болды көрмесім.
Жолыққанның бəрін бауыр, дос дедім,
Тоқырауда айнып берді сол досым.
Əрбір ұлы жеңілсе үздік жаңа ұқтым,
Жан дүниемде тек үнсіздік жалықтым,
Сенер жан жоқ, мен өзіме сенгенмін,
Менің өзім сенімсіздік таныттым.
Енді бірақ тоспасы анық сергелдең,
Тəңір маған басқаша ғып дем берген.
Мен періште бола алмасым белгілі,
Əй, пенделік, қоштасалық кел бермен!
***
Көңіліме күн қадап, жүрегіме мұң қадап,
Балалығым кетті өтіп, жанарымнан сырғанап.
Мен кіршіксіз сәттерді аңсап кеткем, содан-соң,
Мынау арсыз әлемде жастығымды былғап ап.
Содан бері шынайы қуанғам жоқ, күлгем жоқ,
Жылағам жоқ түндерге көз жасы боп сіңгем жоқ.
Өзім "отпын" деп жүріп жанып кете жаздағам,
Менің мына күйдіріп жатқан кезде іргемді от.
Сосын жауып ұстағам, күйік шалған іргемді,
Ертеңіме қалсын деп өткенімнен бір белгі.
Жас баланың тағдыры – тас қалада жоғалған,
Тас қаланың тағдыры – тасырқатсын кімдерді?
Менің асыл арманым осы жерде тоналған,
Содан кейін күткен жоқ бақыт дейтін жол алдан.
Ауылынан келгенде адамдығы жоғалған,
Бәрі түлкі әйтеуір, бәрі қасқыр боп алған.
Енді кімнен жасырам дәл қазіргі хал-жайды?
Әрбір сәттің жарасы сезімі мол жанға әйгі,
Ардың артқан жүгі бар, батады ылғи арқама,
Таудың тарпаң ұлы ем деп, тасқа соғып
маңдайды.
Несін айта берейін ойларымды сатылап,
Бар қабырғам сөгілді, сынып кетті қақырап.
Ақылдыға сор қонған – сордың өзі ақылды,
Ақымаққа бақ болған – бақтың өзі ақымақ!
Бақытсыз боп барамын, бәрін сырттай бақылап.
***
Білмеймін...
Сағындым мен білмеймін кімді, нені?!
Түн жабырқап бетіме күн күледі.
Күдікпенен үміттің ортасында,
Жақсылық пен жамандық бір жүреді.
Аңсадым, өткенді ме, бүгінді ме,
Кеудемдегі шыр еткен, жырым міне.
Үңіліп жүрегіме қарар болсаң,
Тілінді де, болмаса бүлінді де.
Іздедім, бағымды ма, сорымды ма?!
Жұмсақ жаным жарға кеп соғылды ма?!
Иір-қиыр ешқандай бұрылыс жоқ,
Қайда апара жатыр-ей, жолым мына?
Белгісіз сұрағы да, жауабы да,
Тағдыр ғой жас тұндырған жанарыма.
Өткінші жаңбыр сынды өмірім-ай,
Басыла салады ғой жауады да.
***
Жүрегімнен де, бұл өмірден де жалығып,
Аймаламайсын, қайда қарайсың жабығып?
Жалғыздығыма дауа табылар деймін мен,
Алдаусыратты тағы үміт.
«Еркекпін» деймін, «тер төктім» деймін,
тасынып,
Балтырым сыздап, бейбақтығыма ашынып.
Құлап аламын, жылап аламын кей күні,
Өзімнен өзім жасырып.
Бұлқынып, буып сыздаған жүрек -
"бейшарам",
Ермек етесің жанымды неге ей, санам,
Түннен түңіліп, күнмен күрсініп тұрам да,
Бақыттымын мен! – дей салам.
Жүрегім – жұмбақ, ақылым – ақын, жаным
– ән,
Тыңдағын, шешкін, түсінгін оны жалынам.
Жылытқан күні суып кетермін сенен мен
Ұмытқан күні сағынам.
Тірлікке мынау тірі тұрғанда ет өлер,
Жыламашы сен, мұңыңды жер ме, көтерер?!
Мендік жүрекке жасыңды сүртіп алғын да,
Лақтырып тастап кете бер!
***
Сен кінәлайсың ғой,
Кінәлайсың ғой, неге деп сұрамайсың ғой.
Тістесіп тұрған тағдырда тісің сынса да,
Мен шыдаған өмірге шыдамайсың ғой!
Сен «жүрек» дейсің ғой,
Жүрек дейсің ғой, сезімді түлетпейсің ғой.
Жылымшы жас жаныңнан ытқып шықса да,
Мен селк еткен дүниеге, дір етпейсің ғой.
Сен түсінбейсің ғой,
Түсінбейсің ғой, алдымда кішірмейсің ғой.
Сен – маған құйылған ащы шарапсың,
Бірақ та, ішілмейсің ғой.