Тілеубек Батыс – Өнер үшін әумесерлік керек-ақ

ӘДЕБИЕТ
3543
Кристиан Болтански. Көзқарастар. 2011 жыл«ЖҰЛДЫЗДЫ ТҮН»

Алматыда қылмыс жасау оңай!
Себебі әлмисақта өлген сезіміңді беймәлім бір қыз оятуы мүмкін. 

Бейкүнә түстердің қылмысын арқалап кешіккен сәтім бұл,
Самарқау жұбатып алтыншы түйсігімді үркіген.
Сен-Реми аспанындағы үйірлі жұлдыздар
Алыстан тамылжып мүңкіген. 

Тұрақты кеңістік,
Жолаушы адамдар,
Адасқан көшелер…
Сол бір "жұлдызды түнге" бастайды.
Күткендей күдікті үмітін. 
Ғасырлық шыдаммен мысқылдай күледі
Дүниенің ең ұлы сезімін қымқырған ұры түн.

Дүбара жалғанда ғайыптан жолыққан,
Сен болдың "жұлдызды түнімнің" алғашқы қонағы. 
Бағзыда жоғалған бекзада көңілім жасыса
Өзіме обалы...

Қандай бір асылға айырбас жасамас сендегі қарашық,
Сол қарашықтың шүңетіне сүңгісем өртенер өзегім.
Құмға сіңердей мөлдіреп жас тамар, 
Алыстан сағынсам…
Сағынышымның да ауыспалы мағынада тұрғанын сеземін. 

Сезгендей сенің де жүрегіңнің дүрсілі, 
Ең нәзік тамырың,
"Жұлдызды түндегі" махаббат дірілін. 
Бейсанамды да өзіңе табыстап дариға-ай! 
Жанарыңа боталап мәңгілік күйігім, 
Езуіңде мызғасын ғұмырым. 

Жұлдыз санайық…!

Кристиан Болтански. Ата-аналарымыздың үйленуі. 1974 жылКӨКЕЙКЕСТІ

Көз жасымнан сорғалаған өмірлік құстар
жер қойнына кіргенше сол бір әуенге билеп үлгерді.

Алжыған аңқамның табиғат тәпсірлеп жеті түн бояуын,
Беймәлім әуенге елітті күнәһар ойларым.
Әуезіне қараңғылық тұншықты,
Тыныштық үздікті,
Қайдамын?!

Сәуегей сарынның үніне мастыққан сезімтал ауаға,
Мүлгіген өңім бүл.
Кеңістік бетінде сайрандап көшкен дауыспен
Тыныстап оянған төңірек көгілдір.

Бидәйдің қауызына ілініп қалған сол бір үн,
Әлемнің күйігін басардай бұрқырап,
Адамның көңілін қамықтырардай қыстығып,
Үнсіздікке тәу етеді...
Айғақтап шуылдың зары өткен жаралы
Демінің ыстығын.

Қисынын таппаған өмірдің заңына қайшы кеп,
Шексіздік түсінде сүлдерін дегдарлық тербеген,
Емдеген мәңгілік жарасын.
Жая тасқа күбірлеп аят оқып уақыт тоналды.
Сол әуен құшағында ырғалып қайраңдап жоғалды.
Тұрлаусыз тірліктің ағы мен қарасы…

Мынау тіршіліктің әсем даусынан үзіп ұрлық жасайтын сен ғана ма?
Көкейкесті...

Кристиан Болтански. Д әулетінің альбомы. 1971 жыл***

Тыныштықтан да тыныш, үнсіздіктен де үнсіз не бар?

Шегірткенің шырылы ғана естілетін жым- жырт тұн.
Аңқамды алдаған ол- шуыл…
Тымық ауаға жұтылып кетер нәзік әуеннің
Миымды қажап өршуін.

Мен-
Санамнан шығып айналамдағы дауысты жеңем бір күні,
Ауасыз кеңістікте бос дүниеге айналамын.
Ышқынған "Айқайымның" жаңғырығын жұтар
Қараңғылықтың құрдымы.

Бұл ғажайып сәт таң ағарғанша ғана,
Шегірткенің шырылымен бірге жоғалар.
Бәрі де ұмытылар,
Түстің түсіндей…
Ұйқым ашылса қисынсыз жорамалым да оңалар.

Мен ойлаған үнсіздік жеті қат көктің үстінде,
Мен аңсаған тыныштық мың батпан жердің астында.
Дәл осы сәт қана уақыт кеңістігіне тастап кетемін
Ішімдегі "Айқай" ды асқынған…

Кристиан Болтански. Кристиан Болтанскидің 10 суреті, 1946-1964. 1972 жылMICHELANGELO-520

Осыдан тура 520 жыл бұрын Флоренцияда Микеланджело атақты "Дэвид" мүсінін қашауды қолға алыпты. 

Ермектен тұратын күндердің дұғасын бағыштап,
Сенімен сырласқым келеді,
Сөз басы...
Ақшаңқан даланың көбесін сөктірген,
Бейкүнә тағдырлар көз жасы, 
Тағы да боздашы...

Сен мүмкін білесің, жарықтан оянған, ақ түске боялған,
Күнге жұтылған түн даусын. 
Дәл сондай
Менің хәлімді сен ғана ұғарсың, 
Сен ғана тыңдарсың... 

Есімде
Жүрегін тат басқан Дэвидтің мүсіні көлбеңдеп,
Аспаннан самаладай нұр төгіліп рух боп шашырап.
Көзім қарауытады,
Түнектен бұлыңғыр Голиафтың басы ербеңдеп.

Мен енді мең-зең күйде
Дэвидтің жүзіндегі Құдай бейнесіне енсем.
Немесе
Мэридің құшағындағы Иса сияқты 
Сенің құшағыңда өлсем...

Ашық күннің сәулесін тұмшалаған әулекі құстар, 
Ықылымдағы жоғалған кінәсіз сезімімді қалтқысыз құптар. 
Раушан гүлі мені ұятқа қалдырғанда сен келіп құтқардың, 
Тағы да құтқар! 

Michelangelo!
Кристиан Болтански. Одесса елестері. 2005 жыл***

Біз МЕЙІРІМ мен КҮЛКІНІҢ салмағын өлшедік. 
Күлсең мейірленесің,
Мейірленсең күлесің.
"Таң алдында" беймәлім әуенге ұйқың келген,
Алайда
Таң атпайтынын да білесің?! 

Мен сен үшін, 
Ащы темекіні тәтті езуіңе түйрегенмін. 
Қызықпасам да әткеншек теуіп
Түсінбесем де Орыс тілді кино көрдім. 

Таң атты…
Сенің бетіңе түскен көше шырағының жарық сәулесі қазір өшеді. 
Бірақ, жүрегіңнің әлсіз нұры сөнбейді…


ВАН ГОГПЕН СЫРЛАСУ
Тоқаш ағаның "елес" ізімен

(Жазық даланың көрінісіне көз салғанда мәңгілікті көремін.)
Түнгі аспаннан жұлдыздарға қарағанымда шексіздікті тыңдаймын.
Санамда бір сәттік үзіліс…
Өмірден мән іздегендердің күйін шертеді менің мұң- қайғым.
Ал, сенің "тіршілік атаулының себебі болуы тиіс" деген өшкін бояуың кім жайлы?!

Ван Гог
Сен білмейсің ғой,
Ішімдегі сұрқия ойдың ойы бар екенін.
Сабыр ернеуінен асып, жаңғырық әуенінде маздағанын.
Сосын,
Жазғаным- сенің "жұлдызды түніңе" сіңіп жоғалған,
Ал, бөлмеңдегі "күнбағыспен" тілдеседі жазбағаным…

Ван Гог
Сен білсең ғой…
Мендегі суық сананың қиялы қылқаламыңдағы өмір жапырақтарының ніліне сіңу.
Болмысыңа да іңкар едім…
Сенің өлімің фәни бақытынан да ажарлы һәм сұлу.

Өлудің ең жақсы жолы- Өл- Ең.
Ал, сенің сұрғылыт түстеріңнің салмағы бағзыда шөккен алып қабырстаннан да терең.
Соның дертіне-
Жарықтың пердесін сөктіріп көз жасыңның мағынасыз кеңістігіне енем.
Тыңдар болсаң менің "айқайым" минус шексіздіктен де төмен.
Әй, Керең!…

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...