Әміржан Қосанов. Нағашы туралы ноктюрн

ӘДЕБИЕТ
3146
Кіріспе орнына

Жалпы, нағашы жұрт қазақ фольклорын мықты иеленіп алған, я? Басқасын айтпағанда, жігіттің үш жұрты туралы мақалдың өзі не тұрады?! Ал «жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген сөз ше? Байқайсыз ба, нағашы жұрт жақсы жиендерді меншіктеп алған. Жақсы деуге жарамайтын жиендер ше? 

***

Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қызылорда облысы Арал ауданы Сапақ бекетінде қарапайым теміржолшы Сағидрахман Қосанов өмір сүреді. Мамандығы өзі айтқандай «шойынжолдық», техникалық болса да, сөз өнеріне, жазу-сызуға біртабан жақын болады. Арал аудандық газетінің штаттан тыс тілшісі боп жүріп, теміржолдың түйткілді тіршілігі туралы мақалалар жазады. Сол редакцияның маңайында жүріп, Зейнолла Шүкіров секілді атақты жазушымен араласады.

Сол жас жігіттің жұбайы Аққыздың Шөмішбай деген бауыры болады. Өзі кітапқұмар Сағидрахман балдызы Шөмішбайдың әдеби талғамының қалыптасуына бір адамдай атсалысады. Әлем классиктеріне баулиды, мысалға, Джек Лондонның «Мартин Иден» атты шығармасын оқуға кеңес береді. Сол кітапты оқуын қадағалайды.
Аудандық газетпен байланысы бар жездесі мектептегі Шөмішбайдың алғашқы өлеңдерін аудандық басылымға жариялауға да себепкер болады.
Сол ақын, ғалым Шөмішбай Сариев - менің туған нағашым.

Айтпақшы, 7-сыныпта оқып жүрген менің өлеңдерімді «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетіне жариялауға атсалысқан Шөмішбай жездесіне: «Мектепте оқып жүргенімде менің өлеңдерімді аудандық газетке жариялап беріп едіңіз. Енді, міне, мен сіздің балаңыздың өлеңдерін республикалық газетке жариялатып жатырмын. Сонымен, «квит» болдық!», - деп екеуаралық есепті теңестіреді... 
Қазақта, Құдайға шүкір, ақын баршылық. 
Бірақ, ақын Шөмішбайдың басқа ақындардан ерекшеленетін, басқалардан бөлек асқақтап тұратын бір қыры бар. 
Оның аты – Аса мәртебелі Ән! 

Шөмішбай Сариев – Өлең мен Ән секілді екі бөлек дүниенің арасына алтын көпір салған Феномен. Музыка мен поэзияның махаббатынан туған дербес бір жанрдың теориясы мен практикасының негізін қалаушысы.
Бәлкім, ән мәтіндерін биік өнер емес, кәсіп («ремесло») ретінде қабылдайтын кейбір тым кірпияз, снобизмге салынған ақындар мен сыншылар бұл пікірмен келіспеуі мүмкін.
Бірақ, Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған әндерді дастархан басынан бастап сахнадан шырқайтын қазақ басқаша ойлайды! Әннің қазақ өміріндегі орнын ескерсек, Шөмішбай Сариев әр қазақтың төрінен күнде сөйлеп тұр. 
Шөкең сонысымен ерекше, сонысымен құбылыс!

...1985 жыл. Университет қабырғасында жүріп әскерден, Мәскеу қаласынан бір-ақ шықтық. Туған жерге деген сағыныш сұмдық! Дәл қазіргідей байланыс мүмкіндіктері жоқ ол кездің жалғыз мүмкіндігі – пошта арқылы келетін кәдімгі үшбу хат.

Әскери тәртіп сондай: жексенбі сайын бүкіл рота жалғыз телевизор алдына жиналады. Ротада Совет одағының түкпір-түкпірінен келген әртүрлі ұлт өкілдері бар. Әдетте демалыс күні азанда бүкілодақтық телеарнадан «Таңертеңгілік пошта» деген музыкалық хабар беріледі. Көбінесе ресейлік, анда-санда басқа республика әншілері өнер көрсетеді.
Бір кезде жүргізуші: «Музыка Жанбота Туякбаева, слова Шомишбая Сариева, песня «Атамекен», исполняет Роза Рымбаева» демесі бар емес пе?! 
Казармадағы барша қазақ орнымыздан атып тұрдық!

Ол әнді баршаңыз білесіздер. Ән туралы айтпай-ақ қояйын. 

Сол сәтте өз аулынан мыңдаған шақырым жерде әскер қатарында жүрген бозбалалардың сағыныш сезімі мен бір сәтте аспандап кеткен көңіл-күйін айтайын! Тұла бойымызды шымырлатып жіберген әуен, сөздер мен Розаның дауысын айтайын! Әннің қайталанбас, адамның рухын асқақтатар әуені казарманы ғана емес, бүкіл Мәскеуге естіліп жатқандай секілденді бізге! Оған қоса «Көрдіңіздер ме, бұл деген біздің, қазақтың әні!» деген бойымызды, ойымызды, жүрегімізді кернеп кеткен мақтаныш сезімімізді айтайын!
Оның үстіне менің «Бұл әннің авторы – менің анамның туған інісі!» деген менің елден бөлек шаттанып, дандайсуымды да қоса айтайын...
Жанбота пен Шөмішбайдың «Атамекенін» кейін Шәмші мен Жұмекеннің «Менің Қазақстаным» мен Ескендір мен Қадырдің «Атамекенімен» бірге Желтоқсан көтерілісі күндері бас алаңда да біз, қазақ жастары, шырқағанбыз!
Шөмішбай аға қазақтың талай композиторымен бірлесіп, тамаша әндер жазды.

Таза поэзиялық не прозалық шығарманың авторы бір адам болса, ән секілді әмбебап дүниенің үш жаратушысы, үш «авторы» бар. Ол қайталанбас шығармашылық «үштаған» – Композитор, Ақын және Орындаушы!
Осы тұрғыдан алғанда Шөмішбай аға өте бақытты адам деп санаймын!

Қаншама сазгердің әуенінің бағын ашып берді. Қаншама әншіні «жұлдыз» етті!

Қазақта осы жағынан Шөмішбай Сариев секілді тұрақты да тегеурінді «творчестволық триолар» құрған ақын кемде-кем шығар!

Бір кем дүние.

Осы мен түсінбейтін бір жайт бар.

Әр заманда қадірі әртүрлі боп жүрген Мемлекеттік сыйлық деген бір атақ бар. Лайықтылар да алып жатады, арасында көңілжықпастық пен саяси конъюнктура да кіріп кетіп, осы мәртебеге өз салқынын тигізіп жатады.
Сол атақ ақын Шөмішбай Сариевке бұйырмай-ақ кетті емес пе?

Әрине, қазіргі қоғам, әсіресе, жаңа буынның түсінігі бөлек. Бірақ сол заманның шинелінен шыққан және де Мемлекетттік сыйлықты басқа сый-құрмет, медаль- орденнен, даңқ-дәрежеден бөлек санайтын ұрпақ өкілі Шөкеңе көзі тірісінде-ақ сол құрғыр атақты беруге болар еді ғой. Басқа шығармаларын (поэзия, проза, ғылыми зерттеулер, сценарийлер, естеріңізге салайын, атақты «Тамашаның» негізін қалаушылардың бірі еді ол кісі!) айтпағанда, осы кезеңдерде жазған әндері қандай болса да, биік атаққа лайық!

Оқасы жоқ, Нағашеке! Халқының қалаулысы боп, елінің шынайы да ыстық ілтипатына ие болып, мына құрғыр биліктің ресми құрметіне бөленбей кеткен, әлі де бөленбей жүрген тұлға жалғыз Сіз емессіз...
Шөкеңнің бүгінгі биліктің апологеті болғанын білесіздер. Мен болсам, бұл биліктің талай жылғы сыншысымын. Бірақ екеуіміздің екі дара саяси көзқарасымыз ешқашанда туыстық һәм рухани сыйластығымызға өз көлеңкесін түсіре алмады. Не дегенмен, «нағашы-жиен» деген туыстық формулаға бәрі де сыйып кетеді екен...

Шөкеңнің жалғыз апасы – менің анам осыдан тура төрт ай бұрын өмірден озған-ды.

Сонда үйге келген нағашыма: «Мен анамның ұлымын, жұрт маған көңіл айтып жатыр. Ол заңды да. Бірақ мен алдымен Сізге, нағашы жұртыма көңіл айтамын. Өйткені апа – сіздердікі, сүйек сіздердікі» деп едім.

Менің осы сөзімді ас үстінде нағашым өзінің көңілінен шыққан мысал ретінде айтып, жиеніне риза болғанын жұртқа жеткізіп жатты...

Үлкен кісілер айтатын: "бала кезінде Шөмішбай өзінен он жас үлкен Аққыз апасының соңынан қалмай, томпаңдап еріп жүретін еді», - деп.

Міне, 74-тегі інісі жалғыз апасының соңынан қалмай, келмес сапарға аттанып жатыр...

***

Соңғы сөз орнына
 
Жиен ретінде осы қиын күндері қызмет жасап, машинада келе жатсам, Шөкеңнің «Қарағым-ай» әнін ғаламдық Ғажап - Димаш бауырымыз шырқап жатыр. 
Менің нағашым тірі кезінде-ақ әлемдік ғарышты шарлап кеткен екен-ау деген ой келіп жатыр маған...

PS. Мынау болса, Шөмішбай Сариевтің 48 жастағы, менің 30-дағы кезім...

Әміржан Сағидрахманұлы Қосанов

author

Шөмішбай Сариев

АҚЫН

Жаңалықтар

Астана тұрғындары интернет-алаяқтарға 3 млрд теңгеден астам ақша берген, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...