Фарид ад-дин Мухаммед ибн Иббрарим Аттар (1119-1230)Фарид ад-дин Мухаммед ибн Иббрарим —...
Ана жайлы ең жақсы сөз...
Дүниедегі ең аяулы жан – ана. Ең қастерлі жан да ана! Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. "Мәдениет порталы" барлық аналарды бүгінгі халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, ғасырлар тоғысында дүниеге келген қазақ ақындарының ана туралы лирикалық өлеңдер топтамасын ұсынады. Мархаббат!
Ерлан Жүніс. Ана жайлы ең жақсы сөз... "Әке, әке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді, Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?" деді, Ана жайлы... Ана жайлы пайғамбарлар сәлемі, Ана жайлы ақындардың өлеңі. Ана жайлы - қара жердің төзгені, Ана жайлы - уақыттың безбені, Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса әлемде, Ол да ананың айта алмаған сөздері. Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым, Тыныштықты, Тауды, Көлді, Ай сәулесін, Күн нұрын, Ана жайлы сенің тәтті қиялдарың, арманың, Ана жайлы менің барлық шындығым. Мен айтатын жақсы сөздер көп еді, Мен де анамды жақсы көрем, себебі! Білесің бе, бұл әлемге адамдар, Ана жайлы айту үшін келеді! Адамзаттың ең бір асқақ бар әні, Жыр еткемен, пір еткенмен ананы, Бұл өмірді қалай сүріп өткені - Ана жайлы айтқан сөзі болады. Ана жайлы - кең дүние - бесігің, Ана жайлы аманат пен кешірім, Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде - Ұлым, сенің есімің!..
Ақберен Елгезек. Мама Мен сені Тәңірден сұрадым, мама, Осы арудың құрсағына бітемін деп. Мен сен үшін талай жыладым, мама, Ақынның анасы боп өтеді деп. Мен сені жұбата алмаймын, мама, Арайлы бір таңың атады деп. Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама, Қабырғама бар мұңы батады кеп. Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама, Сыздайды тек іште, жарам ғана. Мен бар мұңнан биікпін, мама, Мен үшін алаңдама! Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама? Жүрген соң тағдырдың өтінде көп. Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама, Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек. Сен мені қазаққа сыйладың, мама, Ғажаптардан қағылсаң да. Мен сені азапқа қимадым, мама, Қанша жыл сағынсам да. Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама, Ішім менің – шексіз әлем. Бұл менің сорым әрі бағым, мама, Жанарымдағы өксік өлең. Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама, Нұрға да толы жүрегім ақ. Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама, Әйтеуір тілегім ақ. Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама, Ал, мен – Құдайдың баласымын. Сен бәрібір маған ұнайсың, мама, Көзімдегі қарашығым..!
Нұртас Тұрғанбекұлы. Апа Апа, Сенің айтар ақылың қалқа маған, Ойымды онға бөліп жаңқалаған. Жақпар-жақпар жартасты аңсап жүрмін, Қатпар-қатпар сезімін арқалаған. Апа, Сен айтатын естілмей қырдың әні, Түндерде асау сезім булығады. Жаңа ірелген тоқтының терісіндей, Қалада бусана алмай жүрмін әлі. Апа, Маңдайымнан сүйіп ең кетерде де, Қала міне келдімбе бекерге не?! Мен сағындым көктемгі төлдің иісін, Әтір ғып шығармадың екен неге. Апа, Ести алмай кетіп ем дала жырын, Хор қызы деп қаланың сан аруын. Тігісінен сөгілген жүрек ұстап, Жүрісінен жаңылып барады ұлың... Апа, Жоқ еді ғой сен жүрген шақта уайым, Адастырды жолсызда аппақ айым. Ауылдың қызын алып берем деуші ең, Тезірек таныстыршы бақ табайын... Апа...
Біржан Ахмет. Ана Кірпік ілмей жатырсың неге, анашым?.. Қараңғы түн. Ұйқысыз сен ғанасың. "Жас теректі" несіне уайымдадың, Жел соғады, әйтеуір жел болғасын. Жұлдыз біткен жұтылып жанарыңа, Мейірімге тұншықты-ау ғалам мына. Жер дегенің - пендеге болса мекен, Аспанды әкеп қоямын табаныңа! Таусылмашы... Емес бұл жанашуым - Аналардың қашан да бағасы ұлы! Сенің көзің - Құдайға сыйынатын, Он сегіз мың ғаламның қарашығы. Ал, мына түн - өзгермес байырғы түн, Қайырсыз кім, білмеймін қайырлы кім... Ұйықташы, анашым, алаңдамай, Ұйықтаңдар, аналар, қайырлы түн! Әлди, Ана...
Нұркен Нұрғазы. Мама
Өлшеусіз бақытпен жолдарың түйіссін,
Жаныңа себеді жұпарлы иіс су.
Ол үшін есерсоқ ересек өмірге
Балалық көзіңмен қарауға тиіссің,
Мама!
Неге олар нәп-нәзік жүрекке мұң артты?
Неге олар жүйкені жаншуға құмартты?
Қай тасты жарайын жалаңаш қолыммен?
Кімдерге қояйын күлкілі сұрақты,
Мама?!
Жайқалған гүлдің де өмірі – сандырақ,
Байқалған күннің де өмірі – сандырақ.
Солардың бәріне мағына силайтын
Бір көктем келеді сән құрап,
Мама!
Көгілдір экранда жұлдыздар көп, тегі,
Әнебір әншінің дауысы жетпеді.
Көгілдір экранды қайтесің, тек өзің,
Ең жарық жұлдызсың көктегі,
Мама!
Жүргенде ессіз боп жігіттік желікпен,
Жыр оқып кештерде, жүйіткіп көлікпен,
Қаншама сұлудың есімін айтыппын,
Мама де айтпағам өзіңе, неліктен,
Мама?!
Сен жайлы мына әлем не десе о десін…
Бәрібір бұзбайды уақыт уәдесін…
Өлместен әлі де аман-сау жүруім –
Сендегі тағдырмен егесім,
Мама..!
Өлшеусіз бақытпен жолдарың түйіссін,
Жаныңа себеді жұпарлы іссу.
Ол үшін есерсоқ ересек өмірге
Балалық көзіңмен қарауға тиіссің,
Мама!