Лязиза Керімқұлқызы. Мүсіндер сөйлейді

МУЗЕЙ
3061

Әсем қаланың төріндегі Алматы музейінде қазақтың көрнекті  мүсіншісі Бақытжан Әбішевтің «Әбішев әлемі» мүсіндер көрмесі ашылды. 

Бұл есім мүсін, көркемөнерден хабары бар жанға жақсы таныс. Ал қалың қазақ мүсіншінің өзін білмеген күнде де оның қолтаңбаларын тамашалап жүргеніне сенім мол. Өйткені, хас шебердің қолынан шыққан туындылар байтақ еліміздің әр өңірінде бой көтеріп тұр.

Сонымен, Әбішев әлемінің өзегі неде? Бұл сауалдың жауабын шебердің қолтаңбаларынан іздеу - заңдылық. Көзбен көргеніміз бен көруді болашақтың еншісіне қалдырған ескерткіштерді атап өтейік.

Алматыдағы Әди Шәріпов, Тоқаш Бокин, Жамбыл, Атыраудағы Исатай мен Махамбет,  Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова, Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин, Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп, Бұқар жырау, Сұлтанмахмұт, Жасыбай батыр, астанамыздағы Жаяу Мұса, Мұстафа Ататүрік... 

Осынау тұлғалардың еңселі ескерткіштерін көргенде рухына рух құйылып, тұла бойын асқақ сезім билемейтін қазақ жоқ-ау, сірә!

«Мені өмірдің қайшылықты сәттері, өткір мәселелер көбірек қызықтырады. Махамбет-Исатай мемориалды кешенін тұрғызуда мен ең алдымен еркін рухты, ақын рухын бейнелегім келді. Сол арқылы қазақ рухын бергім келді. Бұл кешеннің эскизін ерекше шабытпен жасадым» депті мүсінші бір сұхбатында. Мүсінші мақсатына жеткен. Еңсеңді тіктеп, намысыңды қамшылайтын ескерткіштер көрушіні бей-жәй қалдырмайды.

Сонау бір жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әбішев пен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Шәмшәгүл Меңдиярова жұбы туралы бағдарлама жасайтын болдым. Түсірілімге дайындық барысында мүсіншінің қолтаңбаларымен танысқан сайын оның өзімен сұхбаттасуға жүрексіне бардым. 

Монументалды дүниелерді жарыққа шығаратын адамның мінезі қаталдау болуы керек сияқты көрінді. Бір жағынан тасқа жан бітірте алатын адамның болмысында аса сезімталдық пен нәзіктік қасиеттері де болатынын жүрегім сезді. Түйсігім алдамапты. Жұлдызды жұптың шаңырағына келген түсірілім топтың алдынан шыққан Бақытжан аға аңқылдаған, ақжарқын мінезімен бізді баурап алды. 

Бірден шеберханаға беттедік. Міне, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің портреті, «Ұран», «Ұмай ана», «Би», «Бүркітші», «Күйші», «Беташар», «Олимпиадашы»...

Тас, қола, ағаш, иленген балшықтан жасалған мүсіндер. Тылсымға толы туындылар. Үлкен-кішілі мүсіндерге қарап әр образдың сырын ұққандаймыз. Қолтаңбалары арқылы автордың жанына үңіліп, болмысын айқындауға тырысамыз. Әрине, қандай да бір өнер туындысын көруші өз зердесімен, өз пайым-парасатымен өлшеп барып қабылдайтыны белгілі. 

Қоладан құйылған «Балерина», «Беташар». Түсі суық қоладан соншалықты нәзік бейнелер жасалған... Шеберхананы аралаған сайын жүрегі адал, болмысы таза, рухы биік адамның ғана қолынан осындай жауһар дүниелер шығады деген ой санаға шегелене түскен еді.

Міне, тағы бір ерекше мүсін. Ышқынған тұлпар мүсіні. Құлагер.

Қазақты селт еткізер «Құлагер» атауын мүсінге Асқар Сүлейменов қойған екен. Темірден түйін түйген шебердің жеке көрмесіне келген Ас-аға жылқының мүсінін көріп «Жанарына жарты әлемді сыйдырған тұлпардың қарашығына зер салыңыз. Жарты әлемнің емес, күллі ғаламның қасіреті осы қарашықта тұр. Бұл – келіспеске амалдарыңыз кем, классика...» депті. Талантты талант мойындаған әдемі сәт.

Бүгін ару Алматының жұлдызды түнінде осы сөздерді жазып отырып жанға шуақ сыйлайтын бір сәт еске түсті. Мүсінші мен актрисаның шаңырағы. Түсірілім аяқталып, ақ дастарқанның басында отырмыз. Өнерлі отбасында өнер туралы әңгіме жалғасып жатыр. Бала мінезді мүсінші аға мен сан тағдырды бейнелеп жүрген драмалық актриса. Әдемі әзіл мен өнерге қатысты салмақты пікірлер. Бір мезетте аға жарына бір  бізге бір қарап қойып: «Что было в начале? Слово?» деп сұрақ қойды. Өнері сөзге құрылған актриса «В начале было Слово» деп, солай ғой дегендей бізге көз жанарын тастады. «Иә, әрине», деп біз мақұлдадық (Қасиетті кітапты меңзеп).

«Қателестіңдер. В начале появился образ. Потом слово», деген аға  рахаттана бір күлді...

Содан бері де біраз жыл өткен екен-ау. Ақын Ұлықбек аға Есдәулеттің мүсіншіге қарата айтқан «мәңгілікті мүсіндеген» шебер деген сөзі бар. Иә, мәңгілікті мүсіндеген шебердің екінші өмірі, мәңгілік өмірі басталғанына да бес жылдай уақыт болыпты. Ендігі жерде хас талантты сағынған адам оның қолтаңбасын Қазақстанның қалаларынан іздейді, музей аралайды.

Міне, мен де сәуірдің сәулелі күні Алматы қалалық музейіне бет алып барамын. Бұл күн - «Әбішев әлемі» мүсіндер көрмесінің ашылу күні.

Мәңгілікті бейнелеген мүсіндер. Қиялыңды алысқа жетелеп ұштай түсетін қолтаңбалар.  Суреткердің ішкі әлеміне бойлататын өнер туындылары.

Көрменің ашылу салтанаты аяқталып кісі аяғы саябырсыған сәтті пайдаланып: «Шәмшәгүл апай, көңіліңіз орнына түсті ме? Өз жағдайыңыз қалай? Сахнаны сағынған шығарсыз?» - деп сұрадым. Бірер минут үнсіздік орнады. Шәмшәгүл апай менің сұрағымды естімегендей. Бір мезетте ойлы жанарын маған қадай қарап: «Ләзиза, театр өнері қас-қағым сәттік қана өнер, ал мүсін – ескірмейтін естелік. Сондықтан оның маңыздылығы басымдау. Келісесің ғой?», - деді. Менің жауабымды күтпестен сөзін ары қарай жалғастырды. «Бақытжанның басты ұстанымы – дәлдік форма мен драматургия еді. Иә, иә. Бәкең әр мүсіннің өз драматургиясы болуы шарт. Сонда ғана тасқа жан бітіп қана қоймай, тіл де бітеді. Сонда ғана мүлгіген мүсін көрушінің жүрегіне жол табады дейтұғын. Бақытжан балшықпен алысып, кеңістікте туатын мүсіннің кілтін тапқанша жан ұшыратын. Арманым - осындай ұстанымдағы  ұрпақ көп болса екен», деп бүгінгі күні хас шебердің туындыларының шырақшысы болып отырған актриса ойын түйіндеді.

Бақытжан Әбішевтің туындыларына тағы бір мәрте көз тастадым. Эстетика мен сұлулық. Енді бір сәтте санамда  актриса Шәмшәгүл Меңдиярованың әкемтеатр сахнасында бейнелеген образдар галереясы кезекпен жаңғыра бастады. Бірін архив қойнауынан көрсек, енді бірін күні кешеге дейін – әлемді індет жайлаған уақытқа дейін тамашалап келдік.

«Қарагөзде» Текті, «Мөлдір махаббатта» Нарбота, «Сыған серенадасында» Шәмшінің анасы, «Шыңғыс ханда» Бөрте, тағысын тағы. Ал «Мәңгілік бала бейнедегі» Шәмшәгүл - Шөкіш  образын қалай ұмытпақбыз? Әр бейненің жанды жерін ұстап алғанша сізден де маза кетпейді емес пе? Жоқ, апай. Менімше, әр өнердің өз орны, өз салмағы бар. Бірақ бар өнердің миссиясы бір. Ол - адамның рухын көтеріп, жанын тазартып тұруда. Бір сәт пендеуи нәрседен арылып айналаға пәк сезіммен қарау үшін бізге өнер деген киелі кәусар бұлақ қажет. Бүгін ол бұлақтың қайнар көзін біз Сіз бейнелеген образдан тапсақ, ертең сезімді тербеткен «Күту» композициясынан табуымыз әбден мүмкін ғой...

«Әбішев әлемі» мүсіндер көрмесі өз көрерменін сәуірдің 15-нен 25-не дейін күтеді. Көрме Алматы қалалық музейінде өтіп жатыр. Сақтық шараларын ұмытпаңыздар.

Лязиза Керімқұлқызы

журналист

Жаңалықтар

Семейде бір үйдің 16 және 18 жасар екі жасөспірім із-түзсіз кетті. Жоғалғандарды іздеуге Семей полиц...

Жаңалықтар

Медеу ауданының прокуратурасы «Медеу» табиғи паркінде заңсыз берілген жер телімдерін аны...