Хариати Абдул Карим. Әлеуметтік желілер және Демократия – қос жүзді қанжар?

ТАНЫМ
3122

Әлеуметтік желілердің қоғам үшін ең мықты ықпалының бірі – қарапайым азаматтар құқықтарының кеңейтілуі мен болашақ өмірін анықтауға мүмкіндік беретін құралға айналғандығы даусыз. Бүгінгі күні әлеуметтік өмір қоғамның кез келген мүшесі қолындағы смартфоны арқылы қатыса алатын интернеттегі белсенділікпен сипатталады. Бұл, әрине, азаматтардың, салыстырмалы түрде, анонимдігін сақтай отырып, елі мен әлем туралы қоғамдық талқылауға еркін қатысуына мүмкіндік береді.

Бұл – өз пікірін ашық білдіру мәдениет немесе қалыпты жағдай болып есептелмейтін елдерде ерекше құнды. Малайзия жаңа үрдістен тыс қалған жоқ. Бүгінгі таңда малайзиялықтар барлық мәселелерге қатысты пікірлерін білдіру үшін əлеуметтік желілерді, еш уақытта қолданбағандай, мүлтіксіз қолданады. Олар үшін пікір қалдыру, алаңдатып отырған мәселелер туралы бейнежазбаларды және веб-сайттарды әлеуметтік желілерде бөлісу немесе жүктеу және достар арасында онлайн-талқылау жүргізу қалыпты жағдайға айналған. Facebook, Instagram және YouTube сияқты әлеуметтік желілер малайзиялықтар арасында өте танымал. Бірақ, Facebook көш бастап тұр, малайзиялықтардың 81% Facebook-ті пайдаланады, олардың 90% смартфон арқылы кіреді. 

Әлеуметтік желілер шын мәнінде малайзиялықтарға қаншалықты «еркіндік бергенін» олардың үкімет және дін, этникалық тиістілік сияқты шетін мәселелер туралы (мұндай тақырыпта пікірталас жүргізуді шектейтін заңдардың болуына қарамастан) пікірлерін ашық білдіруінен көруге болады. Бұл өздеріне де қатысы бар ұлттық мәселелерді шешуге қатысуы үшін парасатты және қызу ортаны қалыптастырады. Саясаттан бөлек, әлеуметтік желілер малайзиялықтарға гибридті жаһандық-жергілікті сәйкестілікті білдіруге және дамытуға мүмкіндік береді. 

Бұқаралық ақпарат құралдарын қатаң бақылауда – БАҚ мемлекет меншігі немесе заңнама аясында – ұстайтын мемлекеттерде, балама көзқарастар үшін коммуникация арналары шектеулі. Сондықтан адамдар жаңа БАҚ арқылы тасаға кетуге мәжбүр. Қоғамдық пікірді қалыптастыруда балама жаңалықтар порталдарымен салыстырғанда әлеуметтік желілер әлдеқайда тиімді болып шықты. Мысалы, Араб көктемінде коммуникация арналарына қатаң шектеу қойылып, халық билік пен негізгі бұқаралық ақпарат құралдарына сенімін жоғалтты. Әлеуметтік желілер адамдар үшін ақпараттың жалғыз көзі және пікірін білдірудің жалғыз орны болды. 

2008 жылы Малайзияда жалпыұлттық сайлау кезінде, Үкіметтің Ұлттық Коалиция (Barisan Nasional немесе BN) гегемониясы баяу құлдырай бастағанда әлеуметтік желілер саяси цунами деп аталған оқиғаға себепкер болды. «Үміт Альянсы» (Pakatan Harapan немесе PH) деп танылған BN-ның саяси қарсыласы, тасада қалып қойды, себебі негізгі бұқаралық ақпарат құралдарынан алынып тасталды. РН-ның киберқылмыскерлері мен әсіре жақтаушылары үшін әлеуметтік желілер көзқарастарын халыққа тарату құралы болды. Әсіре жақтаушыларының Facebook-тегі парақшаларын пайдалана отырып, тауар мен қызмет салығы (ТҚС), өмір сүру қымбатшылығы және BN үкіметінің болжамды жемқорлығы сияқты өткір мәселелер жүйелі жарияланып отырды. Бұл қоғамдық талқылауды тудырып, азаматтық ортаны қалыптастырды. Альянстың әсіре жақтаушылары болған блогерлер қоғамдық пікірді өз пайдасына қалыптастыру мақсатында блогтарын пайдаланды. Жақында өткізілген он төртінші жалпыұлттық сайлауда Twitter және Facebook-қа қосымша WhatsApp та кампания құралы ретінде пайдаланылды. Facebook-тан айырмашылығы WhatsApp жеке адамға бағытталған. PH кампаниясының хабарламаларын талқылау үшін адамдар WhatsApp чаттобында азаматтық орта құрды. Бұл нақты мәселелерге бағдарланған және оның 61 жыл билік еткен BN үкіметін құлатқанын бірнеше рет хабарлаған PH кампаниясының өте жақсы ұйымдастырылған стратегиясы болуы мүмкін. BN негізгі бұқаралық ақпарат құралдарын қадағалап отырғандықтан, әлеуметтік желілерде белсенді болмады. PH коммуникациялық стратегиясының нәтижесінде, 2018 жылғы 9 мамырдағы сайлауда, ол 222 парламенттік орынның 113 жеңіп алды, ал ВN 79 орынды ғана иеленді.

Әлеуметтік желілер, баспасөз еркіндігі және демократия туралы мәселеде әлеуметтік желі – қосжүзді қанжар. Ол сөз бостандығы мен өзін анықтау мүмкіндігін бергенімен, жалған жаңалықтардың құрастырылуы мен тез таралуына да жол ашады. Жалған жаңалықтар – малайзиялықтар арасында маңызды мәселе. Жақында өткен жалпыұлттық сайлауда сайлаушылар әлеуметтік желілерде шынайы емес, жалған жаңалық астында қалды. Ақпараттың жалған жаңалықтармен түбегейлі өзгертілуі, азаматтардың ақиқатты білу құқығынан айырады. Ақпарат алудың жалғыз көзі ретінде әлеуметтік желілерге тәуелділік жалған жаңалықтардың кең таралуына әрі қарай ықпал етті, себебі азаматтар деректердің ақиқаттығын сирек тексереді. 2018 жылы Жалған жаңалықтармен күрес туралы Заңды қабылдау арқылы мәселені шешуге талпынған үкімет жаңалықтарға қатысты «жалған» ұғымына нақты анықтама бере алмады. Қалай болғанда да, Заң «ғұмыры» қысқа сияқты: жаңа үкімет оның күшін жоюға ниетті екенін жариялады. 

Қазіргі уақытта киберкеңістікте үстем тапты жақтаушылардың саяси фанатизмі басқа көзқарастардан басым болғанда, әлеуметтік желілерден тағы бір қауіп төнеді. Баламалы ұстанымдары бар адамдар кибербуллингке ұшырайтыны соншалық, тіпті демократиялық талқылауларға қатысудан бас тартады, ал басқалары саяси фанаттардың қастық әрекетінен зардап шегеді. Кейбір мәселелер көтерілген жағдайда, саяси фанаттар пайдаланушыларды пікірін білдіру құқығы мен еркінен айыра отырып, дөрекілікпен айыптай бастайды. Қарапайым адамдар деңгейіндегі сыпайылық пен рационалдықтың болмауы әлеуметтік мәселелерді парасатты талқылауға қатысу ұмтылысын жаншып тастайды. 

Әлеуметтік желілер шынайы демократияның тиімді құралы болу үшін сыпайылық және медиа сауаттылық, ең алдымен, азаматтар арасында мәдениет пен нормаға айналуы қажет. Азаматтар рационалды қарым-қатынастың мағынасын түсінуі керек. Сонда ғана мемлекеттің шынайы өзгеруі идеялармен алмасу негізінде жүзеге асады.

Хариати Абдул Карим, 

Малайзия Саба Университеті, 

Малайзия.

"Жаһандық диалог"

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...