Халықаралық балалар күні - ең көне халықаралық мерекелердің бірі. Оны атап өту шешімі 1925 жылы Жене...
Айна амальгамасы: Деррида және рефлексия философиясы V
Іздер жүйесі
Мен айтып кеткендей, инфрақұрылымдық мәндегі мәтін — бір ғана инфрақұрылым емес, осы іргелі көмекші бірліктердің жиынтығы. Мәтінді ешқашан таңбалар не таңбалаушылар деп аталатындар жасамайды, оны іздер жасайды. Инфрақұрылымдық мәндегі мәтін — іздерді өңдейтін фабрика, іздерді жалғастыратын жүйе, басқаша айтқанда мәтіндік сілтемелердің торы (renvois textuels). Осы жіктеуіш тордың болуынан, іздерден құралған ұлпа үнемі басқа нәрсені, ешқашан өзіне-өзі келе алмайтын экстра-мәтінді меңзеп тұрады, ал мұндай экстра мәтін сілтеме жасаушы қызметтің аяқталуына себепші болады. Баршаға ортақ мәтін болмысынан әр текті болып келеді. Ол Өзгелікпен болмай қоймайтын байланыс арқылы бірігеді; оны құрайтын жіптер бұрынғы жіптер емес және оның талшықтары шекті бірлікке бағынышты емес. Сонымен, инфрақұрылымдық мәтін I-бөлімнің аяқ жағында талқыланған Дерриданың платондық symploke ұғымын сынауға қайта жолықтырады. Мәтіннің болатын, тірі және саналы көрінісі айқын көрінетін "жүйеге" қарамастан, мәтін жалқылық және жалпылық анықтамайтын тіркесу тәсілі арқылы жасалады. Бұл, сондай-ақ, мәтіннің фабрика ретіндегі көрінісіне қатысты Дерриданың ескертулерінің себебін де түсіндіреді. Баршаға ортақ мәтіннің толығымен жасанды, эстетикалық, эмпирикалық көрінісімен қоса өрілген және Дерриданың абстрактылы әрі квазитрансцендентті статусына шабуыл жасайтын метафора ғана болмайды, сонымен қатар, оны баршаға ортақ мәтіннің жарамсыз сипатына айналдыратын бірлік категориясымен меңгерілетін осы бейненің философиялық өткені де болады. Баршаға ортақ мәтіннің жалпы мәтін немесе өрілу ретінде болатыны, оның жалпылығы бірдей біртекті жіптерді қосып тұруынан емес, мәтіндердің мәнділік аяқталмағандық жасайтын күмәнді бірлігін жоюға үнемі ұмтылатын әртүрлі күштерді сезімнен және эстетикадан тыс жолмен байланыстыруына байланысты. Сондықтан мәтін, мәтіндік сілтемелер, өзгешеліктер және өзгешеліктердің өзгешеліктері ретінде жалпылық бола алмайды. Бірақ егер бұл мәтіннің жалпыны қамтитын қабілеті болмаса, онда ол мазмұнның, мағынаның немесе интенцияның байлығы артқандығынан емес, құрылымдық себептерге байланысты. Дерриданың пікірінше, бұл "тұтасты" мәтіннің не өте үлкен, не өте кіші нәрсесіне бағыттайтын сілтеме жасау жүйесі ретіндегі мәтіндік қызметтің сол баяғы құрылымы (Р, 246-б.). Мәтінге жалпыны қамту идеалы мүлдем жат; ол — мәтіннің қиялы. Бұл — мәтін ойынына тәуелсіз және өзінің жазуы мен таңбаларын сырттай бақылап тұратын тақырыптың мәтінді жалпыландыра алмайтынын көрсетеді деген сөз. Мәтіннің бүкіл формальды өзіндік рефлексиясы, мазмұны жалпылыққа тәуелді құрылымдық шекараларға жолығады. Таңбалаушылардың алдын-ала болуына немесе формалды түрдегі өзін-өзі танытуға негізделетін ондай жалпылықтардың тағдыры Деррида резерв деп атайтын және дәріхананың көлеңкесінде өтетін мәтіндік операциялардың болуынан алдына-ала шешіліп қойған.
Бірақ Дерриданың Грамматологияда, мысалы Руссо "мәтінділікті мәтінге енгізеді" және ол "мәтінде мәтіннің не екені туралы айтады", сондай-ақ Руссоның мәтіні "жазу арқылы, жазу туралы айтады" деген пікірімен қайсыбір адам келіспеуі де мүмкін (ОГ, 163-б.). Бұл мәтін — өзінің тамырларын мәтіннің өзіндік рефлексиясының таза белгісін көрсетіп тұратын "өзіндік сана", дискурсивті көрініс емес пе? Біріншіден, екі нәрсені ажырата білу керек: бір жағынан мәтіндердің өзіндік рефлексиялық қабатын және екінші жағынан, осындай рефлексияға жол беретін және оның өзіне-өзі сай келуіне жол бермейтін артқы шептегі мәтіндік операцияларды. Мәтіннің өзекті, тірі және саналы көрінісіне мәтіннің өзіндік рефлексиясын телігеннен кейін, Деррида былай деп жазады: "егер мәтін өз тамырларының белгілі бір танылуын өзіне қалдырған болса, онда мұндай тамырлар осы танылу арқылы, топырақтан нәр алмай, өмір сүреді. Ондай танылу олардың жазатын философиясының қажеттілігін емес, радикалды мәнін бұзады" (ОГ, 101-б.). Мәтін өзін-өзі сипаттайтын дискурс — танылу болып табылады және онда өзіндік заңдары мен ресурстардың мәтін жүйелеріне үнемі толы болады. Сонымен қатар, мәтін құрылымында мұндай репрезентация ұйымдастырушы қызмет атқарғандықтан, оны сол ресурстар мен заңдардың көмегімен түсіндіру қажет болады.
Егер Деррида "О грамматологии" деген еңбегінде ондай тақырыпты "қосымшалық" ретінде — басқалармен бірге буманы құрайтын жалғыз тақырып емес, сонымен қатар, ол осы буманы "мәтіндік буманың болмыс-бумасы" ретінде сипаттайтын нәрсе деуіне қарап, оны осындай жалғыз тақырып тұтас буманы меңгере алады деп түсіну қате болады. Егер рефлексия әрқашан білдіріп тұрған нәрсесін, яғни сол арқылы өзіндік нәрсе өзіне-өзі ие болатын айна көрінісін бейнелейтін болса, онда мұндай тақырып тұтас буманы бейнелей алмайды. Мәтін бумасының өзіне-өзі сіңуіне қарағанда, "қосымшалық" мұндай буманың өзі арқылы белгіленетінін, яғни ол мәтіндік буманың ішінде таңбаның орнында тұратынын белгілейді. Рефлексиялық — мен II бөлімде егжей-тегжейлі талдаған және Деррида белгілеу деп атаған нәрсенің әсері ғана емес. Тақырыптың не ұғымның әсерінен пайда болатын рефлексиялық жалпылық елесі, өздері меңгеруге ұмтылатын бумадағы белгі ретіндегі позицияларының репрезентациялық өшуіне негізделген. Белгінің болуынан өзіндік репрезентация мен өзіндік рефлексия ешқашан аяғына дейін орындалмайды. Тақырып не ұғым мәтінді en abyme; яғни олардың репрезентациясы — репрезентациялардың репрезентациясы. Бірақ өзгешеліктерді өршітудің орнына, репрезентациялардың репрезентациясы өзгешеліктерді шексіз ашық күйінде қалдырады, соның нәтижесінде мәтіннің өздігінен болатын репрезентациясы мен бар болуына кедергі жасайды.
Өздігінен болатын рефлексияның елесі — қайсыбір мәтіннен тыс немесе өздігінен болатын репрезентацияның емес, мәтіннің репрезентациялық қызметінің дәлелі. Бұл — сілтеме жүйесі ретіндегі мәтін табиғатының әсері. Баршаға ортақ мәтінді репрезентация ортақ етеді немесе Деррида "Двойная сессия"-да айтатындай ол сілтеме арқылы ортақ болады. Мұндай жүйенің ішінде өздігінен болатын рефлексия немесе репрезентация өздерін бар нәрсе ретінде жасауы үшін, өздеріне сай болмайды, өйткені репрезентация қайталау және жіктелу немесе өзін-өзі қайталау кеңістігінде жазылып қойған. Сонымен, мәтінді жақсы сипаттайтын, сонымен қатар мәтіннің өзіндік рефлексиясының маңызды шегаралары мен қажеттілігін түсіндіретін құрылым — белгілеу құрылымы. Онда барлық мәтін іздері сілтеменің элементтері ғана болмай, сонымен қатар олардың пайда болуы мен жазу кеңістігі арқылы да белгіленеді. Мәтін ретіндегі мәтінді өзінен тыс нәрсе етіп көрсететін белгінің бұрышы, "өзіне-өзі сай келуді мүмкін етпейді" (Р, 251-б.). "Қыртыс — рефлексиялықтың формасы емес" — деген тұжырымға келеді Деррида (Р, 271-б.). Arete (ерлік, намыс, айбын) тәрізді "Жизнь за счет" еңбегінде, оның орнына барлық "бейнелейтін репрезентациялар өздеріне назар аударудан немесе жетілген түрде өзіне сай келуді қайталаудан, өз үстемдігінен, іштей, тавтологиялық түрде айтсақ, өзін-өзі меншік жалпылыққа аударудан бас тартады" /9/.
Бұл жерде, баршаға ортақ мәтіннің құрылымы өзін сілтеме және белгілеу ретінде, белгіленген іздер жүйесі ретінде танытқанда, мәтін өзінің нақ осындай, ортақ етілген құрылымы үшін Болмысты жоққа шығаруы мүмкін екені анықталады. Бірақ мен көрсетуге талпынғандай, белгілеу құрылымы — өзінің Болмыс туралы мәселені зерттеуінде Хайдеггер ұсынған қисынның кеңеюі мен радикалдануы болатындықтан, белгі арқылы жасалатын мәтін өзінің болмысын да жоққа шығаруы мүмкін. Шынында да, Болмыстың сипаты болмыстан ауытқу (re-trait) болатыны сияқты дәл солай өз-өзінен тыс болатын белгіленген із, белгі өзінің болмысынан ауытқиды. Өзін-өзі өз болмысынан лақтыру — үнемі болатын нәрсе. Сонымен қатар, бұл — мәтіннің дерридалық түсінігін, хайдеггерлік Болмыс туралы мәселені ұғынуға бағытталған талпыныс ретінде қабылдауға себеп болады, өйткені Деррида осындай Болмыстан лақтырылып тасталуды, қисындық сипаттардың мәтініне енгізеді, ал олар Хайдеггердің пікірінше, Болмыстың мәні туралы мәселеге бағынышты күйін сақтап қалуы мүмкін. Осылай Деррида мәтін атаған нәрсе Болмысқа бағынудың орнына, Болмысты баршаға ортақ мәтін қызметіне айналдырады. Мәтін ең әуелі нысан ретіндегі жазылған әдеби шығарманың денесі немесе идеалды формасы болудың орнына, егер оны инфрақұрылымдық мәндегі баршаға ортақ мәтін ретінде қарастырсақ, Болмыстың мүмкін болуына жол беретін әр текті заңдардың ұлпасы болып шығады. Болмысқа өзгешеліксіз өзін-өзі көрсетуге тиым салатын және сол арқылы оны мүмкін болдырмайтын бұл заңдар, сонымен қатар, мәтіннің микросинтезінде біріктірілетін инфрақұрылымның бір бумасы болып табылады. Демек, Дерриданың түсінігіндегі мәтін — сілтемелер мен ескертулердің феноменологияға жатпайтын құрылымы, ал оның әр текті ұлпасы гуссерлік мәндегі "құрылыстық" құбылыстардың, кең мағынасында өздері пайда болуына жол беретін мәндердің, соңғы себептердің, негіздердің және тіршілік иелерінен радикалды түрде өзгешеленетін феномен ретінде, Болмыстың да квазитрансцендентті жиегі болып табылады.
Редукцияланбайтын негіз ретінде болатын баршаға ортақ мәтін барлық құбылыстардың тәртібін бұзады. Өзін-өзі философиялық krinein (зерттеу) операциясына және оның шешуші әсерлеріне ұсынған кезде, баршаға ортақ мәтін өзінің шеңберіне тән барлық нәрседен референцияның шексіз процесін кідірту арқылы немесе белгінің елесті әсерінен туындайтын өзіндік рефлексия арқылы, бас тартады. Демек, баршаға ортақ мәтін феномендердің (олардың барлық мағыналарының: идеалдылық, қатынасу, тазалық және т.б.) болу мүмкіндігінің шарты болса да, ол, сонымен бірге, олардың болмауының да шарты болады. Егер баршаға ортақ мәтін туралы ұғым әдеби сынның жұмыстық ұғымына айналса, онда Дерриданың гуссерлік феноменологиямен және Хайдеггердің философиясымен айтысындағы оның қызметін байқамауға мүмкін болмайтыны айтпаса да түсінікті. Тек осы айтыстың контексі ғана баршаға ортақ мәтінді маңызды терминге айналдырып, оның басты сипаттары мен подтекстерін анықтайды. Қарапайым жалбарыну да, магиялық дұға да оның өзекті контексіне жасалу қажет реконструкцияны алмастыра алмайды.
Рудольф Гаше
Ағылшын тілінен Жанат Баймұхаметовтың аудармасы бойынша тәржімеленді