Елордада садақ атудан халықаралық Гран-при бәсекесі өтеді, деп хабарлайды"Мәдениет порталы"...
Мәжілісте Қазақстандағы жастар саясаты мәселелері талқыланды
Мәжілісте «Қазақстандағы жастар саясаты: өзекті проблемалар және даму болашағы» тақырыбында отырыс өтті. Талқылаудың басты мәселелері NEET санатындағы жастар қауымын жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру болды.
Аталмыш отырысты аша отырып, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева қазіргі таңда Қазақстанда жастарды мемлекеттік қолдау шаралары атқарылып жатқандығына, жастардың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға қомақты бюджеттік қаражат бөлініп жатқандығына тоқталды. Сонымен қатар, жастар арасындағы жұмыссыздық, өз-өзіне қол салу, көші-қон процестері және т.б мәселелер ерекше өзекті болып табылатынын да тілге тиек етті.
Баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру һәм іске асыру үшін 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және "мемлекеттік жастар саясаты туралы"заңда айқындалған жастарға қолдау көрсету жөніндегі бірқатар бағыттарды қамтитын 2021-2025 жж арналған кешенді жоспар қабылданғанын еске салды.
Бұдан басқа, жастар саясатын атқару және іске асыру жөніндегі Институционалдық база құрылды: 209 өңірлік жастар ресурстық орталығы, 218 Жастар ісі жөніндегі өңірлік кеңестер, 897 жоғары оқу орындары мен колледждерде жастар ісі жөніндегі комитеттер бар, деп хабарлады Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.
Асхат Ораловтың айтуынша, жастарды жұмысқа орналастыру, үй мәселесі және сапалы білім алу сынды маңызды міндеттерді шешу үшін мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша тиісті заң жобасы әзірленуде, ҚР Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін жетілдіру бойынша шаралар кешенін қабылдау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастардың даму индексін әзірлеуді және оны аумақтарды дамыту бағдарламасына енгізуді, NEET санатындағы жастар санын азайту жөнінде шаралар қабылдауды, оның ішінде осындай жастармен атаулы жұмыс істеу үшін өңірлік жастар ресурстық орталықтарында республикалық жобалық кеңсе және арнайы бөлімдер құру арқылы шаралар қабылдауды көздейтін "Тәуелсіздік ұрпақтары" ұлттық жобасы дайындалуда.
Сонымен қатар, дарынды жастар үшін "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындау және рухани-адамгершілік тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған шаралар кешенін орындау һәм дамыту мәселесі пысықталуда.
Жастарды жұмыспен қамтудың қандай шаралар қолданылатыны туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтып берді. Вице - министр оқыту жолымен жұмыспен қамту үшін қолға алынған арнайы "Еңбек" бағдарламасы бойынша 2018-2020 жылдары оқытуды ұйымдастыруға 68 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінгенін және 25,7 мың адам білім алғанын, оның ішінде 17,7 мың адам немесе 68,9% жұмысқа орналастырылғанын түсіндірді. ТжКБ жүйесі бойынша ағымдағы оқытумен тағы 21 мыңға жуық адамды қамту жоспарға енгізіліп отыр.
Мұнымен бірге, баяндамашы қазіргі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді курстарды (12 айға дейін) ұйымдастыру үшін 35,8 млрд.теңге бөлінгенін атап өтті. 2017-2020 жылдары осы бағдарлама бойынша шамамен 188,6 мың адам, оның ішінде 75,1 мыңы мемлекет болашағы жастар білім алды.
Сонымен қатар кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға өз ісін ашу үшін микрокредит беру мүмкіндігі берілді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру және дамытуға 11 мың жасқа өтеусіз негізде 200 АЕК мөлшерінде мемлекет тарапынан гранттар берілді.
Өткен жылдан бастап бағдарлама аясында 12 айға дейін еңбекақыны субсидиялай отырып, "Бірінші жұмыс орны" және "Ұрпақтар келісімі" жобалары енгізілді. Ержан Біржанов "Жастар тәжірибесі", "Жастар - Ел тірегі" және "Бастау-Бизнес"сияқты басқа жобалардың ерекшеліктері туралы да айтып берді.
Күн тақырыбын дамытуда отырыстың басқа да қатысушылары, Мәжіліс депутаттары, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың өкілдері, жастар және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар сөз сөйледі.
Заман Төлеуов
"Мәдениет порталы"