Халқымызда «Биік тауға шықсаң – көзің ашылады, жақсы адаммен сөйлессең – көңілің а...
Жаңаөзенде қоңыз теру: Қазақстанның жасырын трагедиясы
2011 жылы ереуілге шыққан жұмысшыларды жаппай өлтіру оқиғасына халық назарын аударуды көздеген қазақ жазушысы Ырысбек Дәбей мен Гент университетінің докторанты, Мария-Кюри грантының иегері Маурицио Тотаро мырза арасындағы сұхбат openDemocracy — британдық веб-сайтында күні кеше жарияланған болатын. Мауриционың ғылыми жұмыстарының өзі де посткеңестік кеңістікке, атап айтсақ, Қазақстан мен Орталық Азияның мұнайлы өңірлеріне бағытталған. "Мәдениет порталы" аталмыш сұхбатты қазақ тіліне аударып оқырман назарына ұсынады. Мархаббат!
Осыдан он жыл бұрын Қазақстанның батыс өңірі Маңғыстауда мұнайшылар бірнеше мәрте ереуілге шықты. Әскерді мобилизациялау шаралары алты айдан астам уақытқа созылды. 2011 жылдың жазында жаппай наразылық күшейіп, ереуілшілер қатарына бірнеше мың жұмысшы қосылды. Көтеріліс ошағы – 1960 жылдары Өзен ауданы маңында бой көтерген 150 мың тұрғыны бар Жаңаөзен қаласы. Кезінде елдегі ең ірі мұнай кен орны болған.
2011 жылы еңбек қатынастарының нашарлауына байланысты мұнай өндіру көлемі азайып, нәтижесінде компания кірісі күрт төмендеп кетті. Желтоқсанның 16-да, Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығында билік пен жұмысшылар арасында қақтығыс басталды. Әскерилердің қолынан кемінде он алты бейбіт тұрғын қаза тауып, жүздеген адам жараланды. «Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды» деген айыппен отыз шақты жұмысшы, кәсіподақ жетекшілері және шерушілер бас бостандығынан айырылды. Билік оқиғаларды тәуелсіз сарапшылардың тексеруіне тыйым салды. Ал, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр бұл мәселені халықаралық деңгейде талқылауға көшті.
Осы оқиғалар қазақ жазушысы Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романында көрініс тапқан. Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген Дәбей 2001 жылы Қазақстанға қоныс аударып, өзінің журналистік материалдарын және өлеңдер мен эсселер жинағын басып шығарады. «Қоңыз» - Ырысбек Дәбейдің екінші романы. Оқиға Жаңаөзен мұнайшыларының тыныс-тіршілігі мен оларға көрсетілген қысым мен қоқан-лоққы жайында сырт шертеді. Реализмді қазақ фольклорындағы мотивтермен және кейіпкерлермен біріктіріп, осыған дейін тек тарихи факт ретінде танылған дүниені көркем шығарма түрінде ұсынады.
Бұл сұхбатта автор қай жазушыларды үлгі тұтатынын, Жаңаөзен туралы қалам тербеуіне не түрткі болғанын және роман атауының астарында қандай мағына жатқанын айтып түсіндіреді.
Жаңаөзен туралы қалам тербеуге қалай және қашан бекіндіңіз?
Жаңаөзен оқиғасы – Қазақстан тәуелсіздік алғалы отыз жыл ішінде болған ең қайғылы оқиға. Оқырман әрі жазушы ретінде шетел әдебиетінің біраз шығармаларын оқыдым, бірқатар жазушылар өздері өмір сүретін қоғам трагедияларын ашық сипаттаған. Қазақ әдебиетінде бұл тақырыптарды қозғауға бағытталған мектеп те, дәстүр де қалыптаспаған. Қытай жазушыларының шығармаларын оқығанда бірқатар үлкен трагедиялардың цензураға қарамастан көркем шығарма түрінде халық назарына ұсынылғанын байқадым, бізде де цензура талабы қатал. Содан Жаңаөзен трагедиясы мені көп ойландырды. Ақыры, осы оқиға туралы роман жазуға бел будым.
Бір сөзіңізде шабыт туралы айтып қалдыңыз. Кімдерді оқисыз?
Мен де бірқатар замандас әріптестерім секілді Габриель Гарсия Маркес және Эрнест Хемингуэй сияқты XX ғасырдың классик жазушыларының шығармаларын оқыдым. Қазіргі жазушылардан Нобель сыйлығының иегері Мо Ян, Орхан Памук және Халед Хоссейни, тибет жазушысы Алайдың, басқа да жазушылардың шығармаларын оқимын, шабыттандырады. Әсіресе, Алайдың шығармасы қызық. Ол Тибет елін отарлау және тибеттіктерге жасалған жауыздық пен зорлық-зомбылық туралы жазады.
Дегенмен, «Қоңыз» деректі роман емес. Оны кәдімгі әлеуметтік прозадан ерекшелейтін элементтердің бірі – батыс жыр (декламациялық-речитативті стильде орындалатын эпикалық поэзия жанры) мектебінің әсері. Мен бұл шығармада 1930 жылдардың басындағы Кеңестік үкімет өткізген кәмпескелеу (малды) мен 1937 жылғы қуғын-сүргін арасындағы кезеңді баяндайтын «Адай тағдыры» деген атпен танымал «Көкмойнақтың үйірі» атты жергілікті жырды қолдандым.
Яки, сол замандағы қуғын-сүргін мен бертінде болған қанды оқиға параллель өрбиді.
Шығармаңыздың бас кейіпкерлері – мұнайшылар. Көбіне олардың физикалық жағдайына баса назар аударасыз. Олардың уланғанын, мүгедек боп қалғанын және ақыр соңында атылғанын айқын сипаттайсыз.
Иә, шығарманы жазғанда ең қиыны осы болды. Романды жазу барысында Маңғыстауға бірнеше рет бардым. Аяғын оқ жұлып кеткен мұнайшымен, көзінен, мұрнынан немесе жақ сүйектерінен айырылған адамдармен жолықтым. Ең көп зардап шеккен белсенділермен әңгімелестім. Оқиға кезінде де, Маңғыстауға барудан бұрын да газеттерден және интернеттен осы оқиғаға қатысты материалдарды оқыдық, көрдік. Бірақ бұл адамдармен бетпе-бет кездескенде жағдай мүлде басқа екенін аңғардым.
Мәселен, осы оқиғадан көп азап шеккен (түрмеге жабылуы нәтижесінде) Мақсат Досмағамбетовпен жолықтым. Ол осыдан екі жыл бұрын қайтыс болды. Екеуміз Каспий теңізінің жағасында біраз әңгімелестік. Оны тыңдаған сайын ішім алай-дүлей болып өртеніп бара жатты.
Сол сәтте роман жазуға қатысты күдік-күмәннің бәрі сейіліп сала берді. Өз елінде полиция қызметкерлерінен теперіш көрген мұнайшылардың жан азабы мен жанайқайына бей-жай қарай алмадым.
Максат Досмағамбетов - 2011 жылы Жаңаөзенде ереуілге шыққан жұмысшылардың ішіндегі ең белсендісі болды. Сол жылдың маусымында Мәскеуде өткен пресс-конференцияға қатысып, бұл жағдайға әлем назарын аударуға тырысты.
2012 жылы 37 жұмысшы мен олардың қолдаушыларына қатысты сот процесі кезінде Досмағамбетов тергеу изоляторында полиция қызметкерлерінің оны азаптағанын әшкереледі. Алты айдан кейін қатерлі ісік ауруына шалдығады. Ол мұны түрмеде алған жарақатымен байланыстырады. Жақ-бет аймағының қатерлі ісігі деген диагноз қойылғанға дейін түрме әкімшілігіне медициналық тексеруден өту туралы берген өтініштері екі жыл бойы қараусыз жатқан.
Алдағы төрт жылда әріптестерінің қаржылай көмегімен Оңтүстік Кореяда алты отадан өтті. 2018 жылы, қыркүйектің 29-да отыз алты жасында дүниеден озды.
Шығармада 2011 жылдың 16-желтоқсанында болған оқиғалардан бөлек мұнай кен орындарында күнделікті жұмыс кезінде көрсетілген зорлық-зомбылық пен қала тіршілігі сипатталады.
Дәл солай. Роман оқиғаның шарықтау шегінен басталады. Алаңда ереуілде тұрған жұмысшыларға әлдебіреудің қорлық көрсетіп, алдарына біреудің сүйек лақтырған сәтіне куә боламыз. Көптеген оқырмандар осы тұстан атыс-шабысқа дейін жалғасады деп ойлады. Бірақ мен қантөгістің себептеріне баса назар аударғым келді. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және қауіпсіздік жүйесіне қатысты бұрыннан келе жатқан әлеуметтік мәселелер.
Қытай жазушысы Мо Ян «Сарымсақ балладасы» деген роман жазған. Бұл шығармада да оқиға соған ұқсайды. 1988 жылы сарымсақ өсіретін қытай шаруаларының көтерілісі жайында. Мо Ян жұмысшылар ереуілін сипаттауды ары кетсе он-он бес параққа сыйғызған, шығарманың қалған бөлігінде көтерілісті тудырған ауқымды әлеуметтік жағдайларды зерттейді. Сол сияқты мен де Жаңаөзендегі әлеуметтік жағдайларды зерттегім келді. Жұмысшылар неге өздерінің жұмыс орындарынан дүниелер ұрлайды? Айы-күні жетіп отырған әйел неге босана алмайды? Осыншама мұнайдың үстінде отырған халықтың жағдайы неге нашар? Ауыз су мен жарық неге жоқ? Осының салдарынан қанды трагедияға айналды ма?
Арада он жыл өтсе де, бұл тақырыпты көпшілік алдында талқылау оңай емес. Жаңаөзенде және жалпы Қазақстанда халық кітапты қалай қабылдады?
Халық тарапынан үлкен қызығушылық байқалды. Әсіресе, жастар мен әлеуметтік медиа платформалары тарапынан. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттері «шығарма шынайы оқиғаларға негізделген бе? Біз шынымен осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз ба?» деген сияқты сұрақтар қойды. Көбі бұл жағдайдан бейхабар болған. Ал, ресми әдеби газет-журналдар мен телевизияық бағдарламаларда кітап туралы бірде-бір сөз айтылмады. Екі бірдей баспа романды басудан бас тартты. Кейін роман «Жалын» әдеби журналында жарияланды.
Шығарманың алғашқы тараулары жақында «Literraturа» журналында орыс тілінде жарық көрді. Шығарма атауына негіз болған «қоңыз» сөзі астарлы мағынаға ие. Мысалы, «қоңыз теріп кету» тіркесінің тура мағынасы – «қоңыз теруге бару». Ал, бейнелі түрде «қайыр тілеу» дегенді білдіреді. Тағы қандай мағынаға ие?
Қазақ түсінігінде «қоңыз теру» тіркесі адамның мүсәпір, мүшкіл халін сипаттайды. Қайыршыға ұқсас.
Сонымен қатар, сиыр тезегін дөңгелететін қоңыз жайлы аңыз бар. Бірде өте кедей адам бір әулиені кездестіреді. Әулие оның кез келген тілегін орындайтынын айтып, «данагөй болғың келе ме, әлде ауқатты болғың келе ме?» деп сұрайды. Кедей екіншісін таңдайды, өйткені ес білгелі бар өмірі жоқшылықпен өткен-ді.
Әулие оның тілегін қабыл етеді, бірақ «байыған кезде жұмысшыларды қанайтын болсаң, қарғысқа ұшырайсың» деп ескертеді. Кедей байығаннан кейін берген уәделерін ұмытып кетеді. Қызметшілерін ұрып-соғып, олардың еңбекақыларын төлемейді. Әулие оның үйіне келіп, ойын өзгертуге тырысады. Бірақ әлгі адам байлығын бөліскісі келмейтін сыңай танытады. Сол сәтте аяғының асты жиырылып, жердің астына құлап бара жатады, бірақ сонда да өз дегенінен қайтпайды. Алдымен тізесіне дейін, сонан соң беліне дейін батады. Көзді ашып-жұмғанша иығына дейін батып, соңында басы ғана қылтиып тұрады. Сонда да байлығын ешкіммен бөліспейтінін айтып қасарысады. Бүкіл денесі жерге батқан кезде мұрны қанай бастайды. Өзінен қалған жалғыз нәрседен, яки қаннан бір қоңыз пайда болады. Сөйтіп, бұл қоңыз тезекті үлкендігіне қарамастан тоқтамай дөңгелете береді. Алдағы күндері жеймін деп жерге көміп тастайды екен, бірақ кейін қай жерге көмгенін ұмытып қалады. Осылайша, бірсарынды өмір үздіксіз қайталана береді. Мұндағы қоңыз – басқаларды қанап, аяусыз жаншып-басатын ашкөз адамның бейнесі.
Жаңаөзендегі жағдай да осындай болған, қазір де сондай. Монополистер мен белгілі бір әулеттер қарапайым халықты қанап, солардың маңдай терінің есебінен байып отыр. Байлыққа құнығудың соңы адамдардың оққа ұшуына алып келді. Байшыкештер өздеріне жеткілікті не жеткіліксіз болса да, өз нәжісін дамылсыз дөңгелетіп жүретін қоңыздар сықылды.
Сұхбаттасқан Гент университетінің докторанты, Мария-Кюри грантының иегері Маурицио Тотаро
британдық веб-сайты openDemocracy
ағылшын тілінен аударған: madeniportal.kz