Қазақтың 12 қиял-ғажайып ертегісі

ӘДЕБИЕТ
9174

1. Қарамерген

Бұрынғы өткен заманда қазақ жұртының бір Қарамерген деген кісісі болыпты. Өзінің дәулеті жоқ, және перзенті жоқ екен. Мергендікпен бұғы атып мүйізін, құлан атып саурысын, әртүрлі аң атып, терісін сатып, жан сақтайды екен. Жаз кетсе – қыс келіп, қыс кетсе – жаз келіп, жолдассыз жалғыз жүреді екен.

Бір күндерде баяғы мерген мылтығын алып: «Қысы-жазы ел бармайтұғын, адам тұрмайтұғын бір алыс жерге барайын!», – деп жүріп кетіпті. Неше күн жол жүріп, бір үлкен тауға келіпті: қараса, тауда адам жүрген жол жоқ. Бір сайменен атын жаяу жетелеп, көп машақат тартып, таудың үстіне шығыпты. Жан-жағына қараса, аң киік есепсіз көп екен. Мерген қуанып, бір бастаудың басына келіп, тастан үй жасапты, төбесін жолым үйдей қылыпты, бірталай уық ағашпенен, үйдің төбесін аңның терісімен жауыпты.

Жеті-сегіз күнде болдырған арық аты семіріп, құр ат болыпты. Қарамерген туғалы мұндай шөптің неше түрлі болып бірге өскенін көрген жоқ екен. Және неше түрлі ағаштар, неше түрлі қызыл-жасыл қиялар біткен, бұлбұл құстары сайраған, иісі жұпар қалампыр сасып тұрған бір жақсы жазира екен. Мерген көп аң атып, мүйіз, терілерін сымбалдап қатырып жатты. Бір күні мерген бақырын асып, ет пысырып, түнде отыр еді, бір нәрсенің жүрген дыбысы естілді. Мерген: «Бұл немененің дыбысы, бұл жерде адам жоқ еді?», – деп, қайран болып тұрса, бір көк көйлекті қатын кіріп келіпті, ешбір жауап қылмай, бір тізелеп отырыпты. Қараса, түсі сары, көзі ала, және екі көзін мергеннен айырмайды. Мерген ойлады: «Бұл немене тағы болып өскен адам ба, жас күнінде далада қалып, иә бір зияндас нәрсе ме?» – деп әртүрлі ойға кетіп, қауіптеніп отырды. Бір уақытта сорпа­сы суалып, бақыры шұрқылдады. Мерген бақырын түсіріп алып, етін жеді, екі көзін мерген де айырмады, ол қатын да айырмады.

«Енді мұның не екенін білейін» деп үлкен селебе пышағының ұшына бір домалақ ет шаншып алып, «Мә!», – деп қатты ақырды, үндемей жеңнің ішінен қолын көрсетпей келіп, етті алып, қатын жеп қойды. Онан соң және бір үлкенірек етті шаншып, «Мә!», – деп тағы ақырды, тағы да үндемей баяғысындай алып, жұтып қойды. Мерген білді, «бір зияндас неме!» деп, қауіптеніп, көзін айырмай отырып, етін жеп болғаннан соң, қолына селебе пышағын алып, қатты ақырды: «Шық, жатамын!» – деп. Онда қатын көзін тігіп тұрып: «Әбиу, әбиу», – деп малдас құрып отырып алды. Онан соң мерген мылтығын алып және ақырды, «Шық, жатамын!» – деп. Қатын «Әбиу, әбиу!», – деп түрегелді де артыменен шығып жүре берді. Мерген сығалап қарап тұрса, қатын аяңдап бір белді асып кетті. Мерген тұра салып, үйін жығып жіберіп, «қашайын!» деп ойлады да: «Қой, мұным жарамас, қашып барып ұйқым келгенде жатармын, ізімменен келіп өлтіріп кетер! Не де болса, бір хайла қылып, аңдып жатып, мылтықпенен атайын», – деді де жолым үйінің уық ағашын жиып, кісіге ұсатып, үстіне киімін жауып, ер тоқымын төсеп, жатқызды, басына бөрігін кигізіп, өзі барып, мылтығы тиетұғын бір шұңқырда жасырынып жатты. Бір мезгілде күн бұлттанып, қар жауды да жердің жүзін ағартып, күн ашылып кетті. Бір уақытта аты арқанда тұрып, бір нәрседен үріккендей болып дүбірледі. Мерген ойлады: «енді, келе жатыр ғой, қайтемін?» деп қараса, қатын аяңдап келе жатыр. «Не де болса, бір атып өлейін!», – деп мерген бұғып жатты. Қатын келді де кісіге ұсап жатқан жолым үйдің төбесін «әбиу, әбиу» деп бас салды, құр ағаш салдыр-салдыр етті. Қатын түрегеліп жан-жағына қарап тұрды. Мұның жалмауыз екенін біліп, Аллаға сыйынып, мылтықпенен мерген атып еді, қатын «әбиу» деп, оқ тиген жерін қолыменен бір қойды да қарап тұрды. Мылтықтың даусы қайдан шыққанын білмей қалды. Жан-жағына қарап тұрды да қатын ізіменен қайта жөнелді. Мерген мылтығын оқтап алып, және бір атып еді, қатын баяғысындай «әбиу, әбиу» деп оқ тиген жерін қолыменен бір қойып қалды да, секіріп-секіріп, жан-жағына қарап жылдам басып жүре берді. Қатын белден асып кеткен соң мерген жүгіріп келіп, атын ерттеп мінейін деп, ер тоқымына келсе, баяғы кісіге ұсатып жатқызған жолым үйдің ағашы пышақпенен кескендей болып, кертіліп, бөлек-бөлек болып қалыпты, үстіне жайған киімі тілініп, шұрқ-шұрқ тесіліп қалыпты. Мұны көріп, мерген жанынан үміт үзіп, қорқып тұрды. Және ойлады: «анықтап қарайыншы, әгар мылтықтың оғы өткен болса, қан аққан шығар, әгар қан ақпаса, Құдайдың маған жіберген бір қазасы ғой», – деп атқан жерін қараса, бір-бірлеп қан тамып қалыпты, екінші атқан жерін келіп қараса, қан тамшылап ағып қалған екен. Мергеннің көңілі аз қуанғандай болып, таң атқан соң ізіменен біраз жерге барып еді, алдында бір үңгір тас көрінді. Қатынның ізі сол үңгірге кіріпті. Мерген мылтығын қолына алып, дыбыстап әрі-бері жүрді, қатынның дабысы шықпады. Мерген келіп қараса, үңгірден аяғы шығып, қатын өліп қалыпты. Аттан түсіп, аяғынан тартып алды. Қараса, дамбалы жоқ, адамнан ешбір бөтен жері көрінбейді «Бұл қалай? Қолын көрейінші!» деп қараса, екі қолының алақаны пышақтың жүзіндей көк темір екен, саусақтарының ұшы найзадай өткір, тасқа кіріп кетеді. Мерген бір қолын кесіп алды. Ойлады: «Мұның еркегі бар шығар, бір жақтан келіп қалар!», – деп атына мініп, жүріп кетті. Бұрынғы атқан аңның терісін, мүйізін бір жерге жиып қойды да, мұнан басқа бір тауға келді: қараса, бұғы-марал көп екен. Бір бұғыны атайын деп, жасырынып келіп, мылтығын сығаласа, қолы дірілдеп ата алмады. «Бұл не хикаят» деп басын көтеріп қараса, сол атқалы тұрған бұғының бергі жағында бір қамшыдай ақ нәрсе қимылдайды. «Не де болса атайын», – деп мылтығымен атып еді, жоқ болып қалды. Келіп қараса, бір жылан, басы көк темір екен, мойынын үзіп түскен екен. Басын кісесіне салып, мерген және жүріп кетті.

«Бұл тауда тағы да оқ жылан бар шығар, өзге бір тауға барайын!», – деп келе жатса, саны жыбырлапты, біраздан соң саны ауырыпты. «Не болды?» деп қараса, кісесі тесіліп қалыпты, тоны-шапаны, көйлек-дамбалы тесіліп, санына батыпты. Қорқып, басты тастап кетті. Кешке таман және бір тауға келіп қонды. Ертең ерте қараса бір өзенге ел қонып, биесін байлап жатыр, үйлері аппақ, күнге шағылысады. Мерген мұны көріп, қайран қалып тұрды. «Бұл қалай? Бұл жерде ел жоқ еді, қайдан келіп қалды? Жау ма, ел ме? Адам ба, пері ме? Енді не де болса, барайын, мені бұлар да көрген шығар», – деп атына мініп келді. Жылқышылары құлын қуып жүр, құрықтары алтын-күміс, ешбіреуі мергенге көзін салмады. Бір бурыл сақалды адам бие байлаған желінің басында тұр. Мерген соған келді. Қараса, желі арқаны жібектен. Мерген келіп сәлем берді, аузы қимылдағандай болып сәлем алды, дүниенің жүзін қап-қараңғы тұман басып кетті, ешнәрсе көрінбеді. Мерген иманын айтып, жанынан үміт үзіп тұрды. Бір мезгілде атын біреу жетелегендей болып, шылбырын тартты, аты жүрді. Бір жерге келіп қолтығынан тартты «түс!» дегендей болып, мерген түсті. Етегінен тартты «жүр» дегендей болып, мерген жүрді. Бір жерде есік мысалды ашылды бір нәрсе, мергеннің мойнындағы мылтығы алынды. Мерген кіріп келсе, бір үлкен үй, алтын, күмістен бақандар бар, атлас, жібек кілемдер төсеген, қамқап, маңлық көрпелер қатарланып тұрыпты. Жүктің үстінен тоғыз қабат торғын көрпе өзі келіп төрдің алдына салынып жатыр, ішбір жаны бар нәрсе көрінбейді. Мерген келіп есік алдына отырайын деп еді, бір нәрсе келіп көтеріп тастады, отырғызбай, етегінен тартқандай болып, төрдің алдына шығарды. Мергеннің есі кетіп отырды. Бір мезгілде самауыр өзі келіп, дастархан өзі жайылып, неше түрлі жемістер салынып, шай құйылды екі шыныға. Бір шыныны мерген ішті, бір шыны өзі құйылып, ішіліп тұрды. Мұнан соң бір күміс шараменен қымыз келді, ожауы алтын. Өзі сапырылып, алтын аяққа құйылып тұрды. Мерген ішті, бір мезгілде мерген: «Тойдым!», – деді, қымыз көтеріліп кетті де, бір табақ қазы-қарта келді. Мерген ойлады: «мені семіртіп сойғалы отырған бір нәрсе ғой», – деп, «не де, болса жейін», – деп тойғанынша жеді және артынан палау келді, не түрлі жемісі бар, неше алуан иісі бар. Мерген және жеді де «Енді, тойдым, еш нәрсе жемеймін! Сіздер неғылған жансыздар? Мұнша мені құрметтедіңіздер, туғалы көрмеген сыйымды көрдім, жемеген тамағымды жедім. Енді мені өлтірсеңіздер де көзіме көрінсеңіздер екен», – деді. Іш нәрсе көрінбеді. Дастархан жиылып кетті, бір күміс құмған келді, бір шылапшын келді алдына, қолына су құйылды. Мерген қолын жуды. Бір ақ торғыннан қылған неше түрлі алтын зерменен зинаттанған сүлгі орамал келіп, алдында салбырап тұрды. Мерген қолын сүртіп болып айтты: «Мен мүсәпір, шаршап тұрған адам едім, атымның артына бір киіз болса, барып жатсам екен. Алла разы болсын! Мұнша көрмеген жақсылықты көрдім», – деді. Ешбір жауап болмады. Мерген неғыларын білмей отырды. «Түзге отырайын» деп далаға шықты. Қараса, аты арқандалып тұр, ер-тоқымы жиылып, үстіне мылтығы сүйеніп тұр, өзге еш нәрсе көзге көрінбейді. Мерген ойлады: «Не өлемін, болмаса көрмеген бір жақсылықты көремін», – деп, үйге қайтып келіп кірді. Мерген кірген-шыққан мезгілде есік өзі ашылып, жабылып тұрды. Мерген келіп, қолын жуайын деп еді, баяғы күміс құмған келіп өзі құйылып, сүлгі орамал берілді. Мерген қолын жуып болып отырды. Және айтты: «Ұйқым келді, жатамын» деп. Ешбір жауап болмады. Жүктің үстінде бір алтынды шымылдық барып, оң босағасына құрылды екі күміс бақанменен, және жүктің үстінен бір мамық төсек, және тоғыз қабат көрпе барып, шымылдықтың ішіне төселіп салынды. Бір уақытқа есік ашылып, бір қыз үйге кіріп келді, қараса, сұлулығы толған айдай, үстіндегі киімі қызыл алтынға қарық болған, сәулесі қараңғы үйді жарық қылады. Мерген қорқып, орнынан тұрайын деп еді, қыз келіп: «Тұрма, өз нәсіліңді өзің қор тұтпа!», – деп тұрғызбай, қолын ұстап, көрісті, мергенге сүйеніп отырды. Мерген айтты: «Әй, тақсыр, айналайын! Маған жақын отырма, иісім жаман, кірлеп жүргем, битім жұғар», – деді. Қыз айтады: «Қой, өзіңді өзің қор тұтпа», – деді. Мерген айтты: «Рұқсат болса, бір киіз бергізсеңіз, атымның артына жатайын, шаршап жүрген ғаріп едім», – деді. Қыз айтты: «Құп болады, төсек салынды, жатыңыз», – деді. Мерген түрегеліп еді, қыз да түрегеліп, мергеннің киімін шеше бастады. Мерген айтты: «Қой, қарағым, келеке қылма, төсекке барып жатайын», – деді. Қыз айтты: «Сізге салынған төсек мынау, қорықпай жатыңыз», – деп мергеннің жаман киімін зорлап шешіп, шымылдықтың ішіне кіргізіп, көйлек, дамбалын тастатып, тыржалаңаш қылып, төсекке жатқызды да өзі де шешініп, мергеннің қойнына кіріп, қымқап көрпе жамылып жатты.

Мерген көп ойға кетіп, үндемей жатты. Қыз айтты: «Енді сен қорықпа, мен саған қатын боламын, өз қатыныңыздай көріп жатыңыз», – деді. Мергеннің көңілі қуанып, қызды құшақтап жатты. «Енді, қарағым, жайыңды айтшы, не себептен осындай артық жамалың, асыл киіміңізбенен мен ғаріпті лайық көрдің?» – деді. Қыз айтты: «Біз көшпелі пері боламыз, еліміздің ғадеті адамзат тұрмайтұғын жерде тұрамыз. Әгар қапыда адамзат көрсе, соған қыз береді. Ол қыздың әкесі періге патса болады. Он сегіз мың ғаламда адамзаттан қасиетті нәрсе жоқ. Білмеймісің, Құдайдың досы пайғамбар бәрі адамзаттан емес пе?! Енді күн шыққанша ұйықтамай жат. Ертең біздің ел бәрі келіп көріседі. Мұнан артық сый көресің. Әгар ұйықтап кетсең, менен айырыласың, бекер қаласың. Ешбір қауіп қылмай жатыңыз»,—деді. Мерген көңілі өсіп, қызды құшақтап, мұрадын асыл қылып жатты. Бір мезгілде мерген түзге шықты. Қыз түрегеліп, бір ішікті мергенге жауып, есік ашып, шығарды. Қараса, атынан басқа еш нәрсе көрінбеді. Тұман басқандай болыпты. Мерген қайтіп келіп, төсекке кіріп жатты. Қызбенен күліп, ойнап, және түзге отырғалы шықты. Қараса, тұман ашылып, өзен толған ақ ауыл, көп мал бәрі көрініп тұрды. Таң ағарып келе жатыр екен. Мерген қуанып, үйге кірді. Енді ұйықтамай-ақ таң атар деп қызбен құшақтасып жатып алды. Қыз айтты: «Ұйықтамай-ақ, жатыңыз, таңға аз қалыпты ғой»,—деді. «Ойбай, қарағым, неғылып ұйықтайын», – деп мерген қатты-қатты құшақтап жатып, соры қайнап көзі ілініп кетті. Бір мезгілде шошып оянып қараса, күн шығуға таянып қалыпты, қойнында қыз да жоқ, баяғы үй де жоқ, бәрі де жоқ. Мерген ойбайлап, жылап: «Бұл, немене, түсім бе?»,—деп жан-жағына қараса, аты арқандаулы, жанына мылтығы сүйеулі қалыпты. Жамбасының астында неше қабат асыл көрпе қалыпты, айландыра кесіп алып кетіпті. Мерген жылап-жылап жатты, айтады: «Ойбай, қарағым, қайда кеттің, мен ұйықтағаным жоқ»,—деді. Қанша зарлық қылды, еш нәрсе болмады. Мерген айтады: «Басында көргенімде өлтіреді деп қорқып едім, ақырында тағы да қайғысымен өлемін-ау!»,—деп неше күндей жатып, еш пайда болмаған соң үйіне қайтты.

Үйіне келіп атқан аңның терісін, мүйізін сатып бұрынғыдан он есе пайда көрді. Баяғы жамбасының астында қалған көрпенің қиқымын сатып еді, алпыс байталдың пұлы болды. Мергеннің малы көбейе бастады. Құданың құдіретімен бұрын бала таппаған қатыны жүкті болды. Бір күні мерген ойлады: «Былтыр осы уақытта Құдай жарылқап еді, биыл тағы да жарылқамас па екен?»,—деп, былтырғы қызбен қосылған орнына барып, бірнеше күн жатты, ешнәрсе болмады. Бір күні мерген ойбайлап жылап айтады: «Иә, Құдайым, бұл қызды көрсетіп, мені отқа жандыртқанша, басында жан қылып жаратпасаң еді! Қызбенен таң атқанша бірнеше ауыз ғана сөз сөйлестім, әрбір сөзі өткен бұрынғы өмірімнен артық еді»,—деп өзін-өзі боқтап, «неге ұйықтадым» деп пұшайман болып отырды.

«Ырысы жоқтың етегіне бидай салса, еті тұрып бидайын төгеді деген осы екен!», – деп жылап отыр еді, «Қарамерген!» деп біреу дауыстады. Қай жағымнан шығады деп, алаңдап тұрып еді, аспаннан дауыстады. «Әй, сорлы, енді жылама, көзіңе ақ түссін! Бір сағат ұйқы құрлы көрмей менен айрылдың, өз обалың өзіңе енді. Мың жыл жыласаң да, менен саған пайда жоқ, әуре болма, былтырғы аманатың мендегі. Жақсы қылып, асыра, қор болмассың», – деп ғайып болды. Мерген қараса, бір алтынды бесік түсті, ішінді бір ұл бала бар. Мерген мұны көріп, және тағы ойбайлап шақырды: «Бір сөйлесіп кетсеңші, айналайын, қарағым»,—деп. Ешбір жауап болмады. Мерген неше күн жылап-жылап, үйіне баласын алып, қайтты. Үйіне келіп үлкен той қылды.

Ақырында, бір Құдайдың құдіреті, бұл мерген ханнан бай болып һәм хан болып дүниеден қайтты. Мергеннің өз қатынынан бір ұл туды. Әкесінің орнына хан болды. Періден туған бала жас күнінде көз тиіп дүниеден қайтты.

2. Ақбай

Баяғыда Серікбай деген байдың Ақбай деген жалғыз баласы болыпты. Ақбай ат аяғы жерге жетер елді аралап, өзіне лайықты сұлу қыз іздеп, таба алмапты. Сөйтіп, жүргенде бір елде отыз күн ойын, қырық күн тойын берген бір байдың қызының тойы болыпты. Ақбай қасына қырық жігіт ертіп, он бес күн жол жүріп, сол той болып жатқан елге келіпті.

Бұл тойда қасында қырық қызы бар, Бибісара деген бір байдың қызы да қырық ақ отау тіктіріп салтанат құрып жатыр екен. Алыстан келген қонақ деп, Ақбайларды да осы қырық қыздың отауына түсіріпті.

Екі күн өткесін, қыздармен танысып, үйреніскен Ақбай Бибісарадан: «Сіздің басыңыз бос па?»—деп сұрапты.

Бибісара айтыпты: «Мен дүнияға келгелі өзімнің алдыма қойған шартым бар еді. Сол шартымды толық орындаған жігітке тиемін,—деген. — Неше адамдар таламан болып аламын деп келсе де, менің қойған шартымды орындай алмайды».

Сонда Ақбай отырып: «Шартыңызды айтып көріңізші, мен де бағымды сынайын!»—дейді.

Қыз сонда: «Сіз бір келген қонақсыз, шартымды орындай алмасаңыз ұят болар, онан да оны есітпей-ақ тойға келген сый қонақ болып, еліңізге қайта беріңіз»,—дейді.

Ақбай: «Олай деп ойламаңыз, Бибісара. Дүниеде жоқ нәрсені айтпайтын шығарсыз, шартыңызды айтыңыз»,—деп қолқалайды.

Бибісара: «Мен де ілімнен құр алақан адам емеспін, дүниеде жоқ нәрсені шарт етпеймін. Шартым мынау, мені кімде-кім аламын десе, қалың малыма бойы да тең, түрі де тең сексен сары ала, сексен торы ала, сексен боз, сексен күрең, сексен шым торы, бәрі де бес жасардан төрт жүз жылқы әкелсін. Осы шартымды орындаған адамға би демеймін, құл демеймін, тиемін»,—дейді. Ақбай қыздың қойған шартын орындайтын болып, үш ай ұлықсат алып, қырық жігітімен еліне қайтты.

Ақбай үш айда қыздың айтқан малдарының түрін де, түсін де, жасын да тауып, қасына қырық жігіт ертіп, қыздың ауылына келеді. Келіп, қыздың ауылында жеті күн қонақ болады. Қыздың әкесі Ақбайдың әкелген малынан ешқандай кемшілік таба алмай, келген қонақты үлкен сый-сияпатпенен қарсы алып, қызын бір жылдан соң беретін болып, Ақбайды қырық жігітімен еліне қайтарады.

Арада бір жыл өткен соң Ақбай тойға керекті затын даярлап, қасына қырық жігітін ертіп, қыздың еліне баруға жолға шығады. Қыздың ауылына бір күндік жер қалғанда жігіттеріне: «Сендер асықпай келе берерсіңдер, мен бүгін қыздың отауына жете қояйын»,—деп боз жорға атымен салдыртып алға озып кетеді. Таң алдында Ақбай қыз жатқан отауға кіріп келсе, Бибісара өзінің жылқысын бағатын жігіттердің басшысы Қодар деген құлменен жатыр екен. Мұны көріп, Ақбай кейін шегіне бергенде, қыз бір уыс топырақты Ақбайдың бетіне шашып жіберіпті. Қыз жеті жұрттың тілін білетін дуахан-сиқыршы екен. Ақбай адам түрінен айырылып, үлкен бір қара төбет болып шыға келеді. Түрі ит болса да, ақыл-есі қалпында, бірақ сөйлейін десе тілі жоқ, сөйлесе, итше үреді. Қырық жігіт келе жатса, алдарынан бір ит шығып үре береді, оны ешкім елемейді. Сөйтіп, жігіттер қыздың ауылына келеді. Келсе, Ақбай жоқ. Қыздың отауының сыртында байлаулы тұрған боз жорға атты көреді. Жігіттер сұрау салады, бұл елден Ақбайды көрген-білген адам табылмайды. Жаңағы ит жігіттердің соңынан қалмайды, үйге кірсе, үйге кіреді, далаға шықса, далаға шығады, арсылдап үріп қоя береді. Оған түсінбеген жігіттер: «Осы ит құтырайын деп жүр, өзін өлтірейік»,—деседі. Оны сезген Ақбай енді жолдастарынан безіп, бетімен қаңғып кетеді. Қаңғып жүріп, ит бір керуенге кез болады. Бір керуенші жігіт: «Мынау жақсы ит екен»,—деп өзіне үйретіп, жерден шұқыр жасап, тамақтан қалған жуындыны құйса ит ішпеген, ал жеп отырған тамағынан кетбеннің үстіне салып берсе жейді. Жігіт бұған таң қалып, бір табағынан итке итаяқ жасап, өздерінің жеген тамағынан беріп, еліне ертіп келеді.

Жігіттің үйінің қасындағы қоңсы әйел бұл уақытта екіқабат екен, бір күні сол әйел баласын туа алмай, үш күн қиналады. Күйеуі ауылындағы қожа-молдаларды жинап, дем салдырған екен, одан шипа болмай, әйел өлер болады. Оны сезген ит әйел толғатып тұрған үйге кіріп барып, әйелді үш айналып үргенде, әйел көзін ашып, есін жиып, баласын туады. Әйел де, бала да аман қалады.

Бұл хабар лезде бүкіл елге жайылып, ауырған адам ит иесіне ақы төлеп, ауруын итке қарататын болыпты. Бұрынғы жарлы жігіт енді байып, ел қатарына қосылады, итіне жай ит деп қарамай, өзіне келген бір бақ деп қарайды, астына киіз төсеп, алдына таза ас құйып, адамша күтеді.

Бір күні жатып Ақбай ойланады: «Менің бұл жүрісім не? «Ит тойған жеріне» деген нақыл бар еді. Менің түрім ит болғанмен ақыл-есім ит емес қой. Ойлауым баяғы сау күнімдегі адам қалпында. Олай болса менің бұл жүрісім жөнсіз болар, не де болса Бибісараның ауылынан бір хабар алайын»,—дейді. Ит түнде орнынан тұрып, қыздың ауылына тартып отырады. Жортып отырып үш күн, үш түн дегенде Ақбай тігулі тұрған ақ отаудың үстінен шығады.

Отауға келсе, он жігіт тамақ ішіп отыр екен. Үш күннен бері аш ит адамдар бір нәрсе берер ме екен деп, құйрығын бұлаңдатып еркелеп есіктен қарапты.

Табақ тартып жүрген әйел иттің бетіне бір қарап: «Осы Ақбай емес пе, апам бұзық еді. Осыған дуахандықпен бір пәле еткен шығар-ау»,—деп, далаға тамақтан ала шығып, қораға апарып: «Сен Ақбай емессің бе?»—депті. Ит айтуға тілі жоқ, көзін жаутаңдатып ишарат білдірген.

Әйел иттің Ақбай екенін сезіп, сарайға апарып тамақ беріп: «Сені мен жеті күн оқимын, сонда сен бұрынғы адам қалпыңа келесің. Бибісара менің туған апам. Ол менен білім жағынан анағұрлым күшті. Сөйткенмен де апамның бірінші дұғасын жазуға болады, бірақ екінші дұғасын ешкім де жаза алмайды, себебі оның қолында қасиетті бір жүзік бар»,—депті. Сөйтіп, әйел жеті күн Ақбайды оқып, адам қалпына келтіріпті. Содан кейін бұл әйел оны күйеуіне таныстырып: «Мынау сенің бажаң, мен мұны жеті күн оқып жаздым»,—депті. Одан кейін Ақбайды жақсылап киіндіріп, астына ат мінгізіп, қолына дем салып, бір уыс топырақ беріп: «Енді тез барып, таң алдында Бибісараның бетіне шаш. Бибісарадан бұрын қарманбасаң, онда сен қайтып кісі, болмайсың»,—депті.

Арада үш күн жүріп таң ата қыздың отауына кіріп келсе, Бибісара ояу отыр екен. Ақбайдан бұрын бір уыс топырақты шашып жібереді. Ақбай кішкентай бозша торғай болып пырылдап ұша жөнеледі. Үйдің ішін шыр айнала ұшып жүргенде есік ашылып зорға сыртқа шығады.

Енді ол жерде жүре алмайтынын сезген Ақбай басқа бір елге ұшып кетеді. Бір елдің шетіне келіп, жерге түскен дәнді теріп жеп жүріп, торғай бір күні балалардың тұзағына түседі. Оны балалар аяғына жіп іліп байлап, ұшырып ойнайтын болады.

Сөйтіп, жүргенде бір келіншек балаларға келіп: «Мынау бозторғайларыңды маған беріңдер, мен ауырып жүр едім, маған торғай еті ем еді»,—деп балалардан сұрап алады. Ол торғайдың Ақбай екенін біледі. Өйткені келіншек Бибісараның ең кіші сіңлісі болатын. Бұзық апасының бір адамның обалына қалғанын естіген-ді.

—Енді сен Бибісараға баратын болсаң, адам қалпында баруға болмайды. Себебі сені және бір түрге айналдырып жібереді. Бибісараның оң бұрымының астында жасырып қойған қасиетті жүзік бар, осы торғай түріңде елеусіз барып, соны қолға түсіріп алсаң, сол сағатта ойлағаның болады,—дейді келіншек. Сөйтіп, келіншек торғай қалпындағы Ақбайды жеті күн бағып, ақылын, апасының сырын айтып, ұшырып жібереді. Ұшарда Ақбайға: «Сен Бибісараның еліне күндіз барма, түнде бар, күндіз барсаң, біліп қояды»,—деп тапсырады.

Ақбай өзінің бұрынғы әдеті бойынша қыздың отауына таң алдында келіп жетеді. Келсе, Бибісара мен Қодар тағы да бірге жатыр. Бірақ екеуі де қатты ұйқыда екен, Ақбай сездірмей қыздың бұрымының астындағы қасиетті жүзікті алып, ойланып тұрып: «Бұл екеуін бір түрлі айуан етсем, бірінен-бірі айрылмас, не де болса екі түрлі болсын»,—деп Қодарға «шошқаның қабаны бол», қызға «иттің қаншығы бол» деп, бір уыс топырақты үстеріне шашып жібереді. Қодар—қабан, Бибісара—қаншық болып шыға келеді. Ақбай отауда ілулі тұрған Қодардың мылтығын алып, алдымен ит болып қыңсылаған Бибісараны атып тастайды, қабан болып қорсылдап жүрген Қодарды жанды жерінен атып, қор болып өлсін деп қоя береді. Шалажансар шошқаны көрінген адам ұрып, о да ақыры қор болып құрттап өледі.

Сөйтіп, Ақбай өзі баяғы адам қалпына түсіп, қайын атасына келеді. Атасы Ақбайды үш күн қонақ қылады, бірақ қызынан хабары жоқ. Ақбайдың малын қайырып бермекші болады.

Сонда Ақбай: «Маған мал керек емес, сіз маған алты айлық азық даярлап беріңіз, қызыңның отауын беріңіз және қай жерге отырамын десем, сол жерге көшіп-қондыратын алты адам қосып беріңіз»,—депті.

Бибісараның әкесі Ақбайдан еш кемістік таба алмастан, оған бір жылдық азық даярлатып, алты түйе артып, қасына алты адам қосып, еліне көшіреді.

Бірнеше күн жүріп тауға келгенде, Ақбай жүгін түсіріп, таудың етегіндегі бір бұлақтың басына келіп, отауын тіктіреді. Ертіп келген жігіттерге еліне қайтуға ұлықсат береді.

Ақбай тірідей ел-жұртынан, дүниядан безіп сол тауда аң аулап жата беріпті. Арада үш ай өткен соң, аң аулап жүргенде Ақбай Бибісарадан алған қасиетті жүзікті жоғалтып алады. Оны неше күн іздеп таба алмайды. «Бір қыз үшін ел-жұрт, ағайын-туған, ата-анамнан бездім, безіп көрмеген қорлығым, тартпаған азабым жоқ. Адам өлтіріп, ақырында бір қасиетті нәрсеге қолым жетіп еді, одан да айрылдым. Енді менде ел бетін көрер не қалды!»—деп қара жерді құшақтап, «менің ендігі серігім де, жататын орным да сенсің» деп жата береді. Күндіз-түні күңіреніп, күңіренгенде былай дейді:

Болады малы бардың көңілі тоқ,

Еңбексіз жиған малдан рахат жоқ.

Бес түрден төрт жүз жылқы айдап беріп,

Қасына Бибісара қонғаным жоқ.

Арам мал әкем сорға біткен екен,

Қызығын опасыздың көргенім жоқ.

Ит болдым, қара төбет, бір бозторғай

Ұстатпай әуре еттің, дүние боқ.

Атандым «Ақбай мырза» он алтымда,

Көріктен қаулап жанған мысалы жоқ.

Әкемнің арам малын бердім айдап,

Онымен сүйгенімді алғаным жоқ.

Жатырмын жапан түзде тауды бағып,

Қасымда ермек болар серігім жоқ.

Өтеді біздің өмір осыменен,

Елімнен кеттім жалғыз, дерегім жоқ.

Ата-анам, ақ сүт берген, риза бол,

Ел бетін енді айланып көру де жоқ.

Аң да емес, адам да емес, қалдым жалғыз,

Түсірген сиқыр қыздан жүзігім жоқ.

Ақбай осы өлеңді әр күні үш рет қайталап зарлайтын болады.

Сол тауда Сұрмерген деген аңшы аң аулайтын. Сұрмерген тауға шыққан сапарында, үш ай аң ауламай үйіне қайтпайды екен. Бір күні Сұрмерген аң аулап жүрсе, алдынан үш марал қаша жөнеліпті. Мерген маралдың ең үлкенін атып алады. Сойып, бауырын отқа қақтап, пісіре бастайды. Сол уақытта маралдың істікке шанышқан бір жапырақ еті ұшып барып, мергеннің бұзып, меске тығып қойған етінің үстіне түседі. Сол-ақ екен марал тіріліп, бір сілкініп жүгіре жөнелді. Қасындағы екі марал да айналақтап сол арада жүр екен. Соларға қосылып, атылған марал жөніне кете берсін. Бұған Сұрмерген ашуланып, мылтығын қайта оқтап атайын десе, мылтығы от алмайды. Қолындағы қыран бүркітінің томағасын алып маралға жіберсе, құсы ұшпай өзінің қолына қайта келіп қонады. Мылтық пен құсқа ашуланған Сұрмерген атпен соғайын деп атына мінсе, аты да аяғын баспай бір орында қарысып тұрып қалады. Сонда баяғы өзі атқан марал артына бұрылып тұрып былай депті:

—Сұрмерген, енді сен дүние талабын қой. Ар жағыңдағы таудың бауырында, бұлақтың басында тігулі тұрған ақ отау бар. Соның ішінде Ақбай деген бір байдың жалғыз баласы жатыр. Сен оған барып жолығып, бұл жағдайдың мәнісін сұра, саған сол айтар. Ендігі қалған өмірің сол жігітпен бірге өтер,—дейді. Содан соң үш марал қосылып, үш ауыз өлең айтып, Сұрмергенге тағы да былай дейді:

Сұрмерген, үш маралға кез болыпсың,

Есітіп бұл хабарды көңілің тынсын.

Зиянсыз біз бір жүрген хайуан едік,

Қасиетін үш маралдың көзің көрсін.

Ақбай да ақылына сонда келер,

Болмаса жақсылықты қайдан білсін.

Ерінбей еңбек етсін адал ниет,

Сүймесе шын еңбекті өзі білсін.

Тағы да кез келерміз бір-біреуге,

Сәлем айт, Ақбай ерге шыдай берсін.

Айтатын мұнан артық сөзіміз жоқ,

Ақбайжан, ендігісін ойлап білсін.

Мергенге маралдар осы бәйітті айтты да, таудың ең биік шыңына қарай өрлеп кете барады.

Маралдың сілтеуі бойынша Сұрмерген тауды жағалап келе жатып, бұлақтың басында тігулі тұрған ақ отауға келеді. Атын байлап отауға келсе, ыңылдап, жер бауырлап жатқан Ақбайды көреді.

Ақбай Сұрмергенмен амандасып болған соң, оған: «Мен бұл дүниеден күдер үзіп, өлім тілеп жатқан жанмын, сен әлі салтанатты дүние талабында жүрген адам екенсің, бұл жерге неге келдің?»—депті.

Сонда Сұрмерген айтады: «Мен он үш жасымнан осы мергеншілікпен талап еттім. Қазір жасым алпысқа шықты. Адамға, жазықсыз жануарларға өлім келтіргенім үшін мені халық «Сұрмерген» деп атады. Қырық жеті жыл мергеншілік етіп жүріп, бүгін өмірімде көрмеген бір уақиғаға ұшырап және тілі жоқ үш маралдың сілтеуімен саған келіп отырмын»,—деді де, көрген оқиғасын айтты.

Сонда Ақбай айтады: «Менің бұл тауға көшіп келгеніме алты ай болды. Соның өткен үш айы менің өмірім үшін көңілді өтті. Соңғы үш айы өте ауыр болды. Себебі, қолымда адамның не ойлағанын орындайтын қасиетті жүзік бар еді, соны аң аулап жүріп жоғалтып алғаныма, міне, үш ай болды. Мен бұл тауда ондай оқиғаны ұшыратқаным жоқ, оны мен білмеймін. Мүмкін, менің сол жоғалған қасиетті жүзігімді тауып алған марал шығар»,—дейді.

Маралдың айтқан сөзін елемей, Сұрмерген Ақбайға бір күн қонақ болып, азанда еліне қарай аттанады, бірақ жол тауып жүре алмай, қанша жер жүрсе де, Ақбайдың отауына қайтып келе береді.

Сонда ғана маралдың «ендігі өмірің Ақбаймен бірге өтер» деген сөзі мен үш ауыз өлең Сұрмергеннің есіне түседі.

Үш маралдың өлеңін айтқанда, Ақбайға да үлкен ой түседі. «Адал еңбек етсін» және «шыдасын» деген сөзі қалай? Сол үш марал болып жүрген сол Бибісараның өзі мен екі сіңлісі емес пе екен?

Содан кейін Ақбай: «Қайда барсам да еңбексіз рахат жоқ екен. Не де болса өзім тұрған бұлақтың басын бақшаға айналдырайын, әрі уақытым өтсін, әрі өзім тұрған жер гүлденсін»,—деген ойға келіп, бау-бақша еге бастапты. Сөйтіп, Ақбай мен Сұрмергеннің тұрған жеріндегі бұлақтың басы бау-бақшалы жерге айналыпты. Сол жерге ұшқан құсқа дейін бір айналмай кетпейтін болыпты.

Бір күні Сұрмерген екеуі судың шетіндегі алма ағаштың түбінде отырса, баяғы үш марал келіп, су ішіп тұрып: «Сұрмерген, жамандыққа жақсылық деген, сен адам болсаң да тау кезген аңнан жаман болдың. Сөйтсең де, саған жамандық етпедік. Енді жақсы жолға түстің де, жақсылық болатын күн жақын қалды»,—деп жүріп кетіпті.

Марал кеткен соң, Ақбай мен Сұрмерген маралдар су ішіп кеткен жерге келсе, бір жапырақ тасқа жазған жазуға көзі түсіпті. Жазуды оқып қараса, екі ауыз өлең екен:

Сен, Ақбай, дүниеге неге келдің,

Жолында Бибісара не көрмедің?

Бақытың ашылуға қалды жақын,

Жолдас деп дүниені көзге ілмедің.

Қыртысын қара жердің қақ айырып,

Еңбекті етіп сезгін икемдедің.

Бізді күт үш күннен соң осы жерден,

Жүзікті тауып алған бермек едім,—

деп жазылыпты. Мұны оқып көріп: «Бізге де атар таң бар екен ғой»,—деп қуанып, маралдың уәделі үш күнін күтіпті. Сол сәтте су ішуге келген маралдар: «Жүзік саған, бау-бақша бізге»,—деп, жортып жүре беріпті.

Ақбай жүзікті алып, Сұрмергеннен: «Еліңіз қайда?»—деп сұрапты. «Елім алыс емес, осы жерден үш күндік жер»,—депті Сұрмерген. Содан кейін екеуі жүзікке мініп ұшып, әуелі Сұрмергеннің еліне келіпті, одан соң Ақбай еліне жетіпті.

Сөйтіп, Ақбай он бес жылдан кейін ата-анасына келіп, үлкен той жасапты. Жинаған мал-мүлкін ғаріп пенен кәсірге үлестіріп беретін болыпты. Мұны жұрт «жомарт» деп атаған.

2. Жүсіп мерген

Бір күні Жүсіп өзінің шиті мылтығын алып келе жатса, бір ағаштың басында қарақұс отыр екен. Жүсіп атайын деп оқтала бергенде, қарақұс: «Мерген, сен мені атпай-ақ қой»,—дейді. Әуелі таң қалып қалған Жүсіп ойланып: «Осы қарақұстың тірі жүргенінен өлгені артық болар»,—деп, атуға екінші рет оқталады. Қарақұс тағы да: «Мерген, мені атпай-ақ қой!»—дейді. Жүсіп тағы да ойланып, үшінші рет қарақұсты қарауылға алғанда: «Мен сенің қолыңа қонайын, сен мені бақ»,—дейді.

Жүсіп құстың айтқанын жасайды. Бір күні қарақұс Жүсіпке:—Сен арқама мін, орманға апарайын,—дейді де, Жүсіпке арқасын тосады. Жүсіп мысықтай ырғып құстың арқасына отырып қалың тоғайға келеді.

—Сен осының ішінен бір үлкен ағаш таңда!—деді қарақұс. Жүсіп көрсеткен ағашқа қарақұс қонады да, ағашты сілкілейді, бірақ оған ағаш сына қоймайды. Қарақұс: «Мені әлі де бақ»,—дейді. Жүсіп құсты екі ай бағып, қайта әкелгенде Жүсіптің таңдаған ағашы шорт сынады. Сонда қарақұс: «Сен менің арқама мін»,—деп әмір етеді. Жүсіп қарақұсқа мініп, аспанға ұшады. Қарақұс аспанға шарықтап, бір теңіздің үстіне келе бергенде Жүсіпті тастап жібереді де, суға жақын келгенде іліп әкетеді. Екінші рет жанып жатқан өрттің үстінен тастап жіберіп, отқа жақын қалғанда іліп әкетеді. Үшінші рет құздың үстінен тастайды да, тасқа жақын қалғанда қағып әкетеді. Сонда қарақұс бір төбеге қонып, Жүсіптен: «Сен жаңағы судан, өрттен, таудан қорықтың ба?»—деп сұрайды.

—Қорықпағанда ше, жаным көзіме көрінді,—дейді Жүсіп.

—Е, көзіңе көрінсе, мені әуелі «атам» деп жанымды көзіме көрсеткенсің! Ал, Жүсіп, осы төбенің етегінде менің елім бар. Соған сен барып әкемнен сүйінші сұра. Менің мұндай халге жеткенім—соғыста қолымнан, аяғымнан айрылдым, мені Құдай осындай халге жеткізді. Сен әкеме барғанда қанша мал берем десе де алма, тек кішкентай қызыл сандық бар, соны алам де,—дейді. Осы сөз бойынша барған Жүсіп құстың айтқанын айтады. Әкесі сонда: «Жан дегенде жалғыз баламнан аяғанымды ит жесін»,—дейді де, сандықты береді, бірақ: «Сен бұл сандықты ашпа, ашсаң, көп қиындық көресің»,—дейді. Қырық күн ойын, отыз күн тойын жасағаннан кейін карақұстың әкесі қырық уәзірін ертіп, Жүсіпті еліне аттандырыпты. Жүсіп бір аралға келгенде: «Осы сандықта не бар дейсің»,—деп ашып келіп қалса, сол бойда бірдеме жалт ете түседі де, Жүсіптің үстіне алтын мұнара тігіле қалады. Қырық уәзір қырық, жерден «жүр-жүрлеп» айқайлапты. Жүсіп жүре алмайды. Жүре алмай, жылап отырған Жүсіптің қасына бір мыстан кемпір келіп: «Үйіңе барғанда үйіңде сен танымайтын бір бала бар, соны осы аралға әкеп тастап кет»,—деп бұйырады.—Жарайды. Әйтеуір, осы үйді қайтадан сандыққа салып бер,—деп жалынады Жүсіп. Мыстан келісіп, үйді сандыққа салып береді.

Көп кешікпей Жүсіп үйіне келеді. Үйінде өзі кеткеннен кейін туған баласы бар екен. Баласының аты Серік екен. Жүсіп сол Серікті әлгі аралға тастап кет деп, қырық уәзірге қосып жібереді. Қырық уәзір жолда аралға тастап кеткеннен кейін Серік жылап отырса, мыстан келіп: «Балам, жылама! Судың ортасына барып бойлап қолыңды серме, сонда қолыңа есіктің тұтқасы ілінер, сол есікті аш та жүгіре бер. Алдыңнан тағы бір есік шығар. Сол есікті ашсаң алдыңнан хан шығар, сол саған бір жұмыс тапсырар»,—дейді.

Мыстанның айтқанын Серік мүлтіксіз орындайды. Хан: «Бүгін тынық, ертең бір жұмыс тапсырамын»,—дейді. Ертеңіне Серікке ұшы-қиыры көрінбейтін бидайды «таң атқанша орып бер» деп бұйырады хан. Сол кезде ханның бес қызы бар екен, ең кішісі Серікпен жасты екен. Серік жылап отырса: «Сен неге жылайсың?»—дейді қыз. Серік қызға жайын айтады. Сонда қыз тұрып: «Ту, со да сөз бе екен, жүр, екеуіміз орып келейік»,—дейді. Қыз барады да бес бауға толтырып «ә» дегенше орып тастайды. Ертеңіне хан Серікті далаға ертіп шығады. Дала алай-дүлей жел екен, сол желге барып бес қап тарыны ұшырады да, «таң атқанша жина» деп, бұйырады. Серік қызға келеді, қыз екеуі тарыны лезде бес қапқа жинап алып, аузын буып қояды. Енді хан «ат үйрет» дегенде Серік қуанып кетеді. Сонда қыз:—Ол тағы, саған үйрету қиынға түседі. Сен мына екі шоқпардың біреуін ал, үстіне мінгенде ат көкке ұшады. Сонда сен осы шоқпармен атты бастан ұр. Ол сенің ұрғаныңа қарамас, қолың талар, бірақ қолыңның талғанына қарама, ұра бер. Егер ұрмасаң, сол аттың үстінде өлесің,—дейді қыз. Серік қыздың айтқанын дәл орындайды. Серік ертеңіне хан ордасына келсе, ханның басы көкпеңбек болып ісіп кеткен екен. Бұған себеп—кешегі ат болып жүрген ханның өзі еді. Қызының Серікке көңіл қосқысы келетіндігін аңғарып, хан Серікке: «Енді бес ат келеді, соның ішінен таңдағаныңды ал»,—дейді. Таң ата бес ат келеді, төртеуі тұлпар, біреуі ақсақ тай. Серік ақсақ тайға жабысады. Хан тұрып: «Төрт тұлпардың біреуін алмай тұрып, ақсақ тайды неге аласың?»—дегенде, Серік: «Өзім жаман адаммын, маған жаман ат жарайды»,—деп жауап қайтарады. Енді бес қызын хан жерге көмеді де: «Осы қыздардан сүйген қызыңды тауып ал»,—дейді. Серік іздеп-іздеп бір жерді қазса, өзінің сүйген қызы Гүлбаршын шығады. Бұл баяғы өзіне көмектесетін ханның кіші қызы еді. Хан Серік пен Гүлбаршынды қосады. Гүлбаршын асқан сиқыршы болады.

Бір күні Серік елін ойлап қамығып отырғанда Гүлбаршын: «Неге қамығасың?»—дейді. Серік елін сағынғанын анық айтады. Қыз сонда:

—Жолға даярлану керек,—деп жол жабдығына кіріседі.

Бір күні кешке Гүлбаршын екеуі қашып кетеді. Кетерде Гүлбаршын шынашағын кеседі де, жататын жеріне бір, жуынатын жеріне бір, шығатын есікке бір тамшы қан тамызып кетеді. Таңертең хан қызметшілеріне: «Күйеу баланы шақырып кел!»—дейді. Қызметші келіп: «Жаңа киініп жатыр»,—дейді. Екінші рет «жуынып жатыр» дейді. Үшінші рет «келе жатыр» деп хабарлайды. Күте-күте келмеген соң ханның өзі келсе, манағы қызметшінің көріп жүргені Гүлбаршынның қаны екен. Қызының қашып кеткенін білген соң, хан қырық уәзіріне қызын қудырады. Қырық уәзір Серікке жақындай бергенде, Гүлбаршын—қызғалдақ, екі ат—қой, Серік—қойшы болып қалады. Қырық уәзір қайта қуғанда, Гүлбаршын—ай, екі ат—мола. Серік—молда бола қалады. Уәзірлер қашқан қыз бен күйеуді ұстай алмай қайтып келеді. Келіп көргендерін ханға айтады. Хан енді өзі іздеп шығады. Хан Серікке жақындайды. Сонда, Серік—қасқыр, Гүлбаршын—балық, аттар—су бола қалады, хан келіп суды іше бергенде, қасқыр келіп ұрттан алады. Хан сол кезде қырық уәзіріне: «Қой, бұл қыз бір жарылған жұмыртқа болар»,—деп үйіне қайтады. Серік пен Гүлбаршын, сөйтіп, өзінің дегеніне жетеді.

3. Алтын құс пен сұр қасқыр

Бұрынғы заманда болған бір патша. Ол патшаның үш ұлы һәм бір жүдә үлкен бақшасы бар екен. Сондай бақша мақтауға келетін еді. Мұндай бақша ол заманда дүние жүзінде болмаған. Егер бұл бақшаға қайғылы ма, ауру ма кісі кірсе, қайғылы кісінің қайғысы кетіп, ауру кісі ауруынан саламат болып шығатын еді. Бұл бақшада дүние жүзіндегі неше түрлі жемістер бар еді. Патша бақшасындағы осы жеміс ағаштарының ішінен биік өскен бір алма ағашын жан-тәнімен жүдә жақсы көреді екен. Ол ағашта өскен бір алманың біреуі алтынға, біреуі күміске, яғни әртүрлі түске айналып тұрады екен. Бір заман бұл бақшаға иеленген бір алтын құс келген. Алтын құстың әрбір жүні алтын секілді жалт-жұлт етіп тұрған һәм көзі гауһар секілді ойнап тұрған. Бұл әр күні түнімен бұл патшаның бақшасына ұшып келіп қонады екен. Әлгі патшаның сүйікті алма ағашының әр түні бір алмасын шұқып, басқасын қиып түсіріп кетеді екен. Күндерде бір күн патша бақшасына шықса керек. Алма ағашынан алмасын қараса, алтын секілді жақсы алмасы жүдә аз қалған. Патша бұл істі көріп қапа болған, қайғыра бастаған. Бір күні патша өзінің үш ұлын шақырып айтқан.

—Әй, әзиз ұлдарым, қайсыңыздың қолыңнан келеді екен, бақшаға келіп жүретін алтын құсты маған тірілей ұстап беруге. Қайсыңыз ұстасаңыз өз өмірімде жарты патшалығымды беремін һәм өлген уақытымда барлық патшалығымды өсиет айтып қалдырамын,— деген. Осы сөзді патшадан ұлдары есітіп: «Қайғырмаңыз, не қылсақ та ұстармыз»,—деген.

Бұлар кезек қарауыл тұра бастайды. Әуелі үлкен ұлы бақшаға барып, түнде қарауыл тұрған. Әлгі алма ағаш түбінде отырды. Патша ұлы ұйықтап кеткен. Сол арада алтын құс келіп алмаларын қиып, бір алмасын алып кеткен. Патша ұлы оянып кеткен. Көрді, алмалар қиылған. Бір алмасы жоқ ертеңгісі. Патша тұрған, үлкен ұлын шақыртқан һәм сұраған, «Әй, сүйікті ұлым, әлгі құсты көрдің бе?» деген. Ұлы жауап берген нысап қылып айтқан: «Ей, ғазиз ата, көрмедім» деген. Екінші күні қарауылға екінші ұлы кеткен. Әлгі алма ағашы түбіне барып отырған. Біраздан соң тағы ұйықтап кеткен. Сол арада құс келіп алманы қиып, бір алмасын алып кеткен. Ертеңгісі патша ұлын шақыртқан. Үлкен ұлы секілді жауап берген. Үшінші ұлына кезек келіп, үшінші ұлы бақшаға барып алма ағашы түбінде еш ұйықтамаған, біраздан соң бақшаға от секілді жалт етіп жарық болған құс келіп қонған да алмаларды қия бастаған. Патшаның ұлы хайла қылып құйрығынан ұстаған. Бірақ ұстай алмай қалған. Алтын құс олай-бұлай етіп ұшып кеткен. Патша ұлының қолында қалған бір қауырсын. Патша тұрған, ұлын шақыртқан, ұлы әлгі қауырсынды алып барып атасына берген. Патша қайран қалып тіпті қуанған. Өйткені ол қауырсын қараңғы түнді күндізге айналдырған. Патша осы қауырсынды өзі отыратұғын үйге қойған «бұл қауырсын жоғалуға тиіс емес» деп. Мұнан соң алтын құс бақшаға тіпті келмеген. Көп уақыт өткен соң патша жанына ұлдарын шақырып айтқан: «Ей, менің сүйікті ұлдарым, не болса да сол алтын құсты тірілей ұстап әкелгеніңізге бұрынғы айтқан өсиетімді орнына келтіремін»,—дейді. Сол арада үлкен ұлы мен ортаншы ұлы інісіне жүдә ашуы келіп, не болса да бірге іздейміз деп кеңес етіп айтып қойған еді. Мұнан соң үлкен ұлы мен ортаншы ұлы атасынан рұқсат сұрап һәм қабыл дұғасын алып алтын құсты іздеп шығып кеткен. Ағалары шығып кеткен соң патшаның кіші ұлы атасына жалына бастады: «Ай, ата, мені де жібер іздеуге». Атасы айтқан: «Сүйікті ұлым, сен жас баласың, ұзақ жолға жүріп көрмегенсің, межелі жерге әлі ағаларың бармаған да болар»,—деген. Күн сайын, сағат сайын кіші ұлы атасынан өтініп тілеген: «Не болса да батаңызды беріп, рұқсат етіңіз»—деп. Ақыр патша кіші ұлын жібермесе болмайтын болды. Атасы көп қайыр дұға қылып, кіші ұлы бір атқа мініп жолға шығып кеткен. Бара-бара өзі де қай жаққа барғанын білмеген. Кетіп бара жатып ойлай бастаған: «Алыс па екен, жақын ба екен, биік пе екен, аласа ма екен?». Жүріп барып бір жерге жеткен. Ол бір жақсы сахара—жасыл шөпті, бұлақтар ағып тұрған. Ертеңіне тағы бір кеш жүрген, алдынан тақыр шөл кездескен. Біраз демін алған соң әлгі тақыр шөлден кеткен. Біраз барған соң бір биік ағашты көреді. Ағашқа жазылған жазу бар екен. Жазуды оқыпты. Ағашқа жазылған сөздер: «Осы ағаш жанында үш жол бар: оңға, солға, тура. Тура жолмен кетсе, ол кісі аш-жалаңаш болып, саламат қалады. Оң жақтағы жолға түссең, атты болса аты өліп, өзі саламат қалады. Ағаштан сол жаққа кетсе, ол кісі өліп, аты қалар»,—деп жазылған. Патшаның ұлының жүдә іші пысып, Құдайға тапсырып ағаштан оң жаққа қараған жолға түсіп жүріп кеткен. Патша ұлы ойлаған «атым өлсе, өзім қалсам мал табылар» деп бір күн жүрген, екі күн жүрген. Үшінші күн болғанда бұған бір жақтан келіп бір сұр қасқыр жолықты. Бұл сұр қасқыр тілге келіп айтты: «Ей, жас жігіт, сен әулиесің. Ағаштағы жазуды көргенсің. Онда жазған оң тарапқа кетсең атың басы жоғалады»,—деп, сол арада «патшада ат көп» деп бұл баланың атын бір шетке алып барып жей бастаған. Патшаның баласы атынан айрылған соң өзімен бірге туған-туысқанынан айрылған секілді шетке барып жылай бастаған. Біраздан соң жаяулап кетті. Бір күн, бір түн жүріп бала мүлде шаршады. Біраз демін алуға отырды. Сол арада артынан сұр қасқыр шауып келіп һәм оны қуып жетіп осы сөзді айтты: «Мен патша ұлы жайлау баруыңды қызғаныш етіп һәм атыңды мен жедім» деп. Сұр қасқыр бұл баладан сұрай бастады: «Әй, патшаның ұлы, сен не жұмыспен жүрсің, жұмысыңды маған айт?»—дейді. Патша ұлы жұмысының бәрін сұр қасқырға айтады. Сұр қасқыр: «Менің үстіме мін»,—дейді. Бала мінді, қасқыр жүгіріп кетті. Сонда шапшаң жүруі соншалық шапшаң ат болса да қасқыр артынан жетерлік емес. Бара-бара күн кеш болды. Күн кеш болған соң бұлар келіп бір тас жолға жетті. Ол тас жол шамасыз биік екен. Сұр қасқыр айтты: «Уақыт жетті, түс менің үстімнен. Осы тас жолға өрмелеп шық. Осы жолдан түскенсін бір бақша көрерсің. Сол бақшада бір алтын қапас ішінде болады алтын құс. Аларсың, бірақ қапасқа тиме. Егерде қапасқа тисең өлесің. Неге десең сол сәтте қарауылшыларға хабар тиіп ол бақшадан шығып кетуге болмайды. Сол сағатта сені ұстап алады»,—дейді. Патша ұлы жол бойымен өрмелеп шығып бақшаға кірді һәм алтын құсты көрді. Қапастан алып шыға бастағанда патша ұлына ой түсті. Өз-өзіне айтты: «Алтын қапассыз құсты алып жүру қиын болар»,—деп. Қайта барып алтын қапасты шешіп алам деп қапасты шеше бастағанда бақшаның іші шуға толып кетті. Қапасты байлаған жерде темір шыбықтың бір басы патшаның үйіне кірген екен. Ең басына үлкен қоңырау байлаған екен. Ол қоңыраудың сылдыраған даусымен қарауылшылар бұл жігітті келіп ұстайды. Алтын құстың иесі ол жердің патшасы Алматхан атты хан екен. Алмат патша жүдә ашушаң кісі екен. Бұл, патша баласына, бек қатты ашуланып: «Ұят емес пе саған осындай іс істеп жүруің. Өзің қандай адамсың. Қай патшаның еліненсің, атың кім?»,—дейді. Жігіт қорқып кетіп: «Мен Хикмет деген патшаның ұлымын. Менің атым Фәрмүч»,—дейді. Алмат жігіттен сұрайды: «Сен мұнда неге келдің?»,—дейді. Фәрмүч былай деп жауап береді: «Біздің патшамыздың бақшасын бір алтын құс иеленіп алған еді. Күн сайын түнде келіп бақшамыздағы алма ағашынан алма қиятын еді һәм бір алма алып кететін еді. Соның үшін оны ұстап әкелуге мені атам жіберді»,—дейді. Алмат патша айтты: «Ей, жас жігіт, өзің патша ұлы бола тұрып бұл іс саған керек емес еді»,—дейді. Жігіт айтады: «Егер осы алтын құсты ұстап әкелсем, атам орныма патша етіп қоямын деген. Соның үшін менің келгенім»,—деді.

Алмат айтты: «Сен ондай болса, жақсылықпен сұрасаң, бір ауыз сөз сөйлемей берер едім. Жақсы бола ма, сенің осы ісіңді бірнеше ағыламнама жаздырып әрбір жерге таратсам. Тек сенің жастығыңды ескеріп сені құтқарамын һәм көп мал беремін, маған сен бір қызмет көрсетсең. Ол қызмет—бәлен деген үшінші патша мемлекетінде бір алтын жалды ат бар, ол мемлекет осы шаһардан мың шақырым жерде, бір биік үлкен теңіз артында, егер сен маған сол алтын жалды атты тауып әкелсең, саған бір сөз айтпай осы алтын құсты жаным-тәніммен беремін. Егер осы қызметті қылмасаң қарақ атыңды бүкіл дүнияға таратамын»,—дейді. Бұл жігіт Алмат патшаға атты тауып келмекші болып бас иіп шығып кетеді. Қасқыр жанына келген жігіт, сұр қасқырға басынан өткен істерінің бәрін сөйлеп береді.

Қасқыр айтты: «Әй, жігіт, менің айтқанымды неге тыңдамадың. Неге алдың алтын қапасты»,—дейді. Патша ұлы қасқырға: «Сенің алдыңда айыптымын»,—дейді. Қасқыр айтады: «Қайыр, Құдайдың ісі шығар, енді сен менің үстіме мін, қайда барсаң мен сені сонда алып барамын»,—дейді. Патша ұлы қасқырдың желкесіне мінеді. Сұр қасқыр атқан оқ секілді шабады. Бір заманнан соң патша айтқан мемлекетке де түнде барып жеткен. Нақ түн ортасында ақ тастан істеген албардың қасына келеді. Қасқыр жігітке: «Бар, тез осы албарға кір, қазір қарауылшылар ұйықтаған соң атты, яғни, алтын жалды атты алып шық. Бірақ дуалда алтын жүген болар, оған тиме, егер тисең өлесің»,—дейді. Патша ұлы албарға кіреді. Атты алды. Сол арада жігіттің көзі дуалдағы алтын жүгенге түсті, жігіт жүгенге жүдә қызықты. Алғысы келіп алғанда албар шу-шу ете қалып қарауылшылар оянып, албарға кіріп, патша ұлын ұстап патшаның алдына кіргізді. Патша жігіттен сұрай бастайды: «Қай елденсің һәм қандай адамның ұлысың», – дейді. Патша ұлы қандай кісі ұлы екенін бәрін айтты. Патша жігітке: «Саған мұндай іс істеу жарай ма, өзің бір патшаның ұлы екенсің қайыр, бұл күнәңді кешемін, маған бір қызмет істесең. Қызмет—сол бір мемлекетте бір патша бар, оның бір сұлу қызы бар, неше жылдар мен жаушы жібердім, ғашық болдым, қызын маған берсін деп, ол маған қызын бермеді, егер сол қызды әкеліп берсең барлық күнәңді кешемін. Егер әкелмесең қарақтығыңды әр мемлекетке жазу жазып таратамын һәм қарақтығыңды әрбір кісі біліп мазақ қылар. Егер осы істі орнына келтірсең алтын жалды атты, алтын жүгенді өз ықтиярыммен саған беремін. Егер сіз бастан жақсылықпен сұрасаң жақсы деп бір ауыз сөз айтпай беруші едім»,—дейді. Патша ұлы көп заман ойлап тұрды да сонан соң уәде беріп, қызды білмек болып жылай-жылай сұр қасқырдың жанына келді. Бастан-аяқ қасқырға жай-күйін айтады. Қасқыр айтты: «Неге айтқан сөзді тыңдамадың, неге тидің ол алтын жүгенге»,—дейді. Жігіт: «Айып менде, Құдай солай мені бастады»,—дейді. Қасқыр айтты: «Жарайды, болары болды енді. Жүр, менің үстіме мін, қайда болса да мен сені сонда алып барамын»,—деді. Қасқыр жүдә қатты шапқан, сөйлеуге хал жоқ. Біраз уақыт өткен соң әлгі қыз атасының еліне барып жетті. Шаһары алтын ришаткамен айналдырған, ішінде бақша. Сұр қасқыр жігітке: «Түс үстімнен һәм Аллаға тапсырып бар. Біз келген жолмен қайтып жол үстіндегі емен ағаш түбінде мені күтіп тұр»,—дейді. Патша ұлы қасқыр айтқандай барып емен түбінде күтіп тұрады. Сұр қасқыр алтын ришатканың жанына барып бұғып тұрады.

Патша қызы бақшаға шыққан. Күн батқан соң өзінің бірге жүретін қыздарымен патша қызы жүре-жүре сұр қасқыр жанына бірақ келген. Сол арада сұр қасқыр ришатка үстінен секіріп түсіп, патша қызын көтеріп алып желкесіне салып, секіріп шықты да шауып кетті. Жүдә қатты шабумен біраз уақыттан соң өзі айтқан жасыл емен түбіне келіп жетті. Патша ұлын да қызбен бірге арқасына мінгізіп алды.

Олар кете берсін. Енді біз патша қызы жүрген бақшаға келейік. Қасқыр патша қызын алып шығып кеткен соң, жанында бірге жүрген қыздар патшаға кіріп айтты. Патша бұл сөзді естіген соң жүйрік атпен қасқыр артынан қуарға шықты. Бірақ қасқыр артынан жете алмады. Енді сұр қасқыр үстіндегі патша қызы мен патша ұлына келейік. Мұнда қызға жігіт ғашық болады, қыз жігітке ғашық болады. Қызды олар алып кел деген патшаға жақындайды. Жігіт қайғыра бастады һәм қызды патшаға бергісі келмей жігіттің көзінен жастары домалап-домалап түсе бастады. Жігіттің мұндай болғанын сұр қасқыр көріп жігітке: «Неге қайғырасың»,—дейді. Жігіт сұр қасқырға: «Әй, жан достым, сұр қасқыр, неге жыламайын, мен не қылам, тәнім, жаным, қаныммен бұл патша қызына ғашық болдым. Онан бір сәтке айрылып тұруға халім жоқ. Патшаға айтсам қызды бермейді. Басқадай халім жоқ, егер алтын жалды ат үшін бермесем менің уәдесіз атым һәр жаққа жайылады. Осы істер үшін жүдә қайғырам, қасқыр досым»,—деп жауап береді. Сұр қасқыр: «Ей, жігіт, мен саған көп қызмет еттім және ондай болса да бір қызмет көрсетейін. Мен қазір сол қыз болайын. Мені патша жанына алып барып һәм алтын жалды атты ал да алысқа кет. Мен біраз уақыт өткен соң патшадан далаға шығып жүруге сұрармын. Ол мені өзінің бағушы қыздарымен жіберер сол уақытта мен сенің жаныңда боламын»,—дейді. Осы сөздерді сұр қасқыр айтады да көз ашып-жұмғанша патша қызы болды. Тіпті айырарлық болмады. Жігіт әуелі қызға пәлен жерге барып тұр деп, қыз форымындағы қасқырды жетектеп патша жанына кіреді. Патша көрген соң жаны-тәнімен қуанғанған не қылуға білмейді. Шаттанып өтірік қыз болған қасқырды алады да һәм алтын жалды атты жігітке береді. Жігіт жүдә қуанып алтын жалды атқа мініп, өзі ғашық болған қыз жанына барып өз қасына міндіріп бірге кетеді. Патша жанында сұр қасқыр патша қызы болып бір күн тұрды, үш күн тұрды. Төртінші күн сұр қасқыр патшадан далаға шығып жүруге рұқсат сұрады. Патша: «Мен сені жүруге неге шығармайын, жаным, сенің үшін жаным құрбан болсын»,—деп өзінің қызметкер қыздарымен далаға шығуға рұқсат берді.

Әлгі жігіт пен шын патша қызы сұр қасқырды ұмытады. Сол арада жігіттің есіне жан досы сұр қасқыр түседі. «Менің жан досым сұр қасқыр қайда екен» дегенде сол арада олардың көзіне сұр қасқыр көрінді. Сұр қасқыр келіп амандасып хал-ахуал сұрап, жігіт пен қыз сұр қасқырға мінеді. Алтын жалды атты бұлар өздерімен бірге ертіп кетеді. «Алтын жалды атты алып кел» деген патшаға жетуге аз қалғанда бұлар бір жерге тоқтайды. Жігіт сұр қасқырға жалынады: «Сұр қасқырым, сен маған көп қызмет қылдың, рақмет, Алда разы болсын. Енді тағы бір қызмет қылсаң мұнан соң қызмет қоспас едім. Бұл алтын жалды атқа жүдә иелендім тіпті айрылғым келмейді»,—дейді. Сұр қасқыр «болады» деп, жерге аунап алтын жалды ат болады. Жігіт сұлу қызы мен алтын жалды атын қалдырып, өзі алтын жалды ат болған сұр қасқырды мініп патша жанына кіреді. Патша бұларды көріп қатты қуанып жүдә шат болады. Қарсы шығып жігіттің қолын сүйіп өзінің салтанатты үйіне алып кіреді. Жігіттің құрметіне жақсы зияпат береді. Жүдә жақсы құрметтеді. Түрлі-түрлі тағамдар, шараптар болды, зияпатында отырды біраздан соң жігіт өзінің еліне қайтатын уақыты болғанын патшаға ескертеді. Патша бұған «жарайды» деп, алтын құс пен алтын қапасты шаттанып беріп жібереді. Жігіт бұларды алып қаладан шығып кетті һәм өзінің сұлу қызының жанына барды. Екеуі алтын жалды атқа мініп һәм алтын құс пен алтын қапасты алып кетті. Бір күн өткен соң баяғы патша өзінің жалған алтын жалды атын ерттеп аңға шықпақшы болып қызметшілеріне ерттетеді. Патша мініп шығып кетті. Патша алтын жалды атты ұра бастаған еді. Ашуланып алтын жалды ат сұр қасқыр болды. Патшаны үстінен жығып түсірді. Өзі шауып кетті. Сұр қасқыр шауып отырып шын алтын жалдыға мініп кеткен жігіт пен шын патша қызы артынан жетті. Сұр қасқырға жігіт мініп, қыз алтын жалды атқа мінеді. Сөйтіп, бұлар солай етіп бара-бара алғашқыда сұр қасқыр жігіттің атын жеген жерге жетіп тоқтайды. Сұр қасқыр: «Мен саған шын ықыласыммен көп қызмет еттім. Осы орында сенің атыңды жедім, сол орынға жеткіздім. Енді менің үстімнен түс. Мін өзіңнің алтын жалды атыңа һәм қайда барсаң сонда бар. Хош-сау бол»,—дейді. Патша ұлы сұр қасқырмен жылап көрісіп айрылады. Бұлар өз жолымен бара-бара жүдә шаршаған. Күн жүдә ыссы болған. Өздерінің шаһарларына аз жер қалғанда тоғай жанына бір ағаш түбіне дем алмақ үшін жатады. Алтын жалды атты сол ағашқа байлап қойған. Алтын құсты алтын қапаспен өздерінің бас жағына қойып, өздері жұмсақ шөптің, үстіне жатқан. Сөйлесе сөйлесе бұлар ұйықтап кеткен. Сол уақытта бұл жігіттің екі ағасы алтын құсты іздеп кеткен жерлерінен бос қайтып келе жатыр екен. Інісі жатқан жерге келіп жеткен ағалары алтын құс пен алтын қапасты көріп қатты қызықты. Өзінің інісін өлтірмекші болып, бір ағасы қанжарын қынабынан шығарып інісін жарып тастады. Патша қызын оятып сұрай бастаған атың кім, қай жердің, қай патшаның, қай шаһардың деп одан аты-жөнін, қай жерден екендігін сұрады. Патша қызы өзінің ғашық болған жігітінің қанжармен жарылып қалғанын көріп жүдә қатты жылай бастады һәм айтады: «Мен сондай деген патшаның қызымын. Мені әкелген сіздің ініңіз. Оны ұйықтаған уақытта қайсыңыз өлтірдіңіз. Бұл батырлық емес қой. Егер сіздер оны ояу уақытында өлтірген болсаңыз, ол уақытта бір сөз болмас еді»,—дейді.

Екі ағасы қыздың сөзін керек те қылмайды. Алтын жалды ат, алтын құс, қызды—бәрін алып шаһарына келеді. Үлкен той қылып хан қызды үлкен баласына қоспақ болады. Қыз ханға: Арызым бар, соны айтқасын қосыңыз»,—дейді. Хан:

—Қандай арыз, айт,—дейді.

Қыз бастан-аяқ көргендерін баян қылады. Хан нанарын да, нанбасын да білмей сол арада дереу кіші баласының өлігіне кісі аттандырады. Кісілер барса, басында бір сұр қасқыр хан баласының жараларын жалап жазып, тірілтіп алып отыр екен. Келгендер жылап көріседі. Қасқырмен хош айтысады. Біреулері сүйінші сұрап ханға қайта шабады, Шаһарға келген соң әкесімен көрісіп, екі ағасын хан малға құл қылып қояды. Мына баласына хан сүйікті қызын қосып, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, өз орнына хан қойыпты.

4. Алтын топай

Өткен уақытта бір бай болыпты. Мұның перзент дегенде жалғыз ұлы болады. Бай бір күндері жылқыларын суаруға көлге келсе, көлдің ішінде бір қып-қызыл шикі өкпе жүзіп жүр екен. Байдың айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген өкпеден үркіп суға түспей қояды. Әлгі жерде бай жылқыларын иіріп құдыққа қанша айдаса да суға түсіре алмайды.

Сол арада бай құрығын қолына алып суда жүзіп жүрген өкпені түрткен екен, өкпе суға батып кетеді де әлден уақытта жалмауыз кемпір болып судан шыға келіп, байдың жағасынан ала кетеді. Сол арада байдың көзі алақандай боп қорқып кетеді. Бай жалмауыз кемпірге жалынады. «Ат басындай алтын берейін, қоя бер»,—дейді. Жалмауыз кемпір қоя бермейді. «Осы жылқылардың бәрін берейін, қоя бер»,—дейді. Кемпір қоя бермейді. Бай ақырында не берсе де кемпірден құтыла алмайтын болады. Бай: «Енді не берейін?»—дегенде кемпір айтады: «Жалғыз балаңды бер, сонда қоя берейін»,—деді. Жан—тәтті. Бай жалғыз баласын бермекші болады. Сонымен кемпір байды қоя береді. Кемпір айтады: «Балаңды қай жерде бересің?»,—дейді. Бай айтады: «Ертең жайлауға көшемін, сонда баламның алтын топайын қыстауға тастап кетейін, сен қыстауда сол топайдың жанында отырасың»,—дейді. Сонымен бай жалмауыз кемпірге уәдесін беріп, жылқыларын айдап кетіп қалады.

Ертеңінде бай қыстауынан жайлауына қарай көшеді. Жалғыз баласының алтын топайын ұмыттырып қыстауға тастап кетеді. Байдың елі тегіс жайлауға көшіп барады. Бір мезгілде жалғыз баласы алтын топайын жоқтайды. Әкесі сонда: «Әттеген-ай, көшемін деп асығып жүргенде ұмытып қыстауда қалған. Барып алып қайта ғой»,—дейді. Бала тайына мініп бармақшы болып, әкесінен сұрайды: «Ал, қандай тайға мініп барайын?»,—дейді. Сонда бай айтады: «Жылқыға бар да жүгеніңді сылдырлат, жүгеніңе қайсысы қараса, соны мін»,—дейді.

Бала жылқыларына барып, жүгенін сылдырлатқан екен, барлық жылқылардың ішінде бір қотыр тай ғана балаға қарайды. Бала сол қотыр тайды ұстайды да жүгендеп мініп қыстауға қарай тартады. Бір уақытта бала қотыр таймен қыстауға келеді. Жұртына келсе, топайдың жанында бір жалмауыз кемпір отыр екен. Бала кемпірге айтады: «Шеше, анау жатқан топайды алып берші?»,—дейді. Сонда кемпір айтады: «Шырағым, өзің түсіп ал, мен отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын»,—дейді. Сонда бала айтады: «Мен түссем, міне алмаймын, мінсем, түсе алмаймын»,—дейді. Үстіп біраз тұрады да бір мезгілде бала таймен сыдыртып барып алтын топайды ат үстінен ала қашады. Жалмауыз кемпір тұра қуады. Бала қашып келеді, кемпір қуып келеді. Бір кезде кемпір бір тісін жұлып алып атып жібергенде тайдың бір аяғын жұлып түседі. Тай үш аяғымен қаша береді. Кемпір тағы бір тісін жұлып алып жібергенде тағы бір аяғын жұлып түседі. Тай екі аяғымен қашады. Кемпір тағы бір тісін жұлып алып жібергенде үшінші аяғын жұлып түседі. Тай жалғыз аяғымен қаша береді. Кемпір бір аяқты тағы бір күрек тісімен жұлып түсіреді. Сол жерде бұлардың жолынан бір биік бәйтерек кез болады. Тайға тіл бітіп, балаға айтады: «Сен тез мына бәйтеректің басына шық, мен домалап қашайын»,—дейді. Айтқандай бала тайынан секіріп түсіп, бәйтеректің басына шығып кетеді. Тай домалап қашады. Сол арада кемпір бір тісін жұлып алып бәйтеректің түбін қазады. Кешке шейін қазады. Бір кезде бір қызыл түлкі келіп, кемпірге айтады: «Шеше, шаршаған шығарсың, мен қаза тұрайын, сен ұйықтап ал»,—дейді. Кемпір кетпенін түлкіге беріп, өзі ұйықтап жатады. Түлкі кетпенін суға лақтырып, өзі кетіп қалады. Кемпір оянса кетпен де жоқ, түлкі де жоқ. Кемпір тағы бір тісін суырып алып, кетпен қылып бәйтеректі қаза береді. Сонда бір уақытта тағы бір түлкі келіп: «Шеше, кетпеніңді маған бер, сен шаршаған шығарсың, мен қазайын»,—дейді. Сонда жалмауыз кемпір айтады: «Сен тағы да кетпенімді алып қашып кетерсің»,—дейді. Түлкі айтады: «Ол қырдың қызыл түлкісі, мен ойдың ақ түлкісімін. Баяғыда бұл баланың әкесі мені аң аулап жүргенде қуып соға жаздаған. Сондықтан бұл балада менің кегім бар»,—дейді. Жалмауыз кемпір түлкінің сөзіне иланып, тағы да кетпенін түлкіге беріп, өзі ұйқыға кіріседі. Түлкі тағы да кетпенді суға лақтырып жібереді де, өзі қашып кетеді. Кемпір тұрса, кетпен де жоқ, түлкі де жоқ. «Ойбай-ай, алданған екенмін ғой»,—деп тағы бір тісін суырып, кетпен қылып, бәйтеректің түбін қаза береді. Кемпір аузын ашса бір-ақ тісі қалыпты. Кемпір бәйтеректің түбін қаза-қаза құлатуға жақындатады. Бір мезгілде баланың төбесінен бір топ қарға өтеді. Бала қарғаларға айтады: «Ау, қарғалар, қанатымен жарылқар! Жайлаудағы бес төбетке хабар айта кет, мені жалмауыз кемпірден арашалап алып қалсын»,—дейді. Сонда қарғалар қарқ етіп ұшып кетеді. Бір мезгілде үйректер төбеден ұшып өтеді. Оған да айтады, олар да үндемей кетеді. Бір мезгілде бір қарлығаш бәйтеректің төбесінен ары-бері ұшып жүреді де баланың төбесіне келіп қонады. Бала қарлығашқа жылап тұрып тапсырады. Бұрын қыстаудағы ұя салған қарлығаштың балаларына тимей жақсылап өсіріп, ұшырып жібереді екен. Сондықтан қарлығашпен дос еді. Сонымен қарлығаш баланың төбеттеріне тапсырған сәлемін айтып барады. «Осындай пәлен жерде бәйтеректің басында бала тұр. Түбін жалмауыз кемпір қазып жақындатқан, енді құлайын деп тұр»,—деп. Қарлығаш төбеттеріне айтады. Мұны естіген соң төбеттер лезде бәйтерекке келеді. Төбеттер де келеді, бәйтерек те жерге құлайды. Төбеттер келісімен жалмауыз кемпір­дің қолын—қол, бұтын—бұт қылып, жүнін шығарып өлтіреді. Бала төбеттеріне кезек-кезек мініп, еліне аман-есен жетеді. Баланың жалмауыздан аман қалып келгеніне әке-шешесі қатты қуанып, ел-жұртын жиып, үлкен той қылады.

Сонымен, бірнеше күндер өткеннен кейін баяғы жалмауыз кемпірдің қызы құлаған бәйтеректің жанына келеді. Келсе, шешесінің жүн-жүні шығып өліп қалған. Кім өлтіргенін білу үшін, сол жерді қарап жүрсе, иттің басып кеткен ізі көрінеді. Сонан қыз иттердің ізіне түсіп, келе жатып көп жылқыға кез болады. Ауылдың жақын екенін біліп келе жатады. Иттердің ізі тұп-тура байдың ауылына барады. Бұл кезде қотанға баяғы жалмауыз кемпірдің келгенін біліп, бес төбеті жалма-жан жалмауыз қызға ұмтылады. Қыз кемпірдей емес, өте күшті. Бес төбетке бой бермейді. Сол арада бала садақпен атып, қыздың бір көзін ағызады. Садақпен екінші атқанда қызды өлтіреді. Сүйтіп, бала жалмауыз кемпірден аман-есен құтылып, өскеннен соң мықты батыр болып өткен екен.

5. Алтын сақа

Өткен заманда бір бай болыпты, ол бір перзентке зар болыпты, етек жеңін сыдырып, әулие қоймай қыдырып, бір бала сұрап алыпты. Бай бір күні жылқысын суаруға көлге құлатса, көлдің ішінде бір қып-қызыл өкпе жүзіп жүр екен. Байдың айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген өкпеден үркіп, суға жуымайды. Әлгі жерде бай жылқыларын иіріп, құрықтап қанша айдаса да, суға жаба алмайды.

Сол кезде бай тұрып судағы жүзіп жүрген өкпені құрықпен тартып кетеді. Өкпе суға батып кетеді де, әлдене уақыттан соң жалмауыз кемпір болып судан шығады да, байдың жағасынан ала кетеді. Байдың көзі алақандай болып, қорқып кетеді. Бай жалмауыз кемпірге:

—Ат басындай алтын берейін, қоя бер,—дейді.

Жалмауыз кемпір жібермейді.

—Осы жылқыларымның бәрін берейін, қоя бер,—дейді.

Кемпір тілге көнбейді.

Бай кемпірден сасып:

—Енді не берейін?—дегенде. Кемпір:

—Жалғыз балаңды бер, жіберейін,—дейді. Бай жалғыз баласын бермек болады, кемпір байды қоя береді. Кемпір байға:

—Балаңды қай жерде бересің?—дейді. Сонда бай:

—Ертең көшемін, сонда баламның алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, сен жұртта сол сақаның жанында отырасың,—дейді.

Сонымен бай жалмауыз кемпірге уәдесін беріп, жылқыларын айдап кетіп қалады.

Ертеңінде көшеді, жалғыз баласының алтын асығын ұмыттырып жұртқа тастап кетеді. Ауыл жаңа қонысқа көшіп барады. Ойнайын десе асық, сақасы жоқ, бала алтын сақасын жоқтап, жылайды.

Сонда әкесі:

—Кеше көшіп жүргенде жұртта қалыпты. Барып алып келе ғой,—дейді.

Бала бармақшы болады да, әкесінен:

—Әке, қандай тайға мініп барайын?—деп сұрайды.

—Жылқышыдан сұрап мін,—дейді бай.

Жылқышы балаға:

—Құрығынды құлдыратып, жүгенінді сылдыратып, жылқыға бар. Қай тай бетіңе қараса, соны мін,—дейді.

Бала құрығын құлдыратып, жүгенін сылдыратып, жылқыға келсе, шеттегі бір қотыр тай балаға қарай қалады. Бала сол қотыр тайды ұстайды да, жүгендейді. Жүгендегенде тайдың қотыры жазылады. Үстіне тоқым салғанда, құнан болады. Үстіне ер салғанда, дөнен болады. Айылын тартқанда, бесті ат болады. Бала қуанып үстіне қарғып мінгенде, тұлпар болып, көзді ашып-жұмғанша жұртқа жетіп келеді. Жұртқа келсе, алтын сақасы ошақ басындағы тезек түбінде жатыр екен. Сақа жанында бір кемпір отыр екен. Бала кемпірге:

—Шеше, анау жатқан сақамды алып берші!—дейді. Сонда кемпір:

—Шырағым, өзің түсіп ал, өте кәрімін. Отырсам, тұра алмаймын, тұрсам, отыра алмаймын,—дейді.

Сонда бала:

—Мен өте жаспын, түссем, міне алмаймын, мінсем, түсе алмаймын,—дейді.

Сонда баланың тайы сақаның жанына жата қалады. Бала үзеңгіден аяғын суырмай, сақаны іліп алады. Тай тұра қашады. Жалмауыз кемпір тұра қуады. Бала қашып келеді. Әрі-бері қуып жете алмайтын болған соң, кемпір бір тісін жұлып алып, атып жібергенде тайдың бір аяғын жұлып түсіреді. Тай үш аяғымен қашып, жеткізбейді. Кемпір тағы бір тісін жұлып лақтырғанда, тайдың тағы бір аяғы жұлынып түседі. Тай екі аяғымен шауып бара жатып, жолында бір бәйтерекке кез болады. Тай шаршайын дейді. Терек жанына бара бергенде, бала тайынан секіріп түсіп, бәйтеректің басына шығып кетеді. Жалмауыз кемпір тағы бір тісін жұлып алып, бәйтеректің түбін қазады, кешке дейін қазады.

Бір кезде бір қызыл түлкі келеді де, кемпірге:

—Шеше, шаршаған екенсің, мен қаза тұрайын, сен ұйықтап демал,—дейді.

Кемпір тісін кемпірге беріп, өзі ұйықтап жатады. Түлкі тісті суға атады да, қазған шұқырды қайта бітеп, өзі кетіп қалады. Кемпір тұра келсе, тісі де жоқ, түлкі де жоқ. Кемпір тағы бір тісін суырып алып, кетпен қылып, бәйтеректі қаза береді.

Бір уақытта тағы да бір түлкі келіп:

—Шеше, кетпеніңді маған бере тұр, сен шаршаған шығарсың, мен қазайын,—дейді.

Сонда жалмауыз кемпір:

—Сен тағы да кетпенімді алып қашып кетерсің,—дейді.

Сонда түлкі:

—Ол қырдың қызыл түлкісі, мен сайдың ақ түлкісімін. Баяғыда бұл баланың әкесі аң аулап жүргенде мені қуып, соға жаздаған болатын. Сондықтан бұл балада менің кегім бар,—дейді.

Жалмауыз кемпір түлкінің сөзіне сеніп, тағы да кетпенді түлкіге беріп, өзі ұйқыға кіріседі. Түлкі тағы да кетпенін суға лақтырып жібереді де, шұқырды бітеп, өзі қашып кетеді. Кемпір тұрса, тағы да кетпені де жоқ, түлкі де жоқ. «Алда, ойбай-ай, алдаған екен ғой» деп, тағы да бір тісін суырып кетпен қылып, бәйтеректің түбін қаза береді. Сонда кемпір аузын ашса, бір-ақ тісі қалыпты. Кемпір бәйтеректің түбін қаза-қаза құлатуға жақындайды.

Бір заманда баланың төбесінен бір топ қарға өтеді. Бала қарғаға:

—Ау, қарғалар, қарғалар, қанатымен жорғалар. Жайлаудағы бес төбетіме хабар айта кет, мені жалмауыз кемпірден арашалап алсын,—дейді.

Сонда қарғалар «қарқ-қарқ» етіп ұшып кетеді. Бір мезгілде үйректер төбеден ұшып өтеді, бала оларға да айтады. Олар да үндемей ұшып кете береді. Бір мезгілде бір қарлығаш бәйтеректің төбесінен әрлі-берлі ұшып жүреді де, баланың төбесіне келіп қонады. Бала қарлығашқа жылап тұрып, тапсырады. Бұрын қыстауындағы ұя салған қарлығаштың балапандарына тимей, бұларды жақсылап өсіріп, ұшырып жібереді екен. Сондықтан бала қарлығашпен дос екен. Сонымен, қарлығаш баланың төбеттеріне тапсырғанын айтып барады. «Осындай пәлен жердегі бәйтеректің басында бала тұр, бәйтеректің түбін жалмауыз кемпір қазып жақындатқан, енді құлатуға таяу тұр»,—дейді қарлығаш баланың төбеттеріне.

Мұны естіген соң төбеттер шапқаннан шауып отырып, бәйтерекке келеді. Сол кезде бәйтерек те жерге құлайды.

Баланың төбеттері, жалмауыз кемпірдің қолын қол, бұтын бұт қылып, жүн-жүнін шығарып, талап өлтіреді. Бала бес төбеттеріне кезек-кезек мініп, еліне аман-сау жетеді. Бала жалмауыздан аман-сау құтылып келгеніне әке-шешесіне қатты қуанып, ел-жұртын жиып, үлкен той қылады.

Сонымен неше күндер өткен соң, баяғы жалмауыз кемпірдің қызы құлаған бәйтеректің жанына келеді. Келсе, шешесі жүн-жүні шығып, өліп қалған. Кім өлтіргенін білу үшін сол жерде қарап жүрсе, иттердің ізі көрінеді. Мұнан соң қыз иттердің ізіне түсіп келе жатса, көп жылқыға кез болады. Енді ауыл жақын екенін біліп, келе жатады. Иттердің ізі тұп-тура байдың қотанына алып барады. Бұл кезде қотанға баяғы жалмауыз кемпірдің қызының келгенін біліп, бес төбет жалма-жан тұра ұмтылады, қыз кемпірдей емес, өте күшті екен, бес төбетке бой бермейді. Сол арада бала, садақпен атып, қыздың көзін шығарады, садақпен екінші атқанда қызды өлтіреді. Сөйтіп, жалмауыздан мәңгі құтылады.

6. Алтын сақа

Ертеде бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты. Жалғыз-ақ бір балаға зар болыпты. Сүйтіп жүргенде қатыны жүкті болады. Бір күні жылқыларын суарайын деп суға айдап барса, бір шикі өкпе судың бетінде қалқып су ішкізбейді. Бай өкпені құрықтың көтімен бір салады. Сол кезде өкпе жалмауыз кемпір болып байдың жағасынан алады. «Сені мен жалмап қоямын» дейді. Бай жалынады. «Барлық малымды ал, сұрағаныңды берейін, мені босат» дейді. Кемпір: «Қатыныңның ішіндегі баланы туған соң маған бер» дейді. Бай амалсыз бермек болады. Сосын кемпір босатып «кезінде келемін» деп жүре береді. Бір күні байдың қатыны босанады. Ай десе айдай, күн десе күндей бір ұл табады. Біраз жыл өтеді, бала он жасқа келіп қалады. Бір күні бай жылқысын суға апарады. Кемпір байды ұстап алып: «Сен неге алдадың, балаңды қашан бересің?»—дейді. Бай: «Берейін, қашан аласың?»—дейді.—«Ертең көшемін, сонда баламның алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, балам сақасын іздеп келер. Сонда өзің ұстап ал»,—дейді. Кемпір «жарайды» деп кетеді. Бай ертесінде көшіп кетеді. Көшіп барғаннан кейін бала сақасын іздеп әкесіне келеді. Әкесі «жұртта қалған шығар» дейді. Бала тұрып: «Мен барып сақамды алып келемін»,—деді. Әкесі айтады: «Жүген алып жылқы ішіне бар, жүгенді сылдырлат, қай бетіңе қараған атты ұстап мін»,—дейді. Жылқыға барады. Жүген сылдырлатады. Сосын бір қотыр ала тай қарайды. Сосын қотыр ала тайды ұстап жүген салды. Алатай жүген салғанда құнан болады. Бала мініп жөнелгенде бесті тұлпар болады. Бала сақаны іздеп келе жатқанда атқа тіл бітіп сөйлейді:

—«Сенің әкең бір күні жылқы суарғанда жалмауыз кемпір ұстап, әкеңді өлтірмек болды. Әкең қорыққаннан жалмауыз кемпірге сені бермек болған. Сонымен сені алдап сақаңды жұртқа тастап кетті. Барғанда жұртта бір кемпір отырар. Ол «Тұрсам, отыра алмаймын, отырсам, тұра алмаймын» дер. Сонда сен сақаны аттан түсіп алушы болма, мен бетегеден биік, жусаннан аласа болайын, сен ала қаш»,—дейді. Бала «жарайды» деп жүріп кетеді. Жұртқа келсе, айтқандай бір кемпір отыр. Бала: «Шеше, алтын сақамды алып берші»,—дейді. Кемпір: «Шырағым, отырсам, тұра алмаймын, тұрсам, отыра алмаймын»,—дейді. Бала сөзін үш қайтара айтады. Кемпір де үш қайтара жауап береді. Сосын ат жусаннан аласа, бетегеден биік болып қалғанда жерде жатқан сақаны бала ала қашады. Кемпір тұра қуады. Кемпір: «Ұр аяғын, ұр!»—деп бір тісін суырып алып лақтырып жібереді. Тісі келіп баланың астындағы атының бір аяғын кесіп түсіреді. Ат үш аяғымен қашады. Кемпір тағы бір тісін лақтырып аттың тағы бір аяғын кесіп түседі. Тағы екі тісін жұлып лақтырады. Аттың төрт аяғы кесіледі. Сөйтіп, кеудесімен қашып бара жатқанда бір тайынша кез болып бала соған мініп қашады. Тайыншамен қашып келе жатқанда кемпір қуып жетеді. Жете бергенде тайынша кемпірдің бетіне тышқақтап қалады. Сосын Кемпір: «Бәлем, тұра-тұр, көлге бетімді жуып келейін»,—деп кетіп қалады. Бала тайышамен ұзап кетеді. Кемпір тағы қуып жете бергенде тайынша тағы тышқақтап қалады. Кемпір тағы қалып қояды. Боқты жуып тастап, қуа беріп бір жерге келгенде, тайыншаның ішіндегі боғы таусылып, бір бәйтеректің басына мінеді. Кемпір тағы келіп бәйтеректі тісімен қаза бастайды. Сонда бір түлкі келіп: «Шеше, шаршаған шығарсыз, мен қаза тұрайын»,—дейді. Кемпір ұйықтап кетеді. Түлкі қазған болып, кемпір ұйықтағанда тісті алып қашып кетеді. Кемпір оянса, түлкі жоқ. «Қап, бәлем, қылған екенсің!»—деп тағы бір тісін суырып алып қайта қазады. Сонымен, кемпір бәйтеректі құлатуға жақындатады. Сол мезгілде аспаннан бір қаз ұшады. Бала қазға жалынады. Қаз ұшып баланың еліне барып екі тазысына айтады. Екі тазы баланы іздеп шығады. Кемпір келе жатқан иттерді көріп балаға айтады: «Балам, анау не?»—дейді. Бала: «Ол байдың асау қысырақтары ғой»,—дейді. Кемпір тағы қазады. Әрбірден соң тағы сұрайды. Бала айтады: «Ол байдың тазылары ғой»,—дейді. Сосын кемпір біліп, өзі жан-жаққа қарап жанындағы бір апанға түсіп өледі. Баланың тазылары келіп: «Кемпір қайда?»—деп сұрайды. Бала: «Әне жерде!»—деп көрсетеді. Екі тазы кемпірді алып шығып, шайнап-шайнап өлтіреді. Сосын бала екі итті кезек-кезек мініп, үйіне аман-есен қайтады. Сүйтіп, мұратына жетеді.

7. Арзы саудагер

Бұрынғы уақытта Қырым қаласында Арзы деген атақты саудагер болыпты. Өзі сауда жасағанымен, қарауындағы жұмсайтын адамдар мен кедейлерге қайырымды болыпты. Соның үшін оны халық жақсы көріп, Арзы мырза деп атаған екен.

Кейіннен соның малын алып, жұмсап байыған адамдар Арзымен санаспай, оған қарсы байлық салыстырып, қарсы болғандар көп болыпты.

Себебі Арзының жалғыз баласы бар екен. Ол да жас болған. Осыны пайдаланып Арзының саудасын жасап жүрген сатушылар үш жыл бойына Арзыға зияннан басқа пайда бермепті. Арзының өзі керуен тартып сауда жасауға үйіндегі арғы-бергісін басқаратын адамы болмапты.

Содан кейін он екі жасар Махмуд деген жалғыз баласын шақырып алып: «Балам, мен болсам қартайдым және өзім кетсем, үйдің ішінде жұмысты тындыратын адам жоқ, сондықтан, балам, басқа адамдардың маған келтірген зиянын өзің-ақ келтір. Сөйтіп, жүріп үйренерсің. Өстіп жүргенде мен өліп қалсам, сен бәрінен де құр қаларсың»,—депті.

Әкесінің бұл сөзі баласының көкейіне қона кетеді.

—Әке, мені жіберетін болсаңыз, бірінші сапарда маған көп қазына бермей-ақ қойыңыз және қасыма өзіңізге сенімді адамнан бес адам қосыңыз,—депті баласы.

Арзы баласынан бұл сөзді есіткен соң қуанып, «балам қатарынан жаман болмас» деп, баласының жолға шығар тойын беріпті. Тоғыз түйеге зат артып, баласының қасына бес жігіт қосыпты. Арзы баласы жолға жүрейін деп жатқанда екі түрлі өсиет айтады:

—Жолда кетіп бара жатқанда, кеш болды деп, терең сайлы жерге қонба! Панасы бар екен деп, ескі қыстаулы жерге қонба! Себебі, ұры-қарақшы сондай жерлерді паналайды,—дейді.

Махмуд жолдастарымен бірге шығып, екі күн жүріп, үшінші күні кешке қарай бір қапталдың астында аты бар, белінде шолақ қылышы бар, орта жасқа келген бір адамға ұшырасыпты. Ол Махмудтан:

—Қай жерден шығып, қайсы қалаға барасыңдар?—деп сұрапты. Сонда Махмуд өздерінің Қырымнан шыққанын, енді алдындағы бара жатқан қаласының атын айтыпты. Махмуд кездескен үлкен кісінің сұрауына жауап беріп болған соң:

—Ата, өзіңіз қай жерден шығып, енді қайда барасыз?—деп сұрапты.

Сонда баяғы кез болған адам айтыпты.

—Біздің ауылымыз онша алыс емес, осы жерден түстік жерде, мен де сендер баратын қалаға барамын. Астымдағы мінген атым жарамсыз еді, сіздерге ілесіп жүруге бола ма?—депті.

Сонда Махмудтың қасындағы жолдастары бұл адамның бірге жүруіне қарсы болыпты. Себебі, Арзы баласын жібергенде бізге сеніп жіберген еді, бұл адамның қолында жаман болса да қару бар екен. Біз Арзыға пайда келтіреміз деп жүргенде, жалғыз баласы Махмудтан айрылармыз. Себебі, біздің нағыз сауда жасап бара жатқанымызды білсе, өзімізге дұшпаншылық етер,—деп қорқады.

Бірақ Махмуд жас та болса, әкесі Арзының адамдарға істейтін жақсылығын біледі екен. «Не де болса жол үстінде кездескен адамнан қашпа,—дейтін әкем.—Бірақ кездескен адамның досын, қасын айырмай тұрып, ол адамға сырыңды алдырма,—дейтін әкем.—Сол үшін қашан осы адамның өзінен жамандық шыққанша, өзімізбен бірдей болып жүре берсін»,—депті Махмуд.

Махмуд одан:

—Аға, жақсы болды, бізге де өзіңіз сияқты жол білетін адам керек еді. Жолдас болып бірге жүріңіз,—депті. Сол уақытта күн батып, намазшам болыпты. Астындағы аттары, түйелері шаршап, «қонайық» деп қараса, үлкен сайдың бойы екен. Махмуд әкесінің тапсыруы бойынша ол жерге қонғысы келмеді.

Сонда жолдан кез болған адам айтыпты: «Тәуекел, қона берейік, осы сайдан болатын пәлені мен көтерейін»,—депті. Мұны есіткен соң Махмуд та: «Үлкеннің тілін алған азбайды деген, қонсақ, қонайық!»,—депті.

Барлығы ұйықтаған уақытта, таңға жақын, ысқырған, желдетіп келе жатқан бір дыбыс жолдан қосылған адамның құлағына естіліпті. Орнынан тұрып қараса, бір айдаһар бұларды жұтайын деп келе жатыр екен. Сол кезде бұл адам қолына шолақ қылышын кесе ұстап, айдаһарға қарсы жүре беріпті. Айдаһар өзіне қарай тартқан уақытта, қарсы ұстаған қылышпен айдаһардың аузынан кіріп, құйрығына дейін тіліп, екі айырып өлтірген. Бұл істі Махмудқа да, оның қасындағы жолдастарына да сездірмей, айдаһарды ұзаққа апарып өртеп, күлін қалтаға салып алыпты. Содан кейін өз орнына қайта келіп жатыпты. Азанда аман-сау тұрып, жүргіншілер ас-суын ішіп, жүріп кетіпті. Кешке дейін жүріп, кеш болғанда бір ескі қыстаудың қасына келіпті. Қонуға қорқып тұрғанда, баяғы адам: «Тәуекел, қонайық»,—депті. Түн жарымы ауғанда бәрі де ұйықтап қалады.

Жолдан қосылған адам аңдып жатса, жаман қыстаудан ащы дауыс естіледі. Шолақ қылышын қолына алып дауыс шыққан жерге келсе, бір ескі үй тұр. Оның үш қабат есігі бар, екі есіктен өтіп, ең соңғы есікке келіп қараса, бір сұлу қыз бен жеті дәудің отырғанын көреді. Сұлу қызды қайсысы аларын білмей, таласып жатқан солардың дауыстары екен. Соны көріп шолақ қылышты адам есікті айқара ашып, қайта шығып, ең ақырғы тар есіктің босағасында жасырынып тұрыпты.

Көп ұзамай дәулердің ішіндегі ең үлкені:

—Адамзаттың иісі шығып барады, мен байқап келейін,—деп орнынан тұрады. Далаға шығу үшін екі есіктен өтіп, енді тар есікке еңкейе бергенде, жолаушы дәудің басын қағып алыпты. Осылайша біртіндеп қалған дәулерді де өлтіріп, үйге кірсе, бір сұлу жас қыз: «Менің де адам баласын көретін күнім бар екен ғой!»—деп жылап жіберіпті.

Жолаушы қыздан:

—Сен қалайша дәулердің қолына түстің?—деп сұрапты.

Сонда қыз:

—Мен Мерін қаласындағы ханның бас уәзірінің қызы едім. Атағымның шыға бастағанына тек алты ай болып еді. Осылар мені, міне, естіп, елімізге соғыс ашып, мені тартып алып осы жерге әкелгеніне үш күн болды,—депті.—Бірақ бұлардың әдеті бойынша біреуі меншіктеп алғанша тимейді екен, әзір жәбіршілік көргем жоқ. Үш күннен бері өзара таласумен болды. Енді сіз бұл жерден кетіңіз. Өлген мен өлейін. Жаңа бұлар адамзаттың иісі шықты деп сізді іздеп далада жүр. Сіз осылардан аман құтылсаңыз, менің еліме барып, мені көргеніңізді және менің сәлемімді айтыңыз, сізден өтінемін,—дейді қыз.

Сонда дәулерді өлтірген адам айтады:

—Қызым, енді сен қам жеме, мен сенің дұшпаның жеті дәуді өлтірдім. Сен енді осы отырған жеріңде отыра бер. Өзім қайтарда елге алып қайтармын, саған енді келетін пәле жоқ,—депті.

Қыз дәулердің өлігін көріп қуанып, бұл адамның келуін күтіп сол жерде қала беріпті. Махмудтың өзі де, қасындағы жолдастары да сайға қонған күнгі және жаман қыстауда қонған жердегі оқиғаны білмепті. Азанда аман-сау жүріп кетіпті.

Бірнеше күн жүрген соң елдің үстінен шығыпты. Келсе ол елдің адамдары тегіс бір қол, бір аяқтарынан айрылған екен. Мәнісін сұраса, бұл елдің адамдары баяғы сайға қонған жердің халқы екен. Сол жерде тұрғанда, сол сайдың бойында айына бір адам жеп тұратын айдаһар бар екен. Содан құтылу үшін осы жерге көшіп келіп орналасқан екен. Осында келгенсін халқы тегісінен бір қол, бір аяқтан айрылыпты.

Сонда жолдан қосылған адам олардан:

—Енді сендерді неменемен емдесе құтыласыңдар?—деп сұрапты.

Сонда бұлар айтыпты:

—Біздер дұрыс адам болу үшін бізді сол айдаһардың уыменен емдеген адам ғана бізді жаза алады,—дейді. Сосын Махмудтың қасындағы адам: «Сендерді осы аурудан жазған адамға не берер едіңдер?»—деп сұрайды.

Мұны естіген майып адамдар айтыпты:

—Бізді осы аурудан жазсаң, қолыңдағы тоғыз түйең көтергенше алтын және асыл гауһар берер едік,—дейді.

Махмуд «беремін» деген алтын мен гауһарға қызығып, жолдан косылған адамға қарап:

—Бұл адамның қолынан бұл ауруды жазу келмесе, сұрамас еді, шынында да бұл адам білімді адам болуы керек. Мен неше күн жолдас болып келіп, бұл адамның атын сұрамадым. Мүмкін, бұл адам осыларды жазып жіберсе, өзімнің жолға бірінші шыққан сапарымда олжалы болып қайтармын, не де болса осы адамның атын сұрайын,—деп ойлады.

—Ата, атыңыз кім?—деп сұрайды. Сонда ол кісі: «Атым Жолдас»,—деп жауап береді. Сонда Махмуд айтады:

—Ата, осы адамдардың ауруы қайткенде жазылады? Білмесеңіз сұрамаған болар едіңіз, халқының жай-жапсарын түгел сұрадыңыз. Бұлар да бізден жасырмастан бастарынан кешкендерін қалдырмай айтты. Соның үшін қолыңыздан келсе, халқын емдеңіз. Жақсыдан шарапат деген, сіздің арқаңызда бұл халық жазылып қалсын. Біз де тоғыз түйе қызыл алтын алып, бөлісейік!—деді.

Сол уақытта Жолдас айтты:

—Мен дүние үшін жүрген адам емеспін, осы жолға сен үшін жүріп келемін. Сондықтан осы халықты жеті күн емдеп жазамын. Бұлар қанша зат берсе де сенікі,—депті.

Сөйтіп, бірінші сайға қонған күні айдаһарды өлтіріп, қалтаға салып алған күлмен, ол бір қол, бір аяғы жоқтарды емдеп, барлық мүгедектерді жазады. Аурудан жазылған халық оларға уәделері бойынша тоғыз түйе мен мінген аттары көтергенше қызыл алтын беріпті.

Мұны көрген Махмуд та апарған затын аурудан жазылған адамдарға таратып береді. Махмудтың қасындағы жолдастары да қызыл алтыннан керегінше алады. Сол жерде жұмысын бітірген Махмуд екі апта дегенде еліне қайтады. Арада үш күн қонып, баяғы қыз жатқан ескі қыстауға келіп жетеді.

Сол күні Жолдас баяғы қызды отаудан алып келеді. Қыз сол уақытта он төрт жасар, өзі дүниедегі сұлудың бірі екен. Бұны көрген Махмуд та, оның басқа жолдастары да таң қалысып тістерінің суын сорып отыра берген.

Жолдас жоқ жерде өздері ойласыпты: «Бұл Жолдас ата, бізге бірінші олжаны берді, енді бұны бізге бермес және біз мұны да бізге бер десек, ұят болар»,—десіпті.

Таң атқан соң қызды алып, керуен еліне қарай жүреді. Кеш болғанда Махмудтың елінің шетіне жетеді. Соған дейін Жолдас Махмудқа ешқандай сыр бермепті. Бір уақыттары Жолдас қасына Махмудты шақырып алып оңашада былай депті:

—Сендердің елдеріңнен шыққандарыңа бір ай уақыт болыпты. Мен де сол бір айдан бері сендермен жолдас болып, бір табақтан ас ішіп келемін. Бірақ осы бүгінге дейін мен саған бір ауыз сыр, ақыл айтпадым. Енді көп ұзамай бір-бірден бөлек кететін боламыз. Махмуд балам, сен әлі жассың, өміріңнің ішінде бірінші рет жолға шығып қайттың. Сенің көргеніңнен көрмегенің әлі көп, дегенмен саған сырымды айтайын. Мен осы Қырым ханының атақты батыры болдым. Сөйтіп, жүріп ханның Алтын орда хандығынан әкелген Зейнеп деген кіші әйелімен көңіл қосып, оны Қырымнан басқа бір елге алып қаштым. Содан бері отыз үш жыл болды. Мені сенің әкең Арзы жақсы біледі. Енді саған айтарым—сенің әкең Арзы менің бірге туған екі туысыма көп жақсылық етті. Оларды байытты. Бірақ менің туыстарым сенің әкең Арзының ол жақсылықтарын білмеді. Сондықтан әкеңнің оларға істеген жақсылығын осы сапарда сен арқылы мен қайтарып отырмын. Енді өз еліңе келдің, мына қыз да, тоғыз түйе алтын да сенікі. Осының өзі сенің өміріңе, кісіге қайыр етуіңе де жетеді. Өзің енді ұзақ жолға шықпа. Мына қыз сенің адал жарың. Мен енді өз еліме кетемін. Сен бұл сырды өлгеніңше тісіңнен шығарма,—деп, Жолдас өз жөнімен жүре беріпті. Сол күні кеште Махмуд өз үйіне аман-сау келіп, ата-анасына қауышқан екен. Арзы да баласының бірінші шыққан сапарында тауып қайтқан олжасына қатты қуанған екен. Әкелген қызын Махмудқа некелеп, неше күн той жасап, алтын қабақ аттырады. Сол күннен бастап Махмуд сауда жасауды да, ұзақ жолға шығуды да қойыпты.

8. Жылан қабықты жігіт

Баяғыда бір кедей шал менен кемпір болған. Қолында мал дегеннен жалғыз есегі бар екен. Қалаға отын сатып күн көреді екен. Шал менен кемпірдің жасы алпысқа келгенше бір перзентке зар болып, күні-түні жылап жүргенде шалдың кемпірі жерік болыпты. Ол кемпір жерігенде айдаһардың құйрық жағындағы бір бөлек етіне жеріпті. Соны шалы іздеп жүрсе, бір үлкен, Қаратаудың етегінде бұрқыраған шаңды көріпті. Шал шаңға жақындаса, бір қара айдаһар мен бір сары айдаһар төбелесіп жатыр екен. Баяғы алыстан көрінген бұрқыраған шаң сол екі айдаһардың алысқан шаңы болып шықты. Көп ұзамай-ақ қара айдаһар сары айдаһарды өлтіріпті. Шал жасырынып тұрып қара айдаһар ұзап кеткесін өлген сары айдаһардың сан етінен кесіп алып үйіне келсе, кемпірі жерік асы табылмаған соң қатты ауырып жатыр екен. Шал келіп: «Ау, кемпір, сүйінші бер! Жерік асың табылды!»—депті. Аңсап жатқан кемпір орнынан ұшып тұрып, шалдың әкелген етінен шикілей екі рет аузы толғанша жепті. Жерігі қанып кемпір тоғыз ай, тоғыз күнде аман-есен босанған екен. Бірақ бала жыланға ұқсаған екен дейді. Кемпір-шал не де болса ішінен шыққан соң асырай беріпті. Қазақтағы «іштен шыққан шұбар жыланды беліңе үш орап таста» деген нақыл содан қалыпты. Бала тек жыландай иретіліп жатқаны болмаса, сөйлеген сөзі, ақылы адамнан айырмасы болмаған. Бір күні баласы әкесін қасына шақырып алып: «Әке, менің үйленетін уақытым болды. Маған осы елдің ханы Бабаханның жұрттан асқан сұлу қызы бар, соны әпер»,—дейді.

Әкесі айтады: «Ей, балам, мал дегенде жалғыз қолдағы отын сатып күн көріп отырған көк есектен басқа ешнәрсе жоқ. Өзі халықтың ханы, саған малсыз қызын бере ме?»—дейді. Баласы айтып қоймағансын, көп болса хан мені өлтірер, не де болса барайын деп келе жатса, шалдың алдынан ханның бір жендеті шығыпты. Жендет шалға: «Нағып жүрсің?»—депті. Сонда шал айтыпты: «Менің жалғыз балам бар еді. Сол маған Бабахан ханның қызын алып бермесең болмайды, басқа адамның қызын пері болса да алмаймын деп мазамды алған соң тәуекел деп, Бабаханға келе жатырмын»,—депті. Оған жендет айтады: «Сенің балаң жоқ еді, күні кеше есекпен отын сатып жүр едің. Ол бала саған қайдан пайда болды?»—депті де, тағы да: «Егер балаң бар болса, балаңның аты кім?»—дейді. Шал айтады: «Баламның аты Шаһимардан»,—деп жауап береді. Сонда жендет: «Бабаханға беретін малың жоқ. Ханға қызыңды бер десең, ол саған ашуланып басыңды алады ғой. Онан да басың аманында осы жерден тіке үйіңе қайт»,—деп ақыл береді. Шал не болса да көрейін деп, Бабаханның үйіне келеді. Шал ханменен амандасып болған соң, шалға хан: «Не жұмыспен жүрген адамсың?»—деген. Сонда шал айтады:

—Тақсыр, менің Шаһимардан деген жалғыз ұлым бар еді. Ол бала маған Бабахан ханның қызын алып бер деп мазамды алып, үйімде отырғызбады. Соған бола, тақсыр, сіздің алдыңызға келіп отырмын,—деді. Бұған ханның ашуы келіп, жендеттерді шақыртып: «Шалды өлтіріп, тең ортасынан екі бөліп, есегіне теңдеп үйіне қарай айдап жіберіңдер»,—деп әмір етті. Қасапшының итіндей жалаңдаған жендеттер шалды ортаға алып, буындырып өлтіріп, ортасынан екі бөліп, қапқа салып, есегіне теңдеп жіберіпті. Жем жеп үйренген есек басқа жаққа бұрылмастан өз үйіне келеді. Есек келсе, үстінде шал жоқ. Теңдеулі тұрған екі қапты көріпті. Сонда кемпірі: «Құдай маған кәрі шалды да көпсіндің бе?»—деп жылай беріпті.

Кемпірдің баласы: «Шеше, сен жылама, маған әкемнің өлігін әкеп бер»,—деген. Өлікті алдарына қойған соң, бала үш рет дем салса, әкей тіріледі. Таң атқан соң баласы: «Әке, сен Бабаханға қайта бар, ол саған білгенін істер, сен қорқушы болма»,—дейді. Шал баласының сөзін қимай ханға қайта барып, қызын тағы сұраған екен. Хан айтады: «Мына тамағын таппай жүрген шал меніменен әбден ойнады ғой!»—деп жендеттерін тағы шақырып, шалды майдалап он екі жілікке бөліп, есегіне арттырып жіберген. Баласы әкесінің сүйегін, етін қайта құрастырып тірілтіп алған. Үшінші рет тағы жіберген. Енді хан ашуланып айналып тұрған жел диірменнің арасына салып майдалатқан. «Бұл шалға, сірә, өлім жоқ шығар және бір көрейін»,—деп шалды еcегіне теңдеп жіберген. Баласы күндегі әдеті бойынша әкесін тағы тірілтіп, төртінші рет ханға жіберген. Енді хан қорқып: «Бұл шалдың баласы менің түбіме жететін бәле шығар, не де болса дымы жоқ адам ғой, қызымды бермейін демейін, бұл шалдан көп мал сұрайын», – деген ақылға келіпті барлық би-бек, уәзірлерімен ойласып.

Хан шалды алдына шақыртып, «Мен қашсам да, сен қоймадың неде болса қызымды сенің балаңа берейін. Бірақ менің қызымды анық алатын болсаң, менің қаламның үстінен көп жылқы айдап өтесің, сонда жылқының көптігінен қала көрінбей қалатын болса, қызымды беремін. Егер оны таба алмасаң, енді қайтып менің алдыма келме!» деген.

Шал үйіне келіп, баласына ханның айтқанын айтты. Онда баласы айтады: «Азанда менің ізіме еріп жүріп отыр. Екеуіміз бір жерге барамыз»,—депті. Бір жерге келгенсін баласы әкесіне өткір алмас қылыш беріпті. «Қазір біз бір іннің аузына барамыз, сол іннен ұзын қара жылан шығады, соны өзінен бұрын көріп басын қағып алмасаң, онда ол сені өлтіреді, одан соң дүнияға қайта келмейсің»,—дейді. Осыны айтып болып бала інге кіріп кетеді. Көптен кейін ұзын қара жылан іннен шығады. Андып тұрған шал жыланның басын шауып түсіреді. Содан кейін іннен қаптаған қалың жылқы шұбырып шығып, ханның қаласының үстін басады. Ханның әмірі бойынша жылқының көптігінен қала көрінбей қалады. Бұл істі көзі көрген хан қатты қорқып: «Бұл бала емес, пәле шығар, не болса да бұған қызымды беріп құтылмасам болмас»,—деп, хан еріксіз қызын шалдың баласына беретін болған.

Сөйтіп, он бес күннен кейін қызын беретін болады. Уәделі күн біткесін шал кемпірін алып, баласын ертіп, ханның ауылына құда түсе келіпті. «Күйеу келді деп, қыз-келіншектер алдынан шықса, аттың мойнына оралған сары жыланды көріп: «Ау, мынау кемпір-шалдың баласы қайда?»—депті. Бұл сөзді естіген хан да, оның әйелі де, қыз да қатты қорқады. Сөйтсе де ханға бұл пәледен құтылу өте қиын болған. Ханның жалғыз қызының күйеуі келеді деп, оңаша жерге алтындаған ақ отау тіктіріп қойған екен. Не де болса соған апарып күйеуді кіргізеді. Күйеу төсектің үстінде үйіндегі жатысындай домаланып жатпай, ұзынынан жатады. Кеш болғанда халықтың әдеті бойынша қызды күйеуге күйеулетіп қасына апарады да, өздері бұл жылан не қылар екен деп, сыртта жасырынып тұрады. Қыз үйге келсе де баланың қасына баруға қорқып, қасына жақын бармайды. Сонда жігіт айтады: «Сен менен қорықпа, қасыма келіп басымнан аяғыма дейін сипа»,—дейді. Қорқып тұрған қыз амалсыз жыланды басынан аяғына дейін сипайды. Сол уақытта жігіттің сыртындағы жылан қабығы сыпырылып түсіп, дүнияда жоқ, бір сұлу жігіт болып отырады. Қыз жігіттің сұлулығына қызығып кетіп, есі ауады, сонда жігіт қызға айтады: «Мынау жылан кабық—менің екінші жаным. Соны адамға сездірме және адамға көрсетпе, өзің де жоғалта көрме! Егер жоғалтып алсақ, мен саған жоқпын!»—дейді. Қыз жігіттің жылан қабығын орамалына орап, көйлегінің ішіне қолтығының астына тігіп қояды. Бірақ бұл сырды не істер екен деп, сырттан аңдып тұрған адамдар «ол не деп» қыздан сұраса, қыз не екенін айтпайды. Сонсын аңдып тұрған адамдар қыздан тартып алуға айналғанда жігіт қыздың қолтығының астындағы өзінің жылан қабығын қағып алып, қарлығаш болып ұшып, шаңыраққа қонып отырып, қызға айтады: «Енді саған мен жоқпын. Мені іздей қойсаң, басыңдағы қалпағың оймақтай, қолға ұстаған темір таяғың тебендей болғанда табасың»,—деп, қызға «көргенше, қош бол» деп, қарлығаш ұшып кетеді. Қыздың жігітке есі ауғаны сонша—үш күнге дейін ас-су ішпестен шаңыраққа қарауменен отырады. Мұны естіген Бабахан құдасы мен құдағиы шал-кемпірді шақыртып алып былай дейді: «Менің жалғыз қызым да, сенің жалғыз балаң да енді бізге жоқ екен. Менің басымнан хандық таятын болды. Сенің көзің өлгенше жылаумен өтетін болды. Бұл халық маған дұшпан екен. Енді қашан басымызға іс түскенше көре берейік, сендер де елдеріңе қайтыңдар»,—деген.

Шал үйіне қайтып кеткенсін, Бабахан ханның қызы Нұрсұлу әкесіне келіп: «Әке, енді мені басқа бір адамға беремін деген үміттен күдер үзіңіз. Енді менің қалған өмірім сол жылан қабықты жігіттің жолына құрбан болады. Сондықтан соны өлгенімше іздеуге ұлықсат етіңіз»,—депті. Сонда хан: «Не де болса үлкен істі өзің баста, бар, балам»,—деп күйеуді іздеуіне ұлықсат береді. Кетерінде Нұрсұлу туған елге, ата-анаға, жасынан көрген қызық дәуреніне қош айтып, басына қалпақ киіп, қолына темір таяқ алып жолға шығады. Екі ай жүріп, табаны тілініп, жүруге дәрмені болмай, зарығып келе жатып, бір үлкен бәйтеректің түбіне келіп, демалып отырып, зарланып өлең айтады:

Қызы едім Бабаханның Нұрсұлухан,

Еш қызық көре алмадым дүниядан.

Қарлығаш көз алдымнан болды ғайып,

Дерегін іздеп табам енді қайдан?!

Жаратқан, жас тілегі кетті қайда,

Ішімде кеткені ме шықпай арман.

«Шаһимардан» деді атын сұрағанда,

Кеткенше ізденермін дүниядан!

Жаныма жалғыз сәуле болар мекен,

Жолыңа безіп шықтым ата-анадан.

Іздесең, табасың деп берді ишарат,

Мен қаңғып қайдан табам айдаладан.

Осы өлеңді айтып, өзіне-өзі қуат беріп, аздап демалғансын бәйтеректің биік басына шығып қараса, айдалада көз ұшында тігулі тұрған жалғыз ақ отауды көріпті. «Не де болса осы отауға барып, ұшқан құс көрген жан бар ма екен, бір хабарын білейін»,—деп жүре беріпті. Отауға келсе, ішінде бір сұлу келіншек отыр екен. Ол келіншек қызды көріп орнынан ұшып тұрып, тас қылып құшақтап, қызға жылап көріседі. Содан кейін қыз айтады: «Нағып отырған жансың айдалада бір өзің?»—дейді. Келіншек айтады: «Мен Гүлстан патшасының қызы едім, атым Маржан еді. Менің атағымды дию патшасы естіп, өзінің бес дәуін жіберіп, олар менің әкемнің әскерін қиратып, мені тартып алып, осы жерге әкелгеніне биыл бес жыл болды. Содан бері адам баласын көрген емеспін. Соның үшін сені көргенде ел-жұртымды тегіс көргендей болып, мұңымды шағып жатқаным ғой»,—депті.

Сонда қыз да өзінің басынан өткен оқиғаны түгел айтып, енді сол сүйген жігітінің көз алдынан қарлығаш болып ұшып кеткенін айтып екеуі мұндасады. Сол уақытта келіншектің күйеуі Қарадәудің келетін уақыты жақындаған. Сосын келіншек айтады: «Менің күйеуімнің келетін уақыты болды. Сені мен жасырайын, мынау үлкен қазанның астына кір»,—деп қызды жасырады. Бір уақыттары бүркітін шаңқылдатып, тазысын ертіп келіп дәу үйіне түседі. Аттан түскен бойда Қарадәу келіншектен: «Бұл жерге адам келді ме, адамзаттың иісі шықты?»—деп сұрайды. Сонда келіншек байын сендіру үшін былай дейді: «Менің сеніменен өмірлік жолдас болғаныма биыл бес жыл болды. Сен үйден кетсең қашан қайтып келгенше шыдамым болмай, мен біресе далаға, біресе үйге кіріп кеземін де жүремін. Сен ойыңның бөлектігін білдіріп, менің иісімді басқа адамның иісі деп сенбейсің. Өйтетін болсаң, жалғыз сүйгенім де сен, көргенім де сен, олай десең, маған өмірдің керегі жоқ, өзімді өзім өлтіріп, бұл дүниядан күдер үземін»,—депті.

Мұны естіген Қарадәу Маржанды аяп: «Саған ойнап айтамын»,—деген. Сонда отырып, Маржан дәуден сұрайды: «Бұл жақта ұшқан құс, жүгірген аң болмай ма? Менің саған қосылып серік болғаныма бес жыл болды, содан бері даладан келсең көрдім, білдім деп еш нәрсе айтпайсың. Маған ең болмаса қарлығаш көрсең де айтып келсең, менің көңілім қош болып қалар еді»,—депті. Маржанның бұл сөзіне еліктеген Қарадәу айтады: «Осыдан төрт ай бұрын аң аулап жүрсем, бір қара қарлығаш Арқадан Құбылаға қарай ұшып бара жатыр екен. Соны саған атып әкеп берейін деп садақ тарттым, бірақ оғым жетпеді. Оны қуа бермедім»,—деген. Бұл сөзді есіткен Маржан: «Ол қарлығаштың қайда бара жатқаны, жақын жерде ел бар ма, болмаса көл бар ма? Ескіден келе жатқан адам бармайтын жер бар ма?»—деп сұрапты. Сонда дәу айтыпты: «Осы арадан үш күндік жерде ескіден келе жатқан бір Мертік деген қала бар еді, соны бір кезде осы дәу патшалығы ханын өлтіріп, халқын тоздырып жіберген екен. Содан кейін ол Мертік қаласы жын-шайтан, перілердің ордасына айналып кеткен. Ол қарлығаш сол жерге барып тоқтауы мүмкін. Болмаса, бұл маңайда одан басқа адам түгіл құс айналатын жер жоқ»,—деп дәу сөзін аяқтады. Мұны қазан астында жасырынып жатқан Нұрсұлу да естіп, жата берді. Сол жерде жатып Нұрсұлу: «Қайда әлсіз жан болса, қайдағы күшті жауыздардың тырнағының ұшында жүреді екен ғой. Әрбір мақұлықат әрбір жәндік және өсімдіктер өзінің негізіне тартпай қалмайды екен. Соның үшін мына дәудің өмірлік жолдасым деп алған Маржаны, асылы адам болғаны үшін, менің сөзімді сөйлеп менің жанған жүрегімді басқандай не сөз айтар деп, дәуді арбап, біраз сөздерді сұрады. Не де болса осыдан аман құтылып, іздеген өзімнің Шаһимарданымды табатын күн болса, осы Маржанды Қарадәуден құтқарып өз нәсіліне, адам баласына қосуға серт етер едім»,—деп ойлады. Сөйтіп, отырғанда дәу күндегі әдеті бойынша құсын қолына қондырып, тазысын ертіп, атына мініп аңға шығып кетеді. Дәу кеткен соң, Нұрсұлу да қазан астынан шығып, Маржанменен қоштасып жолға шығады. Дәудің айтқан шамасыменен осы жерден үш күндік жол деген Мертік қаласын іздейді. Сол жүріспен іздеп, Мертік қаласын төрт жылда зорға табады. Түн ішінде ескі бір қаланың үстінен түседі. Қаланы аралап жүрсе, ол қаладан қыбырлаған бір жан таба алмайды. Тек бір тартылған жақсы қобыздың үні естіледі. Сол үннің шыққан жағына қарай жүріп отырса, түн ортасы ауған уақта бір үлкен сарайдың ішінен жарық көрінеді. Соған келсе, ол сарай алтыннан салынған, ішіне гауһар мен жақұттан жарық беріп қойыпты. Қыз келіп, сарайдың әйнегінің сыртынан сығалап қараса, қобыз тартып отырған баяғы өзінің қарлығаш болып көз алдынан ғайып болған сүйген жігіті Шаһимардан екен. Алтын тақтың үстінде отырып түрлі қайғылы күйлерді тартып отыр екен. Қыз тыңдап тұрса, қобызға қосылып, ыңылдап төмендегі сөздерді айтады:

Тумадым мен анадан болып адам,

Не көрді тілеп алып ата-анам.

Естіп хабарымды кеткеннен соң,

Байқалды халық үшін менің шамам.

Нұрсұлу, жаным сүйген өмір серік,

Жолымда, осы күні іздеп табам.

Зарлаған зары келіп құлағыма,

Сенімен қашан, жаным, ұшырасам?,—

деп зарығып отырған жігіт өзінен-өзі ойламаған жерден секем алып, орнынан тұрып, үстіне жылан қабығын киіп, қарлығаш болып ұшып әйнектен шығып кетеді.

Бұны көрген қыз жасырынып қалып, қарлығаш кеткесін сарайға кіріп, жігіттің жататын төсегінің астына тығылып жатады. Мұнан хабарсыз қарлығаш қайтып келіп, үстіндегі жылан қабық киімін шешіп, баяғы қайғылы күйлерді тарта беріпті. Қыз тыққан жерінен жігіттің жылан қабықты қасиетті киімін ұрлап алып, төсектің астынан шыға келіпті. Сонда жігіт не істерін білмей сасып қалады.

Содан соң екеуі бастарынан өткен өмірін сыр етіп айтады. Екеуі айрылысқаннан бері жеті жыл уақыт өткен екен. Қыз ғашық жарын іздеп жолға шыққанда басына темір қалпақ киіп, қолына темір таяқ ұстап шыққан екен. Жігіттің қарлығаш болып ұшарда айтқанындай, қыз ғашығын темір қалпағы теңгедей болғанда тауып кездесіпті.

Оған разы болған жігіт: «Нұрсұлужан, мен саған енді шын сендім, менің өмірлік жолдасым сенсің»,—депті.

Дүнияға келгелі біріне-бірі ғашық болған екеуі қосы­лып, жеті күн қызға дем беріп, өздерінің туған еліне қайтуға бел байлапты.

Сонда тұрып Нұрсұлу айтады: «Менің сені тауып алуыма себепші болған бір жан бар. Сол жаннан сенің дерегіңді білгеніме қазір төрт жыл болды. Ол осыдан алыс емес, сол жанды темір тордан құтқарып ала кетейік»,—депті.

Сонда жігіт: «Ол қандай жан?»—дейді.

Нұрсұлу айтады: «Гүлстан патшасының Қарадәу тартып әкеткен қызы Маржан. Соны қалай болса да босатып елге ала кетейік»,—деп өтініпті. Бұған Шаһимардан да қарсы болмайды.

Сол жерде қарлығаш үлкен қарақұс болып, сарайдан керегінше алтын, гауһар алып, қызды үстіне мінгізіп ұшыпты. Ұшарда қызға айтады: «Өзің жолын білесің, кіріптарда отырған қыздың үстіне барғанда желке жағымнан бір тал шашымды тарт, сонда жерге қонамын»,—дейді. Қарақұстың үстінде келе жатқан Нұрсұлу бір жерге келгенде құстың бір тал қанатын тартып, құсты жерге қондырса, баяғы Қарадәудің мекенінің үстінен шығыпты, баяғы отау орнында әлі тұр екен.

Нұрсұлу отауға келсе, Қарадәу жоқ, Маржан ғана отыр екен. Құшақтасып көрісіп болғансын, Нұрсұлу Маржанға: «Кетеміз бе?»—депті. Сонда Маржан: «Мені қалай алып жүресіңдер, екі адам бір құстың үстіне жайғаса ма?»—депті. «Егер кеткің келсе, екеуіңді де алып кете аламын»,—депті жігіт. Сөйтіп, жігіт Маржанды да, үстіне мінгізіп ұшып, еліне келіпті.

Келсе, жалғыз қызынан айрылған Бабахан жылаумен екі көзінен айрылып, соқыр болып қалыпты, хандықтан айрылып қаңғып қалыпты. Шаһимардан соқыр болып қалған Бабахан ханның екі көзіне сүрме деген дәрі құйып ашыпты. Өзінің әке-шешесінің өмірлерін ұзартып, Бабаханды қайтадан хан қойыпты.

9. Әуезханның қырық ұлы

Баяғыда Әуезхан деген хан болыпты. Ханның қырық баласы бар екен. «Осы балаларыма бір жерден қалың берсем екен»,—деп ойлайды екен.

Бірнеше жылдар өткеннен кейін хан бір байдың қырық қызы бар деп естиді. Соған қалыңмалына сөйлесіп, құда түсіп келуге жаушы жіберіпті. Жаушы барып: «Бізді хан жіберді. Балаларына қызын берсін деп,—соған келдік»,—дейді. Бай айтты:

—Қыздарыма қалыңмал алмаймын, менің үйімнен өздерінің үйіне шейін тұп-тура жол болсын, жолдың екі жағына бау-ағаш, түбінен су шығып, бұлбұлдар сайрап тұрсын,—депті. Осы айтқандарымды «бір жылдың беделінде бітіресің»,—депті.

Бұл сөзін жаушылар ханға айтып келіпті. Хан мақұл деп, қырық баласын шақырып алып, ең кенжесін алып қалып, отыз тоғыз баласын бірнеше нөкерімен әлгі жұмысты бітіріп келуге жіберіпті. Балалары бірнеше ай жүріп, бітіре алмай келеді. Онан кейін үйде қалған кенже баласы:

—Әке, мені жібер, мен бітіріп келейін!—дейді.

Әкесі:

—Қой, балам! Отыз тоғыз ағаң бітіре алмағанда, сен қайдан бітірейін деп едің?—дейді.

—Жоқ, барамын,—деген соң, әкесі баласын жібереді. Баласы үйінен жолдас ертпестен, бір ұзын жолмен келе жатса, бір аппақ киімді ақсақалды кісі ұшырайды да, оған сәлем береді. Сәлемін алады.

Шал:

—Қарағым, қайда барасың?—деп сұраса, бала баяғы тілектерінің бәрін бастан-аяқ баян етеді.

Шал айтты:

—Балам, мен тілегінді берейін, көзіңді жұм!—дейді. Бала көзін жұмады. Бір уақытта;

—Көзіңді аш!—дейді шал.

Көзін ашып жіберсе, баяғы тілегінің бәрі қабыл болып, адам таңғаларлық болып қалыпты. Балаға кездескен Қыдыр еді.

Шал:

—Балам! Үйіңе барған соң қайныңа барма, ағаларың барсын. Ағаларың барып, бірнеше ай жатып қайтар. Қайтарында қатты боран болады және бір әдемі аппақ там тұрады, ол тамға ағаларың бармасын,—депті де, ғайып болып, ұшып кетіпті.

Бала үйіне келіпті.

Ағалары: «Не қылдың?»—дейді.

—Бітірдім,—деп жауап береді.

Онан кейін хан кіші баласын алып қалып, отыз тоғыз баласын қайнына жіберіпті. Кенже баласы ағаларына бағанағы шалдың айтқанын айтып жіберіпті. Ағалары қайнына барады. Барғаннан кейін бірнеше ай жатып, қалындықтарын алып, керней-сырнайларын тартып келе жатса, баяғы шалдың айтқанындай, үлкен боран болады, жолда айналасында ағаштар жайнап тұрған аппақ там... Баяғы «кірме» деген сөз естерінде. Алдыңғылары кірместен көшті бастап жүре береді. Артта келе жатқан адамдары білместен шауып барып, аттарын байлап, кіріп кете береді. Алдыңғылары оларды көріп, шауып келіп тағы кіреді. Кіріп қараса, бір айдаһар ысқырып:

—Бәріңді жұтайын ба? Жоқ, болмаса, үйлеріңіздегі кіші ініңізді әкеліп бересіңдер ме?—дейді.

—Ойбай, әкеліп берейік!—деп уәде беріп, жүріп кетеді. Бұлар жүре тұрсын.

Үйде қалған інісі ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде баяғы ағаларының «әкеліп береміз» деп уәде қылғанын сезеді. Тұра келіп, жаман киім киіп алып, үйден шығып, қолына таяқ алып келе жатса, баяғы ағалары кетіп бара жатыр екен. Олардың бұл баламен ісі болмайды. Бұл бала айдаһарға өзі келеді. Келсе:

—Балам, жақсы келдің, арқама мін!—дейді. Бала айдаһардың арқасына мінеді. Мінген соң:

—Көзіңді жұм!—дейді.

Бала көзін жұмады, жердің бір шетіне қарай бірнеше уақыт ұшады. Айдаһар:

—Көзіңді аш! Көзіңе не көрінеді?—дейді. Бала:

—Анау жерде бір ұзын ағаш тұр, ол ағаштың басында бір қыз отыр,—дейді. Айдаһар:

—Ендеше, түс!—дейді.

Бала түседі. Айдаһар:

—Сол қызды әкеліп берсең, мен сені жұтпаймын, болмаса жұтамын,—дейді. Бала:

—Болады,—деп, жүріп келе жатса бір түлкінің патшасының аяғы сынып жатыр екен. Бала:

—Мен аяғыңа ем қылайын ба?—дейді. Түлкі:

—Ем қыл,—дейді.

Бала сынығын орнына салып, бір мәрте дұға қып жіберген екен, жазылып кетіпті. Түлкі айтты:

—Мына жүнімді ал. Мен қай жерде керек болсам, жүнімнің бір талын тұтатып жіберсең, дайын боламын,—депті.

Онан шығып келе жатса бір құмырсқаның патшасы жаралы болып жатыр екен. Бала:

—Мен аяғыңа ем қылайын ба?—дейді. Құмырсқа:

—Болады, ем қыл,—дейді.

Бала: «Сүф»,—деп жіберген екен, жазылып кетіпті. О да бір тас беріпті.

—Қай жерде керек қылсаң, мына тасты отқа сал, сонда мен дайын боламын,—депті.

Онан соң бала қызға келіпті. Қыздың қасында қырық дәу ұйықтап жатыр екен. Қыз:

—Қай жақтан келе жатқан (қыздың қасындағы қырық дәу бір ұйықтаса, қырық күн ұйықтайды екен), қандай адамсың. Бұрын бұл жерге адам келіп көрген жоқ еді,—дейді. Бала:

—Мен ханның баласы едім. Әкеміз түсінде сізді көріп, ғашық болып: «Іздеп тауып кел!»—деп, мені жіберіп еді. Мен бірнеше жыл кезіп жүріп, сізге кездесіп отырмын,—дейді.

Қыз ойланып отырып:

—Мен саған ерейін, бірақ екі мақсатым бар, соны бітірсең, барамын, болмаса, бармаймын,—дейді. Бала:

—Мақсатыңды айт, бітірейін,—дейді. Қыз:

—Мына екі түлкімді кешке дейін жаяу қуып ұстап бер және мына бір қап бидайды құмға сеуіп жіберемін, бір дәнін кем қылмастан теріп берерсің,—дейді. Бала:

—Болады!—депті.

Қыз екі түлкіні жіберіпті, бидайды құмға шашыпты.

Баяғы түлкі патшасының жүнін тұтатып жіберген екен, түлкінің патшасы дайын болыпты. Бала:

—Анау екі түлкіні ұстап бер!—депті. Ол ұстап беріпті.

Сосын баяғы құмырсқаның патшасының берген тасын отқа салған екен, ол даяр болыпты. Бала:

—Мына бидайдың бір дәнін кем қылмастан жинатып бер!—дейді. Ол құмырсқаларын жинап алып, бидайдың бір дәнін кем қылмастан балаға әкеліп беріпті. Бала әкеліп қызға береді. Қыз:

—Жарайсың! Енді сенімен жүрейін,—депті. Бала қызды ертіп әкеле жатыр. Бірнеше күн өткеннен кейін бала қызға:

—Мен сені алдап ертіп келе жатырмын,—дейді, баяғы істерін бастан-аяқ баян етеді. Қыз:

—Мен де біліп келе жатырмын, бірақ оған бір амал қылайық,—дейді. Бала:

—Оған не амал бар?—дейді. Қыз:

—Сен оған менен бұрын бір күн озып кет, сонан соң үйіне бар, барған соң айдаһар: «Қызды әкелдің бе?»—дер. Сонда сен: «Қыз түстік жерде келе жатыр»,—дерсің. Сол уақытта айдаһар далаға шығып, ысқырады, сол уақытта сен сандығындағы екі кептердің басын жұлып алсаң, айдаһар өліп қалады,—дейді.

Бала айдаһарға келеді, келген соң айдаһар:

—Әкелдің бе?—дейді. Бала:

—Қызың түстік жерде келе жатыр,—депті.

Айдаһар далаға шығып ысқырған кезде, бала барып кептерлердің басын жұлып тастап, далаға шыға келсе, айдаһар өліп жатыр екен. Бала сұлу қызды алып, мұратына жетіпті.

10. Асан батыр

Баяғыда бір Естеміс деген шалдың үш баласы болыпты. Ең кішісі Асан. Асан жас кезінен бастап-ақ көзге көріне берген.

Естеміс бір күні Асанға: «Ал, балам, менің өлер алдындағы өсиетімді тыңда. Сен, осы күндердің өзінен бастап-ақ өз күшіңе сиынып, кім болса сонымен керісіп жүресің. Одан аулақ бол»,—деген екен.

Күні жетіп өліп кеткен Естемістен қалған үш баласы өздері күн көру тәсілін ойлаған. Бір күні аңшылықпен айналысып жүрген Асанның алдынан үш атты кісі шыға келеді де, Асанға дүрсе қоя береді. Асан үшеуіне де тойтарыс беріп аттарын, құралдарын тартып алып, өздерін өлтіреді. Сол ауылдың ханының үш қызы болады. Хан қызын ұзатуға кісі шақырады да: «Осы қыздарымды дәу қара тасты қақ жарған кісіге беремін»,—деген. Кезек күткен жігіттер жара алмай, ақырғы кезек Асанға келеді. Асан ханның шартын мүлтіксіз орындайды. Бірақ хан оңай бергісі келмейді. Қанша Асанды бәлеге жұмсағанмен Асан одан қорықпай тірі келіп, әрі айтқанын түгел орындайды. Амалы құрыған хан қыздарын оған береді. Асан ағаларына екеуін беріп, өзі кіші қызды алады. Сөйтіп, жүргенде ағаларының көңіліне қара шауып: «Осы бәріміз бір тудық, Асан бізден қалай артық болып жүр?»,—деген пікірге келеді. Сонымен Асанды қалай өлтіру тәсілін қарастырады. Содан «Осы, Асан әйеліне барлық сырын айтатын шығар, содан сұрайық»,—деген келісімге келген ағалары келінінен сұраса, келіні Асанның жаны кеудесінде емес, басқа жақта екенін айтады. Сонда ағалары: «Бұлай өлтіре алмаймыз екен, ең болмаса қор болсын» деп, Асан ұйықтап жатқанда есіктің алдына ортаншы ағасы қылыш ұстапты да, үлкені «Елге жау шапты» деп айқай салыпты. Ұйқылы ояу Асан тұра жүгіргенде ортаншысы қылышпен салып қалғанда аяғын кесіп кетіпті. Ағалары Асан сондай халге келгесін ұра келе көшіп, інісін жұртқа тастап кетеді. Асан еңбектеп далаға шығып отырса, бір кісі киік қуып жүр екен, бірақ ұстай алмайды. Содан Асан шақырса жаңағы келіпті.

«Неғып жүрсің?»—дегенде, «Қолым жоқ, аң қуып жүрмін, бірақ ұстай алмаймын»,—дейді. Сөйтіп, жаңағы келген адамға Асан мініп, киік ұстап күн көріпті. Бір күні жақын ауылда той болыпты. Сол тойға Асан және қасындағы досы екеуі бір барады. Тойдан келе жатса, алдынан бір қыз шығады. Соны Асан ала қашады. Қызды өз мекеніне алып келгесін: «Ал, қарындас, саған біз ештеңе қылмаймыз, тек қана ұстап алған аңымызды пісіріп, көйлектерімізді жуып бер»,—депті.

Бір күні қыз отты сөндіріп алып, енді қалай жағарын білмей отырғанда алыстан от көрінеді, барса от басында мыстан кемпір отырады. Қыз барып сол мыстаннан от алып қайтады. Қыз от алып келе жатқанда, мыстан артынан бағып, қыздың қайда барғанын андып жүреді. Ертеңіне Асан кеткесін мыстан жетіп келіп, қызға: «Қызым, басымды қарашы?»—дейді де, қыздың балтырынан қанын сорып жата береді. Асан келерден бұрын кетіп қалады. Сөйтіп, қыз күннен-күнге ари береді. «Осының сырын білейін» деп, Асан сыртқы есікке кеткен болып тығылып қалады. Бір мезгілде мыстан кіріп келгенде, бағып отырған Асан аяғынан ала түседі. Кемпірдің алқымынан алып өлтіруге аз қалғанда мыстан жалынады: «Аяғы жоғыңа аяқ, қолы жоғыңа қол берейін»,—деп. Асан: «Қазір айтқан серттеріңді орында»,—деген. Сол бойда мыстан айтқанын түгелдей орындайды.

Асан қызды аулына апарып тастайды да, өзі үйін іздеп тайып отырады. Келе жатса, алдынан бір қойшы бала көрінеді. Сұраса, бұл өзінің баласы болып шығады. Баласын ағалары қойшы, әйелін қатын қылып алған екен. Кешке қарай Асан ағасының аулына келеді. Өзінің әйелінің үйіне келіп жатып алады. Таң ата ағалары балаға «қойға бар» деп айтайын деп келсе, өзінің жұртында қалған інісін көреді. Асан атып тұрып: «Ағалар, маған жасаған қиыншылықтарың аз емес, бірақ бұл істеріңді кешірем, екінші бұндай істеріңді қайталамауларыңа тілектестік білдірем»—деп ағаларымен достасады. Сөйтіп, бай болып, барша мұратына жетеді.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...