Біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларда қазақ жерінің солтүстігін мекендеген ежелгі адамдардың тұ...
Серік Тайнов. Оралбек Қабөкенің шығармасы хақында
«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» "Папирус" айдарын қазақ суретшілерінің арасында ұйымдастырып отыр. Әр аптаның сәрсенбісінде бір кескіндеме шеберінің жазғаны жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған суретке жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. Осыған дейін аталмыш айдарда Дәуренбек Бекназаров пен Санжар Сырғабаевтың , Аршын Қабылбектің және Сырлыбек Бекботаевтың жазған картиналары жарияланған болса, келесі кезекте порталды Оралбек Қабөкенің шығармаларымен толықтырып отырмыз. Пікір иесі – Серік Тайнов.
Қазақ мәдениетінің үлкен арнасына қосылған, тамыры ежелден келе жатқан бірақ, «Совет заманында» қазіргі кезге лайықталып қайта түлеген Бейнелеу өнері тәуелсіздік алғаннан бері өзіндік бағыт-бағдармен қайта жанданып келеді. Осы кезеңде өз елімізде кәсіби білім алып, жетіліп, өсіп-өніп, өнер дейтін жайсаң, кең арнаға қосылып жатқан жастарымыз аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі - Оралбек Қабөке. Ол өз шығармаларында бұрынғы салт-дәстүрдегі бар кұндылықтарымызды қазіргі заманға жалғастырып, ой елегінен өткізіп, бейнелеу өнерінің тілімен көрерменге жеткізуге талпыныс жасап жүрген жас суретшілеріміздің бірі. Бұған айғақ оның сан-алуан көрмелерге және жеке көрмелеріне қойылған жұмыстары. Алғашқы жұмыстарында және кейінгі композициялық картиналарында байқалатыны ол үнемі ізденісте, форма жағынан да, түстердің үлесімі жағынан да әсіресе композициялық кұрылым жағынан өзінше тың шешімдер табуға тырысады. Осы орайда Оралбектін соңғы топтамасынан «Әке» деген шығармасы өзінің тосын шешімімен ерекшеленеді.
Егерде суретшінің бұрынғы шығармаларында картиналардың тақырыбы мен мағынасына байланысты біз адам тұрпатының жартылай немесе толық нұсқаларын көріп жүрсек, бұл шығармада автор негізгі бейнеде адам басын монументалды түрде тұтастай бүкіл картинаның жазықтығына көрсетумен шектелген және оған контраст балалардың толық нұсқадағы бейнелері берілген. Бұл тәсіл, бұл контраст бір қарағанның өзінде адамның мәңгі есінде қалатындай әсер етеді. Картинаның колоритін, түстер шешімін түпнұсқада көрмесе айту қиын, бірақ осы жұмыста автор түбегейлі басқа шешімге келгені көрініп тұр. Егерде алдыңғы кезеңдерде автор шығармаларының басым бөлігінде көптүстілік, суық жылы түстердің контрастарын пайдаланса, бұл жолы түстерді мейлінше азайтып тек қана қоңыр, қоңыр-қызғылт және қою сұр түстерді пайдаланып ұтымды шешім тапқан. Себебі ашықтау, полотноға сән беретін түстерден гөрі, ұстамды, графикаға көбірек келетін қонырқай сұр түстер жұмыстын мағынасын көбірек ашып, тереңдете түскендей.
«Әке алып! Әке заңғар! Әке асқар тау!» деген сөз тіркестерін меңзеп тұрғандай.
madeniportal.kz