Нұржан Қыдырәлі. Сия – сенің көз жасың!

ӘДЕБИЕТ
4760
***
Екеуміздің арамыз – 
Қағаз бенен қаламдай.
Жарамыздан басқасының бәрін бірге жазамыз,
Басқа медет таба алмай...

Тәңір солай жебер деп,
Мейлі жүрек қозғасын.
Өзендерше ақтарылған айғыз-айғыз өлең боп,
Сия – сенің көз жасың!

Көңіл күткен сезім боп,
Сағынышты жаз мәңгі.
Менің дағы отқа оранып, шимайланған кезім көп,
Аппақ тұсым аз қалды...

Теңіз сырды төге бер,
Иемізге ол да аян.
Жел ұшырып алып кетсе сенен алыс мені егер,
Жазуыңмен сарғаям.

Өмір бізсіз айтар ән,
Өлең қалай кешірмек?!
Қағаз бенен қалам егер қауышпаса қайтадан,
Жазу қалар жетім боп!

***
Өмірдің жазы да сен, қысы да сен,
Әйтпесе саған мойын ұсынбас ем!

Өмірдің өзі де сен, ажал да сен,
Өлең де, тарих та сен жазам десем!

Мендегі бар да сенсің, жоқ та сенсің,
Әйтпесе уақыт бұлай жортпас еркін.

Мендегі жауап та сен, сұрақ та сен,
Қыл көпір, Тозақ та өзің, Жұмақ та сен!

Ауам сен көрінбейтін жәй ғана,
Әйтпесе сенбес едім Құдайға да!

Тағдырдың нұры да сен, түнегі де,
Мәңгілік майдан ашқан жүрегіме!

Өзіңсің батқан кешім, атқан таңым,
Шығарған пенделіктің тас-талқанын!

Мендегі шыдамсыздық, сабыр да сен,
Әйтпесе мың жыл күтіп, жарылмас ем!

Мендегі күнә да сен, пәктік те өзің,
Алғашқы һәм аяулы ақтық сөзім!

Күйініш, сүйініш те, уайым да сен,
Сен үшін ештеңеден тайынбас ем!

Қолын бір-ақ сілтеген бар қызыққа,
Өзіңсің мендегі ұлы жалғыздық та!

Дүниеде о басында сен бар дедім,
Әйтпесе өмір сүріп нем бар менің?!

***
Тауысқанша тауқымет пен тұз-дәмді,
Тауысуға асығамыз біз мәнді.
Сүйгендердің көз жасы да ыстық қой,
Сүймегеннің күлкісі де ызғарлы.

Қоштасуды айта берме ауыр деп,
Қайтіп егер қауышпасаң зарың көп.
Сүйген жүрек қайғыға да, мұңға да адал,
Сүймегеннің жүрегінде Тәңір жоқ!

Ғашық жүрек періштедей самғайды,
Өліп кетсе өкінбейді, сол қайғы. 
Өйткені ол бәріне адал, тек қана,
Өзін ғана соңғы үмітпен алдайды. 

Көз ілмейтін жан дүниеңе күйреген,
Құлақ аспай, «күйсең, өзің күй!» деген,
Нағыз қорқақ – сол қатыгез жүректер,
Өйткені олар өздерін де сүймеген.

...Жалғыздығын жаншығанда мұң басып,
Ай аймалап, болады оған түн ғашық,
Топырақтан гүлге айналар сүйген жан,
Жүз жылдан соң көбелекпен сырласып.

Ал қатыгез жасай берсін, қош делік,
Есесіне енді артпайсыз босқа үміт.
Тау да теуіп тастайды оны түбінде,
Ары кетсе жатар құлпытас болып!

***
(Ф.Гарсия Лоркаша)
Атқан таң қанша көктен төксін нұрды,
Жапанда жалғыз ағаш көп жыл тұрды.
Бір күні дауыл соқты, 
дүлей дауыл,
Шіркіннің өр бұтағын морт сындырды...

Ескіше елестетіп ғашықтарды,
Жайқалған жапырағын шашып соңғы,
Екіншісі еңкейіп шорт кеткенді, 
Құлатпады, құшаққа басып қалды. 

Қанша дауыл соқса да одан әрі,
Ол екеуін ешбірі қозғамады.
Ай мен күннің астында айқасқандар,
Селді көктем, күзде де ажырамады.

Аяз келді мүйізін мұзға қайрап,
Шөл де келді тамырын тынбай қажап. 
Қураған қу бұтақты екіншісі,
Жапырағымен жасырды жылда аймалап.

Ең ақыры өрт шалды бұл даланы,
Жалғыз ағаш жалынға шыдамады.
Ал екеуі алаулап ұзақ жанды,
Күлге айналып кетсе де құламады.

Самалменен самғады алуан жолды,
Сай салаға себілді, тауға қонды.
Айналасы бүгінде екеуінің,
Бұтақтары айқасқан орман болды...

Ауыл шешей

Жұбатпақ боп Тәңір сүрткен көз жасымен анамның,
Саған жазған хат сияқты мендегі бұл пешене.
Қала деген аруынан күнәһарлау заманның,
Кетіп қалдым, тағы өкпелеп, жалғыз ауыл шешеме.

Жел тербеткен бесігіңе жатқыз қайтіп анашым,
Түндеріңе жанарымнан жұлдыз шырақ жақсын ай.
Дауыл тағы жыр оқысын кең даламның жарасын,
Емдей алмай ашу қысып, аласұрған бақсыдай.

Сол дауылмен қырларыңа маңдайымнан сүйші ертіп,
Мына мендей бәрі сенің құшағыңнан дәмелі.
Құстар қайтып барады әні қанатымен күй шертіп,
...Ауыр бірақ естігенге қоштасудың әуені.

Олар солай жеңілдейді, біз қаламыз ауырлап,
Көңіліміз көтере алмай сағыныштың салмағын.
Балалықты жерлеп кеткем осы маңға арулап,
Қайтып келдім жарықтықтың еркелетіп аруағын.

Сенің өмір тарихыңдай қартайыпты арманың,
Менің өлең тағдырымдай, оқи берсең көп егер.
Аласарып кетіпті ғой мен танитын тауларың,
Есесіне биіктепті бабам жатқан төбелер.

Талай жатыр сол биікте топыраққа қимаған,
Мен оралған сияқтымын мың жылдан соң кешігіп.
Сөйлеп кеткен нүкте сында «қайтем енді?» дейді анам,
Өмір деген баласының бұзықтығын кешіріп.

Отпен ойнап жанып кеткен тән кісінеп, жан ұлып,
Қайран... қайдам, сен күтесің қанша уақыт жоғалсам.
Дәл сен құсап күтпейді ғой, кешіріп һәм сағынып...
Қала деген ару мені, мың жылдан соң оралсам!

Ой азасы

Жүрегімді қалдырдың ғой далада,
Өтіп кеткен бақытымның қорлығы-ай.
Ғашықтарын жерлеп біткен қалада,
Екеуміз-ақ тірі жүрміз СОРЛЫДАЙ!..

Мына қала тәні жетім ару ма,
Махаббаты бұл дүниеден озғасын?!
...бақыт екен, бірге өле салу да,
Сүйгеніңнің сүртіп тұрып, көз жасын.

Бұл қалада өкпелеткен кім мені,
Жек көрсе де сүйе алатын басқа кім?
Сенің құрбың – бұл қаланың түндері,
Ал көшелер – менің сатқын достарым.

Бұл қалада мұңлы үмітті мәңгі үздік,
Далам... далам маған ашулы.
Ойлайтыным өзің ғана,
Жалғыздық –
Кесіп тастағанша менің БАСЫМДЫ!

Көңілдерді қайғысына талатса,
Бұл қаланы жылыта алмай екі дем,
Сенің жоқтығыңды көріп,
Таң атса – 
Оянғаным үшін ғана өкінем!..

Түбінде бір бақыт қонар мұңға да,
Жүректердің жыртықтары жамалмай,
Ғасырларға сандалады-ау,
Бұл қала,
Ғашықтарын жерлейтін жер таба алмай...

Отпен ойнау

Ғазиз елім, жолыңда жантайғанша,
Күйіп-жанған қанатым көкке бойлап.
Көлеңкеңді жамылып қартайғанша,
Қыршының боп кетейін отпен ойнап.

Құйрық-жалы өртенген тұлпарды да,
Сұңқарды да соры артық жоқтар бәлкім.
Тас қараңғы, сұп-суық бұл тағдырда,
Рухыма кім қалды оттан жақын?!

Жарық күткен, ем іздеп ғаріптіктен,
Жан сарайы болатын, жатқа қамал.
Шоғына да жолатпас жанып біткен,
Бұл жүрекке дос бар ма оттан адал?!

Алауында жанса да жылдар қанша,
Ару бар ма жүрегі – асқақ әлем,
Мемен бірге өртеніп күл болғанша,
Екінші рет жанбайтын басқаменен?!

Жанып өтсе, ғұмырды жарық етсе,
Оңашада мұңдас қой от та жанға.
Тәннің шоғы күл болар ары кетсе,
Жанның шоғы жылу боп басқаларға...

Содан кейін сүт болған сүйегі оттан,
Мен едім сол өртіңнен қалған шуақ.
Маңдайына анасы күйе жаққан,
Бабалардың рухына жанған шырақ!

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...