Елордада Жұмабек Тәшеневке еңселі ескерткіш тұрғызылды.

Жаңалықтар
2859

Елорда төрінде мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке ескерткіш қойылды. Ескерткіштің ашылуына мемлекет және қоғам қайраткерлері, Тәшенов ұрпақтары қатысты.

Ескерткішті Нұр-Сұлтан қаласының әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов ашты.

Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1915 жылғы 7 наурызда патша заманында, сол кезгі әкімшілік бөлініс бойынша Ресей империясының Ақмола облысындағы Ақмола үйезінің Танакөл ауылында (Бабатай қыстауында) туған.

Ж. Тәшенов Бейнетқор (1940 жылдан – Совет, 1999 жылдан – Аққайың) аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы боп істеді. Бұл 1934 жыл еді. Одан Красноармейский (1997 жылдан – Тайынша) аудандық атком хатшысы, 1935–1936 жылдары Нұра ауданы жоспарлау бөлімінің бастығы, 1936–1938 жылдары Вишневский (Аршалы) аудандық кеңесі аткомының хатшысы болды. 1938 жылы еңбекшілердің Қарағанды облыстық кеңесі атқару комитетінің референті болып істеді. Сол жылы Солтүстік Қазақстанға оралды. Облыстық сауда бөліміндегі қоғамдық тамақтандыру бөлімінің бастығы, 1939 жылы Бейнетқор (Совет) ауданы жер бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. (Осы жұмыста жүргенінде, 1940 жылы, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының мүшелігіне қабылданды). 1942 жылы Полуден (қазіргі Қызылжар) ауданы жер бөлімінің бастығы, 1943 жылы облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары болды. 1944–1947 жылдары облыстық партия комитетінде мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Сосын, 1947 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1948 жылы төраға лауазымына бекітілді. 1952 жылы Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, сол қызметінде 1955 жылға дейін істеді. (Осы жылдары КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітірді.)

Ақтөбе обкомының бірінші хатшысы қызметінен Жұмабек Ахметұлы 1955 жылы республикадағы жоғары саяси басшылық құрамына көтерілді. Қазақ елі парламентінің жетекшілігінен зейнетке шығуға мәжбүр болып, Гурьев (Атырау) облаткомы төрағасы лауазымына тағайындалуын күтіп отырған Нұртас Оңдасыновтың орнына, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болып сайланды. Осы 1955 жылы республиканың басшы органдарында біраз өзгерістер орын алған еді. Сол жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметінде істеп жүрген Л.И. Брежнев, орталық басқа қызметке – Польшадағы КСРО елшісі етіп жіберген П.К. Пономаренконың орнына, бірінші хатшы болып сайланды. Ал Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Шығыс Қазақстан облатком төрағасы қызметіне ауыстырылған Елубай Тайбековтың орнына Министрлер Кеңесінің төрағасы болды.

author

Жұмабек Тәшенев

ҚАЙРАТКЕР

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...